Хатшыбай Жанарбек «Заманалық заңғар тұлға»



Дата17.06.2018
өлшемі57,5 Kb.
#42580
Ақмола облысы

Целиноград ауданы

Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Хатшыбай Жанарбек


«Заманалық заңғар тұлға»

(М.Әуезовтің 116 жылдығына орай)


1-жүргізуші:

Туған халқын төрткүл дүниеге мәшһүр еткен ұлы суреткер Мұхтар Омарханұлы Әуезов - кемел ойдың кеніші, кенен сөздің өрісі. Қазақ әдебиетінің барлық жанрына тұңғыш рет қалам тартып, бәрін игеріп, сол арқылы тіліміздің шұрайын, еліміздің шырайын танытқан қарымды қаламгер, дарынды ғалым. Ұлы жазушы, данышпан ойшыл, ғұлама ғалым, асыл азамат Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына биыл 116 жыл толып отыр.



2-жүргізуші:

Дүниеге қазақ перзенті болып туып, адамзат перзенті болып аттанған М.О.Әуезов тағдыры – талай ақиқатқа қапысыз көз жеткізетін тағылым мектебі. Заманмен бірге тебіреніп, мәңгілікпен үндесе білудің айқын өнегесі.


Ол талай жер теңселтіп, ел сенделткен әлеуметтік сілкіністердің, қиялды қысыратып, сананы тоқыратқан түбегейлі өзгерістердің жаппай теңдікке ұмтылып, елдікке құлшынған рухани буырқаныстар кезеңі болып, тарих қойнауына аттанғалы отырған жиырмасыншы ғасырмен жарық дүниеге бірге келді.

1-жүргізуші:

Қазақ халқы жаңа ХХ ғасыр табалдырығынан Абай секілді хас данышпанды алдына салып аттады. Осынау зорлық көрген сайын молыға түскен өнер қуаты, соның шырқау шыңына айналған Абай мұрасы ұлттық санамызды мейлінше кемелдендіріп, жаңа рухани ізденістерге жігерлендірді. Елдің тағдырына қатысты күрделі мәселелерді алға тартты. Ұлттық сезім ұлттық санаға айналды.



2-жүргізуші:

Әуезов өмірі мен еңбегінің халық үшін қаншалықты маңызды болғанын кейін тарихтың өзі дәлелдеді. Ол аласапыран кезеңдерде халқымыздың талай рет үзіліп қала жаздаған мәдени-рухани арқауына, ұлттық сана сезіміне дәнекер болып, кешегі күннен бүгінгі күнге аман жетуіне себепкер болды.


Олай болса, бүгінгі «Заманалық заңғар тұлға» тақырыбындағы кешімізді заңғар жазушының өмірі мен шығармашылығын толық тануға арнамақпыз.

1-жүргізуші:

Кешіміздің ашылу құрметіне 9-сынып оқушысы Нағашыбай Нұрсұлтанның орындауында «Көроғлы » күйін қарсы алыңыздар!


2 -жүргізуші:

Абайды Абай еткен Мұхтар ғана,

Мұхтарды Мұхтар еткен Абай дана,

Қазақтың қос арысы, қос данасы.

Қалайша бас имессің оған, сірә.

1-жүргізуші:

Абай - қазақ халқының ұлы ақыны, Шәкәрім - оның бауыры және ізбасары, ал Мұхтар – абайтанудың негізін қалаушы. Осы үш алып қазақ халқының мақтанышы мен абыройы.



2-жүргізуші:

Ендеше, ортаға ұлы тұлғаның өмір шежіресін таратуға бір топ оқушыларымызды шақыруға рұқсат етіңіздер!


1-оқушы: «Бала Мұхтардан дана Мұхтарға дейін» 9-сыныптан 3оқушы (слайд) 9сынып оқушылары

М.Әуезов өмірінің тарихи тізбесі


1897 - 28 қыркүйекте Семей уезі, Шыңғыс болысы, Бөріліде дүниеге келген.
2-оқушы: 1908 - Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан орыс мектебінің дайындық курсына ауысады.
3-оқушы: 1915 – қалалық училищені бітіріп, Семейдегі мұғалімдер семинариясына оқуға түседі.
1-оқушы: 1917 - маусымда М.Әуезовтің " Еңлік-Кебек" драмасы тұңғыш рет Ойқұдықта киіз үйде сахналанады.
2-оқушы: 1918 – қазанда Омбыдағы Жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның атқару комитетінің мүшесі болып сайланады.
3-оқушы: 1919 - Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітіріп, Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлімінің қызметкері, кейіннен бөлім меңгерушісі қызметін атқарады.
1-оқушы: 1921 – 12 тамызда Семей губерниялық атқару комитетінің төрағасы болып сайланады.
2-оқушы: 1921 – қарашада Орынбордағы Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің президиум мүшесі қызметіне ауысады.
3-оқушы: 1922 – күзде Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне еркін тыңдаушы болып түседі. «Шолпан» және «Сана» журналдарында еңбектері жарық көреді.
1-оқушы: 1923 - Ленинград Мемлекеттік Университетіндегі қоғамдық ғылымдар факультетінің тіл-әдебиет бөліміне оқуға түседі.
2-оқушы: 1924-1925 – Семейде мұғалімдер техникумында оқытушы қызметін атқара жүріп, «Таң» журналын шығарады. Ленинградқа қайтып барып, оқуын жалғастырады.
3-оқушы: 1928 - Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданды әрі Қазақ ағарту институтында сабақ берді.
1-оқушы: 1930 - 16 қыркүйекте «ұлтшыл, буржуазияшыл» деген айыппен тергеуге алынып, тұтқындалады.
2-оқушы: 1932 – түрмеден шартты түрде босатылады.
1932-1937 – Алматыдағы Қазақ драма театрында әдеби бөлім меңгерушісі қызметін атқарады.
3-оқушы: 1942 – «Абай жолы» жарық көріп, сынға ұшырайды.
1943 – Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасына профессор болып орналасып, өмірінің соңына дейін сонда дәріс оқыды.
1-оқушы: 1945-1956 – екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады.
2-оқушы: 1946 - Қазақстан Ғылым академиясы құрылғанда, оның толық мүшесі (академик, №1 куәлік) болып сайланады, филология ғылымдарының докторы, профессор атағы берілді.
3-оқушы: 1946-1947 - «Абай жолының» екінші кітабы жарық көреді.
1-оқушы: 1949 - «Абай жолы» романы үшін бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлық беріледі.
2-оқушы: 1950 - роман-эпопеяның «Ақын аға» аталатын үшінші кітабы жарық көреді.
3-оқушы: 1951—1954 - саяси-идеологиялық тұрғыдан тағы да қыспаққа алынып, қайтадан жаппай сынау науқаны басталады.
1-оқушы: 1953 – қамауға алыну қаупі төнгендіктен сәуір айында Мәскеуге жасырын кетуге мәжбүр болады.
2-оқушы: 1953-1954 - Мәскеу мемлекеттік университетінде профессор болып орналасып, «КСРО халықтары әдебиетінің тарихы» деген арнайы курс бойынша дәріс берді.
3-оқушы: 1954 - Алматыға қайтып оралып, «Абай жолы» роман-эпопеясын аяқтайды.
1-оқушы: 1955 – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланады.
2-оқушы: 1957 – тамызда Жапонияда өткен атом және сутегі бомбаларына тыйым салу жөніндегі бүкіләлемдік конференцияға қатысады.
3-оқушы: 1957- 60 жылдық мерейтойы Алматы мен Мәскеуде салтанатты түрде аталып өтіп, Ленин орденімен марапатталады.
1-оқушы: 1957-1961 – Тіл және әдебиет институтының халық ауыз әдебиеті бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады.
2- оқушы: 1961 - 27 маусымда Мәскеуде операция үстінде көз жұмады.
3-оқушы: Дүниеге қазақ перзентi болып туып, адамзат перзентi болып аттанған М. Әуезов тағдыры – талай ақиқатқа қапысыз көз жеткiзетiн тағылым мектебi. Заманамен бiрге тебiренiп, мәңгiлiкпен үндесе бiлудiң айқын өнегесi.

1-оқушы:
Әуезовтің драмалық шығармалары - қазақ әдебиетінің алтын жамбыдай қымбат, асыл шығармалары - біздің ұлттық мақтанышымыз.
Көрініс: «Көксерек» үзінді 10-сынып оқушылары
2-жүргізуші:

Жазушыға талай ақындар жүрек жарды сүйікті жырларын арнаған. Енді солардың бірқатарын оқушылардың өз ауыздарынан естиміз.

Сырбай Мәуленов «Мұқаңа», 9-сынып оқушысы Берденбек Ақерке

Мұхтар Шаханов «Менің есімімді неге Мұхтар қойған?

10- сынып оқушысы Ербол

«Мұхтар ағаға арнау» (авторлық өлең)

10-сынып оқушысы Салтанат

1-жүргізуші:

Бұл оқылған дүниелердің бәрі біз үшін құнды. Өзінің ғажайып таланты, асқан еңбекқорлығы арқасында халқына қалтқысыз қызмет еткен, көркем сөздің шыңына шығып, соңына мәңгі өлмес мұра қалдырған әлемге әйгілі жазушыны дәріптеу - біздің абыройлы міндетіміз деп танимыз.


Алдарыңызға орта буын оқушыларының Мұхтар ағаға деген арнауларын оқуға шақырамыз!

(5-7сынып оқушылары )



1-ші оқушы: Даңқы кеткен шығындап,
Дархан ойлы кемеңгер.
Елу жыл өтіп кетсе де,
Өлді деуге сенер ме ел!

2-ші оқушы: Мұнарадай қаланған,
Мұралары – ырыс, құт.
Көзіндей боп атаның,
Көрінеді тым ыстық.

3-ші оқушы:
Оқимыз да оны біз,
Ойға аламыз асылды.
Өшпейтін із қалдырып,
Өкшелеген ғасырды.

4-ші оқушы: Жарып шыққан күмбені,
Зерделі ойдың зергері.
Мұхтар ата бақытты,
Ескірмейтін сөздері.

5-ші оқушы: Кездерінде қолы бір сәт босаған,
Қиял ғана жан серігі дос оған.
Талай – талай туындыны әкелген,
Дүниеде терең ойлы осы адам.

6-шы оқушы: Кітаптан бейнеңізді күнде көріп,
Мақтанып, міне, біздің ата дедік.
Жазушы, сыншы, ғалым, драматург,
Болдыңыз, профессор, академик.

7-ші оқушы: Той бүгін жүз он алты жасқа толғаныңыз,
Жақсы еді ортамызда болғаныңыз.
Ажал да сізді жеңдім дей алмайды,
Көрінер өзіңіз боп томдарыңыз.

8-ші оқушы: Жеткен жоқ білімің мен жасың әлі,
Деп бізден томды үлкендер жасырады.
Біздердей жас жеткіншек ұрпағыңыз,
Тез өсіп, сізді оқуға асығады.

9-шы оқушы:
Әркімнің ақыл қосқан санасына,
Ел риза өзіңіздей данасына.
Халыққа сізше еңбек етсек дейміз,
Барғанда қоғамның әр саласына.
Әуезовтың «Жетім» әңгімесінен монолог оқуға ортаға Сая мен Әйгерімді шақырамыз.

Абайдың әні «Айттым сәлем Қаламқас» орындайтындар 11-сынып оқушылары Сержан мен Айгерім



1-жүргізуші:
Халқын ол қалқалап та, арқалап та,
Таратты ән мен сәнін шартарапқа.
«Мінін де», «мінезін де» жасырмады,
Қазақша: махаббат та, мархабат та.

2-жүргізуші:
Неге оған дүние түгіл таңданады?
Әлемдік өнер оның қорғағаны.
Ұлылығы – ұлттық қалпын сақтап,
Біреудің көшірмесі болмағаны.

1-жүргізуші:
Жер деп білген алты шар – құрылықта,
Айтпай қалай шыдарсың мұны жұртқа?
Аз халықтың өз орнын көрсетті ол,
Әлемдік өнер атты – ұлылықта!

2-жүргізуші:
«Әуезов әлемі» атты викториналық сайысымызды өткізу үшін ортаға 9-10 сынып оқушыларынан шақырамыз.
(Сайысқа қатысушылар екі топтан құралған. 1-топ: 9-сынып оқушылары, 2-топ: 10-сынып оқушылары )

(Әділ қазылармен таныстыру)

1-оқушы: Сайыстың шарты:
Сайыс үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде жазушының өмірі мен алған біліміне байланысты сұрақтар қойылса, екінші кезеңде жазушының шығармашылығы қамтылады, ал үшінші кезеңде шығармадағы кейіпкерлер мен шығармадан үзінділер келтіріледі. Әрбір кезең ұпаймен бағаланып отырады: 1-кезең – 10 ұпай, 2-кезең – 20 ұпай, 3-кезең – 30 ұпай.

2-оқушы: Әрбір топқа сұрақ беріледі, топ берілген сұрақтың жауабын дұрыс тапса ұпай еншілеріне бұйырады, ал таппаса сұрақтың жауабын айту кезегі келесі топқа бұйырады, олар тауып жатса ұпай соларға беріледі. Егер берілген сұрақтың жауабын екі топ та білмей жатса көрермендер ішінен жауап беруге рұқсат етіледі және дұрыс тауып жатса, сол ұпайды өзіне ұнаған топқа сыйлай алады. Ең көп ұпай жинаған топ жеңімпаз атанады.

Таныстыру. Екі топ өздерін таныстырады.

1-кезең 10 ұпай
Өмірбаяны

1-оқушы: (1-топқа)
1. Мұхтар Әуезовтің дүниеге келген күні. (28 қыркүйек)
2- оқушы: 2. Мұхтар Әуезовтің туған жері. (Бөрілі)
1-оқушы: 1. 1908 жылы қайда сабақ алды? (Семей медресесінде)
2-оқушы: 2. Ташкент мемлекеттік университетіне өз бетімен тыңдаушы болып қай жылы түседі? (1922ж.)
1-оқушы: 1. Мұхтардың анасының есімі. (Нұржамал)
2-оқушы: 2. Мұхтар Абайды көрген бе? (Иә, 6 жасынан атасының үйретуімен Абайдың өлеңдерін жаттап, оны ұлы ақынның өзіне айтып берген)
2-оқушы: (2-топқа)
1-оқушы: 1. 1908 жылы қайда оқиды? (Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқиды, одан орыс мектебінің дайындық курсына ауысады)
2-оқушы: 2. 1910 жылы қайда оқуға түседі?(Семей қаласының бес кластық орыс қазына училишесіне оқуға түседі)
1-оқушы: 1. Қай жылы тұтқындалады? (1930 ж. 16 қыркүйекте)
2-оқушы: 2. Қай жылы босатылады? (1932 жылы)
1-оқушы: 1. Қай жылы Семей губерниялық атқару комитетінде ұлттар бөлімінің меңгерушісі, онан соң төрағасы болды (1919 жылы)
2-оқушы: 2. Мұхтар 1924 жылы еліне оралып, қайда сабақ берді? (Қазақ педагогикалық техникумында)

(ҰПАЙ САНЫН АНЫҚТАП АЛУ КЕРЕК!)


2-кезең 20 ұпай
Шығармашылығы

1-оқушы:
1. «Абай жолы» романы қай жылы аяқталды? (1956жылы)
2-оқушы: 2. «Абай жолы» романының екінші кітабы қай жылы жарық көрді? (1947 жылы)
1-оқушы: 1. «Еңлік-Кебек» драмасы қашан және қай кезде жазылды? (1917 жылы, семинарияда оқып жүрген кезінде)
2-оқушы: 2. Алғашқы көркем әңгімесі қалай аталады және қашан жарияланды? («Қорғансыздың күні» 1921 жылы)
1-оқушы: 1. «Қарагөз» трагедиясында нені суреттеді? (Бұрынғы қазақ қоғамындағы жастар басындағы еріксіздікті)
2-оқушы: 2. «Қараш-қараш оқиғасы», «Қилы заман» повестерінде нені баяндайды?(Ел өміріндегі күрделі мәселелерді)
1-оқушы: 1. Қырғыз халқының қандай шығармасына монография жазды? («Манас» жыры)
2-оқушы: 2. «Абай жолы» романы неше тілге аударылды? (30 тілге)
1-оқушы: 1. «Өскен өркен» қандай жанр? (роман)
2-оқушы: 2. «Қараш-қараш» қандай туынды? (повесть)
(ҰПАЙ САНЫН АНЫҚТАП АЛУ КЕРЕК!)
3-кезең 30 ұпай
Шығармадағы кейіпкерлер мен шығармадан үзінділер
1-оқушы:
1. Қай шығармадан, қонақтар кімдер?
«Бұл екеуінің осы жолғы қонағы да өзгеше. Ол – өңшең қыз-келіншек пен бозбала. Жиын қазіргі сәтте мына ауылдың өзге тірлігінен оқшау бөлінген бір топ тәрізді. Осындай ойын-сауық жиынның ортасында ең қадірлі бір топ қонақ бар. Солардың ішіндегі ең қадірлісі, сүйіктісі кім?» ( «Абай жолы», Біржан сал)

2-оқушы: 2. Қай шығармадан, қонақтар кімдер?
Сондай шеше әңгімелеріне бар пейілін беріп жүрген күндердің бірінде бұл үйге екі бөгде қонақ кеп қонды: бірі – қартаң, бірі – жас қонақ. Жасын Абай біледі. Таныған жерде қуанып кетті. Ол былтыр жайлауға келіп, осы үйге үш күндей жатып, «Қозы Көрпеш - Баянды» жырлап берген. Қонақтарды ата? («Абай жолы», Байкөкше мен Барлас.)

1-оқушы: 1. Қай шығармадан, кейіпкерді тап?
«Үш күндік жолдың бүгінгі соңғы күніне бала шәкірт барын салды...күнұзын аттан да түспей, өзге жүргіншілерден оқ бойы алда отырған. ...Қауіпті деген Есембайға жеткенше, артына бірде –бір қараған жоқ.» («Абай жолы», Абай)
2-оқушы: 2. Қай шығармадан, кейіпкерді тап?
Жетімдік тауқыметін тартқан 13 жасар бала өгейлік тепкісінен қашып, әке-шешесінің зиратына келіп қаза табады. («Жетім» әңгімесі, Қасым)
(ҰПАЙ САНЫН АНЫҚТАП АЛУ КЕРЕК!)
Сайыстың қорытындысын жариялау, жеңімпаздарды марапаттау.

1-жүргізуші:
М.Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім», - деді.

2-жүргізуші: «Өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адамды сауатты, мәдениетті адам деуге болмайды», - деді М. Әуезов.

1-жүргізуші:
Ал, Елбасы Н.Назарбаев: «Қай жағынан алсақ та Мұхтар Әуезов – бақытты адам. Ол – көзінің тірісінде де, дүниеден өткеннен кейін де халқының қалтқысыз сый-құрметіне, сүйіспеншілігіне бөленген, осындай мерекелі күндерде ғана емес, әрдайым жұртының жадында жаңғырып тұратын, тарихтың да, тағдырдың да сынына төтеп берген Ұлы Тұлға», - деп баға берді.

2-жүргізуші:
Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайұлы айтқандай «Туған елімізді, жерімізді, тілімізді өліп-өшіп сүйіп өтуде Абай жолынан, Әуезов жолынан айнымайықшы, ағайын!
Ән. 11-сынып «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындау. Айгерім орындайды

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет