Ханкелді Әбжанов,
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және
этнология институтының директоры,
ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі
ҒАЛЫМ ЖОЛЫ
Қазақ қоғамы білім-ғылымның құдіреті мен қасиетін ежелден жоғары бағалаған. Ол интеллектуалдық әлеуеттің басты буыны, қоршаған ортаны, тіпті адамды тануға, өзгертуге келгенде ең пәрмендісі екенін білгендіктен ғалымдарды төбесіне көтерді. Қоғамдық санадағы осынау құндылық үдесінен шыққан, ізашар жаңашылдығымен, терең пайым-тұжырымдарымен тарих тұңғиығынан маржан теріп, болашақты болжай алуымен отандастарының парасат әлемінде, жүрегінде өшпес із қалдырған оқымыстылар ұлтымызда аз да емес, көп те емес.
Аз болатыны – үш ғасыр жат қолына қараған елдің шын мағынасында дарынды ұл-қыздары әрқашан қолдау таба бермеді, қабілет-қарымдарын ашатын кеңістікке шыға алмай, қапаланды. Көптей көрінетіні – ғылымның жарық жұлдызына айналған шын таланттар ғасырлардың өтелмеген қарызын орнына келтіруге жегіліп, әрқайсы бір-бір зерттеу институтының жұмысын тындырды.
Тарих ғылымдарында ғасыр жүгін арқалаған азамат Манаш Қабашұлы Қозыбаев болатын. ХХ ғасырдың соңғы 40 жылға жуық уақыты бойы кесек туындыларымен, өзгеше ойларымен ақниет әріптестерінің құрметіне бөленіп, оқырманның ауызынан түспеген, биліктің назарын бірде үркітіп, бірде сүйінтіп өзіне аудартқан ғалым ретінде өзі де ұлттық тарихымыздың ұлағатты тұлғасына айналды.
Ол екі дәуірдің перзенті еді. Дәуірлер тынысы шығармашылық мұрасы мен өмір жолында тайға таңба басқандай көрініп тұр. Шыр етіп дүниеге келген сәттен 60 жыл бір ай ғұмырын кеңестік уақыт пен кеңістік аясында өткізсе, 10 жыл екі ай өмірі тәуелсіздік тұсына дөп келді. 2002 жылғы 31 қаңтарда 71 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Өркениетік және көздеген мұраты тұрғысынан қарасақ, бір-біріне жалғасып жатқан екі дәуір Қазақстандағы мемлекеттік құрылымы, билік жүйесі, экономикалық, идеологиялық негіздері бойынша мүлде үйлеспейтінін, бірін бірі бекерлейтінін оңай байқаймыз. Адамдарды жарқын болашаққа жеткізуге уәде берген кеңестік өкімет түптеп келгенде жақсылығынан гөрі жаманшылығы зорайып, тарих сахнасынан абыройсыз сыпырылып қалды. Тоталитарлық темір құрсаудан босаған Қазақстан толымды реформаларымен, жарасымды бірлігімен әлем назарындағы мемлекетке айналып, тәуелсіздіктің бейбітшілік пен жасампаздыққа толы ширек ғасырын артта қалдырды. Оның 15 жылы Манаш ағасыз өтіп жатыр.
Адам құқығы тапталған, ұлттық зиялылары қынадай қырылған, шығармашылық еркіндік тырп етпестей ауыздықталған тоталитарлық отар республикада есейген, білім алған, ғылым қуған Манаш Қабашұлы әлеуметтік әділетсіздікті, әсіресе ұлт теңсіздігін ерте сезінді. Тіпті балалық шағында көрген қызығы да шамалы. Кейініректе сол күндерді былайша есіне алған екен: «Бізге үйдің бір бұрышы тиетін, іргесі сыз, тіпті жаз айларында дымқыл тартып тұратын. Сығырайған терезелерді сыртынан шөппен, қармен жауып, жылуды сақтауға тырысатынбыз. Мен сондай өмірден қалай тірі қалғаныма әлі күнге таңғаламын».
Қиыншылық оны жасытпады, қайта ширата түсті. Әкенің күшімен, ананың сүтімен бойына дарыған зеректік пен алғырлық, Қозыбай әулетіне тән іскерлік пен ұтқырлық қасиеттері шыңдала берді. Меңдіқарадағы педучилищеден кейін қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін 1953 жылы бітірген соң Қостанай педагогикалық институтында табан аудармай бес жыл еңбек еткенде жас қазақтың сапалы білімі де, ұйымдастырушылық қабілеті де, әділдік үшін күресе білетін қасиеті де көрінді. Өлкетанулық зерттеулерін жариялады, Қостанайдың ономастикасын ұлтсызданған мазмұннан арылтуға үлес қосты, Ы. Алтынсариннің есімі мен ісін ұлықтады. Қара бастың қамы емес, ел мүддесін көбірек ойлады. «Қостанай кезеңі мені өсірді, шынықтырды, шыңдады, - деп еске алыпты жастық жалынға толы жылдарды. – Мен азамат болып, есейдім. Өзімнің бақытым Сара Пішенбайқызымен отау құрдым, тұңғышым Ілияс дүниеге келді. Ең ғажабы, Қостанайға интернационалист болып келген мен Алматыға ұлтшыл болып оралдым. Тың игеруге келгендердің зорлық-зомбылығы көп болды. Ашықтан-ашық біздерді баса көктеп, жанышқысы келді... Л. Середкин, Давыдов сияқты жандайшап шовинистерді барынша әшкерелеп бақтым, олардың тепкісінен бірен-саран отандастарымды қорғадым. Алайда менің мүмкіндігім аз еді».
Сонымен, 1958 жылы М. Қозыбаев өмірінің Алматы кезеңі басталды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы партия тарихы институтының директоры Серікбай Бейсембайұлының шақыруымен келген жас жігіт бірыңғай ғылыми жұмысқа жегілді. КОКП ОК жанындағы марксизм-ленинизм институтының қазақстандық филиалы идеологиялық өлшемі жағынан тарих ғылымдарының басында тұратын. Мұнда республикаға есімдері мәшһүр П.М. Пахмурный, А.Ғ. Сармурзин, т.б. азаматтар жиналған еді. Бірақ Манаш жаспын деп жасқаншақтамады. Қысқа мерзімде кандидаттық диссертациясын қорғады. 1963 жылы жарық көрген «Қазақстан Компартиясы тарихының очерктері» ұжымдық еңбекті жазуға ат салысты. Әрине, осыдан жарты ғасыр бұрын жазылған бұл еңбек қазіргі кезде КОКП-ны жойдасыз мадақтаудай көрінетіні рас. Бірақ біз мынаны ұмытпағанымыз жөн: «Очерктер...» алғаш рет іргелі түрде Қазақстанның саяси тарихын қорытты, әр текті фактілерді, мәліметтерді және деректерді топтастырды, Қазақстан тарихын зерттеуші ғалымдардың абыройын арттырды. «Очерктердің...» жарық көруімен ғылыми-тарихи ойдың қазақстандық тағы бір орталығы қалыптасты. Келер жылы «Компартия Казахстана в период Великой Отечественной войны» монографиясы оқырмандар қолына тиді. Отандық тарих ғылымының аспанында Қозыбаев есімді жарық жұлдыз пайда болғанын қазақстандық ғалымдар қауымдастығы мойындады, одақтық әріптестері таныды. 1969 жылы Мәскеуде докторлық диссертациясын қорғаумен қоғамдық пікірдегі биік мәртебесін заңды түрде бекемдеді.
Сөздің реті келгенде айтатынымыз, 1965-1975 жж. аралығын Қазақстан тарих ғылымының «алтын» онжылдығы деуге болады. Дәл осы онжылдықтар ішінде А. Нүсіпбеков, Г.Ф. Дахшлейгер, М. Асылбеков, Б. Төлепбаев, Б. Сүлейменов, Т. Балақаев, Р. Сүлейменов, К. Нұрпейісов өздерінің басты еңбектерімен отандық тарихнаманы байытқан тұлғалар биігіне көтерілді.
Ғылыми ізденіс үдей түсті. 1970 жылы тарихшылардың Мәскеуде өткен Халықаралық конгресінде баяндама жасады. Сол жылы көлемі 30 баспа табаққа жуық «Казахстан – арсенал фронта» монографиясын жариялады. Бұл еңбек мазмұны және ғылыми нәтижелері бойынша бірнеше ерекшеліктерімен айшықталды. Біріншіден, Ұлы Отан соғысы тұсындағы Қазақстан жайлы «Казахстан – арсенал фронта» монографиясынан ғылыми шоқтығы биік зерттеу кеңестік жылдары дүниеге келген жоқ. Қазақстанның ауыр өнеркәсібі, мұнайы, темір жолы, колхозшы шаруалары, әйелдері, мәдениеті тақырыптарын зерделеген өрелі еңбектер жарияланғанын бекерлеу ақиқатқа қиянат болар еді. Бірақ осылардың бәрінің басын қосқан кешенді монография ретінде «Казахстан – арсенал фронта» күні бүгінге дейін оқырман сұранысын қанағаттандырып келеді, Екіншіден, ұлан-ғайыр дерек пен дәйек ғылыми айналымға енгізілген. Мәселен, монографияның соғыс жылдарғы ауыл шаруашылығына арналған бесінші тарауында 200-ге жуық сілтеме беріліп, жүздеген еңбек майталмандарының есімдері аталған. Майдан мен тылды азық-түлікпен қамтамасыз етуге қосқан үлестері сипатталады. Үшіншіден, монография Манаш ағаның ұлтжанды болмыс-бітіміне, интернационализммен суғарылған тарихи көзқарасы мен ұстанымына өз қолымен орнатылған ескерткіш болып табылады.
Түйіп айтсақ, «Казахстан – арсенал фронта» монографиясы М. Қозыбаевтың тәуелсіздікке дейін жазған еңбектерінің ең үздігі, ұлттық тарихнаманың абыройын асқақтатқан ғылымдағы тамаша табысы. 1971 жылы монографиясы үшін Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы сыйлығымен марапатталды.
Енді шалқыған шабытпен көсіле жазатын уақыт келгендей көрінді. Бірақ «жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында» деген халық даналығы бекер емес екен. Тоталитарлық жүйе жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шыққан тұлғаларды, оның ішінде ұлт республикасының өкілін ұната бермейтіні анық көзге түсті. Кезінде Шәкәрім қажы ұлттық элитаны «ең жақсы адам» деп атаған екен. Жақсысы жаншылған ұлт уыстан шықпайтынына Кремль көсемдері әлдеқашан көз жеткізген еді. Тарих тағы қайталанды. Пысықайлардың ұйымдастыруымен 1973 жылы М. Қозыбаев пен З.А. Голикова бірлесіп жазған «Золотой фонд партии (из опыта кадровой политики КПСС)» монографиясын «тезге» салу басталды. Еңбекте басшы партия кадрларын қалыптастыру кемшіліксіз еместігі, қажетсіз қайта құрулар мен кадрлық ауысулар ұйымдастырушылық қарым-қабілетті ашуға бөгесін екендігі айтылған еді. Осыны тілге тиек еткендер жеңіл-желпі сынаушыларды жоғары жаққа құбыжық қылып көрсетуге тырысты. Ақыры, Қазақстан Компартиясының кезекті съезінде кітап Д. Қонаевтың аузымен сыналып, М. Қозыбаев аға буын өкілі Е. Бекмахановтай қоғамнан оқшауланбаса да, ғылыми ортадан ығыстырылды. Басына туған ауыр күндер 1979 жылға дейін созылды.
Партия тарихы институтынан кеткен Манаш Қабашұлы алғашқыда Алматы малдәрігерлік институтында, кейін Қазақ университеті жанындағы Қоғамдық пәндер оқытушыларының мамандығын жетілдіру институтында кафедра меңгерді. Қабырғалы ғалымның жазықсыз жапа шеккенін біздер - сол жылдарғы жас буын тарихшылар жақсы білдік.
Талантқа тұсау салуды көздеген тоталитарлық билік оңбай қателесті. Жаңа монографияларын шығару мүмкіндігінен айрылған Манекеңді сүріндірді, бірақ жыға алмады. Іштей ширығу жүріп жатты. Әділетсіздікке сыр бермеді, дұшпандарын төбесіне шығармады. Қайта одақтық, республикалық конференциялардағы өзекті баяндамаларымен, институт қабырғасында оқыған тамаша дәрістерімен күстанаушылардан оқ бойы алға шығып, бұрынғыдан да зорая түсті. Нағыз аңыз адамға айналды.
1979 жылы биліктің қырын қараған қабағы жібіп, жұлдызды сәт туды: Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып сайлануымен ғылыми элита тобына кірді. Келер жылы Қазақ совет энциклопедиясына бас редакторлыққа тағайындалды. Уақыт көрсеткендей, мансабы өскен қайсар қазақ Қостанай кезеңіндегі «ұлтшылдығынан» әлі ажырамаған екен. Оған шәкірті, бүгінде мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің мына жолдары бұлтартпас айғақ: «1983 жылдың 9 тамызында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросында Қазақ Кеңес Энциклопедиясының жұмысы да қаралды. Бұл еліміздің тоқырау тұманынан әлі арыла қоймаған кезі еді. Бюрода бас редактор М.Қозыбаев «Қазақ КСР» Қысқаша энциклопедиясына А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Мұстафа Шоқай, т.б. қазақтың ардагер азаматтарының өмірбаянын енгізу туралы мәселе қойды. Ол кездері жазуды қойып, есімдерін айтуға тыйым салынған қазақтың біртуар перзенттерінің өмірін энциклопедияға кіргізу туралы мәселе көтеру ерлікпен пара-пар еді.
Бюро болардың алдында Мәкең біздерге өзге республикалардың ұлттық энциклопедияларында, Үлкен Кеңес Энциклопедиясының басылымдарында басылған контрреволюциялық қозғалыс басшылары, сол кездері жаппай «ұлтшыл» деген желеумен айыпталған ақын-жазушылар, ақ казактар қозғалысының жетекшілері туралы материалдар жинауды тапсырды. Солардың негізінде қанша кеңес үкіметіне қарсы болса да ел тарихында елеулі із қалдырған қазақ қайраткерлерінің қызметіне сын көзбен әділ бағасын беріп, энциклопедияға енгізу қажеттігі туралы ұсыныс әзірледі. Онда қазақ оқырмандары аталған азаматтар өмірін шет елдерде басылған, кей жағдайда бұрмаланып көрсетілген басылымдардан емес, республиканың өз энциклопедиясынан оқығаны жөн екендігі дәлелденді». Әрине, ұсыныс қабылданбады.
Тоқырауға бой бермей атқарылған ірі жобалардың бірі – Ұлы Отан соғысы жылдарғы Қазақстан жайлы 40 сериялы құжатты фильмнің шығарылуы. Бас кеңесші-сарапшы ретінде әр серияның сценарийін мұқият оқып, әр фильмді байыптап көріп, тележурналистермен, режиссерлермен тығыз жұмыс жүргізеді. Сол 40 фильм қазақ теледидарының алтын қорына кірді.
Кеңестік дәуірдің соңғы жылдарында, нақтылап айтсақ, 1989 жылы Манаш Қозыбаев ғылыми атақ-дәреженің асқар шыңына көтерілді: Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшесі – академигі болып сайланды. Сонымен, отызында орда бұзып, ғылым докторы, профессор атанған талантты қазақ қырықында корреспондент мүше мәртебесімен қамал алса, ердің жасы елуінде ғұламалар қатарына қосылды. Бағындырмаған асуы қалмағандай көрінді. Сөйтсек, тағдырдың басты сыйы алда тосып тұр екен.
Бәрі горбачевтік қайта құрудың кеңестік жүйені, социалистік лагерді қақыратуымен басталды. Әу баста социализмнің болашағына қалтқысыз сенген көңіл бірте-бірте күдікке толғаны рас. Көзқарас эволюциясы 1985-1988 жылдарғы шығармаларында анық көрініп тұр. Ал Кеңестер Одағының, демек Қазақстанның да тағдыры қыл көпір үстінде қылпылдаған тұста, республика басшылығына Н.Назарбаев келгеннен кейін тарихи майданның алғы шебіне тәуекел деп тас жұтқан нағыз ұлт перзенттері шықты. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры М. Қозыбаев Алаш зиялыларын ақтайтын комиссия құрамында белсенді еңбек етті, методологиялық биік өремен қандықол Ермактың бетпердесін сыпырды, Қазақстанның мемлекеттік шекарасына қатысты дерек пен дәйекті сөйлетті, байларды кәмпескелеудің (1928 ж.), кулактар мен байларға қарсы күрестің (1930ж.) заңсыздығын әшкерелеген комиссия жұмысына жетекшілік жасады. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Егемендік туралы декларацияда, 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған Мемлекеттік тәуелсіздік туралы Конституциялық Заңда, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруде, мемлекеттік рәміздер мен наградаларды анықтауда қайраткер тұлғаның үлесі бар.
Азаттық алпыстағы ел ағасының қуатын тасытты, бұрыннан шапшаң қимылын тіпті үдетті, қаламына қанат бітірді, аузына дуалы сөз салды. Қазақстанның қандай бір елді мекеніне бара қалса, жергілікті тарихшылардың айдарынан жел есіп, мәртебелері сол сәтте өсе қалатын. Өйткені академикпен бірге тарихи ақыл-ойдың салтанаты келетін. Өмірінің соңғы 10 жылында қаламынан қисапсыз мол қазына туындады. Көзінің тірісінде 600-ге жуық еңбегі, оның ішінде 16 монография, 21 ұжымдық еңбек, 48 кітапша, жүздеген мақала жариялаған екен. 1992-2001 жылдары шыққан «Ақтаңдақтар ақиқаты», «История и современность», екі томдық «Тарих зердесі», «Жауды шаптым ту байлап», екі томдық «Казахстан на рубеже веков: размышления и поиски» кітаптары, бүкілқазақтық тұңғыш құрылтайда оқылған «Ата тарихы туралы үзік сыр (қазақ халқының тағдыры туралы)» баяндама оның есімін әлемге мәшһүр етті. Үзеңгілес інісі академик Кенжеғали Сағадиевтің 2001 жылы айтқан: «Манаш ағаның қайта құру және тәуелсіздік кезінде жазған еңбектері одан бұрынғы 33 жыл бұрын жазған еңбектерімен саны жағынан тең. Ал сапасы жөнінен бұл тұстағы еңбектер автордың ашылып та, көсіліп те жазғандығын байқатады. Бұл еңбектер тың идеяларға толы, концептуалды толыққанды туындылар», деген пайымы әлі де маңыздылығын, шынайылығын бір мысқал жойған жоқ.
Азаттық таңы атысымен Кеңес дәуірінің тарихы ауқымынан шығып, әлемдік тарихи үдерістер мен өркениеттегі қазақ халқының орнын анықтауға күш салды. Ата тарихтың ежелгі және ортағасырлық дәуірлері, қазақ хандығы мен мемлекеттілігінің тағдыры, Ресейге бодандықты қабылдаудың «ақтаңдақтары», ұлт-азаттық қозғалысының қазақстандық ерекшеліктері, кеңестік саяси қуғын-сүргін қасіреті, Ұлы Отан соғысының беймәлім беттері, КОКП Орталық Комитеті Бас хатшыларының Қазақстанға ұстанған саясатының қисыны мен эволюциясы, әр ғасырдағы ұлттық тарихи тұлғалар бейнесі, Отан тарихының тарихнамасы мен деректануы - міне, осының бәрі жаңаша ойлау биігінен талданды. Репрессия құрбандарын еске алу, ұлттық тарих жылдары, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев мерейтойларының ЮНЕСКО күнтізбесіне енуі, шетелге іссапарлар төл тарихымыздың тарланын интеллектуалдық шырқау биіктерге алып кетті. ХХ ғасырдың соңғы он жылында «Қазақстанның тарих ғылымы», «Қозыбаев» деген сөздер Америка мен Еуропада да, Азия мен Африкада да синонимдер іспетті қабылданатын.
Әсіресе тәуелсіздік тарихын мейірлене зерделеді. Толық емес есептеуіміз бойынша, тәуелсіз Қазақстанға арнаған 50-ге жуық мақаласы бар екен. Олардың тақырыптары да оқырманын ойлантпай тұрмайды: «Тәуелсіздік жолы – үміт жолы», «Тәуелсіздік даңғылы», «Тәуелсіздік рухы», «Тәуелсіздік самалы», «Егемендік декларациясы – тәуелсіздіктің алдыңғы баспалдағы», «Тәуелсіздік толғаныстары», «Халқым, қайда барасың?», «Қандай елміз? Қандай болуға тиіспіз?», «Аман болсын халқымыз» ... Ақын Т.Молдағалиев ғалымның 70 жылдығына арнаған өлеңінде осының бәрінің мән-мағынасын жыр жолдарына сыйдырыпты:
Қазақ үшін не сыйы бар тағдырдың,
Алдымызға жүрсің тартып әрбір күн.
Талай-талай өлгенімді тірілттің,
Өшіп қалған мың ошақты жандырдың.
Өткені өшкен елде елдік бола ма,
Әрбір айтқан болжамдарың – жол, аға.
Тарихымның түріп қойып есігін,
Тіл бітірдің ел деп туған данаға.
Тарих ғылымын кеңестік идеология мен методология қыспағынан шығару, оның мазмұнын, болмыс-бітімін, нәтижелерін анықтауға ұлттық құндылықтар мен әлемдік ақыл-ойдың үздік табыстарын қондыру М. Қозыбаевтың тәуелсіздік жылдарындағы ізденісі мен қызметінің өзегін құрады. Мақсатқа жету жолында атқарған екі асқаралы ісінің нәтижесі күні бүгінге дейін жемісін беруде. Оның бірі – ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жарлығымен 1998 жылды халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы деп жариялауға атсалысқаны, екіншісі – өзі басқарып отырған Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының құрылтайшылығымен қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде мақалалар жариялайтын «Отан тарихы» журналын шығаруға қол жеткізгені.
Тарих жылы ғылымға серпін берді, қоғам өміріне қозғалыс әкелді. Тарих жылының мәнін Елбасымыз былайша тарқата ашқан еді: «Бұл – тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы ғасырлар тоғысында өзінің арғы-бергі тарихи жолын ой елегінен өткізіп, «Кеше кім едік? Бүгін кімбіз? Ертең кім боламыз?» деген төңіректе ойлансын деген сөз. Бұл – әрбір азамат туған елінің, туған халқының тарихы ешкімнен де олқы еместігін түсінсін деген сөз. Бұл – әрбір азамат тарих қойнауына ойша тереңдеу арқылы өзінің ата-бабалары қалдырған осындай кең-байтақ жердің лайықты мұрагері болуға ұмтылсын деген сөз».
Президент жарлығын жүзеге асыру үшін барлық бұқаралық ақпарат құралдары тақырыптық рубрикалар ашты, документальды фильмдер түсірілді. Бір ғана «Егемен Қазақстан» газеті «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы» атты айдармен 50-ге жуық іргелі материалдар жариялады. Жер-жерде ғылыми конференциялар, тақырыптық оқулар, «дөңгелек столдар», семинарлар Отан тарихы бойынша өтіп жатты. Жыл эмблемасымен атаулы 37 кітап шығыпты. Кітапханалар мен оқу орындары біраз кітапқа ие болып қалды. Айталық, Ақмола облысы мен Астана қаласындағы кітапханаларға, мектептерге, колледждер мен жоғары оқу орындарына 24,5 млн теңгенің атаулы 600 кітабы тегін үлестірілген екен.
Ұлттық тарихи жылындағы шаралардан оқушылар да тыс қалмады. 1998 жылы 1 қыркүйекте республика мектептерінде салтанатты линейкалар, лекциялар, сынып сабақтары өтіп, оқушылар Отан тарихынан қосымша мағлұматтар алды. Көптеген орта мектептерде жоғары сынып оқушылары «Қазақстан: тарих және бүгін» тақырыптарына конкурстық шығармалар жазса, еліміздің тарихы мен географиясы бойынша ұйымдастырылған «Менің Қазақстаным» атты республикалық рефераттар конкурсына 150-ден астам оқушы қатысыпты.
Сол жылғы 4-шілдеде өткен ҚР Ғылым академиясы Жалпы жиналысының Сессиясы «Отан тарихының сабақтары және Қазақстан қоғамының өркендеуі» тақырыбына арналып, тарихшылар қауымы атынан бас баяндаманы Манаш Қабашұлы оқыды. Мұнда Қазақстанның әлемдік дамудағы, түркі әлеміндегі, дала өркениеті жүйесіндегі орны мен рөлі, қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихы, қазақ мемлекеттілігінің даму динамикасы, Ресей құрамындағы Қазақстан проблемаларының методологиялық, ғылыми-танымдық және қолданбалы қырларын талдады.
Сессия жұмысын Елбасы Н.Ә. Назарбаев жоғары бағалады. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты жиналыста (1998 жылғы 15 желтоқсан) сөйлеген сөзінде: «Бұл отандық академиямыздың шежіресіндегі ұлттық тарихқа арнайы бағышталған тұңғыш сессия. Оған Ресейдің, Өзбекстанның, Түркияның, Қытайдың, АҚШ пен Жапонияның ғалымдары қатысты», деді.
Тарих жылы идеясын жүзеге асыруға М. Қозыбаев қосқан қомақты үлес жұртшылықтың жадында. Жыл қорытындысы бойынша Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бір топ ғалымдары орденмен марапатталды. 2001 жылы «Егемен Қазақстан» тәуелсіздіктің әр жылына арналған мақалалар сериясын жариялаған еді. Міне, сол дестенің 1998 жылын М. Қозыбаевтың қорытындылағаны кездейсоқтық емес. Мақалада А. Байтұрсыновтың 125, Құрманғазының 175 жылдығы тойланғаны, «Тарих-и Рашиди» орыс тілінде жарық көргені айтылып, «Әзірет Сұлтан» мұражайы тарихи-мәдени қалпында жаңғырды. Алаша хан, Жошы хан кесенелерін әспеттеудің де сәті түсті. Рәбиға Сұлтан-бегімнің кесенесін жөндеу қолға алынды. Бекет ата мешіті қайта жөнделді. Тараздың 2000 жылдығына, Түркістанның 1500 жылдығына, Қорқыт бабаның 1300 жылдығына әзірлікке байланысты мерекелік шаралар жалғасын тапты. Бұл жылы Мұхаммед Хайдар Дулати, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Құдайберген Жұбанов, Шәкен Айманов сияқты тұлғаларға ескерткіштер тұрғызылды. Алматыда Темірбек Жүргеновке, Атырауда Құрманғазыға, Қызылордада Қорқыт атаға, Қостанайда Ахмет Байтұрсыновқа ескерткіш салыну қолға алынды. Алматыда Абылай хан мен Қаныш Сәтбаевқа арналған ескерткіштің жобасына конкурс жарияланды делінді. «Тәуелсіздіктің жетінші жылы ұлттық тарих тағылымына бойлаған, халықтар бірлігін ойлаған жыл болды!», – деген сөздермен аяқтапты мақаланы.
«Отан тарихы» журналы алғашқы санынан іргелі ғылыми мәселелерді көтере алды. Бас редактор М. Қозыбаев редакциялық алқа мүшелігіне тарихшыларды, археологтарды, саясаттанушыларды, әдебиетшілерді, И.Тасмағамбетов, М. Тәжин, В. Школьник, Ә. Кекілбаев сынды мемлекет қайраткерлерін тартты. АҚШ-тың, Ресейдің, Испанияның, Қытайдың, Венгрияның, Өзбекстанның ғалымдары шетелдік мүшелер тобын құрады.
Журнал ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың редакция ұжымы мен оқырмандарын құттықтау хатымен ашылды. «Отан тарихы» ел егемендігін нығайтуға олжа болатынына сенім білдірілді.
Дүниеден озғанша Манекең журналдың бас редакторы қызметін атқарды. Ә. Кекілбаевтың, К. Сағадиевтің, К. Салықовтың, Ширин Акинердің (Англия), Су Бейхайдың (Қытай), А.П. Деревянконың, Е. Ертісбаевтың, Т. Мансұровтың, А. Чубарьянның, Қ. Сұлтановтың, Ә. Нысанбаевтың мақалаларының басылуы «Отан тарихының» ғылым әлеміндегі биік мәртебесін айқындап берді. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың сөзімен айтсақ, «тарихшы ғалымдарымыз оның беттерінде өткен күндердің оқиғалары жайында ой бөлісуге, ашқан жаңалықтары мен күмән-күдіктері жайында әріптестерімен пікірлесуге мүмкіндік алды».
Ғасырлар тоғысында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтын басқара жүріп ұлттық тарихнамаға М. Қозыбаев салған екі олжаны айрықша атап өткеніміз ләзім. Бірі – «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы» (1995ж.), екіншісі – бес томнан тұратын «Қазақстан тарихы» академиялық басылымның алғашқы үш томын жарыққа шығаруы.
Тұжырымдамада тарих білімінің негізгі басымдықтары, тарих ғылымының өтпелі кезеңдегі басты мәселелері мен оларды шешудің мүмкін бағыттары, тарих білімі мен оқу-ағартуды реформалау жолдары дәйектелді. Артта қалған жылдар ішінде қозыбаевтік тұжырымдама талаптары негізінен атқарылды. Демек, жаңа дәуірге сай екінші тұжырымдаманы қабылдайтын уақыт туды.
Бұл құжат тарих ғылымы саласындағы «Қазақстан-2050» Стратегиясының көрінісі әрі үлгісі болуы қажет. Алдағы 30-35 жылға, кем дегенде 15 мамандық бойынша отандық тарих ғылымының үлкенді-кішілі нәтижелерін, даму үрдісі мен заңдылықтарын, белестері мен болашағын, алынатын межелерді айқындауы, билікпен, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдармен, әлемдік ой-санамен байланысын, археология, этнология, антропология, деректану мамандықтарының жаратылыстану ғылымдарымен ықпалдастығын, кадрлық болмыс-бітімін тайға таңба басқандай сипаттағаны керек.
Қазақстанның тарих ғылымы әлемдік интеллектуалдық бәсекеге батыл араласатын уақыт келді. Жаңа тұжырымдаманың мақсаты да, түп көздегені де отандық тарих ғылымын жаңа саяси бағыттың алдыңғы шебіне шығару болғаны жөн. Жаһанданумен жағаласа жүріп, ең дамыған 30 елдің қатарына кіруге бет түзеген Қазақстан отандық тарих ғылымын елішілік міндеттерге жегумен қанағаттанса, кеңестік дәуірдің қателігін қайталауға ұрынады. Тағдыр бізге екі алпауыт мемлекетпен көрші болуды жазған екен. Енді осылардағы әріптестерді ортақ ғылыми жобаларды бірлесе орындауға тарта білсек, берісі – әлеуметтік-кәсіби ұтқырлығымыз шыңдалады, әрісі – шет елдік кітапханаларда, музейлерде, мұрағаттарда жатқан белгілі-білгісіз құжаттар мен деректерге қолымыз жетуі бек мүмкін. Көршінің тарихын білу – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды шарты. Әрине, реті келіп жатса, алыс шетелдердегі – Еуропадағы, Америкадағы, Жапония мен Кореядағы тарихшы ғалымдар қауымымен де ортақ ізденіс жүзеге асырылса, қанекей.
Билік пен ғылыми зиялы қауым арақатынасы әрқашан сыңғырлаған сәйкестік пен үйлесім бола бермейтінін жұрт біледі. Екеуі тонның ішкі бауындай кірігіп кеткеннен де, бірінен бірі тым алшақтап, дүрдаразданғаннан да пайда жоқ. Ең дұрысы – теория мен практиканың сұранысына орай билік тарапынан ғалымдарға тапсырыс беру, тапсырысты орындауға қажетті жағдай жасау. Ал ғалымның миссиясы – жаңалық ашу, ақиқатқа қол жеткізу, шын мағынасындағы инновациялық ілгерілеуді қамтамасыз ету. Қанша жерден ғылыми атақ-дәрежеге ие болғанмен, билік өкілдері ғылыми зиялы қауымға тиесілі міндетті атқара алмайды, ал ғалымдар ел таныған білімпаз болғанымен билікке тән функцияларды жауапкершілігіне алуы мүмкін емес. Қысқасы, ұлттық тарихты зерттеу тұжырымдамасы билік пен ғылым арасындағы тепе-теңдікті, ынтымақ пен ықпалдастықты сақтайтын келісім-шарт орнына жүру керек.
Бес томдық «Қазақстан тарихыны» жазуға даярлық ыждағаттылықпен жүрді. 1992 жылы «Учебное пособие по истории Казахстана с древнейших времен до наших дней», 1993 жылы «История Казахстана (очерк)» жарияланды. Көптеген басқосулар өтті. 1996 жылы «Қазақстан тарихының» бастапқы үш томы шықты. М.Қозыбаев бастап берген 5 томдық «Қазақстан тарихының» 4-ші, 5-ші томдары ұзаққа созылған үзілістен кейін 2010 жылы жарияланды. Қазақстан тарихынан жарық көріп жатқан оқулықтар мен оқу құралдары баршылық. Дегенмен солардың бірде-біреуі қозыбаевтық бестомдықпен иық тірестіре алмайтыны ақиқат. Алдағы уақытта Қазақстан тарихын академиялық дәстүрде жазу жалғасын табары сөзсіз. Жауапкершілігі жоғары істі жүзеге асырушылар тобында М. Қозыбаев шәкірттері жүретіні де күмәнсіз. Ал олардың қатарындағы тарих ғылымдарының докторлары мен кандидаттары 100-ден асып жығылады.
Мемлекеттік тәуелсіздіктің жариялануымен Отан тарихын дәуірлеу мәселесін кешенді көтергендердің тұңғышы академик М. Қозыбаев еді. 1992 жылы дүниежүзі казақтарының бірінші құрылтайында оқыған баяндамасында тоғыз дәуірді қадап-қадап көрсетті: 1. Адам баласы қазақ сахарасында пайда болып, өмір сүрген тайпалар белесі; 2. Сақ, ғұндар заманы; 3. Түркі тектес тайпалар дәурені; 4. Қыпшақ белесі; 5. Моңғол үстемдігі; 6. Қазақ хандықтары: халық, ұлттың қалыптасуы; 7. Отаршылық бұғауында; 8. Қазақ халқы кеңес империясының уысында; 9. Қазақ халкы егеменді ел болған шағында. Академик ағамыз дәуірлеудің іргесіне алдымен тайпалардың алмасуын, екінші кезекте ұлттык-мемлекеттік, ең соңында саяси өлшем мен ұстанымды қалаған еді.
Қазақстан тарихшылары Отан тарихын дәуірлеуге келгенде ортақ тұжырымға әлі тоқтай алмай келеді. Тіпті тәуелсіздік тұсында жарық көрген "Қазақстан тарихы" академиялық басылымының алғашқы томы мәселенің тарихнамасы мен деректік негіздеріне тұтас бір тарауды арнай тұра, дәуірлеу тақырыбын айналып өтеді. Әзірге баспадан шыққан бес томмен таныса келе, онда Отан тарихын дәуірлеудің іргетасына академик М. Қозыбаев ұсынған нұсқа қаланғанын байқау қиын емес.
Тарихтың дөңгелегін айналдыратындар – адамдар, Тұлғалар. Манаш Қабашұлы зерттеулерінде тарих үдерісіндегі халық пен тұлғаға зор көңіл бөлінген. Қайтыс боларынан бірер ай бұрын «Қазақ әдебиетінде» жариялаған «Бізде ұлттық элита бар...» атты мақаласында осынау қауымға төмендегідей анықтама беріпті: «Ұлт элитасы деп ұлтына сенетін, оның басына түскен қиындыққа көнетін, өз мүддесін ұлт мүддесіне жегетін, тығырықтан жол тауып беретін, әлемдегі 2000-нан астам ұлт пен ұлыстардың ішінен «қазақ» деген ұлттың өркениеттік орнын тауып қана қоймай, оны өркениеттік дамудың даңғыл жолына салып беруге өнерін, білімін, күш-қайратын, ар-намысын төгетін, керек кезде ең қымбаты - өмірін беретін ұлт асылдарын айтса керек... Ұлт элитасы - қайраткер, жасампаз, дауылпаз жан». Осы орайда «азамат», «интеллигенция» ұғым-түсініктеріне берген анықтамалары да танымдық байтақ пайым екенін айта кетсек, артық емес.
Ол мұның бәрін жалаң оқумен-тоқумен ғана дәйектеген жоқ. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы халқымыздың элита, азамат, интеллигенция қауымымен етене араласқандықтан, өзі де дүлдүл өкілі болғандықтан көргенін, көңілге түйгенін ой қазанында қорытып, сары алтындай жарқыраған нұсқада халқына ұсынды. Сонысымен тарихи санамызды жаңғыртты, өміршеңдігі дәлелденді.
Тәуелсіздік мұратын нығайту мен тарихи-методологиялық негіздерін бекемдеу жолындағы адал да жанкешті мехнаты лайықты бағаланды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, ҚР Президентінің бейбітшілік және ұлтаралық келісім сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері атанды. Туған елі әлі де құрметін көрсетуде. Есімі Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне, Қостанай қаласындағы орта мектепке, Алматыдағы көшеге берілді. Өзі тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Шығармалары 1 том, 2 том, 7 том болып шықты, қолдан-қолға өтуде, сілтемелер индексінде мәртебесі биік. Нағыз ғылым да, ғалымның нағыз бақыты да осы.
Академик М.Қозыбаевтің партиялық, таптық көзқарастан ада зерттеулері, депутаттық және институт директоры қызметіндегі елішілік, жаһандасулық қайраткерлігі азаттық мұратымен үндесіп, ұзақ жылдар бойы КОКП-ның «қолбаласы» болып келген ұлттық тарих ғылымын қайта түлетті, ұлттық және мемлекеттік мүддеге жекті, инновациялық дамудың пәрменді құралына айналуына септесті. Тұлғалы ғалымдардың, ішінде Манекең де бар, табандылығымен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты шаңырақ көтерді. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Қазақстан тарихынан мектеп оқулығын жазып, ЖОО-ларда осы пәнді мемлекеттік емтихан тізіміне қосуға пәрменді ықпал етті.
КОКП заманында социалистік идея мен құрылыстың жаманын жасырып, жақсысын асырудан әріге бармаған қазақстандық тарихшы ғалымдар енді шығармашылық еркіндіктің артықшылықтарын кәдеге жаратуда. Тарихи санасы кемел қоғам ғана ұлттық қауіпсіздікті барынша нығайтып, әлемдік бәсекеге төтеп бере алатынын қапысыз ұқтық. Осының бастау-бұлағын ашқандардың алдыңғы легінде халқымыздың біртуар ұлы Манаш Қозыбаев бар. Жақсымызды жақсы дей алатын күнге азаттық арқасында жеттік.
1994 жылғы 6 қазан күні өзінің бүгіні мен ертеңін таразылаған мына жолдарды жазған екен:
Жауға шаптым ту байлап,
Жорықта жазып жарамды.
Келемін сермеп семсердей,
Ұшқыр өткір қаламды.
Жауға келем дес бермей,
Қызғыштай қорғап анамды.
Күндері бір күндерде,
Айналайын Отаным,
Есіңе ал Манаш балаңды!
Отаны дана баласын ұмытқан жоқ. Есімін мәңгі есте қалдырып, аялы алақанында тербеп келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |