Көшпелі бақташылық – шаруашылықтың негізгі түрі Көшпелілер жазда – жайлауға, күзде – күзеуге, қыста – қыстауға, көктемде – көктеуге көшіп жүрген.
Күзеу – қыс жақындағанда қоныстанатын, қыстауға жақын жайылым. Халық жиналысы өткізіліп, ру мен тайпаның маңызды мәселелері шешілген.
Қыстау – жылы қоралары бар тұрақты орын. Ерте көктемде мал қыстауда төлдетіледі.
Көктеу – қыстан қиналып шыққан түлік ұзап алысқа өрістей алмайтын және мал төлдеп жатқан кездегі қора маңындағы жайылым. Көктеу шоқылар мен қыраттарда орналасқан. Көктеуде ежелгі мереке – Наурыз мейрамдалған. Бұл мереке бұдан 3000 жылдай бұрын пайда болған. Көктемгі және күзгі жайылымдарда қой мен түйе қырқымы жүргізілген.
Жайлау – малды алысқа ұзатып жаятын жайылым. Жайлауда үйлену тойы, әр түрлі ойын-сауық, ат жарысы, күрес өткізілген және жыршылардың жыры, ақындар айтысы тыңдалған. Қысқы азық-түлік әзірленген.
Көшпелі мал шарушылығының бірнеше түрі болған.
Таза көшпелі тұрмыс – еліміздің батысы мен орталық аудандарында қалыптасқан.
Жартылай көшпелі мал шаруашылығы – Қазақстанның шығысында, Алтай мен Тянь-Шань тауларында, Жетісудың таулы аймақтарында дамыды.
Отырықшылық – оңтүстіктегі Сырдария, Шу, Келес өзендерінің бойында болған.
Киіз үй екі бөліктен – ағаш қаңқадан және жабуға арналған киізден құралған.
Ағаш қаңқа үш бөліктен тұрады: кереге – киіз үйдің негізі, уық – керегеге байланып, шаңырақты көтеріп ұстап тұратын бөлігі, шаңырақ – дөңгелек немесе конус тәрізді етіп жасалған төбесі. Көшпелілер киіз үй ішіндегі ошақты киелі санаған.