Хикмет, ғұлама, ислам, дін, Құран-кәрім, аят, сүре, сопылық, фәлсапа, өмір мен өлім, шариғи заңдар, ғылым, зиярат



Дата28.01.2018
өлшемі209,18 Kb.
#34555
Сатов Е.Ж.

А. Ясауи атындағы ХҚТУ 1-курс РһD докторанты

west-side_90@mail.ru

Жасар Р.

Абай атындағы Қаз ҰПУ құқық және тарих факультетінің

2-курс магистранты

riza_zhasar@mail.ru
А. ЯСАУИДІҢ ЕҢБЕКТЕРІНІҢ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ТАРИХЫНДА АЛАТЫН ОРНЫ МЕН РӨЛІ
Түйіндеме

Бұл мақалада авторлар Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен қызметіне байланысты мәселелерді қарастырды, мысалы оның өмір жолдары, шығармашылығы, философиялық көзқарастары зерттеу нысанына айналды. Дәлірек айтқанда, Сайрам шаһарында дүние бесігін ашқан дара тұлғаның Арыстан баб, Хамадани сынды мәшһүр ғұламалардан білім алып, сол ілімді қоғамның рухани баюына шебер пайдалануы өзекті болып отыр. Дарындылығы мен еңбекқорлығының жемісі ретінде Ясауи Орта Азия мен Қазақ елінде исламды тарату мен кемелдендіруге сүбелі үлес қосты. «Диуани Хикмет» атты даналық жинағында өмірдің мәні мен маңызы, ақырет пен ақырзаман, исламның шариғи заңдары мен парыздары, Мұхаммед Мұстафа пайғамбарымыздың (Аллахтың оған сәлемі мен игілігі болсын) сүнет жолы және т.б. мәселелерді зерттеуге тырысты. Әрине, фәлсапалық сарында жазылған шығармалардың барлығына шынайы деп баға бере алмасақ та Құран-кәрімнің сүрелері мен аяттарын мысал ретінде қосып, жазылған еңбектің шынайылық деңгейі мен ғылыми құндылығын арттырған болатын.



Кілт сөздер: хикмет, ғұлама, ислам, дін, Құран-кәрім, аят, сүре, сопылық, фәлсапа, өмір мен өлім, шариғи заңдар, ғылым, зиярат.

Ислам дінінің Орта Азия мен Қазақстан аумағында таралуына сүбелі үлес қосқан шоқтығы биік тұлғалардың бірі Қожа Ахмет Ясауи. Өйткені оның еңбектері мен даналық хикметтерінің маңызы күні бүгінге дейін төмендеген емес. «Диуани хикмет» еңбегімен мәшһүр тұлғаның қаламынан сусындаған жолдар елдің рухани азығы мен тәлім-тәрбиелік қасиеттерін молайтуға ықпалын тигізері айдан анық.

Қожа Ахмет Ясауи 1040 жылы Сайрам қаласында дүниеге келіп Түркі әлеміндегі мұсылмандық дәстүрді орнықтырған ғұлама ұстаз. Әкесі – Ибраһим, анасы – Қарашаш ана. Ясауидің ата-анасының зияраттары Сайрамда орналасқан. Деректерде Қ.А. Ясауидің Ибраһим атты ұлы мен Гаухар атты қызы болғаны айтылады. Қ.А. Ясауи ұрпақтары осы қызынан тарайды. Кашифи «Рашахат-ул айн-ил хайат» атты еңбегінде Қожа Ахметтің Арыстан бабаның шәкірті болғандығы, одан заһир және батин ілімдерінің сырын үйренгендігі туралы мәлімет береді [1]. Демек, Қожа Ахмет Ясауидің жастайынан-ақ танымал ұстаздардан білім алып, оқу-ағартуға құштар болғандығы белгілі.

Қ.А. Ясауи дүниетанымы, оның ілімінің мәні мен маңызы «Диуани хикмет», «Мират-ул Қулуб», «Пақырнама» сияқты бізге жеткен мұраларынан көрінеді. Ясауи қалыптастырған хикмет дәстүрінің Ислам ақиқатының халықтың жүрегіне жол тауып сіңірудегі маңызы зор болды. Олар хикмет дәстүрін таратуда зікір тәжірибесінің үш түрін: алқа зікірі, арра зікірі, құпия зікір формаларын қатар алып жүрді [1]. 

Ясауи хикметтерінің мәні, философиясының өзегі – адам. Адам кемелдікке жетуі үшін қажетті білім – қәл ілімін игеріп, Аллахтың фазылымен берілетін – хәл іліміне жетуі керек. «Диуани хикметте» арифтердің Сұлтаны бастан-аяқ өзінің ғашықтық күйін, ғаріптік хәлін жырлайды. «Ариф ғашық тариқаттың дүр данасы» деген Ясауи ақиқатқа ішкі тәжірибе, өзін-өзі тану, діл тереңіне үңілу арқылы жетуге үндейді. Қ.А. Ясауи қылуетке түсуінің мәнісін халқымыз – Пайғамбарға деген махаббаттың және сүннетке адалдықтың үлгісі ретінде аңызға қосқан.

Қ.А. Ясауи Ислам сопылығының ажырамас бөлігі болып табылатын, түркі сопылығына негізделген тариқат жолын қалыптастырды. Бұл жолдың негізгі әдептері: шәкірттің ұстазға құрметі, адалдығы мен мойынсұнуы, Алланы тануға, жомарттыққа, тәуекелге, тафаккурға ұмтылу. Шәкірттердің негізгі міндеттері: кемелдікке жетуге, хаққа жақындауға тырысу, қауіп пен үміт хәлінде болу, үнемі Алланы еске алып, зікір ету, Ақиқат жайлы сөйлеу [1].

Қожа Ахмет Ясауи ілімінде шыншылдық пен әділдік үшін ғұмыр кешу халыққа қызмет етумен байланыстырылады. Ал, халыққа, ұлтына қызмет етудің шарты – топырақ сипатты болу, нәпсіні тыю. Топырақ сипатты болып, өзін халқына арнау кемелдікті білдіреді. Қожа Ахмет Ясауи кемелдікке жету үшін адамда қуатты махаббат пен дерт болу керек дейді. «Дертсіз адам адам емес, мұны аңла; Ашқсыз инсан хайуан жынысы, бұны тыңда» [2]. Осы хикмет жолындағы «дертсіз адам» адамдық сезімнен жұрдай, өз ұлтының, қоғамының, Отанының алдында жауапсыз, мұңсыз, қара басының қамын күйттейтін жан. «Қуатты махаббат» – илаhи фитраттан, яғни Алла тарапынан адамға берілген құдайлық сыйдан мақрұм қалған, өзінің адамдық қадірін бағалай алмайтын, парасаттылыққа ұмтылмайтын, өзін қоршаған әлемге, адамға, табиғатқа, осының бәрін Жаратушы иеге мән бермейтін жан. Дертті адамның Қожа Ахмет Ясауи іліміндегі алатын орны ерекше. Ол хикметінде “Білімің – шырақ, халің – пілте, көз жасың – жағатын май” болсын дейді [2]. Дертті, шерлі адам пілте болып жанып, ашқ отына түсіп, қоғамның кемшілік тұстары мен ақсаған руханиятын көріп, көз жасы, қайрат-жігерімен одан шығар жол, дауа іздейді. Шынайы ашққа осы дерт арқылы ұласады. Ал ашқ кемелдікке жетелейтін күш-қуат көзі. Қожа Ахмет Ясауи ілімінде адамның жаратылыс мақсаты – Хаққа құлшылық ету, ол «Сізді, бізді Хақ жаратты ғибадат үшін” – дейді [2]. Бұл ғибадат – Хақты тану жолындағы ең жоғарғы мақам. Құдайлық ашқты, Аллаға деген махаббатпен тұтастықта көретін Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы Аллах жаратқан адам баласын кемсітпей, өзімен тең дәрежеде құрметтеуді парыз деп қарайды. “Сүннет екен кәпір де болса берме азар, Көңілі қатты ділазардан Құдай бизар” деген хикмет адамның тегі мен түсіне, діні мен діліне қарамастан оған құрмет көрсету, адам ретінде ардақтауды пайғамбарлық сүннет ретінде танытады. Өйткені Қожа Ахмет Ясауи ілімі – дін, мәзһаб аясына сыймайтын шексіз махаббат жолы. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында «дертті адам», «топырақ адам», «кемел адам», сондай-ақ, «ғарип адам» тұлғалары да дәріптеледі [2].

Ғарип адамды кемелдік мәртебесіне жеткізіп, пайғамбардың қоғамдағы өкілі, ізбасары ретінде бағалайды. Қожа Ахмет Ясауи өзін де ғарип ретінде көрсетеді: «Ғариппін ешкімім жоқ, бейшарамын hәм пақыр, Сенен басқа кімім бар, рақым ет Аллах таң сәріде» – деп рақымды тек Аллахтан ғана күтеді. Өйткені оны Аллахтан басқа шын ұғатын, қолдайтын ешкім жоқ. Оны ғарип қылып, жалғыздыққа итермелейтін күш оның дүниеге деген көзқарасы, илаhи ашқ – Хақ жолына деген ұмтылысы мен махаббаты. Ғариптік – адамның өз-өзімен іштей күресіп, санасын сансыратқан мәселелердің шешімін табу жолында рухымен тілдесу, өз әлімен ғана ләззат алу сияқты көңіл-күйді білдіретін психологиялық хал. Сондықтан да Қожа Ахмет Ясауи «Қай жерде ғарип көрсең һем дем болғыл»,- дейді [3]. Яғни оларға дем бер, қолдау көрсет, қасынан табыл, құрметте дегені еді.

Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында өмір мен өлім мәселесінің мәні өзгеше. Ғазали «өлімнің ақиқатын түсіну үшін, өмірдің мәніне жету керек, ал рухты білмей тұрып, өмірді тани алмайсың»,- дейді. Оның ілімінде нәпсі – жамандықтың, рух – жақсылықтың қайнар көзі болып табылады. Жақсылық пен жамандық секілді нәпсі мен рухтың да қатар өмір сүруі мүмкін емес. Рухтың өмір сүруі үшін нәпсінің өлуі шарт. Өйткені өмірдің мәні рухтың тазалығында, яғни көңіл айнасының сафтығында жатыр. Рух тазалығын мақсат тұту «ашқ» мәртебесіне ұласып, Хақ дидарын көру болып табылады. «Муту қабла ан тамуту-топырақ болмақ; Ашқтар өлмес бұрын өледі екен...» «Құл Қожа Ахмет, нәпсіні тептім, нәпсіні тептім, Өлмес бұрын жан берудің дертін шектім, Дидар тілеп тәрк етсем масиуаны; Өлмес бұрын болмысыңды айла фәни...» [4].

Бұлар – «өлмес бұрын өлу» философиясына тән хикметтер. Қожа Ахмет Ясауи мұнда масиуаны Хақтан басқа барлық дүниені тәрк ету арқылы шынайы өмір мәнін ұғынуға шақырады. Оның көзқарасы бойынша, «шынайы өмір» деп, рухтың нәпсіден арылып, илаhи нұрлармен шайылуын айтады. Бұл ілім негізінде адамдарды «өлілер» және «тірілер» деп қарауға болады. Бұл жердегі «өлі» және «тірі» ұғымы рухқа байланысты. «Өлілер» – дүниеде нәпсінің құлы болып өткендер, олар тірі болса да өлікпен тең. «Тірілер» – нәпсілерін жою арқылы рухтарына «өмір» сыйлағандар, олар өлсе де мәңгілік өмірмен қауышқандар, бақи мәртебесіне жеткендер. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында физикалық өлім жоқ. Ол жай ғана рухтың тәннен айырылып, басқа бір халге ауысуы. Аллаға құлшылықтың ең жоғарғы халі – еркіндік. Рухани өмір ішкі рухқа қатысты болғандықтан,Қожа Ахмет Ясауи іліміндегі еркіндік мәселесі де адамның «ішкі еркіндігі» шеңберінде қарастырылады. Ішкі еркіндікті ислам ахлағында «моральдық еркіндік» дейді. Яғни, Хаққа толық құл болған адам ғана толық еркін, азат. Демек, Алладан басқа барлық нәрседен тазару шынайы еркіндікке ұласады [5].

Сопы Хақ алдында құл, халық алдында азат, еркін. Рухани өлімнің нәтижесінде нәпсі үстемдік құрып, адамды өзіне құл етеді. Адам өзінің жаратылысын, табиғатын жатсына бастайды. Нәтижесінде рух еркіндіктен айырылады. Қожа Ахмет Ясауи әдісі бойынша, рухты еркіндікке қауыштырудың жолы – зухд Қожа Ахмет Ясауи ілімінде ішкі еркіндікке жетудің дәрежелері мен басқыштары айтылады.

Бұлар сопылық дүниетанымдағы «халдер» мен «мақамат» категорияларының рет-ретімен жалғасуы арқылы жүзеге асады. Ішкі еркіндік жайындағы мәліметтің негізі – дін. Ал дін адамзатқа «ішкі құлдықтан» құтылу және «ішкі еркіндікке» жетудің жолын көрсететін Аллах тарапынан берілген илаhи жолдағы Қожа Ахмет Ясауи ілімі бойынша, «өлілер» мен «тірілер» ұғымына сәйкес, еркіндік мәселесінде де адамдарды екі топқа бөліп қарауға болады. Бірінші топ – «еркіндікті аңсаушылар». Бұлар тек қана Хаққа табынып, құлшылық етеді. Екінші топ – «еркіндіктен қорқатындар». Бұлар – нәпсі, мансап, байлық, атақ, дүние, адамға, т.б. табынып, құлдық ұрады. Хикметтің басы – Аллахты бар және бір деп білу [6].

Қожа Ахмет Ясауи адам баласы осы шындықтан бейхабар қалғанда өзінің негізінен алыстай бастайтындығын айтады. Осы ақиқатты адам баласына ескертіп, тікелей еске салып отыратын таным көзі – Құран деп біледі. Сонымен қатар, Аллахты танудың негізгі сыры адамның өзінде екендігін айтады. Адам – микрокосмос болса, рух, бүкіл әлем, болмыс – макрокосмос, Аллахтың аяттары, яғни белгілері. Адам – рух әлемінде Аллахпен болған сұхбат-антты бұзбай «Зікір» арқылы үнемі есте сақтаушы. Қожа Ахмет Ясауи іліміндегі зікір, сама сияқты әдістер Аллахпен болған сертті ұмытпау үшін қолданылған. Адамның арабша “инсан”, яғни “ұмытшақ” екендігін ескергенде, Құранның бір аты болып табылатын зікір адамдық болмысты толықтырып, кемелдендіріп отыратын әдіс екендігі белгілі [7].

Жалпы сопылық дүниетанымға тән теориялық-тұжырымдамалық ұстанымды Қожа Ахмет Ясауи түркілік дүниетаным негізінде жаңғыртты. Ислам тарихында дінді ұғынудың, қабылдаудың ерекше түрі ретінде пайда болған «сопылық ағым» ресми діндегі қасаңдыққа қарсы бағыт ретінде бой көрсетті. Сол секілді Қожа Ахмет Ясауи ілімі де түркілік дүниетанымның негізгі категориясы болып табылатын әмбебаптыққа сай дамыды. Тәңірді жазалаушы, қорқыныш иесі ретінде ғана емес, Тәңірді сүю және оның үкімдерін құрметтеу арқылы Аллахқа махаббатпен қауышу-ұласу әдістерін қалыптастырды. Өйткені сопылық дүниетанымда Аллах – ғашық, мағшуқ әрі ғашықтықтың өзі болғандықтан да, ғашықтық болмыс жаратылысының ең негізгі мұраты. Бұл адам бойында махаббат, жауапкершілік сезімді, иман, т.б. асыл құндылықтарды қалыптастырады. Адам хикмет арқылы, оның нәтижелі жемістерінің негізінде ғана мәнді, мағыналы өмір, «адамша тіршілік ету өнерін» меңгере алады.

Қожа Ахмет Ясауи ілімінің танымдық тірегін құрайтын адамгершілік қағидалардың өзегі – ахлақ, яғни мораль . Ахлақ – хикметтің нәтижесінде қалыптасқан рухани құндылықтар жиыны. Адам ахлақ арқылы адамдық болмысқа, мәнге ие болады. Яғни, адам ахлақтық-рухани құндылықтарды бойына сіңіргенде ғана «шындыққа», «жан тыныштығына» қауышады.

Қожа Ахмет Ясауи ілімінде «жан тыныштығы», «шындыққа жету» адамгершілік қасиет пен сипатқа ұласу арқылы тариқатта жүзеге асады. Аллаға қауышудың жолы қоғамға, адамға қызмет ету – тікелей ахлақтық кемелдену арқылы өтеді. Нәтижесінде рухани тазалыққа, өзін өзі меңгеруге қолы жетіп, «Кемел адам» тұрпаты қалыптасады. Көшпелі түркі қауымын имандылыққа шақыру арқылы Қожа Ахмет Ясауи ілімі барша түркі халықтары мәдениетіне үлкен өзгеріс енгізді. Дәстүрлі түркілік дүниетанымның негізі сыршылдық дін екендігін ескерсек, сопылық танымның түркі мұсылмандығының ең маңызды ерекшелігін қалыптастырудағы себептерін ұғыну қиын емес. Бұл құбылыстың табиғилығын дін феноменологиясы тұрғысынан қарасақ, діндердің таралуындағы ескі ұстындардың толығымен жойылмайтынын, жаңалары сол құндылықтар, түсінік, ұғымдар негізінде өз орнын табатынын көруге болады. Көбінесе діндерде ескі ұстындар мистикалық институттармен тұтасып, «халық діндарлығы» түрінде тіршілігін жалғастырады. Бұл құбылыстың көрінісін Қожа Ахмет Ясауи дың сопылық-моральдық ілімінен көруге болады. Оның «құрма» символизмі арқылы Мұхаммед пайғамбарымызға (Аллахтың сәлемі және мейірімі болсын) байлануы, осы құбылысқа Арыстан бабтың «себеп» болуы, өмірін пайғамбар өміріне ұқсатуға тырысуы, пайғамбарға ұқсаудың ишараты ретінде ұлының атын Ибраһим қоюы, пайғамбар жасына келгенде тірідей «жерасты мешітіне», яғни қылуетке түсуі, осының бәрі оның іліміндегі көшпелі түркілерге исламды таратудағы маңызды әдістемелік, құбылыстық ерекшелік әрі жаңалық болып табылады [8].

Жергілікті халықтың салт-санасы мен сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін діни-мистикалық мектептің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы сопылық ағымның түркілік дәстүріне даңғыл жол салды. «Ислам дінін тек араб тілі арқылы ғана тануға болады» деген түсінікті теріске шығарып, сопылық әдебиет ұстанымдарын көне түркі әдеби тіл – шағатай тілінде сөйлетті. Қасиетті кітаптың арабша мағынасын толықтай түсіндіру, шариаттың қыр-сырын, дін қағидаларын қалың қауымға өз тілдерінде тереңнен таныту мақсатында хикметтерін жергілікті халыққа жақын айшықты поэзия тілімен жазды.

Қожа Ахмет Ясауи түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, түркі тілдерінің көркем шығармалар тудыру мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеді. Оның жазба әдебиет үлгісіндегі шығармалары түркі топырағында ертеден қалыптасқан суырыпсалмалық дәстүрдегі әдебиетке жаңа серпін, тың мазмұн алып келумен қатар, оны түр жағынан көркейтіп, кемелдендіре түсті. Сөйтіп, бұрыннан дидактикалық сипаты басым түркі әдебиеті насихаттық ой тұжырымдармен толыға түсті. Ол фольклор мен жазба әдебиеттің өзара жақындасуының, толысып, көркеюінің дәнекері бола отырып, Шығармашылық әдебиетінде ертеден қалыптасқан, Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әнбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметтерінде ұтымды пайдаланды.

Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы түркі-мұсылман әлеміне кеңінен танылып, Ясауише хикметжазу дәстүрге айналды. Кіші Азияда Қажы Бекташ, Жүніс Әміре, Сүлеймен Бақырғани хикметтерінен Қожа Ахмет Ясауи сарыны байқалды. ХІІ ғасырдан бері түркі халқының дүниетанымына елеулі ықпал еткен Қожа Ахмет Ясауи сарыны Асан Қайғыдан Абайға, сондай-ақ, күні бүгінге дейінгі қазақ ақындары шығармаларында көрініс тапқан.



Түркі жұрты мен мұсылман ортасында белгілі орта ғасырлық ғалымдардың бірі исләмнің таралуы үшін дүниеге әкелген сопылық философиялық трактаттардың иесі Қожа Ахмет Ясауи келешек ұрпаққа елеулі мұра қалдырды. Оның «Диуани Хикмет» атты туындысы адамгершілік, имандылық, әділдік, инабаттылық тәрізді күрделі мәселелерді сипаттап ашып көрсетуге арналған [9]. 

Қ.А. Ясауи өзінің бүкіл жарқын қабілеті мен дарынын, күш жігерін түркі халқына, туған еліне жалпы түркі дүниесіне, әсіресе өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне жұмсаған ғұлама. Оның әдеби, мәдени, сопылық шығармалары бүкіл түркі әлеміне оның ішінде қазіргі қазақ әдеби тілінің кемелденуіне, ал оқу-ағарту саласындағы көзқарастары бүкіл түркі әлеміндегі, оның ішінде еліміздегі педагогикалық ой-пікірлердің пісіп жетілуіне, хикметтері мен рухани адамгершілік мұралары ұлттық тәлім-тәрбие беруде үлкен ықпал етуде. Сол себепті Ясауидің ілімі күні бүгінге дейін өз маңызын жоғалтпақ емес.



Ясауидың еңбектерінің өзектілігі мен маңызы, ал ең бастысы шыншылдығының мол болуын оның қалам тартқан беттерінде он сегіз мың ғаламды жаратқан Субхан Аллах-тағаланың адамзат баласына тура жол көрсету үшін соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (Аллахтың сәлемі және мейірімі болсын) түсірілген Құран-кәрімнің үзінділерінің бейнеленгендігі болып табылады. Өйткені он төрт ғасыр бойына еш өзгермеген және әлемнің барлық тілдеріне дерлік аударылған қасиетті кітаптың сүрелері мен аяттарын шебер пайдалану арқылы ғұлама ғалым өз еңбектерінің ғылыми құндылығы мен шынайылық деңгейін арттырды. Сөзімізді дәйектейтін болсақ, Ахмет Ясауи өз Хикметінде:

Куллу мән ъаләйһә фән,

Өледі екен басқа жан бір Аллахтан.

Исрафыл сүр сүрлеп, келер тағы

Көрден бәрі тіріліп шығар заман,- дейді.

Бұл шумақта «Куллу мән ъаләйһә фән» сөздері Құран-кәрімнің «Рахман» сүресінің 26-аятынан алынған [10]. Тәфсірі: бүкіл жер жүзіндегілер түзейді (өледі). Яғни аталмыш жолдарда аят мысалға алынған [11].

Ахмет Ясауи хикметтерінде қарастырған мәселелерде дәлел келтіру үшін немесе оларды түсіндіру мақсатымен бірнеше аятқа сілтеме жасаған. Ол хикметтің тілінде Құран Кәрім үшін «Құран» немесе «кәлам» терминдерін қолданған. Осы тұста бір-екі мысал бере кетейік. Сілтемелердің бірінші түрі аяттар тікелей сол қалпында алынған. Мысалы, 94-хикметтің оныншы шумағындағы «Бір тамшы судан жаратылды деді ваиз» сөзі Нахл сүресінің 4-аятындағы «бір тамшы суды (нутфа)» баяндайтын бірнеше аяттың мағынасы болып табылады. 116-хикметтің бірінші шумағындағы «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе? деген кезде, «Иә» дегенімді білмедім» сөзі Ағраф сүресінің 172-аятынан алынған (أَلَسْتَ بِرَبِّكُمْ قَالُوا بَلَى : Әләсту бираббикум қалу бәлә). Бұл тақырып жиі қайталанып, әрдайым осы аятқа сілтеме жасалынып отырады. Мына төмендегі шумақтарда сілтемелер жасалынады: 7-хикмет 4-шумақ, 43-хикмет 10-шумақ, 62-хикмет 3-шумақ, 88-хикмет 27-шумақ. 83-хикметтің төртінші шумағының үшінші қатарында болса «Барлық жан өлімнің дәмін татады» деген аят бар, Құранда осындай хабар берілген»,-дейді. Бұл сөз Әли Имран сүресі 185-аяты мен Әнбия сүресі 35-аятындағы «барша жан өлімнің дәмін татады» (كُلُّ نَفْسٍ ذَآئِقَةُ الْمَوْتِ : куллу нафси заиқат-ул маути) бөлігінің аудармасы болып табылады. 70-хикметтің сегізінші және он төртінші шумағындағы «Әй иман келтіргендер (мүміндер), сабыр етіңдер және қиындықтарға төзіңдер» сөздері Әли Имран сүресі 200-аятынан алынған. Бұл мысалдардан белгілі болғанындай Ахмет Ясауи өлеңнің тілі мүмкіндік бергенінше Құран аяттарынан пайдаланған. Яғни, аяттарды толық ала алмағандықтан тақырыпқа сай келетін бөліктерін кәдеге жаратқан [12].

Сілтеме жасаудың екінші түрі болса аяттардың мағынасын алу арқылы жасалынған. Олардың көпшілігі аяттардың мазмұнын білдіреді. Бірінші мысалымыз «жақсылықты әмір етіп, жамандықтан тыю» (әмри бил-маруф наһи ан-ил мункар) (121. хикмет) мәселесі. Белгілі болғанындай бұл тақырыпты Құран жиі-жиі көтеріп, оны мұсылмандар үшін міндет етеді. Мысалы мына аяттарға көз жүгіртер болсақ: 3 Әли Имран 104-аят, 57 Хадид 4-аят. Сонымен бірге 121. хикметтін он төртінші шумағында өтетін түнгі намазға тұру керектігі жөніндегі сөздер Инсан сүресінің 26-аятына негізделген. Тағы бір жерде тәубе еткен мүміндердің ақыретте қол жеткізетін сауабы туралы айтылады. Құран Кәрімде көптеген аяттарда, әсіресе Әли Имран сүресі 135-136, Мәриям сүресі 60-аят және Тахрим сүресі 8-аяттарда бұл мәселе айқын түрде түсіндіріледі. Сондай-ақ осы аяттарды атап өтпей-ақ оларды еске түсіретіндей етіп «Тәуба етіп Хаққа бет түзеген ғашықтарға жәннаттың ішінде төрт өзенде шәрбат бар» (29/1) дейді. Сонымен қатар хикметтің бесінші шумағында Ниса сүресінің 69-аятында айтылатын құлшылықтар туралы баяндалады [12].

Ясауи ең көп тілге тиек еткен аяттардың бір бөлігі де зікірге қатыстылары. Бұл мәселеде Жұма сүресінің 10-аяты мен Ахзаб сүресінің 41-аятындағы «Алланы көп еске алыңдар» сөзінің түсіндірмесін қолданады (Хикмет: 16/1, 68/4, 91/2, 109/2, 103, 4). Сопы ретінде оның бұл ұстанымы әдеттегі қалыпты жағдай болып табылады. Аяттың әртүрлі құлшылықтарды қамтитын кең мағынасы болса да сопылық дәстүрде мұндай аяттар көбінесе «зікір ету» түрінде тар мағынада қолданылған. Ясауи де осындай түсінікте болған. Оның «Құл хуаллаһ, субханаллаһ десем» сөзін (123/1, 144/13) осы тұрғыдан бағалауға болады [12].

Соңғысы ретінде Ясауидің хикметтеріндегі аяттарға жасалынған сілтемелерге тоқталайық. Мысалы, 31-хикметтің жетінші және 70-хикметтің тоғызыншы шумақтарында Һарун, Перғауын, Хаман және Хз.Мұса туралы Құран Кәрімде баяндалатын қиссаларға сілтемелер жасалынады. Аталған хикаялар Анкабут сүресінің 39-40, Назиат сүресінің 24-25 аяттарында және Таһа сүресінің басында баяндалады. 121-хикметтің он екінші шумағында Жүсіп пайғамбар (12 Жүсіп 1-21), он төртінші шумағында Ибраһим пайғамбардың отқа тасталғандығы жөніндегі қиссаға (21 Әнбия 69) сілтеме жасалынады. Хз.Исмаилдың құрбандыққа шалынуы тақырыбын баяндайтын шумақтарда болса (123/5, 142/13) Саффат сүресінің 102-аятының мағынасы берілген. Кейде Ясауи Құрандағы ұғымдарды дәл сол күйінде қолданады. Олардың қай хикметте қолданылғандығына да тоқтала кетсек: айн-ал йақин, илм-ал йақин (9/21), жаннат-ул фирдаус (103/4), сидрат-ул мунтаха (122/5), арш, лауһ, қалам (128/6), кираман катибин (135/5). Бұл жерде Ахмет Ясауидің өлеңдеріне есім етіп берген «хикмет» сөзінің де Құранда көп кездесетін ұғым екендігін айта кетуіміз керек.

Хикметтерде кейбір сүрелер мен аяттардың аты аталады: Фатих сүресі (1/18), Таһа сүресі (6/4), Бараат аты (20/8), Ясин сүресі (120/2) [12].

Қожа Ахмет Ясауи иманның орта ғасырлық кезеңдегі ахуалына байланысты мәселелерді де көтерген болатын. Мәселен, Ясауи 86-хикметінде:

Халайықтар пасық болып, діні жоқ,

Исләм зағип болып, қолдан кетті көріңдер.

Ораза, намаз, иман қолдан кетті,

Әр күн бітер, диуанихадис өтті,

Төрт расулдың айтқандары енді жетті,

Көріңдер енді бұл дүниені қараңғылық басты [13].

Яғни адамдар хақты ұмытып, нәпсінің қызметіне жан-тәнімен сатылғандықтан ел басына белгісіз қиыншылықтардың түсуі негізгі себеп деген ой тастайды. Адамдар мұсылманшылықтың талаптарын орындамай, өмірдің мәнін жоғалтып, мағынасыз тіршіліктің нәтижесінде Аллах-тағаланың қаһарына ұшырап, ақырзаманды жақындатты деп тұжырым жасайды.

Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы, рухани адамгершілік мұралары философиялық, тарихи, мәдени, әдебиеттану, тілтану т.б. бағытта біршама зерттеліп, тиісті бағасын алып келеді. К. Зейбек [14], Ә.Н. Нысанбаев пен Д. Кенжетай [15], М.Ф. Көпрүлү [16], Ә. Дербісәлиев [17], Е. Кемал [18], Р. Сыздық [19], Ә. Құрышжанов [20], Д. Кенжетай [21], Э.Н. Наджип [22], Р. Сыздықова [23] көптеген ғалымдардың еңбектері ұлы ғұламаның шығармашылығы мен рухани адамгершілік мұраларын әдеби танымдық тіл білімі және философиялық тұрғыдан әр жақты қарастырады.

Ахмет Ясауидің өмірі мен қызметі, оның еңбегі жайында отандық зерттеушілердің жазғандары аз емес. Сөзімізді дәйектейтін болсақ, А.Ағайдарова ұлы ғұлама туралы былай дейді: «Ясауи өз заманының түлегі, өз дәуірінің бел баласы. Оның айқындамасы, тәлім-тәрбиесі, ортасы исләм діні болып, діни-философиялық дүниетанымы исләм аясындағы сопылық идеялар негізінде қалыптасты. Ясауи үшін ағартушылық миссияның мазмұнын белгілеген Алла сөзін, Хақ жолын дәріптеу үлкен парыз ретінде танылды. Ол өзінің өмірден түйгенін, оқып-тоқығанын туған жеріне жеткізіп, Хақ жолына бастар бағыт-нышандарын көрсетіп, насихат жүргізуді өмірлік міндет, халқына қызмет деп білді» [24].

А.Ағайдарова Ясауи жайында тағы да жазған болатын: «Түркі тасаввуфы тарихында түркі сопылығының негізін салушы Ахмет Ясауи, исламнан бұрынғы буддизм, шаманизм, манихеизм мәдениетін білетін түркі тайпаларына ислам дінін сопылық жол арқылы қабылдауға болатынынкөрсетті. Сол арқылы түркі тайпалары арасында мұсылман-түркі мәдениетінің негізін қалады» [24].

Т.ғ.к. З. Жандарбек Ахмет Ясауидің ғылыми тұлғасын былайша суреттейді: «Түркі мәдениеті мен мемлекеттілігінің қайта жандануына Ясауи ілімі мен сол ілім негізінде тарих сахнасына шыққан ясауийа тариқатының белсенді әрекеті игі ықпалын тигізді» [24].

Зерттеуші М. Исахан Қожа Ахметтің сопылық ілімі аясында баяндады: «Ясауи классикалық сопылық ілімнің ірі өкілдері секілді өз дәуірінің надандығымен арпалысып, сауаттануды хақиқатты танытар алтын жіптің арқауы етіп көрсетті» [24].

А. Шаяхметова «Қожа Ахмет Ясауи және түркілік дүниетаным атты мақалада» былай деп жазған еді: «Ясауидің асыл мұрасының бірі – диуани хикмет – ілім-білімнің қайнары. Адам кемелдікке жету үшін қажетті білімді игеріп, онымен қарулануы қажет. Ғұламаның одан басқа Мират ул-Құлуб, Пақырнама, Көңіл айнасы» [24].

Қорыта айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи ислам діні мен жергілікті дәстүрді сабақтастырып, халықтың рухани түрғыдан кемелденуіне өз үлесін қосты. Оның қарымды қаламынан туған «Диуани Хикмет» атты еңбегінде Құран-Кәрімнің сүрелері мен аяттарына мысалдар келтірілген. Елді бейбіт өмір мен ибалылыққа шақырды. Хақты танудің бірден бір жолы ислами ілім жинау екендігін жете түсінді. Сауаттылық пен еңбекқорлық арқылы тұлғаның қараңғылықтан құтылып, жарық сәулеге енетіндігін жазды. Сәбилік күннен берілген өнегелі тәлім-тәрбие бала бойына бітетін іргетас іспеттес деген болатын.


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. http://www.madenimura.kz/kk/culture-legacy/region/south_kazakh_ oblast/memorial/yassayu. – 03.02.2016.

2. Отырар. Энциклопедия. – Алматы: Арыс баспасы, 2005.

3. Мұхтар Әуезов энциклопедиясы – Алматы: Атамұра баспасы, 2011.

4. kazorta.org/ozha-ahmet-yassaui-ilimi. – 03.02.2016.

5. Әліпхан.М. Қ.А. Яссауи хикметтерінің адамгершілік іліміне қатысы // Қожа Яссауи мұраларының бүгінгі таңдағы зерттелу көрінісі. Халықаралық ғылыми конференция материалдары. – Алматы: Арыс баспасы, 2008. – 405 б.

6. Ж. Камалқызы. Қ.А. Яссауи хикметтері және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы / Қожа Ахмет Яссауи мұралары мен ілімінің зерттелуі – Түркістан, 2008.

7. «Яссауи әлемі» журналы, 2010. – № 3-4(5). – 102 б.; 2011. – № 2(7) – 74 б.

8. Д. Кенжетай. Қожа Ахмет Яссауи дүниетанымын зерттеу проблемелары. – Түркістан, 2004. – 341 б.

9. kazakhstan.orexca.com/rus/khoja_akhmet_yassavy.shtml. – 03.02.2016.

10. Құран-Кәрім. Рахман сүресі, 26-аят.

11. Халифа Алтай, Дәлелхан Жаналтай. Құран кәрiм, қазақша мағына және түсiнiгi. Сауд Арабиясы, «Фахд» баспасы, 1991 ж.



12. e-islam.tarmpi.kz/index.php? – 03.02.2016.

13. bigox.kz/kozha-axmet-yasaui-diuani-xikmet. – 03.02.2016.

14. К. Зейбек. Қожа Ахмет Йасауи жолы және таңдамалы хикметтер. – Анкара: 2003. – 255 б.

15. Ә. Нысанбаев, Д. Кенжетаев. Қожа Ахмет Иасауи // Түркістан. Халықаралық энциклопедия. – Алматы: 2000. – 656 б.

16. М.Ф. Көпрүлү. Қожа Ахмет Ясауи танымы мен тағылымы. – Шымкент: 1999. – 246 б.

17. Ә. Дербісәлиев. Шыңырау бұлақтар. – Алматы: Жазушы, 1982. – 256 б.

18. Е. Кемал. «Дивани хикметтен» сечмелер. – 1983.

19. Р. Сыздық. Ясауи тілінің қыпшақтық-оғұздық негізі // «Түркология» журналы, Түркістан: 2002. – № 2. – 106-110 бб.

20. Ә. Құрышжанов. Қ.А. Йассауи шығармаларын зерттеудің кейбір мәселелері // ҚР ҰҒА Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы. – 1994. – № 5. – 24-33 бб.

21. Д. Кенжетай. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы. – Алматы, 2008.

22. Э.Н. Наджип. Культура и тюркоязычная литература Мамлюкского Египета XIV века. – Туркестан: Туран, 2004. – 291 с.

23. Р. Сыздықова. Ясауи «Хикметтерінің тілі». – Алматы: Сөздік-словарь, 2004. – 549 б.

24. Ясауи әлемі журналы, 2010. – № 2. – 32-95 бб.
REFERENCES
1. http://www.madenimura.kz/kk/culture-legacy/region/south_kazakh_oblast/memorial/yassayu. - 02.03.2016.

2. Otyrar. Jenciklopedija. – Almaty: Arys baspasy, 2005.

3. Mұhtar Әuezov jenciklopedijasy – Almaty: Atamұra baspasy, 2011.

4. kazorta.org/ozha-ahmet-yassaui-ilimi. – 03.02.2016.

5. Әlіphan.M. Қ.A. Jassaui hikmetterіnің adamgershіlіk іlіmіne қatysy // Қozha Jassaui mұralarynyң bүgіngі taңdaғy zerttelu kөrіnіsі. Halyқaralyқ ғylymi konferencija materialdary. – Almaty: Arys baspasy, 2008. – 405 b.

6. Zh. Kamalқyzy. Қ.A. Jassaui hikmetterі zhәne қazaқ әdebietіndegі dәstүr zhalғastyғy / Қozha Ahmet Jassaui mұralary men іlіmіnің zertteluі – Tүrkіstan, 2008.

7. «Jassaui әlemі» zhurnaly, 2010. – № 3-4(5). – 102 b.; 2011. – № 2(7) – 74 b.

8. D. Kenzhetaj. Қozha Ahmet Jassaui dүnietanymyn zertteu problemelary. – Tүrkіstan, 2004. – 341 b.

9. kazakhstan.orexca.com/rus/khoja_akhmet_yassavy.shtml. – 03.02.2016.

10. Құran-Kәrіm. Rahman sүresі, 26-ajat.

11. Halifa Altaj, Dәlelhan Zhanaltaj. Құran kәrim, қazaқsha maғyna zhәne tүsinigi. Saud Arabijasy, «Fahd» baspasy, 1991 zh.

12. e-islam.tarmpi.kz/index.php? – 03.02.2016.

13. bigox.kz/kozha-axmet-yasaui-diuani-xikmet. – 03.02.2016.

14. K. Zejbek. Қozha Ahmet Jasaui zholy zhәne taңdamaly hikmetter. – Ankara: 2003. – 255 b.

15. Ә. Nysanbaev, D. Kenzhetaev. Қozha Ahmet Iasaui // Tүrkіstan. Halyқaralyқ jenciklopedija. – Almaty: 2000. – 656 b.

16. M.F. Kөprүlү. Қozha Ahmet Jasaui tanymy men taғylymy. – Shymkent: 1999. – 246 b.

17. Ә. Derbіsәliev. Shyңyrau bұlaқtar. – Almaty: Zhazushy, 1982. – 256 b.

18. E. Kemal. «Divani hikmetten» sechmeler. – 1983.

19. R. Syzdyқ. Jasaui tіlіnің қypshaқtyқ-oғұzdyқ negіzі // «Tүrkologija» zhurnaly, Tүrkіstan: 2002. – № 2. – 106-110 bb.

20. Ә. Құryshzhanov. Қ.A. Jassaui shyғarmalaryn zertteudің kejbіr mәselelerі // ҚR ҰҒA Habarlary. Tіl, әdebiet serijasy. – 1994. – № 5. – 24-33 bb.

21. D. Kenzhetaj. Қozha Ahmet Jasaui dүnietanymy. – Almaty, 2008.

22. Je.N. Nadzhip. Kul'tura i tjurkojazychnaja literatura Mamljukskogo Egipeta XIV veka. – Turkestan: Turan, 2004. – 291 s.

23. R. Syzdyқova. Jasaui «Hikmetterіnің tіlі». – Almaty: Sөzdіk-slovar', 2004. – 549 b.

24. Jasaui әlemі zhurnaly, 2010. – № 2. – 32-95 bb.
Сатов Е.Ж.

докторант 1-го курса РһD докторантуры МКТУ им. А. Ясави

west-side_90@mail.ru

Жасар Р.

магистрант 2-го курса факультета истории и права Каз НПУ им. Абая



riza_zhasar@mail.ru
МЕСТО И РОЛЬ ТРУДОВ А. ЯСАВИ В ИСТОРИИ

ТЮРКСКИХ НАРОД
Аннотация

В статье было уделено особое внимание на исследование жизни и деятельности великого мыслителя Ходжа Ахмета Ясави. Например, его жизненный путь, труды, философические мировозрения стали объектами исследования. Также автор отмечает что Ясави будучи учеником таких наставников как Арыстан баб, Хамадани получил качественный запас знаний и благодаря своему таланту и труду он мастерский использовал эти качества для процветания и распространения ислама на территории Центральной Азии и Казахстана. В главном своем труде «Дивани Хикмет», автор исследовал такие проблемы как значение и смысл жизни, последний и судный день, шариатские законы и столпы ислама, сунитское направление пророка Мухаммад Мустафа (да благославит его Аллах и ниспошлет мир) и другие. Несмотря на то, что Ходжа Ахмет Ясави в основном писал труды в философской форме, но тем не менее, не теряют свою значимость и по сей день. Потому что во многих произведениях автор проводит свое исследования опираясь на такие источники, как, суры и аяты из священной книги Корана и этим он повышает научную значимость и объективность своих трудов.



Ключевые слова: хикмет, ученый, ислам, религия, Коран, аят, сура, суфизм, философия, жизнь и смерть, шариатские законы, наука, зиярат.
Сатов Е.Ж.

1-st course РһD doctor of IKTU named after A. Yassawi

west-side_90@mail.ru

Жасар Р.

2-nd course MA student of Kazakh National Pedagogical University

named after Abai

riza_zhasar@mail.ru
PLACE AND ROLE OF WORKS IN THE TURKIC PEOPLES HISTORY OF A. YASAWA
Annotation

The essay has been removed special attention to the study of the life and works of the great thinker Khoja Ahmed Yasawi. For example, his way of life, writings, philosophical worldview became objects of study. The author also notes that Yasavi being a disciple of mentors like Arystan bab, Hamadani was the quality and supply of knowledge thanks to his talent and hard work, he masterfully used these qualities to flourish and spread of Islam in Central Asia and Kazakhstan. In the main his work "Diwani Hikmat", the author explored issues such as the value and meaning of life, the last and judgment day, sharia law and the pillars of Islam, Sunni direction of the Prophet Muhammad Mustafa (blessings be upon him peace and the world) and others. While Hodja Ahmet Yasawi mainly composed works in philosophical form, do not lose their relevance to this day. Because in many works of the author introduced examples in suras and verses from the holy book the Koran and that it increases the scientific value and objectivity of books.



Keywords: һikmet, scholar of Islam, the religion, the Qur'an, verse, Sura, Sufism, philosophy, life and death, sharia law, science, ziyarat.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет