І. Жансүгіров атындағы жетісу



бет46/100
Дата08.02.2022
өлшемі480,4 Kb.
#121097
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   100
Байланысты:
pue rk 2003, СИЛЛАБУС ТСЗИ (1), Ybraiym Akan Sik-21-1 (1)

Ғылымның


әдіснамалық негіздері
Ғылым бір жағынан дербес, екінші жағынан мәдениет жүйесіне кіреді. Бұл ерекшеліктер оның негіздемелерімен

байланысты. Ғылымның негізінің төмендегідей компоненттері анықталған: әдіснамалық, ғылыми қызметтің мұраттары мен ережелері, ғаламның ғылыми бейнесі, философиялық негіздер, әлеуметтік-мәдени негіздер. Алғашқы үш компонент ғылымның дербестігін, басқа рухани мәдениеттің формаларынан ерекшелігін сипаттаса, соңғы екі компонент ғылымның мәдениеттер жүйесіне енетіндігін аша түседі.
Ғылым өзінің әдіснамалық негіздемелеріне сүйене отырып дамығанда ғана дербестікке ие болады. Ғылым дамуының алғашқы сатысында негіздеме ретінде философиялық тұжырымдар алынған. Осындай жайт Ежелгі Грек ғылымына тән болды. Антикалық мәдениетте

ғылыми қызмет ұйымдастырылған түрде натурфилософиялық болжамдар жүйесіне кірді. Жаңа заманда ғылымда ғылыми зерттеудің міндеттерін айқындау мен оларды шешу әдістерін таңдауда дербестікке қол жеткізуге мүмкіндік берген өзіндік әдіснамалық негіздері жасалды.
Әдіснамалық негіздер – бұл ғылыми зерттеудің әдістері мен принциптерінің жүйесі, олардың негізінде ғылыми білім алу үрдісі жүзеге асады.
Ғылыми қызметтің «басқарушы принциптеріне» алғашқылардың бірі болып Р.Декарт көңіл аударған. Ол өзінің «Әдіс жайлы пайымдау» атты еңбегінде ғылыми қызметтің негізгі төрт принципін көрсетеді: ешқашан анық көз жеткізбеген нәрсеге сенбеу; зерттеу үшін таңдалған әр мәселені тиімді шешу үшін мүмкіндігінше бөліп қарастыру; қарапайым әрі жеңіл танылатын заттардан бастап, одан соң біртіндеп аса күрделілерді тануға көшу; барлық жерде ешнәрсе назардан тыс қалмайтындай толыққанды тізім, шолу жасау. Бұл принциптерде табиғат құбылыстарын зерттеуде жасалған ғылыми қадамдардың мәні көрініс тапқан. Дегенмен Декарт үшін ең негізгі рөлге ақылдың аргументациясынан туындайтын интеллектуалды анықтық ие болды.
Г.Галилей ғылымның ерекшелігі оның сезімдік тәжірибелермен қатар қажетті дәлердерге сүйенетіндігінде деп есептеген. Егер алғашқысына бақылау арқылы қол жеткізілсе, екіншісі тәжірибелі тексеруге жататын теориялық тұжырымдардың аргументі болып табылады.
Ғылымның әдіснамалық негіздері мен әдіснамалық ережелерді енгізудің маңыздылығын И.Ньютон да атап өткен. «Натуралды философияның математикалық негіздері» атты үшінші кітабының бастамасында ол ережелер жүйесін жасайды.
Бірінші ереже табиғаттың қарапайымдылығы мен онтологиялық мүмкіндігін білдіреді: табиғат құбылыстарын түсіндіруде артық себептер болмауы керек. Бұл ереже қарапайым түсіндірулерді ұсына отырып, У.Оккамның қарапайымдылық принципін туындатады.
Екінші ережеде табиғаттың біртұтастығының онтологиялық идеясы көрініс табады: бір-біріне ұқсас құбылыстар бар, демек оларды бір себеппен түсіндіруге болады.
Үшінші ереже табиғаттың біртұтастығының онтологиялық мүмкіндіктерін дамытады: біртіндеп азаймайтын және барлық денелерде кездесетін, біздің экспериментіміздің аясында ғана көрінетін дененің қасиеті әмбебап ретінде қарастырылуы керек.
Төртінші ереже: эксперименталды философияда жалпы индукция жолымен алынған пайымдауды оған қарсылық тудыратын гипотезаларға қарамастан ақиқат немесе ақиқатқа өте жақын деп қарастыру керек.
Жоғарыда аталған әдіснамалық ережені ХХ ғасырда В.И.Вернадский эмпирикалық жалпылаулардан тұратын «ғылыми аппарат» ұғымын енгізе отырып толықтыра түсті. Ғылыми фактілерге негізделген эмпирикалық жалпылау ақиқат құбылысты тұтастықта қарастырады. Олар ғылымның дамуына қарай нақтыланып, толықтырылып отыруы мүмкін, бірақ назардан тыс қалдырылмайды. Демек, ғылым ғылыми білімді алудың технологиясын анықтайтын әдіснамалық нұсқаулар, принциптер, ережелер негізінде дамиды.
Ғылыми зерттеудің мұраттары мен ережелері ғылымның құндылықтық және әдіснамалық ұстанымдарын жалпы реттеуші принципі болып табылады. Мұраттар мен ережелер құрылысына қарай жүйелі білім болады және оны құрайтын құрамдас бөліктері бар.
Білімді негіздеу мен дәлелдеудің мұраттары мен ережелері. Ғылым өзіне дейінгі ойлау формаларынан ғылымның әр даму сатысында әр формада көрініс табатын өзінің дәлелділігімен, негіздемелілігімен ерекшеленеді. Антикалық мәдениетте дәлелдеу мен негіздеу натурфилософиялық пікірлерден және қайшылықсыздықтың логикалық белгілерінен туындаған. Аристотельдің қайшылықсыздықтың логикалық заңдылығын танымның ең жоғарғы сатысына жатқызғаны мәлім. Жаңа заманда Галилейден бастап тәжірибелік тексеру белгілері енгізіле бастайды.
Ғылыми фактілерді сипаттау мен түсіндірудің мұраттары мен ережелері ғылымға фактіні енгізудің шарттарын бекіте түседі. Мысалы, егер классикалық ғылым алғышарт ретінде сипаттаудың объективтілігін, субъектінің ықпалын ескермеуді талап етсе, неоклассикалық ғылымда тәжірибеден алынған мәліметтердің эксперименттік шарттары, логикалық шарттар және олардың интерпретациялары (толықтыру, тікелей принципі) есептеледі. Квантты механикада зерттеу қаншалықты классикалық физиканың аясынан тыс түсіндірілгенімен, тәжірибелік мәліметтер классикалық ұғымдардың көмегімен ғана сипатталады.
Білімнің ұйымдастырылуы мен құрылуының мұраттары мен ережелері. Ғылымның даму тарихынан антикалық ғылымға тән білімді ұйымдастырудың аксиомалық әдісін байқауға болады. Қазіргі ғылымға білімді ұйымдастырудың гипотетико-дедуктивті жолы тән.
Жалпы зерттеудің жүйесі мен ережелерін ғылыми қауымдастық жаңа білім алу мақсатымен табиғат құбылыстарын жобалайтын әдіснамалық «тор» ретінде қарастыруға болады. Мұраттар мен ережелер жаңа білімді алуды, оны сипаттау мен таныстыруды реттеп отырады.
Әлемнің ғылыми бейнесі. Әлемнің ғылыми бейнесі ғылыми білімдердің синтезін білдіреді, оның негізінде дүниетанудың белгілі бір моделі жасалады. Әлемнің ғылыми бейнесінің мақсаты – зерттеу пәні туралы жалпылама мағлұмат беру. Көптеген ғылымдардың бір ғана
нәрсені зерттейтіндігін ескере отырып, жаратылыстану, арнайы ғылымдар физикалық, биологиялық, химиялық т.б. арқылы құрылатын әлемнің бейнесін бір-бірінен ажыратуға болады.
Әлемнің ғылыми бейнесін құру үшін зерттеудің фундаменталды объектілерін және оның формасы мен қозғалысын есептеу; фундаменталды объектілердің жіктелуін және олардың өзара әсерінің заңдылығын; зерттеліп отырған болмыстың кеңістіктік-уақыттық құрылымын анықтаудың маңызы зор. Сонымен қатар, атомдық объектілер жүйелілерге айналатындығы, редукция принципі біртұтастық принципіне өтетіндігі, нәтижесінде фундаменталды объектілердің жіктелуі де есепке алынады.
Мәселен, зерттеу объектісі биосфера болса, фундаменталды объекті ретінде биосфераның бөлінбейтін элементарлы бөлігі биогеоценоз қатысады. Сәйкесінше қозғалысты басқарушы форма ретінде эволюциялық үрдіс жүзеге асады. Мұндай өзгерістер фундаменталды объектілердің өзара ықпалы заңдылығын зерттегенде де байқалады. Қазіргі ғылым үшін мұндай түсініктерге синергетикалық пайымдауды күшейтетін ұйымдастыру заңдылығы жатады. Зерттеліп отырған болмыстың кеңістіктік-уақыттық құрылымы ұғымында да өзгешеліктер кездеседі. Егер классикалық ғылым кеңістік пен уақыт абсолютті деген тұжырымды ұстанса, қазіргі ғылым кеңістік пен уақыттың көп өлшемді болатындығын, олардың сапалық өзгешеліктерін, табиғат пен объектіге шарттылығын меңзейді.
Әлемнің ғылыми бейнесінің фундаменталды маңызы ғылымның негізгі өзгерістерін көрсетеді, сондықтан оны ғылымның сапалы даму сатысы ретінде қарастыруға болады. Бұл аспектте механикалық дүниетанымның мұраттары мен ережелерін көрсететін механикалық және әлемнің жүйелі түрде қабылдау мен оған бақылаушы, зерттеуші ретінде адамның енуі көрсетілетін кванто-релятивті бейнесін анықтауға болады. Әлем туралы жаңа ғылыми көзқарастар антропты принцип, синергетиканы, биосфераның ноосфераға өтуі жайлы Вернадский ілімдерін қамтиды.
Әлемнің ғылыми бейнесі ғылыми қауымдастықты негізгі мәселелерге жұмылдырады, ғылымның қандай объектілермен қатыстылығын анықтайды. Мәселен, механикалық әлем бейнесінде негізгі мәселе қозғалыс болса, ал қазіргі әлем бейнесінде негізгі мәселе өзін-өзі ұйымдастыру болып отыр. Сонымен қатар, механикалық әлем бейнесі және оның парадигмалары редукционизм принципі бойынша құрылса, қазіргі әлем бейнесінің парадигмалары біртұтастық пен жүйелілік принципін алға тартады.
Әлемнің ғылыми бейнесінің құрылуы ғылымның басқа формалармен көзқарастар, мәдениеттің өзара байланысына негізделеді.
Ғылым тек өзінің аясымен шектеліп қалмайды, оған мәдениетпен етене араласу қажет. Философиялық ойлар, діни-мистикалық ашылулар, суреткерлік түйсік ғылымның дамуына сөзсіз әсер етеді.
Ғылымның философиялық негіздері. Ғылымның мәдениеттер жүйесіне енуі ең алдымен оның философиялық категориялар мен идеялардан тұратын философиялық негіздерін ұйғарады. Философияның негізінде ғылым үшін ең маңызды себептер, кездейсоқтық, жүйелілік және құрылымдық, біртұтастық идеялар туындаған. Кеңістіктік- уақыттық түсініктер ғылымға енгізілместен бұрын философияның рефлексиясы болған. Осы және одан да басқа онтологиялық философиялық түсініктер ғылыми танымға өз әсерін тигізген.
Ғылымның философиялық негіздері ретінде онтологиялық, гносеологиялық, әдіснамалық және аксиологиялық құрамдас бөліктерін атауға болады. Ғылымның әр даму сатысында олардың барлығы емес, тек тиістісі өз ықпалын тигізген. Мысалы, Жаңа заман ғылымы үшін тұжырымдар шығаруда философиядағы әдіснамалық мәселелер маңызды болды. Ф.Бэконның, Б.Спинозаның, Г.Лейбництің жұмыстары ғылымның әдіснамалық негіздерін дамытты. ХХ ғасырда классикалық ғылым үшін субъект-объект қатынасының ерекшеліктерін ашатын гносеологиялық мәселелер маңызды болды. Егер классикалық ғылым ақиқақатты мәңгілік өзгертетін, тұрақты нәрсе деп қарастырса, неоклассикалық ғылым ақиқаттың абсолюттілігінің шегі мен шарттылығын, абстрактілігін, көрнекілігін анықтады. Қазіргі постклассикалық емес ғылымды аксиологиялық философиялық пайымдаулар, құндылықтар мен білімнің арақатынасы, этикалық мәселелер қызықтырады.
Философиялық әдебиеттерде ғылымның философиялық негіздерінің дамуы мен өзгеріп отыруы зерттеушінің заттың ерекшелігін ғылымға, оның дәстүрлеріне, мұраттары мен ережелеріне сәйкестігін түсінуде тек философиялық емес, сонымен бірге арнайы эрудициясының да болуын талап ететіндігіне назар аударады. Сондықтан философиялық негіздердің қалыптасуы ғылыми танымның белгілі бір саласына сәйкес философия арқылы жасалған идеялардың бейімделуімен жүзеге асады. Философия мен ғылымның тоғысуынан зерттеу қызметінің ерекше қабаты – ғылым философиясы мен әдіснамасы туындайды.
Ғылымның әлеуметтік-мәдени негіздері. Мәдениеттің ғылымға негіздеме болуын екі аспектіде қарастыруға болады – өркениеттік және мәдениеттанулық. Өркениеттік тұрғыда дәстүрлі әлеуметтік өзгерістер шектеулі қарқынмен жүргізілетін қоғамда инновациялық қызмет жоғары құндылық ретінде қабылданбайды, білімнің де қажеттілігі шамалы. Техногенді өркениет жағдайында ғылымның дамуын көптеген жағдайлар туғызады, әлеуметтік өзгерістердің жоғары қарқынмен жүргізілуі мен
инновациялық қызмет жоғары құндылықтар ретінде саналатын техногенді өркениет тіршілігінің маңызды негізі ғылым білімнің дамуы мен оны технологиялық қолданылуы болып табылады.
Ғылымның әлеуметтік-мәдени негіздерін П.Сорокиннің
«Әлеуметтік-мәдени динамика» атты еңбегінде қарастырған үш негізгі мәдениет негізінде идеалдық, идеалистік, сезімдік айқындауға болады. Ол идеалдық мәдениетке Құдайдың құдыреті мен бейсаналылық принципіне негізделген бірыңғайланған мәдениет жүйесін жатқызады. Бұл мәдениетке сезімдік әлемге деген бей-жайлық немесе қарсылық тән, ол туралы білім құндылық болып саналмайды. Мәдениеттің бұл жүйесінде ғылым тек теологиялық көзқарасқа бағынышты ретінде қабылданып, қоғамдық және тұрмыстық өмір, діннің бақылауында болған.
Мәдениеттің идеалистік жүйесіне Сорокин шынайы болмыстың біраз бөлігі бейсаналы және біршама бөлігі сезімге негізделетін мәдениет жүйесін жатқызады. Мәдениеттің бұл жүйесінде ғылымның логикалық негіздері, тәжірибелік, эксперименттік негіздері де дамытылады.
Мәдениеттің сезімдік жүйесі өзінің жаңа «объективті шындық және оның сенсорлы мазмұны» принциптеріне біріктіріліп, негізделеді.
Мәдениеттің үш жүйесіне сәйкес ақиқаттың үш түрі анықталады. Идеационалды ақиқат – бейсаналы түрде, мистикалық тәжірибе негізінде, жоғарыдан берілген түйсік пен шабыттың арқасында ашылған ақиқат. Сорокин мұндай ақиқатты сенім ақиқаты деп атайды. Идеалистік ақиқат үшін ақиқат ақылдың құралдары арқылы анықталады, оны ойдың логикалық және диалектикалық түрде логикалық және математикалық дәлелдеулерге қол жеткізуі қызықтырады. Сезімдік ақиқат Сорокиннің ойынша тәжірибеге жүгінген сезімнің ақиқаты. Ол сенім ақиқатына қайшылықты болады.
Бұл ақиқаттар қоғамдық жүйенің даму сатыларына қарай басым болып отырады. Сорокин эмпирикалық мағлұматтарды жалпылау арқылы ғылымның даму қарқынын анықтай келе, сезімдік ақиқат басым болғанда ғылыми және техникалық ашылулардың саны өсетінін айтады. Мәселен, VII-VIII ғасырда мәдениеттің идеационалды жүйесі басым болғанда жаңа ашылулар жүзжылдықта төрттен аспаған. Ал XVIII ғасырда сезімдік ақиқат басым болғанда ғылыми және техникалық ашылулар 691-ді құраған.
Қорыта айтқанда, әлеуметтік-мәдени тұжырымдар ғылымға өз ықпалын тигізеді: оның дамуына көмектеседі немесе тежейді. Бұл ғылымның мәдеиеттер жүйесіне енетіндігін және дербестігіне қарамастан онымен санасып отыратындығын дәлелдейді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   100




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет