Халқымыздың өткен замандардағы тарихын, рухани тыныс-тіршілігін танып-білуде көркем сөз шеберлерінің қалдырған әдеби


- тарау. Құлыншақ ақынның толғау, арнауларының және термелерінің танымдық



бет2/4
Дата05.11.2016
өлшемі0,74 Mb.
#976
1   2   3   4

2- тарау. Құлыншақ ақынның толғау, арнауларының және термелерінің танымдық,

тәрбиелік мәні

2.1. Толғаулары

Толғау қазақ әдебиетінде ертеден келе жатқан жанр.Ойшыл сөз шеберлерінің өмірден көрген-түйгендерін ой сарабына салып, өмірдің мәні, адамгершілік қасиеттер мен елдің тұрмысы мен болашағы, халықтың бірлігі мен тәуелсіздігін толғау жанрының негізгі арқауы еткендігі хандық дәуірде, одан ертеректе өмір сүрген жыраулар шығармашылықтарынан белгілі.

"Бізге там-тұмдап жеткен шумақтарына қарағанда, оның өмір ағысын терең байлап, ойлы өсиет пен тағлымды толғау айтуға шебер екені сезіледі", - дейді Р.Бердібай [22. 316]. Ғалым айтқандай Құлыншақ ақын шығармашылығында толғау жанры да едәуір орын алады.

Ақынның философиялық сипаттары толғау жырларына "Дүние -ол бір көздің қасқалдағы", "Енесі жүдеп нашарлап ("Дүниеде не ғаріп"), "Адамзат келер, келер жүзге келер", "Дария білмес иттің сарығанын" атты шығармаларын, сондай-ақ Ресей патшалығының отаршылдық саясатын бейнелейтін "Амалсыз асы - біз күмірә", "Пенденің көпті күнәсі" толғауларын жатқызуға болады. "Дүниеде не ғаріп" деген толғауында ақын табиғат құбылыстарды адам өмірімен ұштастыра термелей ой қозғайды.

Енесі жүдеп нашарлап,

Ертелей туған жол ғаріп.

Әуеден жауын кеш болып,

От шықпай қалса, жер ғаріп.

Басшысы нашар жолығып.

Ынтымақ кетсе, ел ғаріп,

Көкала жылқы болмаса,

Бетегелі бел ғаріп.

Қаз, үйрегі болмаса,

Айдынды шалқар көл ғаріп.

Қатарынан кем тартып,

Қуаты қашса ер ғаріп... -

деп бұрынғы өткен жырауларша сөз саптай жырлайды. Қоғамның жарасымдылығы елдің бүтіндігі мен рухани тұтастығында, сонымен бірге материалдық қажеттілігінің жетістіктері мен ішкі жан дүниенің табиғат, ел, жер бүтіндігінің үйлестігінде деп түсініп жырлау Асанқайғыдан бергі кезеңдерде деп өмір сүрген жырауларда жалғастық тауып келе жатқан дәстүр. Оған Асанқайғыдан мысал келтіре кетсек те болады. Асанқайғының "Бұл заманда не ғаріп?" деген толғауымен

сарыңдастықты шығарманың мазмұнымен қатар құрылысы, жыр жолдары, сөз тіркестері, жекелеген сөз қолданыстарынан да айқын аңғартуға болады. Мысалы Асанқайғының:

... Ел жағалай қонбаса,

Бетегелі бел ғаріп.

Қаз, үйрегі болмаса,

Айдын шалқар көл ғаріп.

Ата жұрты бұқара

Өз қолында болмаса,

Қанша жақсы болса да,

Қайратты туған ер ғаріп, -

деген ойларымен Құлыншақ толғауларының тек сырт ұқсастығы ғана емес іштей мазмұн бірлігі де байқалады.

Ақын "Дүние - ол бір көлдің қасқалдағы" өлең толғауында өзінің дүниетанымын, өмір құбылыстарына деген көзқарасын бейнелейді. Ақын мұнда дүние, яғни адам өмірін халқымыздың "қасқалдақтың қанындай" деген мәтел сөзіне баламалай алып, шалқар көлдің қолға оңай түспейтін қасқалдағына адам тіршілігін салыстыра терең ой қозғайды. Сөйтіп адам өмірінің кезең-кезеңді кездеріне -балалық, жігіттік, егделік, сексен, жүз жастағы қарттық шақтарға сипаттамалар береді. Адам өзінің санаулы өмір жолын бос өткізіп алмай, адал жүріп, еңбек етіп, мәнді өткізуі қажеттігін еске салады.



Біреуге "берсем дегін", алам деме, Біреудің адал нанын алып жеме, -

дей отырып, адамның артында қалатыны жақсылық ісі деген қорытынды жасайды. Басқаға қиянат жасамай, қолдан келгенше жақсылық жасауға үндейді. Ақын адам өмірін қасқалдаққа ғана емес, сәуле берер жұлдызға, аспанда ұшар аққуға, сұңқарға, кеменің баспалдағына:

Дүние - ол бір көлдің қасқалдағы, Жұлдыздай сәуле берер аспандағы. ... Аққудай көлден ұшқан аспандағы. ... Сұңқардай қалықтаған аспандағы. ... Кеменің секілді ол баспалдағы, -деп теңейді.

... Тағдырға айла бар ма қашсаңдағы. ... Біреуге біреу мейман дегендейін, Осылай өте бере барлық адам, -

деп ажалдың бір келетінін айта отырып, өмірде адамдардың адамгершілік, парсаттылықты ұстанып өтуді ұсынады.

Құлыншақ толғауларының ішінде "Тәніңде мейман жаныңа" өлеңінің орыны ерекше. Бұл өлеңінде ақын адамның өткінші өмірін оның тәні мен жанының қарым-қатынасын терең толғай айтады. Адамның бұл өмірге қонақ екенін, сондықтан да өмірде мейірімділікпен,

имандылық, инабаттылықпен жүрудің қажеттілігін жырлайды. Адамды дүниеге әкелген ананы, оның қадыр-құрметін түсінуді, туған-туыс, бауырларының да өзіндік орны бар екенін термелей толғайды. Соларды алла неге өлетін етіп жаратты дей отырып қимастық көңілдерін саналамай жырлайды. Әке мен ана өлімінің өте ауыр қаза екенін былайша:

Үйде отырсаң мал қорың,

Дала шықсаң - қамқорың...

Алма мойын, аршын төс,

Біреудің қызын сүйдірген,

Әкең өлмес болсайшы?!

Тас емшегін еріткен,

Тар құрсаған кеңіткен...

Аязды күні айналған,

Бұлтты күні бұланған,

Анаңнан қамқор барма еді,

Шешең бір өлмес болмайшы?! -деп жырлайды ақын.

Ананың асыл қасиетін:

Қашан үйден кеткенше Бәйек болып жүретін,-дей келіп, қарындастың қамқорлығын:

Шешеңнен соңғы қамқорың, Шалғып-шаршап келгенде, Бір күніңе жарайтын, Анаңнан соңғы қамқордың, -деп, жан-жарыңның қымбаттылығын:

Өзің тыстан келгенде,

Астыңа төсек тастайды,

Үйіңде дәмі бар болса,

Аузыңа сенің ұстайды,

-деп, ал асыл ағаны:

Алдыңда тұрса тірегің,

Әр нәрсеге керегің

Алатаудай айбаттың,

Дұшпанға қылар қайраттың, -деп,

Дұшпаныңды қор қылар,

Құрыштан соққан болатың, -

деп інінің орнын айта келіп, осылар "өлмес болсайшы" деп қимастық сезімдерін айтады.

Ата-ана үшін өмірінің сәні мен мәні болатын, өмірдегі ең қымбаттысы - перзентінің қазаға ұшырауы олар үшін ең ауыр қайғы екендігі белгілі.

Ақын:


Адамзаттың миуасы,

Әлдилеп сүйген баласы,

Ойлаңдар, беглер,- ойлаңдар,

Перзентсіз елді не дейді,

-дей келіп:

Ұясыз адам шырақсыз.

Қыз бой жетіп өскенде,....

Қыз, балаң өлмес болсайшы, -

деп перзент қазасының ата-анаға аса ауыр тиетіндігі жөніндегі ойларын «осы айтқан сөзім әзілсіз» деп ойға жетелей аяқтайды.

Ақын адам өмірінің жарасымдылығы, мәні туралы толғанғанда өзінің алдындағы жырауларша толғай жырлайды. Адам өмірінің мәнділігін қоршаған орта мен табиғат құбылыстарымен, тұрмыс-тіршілімен үйлестігінен іздейді.

Тау болмайды бұлақсыз,

Көл болмайды құрақсыз. Малсыз адам тұяқсыз,



Ұлсыз адам шырақсыз, -

деп перзентінің ата-ана үшін қаншалықты мәнділігін айтқанда да, өмір құбылыстарындағы ұқсастықтар арқылы ойын айқындай түседі.

Арғымақ мініп не керек,

Артынан жабы кеткен соң. Ағайын-туған не керек,

Аңдысып күні өткен соң... -

деп ежелгі жырауларша ағайын-туғанның ынтымақ-бірлікпен, татулықпен өмір сүруін аңсайды.

Ақынның «Қуды мініп, құланды құрықтап жүр» толғауының әлеуметтік маңызы ерекше деп айтуға болады. Бұл толғауында ақын ел ішін дендеп жайлаған қулық-сұмдықтарды, озбырлар мен қулардың датқалармен бірігіп енді бүлдіріп жатқан іс-әрекеттерін әшкерелейді.

Билік, мансап, бедел таластырудың дауы ел ішін жайлап бара жатқанын, оған ел билеген әкімдер кінәлі екенін, оның зардаптарын: Жетікент, Шымкент, Сайрам, Дулат та жау, Сіргелі, Ыстыменен қалмады сау. Жүлектен төмен қарай мөрін басып, Жау болар бір кісіге осындай-ау, -

деп ақын отаршылдықтың әсер-ықпалынан елдегі орын алған бүліншілікті ашық айтады,

Ақын "Амалсыз асы біз күмірә" атты толғауында ежелгі ақындарша:

Біссіміллә деп бастайын,

Медет тілеп пірлерден, Амалсыз асы біз күмірә.

Шариат сөзін білмеген,

-- деп бастап, емір құбылыстарына өзіндік баға бере келіп:

Азғана сөзді қозғайын,

Тыңдасаңдар жақсылар.

Әзіргі мынау күндерден, -

дейді де, Ресей отаршылдарының қазақ еліне үстемдік жүргізу саясатының іске асырылуы мен зардаптарын толғайды.

Жайлауымды жау алып,

Ықтияр кетті-ау күллі елден! -деп күйіне келіп, елдің бірлігі, жай-күйінің кете бастаған шындығын:

Енді қалып барасың

Бірігіп басың жүргенен,

Жанның бәрі жарлы боп,

Жалғыз жан жоқ күйге енген,

... Ауқатты байлар әлсіреп,

Жақынына күйгеннен,

-деп бейнелейді ақын.

Зорлықшыл заман ықпалының қарапайым жандарға ауыр тигені де ақын назарынан қалыс қалмайды. Ақын:

Момынның көңілі толы жас

Зәлімнің көңілі семірді,

-дей келіп:

Кісісымақ ысқырып

Есігіме тебінді.

Қадақ болған кісідей

Ала алмай жүрмін кегімді.

Жансар болған жыландай,

Киреңдетті белімді, -

деп күрсіне де күйіне толғанады. Құлыншақ ақын заман адамдарының бойындағы өзгерістерді:

Шашын қойды жігіттер.

Жаулықсыз көрдік келінді.

Сүйгенімен боп кетер,

Шырайлы қыздар келімді.

Қараңғы түнмен қыз кетіп,

Сұрамас ата, тегіңді, -деп бейнелей келе:

Бүйте берсе бұл заман

Таяқ алып ақтайсың,

Кейінгі қалған ұрпақтар

Атаңның мынау қазалын

Бәрін де оқып жатпайсың,

-деп болжалды ойларын жырына қосады.

Ақын қазақ елінің патшалық Ресейге бағынышты болып өз еркінен, құнарлы да шырайлы жерлерінен айырылып қалған мүшкіл халін былайша бейнелей келіп:

Падишамыз орыс-ты,

Күннен күнге қылып тұр

Көңілдегі жоқ істі.

Қадаулы ағаш, тартқан сым.

Қазақтан алды қонысты, -

деп жасалған қысымшылық пен жерден салынған салықтардың да халыққа ауыр тие бастағанын:

Қазынаға қарыздар

Халық көбейді борышты,

-деп ойын айқындай түседі.

Халықтың мұңын мұңдап, сөзін сөйлеп, жоғын жоқтайтындарды билікке жақындатпай, айтқанды орындағыш, өздерінің ырқынан, айтқан сөздерінен шықпайтын адамдарды жандайшап етіп қызметіне жүргізу отаршылдардың бұрыннан келе жатқан тәсілі. Ресей отаршылдары да осы саясатты тәсілді өз мақсаты жолында үнемі қолданып отырған. Отаршылдық мақсатты іске асыруда жүргізілетін әрекеттердің бастыларының бірі халықты рухани күйреуге, тозуға ұшыратып құлдық психология орнату болса, бұл саясат XIX ғасырда бұратана елдерге арнаулы бағдармен жүргізілгені белгілі. Осы іс-әрекеттің халық арасындағы зардап көріністері де Құлыншақ ақынның назарынан тыс қалмайды. Ақын оны өлеңдерінде:

Маубас өгіз секілді,

Не көрімдер би болды.

Мұсылманның баласы

Табанға түсіп и болды, -

деп ел мүддесін ойламайтын жандардың қолының билікке жетіп, қарапайым халықтың езгіге түсе бастағанын ашына бейнелейді.

Ресей отаршылдары елдің жерін, билігін алып қана қоймай, елге рухани жағынан да бүліншілік әкелгені, қазақтың ежелден келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері мен наным-сенімдерінің есепке алынбай, зорлық-зомбылықтың көбейгені, алауыздық көбейіп, азып-тозуға әкеле бастағаны XIX ғасырдағы "Зар заман" әдебиетінің көрнекті өкілдері болып саналатын Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір шығармаларында кең көрініс тауып бейнеленген болатын. Еліміздің Оңтүстік өңіріндегі осы құбылыстың іске асыуы Құлыншақ, сонымен бірге Майлықожа шығармаларында да едәуір кең көрініс тапты. Кеңестік идеологияның ықпалынан бұл ақындардың осы тақырыптағы шығармалары кеңес дәуірі кезінде жарияланбады.

Елдің бірлігін, халықтың болашақтағы жайын ұмытқан биліктегілер бұл жағдайларды, туыстық, халықтық ұғымдарды еске де



алмай зорлық-зомбылық жасайтындығын ақын "Пенденің көп-ті күнәсі" деген толғауында:

Бір жұмыс түссе басыңа,

Айдаушысын ертіп кеп,

Баса-көктеп үстіңнен

Шығарады үкімді.

Олар білмей барады

Алыс пенен жақынды,

Тентек пенен мақұлды, -

деп әділдікті, жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты ажыратып жатпайтындығын да айтып өтеді. Ақын Шортанбайша заман туралы да ой қозғап:

Ойлап тұрсаң пенделер

Қиямет-қайым жақын-ды, -

деп болжалды ойларын да айтады. Дулат, Шортанбай, Мұрат ақындарша заман күйін, ел болашағын толғай білуі Құлыншақ ақынның да өз заманының ең күрделі мәселелерін көре білген кең құлашты, ойлы ақындардың бірі болғандығын толғаулары айқындай түседі.

2.2. Арнаулары.

Қазақ халқында өз жанынан өлең шығарып айту тек мықты ақындарға ғана тән құбылыс болмаған. Бұны да халқымыздың бір өзіндік ұлттық ерекшелігі деп тануымызға болады. Халқымыз ақындық өнерімен кең танылып, өнерімен көпшілік қауымның құрметіне ие болған, айтысқа түсіп сыналған импровизатор ақындарды ғана ақын деп таныған.

Құлыншақ ақын да осы қасиеттерге ие болған сөз шебері. Оның суырып салмашылық өнері әр түрлі оқиғаларға, құбылыстарға байланысты айтқан арнау өлеңдері мен айтыстарынан ерекше байқалады.

Құлыншақ ақын өз заманындағы сол өлкенің белгілі адамдарына арнап өлеңдер шығарып, олардың әр түрлі іс-әрекеттерін, мінез-құлқын шығармаларында бейнелей білген. Ақын өз заманының атақты адамдарының үлгілі істерін, өнегелі әрекеттерін ежелгі дәстүр бойынша мадақтап та отырған. Мысалы, заманында батырлығымен, әділдігімен аты шығып, елге танымал болған, намысқой, Қаратау өлкесінің теріскейіндегі Үштөбе, Жартытөбе деген құнарлы жерлерін өз жұртына қоныс етіп қалдырған, жаудан беті қайтпаған Жаманқара батырға арнаған мадақ өлеңінде оның ерлік, батырлық тұлғасын:

Жарқырап шығып еді дабыстарың,

Өзіңе пар келмейді алысқаның.

Тор темір түрмесінде жатсаң-дағы

Терісі тесілмеген арыстаным,-деп бейнелейді.

Құлыншақтың әлеуметтік мәні зор өлеңдерінің бір тобы осы жеке адамдарға арнаған сыни арнаулары. Ақын арнаулары тек мадақтық сипатта ғана емес. Жеке адамдарға арнауларында ақынның сыншылдығы да айқын көрініп отырады. Арнауларының өзіндык бір ерекшелігі оларда сын, мысқыл ерекше байқалатындығында. Ақын өз тұсындағы зорлықшыл, қиянатшылдарды, дүниеқорлар мен сараңдарды, бәлеқор жандарды өлеңмен өткір сынға алып, масқаралап отырған.

Құлыншақтың бұл сипаттағы өлеңдері аз болмаған сияқты. Олардың көбісі кезінде халық арасына кең тарағанмен уақытында жазылып хатқа түспегендіктен түгелдей жетті деп айтуға болмайды.

Ұмытылмай жеткен арнаулары "Оңдыбайға", "Дүйсенбіге", "Қисыққа", "Көлбайға" т.б. сол сияқты өлеңдері.

"Оңдыбайға" арнау өлеңінің туу тарихын зерттеуші ғалым Р. Бердібай былайша : «Оңдыбай - қырды жайлаған болыс екен. Соның аулына бірде Құлыншақтар жолаушылап барса, болыстың әйелі қонақтарды қораш көріп дұрыстап күтпейді... Болыс әйелінің өнегесіздігіне намыстанған ақын кетерінде «Оңдыбайға» деп үш-төрт ауыз өлең жазып қалдырады» деп жазады. [22.318]

Ақын болысқа әйелінің көргенсіздік, өнегенсіздік мінезін, болысқа оның тең еместігін айта отырып, атына абырой әкелмейтін жаман мінезін:

... Есектен не туады айғыр шапқан ? Жылтыраған бетіне әуес болмай, Адамның баласын ал, кісі баққан. Қызарған не қыласың беттің нұрын, Салады көрген жігіт көздің қырын,-дей келіп, бұл өлеңнің шығу себебін де айтады.

Болысеке, бұл өлең қайдан шықты? Үйіңде бесінде ішкен шайдан шықты. Сабада сапырулы қымыз тұрып, Күбіден айнып кеткен айран шықты. Қайыр-қош, болысеке, көргенімше, Бұл қорлық естен кетпес өлгенімше. Қос-қоржын арқалап құрыған жақсы, Итке артып аттың қосын жүрегінше,-дейді ақын.

Кейін бұл өлеңді оқыған Оңдыбай болыс қатты намыстанып, әйелін төркініне көшіріп жіберген екен деседі [22.319]»

Ақын Оңдыбайдың сараң әйеліне мін тағып, басқа біткен дәулетті дұрыс бағалай алмай, сараңдыққа салынған пейілі тар мінезін әшкерелейді. Адамның адамдығы, жақсы қасиеті оның адамгершілігінде, жомарттығында деп бағалайтын ақын Оңдыбайға

ақыл беру арқылы басқаларға да ой салып, әйелдің өңі мен келбетіне, бет-ажарына ғана қарамай, оның адамгершілігіне, ақыл-парасатына назар аудару керектігін ескертеді.

Қазақтың қонақжайлық қасиетін, дәстүрін берік сақтауында ақындардың осындай өткір айтқан өлеңдерінің де үлкен мәні, өзіндік орны, әсері болғандығын көруімізге болады. Ақындардың сөзі, өлеңі ел ішіне тез, кең тарайтындықтан көпшілік оны есте ұстап, өзіне келер сөз бен сыннан қаймығып, өздерінің кемшіліктерін түзеуге әрекет етіп отырған. Осындай жайтты ақынның кезінде Қаратау өңіріне аты шыққан, белгілі Дүйсенбі датқаға айтқан арнауынан да байқаймыз. Дүйсенбі датқаның әлсіздерге жасаған зорлығын ақын өткір тілмен әшкерелейді.

Әлсізге азғана күн амалдайсың,

Жақсылық бұл кейіпіңнен таба алмайсың.

Жеріңе ерегіскен қап-қара боп,

Бұлттай жауатұғын табандайсың,-

дей келіп датқаның елге істеген зәбір-жапасын, елді жылатып жүргенін бетіне баса айтады. Осындай туралығы мен өткір, сыншылдығынан кезінде ақынңың өзі де зардап шеккендей. Ақынның сөз сүйегіне жеткендей болған Дүйсенбі датқа ақынды біраз қуғынға түсірген сияқты. Оны ақынның:

Тізесі Дүйсенбінің маған өтті,

Қайсысыңды мендей қуып еңіретті?

-деген өлең жолдарынан аңғаруға болады,



Ақын елге белгілі адамдардың жасаған халыққа жасаған жақсылығын, жағымды іс-әрекеттерін мадақтап дәріптеуімен қатар жамандық атаулыны өткір тілімен сынға алып, әшкерелеп отырған. Сондай шығармаларының кейбірі Көлбайға арнаған арнау өлеңдері.

Ел аузында сақталып жеткен Көлбай болысқа арнау түрінде шығарған өлеңінің туу тарихы туралы деректер бар. Бірде ақын болыс үйіне қонақ болып келгенде өзіне лайықты күтім көре алмайды. Осыған намыстанған Құлыншақ кетерінде өлең шығарып, оны хат түрінде қалдырып кетеді. Ол өлеңінде:

Ауылдан шыққан күні

Көлбай қондық,

Десе дағы "Көлбай жоқ", болмай қоңдық.

Ішкеніміз қатықсыз қара көже,

Тақыр жерге иірген қойдай болдық ,

-деген екен.

Ақынның Көлбайға шығарған туындыларының енді бірі "Мазақ қылма, Көлбайым" деп аталады. Құлыншақ болыс үйіне тағы бір келгенінде Көлбай болыс ақынды сыйлап күтудің орнына мазақ сөздер айтқан екен. Осы қылығына байланысты ақын осы өлеңін шығарады. Сонда ақын:

Ауылға келген жыршыны,

Мазақ қылма, Көлбайым,

Мазақ қылсаң Көлбайым,

Сенің әкең Жұмабай Шылбырдан өлген исі еді.

Кетерсің болып сондайын,-

деп шындықты айтудан тайсалмайды. Көлбайдың әкесі Жұмабай кезінде елге жасаған қиянаттары үшін киіз үйдің шаңырағына шылбырмен асып өлтірілген деген әңгімені болыстың бетіне салық етіп айтады.

XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінен өздерінің дәулеті мен мансабы арқылы елге біршама аты белгілі болған адамдардың өзін ақындарға мақтатып, жақсы аттарын ақын сөздері арқылы жұртқа жария етуді тәсіл еткен, сонымен бірге өлеңмен жамандатып та ақынның ақындық қасиетін, батылдығы мен өткірлігін байқап отыратын дәстүрінің болғандығы байқауымызға болады. Оны Баймағамбетке Шернияз ақынның, Тезек төреге Сүйінбайдың, Бақтыбай ақынның, Рүстем төреге Жанақ ақынның, Майлықожаның Ахмет төреге айтқан өлеңдерінен көреміз. Осы құбылыс Құлыншақ ақын шығармашылығында да бар. Тәкаппар, содыр мінезді, Батыр Қисық баса-көктеп кірген Құлыншақ ақынның басын қылышпен алмақ болады. Ақын сонда қорықпай тіл қатып Қисықты тоқтатады. Оның сынынан өткен ақынға өзін мақтауды талап етеді. Сонда ақын Қисық батыр келбеті келмеген, түрі сиықсыз жан болса да оны алтын тақта отырған патшаға балап мақтай:

Жақсыға анық тартып туып едің,

Жақсылық туғаннан-ақ қуып едің.

Даңқыңды Алатаудай естіген соң,

Көруге дидарыңды келіп едім.

Іліндің атақ жастан сөйлер сөзге,

Көріндің адам болып көрер көзге.

Мақсұдың Алла тағала бергеннен соң

Міндіңіз алтын таққа осы кезде.

Мүбәрәк құтты болсын мінген тағың,

Құдайым аямасын берген бағын.

Бұл күнде ел билеген батыр бопсың

Зейінмен ажыратып істің ағын,

-дейді ақын.

Мадақ сөзге риза болған Қисық ақынды байқау үшін енді өз бойындағы міндері болса соны қорықпай, жасырмай айтуды талап етеді. Сонда ақын батырдың ұнамсыз кескін-кейпің, бірбеткей тік мінезді адам екенін, тегі де оңды емес екендігін былайша әшкерелейді:

Болар ең жылқы болсаң, кәті ғана, Мінетін бір сорлының аты ғана. Қаңғырып кебек іздеп жүргеніңде Көсеумен сабар еді қатын, бала

Қой болсаң, болар едің тоқты ғана, Сары ала бөксе жағың боқты ғана. Үйіне жалғыз мейман келе қалса, Соятын сол мейманға епті ғана.

Болар ең ешкі болсаң, қотыр ешкі, Шалбардай жұртта қалған бетің ескі. Мақтанба көрмегендей Қисық батыр, Әкең де құлшылықпен күнін кешті.

Тәрізің бақсы ұстаған қобыздай боп, Пішінің жаман екен доңыздай боп. Қатының таңдап алған сұлу екен. Қойнына жатамысың қоңыздай боп!

Ашы да болса шындықты айтқан Құлыншақтың батырлығын, айтқыштығын танып, риза болған Қисық батыр ақынға сый-сияпат көрсеткен екен.

Құлыншақ ақынның бізге жеткен арнаулары оның өткір тілді батыл ақын болғандығын дәлелдей түседі.

2.3. Термелері мен өсиет, насихат, төрелік айту мәндегі өлеңдері.

Құлыншақ ақын шығармашылығында терме, насихат, өсиет өлеңдері де біршама баршылық.

Бізге жеткен кейбір терме, насихат, өсиет мәндегі шығармаларына қарай отырып кейбіреулері үзінді түрінде жеткен сияқты болып көрінеді.

Ақын бұл сипаттағы шығармаларында дәстүрлі тәсілмен өмірдің мәні, жақсы мен жаманды тілге тиек ете өзінше жырлайды. Ар мен ұятты ойлайтын адамдар мен сән мен байлықты ғана мұрат еткен жандардың сипаттарын, білімді мен парықсыздардың ерекшеліктерін айта келіп, өзінің ақыл, нақыл сөздерін сөз ұғатын жандарға арнайтынын былай деп көрсете отырып:

Өрнексіз қылып айтқан сөз

Еш адамға қонбайды,

Өрнексіз шешен болмайды.

Өздеріңдей жақсыға

Әңгіме нақыл сөз айтып

Тыңдатушы ем сондайды.

Арғы жағын пайымдап,

Есі бар адам ойлайды.

Біздің сөзді тыңдаған

Басқаға көңіл қоймайды,

Шекерге ешкім тоймайды,

-деп өзінің ақындық өрнек өнерінен де мәлімет бере жырлайды.

Ақынның ақындық өнерде алға қойған мақсаты "Ұрпаққа бұл айтатын өсиетім" деген өлеңінде айқын аңғарылады:

Құлыншақпын, әкемнің аты - Кемел,

Қолыма домбыра алсам аруақ жебер.

Өмірдей көргенімді жырға қостым,

Бағасын жақсы - жаман халық білер, -

дей келіп өмірде көрген жайттарын ой сарабынан өткізіп, әртүрлі адамдардың іс-әрекеттеріне талғаммен қарай өзіндік бағасын береді. Ақын:

Көп көрдім жақсы қандай, жаман қандай,

Көп көрдім жомарт қандай, сараң қандай.

Өзіне ішіп-жеуге қимайтұғын,

Сараңдар көп жияды арам малды-ай,

- дей келіп:

Ер жігіт он бесінде елім дейді,

Ел үшін еңбек етсе, ерінбейді.

Жамандар қыр аспайды қырқында да,

Пайдасы елге тиер көрінбейді,

-деп жақсылығы елге тиер ер азаматтар мен іс-әрекеті, жақсылығы өз басынан аспайтын жандарды салыстыра жырлайды. Құлыншақ ақын ендігі бір өлеңінде:

Біреуге берсем дегін, алсам деме,

Біреудің адал нанын алып жеме.



Артыңда жақсылығың калса қалар, Адамның жамандығы қалсын неге? -

деп шығыстық ұлы ақындар салған ізбен адамгершілік шарттарын үлгі ете өсиет ойларын айтады,



Жақсы жігіт пен нашар жігіттің мінездері, бай мен кедейдің мінез-құлықтары мен іс-әрекеттері, әйел затының жақсы қасиеттері мен жағымсыз жат мінездері туралы айта келіп, сол сөздерден сабақ алуға шақыра:

Болған соң ақындық бір қасиетім,

Ұрпаққа бұл айтатын өсиетім –

Жақсы жағын сөзімнің ұғып алғын,

Жақсы сөз - жақсы адамды өсіретін,

-деп өсиетін арнайды.

Белгілі ғалым Р.Бердібай "Терме дәстүріндегі өлең онда мол болғаны байқалады", - деп жазады [22. 36].

Ақынның бізге жеткен үзік-үзік шығармаларын оқи отырып бұл пікірдің орынды айтылғанын байқауға болады.

Ақынның көлемі шағын болса да, оның өмірлік таным-талғамдарын танытатын, айқындай түсетін шығармалары да баршылық. Бұл сияқты шығармаларында ақын өмір құбылыстарын езіндік көзқараспен тани отырып, пайым-бағасын да көрсетіп отырады. Ондай өлендері де Құлыншақ ақынның әдеби мұрасын тереңірек талдауға, ақындық тұлғасын тануға жәрдемі тиетін еңбектер болып саналады.

Бұндай шығармаларына ақынның "Мазақ қылма, Көлбайым", "Алты күшік болыпты алты тоқты", "Дария білмес иттің сарығанын", "Ішпеймін қымызыңды шөлдесем де", "Әңгімесін естісең", "Керілген етек жақсы керме қастан", "Сен едің, Ырысқұлбек, бұлғақтаған", "Жандәулет, жүремісің, желемісің" деп басталатын осы сияқты өлеңдерін жатқызуға болады.

Жеке бастың қамын ойлап дүниеқорлыққа салынудың халықтың өзіндік әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріне кері әсер ететінін, қандай жағдайда да адамгершілікті, ар-ұятты жоғары ұстау керектігін ақын ескертіп отырады.

Итін күшіктетіп, әр күшігін бір тоқтыға айырбастап байымақ болған біреуге шығарған:

Алты күшік болыпты алты тоқты,

Әркім әуес қылады қолда жоқты.

"Ит сатқанның ауылы" атанарсың,

Еңдігәрі жемеңіз мұндай боқты, -

деп жоқтан өзгеден табыс іздеп ел атына сөз келтіретін іспен айналысқан әрекетін мазақтай сынға ала отырып, ондай жат әдеттен аулақ болуға үндейді.

Құлыншақ ақын "Әңгімесін естісең" деп басталатын сықақ өлеңінде сөйлеген сөзін тыңдаған адам жаһаннан асқан ғұлама деп ойлап қалатын, бірақ оның қылған ісіне қарағанда күнәға белден батып жүрген, күндіз сопысынғанмен кешке қарай пейілі бұзылып шыға келетін дін қызметкерлерінің екі жүзді бейнесін ашып көрсетеді.

Кейбір адамдар бойында көрініп отыратын қылтетпе оғаш мінездер де ақын сынына ілініп отырған. Рысқұлбекке айтқан өлеңінде оның осындай мінезін:

Құсындай ителгінің теуіп өткен

Бар екен бір мінезің шұнақтаған,

-деп бейнелейді ақын.



Халқымыздың ежелден келе жатқан жақсы дәстүрлерінің бірі қонақжайлылық. Бұл дәстүрдің қалыптасып орнығуының да өзіндік тарихи, әлеуметтік негіздері бар. "Қонақ келсе, құт келер" деп есептеп, екіншісі бөлінбеген қазақ деп қонағына мал сойып, болмаса үйіндегі асының құнарлысы мен дәмдісін ұсыну халқымыздың жазылмаған заңы сияқты болып есептеліп келген.

Ел ішінде осындай дәстүрге қайшы келетін құбылыстар кездескен кездерде ақындар да оларды сынға алып өлеңдер шығарып

отырған. Бұл дәстүр Құлыншақ шығармашылығында да едәуір орын алады. Ақынның Көлбайға, Оңдыбайға арнауларында, "Ішпеймін қымызыңды, шөлдесем де" өлеңінде, қауыншының әйеліне берген батасында, т.б. шығармаларында көрініс тапқан.

Ақын адамдар бойында кездесетін жағымсыз іс-әрекеттерді, мінез-құлықтарды көргенде оларды бейнелі де өткір тілмен сынға алады.

Бір түлкі тұра қашты, қудым тыңнан, Ұсынса қол жетпейтін биік шыңнан.

Қаз мойын, қарға тұмсық бір қу екен, Төбесін бір-ақ көрдім, орғыл құмнан.

Бір жылан, бір айдаһар жолдас бопты,



Түк қалмас бере берсең жиған малдан, -

деген өлеңінде байдың қызы мен оның жеңгесінің тойымсыз дүниеқұмарлығын мысқыл етеді.

Байлығының буына мас болып өзгелерді көзіне ілгісі келмей аспандай қарап көкірек керетін оспадарлар да ақынның өткір сынына ұшырап отырған. Құлыншақ ондай жандарға да:

Керілген етек жақсы керме қастан,

Шөп шығар жаңбыр жауса қара тастан. Дәулетке ерге біткен едіреңдеп,

Көзіңе көрінбейді жер мен аспан, -

деп ондайлардың астамсыған оғаш қылықтарын қаймықпай бетіне басып айтады.

Ақын осы сияқты сыни сипаттағы шағын өлеңдері арқылы адамдар бойындағы әр-түрлі жағымсыз іс-әрекет, мінез-құлықтарды көрсете отырып ондай жайттардан аулақ болуға шақырып отырады. Ақынның бізге жеткен шағын-шағын өлеңдері де осындай ерекшеліктерімен маңызды болып саналады.

Халқымыздың ежелден елге туралығымен, әділ сөзімен танымал болған адамдармен қатар ақындарды да дау-дамайлы істерде төрелік айтуға шақырып отырған дәстүрі болғандығын білеміз.



Құлыншақ ақынның ел ішінде беделді ақын, сөз, дау тоқтатар азамат болып, дау-шарларды тыюға да дәнекер болып жүргендігіне дәлел болатындай шығармалары да бар.

Құдабай деген байдың атына Мақаш деген адамның құсқа атқан оғы тиіп, ат өліп қалады да, бай: "Атым тұлпар еді, екі ат төлеу бересің" деп даулайды. Сонда адамдар "Ара ағайынсыз, осының төрелігін айтыңыз" дегенде Құлыншақ ақын байдың бір жыл бұрын қойына қасқыр шауып, қойлары қырылып арам өлгенде құдайдың ісі деп мойындағанын айта келіп:

... Қасқырдан қанша құн алдың?

Қан-жыныңды ақтарды.



Құдай ісі демек пе ең,

Өзіңді мықты соққанды.

Бұл да сондай жазым-ды,

Атпақ болған қазыңды,

Қаңғырған бір оқ атыңа,

Сандалып барып тиіпті.

Соған бола тартпағын,

Өлгендей адам күйікті.

Адал болса бұйырсын,



Құнсыз бұл дау тыйылсын! -

деп төрелік тұжырымын жасайды [25. 19]. Сонда байдың ақын тілімен айтылған орынды сөзге тоқталып, атының етін алып үйіне амалсыз қайтуына тура келеді.

Осындай бір даулы мәселеге Құлыншақ ақынның төрелік жасау оқиғасы былайша айтылады.

"Ел ағалары атанған Сыздық, Бейсенбі және Ахмет деген кісілердің қоныстары жапсарлас жатады екен. Соңғы екеуінің ауылдарының бір жігіті Сыздық ауылындағы жекжаттарын сағалап барып, сонда қой жайып жүріпті. Күндердің күнінде келімсек жігіттің зайыбы мен Сыздық ауылының бір бозбаласы арасында байланыс бар деген бықсық сөз тарайды. Бұған Бейсенбі, Ахметтердің сүйегі қызып, арада жанжал шығады. Даугерлер Созақ қыстағына қарай жолаушылар бара жатқан ақынға жүгінеді. Сонда ақын:

Орта жүзде бар дейді,

Бейсенбі мен Ахмет –

Халықтың бәрі мақтайды,

Өсек сөз қарап жатпайды.

Ар - ұяты бар кісі,

Халықтың арын сақтайды.

Затында енді бар алғыр,

Қойшы мінген байталға

Еш уақытта шаппайды,

-деген екен [15. 18-19].



Құлыншақ ақынның ел ішінде сыйлы да беделді болғандығы мен ақындық өнерпаздығы осындай сөз үлгілерінен де айқын аңғарылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет