Хазретәлі ТҰРСҰН тарих ғылымдарының докторы



Дата17.06.2018
өлшемі28,78 Kb.
#42941
Хазретәлі ТҰРСҰНтарих ғылымдарының докторы,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық

қазақ-түрік университетінің профессоры, алаштанушы

Жолдасбек МӘМБЕТОВ - ф.ғ.к., доцент.

М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер

институтының жетекші ғылыми қызметкері
Нәзір Төреқұлұлы туралы тың дерек

Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат, ірі мемлекет қайраткері, журналист публицист, тілші ғалым - Нәзір Төреқұлұлы 1892 жылы қазіргі Өзбекстан Республикасының Қоқан қаласында дүниеге келген. Кейбір зерттеушілер Нәзірді Түркістанға жақын жердегі Қандөз ауылында туған, мектеп жасына дейін атасы мен әжесінің қолында тәрбиеленген дейді. Қазақ тілін жетік білгеніне қарағанда оның да жаны бар сөз екеніне иланамыз. Бірақ өз қолымен жазған өмірбаянында Қоқанда тудым деген. Әкесі Төреқұл орысша, өзбекше сауатты, заң саласына жетік, мақта саудасымен айналысқан ауқатты кісі болған. Анасы тәжік қызы болғандықтан болса керек ислам дінінің барлық шарттарын орындаған тақуа адам еді деп еске алады.

Қоқан қаласы Фергана облысындағы көне қалалардың бірі. Олар Ресейге де ХІХ ғасырдың сексенінші жылдарына қарай ғана қосылған. Ресейге қосылғанда қалада бары жоғы 38 мың халық болса, қазан төңкерісінің алдында ол 120 мыңға жеткен. Оның себебі 1999 жылы Қоқанға темір жолдың тартылуы және әр алуан шағын заводтар мен фабрикалардың іске қосылуынан еді. Әрісі Ресей мен Қытайдан, Қашқариядан, Орта Азияның көптеген аймақтарынан Қоқанға жұмыс күші ағылып жатты. Бақ пен байлық іздегендердің барлығы Қоқанда бас қосатын болған. Онда жаңа бағыттағы мектептер мен медреселер, орыстардың түземдіктерге арнап ашқан оқу орындары көптеп ашыла бастаған. Діншіл анасының ықпалымен 1900 жылы Нәзір де Қоқан қаласындағы «Жәдид» мектебінің табалдырығын аттайды. Ол мектепте патша үкіметінің отаршылдық саясатын сынап, оған өздерінің қарсылығын білдірген мұғалімдер сабақ береді. «Осындай жағдайлардың себебінен кейде мектебіміз жабылып та қалатын, сондықтан еріксіз патшаны мақтаған өлеңдерді хормен айтып көшеге шыққан кездеріміз де болды» деп кейін еске алады Нәзір.

1903-1905 жылдары сол жердегі түземдіктерге арналған орыс мектебінен тәлім алады. Орыс тілін үйреніп, тілін сындырады. Заңгер, коммерсант әкесінің ықпалымен 1905 жылы Қоқандағы коммерциялық училищеге түседі. Ол жерде экономика мен заңгерлік туралы арнайы білім алумен қатар алғашқы революциялық үйірмелерге де қатыса бастайды. Сол жылдары жер ауып келген РСДРП мүшесі К.П. Молдавский дегеннің өз пәтерінде ашқан үйірмесінің мүшесі болады. Алғаш рет революциялық күрес деген не, оны қалай жүргізу керек деген мәселелермен сол үйірмеде танысады. Бірақ Нәзірге оның славянофилдік көзқарасы ұнамайды, ол уақытта Түркістан өлкесінде пантюркизм мен түземдік шовенизмнің де дамып, асқындап тұрған кезі болатын. Сондықтан көбінесе қайшылықты мәселелерде онымен тіл табыса бермейді. Үйірмелерде алған тәжірибелік білімі мен 1916 жылғы көтеріліс ақыры оның халықшылдық көзқарасының қалыптасуына әкеліп соғады.



Сауданың дәмін татқан Төреқұл өз ұлдарын сауда-саттықтың маңайында болса деп армандаған тәрізді. 1914 жылы училищені бітірген ұлы Нәзірді сонау Мәскеуге коммерциялық институтқа (кейінгі Плеханов атындағы университет) жіберуінің астарында да сондай ой болған тәрізді. Әке дәулетінің арқасында не ішем, не кием дегенді білмей өскен Нәзір Мәскеудегі институтта ақы төлеп оқиды. Сол оқу орнының қабырғасында оқи жүріп өзінің тіл үйренуге қабілетті екенін байқайды, француз, неміс тілдерін үйренуге жете көңіл бөледі. Мәскеуде де революциялық үйірмелерге қатысуын жалғастырады. Қазақтың азаттық үшін күресіп жүрген еркін ойлы азаматтарымен танысады. Әлихан Бөкейхановпен де сол Мәскеуде танысса керек деген болжам бар. Өйткені оқуын тастап Минскге окоп қазып жатқан орта Азиялық бауырларының арасына барып қосылуына сол кісі әсер етсе керек. Орта Азиялық бауырларының орыс әскерінің тылындағы қара жұмысқа жегілуі оған маза бермей, оқуын үшінші курстан тастап Батыс майдандағы Минск аймағына өз қандастарына көмектесу үшін барады. Онда мұғалімдер мен студенттер арасында «Еркін дала» қоғамын ұйымдастырып оған жетекшілік етеді. Патшаның тақтан құлауына байланысты елге қайтқан жерлестерінің қазақ жеріне аман-есен жетуін ұйымдастырады. Үлкен империяның патшасы тақтан құлаған аласапыран заманда мыңдаған адамдардың жол ақысы мен тамағын тауып берудің өзі қаншалықты күшке түскенін бүгінде көзге елестетудің өзі қиын.

Қазан төңкерісін Н.Төреқұлұлы Торғай даласында қарсы алады. Онда Минскде танысқан қандас бауырларымен бірігіп «Земсоюз» ұйымын құрады. Бірақ оған басшылық етуге ол аймақта Нәзірді танымайтын жергілікті ақсүйектерден жеткілікті дауыс ала алмайды. Ақпан төңкерісінен кейін Нәзір сол тұста революциялық көзқарастары өз көңіліне жақын көрінген солшыл эсерлер партиясына өтеді. 1917 жылдың 19 маусымында Орынбор қаласында өткен жалпықазақ съезіне делегат болып қатысады. Съезден оралған соң жалпы ресейлік «Земсоюздың» Торғай облысы бойынша нұсқаушысы қызметін атқарады. 1917-1918 жылдары Орынбор, Торғай, Ырғыз уездерінде сауат ашу үйірмелерін ұйымдастырады. Орынборда шығатын «Қазақ» газеті жабылып, оның орнына шыққан «Қазақ мұңы» газетінің редакторы болады. 1918 жылы Орынбор аймағы атаман Дутовтың қолына өтеді және елдегі әкесінің басмашылар қолынан қаза табуына байланысты Нәзір Қоқанға қайтып оралады. Саясатқа ысылып қалған жас жігіт алғашында Қоқан қалалық ревкомының, кейін облыстық ревкомның хатшысы, кейін төраға орынбасары болып сайланады. Ол кезде әлі де болса солшыл эсерлердің ықпалында жүреді. 1918 жылы РКП (б) қатарына өтеді. Сол жылы желтоқсанда «Халық газетасының» редакторы болып тағайындалады. Ол қазақ, өзбек, орыс, тәжік тілдерінде еркін жазған. Сондықтан да кезі келгенде өзбек тілінде шығатын «Янги шарқ», «Иштракюн» газеттерінің де редакторы болып белсене қызмет атқарады. Мысалы, «Иштракюн» газетіне басшылық жасай жүріп, «Қазақ мәселесі» деген көлемді мақаласын жариялайды. Онда қазақтың шұрайлы жерлерін алып, байып, сол жердегі жергілікті халыққа зәбір көрсетіп отырған орыс переселендерінің әрекетін ашық айыптайды. «Ресейден ауылға келіп, 40-50 жыл ішінде әбден байыған, қолы жеткен байлығы өз төрелерінен көрген қорлығын ұмыттырған, шошқа бағып, дәулетке масыққан бұл жаңа байлар әбден есірді. Қазіргі Шымкенттен бастап Пішпек, Лепсіге дейінгі жолдың екі бойындағылар, жол атырабындағылар, су басындағылар, әне солар! ...мұны айтпағымның мағынасы пәлекеттен, кесапаттан, зұлымдықтан, зәбір-жаладан көз ашпаған қазақ мәселесін жеткеру еді»,- деп күні кеше ғана қазақ даласына арып-ашып зорға жеткен, кедейлік пен аштықтан сіңірі шыққан орыс мұжығының патшалық үкіметтің қолдауының арқасында бүгін қазақтың шұрайлы жерлерін иемденіп қана қоймай, қазаққа өктемдік жүргізіп отырғанын ашына сынайды. Жұмысшы және шаруа облыстық кеңесінің депутаты бола жүріп, Фергана қаласының халық ағарту ісі бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1920 жылы Түркістан Республикасының оқу-ағарту комиссары, сол жылы уақытша Түркістан коммунистік партиясының орталық комитеті құрылғанда оның құрамына Атабаев, Хакимов, Сұлтанходжаевтармен бірге Н.Төреқұлұлы та мүше болып қабылданады. Бұл Мәскеудегі коммунистер Түркістандағы үкімет алмасуына барынша назар аударып, қайта-қайта өздерінің ысылған өкілдерін жіберіп, аталған аймақты өз ықпалдарынан шығарып алмауға барын салып жатқан кезең болатын. Сондай арнайы тапсырмамен келген тәжірибелі коммунист В.В.Куйбышев Мәскеуге жолдаған бір хатында Нәзір Төреқұловты: «Жаңа орталық комитет мүшелерінің ішінде жергілікті халықтан шыққан кесек тұлғалар да бар, мысалы Төреқұлұлы, зиялы, марксист, ақылды кісі», - деп бағалайды. Түріккомиссия мүшесі В.Куйбышевтің ұсынуымен Н.Төреқұлұлы он сегізінші жылдан бері тек еуропалықтар ғана меншіктеп келген қызмет Түркістан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің жауапты хатшысы болып тағайындалады. Мұны сол кездегі кейбір өзге ұлттың саясатшылары «наступила гегемония киргизов (казахов)» деп қабылдағанға ұқсайды. Сол 1920 жылдың қыркүйегінде Нәзір Төреқұлұлы кеңестік жүйеде Түркістан аймағындағы ең жоғарғы лауазым - Түркістан Автономиясы Атқару Комитетінің төрағасы болып сайланады және оған жауапты хатшы қызметін қоса атқарады. Ол кезде Түркістан автономиясына Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан және Қазақстанның оңтүстік аймақтары түгелімен қарайтын. Сол жиырмасыншы жылдың оныншы қазанында Н.Төреқұлұлы мен С.Асфендияров Түркістан қазақтарының өкілдерін Орынборда өтетін бүкілресейлік қазақтар (ол кезде әлі қырғыз деп аталатын) съезіне жіберу туралы шешім қабылдайды. Оған С.Асфендияров, О.Жандосов, С.Қожанов т.б. он екі делегат аттандырады. Бұл да халықтың бірлігін, тұтастығын сақтаудан туған ой еді. Орта Азия халқының тұрмысы мен салт-дәстүрін жетік білетін Нәзір жексенбідегі демалыс күнді жұмаға ауыстырды, Құрбан айттың үш күнін халықтық мереке деп жариялады. Бұл қылышынан қан тамған коммунистік партия үстемдік құрып тұрғанда жасаған Нәзірдің ерлігі деуге болады. Талай өзге ұлт өкілдерінің зиялылары бұл туралы Мәскеуге дейін арызданып, біздің құқығымызды аяққа таптады деп Н.Төреқұлұлын айыптағаны туралы деректер күні бүгінге дейін архивтерде сақталған. Сол кездің өзінде мектептерде дінтану сабағын енгізуге әрекеттенуі оның имандылықа деген көзқарасының орнықты болғанын аңғартса керек. Оның Түркіменстанға қарайтын Закаспий облысынан Адай уезін бөліп алып, Қазақ Автономиялық Республикасына қосу туралы қаулы шығарып, оған қол қоюы да ұлт бірлігін сақтаудан туған азаматтық ісі болатын.

Нәзір Төреқұлұлы талантының жарқырай көрінген тағы бір ерекше қыры - журналистік қызметі. Ол өзі қызмет еткен жердің бәрінде де қазақ, өзбек, орыс тілдерінде «Қазақ мұңы», «Темірқазық», «Ақ жол», «Иштракюн», «Қызыл байрақ», «Инқилоб» т.б газеттер ашып, сол арқылы елдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелерді көтеріп отырған. Оның көсемсөздерін оқи отырып сол кез үшін өте маңызды да өзекті деген тақырыптарға қалам тартқанын аңғарамыз. Нәзір коммунистік жүйеде лауазымы биік қызметтер атқара жүріп, өзін толғандырған халық тағдырына қатысты мәселелерді сол кездің өзінде бұқпантайламай-ақ ашық жазып жүрді. Өзі ТурЦИК-тің төрағасы бола тұра 1921 жылы «Қызыл байрақ» газетінде жариялаған мақаласында «...Исламды қызғыштай қору тек дінбасылардың міндеті емес, бәлкім, әрбір білімдар, не ақылды жанның қолынан неге келмеске, бұл үшін медіресе түгесу сіра да шарт емес», - деп жазды. Нәзірдің мақалаларын оқи отырып оның таным-түсінігінің кең екенін, білімінің терең, ойының ұшқыр екенін аңғарамыз. Ол тек қана саяси тақырыпта ғана емес әдебиеттану мен тілтану мәселелерінде де өзінің басқалардан оқ бойы озық тұрғанын жазған мақалалары арқылы бірден байқатады. Мысалы, «Жат сөздер» деген көлемді мақаласында «Кер» де парсының қарынан алынған: қар-ыс, жұмыс дегені. Мадаткар, мардикар делініп оқылады. Мұның мағынасы іс адамы (мард- адам, кар –ыс) Енді парсының сөзін мәнсіз, орынсыз «жұмыскер, іскер».... деп сөз сайын қайтару да жаңылыс: жалғыз біз емес барлық түркі тілдерінде біреудің кәсібін білдірген дегенге алдыңғы сөзге «жи», «хи», «ши», «шил» қосып жаңа сөз жасайды. Қазақтағы ши, шил (ші, шіл) парсыдағы кердің орнын басуға әбден-ақ жарайды. Тіл тазалығын осылай сақтау керек деген ойға тоқтап жұмыскер» ... сықылды сөздерді «жұмысшы» ... деп қазақшаға жақындату керек дейміз.

Парсының «станы» түкке жарамайды. Қазақстан, Татарстан дегеннің орнына Қазақ, Татар, яки Қазақ елі, Татар елі десе білгіштеріміздің несі кетеді?», - деп ойын қорытады. Мұның бәрі де күні бүгінге дейін өзекті мәселе болып келе жатқаны баршамызға да белгілі шығар.

1921 жылы желтоқсанда ТурЦИК жанынан қазақ бөлімін ашып, оған өзі жетекшілік етеді. 1922 жылы шілдеде Бүкілресейлік ХІІ конференцияға делегат болып қатысып, РКП (б) басшыларының ұйғаруымен Мәскеуде жұмыс істеуге қалдырылады. Қыркүйек айында КСРО Орталық баспа басқармасының төрағасы болып тағайындалады. Қай жұмысқа болса да білек сыбана кірісетін Нәзір өзі қызмет істеген бес жыл көлемінде Кеңестер Одағында кітап өнімінің үлкен базасын жасап үлгереді. Елуден аса ұлт тілдерінде 60 миллионға жуық кітап бастырып шығарады. Аталған жұмысқа әр саладан хабары мол мамандарды тартады. Қазақ жерінде ұлтшыл атанып, шолақ белсенділер мен қызыл коммунистердің кесірінен қызметтерінен шеттетіліп, тағдырлары қыл үстінде жүрген алаш ардақтылары Ә. Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаевтарды шығармашылық жұмысқа алып, қамқорлық көрсетіп қана қоймай, олармен қосылып қазақ тарихы мен фольклорына қатысты көптеген дүниелерді баспадан шығаруы да Нәзірдің халық үшін ешнәрседен тайсалмайтын батылдығын, үлкен адамгершілік иесі екенін танытады.



Соңғы жылдары ірілі-уақты саяси қайраткерлерді «Алаш партиясының мүшесі», «Алашордашыларға қол ұшын берген» «алаштың ықпалында болған» деген сияқты делелсіз, дерексіз тұжырымдармен алашшыл жасауға деген жазарман қауымның дүрмегі алаңдатады. Осыған байланысты басын ашып айтатын ақиқат – алаштық һәм коммунистік идеялар, Алашорда мен кеңес өкіметі бір-біріне қарама-қарсы ұғымдар болғандығы. Алаштық идеяның өзегі – бүтін қазақты тапқа, топқа, байы мен кедейіне бөлмей тұтастықта тану болса, коммунистік идея оған керісінше қазақтың кедей-кепшігін жарылқап, бақуаттыларымен бірге ұлтжанды зиялыларын қоғамнан аластау болғандығы белгілі жайт. Демек, мазмұны мен мақсаты бір-бірімен тоғыспайтын осы екі ағымның өкілдерін бір тұғырдан екінші тұғырға қондыра салу шынайы тарихтың өлшемдеріне сыймайды. Оның нәтижесі тарихи танымды шатастыруға қызмет жасайды. Ал тарихы шатасқан ұлттың тағдыры күмәнді екендігіне тарихтың өзі куә.

Қазіргі таңда Алаш партиясы мен қозғалысының үш жүзден астам өкілі белгілі (академик Кеңес Нұрпейіс). Алдағы уақытта бұл тізім толыға түсері даусыз. Бірақ бәрі де деректік негізде дәйектелуі тиіс. Сонда ғана Алаш қозғалысы сияқты ұлттық мұраттарға қызмет еткен құбылыс ғылыми тұлғалана алады. Бұл міндет қазіргі кезде ұлттық тарихымызды түгендеудің басты міндеттерінің біріне айналып отыр.

Соңғы жылдары ғылыми айналымға ұсынылған Алаш қозғалысының деректері мен құжаттарына жасалған талдаулар кеңестік биліктің жоғарғы эшелонында қызмет жасаған бірқатар тарихи тұлғаларымыздың саяси қызметінің Алаш қозғалысымен қатыстылығын болжам, долбармен емес құжаттық деректер негізінде ғылыми қалпына келтіруге мүмкіндік беріп отыр. Большевиктік биліктің жоғары эшелонында қызмет жасағандардың арасында алашшыл идеялардан қол үзбеген тұлғалардың бірі - Нәзір Төреқұлұлы.

Ұлттық элитаның көшбасшысы Ә.Бөкейханов бастаған бір топ ұлт зиялылары 1917 ж. ақпан төңкерісінің ізін ала Минск қаласынан қазақ даласына қалыптасқан жағдайдың мән-жайын баяндап елдегі игі-жақсыларға жеделхат жолдаған. Осы жеделхат Түркістан қаласындағы орыс-бұратана мектебінің мұғалімі, алаш қозғалысының белді өкілі Садық Өтегеновке де жолданады. Ақпан төңкерісінен соң жол таба алмай абдыраған ұлт-азаттық қозғалысқа тың бағыт сілтеген жеделхатқа қол қоюшыларддың арасында Нәзір Төреқұлұлы та болды. Минскдегі майданның қара жұмысына алынғандар арасында Әлихан Бөкейхановтың басшылығында қызметке араласқан жеделхатқа қол қоюшылардың барлығы 1917 ж. құрылған Алаш партиясының мүшелеріне айналды.

Бұл тарихи құжаттың екі түрлі үлкен маңызын атап айтамыз: біріншіден, жеделхат жолданған тұлғалар мен жеделхатты жолдағандардың тізімі сол кездегі жаңа қалыптасып келе жатқан ұлттық элита өкілдерінің жеке құрамын нақтылауға көмектеседі; екіншіден, жеделхат мазмұнында көтерілген идеялар алаш ұлт-азаттық қозғалысының саяси тұғырнамасын айқындап, ұлттық элита қызметінде басшылыққа алынғандығы. Жеделхат мазмұны ұлттың бірлігі мен тәуелсіздігі сияқты саяси күрестің өзегіне айналған ұлттық идеялардың ақпан буржуазиялық төңкерісінен бұрын қалыптасып, пісіп жетілгендігін танытады. Демек, Нәзір Төреқұлұлы, Әлихан Бөкейхановтың тікелей ықпалымен саяси қызметке тартылған. Кейін Мәскеуде Түркі халықтарының орталық баспасына басшылық жасаған Нәзір тоталитарлық билік қоғамнан оқшаулап тастаған саяси ұстазы Әлиханға қызмет беріп, оны қамқорлығына алғандығы олардың арасындағы мығым байланыстың болғанын айғақтайды.

Міржақып Дулатов 1912 ж. Семей түрмесінен босанып, Түркістан қаласында С.Өтегеновтың үйінде тұрып алты ай ұстаздық еткен. Сол кезде қаладағы орыс-қазақ мектебіндегі С.Қожановқа да сабақ берген. Қаланың зиялыларымен сыйласып, мектеп, медреселерін аралаған жазушымен жас С.Қожановтың сыйластығы осы кезден басталған. Бұл сыйластық кейінгі кезде де үзілмеген. Алғашқы саяси қызметін «Бірлік туы» газетінде бастаған Сұлтанбек кейін «Ақ жол» газетінде Міржақыппен қоян-қолтық жұмыс істеген. «Ақ жол» газетіне С.Қожановты редактор, М.Дулатовты жауапты хатшы етіп тағайындаған қаулыға (19 қазан 1920 жыл) Түркістан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің хатшысы Н.Төреқұлов қол қойған. Л.Мирзоянға Н.Төреқұловтың Ташкентте «Ақ жол» газетін ұйымдастырғандығын, оның басшылығына М.Дулатовты шақырғандығын айтқанында «газетіңнің аты да ақгвардияшыл, оның басшысы Дулатов та ақгвардияшыл» деп айтқаны тарихи факт.

Нәзірдің Түркістанда қазақ мүддесін қорғайтын ресми басылым ашу әрекеті оның ұлт тағдырына алаңдаған ниеті мен саяси көзқарасын айқын аңғартады. Н.Төреқұлұлы мен М.Дулатовтың бірлескен әрекеті өз нәтижесін берді. Аз ғана уақытта газет Түркістан қазағының саяси, мәдени өмірінің айнасына айналды. Олардың Түркістанда ел тағдыры сынға түскен қым-қуыт оқиғалар барысында ағалы-інідей сыйласа қызмет істеуі саяси күрестегі алған өнегесінің, ұстанған рухани құндылықтарының ортақтығы еді. Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатовтың осындай ағалық қамқорлығы ізсіз кетпей, кеңестік билік тұсында өздерінің идеясын жалғастырар Нәзір сияқты ізбасарларының жүрегіне ұлтын ұлықтаудың өнегесін егіп кетті.

Кеңестік билік Алаш қайраткерлеріне кешірім жариялағанымен, оларды партия-кеңес жұмыстарына жолатпай, тек мәдени-ағартушылық, шаруашылық қызметтерге ғана тартты. Алаштың 1917-1919 жылдардағы саяси күрестеріне тартылып үлгермеген Нәзір сияқты жас толқын өздерінің қызметтік баспалдақтарын кеңестік билікпен бірге бастады. Кеңес өкіметінің жергілікті ұлттың зиялыларына арқа сүйеп, қолдау көрсеткен осындай саясаты көптеген тұлғаларды саяси күрестің алдыңғы шебіне шығарды.

Бұл жерде дәстүр сабақтастығының іске асу қағидасы талап ететін міндетті түрде сақталуы тиіс қоғамдық шарттар бар. Соған сәйкес кеңес өкіметі ескі қоғамның билік институттарының мазмұнын мансұқтағанымен әкімшілік бірліктер, басқару құрылымдары түрінде олардың сыртқы формаларын сақтап қалды. Осы сияқты басқару элитасы орталық және жергілікті басқару органдары шенеуніктерінің орасан зор бөлігі әкімшілік басқару дәстүрлерін сақтай отырып, жаңа қоғамда мазмұндық, түрлік жаңғыруды бастап өткізді. Кеңестік қоғамның басқару құрылымдарының негізін құраған осы кездегі мемлекеттік қызметкерлердің басты миссиясы екі қоғам арасындағы байланыстырушылық рөл еді. Бұл құбылыс Ресейде «сменовеховство» деген сипатпен танылды. Өздерінің әлеуметтік жағдайы, қоғамдық-саяси көзқарастары, тіпті тарихи миссиясы бойынша ерекше маңызға ие болған бұл категорияның арасынан ұлт-азаттық қозғалысының мықты қайраткерлері өсіп шықты. Олардың саяси ұстанымдары мен идеяларын кеңестік қоғамда одан әрі жалғастырған Нәзір сияқты тұлғалар Түркістан Республикасының жоғарғы билік құрылымдарында басшылық қызметтер атқарып, жаңа қоғамда ұлттық идеяларды қалыптастыруға және оны іске асыруға ықпал жасады.

Соның мысалы ретінде Түркіатком Төралқасының 1920 жылғы 9 қарашадағы қаулысымен Түркіатком жанындағы Қырғыз (қазақ) бюросының жұмыс жоспарын жасау жөніндегі Төреқұлов, Сафаров, Асфендияров, Қожанов құрамындағы комиссияға осы бюроның жұмыс жоспарын жасауды жүктегендігін айтуға болады. Осы комиссия құзырлы органдарға қазақтар арасында жүргізілетін қоғамдық жаңарту жұмыстарының жай-жапсары туралы нақты ұсыныстар жасап берген. Бұл ұсыныстар Сырдария, Жетісу облыстарында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың бағдарын айқындап берді.

1921 жылдың күзінде Түркістан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің хатшысы Н.Төреқұлұлы Ташкент қалалық Төтенше Комиссиясының С.Қожановты негізсіз қамауға алғандығы жөнінде РКП(б) ОК Ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі В.Молотовқа жеделхат жолдап, оны Түрккомиссия басшыларының жүгенсіздігінен арашалаған. Бұл мәселе С.Қожановтың Түркістандағы жер-су реформасын іске асыруына байланысты туындаған болатын. И.Сталиннің өзі Түркбюроның төрағасы Гусевке қайта-қайта желделхат жолдап, Қожановты реформаның барысы жөнінде есеп беруге Мәскеуге шақырады.

Мәскеу архивтерінде Алаш қайраткерлеріне қатысты бұрын жарық көрмеген көптеген құжаттар кездеседі. Н.Төреқұлұлының бір, екі және көптомдық шығармалары мен құжаттарының жинақтары жарық көргені белгілі. Бұл – игі іс. Әйтсе де, қайраткердің Ташкенттегі ӨРПА, ӨРОМА және Мәскеудегі РГАСПИ архивтеріндегі құжаттары әзірге ол жинақтарға енген жоқ. Ол алдағы күннің еншісінде. Сондай сирек те құнды құжаттардың бірі Сұлтанбектің 1924 жылдың 5 қарашасында Н.Төреқұлұлын Қазақстанға қызметке жіберуді өтініп Сталинге жазған хаты. Бұл тарихи құжат екі тұлғаның арасындағы ұлт мүддесінен туған сыйластықты айғақтайды. Хатқа кезек берейік.

«Вопрос о центре Киргизии отпал почти окончательно. Разногласие в Москве превратилось в безгласия в Оренбурге. Необходимо внушить сверху в более определенных выражениях необходимость создания Киргизского центр[ального] города. Киробком выбрал Наркомом просвещения Киргизии т. Тюрякулова.

Прошу распорядиться срочно откомандировать его в распоряжение Киробкома для работ.

Думаю, что т. Тюрякулов, сидя в Москве с 1922 года – 3 года – выучился чему нужно. Не может быть, чтобы он был нужен Москве. Москва ему была нужно. Но трех лет достаточно наверно.

Киркомпросе пустое место. А т. Тюрякулов самый просвещенный и компетентный из всех кирработников по вопросам просвещения. Надеюсь, не оставите без внимания. С 5 ноября по 5 января я в отпуску. С тов. Приветом С.Ходжанов». Түркістан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті хатшысының ресми бланкасына жазылған хаттың шекесіне И.Сталин «т. Кагановичу» деп бұрыштама қойғанымен орталық бұл өтінішті қанағаттандырмаған. Бұл құжаттың мазмұны С.Қожановтың ұлттық басқару корпусын қалыптастырудағы ұлтжанды ұстанымын айғақтайды және осындай ұсыныстың жауапсыз қалуы орталықтың саяси билікті уысынан шығармаған билеп-төстеуші өктемдігін танытады.

Жалпы, басқарушы элитаның қалыптасуы мен қызметінде саяси, мәдени, рухани құндылықтарының ортақтығына сай мүдделестер тобының билікке келуі қоғам үшін барынша тиімді нәтиже береді. Осы қағида іске асқанда алаштық құндылықтарды кеңестік биліктің саясатымен ұштастыруға ұмтылған Н.Төреқұловтың саяси қызметі қазақ ұлттық мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңінде барынша жемісті болар еді.

Н.Төреқұловтың қайраткерлігін айғақтайтын тағы бір елеулі ісі оның кеңес өкіметі құрамындағы түркі халықтары жазуында қолданылып келген араб алфавитінен латын алфавитіне көшіру туралы жалпыхалықтық іске басшылық етуі. Бұл туралы біз көбінесе А.Байтұрсыновтың араб әліпбиінде қалуды жақтаған мақаласымен танспыз да, ал оның қарсыластары жазған дәйектерді оқи бермейміз. Сондықтан да осы кезге шейін Ахаңның пікірін неге ескермеген деген ой ғана көбімізді мазалап келгені рас. Өйткені А.Байтұрсынұлы келтірген дәлелдерін теріске шығару қай жағынан болсын мүмкін емес сияқты елестейтін. Ал енді латын әліпбиінің артықшылығын көрсеткен Нәзірдің сөзіне назар аударып көрелік. Нәзір бірінші адамзат баласы игерген жазу тарихына тереңдей үңіліп сол кездегі ең маңызды деген, отандық қана емес шет елдік зерттеулерден мысалдар келтіреді. «Жазу ескі өнер. Оның қашан шыққанын тарих білмейді. Қашан шыққан, кім шығарған, неше жыл, неше ғасыр болды деп сұраса, дүниеде ешкім жауап бере алмайды. Бірақ түрлі-түрлі дәлелдерге сүйеніп, білгіштер тарихтан бұрынғы заманда, тас дәуірінде шыққан болса керек деп шамалайды.

Африка, Австралия, Америка, Азия өлкелеріндегі қазіргі заманның тағы адамдары да сурет салуды, суретпен жазуды біледі. Профессор Е.К.Клод кітабында айтады: Америкадағы тағы адамдар өз өқіметіне арыз беріп, маңайымыздағы көлдерден балық тұтып, тиіршілік қылып жүруге рұқсат беріңіз деп сұранған екен. Ол арызда бір тырна, тағы бірнеше аңның суретінен басқа дәнеме болмаған дейді» - деп жазу тарихының бастау көздері қайдан шыққанына барлау жасайды. Одан әрі ең көне мысыр, финикия, грек жазуларының шығу тектері туралы қызықты мәліметтер келтіреді. Барлық жазудың бір-бірімен байланыста пайда болғанына мысалдар келтіреді. Араб жазуының да солардың қатарында екенін атап өтеді. Оған: «Мысырда шығатын «Ай» («Альхалал») газетінің бас жазушысы Жорж Зейдан «Ислам мәдениетінің тарихы» деген белгілі кітаптың 3-томы 97-бетінде «Хат арби» бөлімінде арабша мәтіннен мысал келтіреді де, оның қазақша нұсқасын былайша аударып береді «Ирақтағы (қазіргі Месопатамия жағын Ғирақ дейді) сириялылар сирия тілін бірнеше түрлі жазулармен жазатын еді. Бұл жазулардың ішінде «Інжілі жазуы (еуропаша Strongelo) деген бірі бар еді. Інжіл осы хатпен жазатын», - деп нақты мысал келтіреді. Мұнан шығатын қорытынды араб әліпбиінің негізі інжілден тарайды екен. Сонымен қатар түркі халықтарының да көне жазулары болғанын, оның ең соңғысы ұйғыр жазуы екенін тілге тиек етеді. Мұанан байқайтынымыз Нәзір Орта Азия халықтарын латын жазуына көшіру туралы мәселеге бей-жай қарай салмаған, бұл тарапта ол кісінің талай ғылыми еңбектерді оқып, талмай ізденгені байқалады. Ол елдің болшағы жарқын болуы үшін латын әліпбиінің әсері зор болатынын ерте болжаған қазақ. Бұл жолда ол өзі оқыған орыс, араб, парсы, түрік, француз, неміс тілдерінде жарық көрген көптеген ғылыми еңбектерден мысалдар келтіреді. «Жаңа әліпби неге керек» деген көлемді еңбегінде 1. «Оқыту жағынан көрінетін міндеттер», 2. «Жазудағы қолайсыздық», 3.»Медицина, саулық жағының айыбы», 4. «Санмен қатар келгендегі қолайсыздық», 5. «Білім кітаптарын жазудағы қолайсыздықтар», 6. «Музыкада қолданып болмағандығы», 7. «Баспа ісінде бұл харіптің жарамағаны», 8. «Жазу машинасы мәселесі», 9. «Еуропаның типография, баспа ісіне кіргізетін жаңалықтары», 10. «Еурапа тілдерін үйрену» деп араб харіпінің бүгінгі замандағы кертартпалығы мен латын әліпбиінің он түрлі жетістігін нақты санамалып тұрып көрсетіп береді.

Нәзір қайраткерлігінің жарқырай көрінген тағы бір ерекше қыры ол оның елшілік қызметі. 1928 жылы Н.Төреқұлын Кеңес үкіметі Түрік отаршылдығынан енді ғана тәуелсіздігін алған Хиджаз, Неджд және оған қосылған аймақтар корольдігіне КСРО-ның дипломатиялық агенті және бас консулы етіп тағайындайды. 1932 жылдан 1936 жылға дейін Сауд Аравиясы корольдігіндегі КСРО-ның өкілетті елшісі қызметін атқарады. Бұл кезең Н.Төреқұлұлының саяси қайраткерлік қырының жарқырай көрінген кезі болды.

ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғы Кеңес өкіметінің әлі де болса аяғынан тік тұрып кете қоймаған кезі болатын. Капиталистік елдердің саяси және экономикалық қоршауында отырған КСРО-ға шет елдермен байланыс ауадай қажет еді. Сондықтан да өз тәуелсіздігін алған алақандай сауд корольдігін Кеңестер Одағы алғашқылардың бірі болып майындады. Барлық амал-тәсілдерді пайдалана отырып оны өз жағына тартуға тырысты. Оған көзін тіккен ағылшын, француз, АҚШ секілді алпауыт елдердің арасынан КСРО да өз орнын алуға ұмтылды. Осынау кішкентай ғана кокльдікте үлкен елдердің мүдделері тоқайласып жатты. Сондықтан да ондай жерге сол елдің тілі біліп қана қоймай, діні мен ділін, даму бағытын бағдарлап, оған тиісінше ықпал ете алатын адам керек болды. Әрине ондай қызметке кімді жіберуді Кремль басшылары қатаң іріктеп, жан-жақты тексеріп, сан түрлі талқылаулардан өткізіп барып шешетін. Ұлты әзербайжан араб тіліне жетік Омар Әлиев те сол қатардағы үміткерлердің бірі еді. Бірақ саясатта мол тәжірибе жинақтаған сыртқы саясат комиссариатында істейтіндер «күтпеген жерден әр қилы кездейсоқтықтар мен арандатулар бола қалса» жағдайға қарай өздігінен шешім қабылдай алатын, кеңес өкіметін орнату барысында талай сыннан сүрінбей өткен Нәзір Төреқұлұлының кандидатурасын қолдады. Нәзірдің барлық артықшылықтарын тізбелеп жазған ұсыныс хатқа И.Сталин кедергісіз қол қойды.

Табиғаты қатал, шөл даладағы аты бар да заты енді ғана жасақталып жатқан елде Н.Төреқұлұлы сегіз жыл елшілік қызмет атқарады. Ол тұста Кеңес елшісінің екі мерзімге қатар қалуы Кеңес сыртқы істер комиссариятында сирек кездесетін тжағдай еді. Құранды жетік білетін Нәзір бір жылдың ішінде жергілікті араб тілін де терең меңгеріп алады. Неміс, француз, араб, түрік, парсы тілдерін еркін меңгергендігі оның басқа елшілермен және жергілікті биік лауазым иелерімен тез тіл табысуына себін тигізді. Сондықтан да көп уақыт өтпей қызмет саласында беделі өскен Н.Төреқұлұлы дипкорпустың «ағаманы» болып сайланады.



Ол тынбай ізденіп, еңбектенуінің арқасында Сауд Аравиясы мен Кеңестер Одағы арасындағы саяси жағдайларды ғана реттеп қоймай, екі ел арасындағы сауда-саттықтың бір жүйеге түсіп, қалыпты жұмыс істеуіне де барынша ықпал етті. Елшіліктегі белсенді қызметінің арқасында КСРО Атқару Комитетінің арнайы қаулысымен Н.Төреқұлұлы бас консулдықты 1932 жылы КСРО-ның өкілетті елшісі деген биік лауазымға ауыстыртты.

1936 жылы Нәзір елге қайтып оралып, шығыс халықтары институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. Есіл ер 1937 жылы халық жауы ретінде ұсталып, атылады.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет