Тәжірибе барысы: Е ң алдымен бір стақанға су, екінші стақанға спирт немесе ацетон құйып аламыз. Содан кейін орамал алып, орамалды бірінші суға, кейін спиртке батырып ылғалдап аламыз. Ылғалданған орамалды қысқышпен ұстап жағамыз. Сол уақытта орамал жанады, бірақ орамалымыз сол күйінде сақталады. Орамалды көрермендерге көрсетеміз.
Орамалдың жанбау себебі – біз алдымен сумен ылғалдап, сосын спиртке батырдық. Орамалды жаққан кезде сыртындағы спирт қана жанып кетеді де, орамал сол күйінде қалады.
Тәжірибе барысы: Жанартауды дайындау үшін тәрелке, пластилин, ас содасы (натрий гидрокарбонаты), сірке қышқылы (3-9%-дық сірке қышқылының ерітіндісін пайдалануға да болады), бояғыш (үй дәріхана қорабынан фукорцин немесе қызыл тағам бояғышты, болмаса тіпті қызылша шырынын алуға болады), ыдыс жууға арналған кез-келген сұйықтық қажет болады.
Пластилинді екі бөлікке бөліп, оның бірін жаяды – бұл жанартаудың негізі. Ал, екіншісінен жоғарғы жағында тесігі бар жартылай конус дайындайды. Екі бөліктің жан-жағын қосып біріктіреді де, ішіне су құяды. Жанартаудың төменгі жағынан су өтіп кетпеуі керек. Жанартаудың ішкі көлемі өте үлкен болмауы керек (100-200мл болғаны дұрыс, бұл ас кесесінің немесе кәдімгі стақанның көлеміндей). Тәрелкедегі жанартауды табақшаның үстіне қояды.
Жанартаудың атқылауы үшін қоспа дайындайды. Қоспа құрамы: ыдыс жууға арналған сұйықтық (1 ас қасық), құрғақ ас содасы (1 ас қасық) және бояғыш (бірнеше тамшы болса жеткілікті). Бұл қоспаны жанартауға құяды, сосын оған сірке қышқылын (кесенің төрттен бірі) қосады. Көмірқышқыл газының бөлінуімен қарқынды реакция басталады. Жанартаудың аузынан ашық түсті көбік көрінеді.
Тәжірибеден кейін тәрелкені мұқият тазалап жууды ұмытпаңыз!