ОӘЖ 373.184:54
ХИМИЯДАН ФАКУЛЬТАТИВТІК САБАҚТАРДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ
Қозыкеева Р.А., Баймаханова Г.М., Жолдас М.
ОҚМПИ, Шымкент, Қазақстан
Резюме
При проведении факультативных работ по химии можно достичь улучшения заинтересованности, логического мышления и повышения успеваемости учащихся.
Summary
By teaching of facultative lessons on chemistry can give as such results as devoloping of interesting to chemistry, logical creativity and may help to get piples higher marks.
ХХІ-ші ғасырдағы алдыңғы қатарлы бәсекеге қабілетті, өркениетті елдер қатарына қосылу мақсатында, Қазақстан Республикасы ғылым мен білімді әлемдік деңгейге жеткізу, ұлттық ерекшелікке сай үйлесімді дамыту жолдарын қарастыруда. Қазақстанның болашақ дамуына арналған «Қазақстан – 2050» бағдарламасында тәуелсіз мемлекет құруда еліміздің әрбір азаматы өзінің қоғамдағы алатын орнын саналы түсінуі және экономикасының бүгінгі сұранысына жауап бере алатын тәрбие, білім алуы қажеттігіне баса назар аударылған.
Осыған орай мектептердегі білім сапасын және тәрбиені жақсартып, оқушылардың дүниетанымы мен өмірлік көзқарасын барынша шыңдаудың қажеттігі атап көрсетілген. Бұл міндет әрбір сабақтың білімділік, тәрбиелік, дамытушылық мүмкіндігін жеткілікті ойластырып, жете пайдаланған жағдайда ғана іске асады [1].
Орта мектепте оқу пәндерінің қазіргі өзгерісті кезеңінде жүзеге асыруға тиісті негізгі мәселенің бірі факультативтік жұмыстарды ұйымдастыру арқылы - оқушылардың таным белсенділігін, біліктілігін, ізденімпаздығын, пәнге деген қызығушылығын қалыптастыру, ойлау қабілетін сабақ үстінде және сабақтан тыс уақыттарда арттыру, өз бетінше еңбектене білуге дағдыландыру.
Қазіргі экономикалық жағдайда бейінді пәндік білім біру жеткілікті деңгейде оқытуды талап етеді.
60-70 жылдары факультативтік курстардың пайда болуы білім саласын жаңарту қажеттілігінен туындаған болатын, мектептердің біркелкілік сипаттылығы мен тұрақты бағдарламалар жағдайында білім саласына өзгертулер енгізуден өзге жол болмады. Факультатив термині француздық “facultative” сөзі мен латындық “facultatis” сөздерінен пайда болған (мүмкін, міндетті емес, қосымша таңдауға берілетін деп аударылады).
Факультативтік сабақтар оқушылардың өздері таңдап алған ғылым саласында білімдерін арттырудың бірден – бір жолы.
Химия пәні бойынша екі түрлі факультативтік курстар өткізу ұсынылған.
Бірінші-орта мектепте өтілетін химияның салаларынан білімді тереңдету бағытындағы факультативтік сабақтар, олар; «жалпы химияның негіздері», «Органикалық затардың құрылысы мен қасиеттері».
Екінші – химияның халық шаруашылығы қолданылумен байланысты арнайы факультативтік сабақтар: «Өнеркәсіптегі химия, “Ауыл шаруашылығындағы химия», «Химиялық анализдің негіздері».
“Атом – молекулалық ілімнің тарихы. Химияның негізгі ұғымдары мен заңдарың тақырыбының мақсаты – ғылыми атоммистиканың шығу мен дамуы жөніндегі оқушылардың білімін кеңейту. Осы мақсатты орындау үшін ежелгі атомистика, М.В. Ломоносов және Дж. Дальтон атомистикасы туралы кең түсінік беріледі. «Атом» және «Химиялық элемент» ұғымдарының байланысы ашылады. «Элемент» ұғымы дамуының кезеңдері сараланады. Тақырып периодтық заңның химия ғылымын, ғылымның дамудағы мәнін баяндаумен аяқталады. Келесі «Атомдармен молекулалардың құрылысы» тақырыбында «химиялық элемент» ұғымы дамытылып, бұрынғыдан гөрі дәләрек анықтама беріледі, элементтердің бір-біріне айналуы жөнінде түсінік қалыптастырылды.
Атомның құрылысы негізгі курстағыдан гөрі толығырақ айтылып, s – және p – деңгейшелерінен басқа f және d деңгейшелердің электрондармен толу ерекшеліктері түсіндіріледі. Электрондардың орналасу ретін көрсететін формулалар жазылады. Химиялық байланыстардың түрлері, түзілу механизмдері тереңірек сипатталады. Жиынтық қосылыстардаға химиялық байланыстың табиғаты қарастырылады.
Үшінші — “Химиялық кинетика және тепе-теңдік” тақырыбы химиялық реакциялардың жүру заңдылықтарын баяндауға арналған. Жаңадан әрекеттесуші массалар заңы және Ле – Шателье принципі өтіледі. Осылардың тұрғысынан химиялық реакцияларды жылдамдығына әсерін тигізетін жағдайлар және химиялық тепе-теңдіктің ығысу жағдайлары қарастырылады. Катализ туралы ұғым кеңінен талданады. Активті молекулалар және активтендіру энергиясы туралы жаңа ұғым беріледі.
Төртінші тақырып дисперстік жүйелерге арналған. Мұнда коллоидты ерітінділердің құрамы, оның бөлшектерінің құрылысы, қасиеттері және түрлері (лиофильді, лиофобты) ғылыми сарамандық маңызы коллоидты жүйелердің тұрақтылығы жөніндегі мәселелер толық қарастырылады. Ерітінділердің қасиеттері Рауль заңы, эбуллиоскопия; криоскопия және осмос бойынша түсіндіріледі. Электролит ерітінділерінің қасиеттерін түсіндіру үшін С.Аррениус теоремасымен біріге қазіргі заманның теорялары пайдаланылады.
Бесінші — “Химиялық энергетика тақырыбында оқушылардың термохимия негіздерінен алған білімдері кеңейтіледі. Реакцияның жылу эффектісі, заттардың түзілу жылуы, химиялық реакция кезінде бөлінетін жылу ұғымдарын пайдаланып есептеулер жасалады.
Алтыншы — «Бейметалдар химиясы» тақырыбында бейметалдар түзетін жәй заттардың, сутекті және оттекті қосылыстардың құрылысы мен қасиеттері сипатталады, заттардың құрылысы мен қасиеттерінің арасындағы тәуелділік ашылады.
Жетінші — «Металдар химиясы» тақырыбында металл атомдарының құрылысы, кристалл торлары, қасиеттері, құймалар, қазіргі техникадағы металдардың алатын орны, электрохимияның негіздері баяндалады.
Факультативтік сабақтар дәріс, әңгімелесу, оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстары, т.б. арқылы өткізіледі. Мұнда жан-жақты іздену жұмыстары, зерттеу әдістерін жиі қолдануға зор мүмкіндіктер туады. Сарамандық жұмыстарды, түрлі анализдерді өздігінен жасайды, мектеп маңындағы бөлінген жерде, егіс даласында тәжірибелік жұмыстар жүргізеді. Оқушылар өздігінен жұмыс ретінде рефераттар, баяндамалар мен кестелер даярлайды, құралдарды құрастырады, оқулықтармен, оқу құралдарымен, анықтамаларымен және ғылыми-көпшілік әдебиеттермен танысады. Қысқаша жазбалар жазады. Факультативтік сабақтар оқу материалындағы өлкелік деректердің үлесін арттыруға, кәсіптік бағдар беру арқылы жергілікті қажеттіліктерді неғұрлым толық өтуге жағдайлар жасайды. Егеменді еліміздің халық шаруашылығының барлық саласында химияландыру іске асырады. Сондай-ақ қуатты көптеген зауыттар мен өнеркәсіптер қайта құрылуда. Өнеркәсіптің түрлі салаларында химиялық әдістер барған сайын кеңінен қолданылуда; ауыл шаруашылығын химияландыру жүзеге асырылады. Сол сияқты, өнеркәсіпте барған сайын күрделі химиялық үрдістер іске асырылуда, қысқа мерзімді өндірістің жаңа салалары жасалып, бұрынғылары өзгеруде. Оқушылардың химия пәніне деген құштарлығы химиямен жеке танысуға талпыну кезінде айқындалады. Оқушы факультативтік сабағында мектеп бағдарламасымен шектеліп қоймайды, олар химияға арналған ғылыми көпшілік әдебиеттерді, журналдарды оқиды, сабақтан тыс уақытта химия бөлмесінде, зертханада эксперимент жұмыстарымен айналысады [2].
Қазіргі кезде химиядан жүргізілген факультативтік сабақтарды негізінен үш топқа бөлуге болады. Жоғары денгейдегі факультативтік сабақтардың мақсаты ол негізгі және міндетті сабақтарды тереңдету бағытында жүргізіледі, сондықтан да жеке сыныптар көрсетіліп, белгілі сағаттар бөлінген. Қолданбалы факультативтік сабақтар ауыл шаруашылығы мен химия өндірісінің негіздерін үйретуді көздейді.
Арнаулы факультативтік сабақтар химия ғылымының негіздеріне сәйкес кейбір бағыттарды, бөлімдерді тереңдетіп қарастыруды мақсат етеді. Арнаулы факультативтік сабақтар мен қолданбалы факультативтік сабақтар республикамыздың белгілі аудандарының жағдайына сәйкестендірілген бағдарлама бойынша жүргізіледі.
Қазіргі заман талабына сәйкес оқыту әдісі білімді игерумен шектелмей, оқытудың оқу - әдістемелерін пайдалана отырып оқушылардың ізденімпаздығы мен білімге деген қабілетін, қызығуын қалыптастыру негізгі мәселеге айналып отыр. Сондықтан бағдарламадағы әрбір тақырыпты оқығанда оқушылар өз бетінше ізденіс жұмысын жасауға дағдылануды игеріп, алған білімін күнделікті өмірде қолдана білуі қажет. Әрбір жұмыс пән мұғалімінің жетекшілігімен орындалуы керек. Кестеде факультативтік сабақтардың кешенді бағдарламасы келтірілген [3].
Кесте-1 Факультативтік сабақтардың кешенді бағдарламасы
Р/н
|
Факультативтік сабақтардың мазмұны
|
Сыныбы
|
Сағат саны
|
Жоғары деңгейдегі факультативтік сабақтар
|
1
|
8-сынып материалының негізіндегі факультативтік сабақтар
|
8
|
68
|
2
|
9-сынып материалының негізіндегі факультативтік сабақтар
|
9
|
68
|
3
|
10-11-сынып материалының негізіндегі факультативтік сабақтар
|
10-11
|
102
|
Қолданбалы химия факультативтік сабақтар
|
1
|
Ауылшаруашылық химиясы
|
8
|
68
|
2
|
Химия негіздерінін талдауы
|
8
|
68
|
3
|
Өндірістегі химия
|
8
|
102
|
Арнаулы факультативтік сабақтар
|
1
|
Металдар химиясы жэне металургия
|
11
|
34
|
2
|
Жоғары молекулалық химия (полимерлер)
|
11
|
68
|
3
|
Биохимия мәселелері
|
11
|
68
|
4
|
Бейорганикалық химия элементтері
|
11
|
68
|
Мектеп тұрған ауданның халық шаруашылық бағытына сәйкес арнаулы факультативтік сабақтар жүргізіледі. Мәселен, “Мұнай не газ химиясы”, ”Өсімдік не мал шаруашылығы химиясы”, ”Тамақ химиясы”, ”Көмір химиясы”, ”Тұрмыстағы химия”, ”Химия және тіршілік”, ”Электрохимия”, ”Химия және экология”, ”Металдар химиясы”, тағы басқа да мамандандырылған факультативтік сабақтар ұйымдастырылады.
Әдебиеттер
1. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2010 - 2015 жылдарға арналған Мемлекттік бағдарламасы.
2. Әбілқасымова А. Студенттердің танымдық ізденімпаздығын қалыптастыру. – Алматы . 2004ж.
3. Мырзабайұлы А. Химияны оқыту әдістемесінің педагогикалық негіздері 2004 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |