9-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының құзыреті Облыстардың, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары өз өкілеттіктері шегінде:
1) денсаулық сақтау, медицина ғылымы мен білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады және өңірлік денсаулық сақтау бағдарламаларының іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау, медицина ғылымы мен медициналық білім беру саласындағы заңнамасының орындалуын қамтамасыз етеді;
3) азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде медициналық көмекпен және дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етеді;
4) денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне мониторинг пен бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
5) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың денсаулық сақтау бюджеттік бағдарламаларының әкімшісі функциясын жүзеге асырады;
6) тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсету жөніндегі медициналық және фармацевтикалық қызметтер көрсетуді Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен сатып алуды жүзеге асырады;
7) тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсету үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес амбулаториялық емдеу деңгейіне арналған дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен сатып алуды жүзеге асырады;
8) медициналық техниканы, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, медициналық емес жабдықтарды, санитариялық көлікті, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымына күрделі жөндеу жүргізуге арналған қызметтерді сатып алуды ұйымдастырады;
9) денсаулық сақтау ұйымдарын кадрмен қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
10) мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын жарақтандыруды қамтамасыз етеді;
11) денсаулық сақтау саласындағы өңірлік ақпараттың және коммуникациялық жүйелердің құрылуы мен жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
12) жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарындағы клиникалық базаларды жоғары және орта медициналық оқу орындарына беріп отырады;
13) төтенше жағдайлар кезінде азаматтарға тегін медициналық көмек көрсетуді, оларды дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
14) денсаулық сақтау саласындағы мамандарды даярлау және
олардың біліктілігін арттыру жөніндегі қызметті ұйымдастырады және
үйлестіреді;
15) халықты гигиеналық оқыту мен тәрбиелеуді, салауатты өмір салтын насихаттауды және қалыптастыруды ұйымдастырады;
16) халықты әлеуметтік маңызы бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың таралуы туралы хабардар етеді;
17) азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелері бойынша халықаралық және үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктермен өзара іс- қимыл жасайды;
18) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде денсаулық сақтау саласындағы ведомстволық статистикалық байқауды жүзеге асырады.
10-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл 1. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар Қазақстан Республикасының
денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру
мақсатында денсаулық сақтау саласындағы реттеуді жүзеге асыратын
мемлекеттік органдарға өз құзыреті шегінде көмектесуге міндетті.
2. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдардың, халықаралық және басқа да ұйымдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан мәртебесі мен өкілеттігін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі ұлттық үйлестіруші орган құрылады.
Жергілікті атқарушы органдар жанынан мәртебесі мен өкілеттігін жергілікті атқарушы органдар айқындайтын денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі өңірлік үйлестіруші органдар құрылады.
3. ОрталЫқ атқарушы органдар әзірлейтін, халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі мәселелерін тікелей немесе жанама түрде қозғайтын нормативтік құжаттар денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен міндетті түрде келісуге жатады.
4. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган әзірлейтін нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік құжаттар ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, органдар мен ұйымдардың орындауына міндетті болып табылады.
5. Ведомстволық медициналық қызметтері бар мемлекеттік органдар ведомстволық бағынысты денсаулық сақтау ұйымдарының (бөлімшелерінің) қызметі және бекітілген контингенттің денсаулық жағдайы жөніндегі ведомстволық статистикалық есептілікті денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына беруді қамтамасыз етеді.
6. Мемлекеттік органдардың ведомстволық медициналық қызметтерінің басшыларын тағайындауды тиісті мемлекеттік органдардың басшылары денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып жүзеге асырады.
7. Денсаулық сақтау ақпараттық жүйелерінің басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен ақпарат алмасу мәселелері жөніндегі өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Ведомстволық медициналық қызметтері бар мемлекеттік органдар ведомстволық медициналық ақпараттық жүйелерді әзірлеу кезінде ведомстволық медициналық ақпараттық жүйелердің техникалық параметрлерін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісуді қамтамасыз етеді.
3-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы лицензиялау мен аккредиттеу 11-бап. Медициналық, дәрігерлік және фармацевтикалық қызметті лицензиялау Медициналық, дәрігерлік және фармацевтикалық қызмет Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен лицензиялауға жатады.
12-бап. Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу 1. Медициналық және фармацевтикалық қызметті жүзеге асыру үшін ерекше мәртебесі мен құқылығын тану мақсатында медициналық қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілері және дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналымы саласындағы фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын субъектілер, сондай-ақ денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сарапшылық бағалау жүргізуі үшін жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен аккредиттеуге жатады.
Аккредиттеу ерікті сипатта болады және аккредиттелетін субъект есебінен және тыйым салынбаған өзге де қаражат есебінен жүзеге асырылады.
2. Денсаулық сақтау субъектілерін аккредиттеу олардың қызметінің денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен аккредиттеудің белгіленген стандарттарына сәйкестігін сыртқы кешенді бағалау негізінде, денсаулық сақтау субъектісінің беделі мен мәртебесін көтеру үшін жүргізіледі және мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде ескеріледі.
Денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сарапшылық бағалау жүргізуі үшін жеке және заңды тұлғаларды аккредиттеу олардың біліктілігін кешенді бағалау негізінде жүргізіледі. Денсаулық сақтау, аккредиттеу, аттестаттау, лицензиялау субъектілерінің қызметіне сараптама жүргізу және денсаулық сақтау саласындағы біліктілік емтихандарын өткізу үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгіленген тәртіппен тәуелсіз сарапшылар тартылады.
3. Аккредиттеуді денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган не денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган аккредиттеген ұйым жүргізеді.
4. Денсаулық сақтау субъектілерін аккредиттеуді жүзеге асыратын орган (ұйым) денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу жөніндегі тиісті комиссияларды құрады және аккредиттелетін субъектілер мен тәуелсіз сарапшылардың деректер банкін қалыптастырады.
Аккредиттеу жөніндегі комиссия туралы ережені денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
4-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік тіркеу, сәйкестікті растау және жарнама 13-бап. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік тіркеу объектілері Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік тіркеуге:
1) дәрілік препараттарды өндіруге арналған субстанцияларды қоспағанда, дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника;
2) адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімдер мен заттардың жекелеген түрлері жатады.
14-бап. Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және тіркеу деректеріне өзгерістер енгізу 1. Дәрілік затты, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы мемлекеттік тіркеу - денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылатын, дәрілік заттың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың фармацевтика нарығында болуының құқыққа сыйымдылығын айқындау, оның қауіпсіздігін, тиімділігі мен сапасын бағалау және дәрілік затты, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы белгілі бір мерзімге Қазақстан Республикасы Дәрілік заттарының мемлекеттік тізіліміне енгізу рәсімі.
2. Мыналарды:
1) дәрілік нысаны, мөлшері, орамы көрсетіле отырып, бірегей, сондай-ақ қайта өндірілген (генериктер) дәрілік заттарды;
2) Қазақстан Республикасына әкелінетін дәрілік заттардың балк-өнімдерін;
3) дәрілік нысаны, мөлшері, орамы көрсетіле отырып, бұрын Қазақстан Республикасында тіркелген дәрілік заттардың жаңа құрамаларын;
4) бұрын Қазақстан Республикасында тіркелген, бірақ басқа
өндіруші ұйымдар өндірген, сондай-ақ жаңа мөлшермен, жаңа орамымен,
жаңа орамасымен, көмекші заттардың басқа құрамымен, басқа атаумен
өндірілген басқа дәрілік нысандардағы дәрілік заттарды;
5) медициналық мақсатта қолданудың ықтимал тәуекел дәрежесіне қарай жіктелуі ескеріле отырып, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы;
6) адам организмінен тысқары диагностикаға арналған медициналық мақсаттағы бұйымдарды;
7) парафармацевтиктерді қоса алғанда Қазақстан Республикасында өндірілген, сондай-ақ оның аумағына әкелінетін дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника мемлекеттік тіркеуге және қайта тіркеуге жатады.
3. Мемлекеттік тіркеу мерзімі өтісімен дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қайта тіркелуге жатады.
4. Мемлекеттік тіркеудің және қайта тіркеудің міндетті шарты
дәрілік затқа, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық
техникаға сараптама жүргізу болып табылады.
Сараптаманы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын, дәрілік затты, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы әзірлеуге және өндіруге тікелей қатыспаған ұйым өзі бекіткен тәртіппен жүргізеді.
Өндіру жағдайлары мен сапаны қамтамасыз ету жүйесін бағалау дәрілік затты мемлекеттік тіркеу кезінде өтінім берушінің қаражаты есебінен өндіруші кәсіпорынға бару арқылы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылуы мүмкін.
Дәрілік затты, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу кезінде оларға сараптама жүргізуге байланысты шығыстарды өтінім берушілер көтереді.
5. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден және қайта
тіркеуден өтпеген дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар
мен медициналық техниканы өндіруге, сақтауға, өткізуге және
медициналық практикада қолдануға тыйым салынады.
6. Дәріханаларда дайындалған дәрілік нысандар (препараттар)
мемлекеттік тіркеуге жатпайды.
7. Дәрілік затты, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен
медициналық техниканы мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу туралы
өтінішті мәлімделген өнімді жылжытудың барлық сатысында оның сапасы
үшін жауап беретін, дәрілік затты, медициналық мақсаттағы бұйымдар
мен медициналық техниканы әзірлеуші, өндіруші немесе олардың сенімді
өкілдері жазбаша түрде береді.
Өтінішке тізбесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын құжаттарды қамтитын тіркеу деректері қоса беріледі.
Дәрілік затты, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы мемлекеттік тіркеу кезінде өтінім беруші табыс еткен, келісуге немесе бекітуге жататын құжаттарды есепке алу мен жүйелеу денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
8. Тіркеу деректеріне өзгеріс денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен енгізіледі.
9. Дәрілік затты, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және тіркеу куәлігінің телнұсқасын беру үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен алым алынады.
10. Сараптама кезінде дәрілік заттың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың мәлімделген сапа, қауіпсіздік пен тиімділік көрсеткіштеріне сәйкессіздігі анықталған жағдайда, өтініш берушіге оларды мемлекеттік тіркеуден және қайта тіркеуден бас тартылуы мүмкін.
11. Дәрілік затты, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу нәтижелері бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген үлгіде мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беріледі.
12. Дәрілік затты, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы мемлекеттік тіркеу туралы шешім денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен кері қайтарып алынуы мүмкін.
13. Мемлекеттік тіркеу туралы шешімді кері қайтарып алу:
1) дәрілік заттың бұрын белгісіз қауіпті қасиеттері немесе жанама реакциясы және медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың пайдаланған кезде жанама әсері анықталған;
2) Әкелінетін дәрілік заттың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың сапасы мемлекеттік тіркеу кезінде табыс етілген дәрілік заттың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың үлгілеріне сәйкес келмеген немесе дәрілік заттың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жөніндегі нормативтік-техникалық құжаттың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда жүзеге асырылады.
15-бап. Адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімдер мен заттардың жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу 1. Адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімдер мен заттардың мынадай жекелеген түрлері:
1) Қазақстан Республикасының аумағына алғаш рет әкелінген (импортталған), халық үшін ықтимал қауіп төндіретін, өндіріске алғаш рет енгізілген және бұрын пайдаланылмаған заттар және олардың негізінде дайындалған материалдар мен препараттар (бұдан әрі - заттар);
2) алғаш рет өндірілген (дайындалған), Қазақстан Республикасының аумағына алғаш рет әкелінген, тамаққа парафармацевтика болып табылмайтын тағамдық және биологиялық белсенді қоспалар, балалар тағамы өнімдері, генетикалық түрлендірілген объектілер, бояғыштар, сумен және тамақ өнімдерімен араласатын бұйымдар мен материалдар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдарда мемлекеттік тіркеуге жатады.
2. Заттар (дезинфекция, дезинсекция, дератизация құралдары) мен тамаққа биологиялық белсенді қоспалар профилактика құралдары болып табылады.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген заттар мен жекелеген өнім түрлерін мемлекеттік тіркеу:
1) заттар мен жекелеген өнім түрлерінің халық пен тіршілік ету
ортасы үшін қауіптілігін сараптамалық бағалау;
2) заттар құрамының, өнімдердің жекелеген компонентінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге және гигиеналық нормативтерге сәйкестігін белгілеу;
3) арнаулы шараларды, оның ішінде заттар мен жекелеген өнім түрлерін кәдеге асыру мен жою жағдайларын, олардың халық пен қоршаған ортаға зиянды әсерін болдырмау жөніндегі арнаулы шараларды әзірлеу негізінде жүргізіледі.
4. Мемлекеттік тіркеуден бас тартуға:
1) құжаттардың толық емес топтамасын табыс ету;
2) өнім (зат) құрамында Қазақстан Республикасында қолданылуға тыйым салынған заттар мен материалдарды пайдалану;
3) өтінім берушінің дәйексіз мәліметтер табыс етуі;
4) өтінім берушінің өнімнің (заттың) қауіпсіздігін анықтау үшін қажетті сынаулар жүргізуден бас тартуы;
5) санитариялық-эпидемиологиялық және басқа да зерттеулердің өнімнің қауіпсіздігін және/немесе тиімділігін және/немесе сапасын сипаттайтын қанағаттанарлықсыз нәтижелерінің алынуы;
6) егер өнімге (затқа) және оны дайындау жағдайларына қатысты қауіпсіздік талаптары белгіленген болса, өнімде (затта) және қоршаған ортада қауіпті факторларды анықтау және өлшеу әдістемесінің болмауы;
7) өнімнің (заттың) өндірілу, қолданылу (пайдаланылу) кезінде адам денсаулығына зиянды әсерін болғызбау жөніндегі тиімді шаралардың болмауы немесе осы шаралардың қамтамасыз етіле алмауы негіз болып табылады.
5. Қазақстан Республикасында тіркелген және қолдануға рұқсат етілген заттар мен өнімдердің тізілімі мерзімді баспасөз басылымдарында жариялануға жатады.
6. Балалар тағамы өнімдерін, тамаққа тағамдық және биологиялық белсенді қоспаларды (нутрицевтиктерді), генетикалық түрлендірілген көздерді, бояғыштарды. сумен және тамақ өнімдерімен араласатын бұйымдар мен материалдарды, химиялық заттарды, адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімдер мен заттардың жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу тәртібін және мемлекеттік тіркеу туралы шешімді кері қайтарып алу тәртібін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
7. Адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімдер мен заттардың жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу кезінде оларға санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізумен және ғылыми негіздеумен байланысты шығыстарды өтінім берушілер көтереді.
16-бап. Денсаулық саласындағы тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сәйкестігін растау 1. Денсаулық саласындағы тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сәйкестігін растау олардың адам өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіздігін анықтау мақсатында жүргізіледі және Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өтпеген дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың сәйкестігін растауды жүзеге асыруға тыйым салынады.
17-бап. Денсаулық сақтау саласындағы жарнама 1. Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген медициналық қызметтер көрсетуді, профилактиканың, диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың әдістері мен құралдарын (бұдан әрі -медициналық қызметтер көрсетуді және емдеу әдістерін), дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы жарнамалау, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен берілетін рұқсат бар болған ретте жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген медициналық қызметтер көрсетуді және емдеу әдістерін, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы жарнамалауға, осы қызмет түрін жүзеге асыруға лицензиясы және (немесе) қолдануға, өндіруге және (немесе) өткізуге рұқсаты, сондай-ақ оларды жарнамалауға рұқсат болмаған ретте, жол берілмейді.
Медициналық қызметтер көрсетудің, емдеу әдістері мен профилактика құралдарының, дәрілік заттардың, медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың жарнамасы дәйекті болуға, арнаулы білімсіз немесе арнаулы құралдарды қолданбай ұғынып-танылуға, басқа медициналық қызметтер көрсетумен және емдеу әдістерімен, дәрілік заттармен, медициналық техникамен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен салыстыруды болғызбауға, тұтынушыларды, олардың сенімін, оның ішінде сипаттамасына, құрамына, тұтынушылық қасиеттеріне, құнына (бағасына), қолданудың болжамды нәтижелеріне, зерттеулер мен сынаулар нәтижесіне деген сенімін теріс пайдалану арқылы шатасуға ұрындырмауға тиіс.
3. Мыналарға:
1) Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік заттардың,
медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың,
профилактика құралдарының жарнамасына;
2) дәрігер рецепті бойынша босатылатын дәрілік заттардың үлгілерін жарнама мақсатында таратуға;
3) балаларға арналған дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды қоспағанда, балаларды, олардың бейнесі мен дауысын дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың жарнамасына пайдалануға;
4) қоғамдық көлікте, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың мақсатына, пайдаланылуына және босатылуына қатысы жоқ ұйымдарда олардың жарнамасын таратуға және орналастыруға;
5) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың плакаттар, стендтер, жарықты табло, билбордтар, транспаранттар, афишалар және жарнаманы тұрақты орналастырудың өзге де объектілері түрінде ұсынылған сыртқы (көзбен көрілетін) жарнамасын орналастыруға;
6) дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар туралы ақпаратты ғылыми немесе білімдік мақсатта тарату жағдайларын қоспағанда, дәрілік заттарды және медициналық мақсаттағы бұйымдарды тағайындауға уәкілетті медицина қызметкерлерін жарнама таратушылар ретінде пайдалануға тыйым салынады.
4. Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың, сондай-ақ профилактика құралдарының жарнамасы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген сарапшылық органның жарнама материалына алдын ала сараптамасынан кейін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның рұқсаты негізінде жүргізіледі.
5. Медициналық қызметтер көрсетудің және емдеу әдістерінің жарнамасын мамандандырылған медициналық басылымдарда, өзге де бұқаралық ақпарат құралдарында және медициналық қызметтер көрсетуге қатысы бар жерлерде таратуға және орналастыруға жол беріледі.
Дәрігерлердің рецепті бойынша босатылатын, оның ішінде есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды қамтитын дәрілік заттардың жарнамасы тек қана медицина және фармацевтика қызметкерлеріне арналған арнаулы баспасөз басылымдарында жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Жарнаманы шығаруды, тарату мен орналастыруды бақылауды
уәкілетті органдар өз құзыреттері шегінде жүзеге асырады.
7. Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасы
жарнаманың мазмұнына, шығарылуына, таратылуы мен
орналастырылуына қатысты бұзылған жағдайда жарнама шығарушы,
жарнама беруші, жарнама таратушы Қазақстан Республикасының жарнама
туралы заңнамасына сәйкес жауапты болады.
5-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау 18-бап. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау ұғымы және түрлері 1. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау заңнама талаптарының сақталуы мен орындалуын тексеруге, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы бұзушылықтардың алдын алуға, жолын кесуге және жоюға бағытталған шаралар кешені болып табылады.
2. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау:
1) медициналық қызметтер көрсету;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы;
3) дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен
медициналық техника айналымы саласында жүзеге асырылады.
3. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау мен
қадағалау:
1)тексерулер:
2) бұзушылықтарды жоюға және денсаулық сақтау саласындағы уәкілеттік органның лауазымды адамдары берген нұсқамаларды орындауға бағытталған іс-шаралар жүргізу жолымен жүзеге асырылады.
4. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау мен
қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар тексерулердің мынадай
түрлерін жүргізуге құқылы:
1) жоспарлы тексеру - уақыт аралығы ескеріле отырып, жоспарға
сәйкес жүргізілетін тексеру:
2) жоспардан тыс тексеру - жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға төнген қауіпті дереу жоюды талап ететін қалыптасқан жағдайға байланысты, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы жолданымдар мен өзге де ақпаратта баяндалған фактілер бойынша, Қазақстан Республикасы заңнамасын бұзу белгілерінің тікелей анықталуына орай, сондай-ақ жоспарлы тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою талаптарының орындалуын бақылау мақсатында тағайындалатын тексеру:
3) қарсы тексеру - тексерілетін адамдармен шарттық міндеттемесі не өзге де құқықтық өзара қатынастары болған жеке немесе заңды тұлғаға (филиалына немесе өкілдігіне) қатысты ұсынылған ақпараттың дәйектілігін анықтау не қосымша ақпарат алу мақсатында жоспардан тыс тәртіппен жүргізілетін тексеру;
4) рейдтік тексеру - бірнеше жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының жекелеген талаптарын сақтауы мәселелері бойынша олардың қызметін бір мезгілде қамтитын тексеру;
5) бірлескен тексеру - Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының сақталуы мәселелері бойынша бірнеше бақылаушы органның жеке және заңды тұлғалардың қызметін тексеруі.
5. Тексерулер тиісті мемлекеттік органның шешімімен жүргізіледі. Тексеру жүргізу мерзімі, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, тексеруді тағайындау туралы акт табыс етілген кезден бастап күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс. Тексеруді тағайындау туралы акт құқықтық статистика мен арнаулы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органда міндетті түрде тіркеледі.
6. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мақсаты үшін лауазымды адамдар:
1) тексеру жүзеге асырылатын объектілерге қызметтік куәлігін көрсетіп кедергісіз баруға;
2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы
заңнамасын бұзушылықты жою туралы нұсқамалар беруге;
3) өз құзыреті шегінде денсаулық сақтау субъектілерінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарынан, жеке және заңды тұлғалардан денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылауға қатысы бар мәселелер бойынша қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
4) денсаулық сақтау саласында бақылау жүргізу үшін қажетті құжаттардың көшірмелерін түсіріп алуға құқылы.
7. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар өз құзыреті шегінде:
1) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
2) мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасасуға;
3) мемлекеттік органдарды Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының бұзылу фактілері туралы хабардар етуге;
4) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға;
5) дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметін немесе
қызметінің жекелеген түрлерін әкімшілік құқық бұзушылық туралы
заңнамаға сәйкес тоқтата тұру жөнінде шаралар қолдануға;
6) жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын қарауға міндетті.
8. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар шығарған шешімдер жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті және оларға жоғары тұрған органға немесе сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
9. Тексеру жүргізу нәтижелері бойынша денсаулық сақтау субъектісінің қызметін тексеру актісі жасалады - ол, тиісті салада мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адам бақылау объектісінің Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңнамасы талаптарына сәйкестігін тексеру нәтижелері бойынша жасайтын және беретін құжаты.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын анықталған бұзушылықтарға қарай тиісті салада мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар тексеру актісінен бөлек мынадай актілер:
1) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама;
2) әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы және әкімшілік құқық
бұзушылық туралы заңнамаға сәйкес әкімшілік жаза қолдану және кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметті тоқтата тұру жөнінде шаралар қолдану туралы қаулылар:
3) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын бұзушылықты жою туралы нұсқама шығарады.
10. Тиісті саладағы жоғары тұрған бас мемлекеттік инспектор жеке және (немесе) заңды тұлғалардың әрекетке немесе актілерге арызы (шағымы) бойынша шешім шығарылғанға дейін төмен тұрған бас мемлекеттік инспектор актісінің орындалуын тоқтата тұруға, оның күшін жоюға не кері қайтарып алуға құқылы.
11. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың қаулылары мен нұсқамаларын орындамауға кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауапты болады.