Ххі ғасырдағы қазақ киносы ұлттық мүддеге не береді?



Дата15.09.2017
өлшемі77,5 Kb.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

философия және саясаттану факультеті

дінтану және мәдениеттану кафедрасының

доцент м.а., филос.ғ.к.



Бияздықова К.Ә.
ХХІ ғасырдағы қазақ киносы ұлттық мүддеге не береді?
Иа, біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Өткен ғасыр мен бүгінгі ғасырды қай жағынан алып қарасақ та бір – бірімен салыстыру қисынсыз екені анық. Көп нәрсе өзгерді. Әсіресе бүгінгі күні мәдениет пен өнердің, соның ішіндегі кино саласының жаһандану үрдісі қарқынды жүріп жатқан ХХІ ғасырда маңызы мен рөлі ерекше мәнге ие болып отыр. Олай деуге негіз бар, өйткені, әлемдік ықпал үшін ұлттар арасындағы күрес ХХІ ғасырда жаңаша сипатқа ие болып отыр. Жер жаһанды тікелей қарумен бағындырмақ пиғылдың күні өтіп, ХХІ ғасырда ол әрекет жаңаша тәсілге көшті. Яғни, ХХІ ғасыр ұлттық мүдделер арасындағы мәдени, сондай-ақ рухани-идеологиялық күрес кезеңіне айналып отыр. Сол бір күрес майданындағы жойқын күшке ие қарулардың бірі деп – экран, әсіресе телеэкрандардағы түрлі шетелдік киноларды қоғамның қалт жібермей отырып көретінін айтсақ та жеткілікті. Демек, ХХІ ғасыр – ұлттардың, сондай-ақ өркениеттер мен мәдениеттердің бірін-бірі телеэкран арқылы жаулау кезеңі.

Кезінде Ленин: “Барлық өнердің ішіндегі біз үшін ең маңыздысы – кино!” – депті. Бұл сөзді қызыл көсем тегіннен тегін айтпағаны анық. Бірнеше ұлттың психологиясы мен санасын кино арқылы өзгертіп, оларды тек бір ғана идеологиямен ұстаудың құралы ретінде – киноны алып, кино саласына осыншалықты жоғары баға беруінде үлкен мән жатқанын аңғару қиын емес. Бүгінгі күні кино көрмейтін бірде-бір адам жоқ шығар. Еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін теледидар алдында тапжылмай отырып көретін сүйікті сауығы бүгінде – кино көру болып отыр. Енді, осы жоғарыда айтылған ойларымызды негізге ала отырып, тәуелсіз еліміздің осы бір кино саласына байланысты жағдайына көз жүгіртсек. Осы ретте жарыққа шығып жатқан отандық кино туындыларға байланысты марқайып мақтанатын да, мұңайып мазасызданатын да тұстары баршылық. Алдымен сыннан бастасақ, мысалы «Келін», «Қарой», «Махаббат тәлкегі (Ирония Любви)», «Ойпырмай», «Қайрат чемпион. Девственник», «Әке қорлығы», «Тюльпан» фильмдерінде ұлттық көрініс былай тұрсын, қайсы ұлттың киносы екендігін ажырату қиын. Кейбірінен мүлдем ұлтымызға жат көріністер көрсек, кейбірінен мүлдем мазмұн мен актерлық шеберлік дегенді таба алмаймыз. Ол фильмдердің қазақтың салтында жоқ дәстүрлерді насихаттап, азғындықты, арсыздықты көрсету арқылы халықтың санасын бұзбаса түзейтіндігі мүмкін емес нарсе. Соған қарамастан «Келін» фильмі әлемдік бас жүлдеге ие болып, «Қайрат чемпион, №1 пәк жігіт» фильмі жылдың ең үздік киносы атағын алғанына не дерсіз? Белгілі бір шетелдік жүлде мен мүддеге бола құрылған бұл секілді фильмдер қаншама жүлде алып жүрсе де, қазақ киносының жұлдызы болып жарқырай алмайды. Өйткені, оның соңында «Халық көңілі» деген қазы тұр, көрермен көзі деген таразы тұр. Кезіңде бізде ұлттық киномыз ең үздік Ш. Айманов, А. Қарсақбаев, С. Қожықов, М. Бегалин режиссерларымыз кеңес үкіметі билеп тұрған заманға қарамастан нағыз қазақи, ұлттық құндылыққа толы «Қыз Жібек», «Тақиялы періште», «Менің атым Қожа», «Оның уақыты келеді» атты керемет шедеврлар түсірді. Осы фильмдердің әр эпизодын, әр көрінісін көре отырып бірден ұлттық кино екеніне көзіміз жетеді. Құрылған диалогтары, айтылған подтекст сөздері сол жылдардағы ауқымды проблемаларды көтере білген, оны көрермендерге жеткізе білген. Тіпті ауыл көрінісі, тау-тастарымыз, жер-суларымыздың бәрінде ұлттық тұрмысымыз айқын бейнеленген. Ол кезде біздің дінімізге, тілімізге, жалпы ұлтымызға қыспақ көрсеткен кезеңге қарамастан түсірілген фильмдер екендігін есімізден шығармайық. Кеңес кезеңінде әр режиссердің топтарында көбінесе өзге ұлттың өкілдері жұмыс істегеніне қарамастан нағыз қазақ иісі аңқып тұрған еңбектер түсірді. Мүмкін сол кездегі жағдайларға байланысты өз еліне, жеріне деген махаббаттары, халыққа деген жанашырлықтары, ұлттың жойылып кету қаупі бар деген үрей осындай тамаша туындыларды қазіргі ұрпақтарға ұлттық қазына ретінде қалдырып кетуге негіз болған шығар. Ал, бүгін аспанымыз ашық, еліміз аман, жеріміз тыныш кезеңде ұлттық киномыз қарқынды дамудың орнына керісіне кету үстінде. Біздің бүгінгі режиссерлар қазақ болмысын бұрынғы режиссерлар сияқты сезіне бермейтіндіктен ұлтқа деген құрметтері де аз секілді. Бір түсінбейтінім неге осы қазақ режиссерларының ішіндегі ешқайсысының қазақ хандары мен батырлары жайлы тарихи кино түсіруге талпыныстары жоқ. Осыншама жеріміз бен байлығымызды найзаның ұшымен қорғап келген, бүгінгі ұрпаққа өнеге болар батыр бабаларды дәріптеуден киногерлер ұтпаса ұтылмасы анық қой. Өйткені, соғыс пен тарихи жанрдағы фильмдерге қашанда көрермендер жақын келеді. Егер біздің батырлар мен хандарымыздың жерімізді жаулардан қорғау мақсатындағы қиян-кескі алапат соғысы мен шайқастары, жеңістері мен жеңілістері, сәуегейлері мен жиһанкездері, үш жүзге төрелік еткен белгілі үш би – Әйтеке, Қазыбек, Төле билер жайлы тарихи сапалы фильмдер дүниеге келер болса, ол біріншіден әлемдік деңгейге бір саты болса да қазақ киносы көтерілуі мүмкін, екіншіден қазақ жастарының бойында ұлтқа деген, елімізге деген, жерімізге деген патриоттық сезімін оятар еді. Әрине, мұндай жанрлардағы фильмдер материалдық жағынан қомақты қаржыны талап етері хақ. Дегенмен мұндай фильмдерге мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп, ат салысып жатса бұл нұр үстіне нұр болар еді. Қазіргі қазақ режиссерларының «Анау кино көрермен жинап қалар, мынау кино көрермен жинап қалар» деп өз шығармашылықтарының болашағына күмәнді болып отырғаннан гөрі, ұлттық сипаттағы фильмдерді түсіруге кіріскендері жөн болар еді. «Құласаң нардан құла» деген емес пе атам қазақ. Кезінде: «Сендердей халықты кім таниды, кім көреді?» – деп мәскеуліктер шеттеткен «Қыз Жібек» кинофильмі әлемнің жетпіс екі тіліне аударылғанын ұмытпағанымыз жөн. Өкініштісі сол, қазіргі кезде кино өнері біздің ұлттық санамызды көтеретін, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін, жастарымызды тәрбиелейтін өнер емес, ол бизнес, яғни ақша көзіне айналуда. Егер де қазірден бастап осы мәселені дұрыс жолға салмасақ, ертеңгі күні Ұлттық киномыз мүлдем жойылып кетуі әбден мүмкін. Ол жойылумен ғана тынбайды. Ұлттық болмыстың үңірейіп қалған орнын батыстан келген басқа «құндылықтардың» басуы айтпаса да түсінікті. Ең негізгі мәселені ойдан шығармаған абзал, ол ХХІ ғасыр әлемдік мәдени-идеологиялық күрес кезеңі екендігі, және де ол әрбір мемлекет үшін шешуші маңызға ие екені. Соның негізінде қазіргі таңда мәдениет пен өнердің көш басында аудиториясы төрткүл дүниені төріне отырғызған кино-телеэкран тұр. Бұл фактормен, және де бұл алып мәселемен санаспаған ел, сөз жоқ, күндердің күнінде осы сала дамыған елдердің ықпалында кетпек.

Ал енді, кейбір отандық фильмдерімізге байланысты марқайып, мақтана алатын тұстарына да тоқталсақ. Рас, өткен жылы елімізде жарық көрген фильмдердің арасында тәуір дерлік киноларда болды. Мысалы, “Қазақфильм” киностудиясы халық назарына “Сіз кімсіз Ка мырза?” атты шытырман оқиғалы фильмді ұсынды. Қазақ көрермендері “Атаманның ақыры”, “Транссібір экспресі” атты кеңестік кезеңде жарыққа шыққан фильмдерден жақсы танитын атақты актер Асанәлі Әшімов сомдаған осы бір фильмді көріп жақсы бір әсерге бөленгеніміз шындық. Бірақ, “Сіз, кімсіз Ка мырза?” фильмі бұдан бұрынғы “Атаманның ақыры” да емес, “Транссібір экспресі” де емес, экшн (әрекет) жанрындағы заманауи, қазақ кино тарихындағы жаңаша бір фильм болды. Дәл осы бір тұсы осы жанрдағы елімізге қаптап келіп жатқан батыстық фильмдерден еш кем емес екендігін көрсетіп, көкейімізде бір мақтаныш сезімін тудыра білгендей болды. Режиссері Хуат Ахметов түсірген бұл фильм экшн жанры дегеннің де қазақтардың қолынан келетінін дәлелдеді. Келесі мысал, 2011 жылы жарыққа шыққан режиссері Ақан Сатаев түсірген “Ликвидатор” фильмін алсақ. Бұл фильмді де тамашалай отырып экшн (әрекет) жанрында түсірілгенін байқаймыз. Жоғарыда айтылған “Сіз, кімсіз Ка мырза?” фильмінің жанрына сәйкестендіріліп жасалған бұл туынды да қазіргі заманауи талапқа жауап бере алатын бірден-бір қазақ киносының бірі болып шықты. Дәл осы тұста тағы бір жақсы жаңалық, алдағы жылдары “Қазақфильм” киностудиясы дәл осы экшн (әрекет) жанрда “Алтын адам” (режиссері Т.Бекмәмбетов), “Мың бала” (режиссері Т.Бекмәмбетов), “Қара майор” (режиссері Е.Кончаловский), “Арпалыс” (режиссері Т.Теменов) тәрізді жаңа кино жобаларға кірісіп отырған жайы бар. Алғашқы екеуін әлемдегі атышулы режиссер қандасымыз Тимур Бекмәмбетов қолға алып отыр екен. Ол жобалар бүгінгі күні қазақ киносына менсінбеушілікпен қарап, кейбір көңілі толмай жүрген қазақ жанкүйерлерінің бетін бері қаратып, көңілдерін бір көтеріп тастау мақсатында қолға алынып отырған дүниелер екен. Бұл да болса мақтанып, қуанарлық жайт деп есептеймін. Ары қарай сабақтайтын болсақ, өткен 2012 жылы қазақ кинематография саласында үлкен жарылыс жасап, ең ірі әрі бірегей жоба атанған - «Жаужүрек мың бала» фильміне тоқталсақ. Иа, дәл осы фильм баршамыздың жүрегімізге үлкен үміт отын жағып, қазақ кинематографиясының жарқын болашағына деген жарқын сенім ұялатты. Бұл шындық. Бас-аяғы 90 күнде түсіріліп шыққан бұл фильм тарихымыздағы сонау XVIII ғасырдың басында Жоңғар шапқыншылығының салдарынан орын алған «Ақтабан Шұбырынды» соғысы кезінде жауға қарсы шығып, ересек сарбаздармен бірге кең байтақ жеріміз бен елімізді қорғауға өрелі мінезді өжет жастардың қатысқан шайқасын бейнелейді. Дәл осы фильм арқылы шұрайлы кең-байтақ жерімізді, тарихымызды, батыр бабаларымыздың ерліктері мен қазақи тұрмыс-тіршілігіміздің тамаша көріністеріне қанық бола білдік. Әлемнің қайбір еліне болмасын еш ұялмай, нағыз қазақтың киносы деп көрсете алатын өте жоғары деңгейлі ұлттық тарихи туынды бола білді. Бұғанда шүкір. Кинотеатрлардан осы фильмді тамашалауға барған көреремендердің киноны көру барысында көзіне жас алып, елімізге деген, жерімізге деген патриоттық сезімдерінің оянғандығын аңғару еш қиын болмады. Бұл ауыз толтыра айтатын қуанышқа толы жақсы бастамалардың бір шеті ғана. Екіншіден, алдағы уақытта «Жаужүрек мың бала» фильмінің үлкен әлемдік кино дода «О́скар» жүлдесіне ұсынылып, еліміздің мерейін әлемде үстем етуге үлкен мүмкіндік алып отыр. Біз, қазақстандық жанкүйерлер атынан отандық кинотуындымызға үлкен сәттілік тілейміз. Тағы да мысал келтірер болсақ, бұл қатарда – өткен 2012 жылы жарық көрген режиссері Ермек Тұрсыновтың “Шал” киносы мен режиссерлері Ерлан Нұрмұхамбетов, Бегарыс Елубаев түсірген "Аңшы бала" фильмдері. Бұл фильмдерден ұлтымызды патриоттыққа тәрбиелейтін үлкен күшті сезе алмасақ та, еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бергі түсірілген кинолардың ішіндегі қазақ тілінде сөйлейтін көркем фильмдердің бірі де бірегейі болып отыр.

Рас, еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері жоғарыда атап өткеніміздей көптеген ұлттық кино туындылар жарыққа шығып, уақыт өткен сайын елімізде түсірілген киноларымыздың саны өсіп келеді. Онысына да тәубе делік. Дегенменде сан емес сапаға үлкен мән беріп, соған сай жұмыс жасалғаны дәл қазір керек-ақ. Себебі, біздің кинолар өз ұлттық құндылықтарымызды әлі де болса жоғары деңгейде еліміздің болашағы саналатын жастарымызға насихаттай алмай отыр. Қазіргі таңда әсіресе көшірме жасау процесі қарқынды дамып, Европа стиліндегі кинолар көбірек түсірілуде. Ұлттық деп атап отырғанымыз, ол кинода міндетті түрде біздің ұлттық ойындарымызды, ұлттық тұрмыстық заттарымызды көрсету емес. Қазіргі уақытқа сай болсын, бірақ фильмде ұлттық қазақи тәрбие, салт-дәстүріміздің элементтері, ұлттық болмыс-бітіміміз, сұлу кең байтақ жерлеріміз көрсетілуі тиіс. Қазір еліміздегі қай телеарнаны қарасаңыз да бірі бітсе артынша екіншісі басталатын үзіліссіз беріліп жатқан тек түрік пен корей сериялдары, одан қала берсе еуропалық, американдық, мексикандық кинолар. Қазақтың иісі де шықпайтын сондай киноларды көріп, өңшең жат елдің мәдениеттерін бойына сіңіріп, батыстың атыс-шабысы мен арсыз киноларын қызықтап үзбей көретін өсіп келе жатқан қазақ жастарынан ертеңгі күні қайдан патриот азаматтар шықсын?! Ұлттың санасы мен еліне деген патриоттық сезімін оятатын – ол отандық кинолар десек, біздің отандық кинолардың бұл тұста әлі де болса әлсіздік танытып келе жатқаны ащы да болса шындық. Себебі бүгінгі күні ұлтты ұлықтауда, ұрпақ тəрбиелеуде кинодан өткен өткір де, күшті, қуатты қару жоқ десе де болады.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу