Тәжірибе барысы: Стақандағы суға 2 шәй қасық кобальт хлоридінің гексагидратын ерітіңіз. Одан кейін алынған алқызыл түсті ерітіндіге ақ түсті орамалды салып ылғалдап аламыз және оны жылы жерде немесе әлсіз қыздырылған үтікпен кептіреміз. Орамалдың түсі көк түске өзгереді. Егер қайтадан ылғалдайтын болсақ, орамалдың түсі қайтадан әлсіз алқызыл түсті болып шығады.
Түстің өзгеруі себебі - қыздырғанда алқызыл кобальт хлоридінің гексагидраты CoCl2•6H2O - іс жүзінде бұл гексааквакобальт хлориді [Co(H2O)6]Cl2 - судың бір бөлігін жоғалтып, көк түсті тетрааквакобальт хлоридіне [Co(H2O)4]Cl2 айналады. Қайта ылғалдаған кезде судың екі молекуласы орнына барады және қосылыс қайтадан алқызыл түске ие болады.
Күрделі органикалық заттар
Жанғыш ақшалар (І-нұсқа)
Қажетті реактивтер мен құрал-жабдықтар:
этил спирті
су
қысқыш
қағаз ақша
шұңғыл ыдыс немесе тәрелке
сіріңке
Тәжірибе барысы: Ең алдымен шұңғыл ыдысқа немесе тәрелкеге ерітінді дайындаңыз: ½ бөлігі спирт + ½ бөлігі су. Осы ерітіндіге қағаз ақшаны салып, ол толығымен сіңетіндей етіп бірнеше минут қойыңыз.
Содан кейін ақшаны қысқышпен алып, сіріңкемен жағыңыз және өзі сөнгенше күтіңіз. Тәжірибе соңында қағаз ақша сол күйінде қалады. Себебі, этил спиртінің жануы кезінде су, көмірқышқыл газы және жылу (энергия) бөлінеді. Сіз қағаз ақшаны жаққан кезіңізде спирт жанады, ал су сіңген қағаз жанбайды.