4.Тағы бір аңыз бойынша, өзен ортасына кілем жайып, үстінде отырып қобыз
тартқанда, күй күшімен суға батпайды екен. Қорқыт ата қобыз тартқан жылдары
өлім болмаған, тек бақытты тіршілік болған дейді. Бірақ Қорқыт ата шаршап,
ұйықтап кеткен сәтінде судан кішкентай қайрақ жылан шығып, оны шағып
өлтіріпті дейді. Аңызда ажал ашық келмей, жылан кейпінде келген.
5.Қорқыт ата туралы аңыздарда кездесетін үлкен философиялық мәселе – уақыт
пен кеңістік мәселесі. Бұл аңыздарда Қорқыт ата өлімнен қашып, бүкіл әлемді
аралайды. Түсінен шошынған ол ажалдан құтылу үшін ертеңіне дүниенің екінші
шетіне көшіп кетеді. Мұнда ол баяғы түсті тағы көреді. Таң атысымен тағы да
жолға шығады. Не істерін білмей, жердің ортасына бармақ болады. Жер ортасы –
Сырдың жағасы, қазіргі Қорқыт моласы тұрған тұс екен. М.Әуезов: “Ажалды
тоқтату мүмкін еместігін мойындағысы келмеген Қорқыт ата жұрттан безіп,
айдалаға, табиғат аясына кетеді, бірақ таулар да, жазықтар да, ормандар да оған
өлім күтіп тұрғанын айтады. Содан қорқып, шырғайдан алғашқы қобызды жасап,
жер бетінде бірінші болып күй тартады. Сөйтіп өлмеудің амалын өнерден табады”,
– деп жазады.
Достарыңызбен бөлісу: