МөЖ Үнемдеу құбылысының фонетикадағы, лексикадағы, морфологиядағы, синтаксистегі көріністері



Дата07.02.2022
өлшемі72,97 Kb.
#96613
Байланысты:
МӨЖ.Үнемдеу құбылысы

Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі


Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті



МӨЖ

Үнемдеу құбылысының фонетикадағы, лексикадағы, морфологиядағы, синтаксистегі көріністері.

Орындаған: Бекбол Жаннұр Бекболқызы


Тексерген: Сағындықұлы Б. Ф.ғ.д., профессор.
Алматы, 2020
Үнемдеу құбылысы көптеген табиғат құбылыстарында, тұрмыс-тіршілікте көптеп қолданады. Үнемдеу термині де ғылым салаларының көпшілігінде қолданылады. Тілдегі үнемдеу заңы зерттеуші ғалымдардың көптен назарын аударып, біршама ғылыми еңбектерге зерттеу нысаны ретінде алынған. Қазақ лингвистерінің бір қатары, атап айтсақ, Б. Сағындықұлы, М. Томанов, М. Балақаев, С. Аманжолов, М. Балақаев, І.Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев, А. Ысқақов, А. Айғабылов, К.Аханов, С. Мырзабектен, Р. Əмір, Ғ. Қалиев үнемдеу заңы əсерінен пайда болған өзгерістер туралы жазған құнды пікірлермен белгілі.
Ғалым Берікбай Сағындықұлының «Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» еңбегінде «Сөйлеуші қашанда тілдік элементтердің айтуға жеңіл болуын, сөйлеу органдарына күш түсірілмеуін көздейді. Түркі тілдеріндегі үндесу заңын осының бір мысалы деп білеміз» деп байырғы түркі тіліннің үндесу заңын үнемдеу заңымен байланысты екенін, үнемдеу заңы \надамның физиологиялық шектеулерімен, тіл механизмінің өз ыңғайына қарай бейімделуге үнемі әрекет ететіндігімен түсіндіреді. Ғалымның айтуынша үнемдеу құбылысы тілдің бүкіл жүйесін - фонетиканы да, лексиканы да, морфологияны да, синтаксисті де қамтиды. Мысалы, ол фонетикада "элизия" "апокопа" "гаплология" деп аталса, лексикада "метонимия" морфологияда "сіңісу", "кіріккен сөздер" синтаксисте - "элипсис" "толымсыз сөйлемдер" деп аталады. «Түптеп келгенде, үнемдеу процесінде пайда болатын соңғы нәтиже - белгі бір дыбыстың, буынның, сөздің, тіпті сөйлемнің қысқартылып, ықшамдалып айтылуы» деп Б. Сағындықұлы бүкіл терминдердің басын қосып, тіл біліміне жаңа «үнемдеу заңы» деген терминді енгізген.
Белгілі ғалым К. Аханов өзінің "Тіл білімінің негіздері" атты кітабында былай деп жазады: "Кейбір фонетикалық жағдайда дыбыстардың мүлдем түсіп қалуы элизия деп аталады.Дауыстылардың элизиясы (түсіп қалуы) сөздің тіркесініңқұрамындағы сөздердің аралығында, сондай-ақ біріккен сөздердіңқұрамында да кездесуі мүмкін. Мысылы, торы ат > айтылуы - торат, алты ай > айтылуы - алтай, келе алмады > айтылуы - келалмалы, қайын аға > айтылуы - қайнаға, т.б." Келтірілген мысалдарда ы, е, а дыбыстары айтылуда түсіп қалған. Алайда бұл дыбыстар дауыссыз дыбыстардан басталатын сөздермен тіркескенде түспейді, Яғни бұл - уақытша өзгеріс, дыбыстардын түсіп қалуы яки түспеуі қолданылу позициясына, комбинациясына байланысты анықталады. тұрғысынан қарағанда әрдайым осылай. Ал тарихи қарағанда, кейбір дыбыстар әр түрлі себептермен элизияға ұшырайды да, ол бірте бірте мүлде айтылмайтын жағдайға келеді. Тұрақтанған тілдік құбылысқа айналады, Мысалы, диалектілерде ұшырайтын "егер" сөзі әдеби тілде "ер" (көлікке салт мінгенде тоқымның үстінен салынатын арнаулы жабдық). Тарихи жазба ескерткіштердің лексикасында кездесетін "йегрен" сөзі қазіргі қазақ тілінде - "жирен" (қызғылт сары - көбіне жылқы малына байланысты айтылады). Бұл сөздерден г дыбысының түсіп қалуы - уақытша құбылыс емес, этимологиялық талдау барысында анықталатын тарихи құбылыс.
А. Байтұрсынұлының еңбектерінде фонетикалық өзгерістер, ықшамдалулар, дыбыстардың түсіп қалуы туралы пікірлер кездеседі. Тілші ғалымдарымыз Қ. Жұбановтың, Н.Т. Сауранбаевтың, С. Аманжоловтың, I. Кеңесбаевтың еңбектерінде фонетикалық үнемделуге ғана емес, жалпы үнемдеуге, ыкшамдалуға қатысты мәселелер де белгілі дәрежеде сөз болады. Қазақ тілінін морфонологиясын жеке сала денгейіне көтеріп қалыптастырған ғалым А. Айғабылов «Қазақ тілінің морфонологнясы" енбегінде қатар келген дауысты дыбыстар және одан туындайтын құбылыстарды, сөз құрамының ықшамдалуына байланысты дауысты дыбыстардың редукциясын, дауыссыз дыбыстардың түсіріліп айтылуын, апакопа, гаплология, секілді құбылыстарды кеңінен зерттеп, морфонологнялық тұрғыдан зерттеудің алғашқы ізін салып берген
Қазіргі қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың түсіп қалу себептерін ғалым Б. Қалиев зерттей отырып, түркітанудагы айтылған пікірлердін бәріне ғылымн талдау жасап, үнемделудің сырын ашуды мақсат етеді. Ғалым ашық дауысты дыбыстарға қарағанда қысаң дауыстылардың түсіп калу жағдайының түрлерін саралап көрсетеді: 1) қысаң дауыстылардың өз сапасы, 2) көршілес дауыссыздардың әсері, 3) екпінсіздік, 4) сөздердің морфологиялық түрленуі (дауысты дыбыстан басталатын қосымшаның жалғануы), 5) түркі тілдеріне ортақ байырғы сездер және олардың колданылу жиілігі Фонетикадағы өзгерістерді зерттеген ғалым С. Бизақов «бірсыпыра лингвистердің тіл біліміндегі үнемдеуді (экономия) принцип тұрғысынан қарайтыңдығын» айтады, сонымен қатар осы ғалымдар пікірін қолдайтындығын білдіреді .
Фонетикадағы үнемдеу жайын сөз еткенде морфонологияны зерттеген ғалым А. Айғабылұлының көңілге қонымды пікірлерінен айналып өту мүмкін емес. Ғалым былай дейді «...редукцияны екпінмен байланыстырушылар екпінсіз буынның редукцияланбайтынын жұмбақ ретінде атап отырды. Шындығына келгенде, егер екпіннің бары рас болса, ол қазақ тілінде сөздің соңғы буынында тұрса, дауыссыздан басталған қосымша жалғанғанда да, буынды жылжытып, екпінсіз буындағы дауысты редукцияланса керек еді» дей келіп, редукциялануға қолайлы жағдай туғызытын буын үлгісін былай көрсетеді: А-БА-БА буын үлгісімен келгенде, екінші, кейде үшінші буында дауыстылар түсіріледі. Мысалы, өтінер-өтнер, жүгініп-жүгніп, шашылып-шашлып. Тұйық, бітеу буындарда дауысты дыбыстың түсуін көп кездестіре алмадық деп, мынадай мысалдар берген: БАББАБ-БАБ түрінде келген қыз-дыр-дық, жаз-ғыздық, АБ-БАБ-БА түрінде ай-шық-ты, ес-тіп-ті т.б.Қазақ тіліндегі дауысты дыбыс редукциясының себебін түсіну үшін үш мəселені атап көрсетеді: 1) буындардың сөзде қатарласа ашық түрде келуі (са-ғы-ну – сағну); 2) түсіріп айтылатын дауысты дыбыстың алды-артындағы дауыссыздардың өзара тіркесу мүмкіндігі (СН – дауыссыздарының тіркесі: баласына-баласна, есіне-есне); 3) дауысты дыбыс редукциясының мағынаға нұқсан келтірмейтіндігі.
Ықшамдалған сөз формалар жайында аға буын өкілдерінің зерттеулерінде айтылған маңызды пікірлерді А. Əділова, Г. Айғабылова, А. Романова, Г. Төлекова, Ж. Баймұрынов, Г. Қондыбаевалар жалғастыруда. Г. Айғабылова үнемдеу заңы жайында алғаш арнайы зерттеу жұмысын жазып, түрлі тілдік құбылыстарға өзіндік көзқарастарын білдірген. Тілші ғалым Б. Қалиевтің дауысты дыбыстардың түсірілуінің себеп-салдарының құрамын тағы үшеуге арттырды: дауысты дыбыстан басталатын сөз тіркесі айтылғанда да дауысты дыбыс редукцияланады; дауысты дыбысқа біткен сөзге дауыссыздан басталатын қосымша жалғанғанда дауысты дыбыс редукцияланады; дауысты дыбысқа біткен сөзге дауыссыздан басталатын сөз тіркесіп айтылғанда дауысты дыбыс редукцияланады.
Апакопа – сөз соңындағы дыбыстың түсіріліп қолдануы. Ғалым Б. Сағындықұлы сары сөзінің алғашқы формасы сарығ болғанын, яғни тілдің даму барысында ғ дыбысы түсіп қалып қолданысқа енгенін айтқан. Сол сияқты «Ұлық болсаң, кішік бол» мақалындағы ұлық, кішік сөздері қазірде соңғы дыбыстарынсыз айтылып кеткен. Тідік үнем лингвистикалық өзгерістердің негізгі қозғаушы күші ретінде қарастырылады да, коммуникация қажеттілігіне орай ерекше сəтті үйлесім табатын, қолдануға ыңғайлы сөздерді енгізеді. Соның бір жемісі деп гаплологияны айта аламыз. Қатарласып келген екі бірдей буынның біреуінің түсіріліп айтылуы тіл білімінде гаплология дейді. Қайсысы–қайсы, балалар-баллар (балдар). «Түтіндік сөзінің түтүндүк болып айтылуында тү-тү болып дыбысталатын буындарындағы ұқсас, қайталынып келген буындардың бірі түсіріліп, түндік (түндүк) болып айтылады. Осы сияқты, түнөугүгүңгү (түнеугі күнгі) сөзінің де гү-гү ұқсас буындары біріккен сөз жігінде келіп, біреуі ықшамдалу арқылы түнеугүнү нұсқасы қалыптасқан» дейді зерттеуші С. Оданова үнемдеу заңы жайында жазған өз еңбегінде.
Н. Т. Сауранбаев көрсеткен есімшеде соңғы (барғам) түріне, А.Ысқақов жіктік жалғауының ықшамдалу формасының екінші түрін ұсынып, екінші үлгісіне тəн –а, -е, -й формалы көсемшенің бірінші жəне үшінші жақтарында да жиі кездеседі деген. Мұнда ғалым болам (боламын), болад (болады) сияқты қолданысты айтқан.
М. Томанов ған есімшесінен кейін тіркескен соң шылауына екпін түспеудің салдарынан редукцияланып, келгесін, барғасын, т.б. тұлғасында қолданылатынын айтады .
Септік жалғаулары да сөйлем ішінде түсіріліп қолданылуы жиі кездеседі. Мысалы: Кеше қызықты кітап(ты) оқыдым, Мəскеу(ге) бардым, не көрдім? Туысқан-туған ел көрдім (Жамбыл Жабаев). Бұл туралы профессор Н.Оралбаева табыс септіктің сөзге жалғанбауы оның мағынасына ешбір əсер етпеуі мүмкін емес, оның сөзде қолданылмауы, мағынасына жалпылық реңк береді. Тек септік жалғаулары ғана емес, тəуелдік, көптік, жіктік жалғаулары да қолданыста түсіріліп айтылатын кездері бар: біздің еліміз-біздің ел, мен – оқушы. Н.Оралбаева: «қосымшалы, қосымшасыз формалардың қолданылуы тілдің үнемділік заңдылығына тығыз байланысты», деп тұжырымдайды.
Сіңісу, жылысу, ығысу құбылыстары да үнемдеу заңының көріністері. К. Аханов еңбегінде: «Жіктеу есімдіктері мен сілтеу есімдіктеріне жалғанатын ілік септік жалғауының алғашқы түрі -ың, -ің түрінде болған. Бұл бастапқы форма (-ың, -ің) менің, сенің, оның есімдікткрінің құрамында сақталған. Тілдің даму барысынада морфологиялық жылысу процесінің нəтижесінде есімдіктерінің соңындағы н дыбысы жалғауға ауысқан да ілік септіктің жалғауы ұлғайып, (бір дыбыс қосылып) –ның, нің түрінде айтылып қалыптасқан».
Қарлығаш (қара ала құс), бел бау(белбеу), алып кел(əкел), алып кет(əкет), сегіз он (сексен), тоғыз он (тоқсан), олай еткені (өйткені) сияқты күрделі сөздер құрамындағы əуелгі компоненттері өзінің дыбыстық құрамын ықшамдаған, екіншіден, компоненттердің екеуі де бірдей, я біреуі дыбыстық жағынан əрі өзгеріп, əрі өздіөзіне тəн екпіндерінен айырылып, бір ғана екпінге ие болып, тұтасымен бір бүтін дыбыстық тұлға ретінде қалыптасқан.
Ежелгі түбірлердің сан мыңдаған жылдар да түрін адам танығысыз дəрежеде өзгертіп, кейде өлі түбірлерге айналғандығын зерттеуші Ж.Манкеева ажыратып көрсеткен. Қазақ тіл білімінде біршама жалғау мен жұрнақтардың шығу тегі жайында басы ашылған қорытындылыр кездеседі. Оған мысал ретінде көмектес септік жалғауының бірлə шылауынан жасалғанын айтып өтсек болады. Бұны да үнемдеу заңының əсерінен болған өзгеріс десек қателеспейміз. Ықшамдалған сөздердің мағынасы кейде көмескіленсе, кейде көмескіленбеуі де мүмкін. Ғ.Мұсабаев былай деп жазады: «Сөздің ішкі мағынасы сақталып, дыбысталу түрі өзгеретін де жағдайы болады. Мысалы, лақ деген сөздің бастапқы түрі оғуллақ болған, ол бірте-бірте мына сияқты өзгеріске түскен: оғуллақ→ оғу-лақ → оғы-лақ → оғ-лақ → о-лақ →ұлақ→ы-лақ →лақ. Сөйтіп, түбір жойылған да, бұрынғы түбірдегі мағына жұрнаққа ауысып, жұрнақ сақталып қалған». Зерттеуші Б.Сағындықұлы сөздердің этимологиясын жіті зерттегенде көптеген формалардың ықшамдалып кеткенін байқауымызға жəне оларды түрлі принциптермен қайта қалпына келтіргенде атабабамыз дүниені қалай қабылдап, түсінгенін білуімізге болатынын айтқан. Сөздердің бұрынғы формаларын тарихи ескерткіштерден кездестіруге болады. Б.Сағындықұлы нысанға алынған сөзді əр кезеңге жататын ескеркіштердегі нұсқаларымен өзара салыстыра отырып, мынадай факті келтіреді: «...қазақ тіліндегі «у» (тірі организмге əсер еткенде қалыпты тіршілік əрекеттерін күрт өзгертетін, не өлімге душар ететін химиялық зат) «Құдатғу билиг» əдеби мұрасында «урағун» (заһар, у): солындин урағун оңындин шакар (сол қолында – заһар, оң қолында шекер); «Хусрау уа Ширин» ескерткішінде «ағу» (уланатын зат, у): аңламас ағу йутар (аңдамаған у ішер). Сонда бұл сөздің даму схемасы былай бейнеленеді: урағун → ағун → ағу → ығу →ұу».
Синтаксистегі үнемдеу заңының көрсеткіштерінің бірі – толымсыз сөйлемдер. Толымсыз сөйлемдердің құрамы толық болмағанымен, тыңдаушыға айтайын деген ой толық жетіп, екі жақты түсінік орнайды. М.Балақаев: «Ойға қатысты мүшелері толық айтылған сөйлем толымды болады да, ойға қатысты мүшелері түгел айтылмаған олқы сөйлемдер толымсыз болады», деп жазады. Синтаксистік ықшамдалуларды психолингвистикалық аспектіде қарастырған Ж.Маймұрыновтың зерттеуінде кезкелген синтаксистік үнемдеудің лайықты факторлары болатынын ескерте келіп, адамның көңіл-күйінің, эмоциясының сөйлеу əрекетіндегі үнемдеуге əсеріне психолингвистикалық жақтан толық талдау жүргізеді, «тағатталған сөйлемдер», «сөз жұту» терминдерінің мəнін кеңінен ашып түсіндіреді [10, 42]. Қысқарған сөз бастауыш па, анықтауыш па, əлде толықтауыш па, мəселе онда емес, мəселе сөйлемді ықшамдап айтуға, жеңіл əрі түсінікті жеткізуге тырысушылықта.
Үнемдеу заңы жайында құнды пікірлерімен белгілі Б.Сағындықұлы метонимияны лексикадағы үнемдеу құбылысы қатарында қарастырады да, мынадай мысал келтіреді: «Жүйрік тоқтығын, жомарт жоқтығын білдірмес». Мұнда «ат, кісі» атаулары жəне екі рет қайталанатын «білдірмес» етістігінің біреуі қысқартылған. Бұл жерде мақалдың мазмұнына нұқсан келіп тұрған жоқ, қайта өткірлене түскен», дейді. Үнемдеу құбылысының бір түрі эллипсистің тілде көрініс беруінің ерекшеліктері жөнінде де ғалым көңілге қонымды пікірлер айтқан: «...эллипсистің тілде қолданылуында контекст пен ситуацияның атқаратын рөлі зор еккендігі тұжырымдалады. Оқиғаның болып жатқан сəті, дене қозғалысы, ым, белгі тағы басқа экстралингвистикалық факторлар да эллипсистің оңай түсінілуіне жағдай жасайды. Демек, коммуникативтік бөлшектерді үнемді жұмсау мақсатымен сөйлемнің белгілі бір мүшесін саналы түрде айтпауға болады екен. Қысқа, дəл, анық айтуға тырысушылық, көп сөзділіктен қашу – эллипсистің басты принципі».
Қазақ тіл білімінде фонетикалық, лексикалык, морфологиялық. синтаксистік ықшамдалу жайлары әр қырынан сипатталып келеді. Осыған байланысты жалпы тіл білімінде ықшамдалу үрдісі, ықшамдалу заңдылығы, үнемдеу заңдылығы деген тілдік құбылыстар үнемдеу заңы терминінің аясында қарастырылуда. Осы зерттеуде тілдің барлық денгейлеріндегі фонетикалық, лексикалық, морфологиялык, синтаксистік үнемдеу заңы терминінің аясында карастырылды. Тілдің барлық салаларында орын алатын үнемдеу заңына тән құбылыстар бір бірімен ұштасып жатады. Фонетикалық үнемделу морфонологиядағы үнемделумен астасып жатады. Айталык, фонетика саласында қарастырылатын прокопа, апакопа, элизия, гаплология т.б. кұбылыстары морфонологияда да негізгі нысан бола алады. Осы сияқты үнемделу тілдің барлық денгейіне ықпал етеді. Тілдік материалдарды зерттеу барысында үнемдеу белгілі бір факторлар негізінде туындайтыны аныкталды. Олар: физиологиялық, психологиялық, лингвистикалық, экстралингвистикалых факторлар. Зерттеу барысы үнемдеу заңының сан алуан құбылыстарды, үдерістерді, заңдылықтарды т.б. есіне бағындыра алатынын, тәуелді ете алатынын көрсетті. Үнемделудің түбір сөздерге ықпалы және соның нәтижесінде пайда болатын тілдік өзгерістерді зерттеу барысында түбірдің құрамындағы төмендегідей өзгерістер ескерілді: - түркі түбірінің ерекшеліктері; байырғы түркі түбірлеріндегі өзгерістер; - кірме сөздердегі дыбыстық өзгерістер.Түбір құрамының ыкшамдалуын зерттеу барысында мынадай қорытындылар жасалды: 1) түбір құрамының ыкшамдалуы бірнеше кезеңдерді қамтиды; 2) түбір құрамы жағынан дыбыстық үнемделуге ұшырағанымен, өзінің әуелгі мағынасын сактап калады; 3) түбір құрамы ықшамдалып, бастапқы мағынасы арқылы өзге көпмағыналы, жаңа туынды мағыналы сөздер жасауға қатысады; 4) түбір құрамының ықшамдалуы негізінде көмекші сөздерге, шылау сөздерге айналады; 5) түбір құрамы ықшамдалып, қосымшаларға айналады. Үнемделу тарихи заң болғандықтан, байырғы түбіріердің құрамына төмендегідей ықпал еткен:
- сөз басындағы дауысты, дауыссыз дыбыстар үнемделеді;
- сөз ортасындағы дауысты, дауыссыз дыбыстар үнемделеді;
- сөз соңындағы дауысты, дауыссыз дыбыстар үнемделеді;
- кей түбірлерде сөз басындағы буындардың үнемделеді;
- сөз ортасындағы буындар үнемделеді;
- сөз соңындағы буындар үнемделеді.
Қорыта келгенде, үнемдеу заңы - тіл атаулыға ортақ әмбебаптығымен, тілдеңгейлердің барлығын қамтитын жүйелілігімен, пайда болу себептерінің әр алуандығымен,тұрақтылыққа негізделетін Нормалық сипатымен ерекшеленетін айырықша заң. Ал оның казак тіліндегі түбір сөздердің қалыптасуына тигізетін ықпалы ерекшe. Әрине, бұдан тіліміздегі түбірлердің барлығы үнемдеу заңының нәтижесінде қалыптасқан деген жаңсақ пікір тумауы тиіс. Өйткені адам миының дамуы қоғамдық эволюцияның, ал ол қарым-қатынастың басты құралы - тілдің дамуымен байланысты. Сондықтан да тіл жүйесі философиядағы "қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі» заңына сәйкес бірде күрделену, бірде ықшамдалу құбылыстарына негізделетін күрделі жүйе болып есетеледі.
Пайдаланған әдебиеттер:


  1. Сағындықұлы Б.Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері. – Алматы: Қазақ университеті, 2005.

  2. Аханов К.Тіл білімінің негіздері. – Алматы: Санат, 1993

  3. Қалыбай А. Экономия ұғымы мен экономия құбылыстары туралы ғылыми пікірлер.//ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. – 2010.№1-2.-145

  4. Мырзабектен С. Қазақ тілі фонетикасы. – Алматы: Қазақ университеті, 2004.

  5. Қалиев Б. Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстар редукциясы. – Алматы: Ғылым, 1984.

  6. Айғабылов А. Қазақ тілі морфонологиясы мен лексикологиясы. – Алматы: Қазақ университеті, 2006.

  7. Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – Алматы, 1988.

  8. Оданова С. А. Қазақ тіліндегі түбір сөздердің үнемделуі, диссертация, 2010


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет