Тұлға болып туылмайды, тұлға болып қалыптасады



Дата13.05.2020
өлшемі15,7 Kb.
#67514
Байланысты:
Тұлға болып туылмайды, қалыптасады


Эссе

Тұлға болып туылмайды, тұлға болып қалыптасады

Әрбір нәресте дүние есігін ашқанда оның тек өзіне тән бет-әлпеті, мінез-құлқы, саусақ ізі және басқа да қасиеттері болады. Алайда осымен ғана ол баланы жеке тұлға деп атау, әрине, ойға қонымсыз. Себебі, оң-солын тани қоймаған былдырлаған нәресте не үшін өмірге келгенін және неге осы уақытта белгілі бір іс-әрекетті істеп отырғанын түсіндіріп бере алмайды. Ол жай ғана инстинктивті түрде күнделікті қандай да бір қайталанатын іс-әрекеттерді ғана жасайды. Бірақ бұл да ұзаққа созыла қоймайды. Өйткені ары қарай оның тұлға ретінде қалыптасу үрдісі басталады.

Нәресте әлемдегі әр түрлі жайттарды көрген сайын оның қоршаған ортасына деген қызығушылығы арта бастайды. Осы кезде ол өз өмірінің келесі жаңа баспалдағына аяқ басады. Бұл сатыда сәби өзін қоршаған ортасындағы, айналасындағы әрбір құбылысқа мұқият қарап, зерттеп, татып көре бастайды. Оның қызығушылығы артқан сайын көптеген өзі үшін жұмбақ болған нәрселер туралы деректері де ақырындап жинақтала береді. Басында еңбектейді, кейіннен қабырға жағалап жүруді бастайды. Алайда қанша рет құласа да, сүрінсе де өз әрекетінен бас тартпайды. Өсе келе мектеп табалдырығын аттап, ол жерден де өзіне керек ақпараттармен сусындайды. Бұның барлығы оның жоғарыда айтылған жеке тұлға ретінде қалыптасуына өз ықпалын тигізеді.

"Алайда, атап өту керек, «тұлға болып туылмайды, тұлға болып қалыптасады» деген оң идея, бертін келе психологияда әр адамды тұлға ретінде жоққа шығаратын теріс түсінік ретінде таралып кетті." [1] деп Орловтың еңбегінде айтылғандай, расымен де, қазіргі уақытта бұл түсінікті мүлде бұрыс ағымда пайдаланып келе жатқандар да бар. Соның әсерінен жаңадан өсіп келе жатқан тал шыбық өзінің қай бағытта жүру керек екенін түсіне алмай, үлкендердің айтқанын тыңдау арқылы өзін жоғалтып алады. Сөзсіз, көп көрген адамдардың айтқанына құлақ асу міндет, бірақ олар да өз кезегінде баланы жүрегін тыңдай білуге, ақыл-ойына жүгіне білуге үйрету керек. Яғни оны қандай бір нормаларға сай жаңадан "жасап" шығармай, өзінің ішіндегі бар қадір-қасиетті ашуға мүмкіндік бергені абзалырақ. Себебі шектен тыс басқаларға еліктеу барысында адам өз-өзін жеке тұлға ретінде жоғалтып алу қатері бар.

Қорытындылай келе, қандай жағдай болмасын, әр адамның өз өмірі тек өз қолында дегім келеді. Тұлғаны артқа жетелеуге кері әсер ететін орта, қорқыныш пен үрей және тағы да басқа сол секілді факторлар әсер еткенімен, олардың барлығына құлақ асып, жүзеге асыратын да, жоя алатын да тек өзіміз. Егер біз қаласақ, жан-жағымызға көп достар жинай аламыз, ата-аналарымызбен, жақындарымызбен қарым-қатынасымызды реттей аламыз. Өзіміз адамдарға күліп қарап, жақсылық жасайтын болсақ, айналамыз да бізге тура солай жауап қайтарады. Сондықтан ең бастысы өз-өзімізді тәрбиелеп, жеке тұлға ретінде қалыптасуға бар күшімізді салуымыз керек.



Ұсынылған әдебиет:

1. А. Б. Орлов "Личность и сущность: внешнее и внутреннее я человека"

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет