Девиация сөзі латын тілінен аударғанда deviate деген сөзден шыққан. Deviate ауытқу дегенді білдіреді. Девиантты мінез құлық бұл адамның қоғамдық, топтық нормалардан ауытқыған мінез құлқы. Адамның іс әрекеті, мінез құлқы қоғамдағы нормаларға, ережелерге және одан күтілетін әрекеттерге, құндылықтарға сәйкес келмеуі.
Девиантты мінез құлықтың мәнін ашу “норма” түсінігімен байланысты. Өйткені норманы бұзған, яғни нормадан ауытқыған адамның мінез құлқы девиантты мінез құлық болып табылады.
Әлеуметтік норма бұл нақты қоғамда тарихи түрде пайда болған тұлғаның, әлеуметтік топтың немесе ұйымның шектелген іс әрекеті. Норма мінез құлықтың реттелуін қамтамасыз етеді және мінез құлыққа әлеуметтік қадағалау жасайды.
ХІХ ғасырдың соңында ХХ ғасырдың басында девиатты мінез құлықтың биологиялық және психологиялық себептерін түсіндіретін трактаттар шыға бастады. Итальяндық дәрігер Ч.Ломброзо қылмыстық әрекет пен адамның биологиялық ерекшеліктері тікелей байланысты деп түсіндіреді. Американдық психолог В.Шелдон да адамның дене бітімінің маңыздылығын атап көрсетеді.
Девиантты мінез құлықты әлеуметтанулық тұрғыдан ең алғаш болып Э.Дюркгейм түсіндірді. Ол әлеумееттік және мәдени факторлардың мәнін ашатын “аномия” түсінігін ұсынды. Аномия бұл реттіліктің, заңдылықтың болмауы.
Сонымен қатар, девиантты мінез құлықты зерттеген Р.Мертон болып табылады. Р.Мертон девиацияның себебі қоғамның мәдени мақсаттары мен оған қол жеткізудің әлеуметтік қолдау тапқан құралдары арасындағы алшақтықта деп санайды. Р.Мертонның пікірі бойынша адамдар алдына мақсат қояды, сол мақсатқа жету үшін түрлі жолдарды таңдайды. Мәселен, жақсы немесе жаман жолдар. Жақсы жолмен мақсатына жете алмаған адам жаман жолмен жетуі мүмкін, бұны да девиацияның бір түріне жатқызуға болады.
Әлеуметтік бақылау дегеніміз, оның ішінде құқықтық түрде де реттеу арқылы әлеуметтік жүйені құрайтын элементтердің өзара әрекетін реттеу жолымен қамтамасыз ететін және сол жүйенің өздігінен басқарылу тәсілі болып табылады. “Әлеуметтік бақылау” - термин, оны айналымға алғаш рет енгізген Г.Тард бастапқыда қылмыскердің қоғамдық қызметке қайта оралуының құралы ретінде қарастырған болатын. Шет ел социологтары Ф.Знанецкийдің, Р.Лапьердің, Д.Мартиндейлдің, У.Томастың еңбектерінде әлеуметтік бақылау проблемасы әуел бастан индивидтердің мінез-құлқындағы қоғам үшін қажеті жоқ ауытқуларды жою проблемасымен және мінез-құлықты реттеу құралын жасаумен жалғасқан болатын. Әлеуметтік бақылау проблемасын бұл социологтар әлеуметтік институттар жүзеге асыратын оңтайлы, әлеуметтік ықпалдар және адамдардың мінез-құлқын сол әлеуметтік жүйенің қарым-қатынастарын реттейтін нормаларға бейімдеу мақсатында ауытқуларды жөндейтін өзгерістер деп түсінді. Р.Парк әлеуметтік бақылауды әлеуметтік күштер мен адам табиғаты арасындағы белгілі бір арақатынасты қамтамасыз ететін құрал деп түсінеді. Ол әлеуметтік бақылаудың үш нысанын бөліп қарайды: 1) қарапайым (мәжбүрлеуші) санкциялар; 2) қоғамдық пікір; 3) әлеуметтік институттар. Санкция - әлеуметтік бақылау элементтерінің бірі. Әлеуметтік бақылау мойындауды білдіру, марапаттар мен ерекшелік жүйелері ретінде анықталады, солардың арқасында тұлғаның мінез-құлқы қабылданған мінез-құлық үлгілеріне сәйкестендіріледі. Демек әлеуметтік бақылау өзін-өзін реттейтін жүйе ретінде қоғамның тұрақтылығы мен үйлесімді қызмет атқаруын ескере отырып, қоғам қабылдаған мінез-құлық нормалары мен құндылықтар жүйесіне сәйкес келетін жеке адамның мінез-құлқын қамтамасыз етуді мақсат тұтатын түрлі әрекеттер мен санкциялар, ынталандырулар мен марапаттар арқылы жүзеге асырылады. Басқаша айтқанда, әлеуметтік бақылау топтағы конформизмді қалыптастырады. Адамның кез келген мінез-құлқы мен әрекеттері бақылауға жата бермейді. Әрбір адамның қоғамның түріне, топтағы қоян-қолтық қызметке, оның институттарының сипатына, жеке адамның топтағы ұстанатын позициясына қарай кең немесе тар болатын белгілі бір жеке аясы болады. Осынау іс-әрекет тұтас топты қаншалықты маңызды қозғайтын болса, оған қарсы қуғын-сүргін де соншалықты салмақты болады.