Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары


ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУДІҢ ТАРИХИ ТАҒЫЛЫМДАРЫ



Pdf көрінісі
бет129/165
Дата14.12.2021
өлшемі4,15 Mb.
#126269
1   ...   125   126   127   128   129   130   131   132   ...   165
ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУДІҢ ТАРИХИ ТАҒЫЛЫМДАРЫ
Қ.С.Қалыбаева
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 
профессоры, ф.ғ.д. 
 
Жазу-адамзат  қоғамының  қол  жеткізген  ірі  табыстарының  бірі.  Академик                                 
Л.В. Щерба  тіл  қарым-қатынас жасауда әлеуметтік сипаты басым қоғамды біріктіруші  
ірі құбылыс екенін айта келіп, жазудың маңыздылығы одан да жоғары екендігін ай-
тып еді [1, 33].  Тарихы көп заманды қамтитын төл жазуға ие болу әрбір халықтың 
өркениетке жетуінің бірден бір себепшісі екенін  білеміз.  Мысалы, әлемде дамыған 
өркениетті елге айналып отырған Ағылшын, Қытай, Корея, Жапония сияқты елдердің 
қай қайсысының да жазу тарихы неше мыңдаған жылдарды қамтиды. Яғни бүгінгі 
ұрпақ өз елінің неше мың жылдық жазба құндылықтарымен  сусындап өскен ұрпақтың 


251
өкілдері. Сондықтан да бұл елдердің рухани тұғыры мығым.  Әлемдік өркениетте өз 
жазуы бар елдер әрқашан биікте тұрғары сөзсіз. Ал өзге елдің жазу үлгісін пайдалана-
тын елдердің сол елдің мәдени әсеріне ұшырайтынын ғалымдар жоққа шығармайды. 
Мысалы, қытай жазуының жапон, корей елдеріне біршама таратылуы бұл елдердің 
өркениет көкжиегінде біршама араластыққа ұшырап, теңесуіне алып келгені белгілі.  
Біздер,  түркілер,  соның  ішінде  қазақ  халқы  да  бірнеше  жазу  түрлерін  бастан 
өткерген халықпыз. Сонау көнетүркілік жазудан бастап, манихей, соғды, ұйғыр жазба-
ларын айтпағанның өзінде соңғы 100 жылдың ішінде араб, латын, кирилл жазуларын 
ауыстыруды бастан кештік. Жазудың жиі ауысуын кейбір тарихшы ғалымдар еліміздің 
тоқсан  жолдың  торабы  болған  Ұлы  Жібек  жолының  бойында  орналасуымызбен  де 
байланыстырып  жатады.  Міне,  бүгінде  тағы  да  латын  жазуына  ауысудың  алдында 
тұрмыз.  Демек,  ойласатын  мәселелер  аз  емес.  Нені  ұтамыз,  неден  ұтыламыз  деген 
сұрақтар қайтадан күн тәртібіне оралды. 
Латын  жазуына  көшудің  жағымды  тұстары  ретінде  қазақ  халқының  ұлттық 
бірегейлігін нығайта түсетіндігі айтылып жатады. Бұл мәселеге де біржақты қарауға 
болмайды. Себебі қазақ халқының ұлттық бірегейлігіне төніп тұрған ешбір қауіп-қа -
тер  жоқ  сияқты.  Мысалы,  қытай  тілі  бірін  бірі  түсіне  бермейтін  бірнеше  диалекті-
лерден тұратын күрделі тіл екендігі белгілі. Міне, сондықтан да қытай халқы үшін 
жазу-ұлттық  бірегейлікті  қалыптастыратын  ерекше  фактор  болып  отыр.    Ал  орыс, 
армян,  еврей,  араб  халықтары  үшін  жазу  діни,  мәдени,  ұлттық  бірегейліктерінің 
көрсеткіші болып саналады. Ал Ататүрік қабылдаған латын жазуы түрік халқы үшін 
осман империясының күйреп, жаңа түрік ұлтының бірегейленуінің көрсеткіші ретінде 
танылды. 
Дегенмен, қазақ жазуының латын жазуына ауыстырылуы да негізсіз болмаса ке-
рек. Латын әліпбиіне көшу  қазақ тілінің  мемлекеттік  мәртебесін көтере түседі деп 
күтілуде. Сондай-ақ, бұл жазу түріне екінші рет қайталай оралуымыздың да ұтымды 
жақтары бар екенін ескеруіміз керек. Себебі 1929 жылы алғаш осы жазу түріне ауысу 
кезінде бұл жазу түрінің ұлттық тіліміздің  табиғатына, даму заңдарына фонетикалық 
жүйесі мен грамматикалық құрылысына лайықталу жағы нағыз ұлт жанашырларының 
тарапынан  жан-жақты  талданып  беріліп  еді.  Кейіннен  жеделдете  кирилл  жазуына 
көшірілгенде ескерілмей қалған осы бір олқылықтардың орнын толтырудың сәті түсіп 
тұрғаны да рас. Себебі көп жағдайда ғалымдарымыз латын жазуына көшудің басты 
жетістігі ретінде, кирилл жазуы арқылы келген тіліміздегі  орыс тілі заңдылықтары -
нан құтылатындығымызды  қуана айтып жүр.  Шын мәнініде, біздің жазу ережелері-
мізді орыстандырған кирилл жазуын қабылдаудың салдары емес, керісінше кирилл 
жазуын қазақыландыра қабылдай алмауымыздан болып отыр. Ендеше, біз тағы да ла-
тын жазуына көше отырып, ол жазуды қазақыландыра отырып қабылдамасақ, жазуды 
ауыстырғаннан ешбір пайда жоқ екенін түсінуіміз керек. 
Әрине,  бұл  жолы  латын  жазуына  бейімделген  жаңа  әліпби  жасау  қазақ  ғалым-
дарының  лингвистикалық  біліктіліктілігін  байқататын  нағыз  сынақ  болғалы  тұр. 
Себебі, үлкен «құрбандықтарға» бара отырып таңдалып алынған әліпби  қоғам сана-
сында оңай  қабылданып, өз нәтижесін толыққанды ақтай алуы тиіс.   Сондай-ақ, латын 
әліпбиіне көшу арқылы Қазақстанның түрік әлемімен байланысы да   арта түседі деген 


252
үмітіміздің де бар екенін  мойындауымыз керек. Сонымен бірге шетелдерде тұратын 
қандастарымыз үшін өз атамекенімен қарым-қатынас жасауларын да жеңілдете түсер 
еді деген ойлар да жиі айтылып келеді.     
Ешбір талас туғыза қоймайтын тағы бір дәлеліміз, ақпарат және телекоммуника-
циялық саладағы қолжетімділік арта түседі. Бұл арада, ең бастысы – латын әліпбиі 
дегеніміз  ағылшын  әліпбиінің  негізі  екендігін  ескергеніміз  абзал.  Ал  ағылшын  тілі 
болса, ол ең ірі халықаралық тіл болып саналады. Әлем халықтарының басым бөлігі 
латын  әрпін  қолданып  отырғандығы  белгілі.  Деректерге  сүйенер  болсақ,  дүниедегі 
адам санының  үштен екі бөлігі аталмыш  жазуды пайдаланады екен. Тіпті, жоғарыда 
айтылған Қытай, Жапон, Корей халықтары да латын жазуының осы мүмкіндігін ескере 
отырып, өз жазуларына  лайықталған қосымша арнайы қорын дайындап, қолданысқа 
енгізгенін де есітіп жүрміз. 
Міне, қарап отырсақ, латын жазуына ауысудың артықшылықтары мен кемшілік те-
рін таразылаған сайын ұтымды тұстары басым екенін аңғарамыз. Бірақ жоғалтары-
мыз да аз еместей көрінеді. Оны ескермесек, өткен қателіктерімізден сабақ алмасақ, 
тағы да ұтыларымыз сөзсіз. Айтайын дегеніміз -осы ендігі бір жазуды ауыстыру ба-
рысында еліміздің жазу ауыстыру тарихындағы жіберілген кейбір қателіктерімізден 
тағлым  алсақ  екен.  Сонау  1926  жылғы  Бакуде  өткен  түркологиялық  сьездің  өзінде 
татар  ғалымы  Галимжан  Шараф  араб  жазуынан  латын  жазуына  ауысудағы  басты 
қатер- араб жазулы мәдени құндылықтарымыздан қол үзіп қалу қаупі екендігін ай-
тып  еді  [2,  30].  Ғалымның  айтқан  қауіпінің  орынды  екендігін  уақыт  таразысы 
дәлеледеп берді.  Бүгінде  бірнеше  ғасыр қолданылған араб жазуымен хатқа түскен 
жәдігерліктердің барлығы дерлік  көпшілік оқылу мүмкіндігінен айырылып, тек архив 
жағалаған аздаған ғалымдардың ғана меншігіне айналғанының куәсі болып отыр мыз.  
Ең  қауіптісі сол- еліміздің даму тарихындағы 20 ғасыр қорындағы кирилл жазуымен 
дүниеге келген миллиондаған жазба дүниелеріміз де келешек ұрпақ үшін беймәлім 
болып қалайын деп отыр. Жазуды ауыстырумен бірге, сөзсіз мәдениет пен ғылым ның 
түрлі сфераларындағы қол жеткізген жетістіктеріміздің құндылығы көлеңкеде қалуы 
әбден мүмкін. Әрбір жазу ауысуымен бірге сол ауысып, ұмытылған ескі жазумен бірге 
халқымыздың  сол  жазбалармен  қалдырған  мәдени-рухани  құндылықтарын  да  бірге 
көміп кетіп отырғанымыз жасырын емес.  
Алайда,  қандай  жағдайда  да  жол  табуға  болатын  жолдар  қарастыруымыз  керек. 
Айталық, кеңес үкіметі тұсында араб жазуынан латынға, кейіннен кириллге ауысты-
ру арқылы біздің тарихи тамырымызға балта шабылды. Бұл қателіктің орны толмасы 
белгілі. Демек, тарихтан тағлым ала отырып, біз енді кеңестік дәуірдегі қол жеткізілген 
құндылықтарымыздың келесі ұрпақ үшін жұмбаққа айналмауының алдын алуымыз 
қажет. Ол үшін, жаңа жазуды қабылдай отырып, ескі жазуды ұмытпауға күш салуы-
мыз керек. Басты меже осы болуы керек деп ойлаймыз.  Мысалы,   келешекте  мек-
теп бағдарламаларына жазу тарихын мектептен бастап оқытуға арнайы көңіл бөлу ісі 
ұрпақтарға жалғасын тапса болар еді. 
Қазіргі  жаңа  замандағы  адамзаттың  даму  деңгейінде  2  -3  жазу  тарихын  меңге-
ріп  шығу  аса  бір  қиындық  келтірмесі  белгілі.  Оған  толық  мүмкіндік  бар.  Еліміз 
үш тілде білім беруді қолға алып отыр. Ендеше, келешек орыс тілінде жүргізілетін 


253
пәндер  үшін  де  кирилл  әрпі  сақталатыны  сөзсіз.  Өтпелі  кезеңде  бұл  заңды  болып 
көрінгенімен,  келешек  50-60  жылдан  соң,  тіпті,  бір  ғасырдан  кейін  не  боларын  да 
ойлап қойғанымыз жөн. Демек, заманның ағымының өзі бізді латын жазуына ауыса 
отырып кирилл жазуынан да бас тартпауымыздың да қажеттігін көрсетіп отырғандай. 
Яғни, келешек ұрпағымыз латын жазуын қолдана отырып, кирилл жазуын да, тіпті 
араб жазуын да толық оқи алу қабілетін  сақтап қалса, нұр үстіне нұр болар еді дегіміз 
келеді. Қалай болғанда да, жазуды ауыстыру – қоғамның барлық саласына, ұрпақтар 
жалғастығына  әсер ететін үлкен өзгеріс. Бұл тұрғыдан келгенде, қазақ тілін латын 
жазуына ауыстырудың қаншалықты маңызды екендігі, оның ұтымды жақтары, қазіргі 
ағылшын тілді жастардың бұл жазуды жатырқамайтыны  жеткілікті айтылып жатыр 
дағы нені жоғалтамыз, жоғалтпас үшін қандай шараларды қолға алуымыз қажет де-
генге  көп тоқталмай жатырмыз. Бұл тұста өткенімізді саралап, тарихтан тағлым ала-
тын тұстарымызға әрқашан назар аударғанымыз артықтық етпесе керек. 
Әдебиеттер:
 
1. Щерба Л. М. Языковая система и речевая деятельность.  – Л., 1974.
2. Первый всесоюзный тюркологический сьезд.  –  Баку, 2011.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   125   126   127   128   129   130   131   132   ...   165




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет