Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары



Pdf көрінісі
бет128/165
Дата14.12.2021
өлшемі4,15 Mb.
#126269
1   ...   124   125   126   127   128   129   130   131   ...   165
ТАҢБАДАН ТАРТЫЛҒАН ТАНЫМ 
Б. Сағындықұлы
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, ф.ғ.д.
Таңба  –  кез  келген  мемлекеттің  бет-бейнесін  көрсететін  белгі.  Бұл,  әрине, 
мемлекеттік  елтаңбаға  қатысты  айтылып  отыр.  Кешегі  күні  рулық,  тайпалық  ста-
тусты белгілеген таңбалардың айтары да мол еді. Тіпті, біздің заманымызға дейінгі 
иероглифтердің қазіргі күні жоғалтуға болмайтын асыл заттар екені даусыз. Содан да 
болса керек, О.Сүлейменов: «Әрі құралдык мағынаны беретін, әрі тәңіріден тартылған 
мағынаға ие елтаңба, эмблема, ою-өрнектер, яғни идеограммаға айналған таңбалар – 
кейіннен сөз деген атауды иеленді. Ұрпақтан ұрпаққа жеткен сөздер жаңа ұғымды ту-
дырды. Осыдан барып аңыздар, пәлсапа, ғылым, өнер турасындағы алғашқы білімдер 
пайда болды», – дейді [1]. Таңбатанушы О.Сүлейменовтің «Причинность слова – об-
разный знак» дегеніне көз жүгіртсек, жоғарыда аталған таңбалардың, түсінген адамға, 
сөйлейтіндей жөні бар. Мәселен, қазақ елтаңбасын сөйлетсек, төмендегідей байым-
дауды байқаймыз: «Біздің Елтаңбамыз шеңбер ішінде. Шеңбер мағынасы – тіршілік, 
шексіз өмір дегенді білдіреді. Елтаңбадағы ең негізгі белгі – шаңырақ. Шаңырақ үй, 
Отан деген мағынаны білдіреді. Елтаңба композициясында ай мүйізді, алтын қанатты 
пырақ бар. Ұлттық өрнек қазақ халқының тұрмысымен өте байланысты, ал ат, жылқы, 
тұлпар – қазақ тұрмысының негізі. Елтаңбадағы басты белгінің бірі – бес бұрышты 
жұлдыз бен елдің аты».
Расында  да,  сөздің  мағыналы  бөлшек  екенінде  дау  жоқ.  Осыдан  жүз  жылдан 
аса  бұрын,  1912  жылы,  А.Байтұрсынов  араб  әліпбиін  қазақ  әрпіне  негіздеп  сөз 
қозғапты:  «Мақсат  –  сіз  болып,  біз  болып,  ақылдасып  отырып,  жазуымызды  бір 
жөнге  салалық.  Осы  күнде  әркім  әр  түрлі  жазып  жүр,  бір  жөнменен  жазылатұғын 
жазу жоқ. Жазғанымыздың қате, дұрыстығын айырарлық емле жоқ. Оның жоқтығы 
қазақ тіліндегі дыбыстарға ашып-арнаған әріптер жоқ» [2, 123]. Бүгінгі уақыт осыдан 
бір ғасыр бұрынғы мәселені қайта алып келді. Оның шешімін табатынына да күмән 
келтірмейік. Бірақ мынадай да сұрақ туатыны рас. С.Мырзабековтің сөзімен айтсақ, 
бабалар тіліне бара алар ма екенбіз? Бәрімізге мәлім, бабалар тілі айтуға негізделген 


248
тіл.  Құлаққа  жағымды,  айтуға  орамды  тіл,  басқаша  айтсақ  ата-әжелеріміздің  тілі, 
қазіргі орыс заңдылығына негізделген заңнамаларға сүйеніліп, бұзылып болды. Мұны 
жөндейтін  біздің  латын  графикасына  негізделген  әліпби  болуы  керек  деп  білеміз. 
Демек,  әрбір  әріп  әрбір  дыбысты  белгілейтіндей  болу  керек.  Себебі  қазіргі  жазу  – 
дыбыстық жазу. Ал таңбалық жазу мен буындық жазудың күні өткен.
Екіншіден, әрбір әріптік таңба немесе дыбыстық жазудың мағынаға ие бола алу 
жағын  қарастыру  керек  сияқты.  Рас,  ғылымда  тілдік  дыбыс  мағыналы  бөлшек  бо-
лып  танылмайды  деген  пікірді  қолдаушылар  көп.  Дегенмен  тарихқа  көз  жүгіртсек 
дыбыстың да мағыналы болып келуі айтылып қалады. Өзіміз ойлап көрсек, мағыналы 
бөлшек деп танылған тілдік бірлік – сөз. Бірақ алғашқы адам баласының пайда болу-
ында ең алдымен сөз емес, дыбыстық қарым-қатынас болғаны дау тудырмаса керек. 
Ал егер ол мағынасыз болса, сол адамзат баласы бір-бірін түсінісе алмас еді ғой. Бұл 
– мәселенің бір жағы. Екінші жағы бар, сөзден бұрын пайдаға асқан дыбыстың (у, 
а, и) алғашқыларының мағыналы болғаны шындық. Ғалым Берікбай Сағындықұлы: 
«Адамзат баласы ақ пен қараны айыра алмаған кезде ішкі флекция да болмаған. Әр 
түсінік үшін бір дауысты жеткілікті болған. Мысалы, желдің табиғи қасиетіне бай-
ланысты  «у»  дауыстысы  қолданылса,  есту  қабілетіне  байланысты  «а»  дауыстысы 
пайдаланылған. Тоңу, ысыну сияқты эмоциялық әсерлерді «и» дауыстысы білдірген» 
- дейді [3,102]. 
Бұдан шығатын қорытынды сол, ежелгі тілдік дыбыстарды мағыналы дыбыстар деп 
тануға еш кедергі болмау керек. Себебі сана – адам баласының туа бітті қасиеті. Оның 
ойлау иесі екендігінде, басқа жаратылыстан бөлек табиғатында деп түсіну керек. Тағы 
бір айта кететін жайт, дыбыс пен фонеманың бірлігінде жатыр. Қазіргі тіл білімі бұл 
екі бірлікті синонимдес деп танып, айырмашылығын фонема деп табылған таңбаның 
сөз  мағынасына  әсер  етуінен  іздейді.  Екеуінің  бір-бірінен  көп  айырмашылығы  жоқ 
болса, дыбысты да мағыналы бөлшек ретінде қараудың уақыты келді деп санаймыз.
Тарихқа шегініс жасасақ, түркі әлемі жері мен халқы, тілі мен ділі, діні мен тіні 
бір ерекше жұрт. А.Байтұрсынұлы: «Дүниядағы жұрттың тілі негізінен үшке бөлінеді: 
1) түбіршік тіл; 2) жалғамалы тіл; 3) қопармалы тіл... Жалғамалы тіл – сөздің аяғына 
жалғау қосылып өзгерілетін тіл, мәселен түрік, фин тілдері» [4, 143]. Жалғамалылық – 
лексикалық мағынаға ие сөз немесе сөздің тұлғасына әсерін тигізетін қосымшалардың 
жалғану әдісі. Жалғамалы тіл дәуірінің тармақталуы түркі тілдері отбасында ерекше 
мәнге ие. «Түріктер тегінен жиырма тайпалы, – деген М.Қашқари, - Бұл тайпалардың 
барлығы Рұм өлкесі жанынан шығысқа қарай созылып жатқандығын» жеткізген [5,54]. 
Бұл тайпалардың бүгінге жетпей, тоз-тоз болып тарап кеткендері, сонымен қатар ала-
сапыран заманға мойымай, ұлттық әдеби тілге көтерілгендері де бар. 
Түркі жұртының ғалымдарының басын біріктірген алғашқы құрылтай 1926 жылы 
26  ақпан  мен  6  наурыз  аралығында  қазақ  жерінде  өтті.  Оған  қатысқан  жұрттың 
жағырапиясын А.Байтұрсынұлы былайша көрсетеді: «Бір шеті Стамбул, екінші шеті 
Қиыр  күншығыстағы  Жақыт  (якут)  арасындағы  түрік  нәсілді  жұрттардың  көбінің 
өкілдері болды. Бұрын қағаз жүзінде білісу болмаса, көрісуі жоқ түрік жұрттары бірін-
бірі жүзбе-жүз көріп танысты». Ғалым білдіруінде, атақты деген ғалымдардың басы 
қосылыпты. Көз жүгіртіп байқағанымызда олардың ішінен кездестіргеніміз мыналар 


249
болды: Василий Владимирович Бартольд, Лев Владимирович Щерба, Сергей Эфимович 
Самойлович,  Сергей  Эфимович  Малов,    Николай  Иванович  Ашмарин.  Бұлар  түркі 
ғылымына ортақ мәселе күйттегендер қатарында.
Қазіргі түсініктегі европашыл ғалымдар қатары да көп: Ю.Д.Баруздин, Крымский, 
Яковлев,  Жирков,  Руденко,  Миллер,  Шурсен,  Олденбург,  Кинко  (фин-угор-жапон 
тілі), неміс профессоры Менсель, мажар профессоры Майсереш, анадол түрік про-
фессоры  Көпірлізада  мен  Құсайынзада.  Басқа  түрік  жұртының  бел  балалары  та-
тар  тарихшысы  Убайдуллин  Әзиз,  татар  қалам  қайраткері  Ибрайымұлы  Әлімжан, 
әзірбайжандық Ағазада, жалпытүркілік ілімді қаузаған Зайналы, Одабаш, Маметзада, 
Епендізада, қазақ жұртының тіл мәселелерін жеткізген Байтұрсынұлы, Төреқұлұлы, 
Шарапұлы, Алпарұлы, Бердіұлы, Омарұлы, Әкімұлы, Сағадиұлы т.т.б. Тізілген тізім 
түрік жұртының ғылыми әлеуетін көрсететіні анық. Және бұл қайта есіңізге салайын 
1926 жыл. Бұл латын қарпіне көшудің амалы қарастырыла бастаған кез. Әзірбайжан 
елі  латын  әліпбиін  қабылдап  қойған  кез  және  бұл  сол  уақытта  түрік  жұртының                                    
90 пайы зы араб әліпбиін пайдаланып отырған уақыт.
Тарихқа тереңдеп енсек, түбі бір түркі жұртын қоңсылыққа тартқан тілдеріндегі 
ұқсастық. Ертедегі түркі тілдері Ғұн империясының қарамағында жүріп-ақ, Батыс және 
Шығыс бұтағына арқау болған. Олар сол уақытта осы аттас тайпа одақтарының тіліне 
айналған. Бұл кезең Ү ғасырға дейінгі уақытты алыпты. Ал Ү-Х ғасыр аралығындағы 
жазу мәдениетінің дамуы түркілік дәуірге (Ү-ҮІІІ), көне ұйғырлық дәуірге (ҮІІ-ІХ) 
және көне қырғыздық (ІХ-Х) дәуірге әкелді (М.Серғалиев). Х-ХҮ ғасырлардағы ала-
сапыран заман қазіргі түркі тілдес атауға сәйкес түркі тілдес халықтардың жеке-жеке 
шаңырақ құруына ұйтқы болды. Жеке мемлекеттер өріс алды. Дегенмен де олардың 
тіліндегі жақындық әлі де болса сезіліп отырады.
Ғасырға  жуық  бұрын  түркі  ғалымдарының  басын  қосқан  қазақ  жері  бүгінгі 
уақытта қайтадан түлеудің жолын көрсетті. Түркі халқына ортақ Түркі академиясы 
жұмыс істейді. Тарихы ортақ халықтардың тілі де ортақ. Заман өзгеріп, әр жұрт өз 
жайын  күйттеп  кетті.  Жеке  мемлекет  болған  туыс  жұрттарымызға  алаңдамасақ  та 
(алыстағы түрік халқы мен шекаралас әзірбайжан, өзбек, түркімен, қырғыз халқын 
айтып отырмын), үлкен мемлекеттердің ішінде отырып өз тілдері үшін жанталасып 
күресіп отырған бауырларымызға құрметпен қарауымыз керек. Бұлардың қатарында 
білім-ғылымы терең татар халқы тұр, болашағына байыппен қарайтын башқұрт елі 
жатыр, қатар тұрған қарақалпақ та қадірін іздеуде, ұйғыр бауырларымыз да ұлылығын 
жоғалтпаса екен. Сонау Сібірдегі туыстарымыз да көзі мөлдірейді. «Бірге тумақ бол-
са да, бірге өлмек жоқ» деген. Қанша жақын тартсақ та, ішкі шаруаларына араласа 
алмайтын жағдайдамыз. Бірақ бір жайт анық. Түркі жұртын біріктіретін бір нәрсе – 
оның тілі. 
Қазіргі  заманның  жақсылығы  да  жетерлік.  Қай  ел  болмасын,  бір-бірімен 
экономикалық  байланыстарды  орнатуды  көздейді.  Мәдени-әдеби  байланыс  та  сол 
ізетте  жалғасын  табуда.  Біз  осындай  шараларда  ортақ  тілімізді  табудың  жолын 
іздестіруіміз керек сияқты. Мұндайда, әрине, қай халықтың тілі ортақтастыруға икемді 
деген мәселе көтеріледі. Меніңше, бұл мәселенің басы ашық болса керек. Ғасыр бұрын 
болған мәмілелерге көз жіберсек, түбі бір түркі тілінің ғалымдары ортақ тіл ретінде 


250
қазақ тілін атаған екен. Оның өзіндік себебі де бар. Тағы да А.Байтұрсынұлы сөзіне иек 
артсақ, «Асыл тіл, түзу емле қазақта боларға тиісті. Неге десек: ата кәсібін тастамай 
келе жатқан – қазақ. Басқа жұртқа араласпай, өз алдына оңаша, оқшау жүрген қазақ. 
Жат жазудың ыңғайына қарап, басқалардан тілін бұзуға, арасына жазу жайылмаған 
түрік баласы – қазақ. Сырттан бірен-саран жат сөздер келсе, оны жаншып кеміріп, 
өз тілінің қалпына түсіріп алған – қазақ. Еділден бастап Ертіске дейін, Оралдан бас-
тап Ауғанға шейін қазақта тіл де бір, емле де бір. Қойшы, түйеші, биеші емлесі де-
ген қазақта жоқ нәрсе. Тоқсандағы шалының, тоғыздағы баласының – бәрінің емлесі 
біреу-ақ». Ол – қазақ тілі. 
Осы сөздерді қазір уақытпен біріктірудің жөні де жоқ шығар. Дегенмен де шындығы 
шынайы  ойдан  неге  қашалық.  Үлкен  жұрт  осман  түріктерінің  мемлекеті  айбынды 
болғанымен,  жан-жағына  көршілес  қонған  еуропашыл  жұрт  тіліне  өзгеріс  енгізіп 
отырғаны ақиқат. Оғыз тобына орайласқан әзірбайжан мен түркімен туыстарымыздың 
тілі  басқа  жұртан  алшақ  жатқандықтан  тілдерін  жұтаңдатып  алған  сияқты.  Алатау 
бөктеріндегі қырғыз тілі халық санының аздығынан болса керек, бәсекеге қабілетсіз 
сияқты. Өзбек жұрты Орта Азиядағы басқа халықтар тілімен әбден шұбарланып кет-
кен. Ал қазақ жұртының әл-ауқаты, мәдениеті осы жұрттардың басын біріктіруге әбден 
жететін сияқты болады да тұрады. Дегенмен ой ашық болу керек те, көңілге кірбің 
түспеуі керек. Болашақ – ісіне қарай өріс алған халық тілін қалайды деп сенейік.
Әдебиеттер:
1. Сулейменов О. Язык письма. – Рим: Изд.: «San Paolo», 1998. – 500 с.
2. Айқап. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1995. – 368 бет.
3.  Сағындықұлы  Б.  Қазақ  тілі  лексикасы  дамуының  этимологиялық  негіздері.                   
– Алматы: «Ана тілі» баспасы, 1994. – 283 бет.
4. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. –Алматы: «Ана тілі» баспасы, 1992. –446 б.
5. Қашқари М. Түрік сөздігі. – Алматы: «ХАНТ» баспасы, 1 том. 1997.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   124   125   126   127   128   129   130   131   ...   165




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет