2 Іс - әрекеттік бағыт
Прагматизм – ілімінің өзегі адам және оның іс-әрекеті. XIX ғасырдың 70 жылдары Америкада шығып, XX ғасырдың бірінші жартысында басқа елдерге кең тарайды.
Негізгі идеясы Ч. Пирстың (1839-1914) есімімен байланысты, ал ары қарай дамытушылар У. Джеймс (1842-1910), Д. Дьюи (1859-1952). Сөздіктерде “прагматизм” терминінің шығуын “іс”, “әрекет” сөздерінен туындатады.
Пирс өзі ұсынған терминді И. Канттың “прагматикалық сенім” ұғымынан туындағанын айтады. И. Кант “Таза ақылға сында” былайша түсіндіреді. Адамға әрекет қажеттілігі туғанда, бірақ жағдай әлі айқын емес, және істің немен тынары туралы білім болмаса, онда оған бірер ұйғарымға келіп сену керек, яғни сенімге негізделген іс-әрекет мақсатқа жеткізеді. Білім негізделмей, сенімге негізделген іс-әрекет Пирстің жаңа философиялық доктринасының өзегі.
Пирс адамның ой-санасының негізгі екі күйін-ахуалын айырады. Бірінші күйінде күмәншілік (сомнение) сана тартыншақ, көмескі, екі ұшты, әртүрлі пікірлердің арасындағы солқылдақ сана. Пирс күмәншіл сананың эмоциялық сипаттамасында ұмытпайды. Күмәншіл сана мазасыз, күйгелек дейді. Сенімнің күйінің эмоциялық сипаты жағымды, сабырлы, байсалды. Сенім субъектісі іс-әрекетке дайын, өйткені сенім тұрақты, үнемі жүріп жатады, тіпті дағдыға айналған.
Адам (мүдделі адам) күмәндану жағдайынан құтылып сенімнің байсалды қалпіне жетуге талпынады. Біріншіден екіншіге ойлау арқылы жетеді. Ойдың жалғыз фүнкциясы тұрақты сенімге жеткізу. Осыдан басқа ойдың қызметі жоқ. Сенім ақиқатпа әлде жалғанба, соған қарамастан, адам тұрақты сенімге жеткеніне қанағаттанады. Сонымен бірге, адамдағы сенім тұрақты болса, онда ол оны ақиқат деп біледі. Дәстүрлі таным теориясының мақсаты – білім, ал ой ақиқат білімге жеткізетін жол.
Прагматизмнің “мүдделі адамы” күмәнданудан босап психологиялық қанағат, эмоциялық тыныштық табады. Білім мақсат емес, “мүдделі адамға” тыныштық әкелетін сенім керек. Егер адам танымға емес, тұрақты сенімге және жан тыныштығына жетуге мүдделі болса, онда ойлаудың нәтижесін ақиқат немесе жалған демей, жақсы немесе жаман деп бағалау керек. Пирс танымды жоққа шығармайды. Танымның алғы шарты – құбылыс, көрініс. Ақиқат – сенімге негізделген білім. Ғылымда жеке ақиқат жоқ, ақиқат жалпыға бірдей болу керек. Ол үшін білгір зерттеушілер, егер зерттеу процесі ұзаққа созылса, міндетті түрде келісімге келіп мәжбүр етілген ақиқатқа жетер еді.
Ақиқатты осылай түсінуді, кейінгі прагматистер қабылдамады.
Пирс көпқырлы ғалым: химик, астроном, логик, философ, математик, семиотика ілімін жасаушы. Негізгі еңбектері: “Сенімді бекіту”, “Біз идеяларымызды қалай айқын жасаймыз”.
Джон Дьюи – американдық прагматистердің ең беделдісі. Ол алғашқы кезеңде психологиямен, білім психологиясымен айналысады. Кейінен педагогикаға ықыласы ауып «прогрессивті білім алу» атаулы теориясын жасаған. Дьюи, мектептің міндеті баланың басын толтыру емес, оның қабілетін ашуға көмектесу деп білген. Дьюи философияның көптеген мәселелерімен айналысқан өнімді жазушы.
Дьюи философиясының негізгі ұғымы – тәжірибе. Тәжірибе кең мағынада алынады, яғни адам өмірімен байланысты әлеуметтік, рухани, табиғи, мәдени көркем құбылыстардың барлығы да тәжірибе. Адам тағдырына әсер ететіннің барлығы тәжірибе.
Адамның санасы тәжірибені алып жүруші. Философияның міндеті және соның көмегімен тәжірибенің өзін жетілдіру. Дьюи, алдыменен әлеуметтік өмірді қайта құрып, адамдардың өмірін жақсарту деп түсінген болар. Ол үшін ол білім жүйесін өзгертуді ұсынады. Шындығында, қай мемлекетте болмасын орта және жоғары білімнің деңгейінің төмендегені баршаға аян. Оның ұсынған педагогикалық жүйесін қатты сынаған, бірақ ол осы мәселені қоя білді. Ағарту, білім жүйесін реформалау қоғамды жетілдірудің шешуші құралы немесе әдісі.
Тәжірбиені жетілдірудің тағы бір жолы «жоғарғы технологияның» ғылыми әдістерін пайдалану. Адамзат ғылыми техниканы жетілдіруде көрнекті нәтижелерге жеткенімен, солардың ғылыми әдістерін қоғамды басқаруға, саясатта, әлеуметтік өмірде қолданбады. Әуелі, осы ғылымдардың әдістерін, білім алуға қолдану керек. Ол үшін ғылыми әдістерді логикалық қайта құрудан (реконструкция) өткізу парыз. Сонымен, тәжірибені реконструкциялаудың үшінші жолы – ойлауды жетілдіру. Дьюи эмпирикалық сипаттағы ғылыми әдісті қолдануда қиыншылықтар кездеседі дейді. Ондай қиыншылықтардан шығудың жолы логиканы, қалай түсінетіні туралы, көпшілік қауымға арналған. «Біздер қалай ойлаймыз?» деген еңбегі бар.
Адамның тәжірибесі (адамның өмірі) өзгерісте болғандықтан, айқын емес, тіпті кейде қатерлі, тұрақсыз. Тәжірибе тәуекелмен (риск) байланысты. Адам барлық істе, тұрақтылықты, айқындылықты қажет етеді. Осыған жауапты,Дьюи Платон философиясынан табады. Платон дүниені екіге, идеалды және материалды дүниеге бөлген. Материалдық дүние сезім арқылы қабылданады, сондықтан оны көрінген таный алады, ал идея дүниесіне ақылдың көмегімен жететін болғандықтан оған ерекше қабілет керек. Сезімдік таным қарапайым, физикалық еңбекпен айналысатын білімсіз адамдарға, құлдарға, жер өңдеушілерге тән, ал идеялар рухани дамыған, білімді адамдардың үлесі.
Осындай, әлеуметтік еңбек бөлісі ертеден келе жатыр және екі дүниетанымды қалыптастыруға себебін тигізді (материалистік, идеалистік). Бірақ, ол уақыт өтті, қазіргі демократиялық қоғамда қол еңбегі мен ой еңбегін қарсы қоюға негіз жоқ, олардың арасы жақындасқан сайын бірте-бірте өше бастайды. Жалпы, Дьюи абсолютті білімге, ақиқатқа қарсы. Кейбіреулер – дейді Дьюи, жетілген қоғамды, жетілген білімді және басқа да игіліктерді дайын күйінде алғысы келеді, өйткені олар адамның табиғаты өзгермейді деп сенеді. Шыңдығында адамның табиғаты құбылмалы.
Дьюи, абсолютті ақиқат, яғни өзгермейтін, толысып біткен білім болмайды – дейді. Егер теория немесе пайымдау, алға қойған мақсатымызды, жоспарымызды іске асыруға көмектесіп, дұрыс нәтиже берсе, онда біздер алғыс айтқандай оларды (теорияны) ақиқат білім деп атаймыз. Осындай пікір тек Дьюиге емес, барлық прагматисттерге тән.
Сонымен, білімді алудың процесін Дьюи төмендегіше түсіндіреді. Ғылыми әдістің, ғылымның жалпы және негізгі міндеті адамды ортаға барынша толық бейімдеу, адамның қызметіне жағдай жасау.
Сондықтан да, танымның және зерттеудің барысында қолданылатын ұғымдарды Дьюи мақсатқа жетудің құралы, инструменті ретінде анықтайды.
Осыдан, Дьюидің концепциясын инструментализм деп атайды.
Сонымен, адамды ортаға қалай бейімдеу керек? «Ортаға бейімделу» деген сөйлем тым жалпы айтылған. Шындығында, адамның іс-әрекеті нақты жағдайларда өтеді, нақты мақсаттарды шешуге бағындырылған. Ондай міндеттер әр түрлі болуы мүмкін. Осындай, қандай да болмасын проблеманы шешу алдында тұрған адамның ситуациясын Дьюи – проблемалық ситуация деп атайды. Жол айырығында қайда барарын білмей тұрған адамның ситуациясы осыған мысал бола алады. Осындай ситуацияға түскен адам қобалжиды, өзін жақсы сезінбейді, өйткені анық емес, соңы не болары белгісіз шешілмеген проблема күтіп тұр. Дьюи осы проблемалардан шығудың жолдарын көрсетуге талпынған.
Дьюидің түсінуі бойынша, ғылыми әдіс, идеялар, теориялар проблемалық ситуацияны шешуге көмектесе, сенімді болса, онда оларды ақиқат білім деп атаймыз, ал егер сенімсіздік тудырса, шатастырып жіберсе онда олар жалған.
Сонымен, идеялар, теориялар пайдалы болса, табысқа жеткізсе ақиқат деп айта аламыз. Дьюидің инструменталдық әдісімен жалпылай таныстық.
Енді, осы әдісті бір-бірімен тығыз байланысты моралдық, саяси, құқықтық сфераларға қалай қолданғанына көңіл бөлейік.
Гректерден бастап, дейді Дьюи этикалық теория «жоғарғы игілікті» яғни, бірде «қамсыз өмір», бірде «бақыт», бірде «құдайға сүйіспеншілік», бірде атараксия деп аталған игіліктерді іздеумен әуре болды.
Дьюи жоғарғы игіліктің барлық варианттарын қажет етпейді. Ол мақсаттар, игіліктер нақты болу керек. Игілік деп байлықты, деңсаулықты, достықты, әділдікті, білімділікті т.б. атаймыз. Денсаулық, байлық, білімділік сияқты игіліктердің соңына жету мақсат емес, сол бағыттағы өну, өсу, тәжірибенің үздіксіз процестігі, мақсат. Қандай да болсын мәселелердің өзіне лайық шешімдері бар.
Игілік соңында емес, жолында. Игілікке жету жолындағы тынбай іздену, өзіңді жетілдіру – нағыз мақсат.
Прагматикалық әдісті (ғылыми) әлеуметтік-саяси ситуацияларға пайдалану Дьюидің пікірінше жақсы нәтижелер береді.
Дьюи, Америкадағы демократияның тағдырына алаңдап, ондағы әлеуметтік Қайшылықтарды шешудің жолдарын қарастырады. Ол жол - әлеуметтік реконструкция. Оның басты принципі қандай да болмасын өктем, күш көрсету әрекеттерден бас тартып, тек бейбіт құралдарды пайдалану. Демократиялық мақсаттарды іске асыру демократиялық әдістерді қажет етеді. Адамның өмірі, жеке, нақты проблемалардан тұрады. Олар: білім алу, тәрбие, кәсіпкерлер мен жұмысшылар, этникалық топтар арасындағы қатынас сияқты көптеген проблемалар. Осыларды, біртіңдеп, асықпай шешуге болады. Қоғамды қысқа мерзім аралығында, тез өзгерту мүмкіндігіне үміттенбеу қажет. Түбегейлі әлеуметтік өзгерістерге жетудің құралы адамдарды оқытып тәрбиелеуде ғылыми әдістерді және жоғарғы технологияны қолдану тиімді.
Дьюидің ықпалы Америка Құрама Штаттарынан тыс жерлерге жайылды. Ол Қытайда тәрбие реформасы туралы дәрістер оқыды. Жапонияда, Түркияда қызмет істейді. Оның негізгі еңбектері: «Демократия және тәрбие», «Мектеп және қоғам», «Философиядағы реконструкция»
У. Джемс – физиолог, психолог, “Психология принциптері” атаулы еңбек жазған, Пирстің идеясын насихаттаушы, дамытушы ретінде белгілі.
Өзінің философиялық дүние танымын “радикалды эмпиризм” деп атап, прагматизмді философиялық қиыншылықтан шығудың әдісі және ақиқат теориясы деп түсінген. Джемс философияға психологиядан келгеннен кейін ол тұлғаның рухани өмірімен көп айналысып, философияның барлық мәселелерін жеке тұлғаның мүддесі тұрғысынан қарастырады. Қандай да болмасын философиялық мәселелерді Джемс олардың мазмұны жағынан емес, субъектігі қатыстығы жағынан қарастырады. Оның ықыласы адамның санасындағы болып жатқан өзгерістер. Адамды қоршаған табиғи ортаны білу қажет және пайдалы болуы мүмкін, дейді Джемс, бірақ философиялық мәселелерді түсінуге ешқандай қатысы жоқ.
Джемс философиясының негізгі ұғымы “тәжірибе”. Тәжірибеден басқа ештеңе жоқ. Джемс тәжірибенің объективті жағын емес субъективті адами мазмұнын (сезіну, қобалжу) қарастырады. Тәжірибе сананың ағыны, мазасызданудың ағыны, яғни көрінген сезімдерді, эмоциялық жағдайларды, көңіл-күйлерді біріктіреді.
Британ эмпиризмінің дәстүрін сақтай отырып, Джемс тәжірибенің ішінен, соның негізі ретінде түйсікті бөледі. “Түйсік қайдан келгені белгісіз, бізге күшпен ендірілген”. Тәжірибенің негізін түйсік деп білген Джемстің Беркли мен Юмның сенсуализміне жақын екендігін байқауға болады. Бірақ, Джемс пікірінше заттар белгілі, анық заттар ретінде тәжірибеде берілмеген, өйткені тәжірибе түйсіктердің ажырамаған ағыны. Ол заттарды сол ағыннан субъект өз еркімен, жігерімен бөліп “кесіп” алады. Адамның жігері, еркі іс-әрекетпен тығыз байланыста. Сонымен, бізді қоршаған айқын, нақты рас дүниені өзіміз жасаймыз.
Адам алдына мақсат қояды, соған жетудің құралын өзі таңдайды. Адам табиғаттың бөлігі, күші емес, ол жігерлі, белсенді, сезімтал, әрекетші тұлға.
Әрекетті, прагматистер, практикалық әрекет емес рухани әрекет деп біледі. Әрекет арқылы дүние жасалмайды, өзгермейді, тек түйсіктер өзгереді. Әрине, түйсіктер біздің бақылауымыздан тыс жатыр. Бірақ қай түйсіктерге көңіл аударамыз, байқаймыз, ол біздің ықыласымызға тәуелді. Біздер, бір фактіні әр түрлі оқимыз. “Ватерлоо...” ағылшындар үшін “жеңіс”, француздар үшін “жеңіліс”.
Рас дүниенің мазмұны таңдауға тәуелді, ал таңдау субъектіге тәуелді. Рас дүние өзі туралы ештеңе айта алмайды. Ол туралы біз айтамыз. Ол туралы не айтқымыз келсе соңы айтамыз – дейді Джемс, өйткені әлем біздің ырқымызға көнгіш.
Адам дуниені ақиқат жүйелері арқылы қабылдайды. Ақиқатты жасайтын адам. Ақиқатты, Джемс жалпы прагматистер жақсы “жұмыс” жасайтын, табысқа жеткізетін, пайда әкелетін идея деп түсінеді. Егер идея тәжірибе кедергілеріне сүріндірмей алып шықса, біз оны ақиқат дейміз, өйткені пайдалы, немесе ол пайдалы, өйткені ақиқат.
Ақиқат өзін ақтайтын сенім, деп Джемс, Пирстің “сенім” терминінде пайдаланады. Джемс тірі кезінде көпшілікке танылған философ еді. Ол діншіл жанұяда тәрбиеленгендіктен өзінің философиясында діни мәселелерге көп көңіл бөлді. Адамдар өздерін Әлемде қауыпсыз сезінуі үшін дінді қажет етеді. Құдайға сену арқылы адам өзінің тағдырын сәтті ұйымдастыруға талпынады. Сенімнің пайдасына келтіретін ешқандай логикалық, космологиялық және тағы басқадай негіздер жоқ, ал болатын болса ол адамның эмоциялық табиғаты. Басқаша айтсақ, адам сенуге құштар. Дінге сену арқылы адам эмоциясы қанағат табады. Сенім пайдалы. Егер адам қалтқысыз сенсе, қойған мақсатқа жетудің мүмкіндігі көбейеді.
Жалпы, Джемс өзінің “радикалды эмпиризмін” және ақиқат теориясын діни сенімді ақтау үшін кеңінен пайдаланады. Діни сенім адамның өмірін, қылығын өзгертеді, яғни оның салдары көбінесе жақсылықпен аяқталады. Сондықтан, прагматикалық ақиқат теориясы бойынша оны ақиқат деп мойындауымыз керек.
Джемстің шығармалары: “Психологияның негіздері”, “Прагматизм”, “Плюралистік дүние”.
Достарыңызбен бөлісу: |