табиғи тілде сөздік баламасы жоқ шартты нысандарды көрсету (сигма-байланыс, -функция және т.б.)
білімді қорытындылау, жүйелеу және бір ізге түсіру.
есте сақтауды жеңілдету;
жаңа қосылыстарды, олардың алу жолдары мен мүмкін болатын химиялық реакцияларын болжау, үлгілеу;
ой әрекетін жеңілдету;
ойлау қабілетін ұйымдастыру;
ізденгіштікті жаңалық ашуды ынталандыру;
химиялық ақпаратты қысқа түрде сақтап, қалаған уақытта, қажетті жеріне жеткізу;
халықаралық деңгейде химиктер құзыреттілігін жүзеге асырып, дүниежүзілік ғылым мен практика саласындағы біліммен қаруландыру;
Химия тілінің интернационалдылығы мен салыстырмалы тұрақтылығы оның құзыреттілік мүмкіндігін көтереді. Ондағы өзгерістер Халықаралық таза және қолданбалы химия одағы шешімдері негізінде жүзеге асады.
Химиялық терминдер – ғылыми ұғымдардың атаулары. Химиялық элемент, атом, зат және химиялық реакция ұғымдары анықталғаннан кейін ғана химия ғылым ретінде қалыптасты. Химияның ғылыми ұғымдары молайған сайын оларды бейнелейтін терминдер жүйесі байып, толыса түседі. Мәселен, затпен байланысты заттың «қасиеттері», «құрамы», «құрылысы», «жіктелуі», «алынуы», «қолданылуы» және басқа толып жатқан терминдер қалыптасты. Әдетте бір ұғым бір ғана терминмен беріледі, мағынасы шектеулі келеді, теориялық тұжырымдамаларға тәуелді түрде өзгереді.
Химиялық тілдің екінші бөлігі - химиялық номенклатура, заттарды атаудың белгілі негізге сүйенетін арнайы жүйесі. Ол кәдімгі және жүйелік, ұлттық және халықаралық номенклатура деп жіктеледі. Жүйелік және халықаралық номенклатура химиялық символикаға негізделеді.
Химиялық тілдің үшінші бөлігі – химиялық символика, химиялық таңба, формула және теңдеуден құралады. Оқулықтарда, кейбір методикалық әдебиеттерде химиялық тілге символика ғана жатқызылып келді. Химиялық символика – халықаралық шартты тіл, заттар мен құбылыстарды белгілеудің ең қысқа және тиімді құралы. Жүйелік номенклатура және химиялық символика ұлттық тілдің құрамына кірмейді, өзінше дербес қолданылады.
Химиялық терминология, номенклатура, символика және оларды сөйлемге, текске біріктіретін ұлттық тілдің сөздері арқылы оқушыларға білім беріледі. Білім химия тілінің мағыналық жағы.
Химиялық тіл мектептегі химияны оқыту барысында жан – жақты дидактикалық қызмет атқарады. Химиялық тіл арқылы оқушыларға жаңа білім беріледі. Ол жаңа материалды дәріс түрінде айту үшін, әңгімелеу үшін пайдаланылады , зертханалық тәжірибелер жасау, тәжірибелер мен көрнекі құралдарды көрнекі көрсету кезінде оқушылардың бақылауын, зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруға және олардың нәтижесін қорытындылауға негіз болады. Сондықтан болу керек, химиялық тіл химияны оқыту әдісіне жатқызылады. Химиялық тіл арқылы оқушылардың алған білімі бір жүйеге келтіріледі, қорытындыланады, есепке алынады және бағаланады.
Химиялық тіл – оқушыларға тәрбие берудің және оларды дамытудың ең тиімді құралы. Заттар мен құбылыстардың шарттастығын, олардың арасындағы себеп –салдар байланысын ашу, тікелей көзге түспейтін мәнін түсіндіру арқылы химиялық тіл оқушыларда ғылыми көзқарас қалыптастырады. Химияның қоғам өміріндегі маңызын, экологиялық мәнін түсінуге мүмкіндік береді.
Химиялық символика заттың құрамы мен құрылысы жөнінде көптеген мағлұматтар береді, олар заттың қасиетін, реакцияласу қабілетін және реакциялардың жүру бағыттарын болжауға мүмкіндік береді, оқушылардың ақыл –ойын дамытады.
Химиялық тілдің оқыту құралдары жүйесіндегі
орны және атқаратын қызметі
Химияны оқыту құралдарының арасындағы байланыстарды шартты түрде сызбанұсқа арқылы көрсетуге болады.
1-сызбанұсқа. Химияны оқыту құралдары.
Тіл – қисындық
қ ұралдар Бағдарлама,оқулық,оқу құралдары,басқа кітаптар
Х имиялық Көрнекі құралдар,техникалық құралдар
эксперимент
Сызбанұсқада келтірілген оқу құралдары тікелей немесе жанама түрде химияның тілімен байланысады. Тіл – қисындық құралдарға құрылым формулалары, терминдер, символдар және номенклатуралық атаулардың қатысуымен жасалған құрылым – қисындық сызбанұсқалар жатады. Химияның VIII класқа арналған оқулығында осындай сызбанұсқалар берілген.
Химияның бағдарламалары, оқулықтары, оқу құралдары, мұғалімдер мен оқушыларға арналған басқа кітаптар ғылыми тіл арқылы жазылған. Химияның өзіндік тілімен қолданыстағы тілін (ауызша және жазбаша сөйлеу тілін) ажыратып, айырмасын түсіне білген жөн.
Ғылымның тілдік құралдары пайдаланылғанымен оқулық тілінің өзіндік ерекшеліктері бар. Химия оқулығының текстері және кейбір текстен тыс бөліктерінің тілі: а) табиғи тілдің сөздерінен; ә) ғылымаралық терминдер мен таңбалардан; б)химиялық терминдерден; в) номенклатуралық атаулардан - номендерден; д) символдар жүйесінен тұрады. Бұлардың алғашқы төртеуі сөйлем және мәтін құруға қатысады, заттар мен химиялық құбылыстар туралы білімді тасымалдаушы қызметін атқарады. Химиялық символика текстен бөлек жазылады, табиғи тілдің заңдылықтарына бағынбайды. Оқулықтың тілі оқушылардың таным әрекетін бағыттайды, ұйымдастырады, бақылайды және бағалайды.
Көрнекі құралдардың, мәселен кестелердің, диаграммалардың, суреттердің, фильмдердің және т.б. түсініктемелері ғылымның тілі арқылы жазылады. Олардың әрқайсысынан алынатын ғылыми ақпарат тілдік құралдар арқылы жүйеге келтіріледі.
Мәселен, Н.Нұрахметов және т.б. 9сынып оқулығының 62-бетінде берілген 6-кестеден алынатын ақпарат:
1) Ақ фосфор ақ түсті кристалды зат, тығыздығы 1,83 г/см3:
2) қараңғыда жарқырайды;
3) кәдімгі жағдайда 30-40◦С температурада ауадағы оттекпен тотығады;
4) от алғыш қауіптігіне байланысты су астында сақтайды;
5) суда ерімейді, күкірт көміртекте ериді;
6) өте қауіпті, улы;
7) 44◦С-та балқиды, 280◦С-та қайнайды.
Химиялық эксперимент өзінің оқу –тәрбиелік міндеттерін сөзбен ұштастыру арқылы ғана ойдағыдай атқарады. Көрнекі көрсетілген тәжірибелерді қойғанда берілетін нұсқау –тапсырмалар:
1) Тәжірибенің мақсаты;
2) тәжірибеге қандай заттар алынады, олардың қасиеттері;
3) құралдың құрылысы және жеке бөліктерінің қызметі;
4) ескерілетін сақтық шаралары;
5) байқалатын құбылыстар, олардың мәні;
6) байқалған құбылыстарды түсіндіру;
7) реакция теңдеуін жазу және қорытынды жасау ғылыми тіл арқылы жүзеге асады.
Зертханалық тәжірибелер де ауызша немес жазба түрде берілетін нұсқаулар арқылы жүзеге асырылады. Сарамандық жұмыстардың кіріспесі, ұйымдастырылуы және қорытындысын шығару да химиялық тілді қолдану негізінде орындалады.
Кейінгі кезде мектеп сарамандығында тірек хабарлары деп аталатын құралдар жиі қолданыла бастады. Олар тілдік құралдарды, суреттерді, әр түрлі басқа таңбаларды материалдың мазмұнына сәйкес жүйемен орналастыру арқылы құрылады. Ол үшін оқу материалының тақырыбы жан – жақты талданады. Негізгі ұғымдары іріктеліп, арасындағы байланыс блок –сызбанұсқа түрінде көрсетіледі. Әр ұғым, зат, аспап арнайы символ, сурет немесе әріп арқылы шартты түрде белгіленеді, олардың орналасуы ұғымдар арасындағы байланыс пен тәуелділікті нақтылы көрсететін болуы керек. Сонымен бірге әр блоктың көлеміне, пішініне және түсіне көңіл аударылады. Бір тақырып бойынша жасалған жеке блок сызбанұсқалар қорытындылау кезінде біріктіріліп, біртұтас білім жүйесінің қалыптасуына жәрдемдеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |