И. Гончаровтың «Жар» романынын аударудағы Ә. Сатыбалдиевтің шеберлік қырлары



Дата18.02.2018
өлшемі65,17 Kb.
#37905
А.С.Жүзбаева

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті


И.Гончаровтың «Жар» романынын аударудағы Ә.Сатыбалдиевтің шеберлік қырлары (пейзаждар бойынша)
Мақалада белгілі жазушы, талантты тәржімашы Әбен Сатыбалдиевтің аударма саласындағы шеберлігі сөз болады. Орыс жазушысы И.Гончаровтың "Обрыв" романындағы пейзаждар түпнұсқа мен аударма бойынша салыстырылып зерттеледі

Аударма жұмысы біздің қазіргі өмірімізде үлкен орын алады. Өйткені, біз өмір сүріп отырған ғасыр - әлемдік әдебиет пен мәдениетті байланыстырып, бір-бірімен ұштастырып отырған ғасыр. Тек аударманың арқасында ғана біз әлем классикасымен, ал әлем біздің классикамызбен танысып, қазақ елі туралы хабардар болады. Аударма арқылы оқырман жаңа дүниеге, жаңа өмірге енеді.

Біздің бұл мақалада сөз қылатын мәселе – орыс жазушысы И.А.Гончаровтың «Жар» романындағы пейзаждардың аударылуы. Бұл роман өзінің көркемдік-идеялық ерекшелігімен әлі күнге дейін өз құнын жоғалтқан жоқ. Ондағы образдар мен жағдаяттар әрбір орыс оқырманының жадынан кете қойған жоқ. Романды, әлбетте, қазақ тіліне дарынды аудармашы Ә.Сатыбалдиев аударған. Ал аудармашының шеберлігі жөнінде ешкім дауласпайтыны сөзсіз. Оны төмендегі мысалдармен дәлелдесек.

Снились ему такие горячие сны о далеких странах, о необыкновенных людях в латах, и каменистые пустыни Палестины блистали перед ним своей сухой, страшной красотой: эти пески и зной, эти люди, которые умели жить такой крепкой и трудной жизнью и умирать так легко!

Он содрогался от желания посидеть на камнях пустыни, разрубить сарацина, томиться жаждой и умереть без нужды, для того только, чтоб видели, что он умеет умирать [1,67]

Қазақша нұсқасы:



Алыстағы бір елдер туралы, жасы тоқтасқан таңғажайып адамдар туралы Райский қызық-қызық түстер көретін, Палестинаның тасты шөл далалары, оның құрғақ та, қорқынышты көркі — сол бір құмдар мен тамылжыған ыстықта, қатал және қиын тұрмыста өмір сүре білетін, өлуге келгенде, тіпті қиналмайтын адамдар оның көз алдына келуші еді.

Ол жапан даладағы тастардың үстінде отыруды, сарацинді шауып өлтіруді, шөл азабын тартуды, сөйтіп, тек өзінің өле алатынын жұрттың көруі үшін ғана өле салуды көксеп, шарқ ұратын [2,48].

Көріп отырғанымыздай, горячие сны аудармада қызық-қызық түстер, необыкновенные люди - таңғажайып адамдар, блистали - көз алдына келуші еді, ал содрагаться от желания - көксеу, шарқ ұратын деп аударылған. Аудармашы мәтіннің тура мағынада емес екенін біліп, ауыспалы мағынада аударғаны әсерлі шыққан. Пустыня сөзін аудармашы бірде шөл дала, бірде жапан дала деп синонимдес сөзбен берген. Сатыбалдиевтың ерекшеліктерінің бірі осы, яғни, синонимдес, мәндес сөздерді қолданып, аударманың дәрежесін көтереді.

Борис жарға барып, бұрынғы болған оқиғаларды еске түсіріп, қайтатын. Автор сол жарды; Волганы суреттеу арқылы пейзаждың керемет нұсқасын берген.

Орысша нұсқасы:



С одной стороны Волга с крутыми берегами и заволжьем; с другой — широкие поля, обработанные и кустые овраги, и все это замыкалось далью синевших гор. С третьей стороны видны села, деревни и часть города. Воздух свежий, прохладный, от которого, как от летнего купанья, пробегает по телу дрожь бодрости [1,78].

Қазақша нұсқасы:



Бір жағында тік жарлы Волга мен арғы бет тұр; екінші жағында — егілген және бос жатқан кең жазық дала, сай-жылғалар және осылардың бәрі барып көз ұшында көкшіл таулармен ұштасады. Үшінші жағынан селолар, деревнялар және қаланың біраз бөлігі көрінеді. Ауасы таза да салқын, жұтсаң, жаздағы суға шомылғаның сияқты, бүкіл дүниең, сергек тартып сала береді [2,63].

Аударма сәтті сияқты, мысалы, тәржіман по телу сөзін денеңнен деп алудан гөрі бүкіл дүниең деп әрі әдемі, әрі бара-бар балама тапқан. Аудармашы бұл мысалда трансформацияның екі түрін қолданған. Біріншісі, жоғарыда айтып кеткенімдей, қосу тәсілі, мысалы: бос жатқан тіркесін және часть города дегендегі қаланың біраз бөлігі, яғни, біраз сөзін қосқан, екіншісі, түсіріп, тастап кету (опущение), мысалы: кустые, дрожь сөздерін Сатыбалдиев тастап кеткен. Тастап кету қосу амалына қарама-қарсы тәсіл. Аудармада көбінесе сөздерді, яғни онысыз да мағынасы ашылып тұрған сөздерді тастап кетеді.

Мына бір пейзажға зер салайық:

Волга задумчиво текла в берегах, заросшая островами, кустами, покрытая мелями. Вдали желтели песчаные бока гор, а на них синел лес; кое-где белел парус, да чайки, плавно махая крыльями, опускаясь на воду, едва касались ее и кругами поднимались опять вверх, а над садами высоко и медленно плавал коршун [1,89].

Аудармада:



Жағалауы аралдар мен қалың бұтаға толы, кемерін қайыр басқан Волга терең толғанып ағып жатыр. Алыстағы таудың құм басқан бүйірі сарғаяды, ал оның үстіңгі жағында көгеріп орман ағаштары тұр; кей жерлерде желқайықтар ағараңдайды, шағалалар қанаттарын баппен қағып, суға етпеттей келеді де, бауырларын болар-болмас тигізіп, төңкеріле қайта көтеріледі, ал бақтың үстінде, тым жоғарыда, бір лашын құс ақырын қалқып ұшып барады [2,77].

Аудармада кемшіліктер де бар, куст сөзін қалың бұта деп аудармашы анықтауышпен берген, лес сөзіне де сол сияқты орман ағаштары деп ағаш сөзін қосқан, плавно махая тіркесін баппен қағып деудің орнына қалқи, қалықтап қағып деген дұрыс болар еді, себебі бап сөзінің мағынасы көбіне адамға, адамның ісіне байланысты қолданылатын сөз. Бауырларын деген сөз де қосылған, кругами — айналып, айнала деп аударылса, төңкеріле сөзі де кенде емес, бұл да аударманың мәні мен сәнін ашып тұр. Мұның бәрі — аудармашы кемшілігі емес, керісінше, мәтінді көркемдеу ерекшелігі, Ә.Сатыбалдиевтың өзіндік әдіс-тәсілі болып табылады. Сонымен бірге, коршун құсының аудармасы — кезқұйрық, қарақұс болса, лашынның аудармасы — сапсан, ловчая птица из семейства соколиных болады. Яғни, аудармашы қателескен болу керек, бұған да мән беру қажет, өйткені кішкене сөздің өзі осы пейзажды сөйлемнің бір деталі болып табылады.

Түпнұсқада:

Плетень, отделявший сад Райских от леса, давно упал и исчез. Деревья из сада смешались с ельником и кустами шиповника и жимолости, переплелись между собою и образовали глухое, дикое место, в котором пряталась заброшенная, полуразвалившаяся беседка [1,90].

Аудармада:

Райскийлердің бағын орманнан бөліп тұратын өрме шабақ баяғыда-ақ құлап құрып кеткен болатын. Бақ ағаштары қалың шыршамен, итмұрын және ырғай бұталарымен араласып, бір-бірімен әбден шатысып кеткен, сөйтіп, бұл жер енді қараңғы түкпірге, жабайы орынға айналған, ал оның арасында иесіз қалып, қирауға жақындаған бір беседка бұталарды тасаланып қана тұр [2,78].

Тәржімеші өсімдік атауларын дәл тауып, шырша сөзіне қалың деп анықтама берген. Белгіленген сөздегі бұталарды сөзі артық, прятаться сөзіне аудармашының тасалану деп сөздердің қисынын тауып орналастыруында мін жоқ. Қалған сөздер бірқалыпты, түпнұсқа мағынасына сай.

Қорытындылай келе, аудармашы түпнұсқаға тіпті жақындай түсіп, автордың әуеніне салынып алған сияқты. Ол түпнұсқаның шеңберінен мүлде шықпай отырып-ақ, оның көркемдік әсерін жақсы жеткізе білген.

Ә.Сатыбалдиевтің шығармашылық қырлары саласында еңбек етіп жүрген аудармашы Л.Дәуренбекованың «Көркем туындыны аударған кезде соншалықты көп күрделі сұрақтар туындайды, олардың тамырына үңіліп, түпнұсқаның рухын сезіне отырып, өз көңілін қалағандай аударған дұрыс. Жалпы, аударма теоретигі ретінде Ә. Сатыбалдиевтің бағыты да осы. Аудармада шығармашылық еркіндіктің түпнұсқаның шеңберінен шықпай, автордың бар стилін сақтай отырып, аударманы оқуға жеңіл және тартымды етіп шығаруды, сондай-ақ, түпнұсқаның ықпалына түсіп кетпей, оның барлық бояуын, ырғағын, ой астарын ана тілінің заңды жүйесінде жеткізе білу керек екендігін басты орынға қойып, бұл ойын көркем шығармаларды аудару барысында ұстанады», - деген пікірі Ә.Сатыбалдиевтің талантты аудармашы екендігін тағы да дәлелдей түседі.




Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


  1. Гончаров И. Обрыв. М., 1950.

  2. Гончаров И. Жар. Алматы: ҚМКӘБ, 1958.

  3. Сатыбалдиев Ә. Рухани қазына. Алматы: «Жазушы» 1965.

  4. Дәуренбекова Л. Ә. Сатыбалдиевтің аудармашылық шеберлігі. – 2013.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет