Ұстаздар мерекесіне арналған сценарий
Дайындаған: Сағымбаева Нұрсая Сәбитқызы
Ұстазға әркім басын ию керек,
Кемеңгер ақылшым деп білу керек.
Сен бүгін керемет боп кетсең дағы,
Жеткізген сол ұстаз деп білу керек.
Армысыздар, жиналған қауым, ұстаз,
Күні бүгін ұстаздардың мерекесі.
Құтты болсын мереке баршамызға,
Жүріңіздер үнемі сіздер, алда! -дей келе барша ұстаздар қауымын, 6 қазан - «Ұстаздар күні» мерекесімен құттықтаймыз. Әр ұстаздың еңбегіне нұр, шығармашылық табыс тілейміз. Ұстаз - ол ұлы тұлға. Ұстазға ғалым да, шахтер де, дәрігер мен ұлы ақындар да танылынып, бас иген, ұстаз алдынан тәлім алған, әрі тәрбие көзін қабылдаған.
(Бүгінгі ән-күйіміз өздеріңізге арналады.)
Ұстаз деген ұлы сөз ұлағатты,
Ол болмаса, кім береді парасатты.
Асылын беріп шәкірт бойларына,
Ағартқан сол үшін де қара шашты.
Бүгінгі салтанатты мерекелік кешімізді ашу үшін құттықтау сөз мектеп директоры - Аралбай ағайға беріледі.
Ашылуы: (би 3-4 кл және Гүлсая мен Гүлсезім «Ұстазым» әні)
Сөзі бойға ексе білім қуатын,
Көзі зерттеп жан-дүниеңді ұғатын.
Қайда жүрсем бірге ұстаз бейнесі,
Іс-қимылы аңсар арман – мұратым.
«Ұстазым» әні: 4 сынып оқушысы Балқия, Диана
Терең ойлы сөздеріңді жаттаймын,
Үміт еткен сеніміңді ақтаймын.
Үзбей берген біліміңнен сусындап,
Жұмсақ, жылы үніңді есте сақтаймын.
Ұстаздарым, қасиетті шынарым,
Арналады сіздерге бар жыр- әнім.
Сіз- бәйтерек,біз- жапырақ мәңгілік,
Сізден алдық тамырлардың құнарын.
Қашан көрсең күнге ұқсаған жанары –
Ұстаздардан көнбіс адам жоқ әлі!
Мектеп көрген әдептілер айтпақшы,
Мұғалімнен шықпаңыздар жоғары!
(Келесі құттықтау сөз кезегін ардагер ұстаздарға береміз.)
Сіздердің құрметтеріңізге арналып: 5 сынып оқушысы Арудың орындауында «Перзент үні» әнін қабыл алыңыздар!
Ұстаздың әр адамның жүрегінен алатын орны айрықша, қолына қалам ұстатып, алғаш әліппені үйреткен мұғалімін жылылықпен еске алмайтындар кемде кем болар.
Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – Мұғалім.
Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деген ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек.
Ендеше ұстаз болып дүниеге келіп, ұстаз болып дүниеден өткен ұстаздарды 1 минут үнсіздікпен еске алалық.
Күллі өмірін жеткіншекке арнаған,
Мұғалімді ардақтамас бар ма жан.
Ол мектептен шықпаса да қысы-жазы,
Жемісі оның жердің жүзін шарлаған.
Бала десе ойламайды өз қамын,
Көрсем дейді күнге де қол созғанын.
Шын жүректен жатса-тұрса тілейді,
Шәкіртінің өзінен де озғанын.
(Вальс)
Кім болсаңда?
Ұмтылмаңыз жоғары.
Мұғалімнен үлкен адам жоқ әлі!
Кім болмаңыз, прокурор ма, сотсыз ба,
Тұрыңыздар, келе жатыр мұғалім!
Көркемсөз 4 сынып оқушылары, 3 сынып оқушыларының оқушылардың жүрек жарды өлең шумақтары, «Мұғалім» монологі.
Бейбіт: Ұстаздың оттай ыстық алақаны
Болған соң ойлайтыны – бала қамы
Баладан ұстазыма мың сан ағыс
Өйткені ол ұстазымның ақ арманы
Нұрын төккен көк аспан күмбезінен
Күлімдеуің ұқсайды күн көзіне
Қолда болса сыйлар ем ұстаздарға
Бар байлығын әлемнің бір сіздерге
Таңнұр: Адам бар ма мұғалімнен жаны ізгі,
Аялаймын олар басқан әр ізді.
Арманым не алабына қадірлі,
Өнегелі болсам ұстаз тәрізді
Ұстаз бізді білім беріп өсірген
Қатемізді әрқашанда кешірген
Өмір жолы – қиын жол деп әрқашан
Тәрбиелеп, ақылды ғып өсірген
Бағжан: Кем көрмеймін сізді асыл анамнан
Сізге ұқсап қудық біз де сан арман
Сіздей адам дүниеде көп болсын
Балалардың бақыты үшін жаралған
Ең аяулы есім гой «Ұстаз» деген
Бар тіршілік бақыты ұстазбенен
Ұстаздарды жеткізгенше мұратына
Білім іздеп лапылдар жана берем
Ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді.
Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз”
Оларға бар білімін, үлгі, өнегесімен тәрбиелеген ұстаздарға деген алғыстары шексіз, өмірін ұстаздық жолына арнаған ұстаздарымыздың ерен еңбектері мәңгілік естерінде қалып мектептегі қызықты кездерін сағынышпен еске алады. Қазіргі дамыған техниканың арқасында осы мектептен түлеп ұшқан түлектеріміз алыста болсада, Бүгінгі ұстаздар мерекесімен сіздерді шын жүректен құттықтайды.
Студенттердің (видео ролигін)тамашалаңыздар!
Ән: «Аяулы мектебім» 3 кл Әсия (көрініс)
Сұрақтар ардагер ұстаздарға:
Жібек апай өзіңіздің алғашқы ұстазыңыз жайлы айтып берсеңіз? Алғаш ұстаз болып келгендегі қызықты оқиғаны есіңізге түсіріп көріңізші
Алмаш апай осы уақытқа дейін қанша алғашқы қоңырау, қанша соңғы қоңырау өтті?
Сражадин ағай өзіңіздің сүйікті ұстазыңыз кім болды, қандай болды?
Қашан көрсең бұл халықтың шат бәрі,
Қашан көрсең күліп бара жатқаны.
Күлетіні: бақыттылық нышаны,
Байлықтары: шәкірттердің хаттары!
Махабатты: бала және Отаны,
Сүйікті ісі: Қағаз-кітап қопару.
Демалысы: шәкірттерге хат жазу,
Ал, кәсібі: от беру мен от алу!
(Би: «Қазақша» 3кл)
Соңы: Ақ жүрекпен сезіп «Ұстаз бақытын»,
Шәкіртімен өткен барлық ғұмыры.
Сізге арнаймыз тілектің ең жақұтын,
Даңқыңыздың биік болсын тұғыры – дей келе,
«Ұстазым»
Биылғы мектеп бітіруші түлектерінің «Ұстаздарға» деген жүрек жарды лебіздерін қабыл алыңыздар!
соңы
БИ
Жанымды менің жайнатып,
Баураған өзің- мұғалім.
Өзіңмен бірге таң атып,
Өзіңмен бірге шығар күн.
Рахмет: Алдыңда болып күн сайын,
Келеміз үйге тапсырма алып.
Демейсің бізге ұрсайын,
Қонсыншы басқа тақсыр бақ.
Бексултан: Сабақтан еш қалмаймыз,
Сонда гүлдей жайнаймыз.
Ұстаздардан үйреніп,
Биіктерге самғаймыз.
Гүлжан: Көп білуге құштармын,
Қарындаштай ұшталдым.
Ұстаздарға ұқсаймын,
Жалқаулық- жау, дұшпаным.
Олжас: Маған мәңгі ұстаз болып қаласыз,
Жүрегімнен үлкен орын аласыз.
Көп мұғалім бірі болып қалмайсыз,
Сеніңізші, сіз өйткені ұстаз әрі анасыз.
Алтынай: Терең ойлы сөздеріңді жаттаймын,
Үміт еткен сеніміңді ақтаймын.
Үзбей берген біліміңнен сусындап,
Жұмсақ, жылы үніңді есте сақтаймын.
Ұстаздарым, қасиетті шынарым,
Арналады сіздерге бар жыр- әнім.
Сіз- бәйтерек,біз- жапырақ мәңгілік,
Сізден алдық тамырлардың құнарын.
Жанібек: Білімін құйған санама,
Ұқсайтын асыл анама.
Мектептегі бар ұстаз,
Лайық ең зор бағаға.
Әлім: Ұстаз деген бір тұлға,
Ең қадірлі мамандық.
Мұғалімге, ұстазға
Біз тілейміз амандық.
Бақытты балалық шақ \хор\
Алдияр: Тойлайды бұл күнді көптен,
Біздің байтақ, бақытты ел.
Ұстаздарын шын жүректен,
Құттықтайды шәкірттер.
Малика:Арналады ұстаздарға,
Құрмет деген, төр деген.
Біздің елде адам бар ма,
Ұстаз алдын көрмеген.
Азиз: Мерекемен құттықтаймыз,
Мұғалімін әр пәннің.
Ұстаздарды көреміз біз,
Шұғыласындай әр таңның.
Сабина:Сіздер біздің өлеңіміз,
Сіздер біздің әніміз.
Тәртіпті боп үнемі біз,
Беске оқимыз бәріміз.
І жүр: Ұстаздар – ұлттың тірегі,
Ұстаздар – мектеп жүрегі
Ұрпаққа жетер ұстазбен,
Халықтың ұлы тілегі.
ІІ жүр: «Ұстазым»деген ұлы сөз,
жүректің берген бағасы.
Мұғалім – ұстаз бола алса,
баланың көп қой данасы
Мұғалім: Ендеше ұстаз сөзінің формаласы қандай;
Жауабы: Ұ-ұлағатты
С-салмақты
Т- танымал да
А- ардақты
З-замандастай зиялы
Дилназ: Ұстаз!
Осынау сөзде қаншама мән-мағына жатыр десеңізші! Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол – Ұстаз! Алғаш “Әліппенің” бетін ашып, әріп танытқан, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алады ғой.
Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.
Аділхан: «ҰСТАЗДАРЫМА»
Айтарым менің көп тегі,
Тыңдаудан әсте жалықпан.
Күлімдеп тұрған көктегі
Күнді де маған танытқан,
Айналдым ұстаздарымнан.
Адемау:
Еңбектеп үйге кіргенде,
Еңбекте-бақыт, соны ұққам.
Адасып түнде жүргенде
Алаулап от боп жолыққан,
Айналдым ұстаздарымнан.
Әсем:
Ақ қылау түскен самайға
Шәкірттің ұғар ойлысы.
Ұстаздық ауыр қалайда,
Төзе алмас еді жай кісі,
Айналдым ұстаздарымнан.
Алибек:
Байыппен айтқан ақылын,
Самалдай егіп санама.
Өмірде мәңгі жақыным-
Ұқсаған туған анама,
Айналдым ұстаздарымнан!
Амина:
Ақылын ойдан сарп етіп,
Ақ моншақ маңдай терімен.
Қияннан сонау жарқ етіп
Құздардан күнде көрінген,
Айналдым ұстаздарымнан!… «Күй» Әсем
Азиза: «ҰСТАЗДАРҒА»
Ұстаз – ұлағатты зиялылар,
Сендерде ғалымдардың қиялы бар,
Ағайын, тойларыңа тарту етем,
Ақыннан әриялы сый алыңдар!
Ұстаздар – тыншымайтын еңбеккерлер,
Жемісті жерге екпеген, елге еккендер
Адамзат ұрпақтарын тәрбиелеп,
Зердесін болашақтың зерлеткендер.
Жансейіт:
Жайдары жүздеріңе барқыт көрік
Жаныңның бар асылын сарқып беріп
Жас буын – өнегелі шәкірттерді
Жүрсіңдер өз балаңнан артық көріп.
Анадай, құс ұйқымен көз ілдірер
Арманын аласартпас, сезімділер
Бағбандай, мәуелі бақ мәпелеген,
Бала үшін бар азапқа төзімділер.
Сайран:
Жақсылық атаулыға жаршы жандар,
Жамандық атаулыға қарсы жандар,
Баланы сусындатып өсіруге,
Білімнің бұлақ көзін аршығандар.
Ұстаздар – ұлағатты зиялылар,
Сендерде ғалымдардың қиялы бар.
Ағайын, тойларыңа тарту етем,
Ақыннан әриялы сый алыңдар!
«Домбыра сазы» Азиза, Сайран Жансейіт
І жүр:
Ұстаз деген– жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген – анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың.
ІІ жүр
Ұстазыңды түсінген сен тереңнен,
Бар әлемге еңбегімен еленген.
Сенің бағың өрге қарай өрлесе,
Ол да бірге қуанышқа кенелген.
Мұғалім:
Сол арқылы сен де өмірді жалғадың,
Ізгі іс қой, ұстаз тілін алғаның.
Мақтау алсаң ұстаздардың алдында,
Ол өзіңнің орындалған арманың.
Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,
Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып.
Ұстаз деген – ұлылардың ұлысы,
Қасиеті бас иелік мәңгілік!
Бақытты балалық /хор/
І – ІІ жүргізушілер: Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да,тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздар сіздерге бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Мұғалім: Құрметті ұстаздар! Біздің кешіміз осымен аяқталады. Халықтың нұрлы ертеңі үшін, ел игілігі жолында атқарып отырған еңбектеріңіз жемісті болсын! Шәкірттеріңіз еліміздің мәртебесін өсіріп, көсегесін көгертер асыл азаматтар болып өссін!
«Ұстазым» әні орындалады.
Достарыңызбен бөлісу: |