Хасен Өралтайдың жылына орай мына естелікті жолдап отырмын. Кәдеге жаратар болсаң, алдын ала ескертерсің. Т. Ж



бет2/7
Дата27.12.2016
өлшемі1,22 Mb.
#5604
1   2   3   4   5   6   7

Онда: Халық комиссарлар комиссариатының әлеуметтік мәдениет бөлімінің кеңесшісі Барлыбаевқа – ет дайындау жоспарын кеміту туралы кеңес беріппін. Барлыбаевпен мен Шомбалов Мәжиттің үйінде кездейсоқ кездестім. Өкінішке орай Әлиханов пен Барлыбаевтің үй-ішімен дастархандас болдым. Мен оларды сал боп ауырып жатқан Шомбаловтың семьясымен бірге қонаққа шақырдым. Әлихановтар жауап ретінде бізді шақырды. Адамға тән осалдық жасап біраз ішімдік іштік. Тек Шомбалов қана сырқатын сылтауратып бас тартты. Көтеріңкі көңіл-күй үстінде қонақтарымның көңілін табу үшін қоғамдық сипаттағы сөздерді де айтсам керек. Әлихановтың мал шаруашылығына сіңірген ерен еңбегін асыра мақтап, ет жоспарын орындап қана қоймай, мал басын сақтау да керек дегенді айттым. Сол бір мылжың сөздердің саяси астар алғанына таңмын.

Барлыбаевтің бұл сөзінде не мән-мағына бар? Бұл жөнінде мынаны айтқым келеді. Әлиханов түрмеден шыққанша менімен бір камерада отырды. Сонда: «Барлыбаев неге ұсталмады? Оның «Алашордадағы» қызметі бәріне белгілі емес пе? Мен кез-келген адамды, Барлыбаевты да аунатып түсіре аламын, бізбен байланысы бар десем жетіп жатыр», деп соңын қалжыңға айналдырды. Оның Барлыбаевқа қарсы айтылған бұл әзілінің астарына мән бермеппін».

Жауаптың ыңғайына қарағанда Ф.-А.Әлиханов түрмеге қамалған соң Ә.Ермековпен бір камерада отырған. Тергеушілердің төселген әккі тәсілі бойынша Ф.-А.Әлиханов Ә.Ермековтен «сыр тартқан». Сондай-ақ Ә.Ермековтің: «Әлиханов түрмеден шыққанша менімен бір камерада отырды. Сонда: Барлыбаев неге ұсталмады? Оның «Алашордадағы» қызметі бәріне белгілі емес пе. Мен кез-келген адамды, Барлыбаевты да аунатып түсіре аламын, бізбен байланысы бар десем жетіп жатыр,– деп соңын қалжыңға айналдырды»,– деуіне қарағанда, бұл адам түрмеге белгілі бір тапсырманы орындау үшін кіргізілуі мүмкін. Оған мұның жалтақ та жеңілтек мінезі, сатушылық кәсібі ықпал еткен сияқты. Әдетте, құпия мекеме сондайларды шырғаға түсіруге епті келеді.

Ф.-А.Әлиханов (жалғасы): «Мұратбековті бұрыннан білемін. Ол Өскеменнің найманы болатын. 1922 жылы ГПУ-дің рұқсатымен Семейге келді, соңынан қайтадан Қытайға қашып кетті. Омарбеков туралы Мамырбаевтің қасында, не басқа бір жерде айтқан болуым керек. Маусым айының ортасында бейтаныс адам қой шаруашылығы мекемесін сұрады. Пролетар көшесіндегі кеңсені көрсеттім. Ол: Жұманов (Шомбалов – ?) пен Әлібековке жолығамын деді. Жұманов (Шомбалов) – дәріхана басқармасында, Әлібеков – Мәскеуде екенін айттым. Ол: қытайдағы Мұратбеков хат жазып, шақырып жатыр. Соған ГПУ-ден рұқсат алуға көмектесуге іздедім, деді. Мен бұл туралы Мамырбаев Төлеген мен Марсековке айттым. Мамырбаев мұны білетін сияқты көрінді. Мамырбаевтің қандайда бір хат немесе хабар алғанын білмеймін. Мұратбековтің ұлы Жиһанша Қызылордада тұрады. Оның әкесімен кездескісі келетін болуы мүмкін. Ермеков: Мұратбековтің Тарбағатай аймағындағы қазақтардың қозғалысынан жақсы мағлұмдар екенін білемін, кеңес беруге дайынмын. Бірақ қытайға хат жаза алмайсың. Ол Еуропа емес. Исаев Голощекиннің оң қолы. Мал шаруашылығының нашарлауы соның мойнында. Исаевтің ең оңды ісі – Қазақстанда азық-түліктің сатылуын қамтамасыз етті, деген сияқты пікір білдірді.

Алматыда нағашысы Наурызбаев Әшім деген болды. Ол Смағұловтың үйіне тоқтайтын. Менімен кездескенде Күдері тәтесінің тәркіленгенін айтты. Хакімжан Мамырбаевты Алматыға көшіп келіп, өзінің қарауында қызмет істеуге шақырды. Ермековтің ҚазГУ-дегі ағарту саласындағы әрекетіне келетін болсақ, ол шәкірттердің алдына бедел жинауға барын салатын, сөзге өте ықтиятты дайындалып, өзінің ойын нәзік әрі емеуірінмен сөйлейтін».

Бұл мәліметтер аталған адамдарға зиянын тигізді ме, жоқ па, ол сол дүдәмал күйінде қалды. Анығы, көрсетіндіде көрсетілген Ә.Ермековтен басқалары бұл жолғы «қамақ науқанына» ілінбепті.

Ф.Әлиханов (жалғасы): «Ермеков орыс интеллигенциясымен бәсекелес болатын. ҚазГУ-де ол өзінің қызметкерлерін қорғаштаумен болды. Ол өзінің әйеліне: сендерді қалай жақтырмаймын десеңші, деп айтып отыратын. Ермековтің өзінің айтуынша, ол ректор Асфандияровпен өте жақсы болатын. Мен өзім ешқашанда қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық ұйымына қатысқан емеспін. Өзім Ермековтің ықпалына түскен емеспін. Ұйым мүшелері маған белгілі емес…».

Иә, өзінің әйеліне:«Сендерді қалай жақтырмаймын десеңші!»,– дегеннен артық ұлтшылдық бар ма?!. Ол кезде бұл, әдептен асқандық емес, әшкерелеудің нағыз өзі болатын. Өзіңнің әйелің мен балаңды өзіңе тыңшы етіп қою – таптық қырағылықтың қатарына саналатын. Оған Ғазиз Мұрзин мен Елдес Омаровтың жамағаттарының жаманаты дәлел. Ал Әлімхан Ермековтің соңынан ондай сыбыс ермеді. Тергеудің ұлттық сыпат алып бара жатқанын аңғарған Ә.Ермеков өзінің жауабының жалғасын пролетариат көсеміне деген құрметін баса көрсетумен аяқтайды. Мұндағы мақсаты, Ә.Бөкейхановтың тәсілін қолданып, Ленинді алдыға салып, сес көрсетіп қалу, мысын басу болса керек. Мұның ешқандай айып-шамы жоқ, еркіндікке бастайтын қандай да бір тәуекел мен амал өзін-өзі толық ақтайтыны анық.

Ә.Ермеков (жалғасы): «Мен қазір революцияның ұлы авторымен (көсемі – Т.Ж.) жүздескен тірі куәнің бірімін. Сондықтан да революцияның асқақ атын жамылған осындай адамдарды жек көремін. Мені: теоретик ретінде Ленинді оппортунист деп айтты – деген әлдекімнің көрсетуі жалпы қисынға келетінін мойындаймын. Әлемдік пролетариат пен езілген халықтардың ұлы көсемін көріп, тілдесу бақытына ие болған адаммын. Ол өзінің: патриархарлық, рулық даму сатысында кенжелеп қалған ұлттардың капитализмге соқпай социализмге бірден өту мүмкіндігі туралы формуласын жариялаған 20-жылғы Коминтерннің екінші құрылтайының салтанатты ашылуына мейман ретінде мен де қатыстым. Оның делегаттарға солшылдық дерті туралы айтқан атақты сөзін ерекше құрметпен еске аламын. 20-жылы оның өзі төрағалық еткен мәжілісте жасаған баяндамасында: казак тұрғындары арасындағы жалдамалы батырақтардан ауыл шаруашылық коммунасын құрып, жерінен айырылмаған шаруаларды ауыл шаруашылық машиналарымен қамтамасыз ету туралы айтып тұрып, маған көзі түсіп кеткенде қолын мен жаққа сермеп тұрып: қазақтарға ауыл шаруашылық коммунасын құруға әлі ерте – дегенінде қатты шамырқанып кеттім, алдыңғы ұсынысымның жайшылық екенін түсіндім. Артта қалған халықтардың өкіліне қалай көңіл бөліп, қандай жауапкершілікпен қарайтынына сонда көзім жетті».

Ленин дәл тауып айтқанындай, «қазақтарға ауыл шаруашылық коммунасын құруға әлі ерте» еді. Ал Сталин мен Қужаққа – Голощекинге, қазақтар коллективтендіруден кеш қалған сияқты көрінді. Алдағы қойылатын жер, мойынсерік, территория туралы сұрақтардың аңысын аңғаратындай осы көрсетіндісінде Ә.Ермеков жалпы саяси оқиғаларға да баға бере кетеді және ретін тауып кеңес өкіметінің саясатына іштартатынын да кіріктіріп отырған.

Ә.Ермеков (жалғасы): «Әлі есімде, Астрахань облысындағы қазақтар көп тұратын жағалауды Қазақстанның құрамына беру туралы үлкен даулы мәселе қызу талқыланды. Патша үкіметі қазақтарды теңізге жібермеу үшін олардан бұл жерді тартып алып, он верстка сияқты түрлі экономикалық шектеу қойып, казактарды қоныстандырған болатын. Міне, осыған байланысты Астрахань губерниясының НКВД өкілі, Азық-түлік халық комиссариатының қамтамасыз ету орталығы, владимирліктер мені жан-жақтан қыспаққа алып, бүкілодақтық маңызы бар деп әр нәрсені сылтауратып, сан-саққа жүгіртіп, табандап тұрып алды. В.И.Ленин ықыласпен тыңдап отырды да маған: Астрахань губерниясы сияқты Қазақстан да одақтың бір бөлігі. Қазақтар басым тұратын жердегі шаруашылыққа көмектесуді де, азық-түлікпен қамдауды да одақ мойнына алады – деді. Реплика жасаған кезімде Закурский мені жағамнан алып, қабырғаға тірей итергенде Владимир Ильич маған араша түсті. Астрахань губерниялық атқару комитетінің төрағасы мен НКВД өкілі губерниядағы тұрғындардың арақатынасын көрсететін нақты статистикалық есептің жоқтығын айтты. Бұған: халықтың арақатынасын білу үшін онда барудың да, статистикалық есептің де керегі жоқ. Москваны мысалға алыңыз. Мұнда қай халықтың қанша өкілі бар екенін ешкімде білмейді. Бірақ бәрі де қамтамасыз етіледі – деді.

Маған жұдырығын ала жүгіргендердің әрекетін бүгін еске алу күлкілі, болмашы бұзақылықты сөз еткендей көрінгенімен де, В.И.Лениннің бейнесі мен өзім көрген осы бір өмірлік шындық маған ұмытпас әсер қалдырды. Ленин туралы жоғарыда мен айтты деген адамның қияли сөзіне әсерленгенсіп, солай дедім бе, жоқ па деп еске түсіруге тырысудың, жауап берудің өзі күлкі тудырады. Тек айтарым, бүгінгі оппозициядағылардың көзқарасын ешқашанда бөліскен емеспін».

Тергеушіге көрсетілген бұл «сестің» қуаты бір айға жетті. Жоғарыда көрсетілгеніндей, басы қарындашпен, ал аяққы беттері машинкаға басылған:



«15/ХІ-1930 жыл. Мен өзімнің көрсетінділерімде бұрынырақта өтіп кеткен оқиғаларды қамтитын болғандықтан да, жылдардың реті мен кейбір көріністердің орыны ауысып кетуі мүмкін екенін ескертемін»,– деп басталатын көрсетіндісін жазуға мәжбүр етті.

Ол «орыны ауысып кеткен» сөздерді өткенін ұмытқандықтан емес, «Алашорда» мен Колчакқа және Уақытша құрылтай үкіметіне қатысты кезеңдерді еске салмаудың амалын көздеп, жорта қағыс қалдырған. Сөйтіп ол өзінің өмірбаянын кеңес өкіметі орнаған тұстан бастап:

«1919 жылы ақпан төңкерісінен кейін мен Семей губерниясының земство басқармасының мүшесі болып қызмет істедім. Тікелей жер бөлімін басқардым, бұдан басқа маған оқу-ағарту саласына жетекшілік ету жүктелді»,– деп, жорта із тастаған.

Алайда, түрме тергеуі барған сайын көні кебетін Бальзактың шегірен былғарысы сияқты, күн өткен сайын алқымнан алып қыса берді. Ол тұзақтан құтылудың жолы – қандай қылмыс тағылса да мойындап тыну ғана болатын. Алдыңғы жауаптардың негізінде Ә.Ермековке 1930 жылы 7-желтоқсан күні ресми түрде айып тағылады. Ол бұл өкімді мойындамайтыны туралы қарсылық білдіріп Қазақ АССР Атқару Комитетінің төралқасына шағым жолдады. І томның 479-бетіне тіркелген, 15 қараша күнгі жауабын сөзбе сөзге жуық қайталаған бұл шағымның бірнеше көшірмесі тігілген. Ол шағым:



«КССР Орталық Атқару Комитетінің мүшесі Ермеков Әлімханнан Өтініш

ПП ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілінің 1930 жылы 22 қыркүйек күнгі өкімі бойынша мен түрмеге қамалдым. Тек 7-желтоқсан күні ғана нақты айғақтар келтірілместен маған ҚК-нің 57 7, 58 11, 59 3 баптарына сәйкестендірілген, шамамен: а) кеңес өкіметінің шараларын кеңес және партия жұмыстарында бұрмалап қолданғаны үшін; в) басмашылармен байланысы үшін; с) контрреволюциялық ұйым құруға талпынғаны үшін деген мағынадағы айып тағылғаны хабарланды.

Бұл айтылған «нақты деректер» мені қызықтырмайды, өйткені ондай оқиға өмірде болған емес. Бастапқыда мен тұтқындалуымның себебін түсініспестік болған шығар, әлдебір саяси науқанға қатысты шығар деп ойлағанмын. Міне, тұтқындалғаннан бері төрт айдан асып барады, әлгі «түсініспестігім» мені денсаулық тұрғысынан да, адамгершілік тұрғысынан да кеміріп жеп барады. Сондықтан да мен: маған тағылған ешқандай нақты дерексіз айыптауларға түсінік беретін өмірбаяндық сипаттағы кейбір мәліметтерді, саяси және тәжірибелік істерімді Казаткомның Президиумына баяндап беруге мәжбүр болып отырмын», деп басталады.
2.
Бұл өтініші Қазақ Атқару Комитетінің алқасына жетті ме, жоқ па, ол жағы беймағлұм. Жеткен күннің өзінде Ораз Исаев сияқты дәбірлер ештеңе істей алмайтын. Сондықтан да бұл арыз тергеушінің, ары кетсе Орталық Комитеттің бақылау бөлімінің тартпасынан орын тапқан сияқты. Бұдан кейін жауаптың аңысы өзгеріп, өмірбаяндық сыпат алады.

Ә.Ермеков (жалғасы): «Революцияға дейін оқу оқыдым, оқығанда да орта және жоғары оқу орнына төленетін қаржыны өзімнің маңдай теріммен таптым. Төңкерістен бергі менің қызмет баспалдағым мынадай: Облыстық қоғамдық мекемелердің атқару комитетінің президиум мүшесі, Қазақ облыстық комитетінің мүшесі, жұмысшы, солдат және шаруа кеңесі облыстық атқару комитетінің мүшесі, Бүкілқазақтық «Алашорда» халық кеңесінің орталық кеңесінің мүшесі, губерниялық земство басқармасының меңгерушісі, Корниловтың тұсында губерниялық революциялық комитеттің мүшесі, Колчак талқандалғаннан соң губерниялық революциялық комитеттің мүшесі және ВЦИК-тің жанындағы Қазақ революциялық әскери комитетінің өкілдігінің төрағасының міндетін атқарушы, губкомның және мемлекеттік жоспарлау мекемесінің төрағасының орынбасары міндеттерін педагогикалық жұмыспен ұштастырып келдім. Ауыл шаруашылығы банкісінің басқарма мүшесі болдым, соңғы төрт жылда тек қана жоғары оқу орындарында істеп келемін. Тұтқындалған кезде Қазақ мемлекеттік университетінің математика кафедрасының доценті боп істедім. ҚССР кеңесінің соңғы екі құрылтайында ҚССР Аткомының мүшесі болып сайландым»,– деп мағлұмат берген.

Бұл қызметтердің барлығы 1918-1920 жылдардың арасындағы қысқа мерзімді қамтығандықтан да, анкеталық анықтама ретінде:

Әлімхан Ермеков: – 1891 жылы Семей облысы Қарқаралы уезінде туған. 1898 жылы Қарқаралыдағы үш жылдық орыс мектебіне, 1905 Семейдегі мұғалімдер гимназиясына, 1912 жылы Томскі технология институтының матеметика факультетіне түскен (оны 1922 жылы тәмәмдаған), – деген деректі қосымша ұсына кетеміз.

Оның бұдан кейінгі мағлұматтары алдыңғы көрсетінділерде баяндалған жайларды қайталайды. Сондықтан да жылнамалық тәртіпті сақтау үшін қарашадағы жауапты назарға алдық.


Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Алашорданың» жүргізген ісіне тоқталып жатпай-ақ, оның бір мүшесі ретінде менің кейінгі іс-әрекетімнің бағытын өзгерткен тарихи тәжірибеме тоқталсам да жеткілікті».

Бұл «тарихи тәжірибе» – 1917 жылы 21-26 шілде күндері өткен І Бүкілқазақ құрылтайына Семей облысынан өкіл боп сайлануынан, ал оның дербес саяси жанталасқан күресі 1917 жылғы 9 қазан күнгі Сібір облыстық құрылтайындағы:



«Сібір халықтарының арасында өзара ынтымақтастық болған жоқ, әр ұлт өзінше өмір сүрді, ортақ мүдделері анықталмады. Енді біз өз өмірімізді өзіміз игеруге мүмкіндік туғанда, бүкіл Сібір жұрты өзінің мұқтаждықтары туралы бар дауыспен арындай айтуы үшін барлық ұлттардың тұтастығы аса қажет»,– деген (Д.Аманжолова,. На изломе. А. 2009. 181-бет) деген ұранмен басталды.

Сібір құрылтайында қазақ ұлтының дербес мемлекеттігі мен ұлттық автономиясы, «жер автономиясы», «мәдени автономия», экономикалық автономиялық құрылым туралы Ә.Бөкейхановтың баяндамасы арқылы тұңғыш рет саяси мінбеде талқыға ұсынылды. Екеуінің үзеңгілестігі осыдан кейін ажыраған жоқ. Алаш автономиясына қатысты барлық саяси талқыда солармен бірге тезге түсті. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында өткен ІІ Бүкілқазақ құрылтайында үкімет мүшелігіне сайланды. Сөйтіп: «Мемлекеттіктің негізі:1. Жеке территория үшін. 2. Онда тұратын ұлттың. 3. Елді билейтін үкіметтің» атынан саяси сахнаға шықты.

Жалаң идеядан басқа қаруы жоқ алаш үкіметінің жалтаңкөз болмасқа шарасы да жоқ еді. Күнде болмаса да ай сайын аударылып-төңкеріліп тұрған үкіметтердің аранын арбап, ұлтты қырғыннан аман алып қалу мақсатында, аятолла Хомейни айтқандай, «шайтанның да тілін тауып, дос болуға» тура келді. Алаш автономиясын мойындауға ықылас білдіріп:

«1918 жылы 2 көкек күні Ленин мен Сталин екеуі «Алашорда» үкіметінің мүшелері Ә.Бөкейхановпен, Х.Ғаббасовпен және Ә.Ермековпен тікелей байланысқа шықты» (Владимир Ильич Ленин. Биографическая хроника. М. 1974 стр. 352).

Кеңес өкіметінің ондағы мақсаты Қазақ даласын басқару жөніндегі әскери-революциялық кеңестің төрағасы С.С.Пестковскийдің айтуынша:



«Енді Түркістанға Еуропаның Азиядағы қақпасы болуы ғана қалды, социалистік идея мен саяси еркіндіктің тасқыны кеңестік Ресейден, әлемдік революцияның қазіргі отанынан Түркістан арқылы Азияға ағылуға тиісті... Түркістанның мұсылмандарын қаратса, Ауғанстан мен Персия да бағынады, ал оның ар жағында Монғолия мен Индияға да жол ашылатын» еді.

Төңкерістің қазақ даласындағы І Петрі, қазақ елінің кеңестік көсемі Пестковскийдің арманы, міне, осындай болатын. Сондықтан да «Алашорда» үкіметі кеңес өкіметін алдарқата отырып Сібір үкіметімен де, Құрылтай үкіметімен де ресми байланыс жасап, келісім жүргізуге мәжбүр болды. Қалайда қазақ автономиясының мойындалуына мүдделі тұста Әлихан Бөкейханов тағы да Әлімхан Ермековті жау мен даудың өтіне шығарды. Одан басқа шара да қалмаған еді.

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «1917-1919. Бұл әскерилердің колчаковшылар мен атамановшылардың билеп тұрған кезі болатын. Жазалау отрядтары, зорлық-зомбылық, дала-әскери соты жаппай орын алған еді. Жұмысшылармен, шаруалармен бірге сорлы қазақ елі де майдан даласына тән террорды, езгіні, басынуды бастарынан кешті. Губерниялық, уездік жер басқармаларының мүшелерін, «Алаштың» орталық кеңесін тұтқындау күн өткен сайын жиілей берді. Олардың кейбіреулері әскери-дала сотына беріліп, дарға асылуға дейінгі жаза қолданылды. «Алашорданың» мүшесі Ақбаев (Ж.Ақбаев Т.Ж.) «большевиктердің төңкерісіне көмектесу үшін қару жасырғаны үшін» ату жазасына кесілді».

Төрт жақтан: Кеңес өкіметінің, Сібір уақытша үкіметінің, Құрылтай мәжілісі үкіметінің және ішкі большевиктік бағыттағы кеңесшіл депутаттар мен казактар жүздігі тарапынан алқымға алынып, таланға түскен қазақ елін қалайда қорғап қалу үшін, қалыптасқан жағдайға байланысты шұғыл түрде саяси бұрылыстар жасап отыруға тура келді. Сеніп отырған Семейдегі кеңес өкіметі 18 мамыр күнгі қазақ құрылтайын қызыл әскер күшімен таратып, көсемдерін қудалауға кірісті. Алаш қаласы:



«Қаңырап бос қалды, ондағы барлық қазақ тұрғындары қырға шығып кетті. Қызыл әскерлер жаппай тонауға кірісіп кетті, бір тал бауырсақты да қалдырмады».

Бұған қарсы жауап ретінде «Алашорда» үкіметі:



«Алаш автономиясының территориясында кеңес өкіметінің барлық декреттері заңсыз, орындауға жатпайды»,– деген қаулы қабылдады.

Капитан Х.Тоқтамышев басқарған «Алашорда» жасағы Ертістің қыр жағалауындағы Алаш қаласын қорғанысқа алды, әскери іске Х.Ғаббасов, Б.Сәрсенов, М.Тынышбаев, А.Тұрлыбаев, Б.Маметов астыртын жетекшілік етті. Ә.Ермеков саяси мәселелермен айналысу үшін қалада қалды. Достықтан дұшпандыққа бет алған совдеп мүшесі Е.А.Самойлов бұл қарбалас туралы:



«... кеңес өкіметі құлауға тақаған сайын оған қарсы қолданылған шаралар да үрейге толы болды, қазақтардың шабуылынан қорғану үшін қоршаулы қалқан тұрғызылды, төңкерістен бір ай бұрын түнде Ертістің жағалауына қаз-қатар шеп құрып, қыбырлаған қайықты ескертусіз атуға бұйрық берілді, соңғы аптада параходтар түнде қазақ жағалауына прожектор жарығын түсіріп тұрды. Шындығын айтқанда, біздің совдеп қазақтардан қатты қорықты»,– деп жазды.

Ақыры, 11-шілде күні Семейде кеңес құлады да Сібір уақытша үкіметі енді кеңес өкіметімен келісім жүргізген алаш көсемдерін жаппай жазалауға көшті. Жақып Ақбаевті 7- шілде күні тұтқындап, 10- шілде күні Колчактың әскери-далалық соты өлім жазасына кесті. Ыдырыс Мұстамбаев та дар алдынан қайтты. Ә.Бөкейхановтың жарлығымен: автономияның жерін уақытша пайдалану туралы қарар шықты, жерге жеке меншік жойылды, қазақ сот құрылымы бекітілді. Сөйтіп:



«Біз өзіміздің автономиямызды өз күшімізбен қорғаймыз және Ресейді немістер мен большевиктердің зорлығынан қорғап, Ұлы Федеративтік Ресей республикасын құруға ұмтылған бүкілресейлік өкіметке қарымды көмек көрсетеміз»,– деп жариялады (Д.Аманжолова,. На изломе. А. 2009. 224-бет).

«Алашорданың» бұл бағытына Сібір уақытша үкіметі басқаша «жауап берді».

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Омбыда келісім жүргізіп жатқан кезінде «Алашорданың» төрағасы Бөкейхановтың өзі де тұтқынға алынды. Жергілікті газеттерде губерниялық жер басқармасының мүшелерін большевиктерге бүйректері бұрады деп әшкерелеп жатты (Семейде шығып тұрған «Речь» газетін қараңыз)».

Бұған қоса Сібір Далалық корпусының командирі П.Иванов-Ринов Семей облысындағы барлық кәсіпорындарды үкімет меншігіне алып, «Алашорданың» қаулыларын жоққа шығарды.

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Ақырында он алтыншы жылғы көтеріліс кезінде Жизақ қаласы тұрғындарының бірін қалдырмай қырып-жойғаны үшін «Жизақтық» деп атанып кеткен Колчак диктатурасының әскери министрі ИвановРинов тек «Алаш» автономиясы мәселесін көтергені үшін ғана қазақ (сол кездегіше айтсақ қырғыз) зиялыларының бірін қалдырмай қырып тастау туралы жобасын ұсынды, ол: ақсақалдарды медальмен, шен-шекпенмен жарылқай отырып та қыр елін билеуге болады деп ойлады. «Алашорданың» қызметінде де қиыспайтын қайшылықтар толып жатты. Мысалы, сол кезде Колчакқа «Батыс Алашорданың ақсақалы» атағын беру туралы ұсыныс та жасалды. Бұл жөнінде: «Алашорданы» «Ералашорда» деп атаған Сібір үкіметінің пікірі шындыққа келетін».

Мұндай қанды да қатерлі қарбалас тұсында саяси мәмілегерліктің салмағы зейіні зерек, ширақ та батыл, еркін ойлы өжет азамат Әлімханға түсті. Ал Райымжан Марсеков: 1) Алаш жасағын. 2) Алаш сотын «Алашорда» құрамында дербес қалдыру мәселесін көтерді. Облыстық комиссар Г.Г.Крот 9-шілде күні Р.Марсеков пен С.Дүйсенбинді «сотпен тергеу ісін» тоқтатпау үшін комиссия құрамына енгізді. 1918 жылы 10-шілде күні Сібір үкіметінің Батыс-Сібір комиссариатына Мәмілегерлік ұсыныс хатын тапсырды. Онда:



«Ресей халқы мен шет аймақтағы ұлттардың саяси өрлеуіне негіз қалаған ақпан төңкерісінің жеңістерін қорғайтын Сібір үкіметін қыр елі де жан-жақты қолдайтынын білдіре келіп, Сібір Уақытша үкіметіне: ІІ Бүкілқазақ құрылтайы бекіткен Алаш автономиясының ұлттық-территориялық тұтастығын мойындау, шекаралық тұрғындардың пікірлерімен санаса отырып шешілетін жер мәселесін заңды түрде тану туралы жоба ұсынылды».

1918 жылдың 29-30 шілдесінде және 2-3 тамызда Сібір Уақытша үкіметінің халық ағарту министрі В.В.Сапожниковтың төрағалық етуімен, құрамында әскери мекеменің өкілі В.Л.Попов, Ішкі істер министрінің орынбасары П.Д.Михайлов, жер және отарлау министрлігінің өкілі А.М.Яромыш, «Алашорданың» жетекшісі Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков және капитан Х.Тоқтамышев автономия жобасын талқылады. «Алашорданың» қазақ жеріндегі бірден-бір және ешқандай қол сұғуға жатпайтын мемлекеттік орындаушы құрылым ретінде танылуы – «Алашорда» үкіметі тарпынан шұғыл шара қолдануды талап етті. Ең бастысы өзінің мемлекеттік қуатын көрсету үшін Сібір армиясы қару-жарақпен қамтамасыз еткен алаш полкі жасақталып, Жетісу майданына аттанып кетті. Бірақ бұл да әскери және саяси арандату болып шықты. «Алашорда» әскерінің майдандағы беделінің өсуіне байланысты ұлттық құрылым мәселесі үздік-создық талқыланып, ақыры үкімет кеңесшісі К.Г.Дишлер:



«Алашорданың» талабы аса зор, бірақ нақты негіз жоқ. Егерде ұсынған жобаны комиссия қабылдайтын болса, онда Сібір Уақытша үкіметінің көмегімен жаңа мемлекеттік тұлға өмірге келетін болады, ал мұны мен заңдық тұрғыдан қате, саяси тұрғыдан мақсатсыз шара деп есептеймін»,– деп (сонда, 235-бет) қорытынды шығарды.

Ал «Сибирская речь» газеті:



«Тек өзін-өзі құртуға бет алған мемлекет қана бұратаналардың мұндай жікшілдігімен өз еркімен келісуі мүмкін... Тек қана олардың мәдени-ұлттық қажетін өтеумен шектелген дұрыс... Олардың талаптарын орындамаған жағдайда «Алашорданың» Сібірмен одақтастығын үзетіні және өз беттерінше автономия жариялайтыны туралы көрсеткен сесі мәмілеге қол жеткізетін тактикалық қадам емес»,– деп (сонда, 235-бет) бағалады.

Колчактың қырғи қабағын аңғарған «Алашорда» үкіметі жоғарыда көрсетілген жобаны қабылдаған Самара Құрылтай мәжілісі үкіметімен (Комуч) саяси одақтасуға ұмтылды. 1918 жылы 25-қыркүйекте Комучті алмастырған Уақытша Бүкілроссиялық үкімет – Директория: «Алашорда» үкіметін тану туралы Декларация қабылдады. «Алашорданың» атынан Декларацияға Ә.Бөкейханов пен И.Әлімбеков қол қойды. Ол туралы Комуч мүшесі И.Майский:



«Самараға, тіпті, Сібір үкіметімен тіл табыса алмаған Комитеттен өздерінің «Алашордасын» саяси тануды қалаған және қару-жарақ алғысы келген қазақтар да келді», – деп өктем үнмен жазды (сонда, 252-бет).

Шындығында да бұл «Алашорда» үшін ең жауапты әрі ауыр кезең еді. Анталаған араннан қалай да қорғансыз елін арашалап қалу мақсатында барған саяси қадам болатын. Ашынған Колчак та, Комуч та екі иығын жұлып жеген таланды ұрғашы арыстандай ызалы, қатыгез, жау мен досты айыра алмайтындай қандыкөз күйге түсіп еді.

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): Колчактың жанталасы, өлім алдындағы ант мезгілі басталды. Біз, земство қызметкерлері, ұлттық кадрлар осындай от пен судың сынағынан тәжірибе ала отырып, қазақ төңкерісі тұсындағы ұстанымдарымызға, Сібірде төңкеріс жасаған эсершіл чех-словак әскеріне іш тартқан әрекеттерімізге сын көзбен қарауымыз керектігін түсіндік. Террор барған сайын күшейе түсті, бұдан әрі қалада қалу өмірімізге қауіп төндірді. Семейдегі төңкерістен бірнеше күн бұрын далалық әскерлер шегіне қалған жағдайда көзі құртылуға тиісті адамдардың тізімі тұрғындарға таратылды. Тізімнің ішінде біздің де атымыз бар екен-мыс. Сондықтан да мәжілісте: қызыл армия келгенше қырға шығып кету керек, ал Семейдегі төңкеріс басылғаннан кейін қалаға қайтып оралу керек деп шештік. Бірақ Семейге қайтып келу де қиын болатын. Өйткені: қазан төңкерісіне деген теріс ұстаным, чех-словак эсэрлерінің әскеріне көрсетілген көмек, құрылтай Мәжілісін қолдау (Ресей ұлтшылдарының үкіметі Т.Ж.) «Алашорданың» бетіне шіркеу түсірген болатын. Соған қарамастан: ешкім де Қазақстаннан тыс жерге кетпесін, ешкімде шекара асып шет елге өтпесін, Бөкейхановтан басқаларының барлығы Семейге қайтып келсін, деп ұйғарым жасадық».

Уақытша Бүкілроссиялық үкіметтің – Директорияның талқылауы арасында 11-қыркүйек күні «Алашорданың» төтенше кеңесін өткізді. Оған Ә.Бөкейханов, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер, М.Тынышбаев, А.Бірімжанов, Ә.Ермеков, У.Танашев қатысып, «Ойыл уәлаяты» «Алашорда» автономиясымен ресми біріктіріліп, «Алашорданың» Шығыс және Батыс бөлімдері құрылды. Омбыда өткен Директорияның 4-қараша күнгі қарары бойынша «Алашорданы» территориялық басқару құқы ғана мойындалып, автономия туралы шешімі күшін жойды. Қалыптасқан әскери жағдай мәжбүр ете қалса, Қазақ – Башқұрт республикасын құру жөнінде Заки Валидовпен шарт жасасты. Мұндағы мақсат – әскери қуаты күшті, Ленин мен Сталин сескене қараған Башқұрт республикасымен бірігіп, «Алашорданың» мысын көтеру, Орынбор мен Орынбор облысын өзіне қаратудың амалы еді. Егерде бұл территория РСФСР-дің құрамына қарап кетсе, Башқұрт, Татар, Қазақ республикаларының арасы бөлініп, түркі жұртының іргесі ажырап кету қаупі туатын. Енді саясат сахнасына құқықтық-басқару мәселесі туралы қисындар шықты. Қызыл әскердің қысымы күшейіп, басымдылық таныта бастады. Саясат сахнасына тағы да кеңес өкіметі шықты.

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Бұл шешімге тоқтам жасатқан: төңкеріс тұсында жинақталған ауыр тәжірибелер мен Колчак пен қаптаған атамандардың кезіндегі террорлық зорлық-зомбылық еді. Сонымен қатар, кеңес өкіметінің халықтардың ерікті құқығы туралы декларациясы, «Алашорданың» кейбір мүшелерінің Москвадағы тікелей келісімдері, «Алашорданың» Семейдегі бөлімі мен Москваның арасындағы тікелей байланыстың нәтижелері де ықпал жасады. Дутовтың бандыларының арасынан екі-үш адамдық шағын топпен қалаға кірдік. Қалаға кірісімен Сібір ревкомының мүшесі жолд. Косаревтің (қазір ОК-тің мүшесі) губерниялық үкіметті құрып, жетекшілік ету үшін Семейге келгенін естідім. «Алашорда» мүшелерінің ішінде жалғыз мен ғана қалада екенмін, сондықтан да жалғыз өзім шұғыл түрде Косарев жолдасқа бардым. Мен оны «Алашорданың» іс-әрекетімен қысқаша таныстырып өттім. Қазіргі жағдайда қабылданған шешім мен өзімнің келу мақсатымды баян еттім. Косарев жұмысшы қазақтармен бірнеше рет бас қосу өткізді де, солардың келісімімен мені губревкомның құрамына енгізді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет