Ғылымның даму үрдісінде оның түбегейлі өзгеру кезеңдері болады.Ол ғылым- ның нормативті құрылымын және философиялық негіздерін
өзгертумен байланысты. Бұл ғылыми рационалдылық типтерінің өзгеруіне қатысты.
Жаратылыстану тарихында осындай төрт революцияны аңғарамыз. Алғашқысы XVII ғасырдағы классикалық жаратылыстанудың қалыптасуынан байқалады. Ол классикалық ғылымның қағидаларынан нәр алған, жаңа заманның орайына бейімделген нақтыланған біліммен тығыз байланысты болды.
Оның негізгі идеясы болып ғылыми білімнің объективтілігі мен пәнділігі, субъектілігі және таным қызметінің процедуралары, оларды түсіндіруден тысқары қарастыру есептеледі. Тәжірибелік фактілерді ұғындыру және алдын ала болжауға жеткізетін теориялар құрастыратын онтологиялық принциптерді айқындау басты бағыт деп саналды.
Түсіндіру үшін механикалық себептер мен субстанцияларды іздеу, механиканың негізгі принциптері мен тұжырымдары басшылыққа алынды. Осының негізінде табиғаттың механикалық бейнесі әлемнің жалпы ғылымдық бейнесі рөлін атқарады. Нәтижесінде табиғаттың механикалық бейнесі құрылып, ол бір мезгілде физикалық білім саласын және дүниенің жалпығылымдық бейнесін қамтуға тырысты.
XVII – XVIIІ ғасырлардағы жаратылыстанудың нормалары мен онтологиялық принциптері механизм идеялары үстемдік құрған ерекше философиялық жүйеге негізделген. Оның эпистемологиялық құрылымын табиғаттың құпияларын эксперимент пен қадағалау арқылы алуға болады және ақыл оны өз қабілеті арқылы танып біледі, ал ақылға тек зерттелуші объектінің қасиеттері мен белгілері берілсе жетеді деген концепция қалыптасқан.
«Кіші» жүйе деген ұғым қолданылған. Оның мәні: аз ғана элементтердің саны, күштеу арқылы өзара қатынас және өте тығыз тәуелділікке байланыс. Жалпылықтың қасиеттері оның бөліктерінің жағдайы және қасиеттерімен толық анықталады. Зат – тұрақты дене, үрдіс – заттардың кеңістікте уақыт арқылы қозғалуы, ал себептілік лапластық мәнінде.
«Зат», «үрдіс», «бөлік», «себептік», «уақыт», «кеңістік» т.б. ұғымдар осы ғасырлардағы жаратылыстанудың философиялық негіздерін айқындаған онтологиялық категориялар.
Бірақ, ХVІІ – ХІХ ғғ. бірінші жартысында осындай тұрақтылыққа ие болған жаратылыстану негізінде пәндік ұйымдасқан ғылымдар пайда болып, екінші ғылыми революцияға алып келеді. Бұл кезде дүниенің механикалық бейнесі жалпығылымдық дәрежеден айырылды.
Сонымен қатар зерттеудің пәнділік идеалдары мен нормалары дифференцияланды. Мысалы, биология мен геологияда эволюциялық түсіндірме идеялары пайда болды, ал физикада даму идеясы сол қалпында қала берді. Бірақ өріс теориясын дамыту барысында бұрынғы механикалық түсіндірулер өз күшін жоя бастады. Осылардың бәрі объектінің ерекшеліктерін ұғынуда зерттеудің үшінші сатысын – идеялар мен зерттеу нормаларын ұйымдастыруға жетеледі. Дегенмен классикалық ғылымның жалпы танымдық белгілері осы тарихи кезеңде әлі де сақтаулы болатын.
Осы ерекшеліктер ғылымның философиялық негіздерін өзгертті. Категориялық жүйелердің мән-мағынасы кең ауқымды ұғымдарға айналады. Эпистемологияда әртүрлі ғылымдар тәсілдері қарым- қатынасы, ілімдер синтезі және ғылымдар классификациясы негізгі мәселелер мағынасына ие болады. Бұл бұрынғы дүние ғылыми бейнесінің тұтастық идеясының жойылуына және әр түрлі ғылыми зерттеулерде нормативті құрылымдардың пайда болуына байланысты еді. Ғылымның бірлігін, білімнің дифференциясы мен интеграциясын қарастыру жолдары фундаменталды философиялық мәселеге айналып, ғылымның кейінгі даму жолының өзекті мәселесін құрады.
Ғылыми революцияның бірінші және екінші сатылары классикалық ғылым және оның стилінің құрылып және даму кезеңіне сәйкес келеді.
Үшінші ғылыми революция осы стильді жаңғыртумен және классикалық емес жаратылыстанудың қалыптасу кезеңімен тығыз байланысты. Ол кезең ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың ортасын қамтиды және білімнің барлық салаларына тән болды: физикада ядролық атомдардың бөлінуін ашу, релятивистік және кванттық теория; космологияда стационарлық емес ғарыштық концепция; химияда кванттық химия, биологияда генетиканың қалыптасуы. Кибернетика жүйелеріндегі теорияның пайда болуы.
Осындай жетістіктердің нәтижесінде жаңа классикалық емес ғылымның идеалдары мен нормалары қалыптасты. Олар біржақты онтологизмнен бас тартып, теориялар мен табиғат бейнелерінің салыстырмалы шындық екенін түсінді. Бір шындықтың орнына
бірінен-бірі нақты теориялар объектіні бейнелеулері ұқсамайтын әр түрлі объективті шындық білім орын алды.
Объектіні түсіндіру мен жазу кезінде танымның құралдары мен операцияларға сілтеме жасау еске ұсталады. Бұл мәселе – кванттық релятивистік физикада басым көрінді.
Интеграция және дүниенің жалпығылымдық бейнесі енді табиғатты өте күрделі динамикалық жүйе ретінде қарастырды Бұған физикадағы микро, макро және мегадүние, биологиядағы тұқым қуалаушылық механизмдері, кибернетикадағы басқарудың жалпы заңдылықтары және қайталану байланысы. Бұлардың бәрі табиғаттың тұтастай құрылымын жасауға алғышарт болып, ғарышты иерархиялық құрылған күрделі динамикалық бірлік ретінде ойлауға мүмкіндік береді. Бұл жетістіктер ғылымның жаңа философиялық негіздерін толықтырды. Білімнің тарихи өзгеру идеясы және ғылымдағы онтологиялық принциптердің салыстырмалы шындық болатыны танымдағы субъектінің белсенділігімен байланыстырылды. Субъект дүниеден тысқары емес, керісінше, оның ішінде және тығыз байланысты – тәуелді деген ұғым басымдылық көрсетті. Адамның сұрақ қоюы танымның құралдары мен әдістеріне тікелей тәуелді. Бұдан келіп категориялардың жаңа түсініктері қалыптасады. Мысалы, объект категориясы зат ретінде ғана емес, үрдіс ретінде белгіленеді.
ХХ ғасырдың соңына қарай ғылымда орасан зор өзгерістер байқалады, оларды төртінші жаһандық ғылыми революция деп атауға болады. Ғылымның әлеуметтік өмірге енуі, компьютерлендірілу, күрделі және өте қымбат құралдар кешенін зерттеу ұйымдары және т.б. ғылыми қызметтерін күрт өзгертті. Пәндік зерттеулер мен қатар пәнаралық және проблемалық зерттеу түрлері алдынғы орынға шықты. Кешенді зерттеу бағдарламалары негізгі білім өндірісіне айналды. Оны іске асыру барысында теориялық және эксперименталдық зерттеулер, қолданбалы және фундаменталды білімдер, олардың арасындағы тікелей немесе жанама байланыстар өзара қатысып кетуі заңдылық. Нәтижесінде әр түрлі принциптер мен көзқарастар қалыптасқан ғылыми ізденістер күшейе түседі. Олар бір- біріне тәуелді болып, бүтіндей жалпығылымдық дүние бейнесінің үзінділері қасиетіне ие болады.
Ғылыми білімнің ең негізгі сипаттамасы оның динамикасы, яғни өсуі, өзгеруі, дамуы т.б. болады. Білімнің дамуы–түрлі сапалық сатыларды қамтитын күрделі диалектикалық үрдіс. Ол үрдісті мифтің логикаға, логиканың «ғылымға дейінгіге», «ғылымға дейінгіден», ғылымға, классикалық ғылымнан неоклассикалық және постклассикалыққа, білмеуден білуге, таяз білімнен терең, жетілген білімге қарай қозғалысы ретінде қарастыруға болады.
Батыстық философияда ХХ ғасырдың екінші жартысында білімнің дамуы негізгі мәселе болып табылады және эволюциялық эпистемология және постпозитивизм бағыттарында ерекше көрінеді.
Эволюциялық эпистемология – батыстық философия- гносеологиялық ойда пайда болған бағыт, оның негізгі міндеті – танымның шығу тегі мен даму сатысын, оның формалары мен механизмдерін анықтау, осы негізде біртұтас білімнің эволюциялық теориясын құру. Эволюциялық эпистемология өзіндік білімнің даму моделдерін ең алдымен тірі табиғат пен танымда кездесетін механизмдердің дамуындағы ұқсастықтар және жалпы органикалық эволюция теориясының негізінде жасайды. Эволюциялық эпистемологияның өкілдері ғылыми теорияларды, идеяларды, ғылыми-теориялық білімді эволюциялық моделдің мақсаттарына негіздей отырып, қайта құрды.
Ғылыми білімнің динамикасы алғашқы теориялық моделдер мен заңдар құру үрдісі ретінде танылуы мүмкін. И.Лакатос алғашқы теориялық моделдердің құрылуы Евклидтің бағдарламасына, эмпирикалық және индуктивті бағдарламаға сүйенуі мүмкін, оладың үшеуі де білімнің дедуктивті жүйе ретінде ұйымдастырылуынан шыққан деп атап өткен.
Евклид бағдарламасы тривиальді мағынаны білдіретін терминдерден ғана тұратын қарапайым айтылған ойдың қорытындысын дедуктивтендіруге болады. Оларды, сондықтан білімнің қарапаыймдылық бағдарламасы деп атайды. Ол тек ақиқат пайымдаулармен жұмыс істейді, болжаулар мен терістеулер оған тән емес.
Эмпирикалық бағдарлама жалпыға танымал эмпирикалық қасиетке ие тұжырымдар негізінде жасалады. Егер ол тұжырымдар жалған болса, аталған баға теорияның жоғарғы деңгейлеріне еніп, дедукция бойынша жүйені толтырады. Бұл екі бағдарлама да логикалық түйсікке сүйенеді.
Индуктивтік бағдарламаны Лакатос ақиқат шығатын орынды жоғарыдан базалық тұжырымдармен қамтамасыз етіп, қосымша логикалық принцип, яғни ақиқаттың қайта құрылу мақсатында туындаған бағдарламасы деп есептейді. Бірақ ғылымның дамуы барысында индуктивті логиканы кездейсоқтық логика ығыстырды.
В.Степиннің пікірінше, теориялық сызбалардың басты ерекшелігі олардың тәжірибенің индуктивті жалпылануының нәтижесі болмауында. Дамыған ғылымда теориялық сызбалар басында алғашында құрылған абстрактілі объектілер арқылы гипотезалық моделдер сияқты құрылады. Ғылым зерттеудің алғашқы сатысында теориялық моделдердің құрылымы тікелей тәжірибені жүйелеу
жолымен жасалады. Теориялық моделдердің маңызды сипаты оның құрылымы мен абстрактілі объектілердің басқа білімге ауыстыра алу мүмкіндігінде болады. Абстрактілі объектіні таңдауға зерттеу тәжірибесін дамытатын, оның міндеттері мен шешімін анықтайтын әлемнің ғылыми бейнесі ықпал етеді.
Ғылыми заңдардың құрылуы және жеке заңдардың проблемаға ұласуы эксперименталды және эмпирикалық негізделген болжамдық моделдер сызбаға айналатындығын тұжырымдайды. Теориялық сызбалар басында гипотетикалық құрылымдар сияқты енгізіліп, кейін эксперименттер жиынтығы ретінде қалыптасып, тәжірибенің жалпылануы ретінде негізделеді. Одан соң болжамдық моделді сапалы көптеген заттарға қолдану сатысы болады, яғни салалы түрде кеңейтіледі, одан соң сандық математикалық теңдеу, формула ретінде безендіру, яғни заңның пайда болғанын білдіретін кезең. Демек, ғылыми білімнің өсуін төмендегідей көрсетуге болады: модель – сызба – сандық және сапалық кеңейту –математикаландыру – заңды құру.
Жаңа білімді туғызу механизміне эмпирикалық және теориялық бірлік, рационалды және индуктивті, конструктивті, моделденетін таным компоненті жатады.
Ғылыми білім динамикасында ғылымның зерттеу стратегиясын қайта құру, яғни ғылыми революция маңызды рөл атқарады.
Ғылымның негіздемесі зерттелетін объектінің жалпы ұйыдастырылуының сипатын әлемнің бейнесі есепке алып, ал ол объектілерді игеру әдістері зерттеудің қалыптасқан мұраттары мен ережелеріне сәйкес болып тұрғанда ғана білімнің дамуын қамтамасыз етеді. Ғылым даму деңгейіне қарай шындықты көруді талап ететін, қалыптасқан әлем бейнесін артық тұжырымдайтын объектінің жаңа түрлерімен бетпе-бет келеді. Жаңа объектілер таным әрекеті әдістерінің сызбасын өзгертуді қажет етеді. Бұл жағдайда ғылыми білімнің дамуын ғылымның негіздерін қайта құру арқылы ғана жүзеге асыра алады: біріншіден, мұраттар мен ережелер жиынтығын қалдыра отырып, әлемнің бейнесін өзгертетін революция; екіншіден, әлемнің бейнесінің өзгеруіне қарай оның мұраттары мен ережелері де өзгереді.
Жаратылыстану тарихында білімнің қарқынды түрде дамуын жоғарыда аталған екі жағдайда айтылады. Мысалы: ХІХ ғасырда физикада электромагнитті өрістің классикалық теориясын жасауда болған механикалық әлем бейнесінен электродинамикалық әлем бейнесіне өтуі. Бұл өзгеріс физикалық шындықты анықтауға радикалды өзгерістер енгізгенімен, классикалық физиканың тұжырымдарын өзгертпеді. Ал екінші жағдайға классикалық
ережелерді, түсініктерді, сипаттауларды, негіздемелерді және білімді ұйымдастыруды қайта құрумен сипатталатын квантты-релятивті физика мысал бола алады.
Зерттеліп отырған болмыстың жаңа әлемдік бейнесі және таным әрекетінің жаңа формалары бір ғылымда тұжырымдалып, кейін басқа ғылымдарға революциялық ықпалын тигізуі мүмкін. Мұнда зерттеу негіздерінің қайта құрылуының екі жолын көрсетуге болады: 1) білімнің іштей пәндік дамуына байланысты; 2) пәнаралық байланыстар негізінде.
Ғылыми пәннің негіздерінің ішкі даму нәтижесінде өзгеруі әдетте қалыптасқан әлем бейнесінде түсіндірілмейтін фактілерді жинақтаудан басталады. Мұндай фактілер ғылымда аса маңызды, зерттеу нысанына айналған арнайы эмпирикалық және теориялық міндеттерді шешуде жаңа сипатты объектілерді білдіреді. Оларды анықтау үшін зерттеудің құралдары мен әдістері жетілдіріледі, мәселен жаңа құрылғылар, аппараттар, бақылау тәсілдері, жаңа математикалық тәсілдер т.б.
Ғылымның әлемдік бейнесі мен оның таным ережелерін қайта қарау оның табиғатына сын көзбен қараудан басталады. Бұрын оларды зерттелетін шындықтың табиғаты ретінде мінсіз болса, кейін олардың шартты, өтпелі табиғаты анықталады. Осындай ойлар зерттеліп отырған болмыстың әлемдік бейнесіне қатысты сұрақтарды туындатады. Мұндайда философиялық талдау ескі негіздемелерді талдауға көмектеседі. Сонымен қатар философия жаңа негіздемелерді жасауда конструктивті қызметті де атқарады. Әлемнің бейнесі де, түсініктер де, негіздемелер де жаңа эмпирикалық мәліметтерден индуктивті жолмен алынбайды. Жаңа эмпирикалық материал тек ескі түсініктердің жаңа заманға сәйкес келмейтінін ашып бере алады. Ғылымның жаңа бейнесін құру ерекше идеяларды талап етеді, ескі түсініктерді қайта топтастыруды, жаңа элементтерді қосуды қажет етеді. Мұндай идеялар ғылымның танымдық жағдайларына философиялық талдау жасайтын салаларда ғана құрылады. Олар зерттеудің қарқынды дамуын қамтамасыз ететін жалпы эвристика қызметін атқарады.
Зерттеудің негіздемелерін қайта құру ғылыми ізденістің стратегиясын толығымен ауыстыруды білдіреді. Бірақ жаңа стратегия бірден қалыптаса қалмайды, ұзақ уақыт ескі тұжырымдар мен дәстүрлі пайымдаулармен күрес нәтижесінде орнығады.
Ғылыми революция кезінде білім деңгейінің өсуінің бірнеше жолдары болады. Осындай жағдайда білімнің өсуінің екі аспектісін көрсетуге болады: Бірінші аспект жекелеген ғылым салалары аясындағы зерттеу бағдарламалары арасындағы бәсекелестік. Бір
бағдарламаның жеңуі, екіншісінің жеңілуі оны саланың дамуында белгілі бір жолмен жүруіне мүмкіндік ашады.
Екінші аспект зерттейтін объектілері мен ғылым дамитын әлеуметтік-мәдени ортасының ерекшелігіне қарай ғылыми пәндердің өзара байланысына қатысты болады. Білімнің жаңа салаларының туындауы, ғылым басшыларының ауысуы, ғылыми революциялар басқа салаларға да әсерін тигізеді.
Демек, дәстүр мен жаңалықтар логикасы бір жағынан, әдістер жиынтығын, тәсілдер мен дағдылардың пайдалылығын сақтау қажет екендігін, екінші жағынан бұрынғы жинақталған тәжірибенің репродукция тәсілдерінен артық тәсілдер ойлап тауып, жаңа қадамдар жасауды көрсетеді.