Бақша бітесі немесе мақта бітесі- Aphis gossypii Hov.
Тең қанаттылар (Homoptera) орядының бітелер(Aphididae) тұқымдасына жатады. Қазақстаның оңтүстік бөлігінде, соның ішінде мақта дақылы өсірілетін аймақтардың барлығында тегіс таралған. Полифаг, мақтадан басқа да көптеген өсімдіктерді зақымдайды. Тек партеногенетикалық жолмен дамиды.
Қанатсыз аналық бітенің ұзындығы 2 мм шамасындай, түсі жасыл- сары немесе күңгірт – жасыл, шырын түтікшелерінің түсі қара, түп бөлімі жуандау, мұртшалары ақшыл- сары, ең ұшындағы бунағы қара, құрсағында қара түсті дақ бар. Қанатты бітелердің бас, көкірек бөлімдері және түтікшелері күңгірт қара түсті болады.
Мақта бітесі
Қазақстан жағдайында зиянкес ересек біте күйінде арамшөптерде қыстайды. Ерте көктемнен бастап сол қыстап шыққан өсімдіктермен қоректеніп көбейеді де, мамырдың бас кезінде қанатты аналық бітелер мақта және бақша дақылдарына көшеді. Оларда жаз бойы дернәсілдерін тірі табу жолымен өсіп-өніп, вегетациялық мерзім ішінде 18 ұрпаққа дейін береді. Бір ұрпақтың дамуы 7-10 күнге ғана созылады. Сөйтіп, тез көбейіп, өсімдік бойында шоғырланып, яғни тығыз колония құрып, тіршілік етеді. Бітенің дамуы үшін ең үйлесімді температура 16-22 С аралығы. Бұдан жоғары температура бітенің дамуын тежейді. Сондықтан жаз ортасында оның саны азаяды. Бірақ күзге қарай өніп-өсуі қайтадан өршіп, тез көбейеді.
Бітелердің көктемдегі қоректенуі мәдени өсімдіктердің жалпы күйін әлсіретеді, өсуін едәуір баяулатады. Ал жазда олар көбінесе мақтаның генеративті мүшелерімен қоректенеді. Нәтижесінде зақымданған өсімдіктердің тұқым түйіні мезгілінен бұрын төгіліп қалады және бітелерден бөлінетін жабысқақ сұйық заттар ашылып келе жатқан мақта қауашағының талшықтарын ластап, желімдейді. Ондай ьалшықтарда сапрофитті құрым саңырауқұлақтары мен бактериялардың дамуына қолайлы жағдай туады. Сөйтіп мақта талшықтарының сапасы төмендейді.
Өрмекші кенесі- Tetranychusurtica Koch.
Акариформдылар (Асаriformes) ортядының өрмекші кенелер (Теtrаnусһіdае) тұқымдасына жатады. Өте кең таралған, әсіресе Қазақстаннын оңтүстігінде мақтаға және басқа дақылдарға қатты зиян келтіреді. Солтүстік аймақтарда жылыжайларда өсірілетін өсімдіктерді зақымдайды.
Аналық кененің дене пішіні сопақша,ұзындығы 0,43 мм, түсі сұрғылт-жасыл немесе сарғылт-жасыл, жазда бүйір жақтарында қара дақтары бар, қысқа біркелкі сарғылт-қызыл болады, перитремнің соңғы бөлімі бұтақталмаған, 4 камералы. Еркегінің артқы жағы бірден кілт сүйірленген, ұзынша (ұзындығы 0,28 мм) болады. Жұмыртқасы шар тәрізді, жасыл реңді мөлдір, диаметрі 0,14 мм, ұрықтың даму барысында күңгірттене келе, дернәсілдер шығар алдында құлпырған інжу тәрізді түске көшеді.
Кәдімгі өрмекші кене
Кәдімгі өрмекші кене - өсімдіктердің әр түрлі тұқымдастарына жататын 200-ден астам түрлерімен қоректене алатын көп қоректі зиянкес. Әсіресе мақта, соя, картоп, бұршақ, бүлдірген, қызылша, алма және коптеген бақша дақылдарына зиян келтіреді.Ұрықтанған аналык кенелер мақта егістіктерінде, танаптар аралығындағы басқа учаскелерде, арық бойында және жол жағаларында жерге түскен жапырақтардың, басқа да өсімдік қалдықтарының, топырақ түйірлері мен кесектерінің, ағаш қабығының астында және т.б. жерлерде қыстайды.Көктемде, тәуліктің орташа жылылыгы 7-10°С-ға жеткенде кенелер қысқы ұйқыдан оянып, алғашқыда жабайы өсімдіктер мен ағаш-бұталардың жапырақтарын мекендейді де, кейіннен мақтаға немесе басқа дақылдарға көшеді. Жұмыртқаларын сол өздері қоректенген жапырақтарға бір-бірлеп салады және сонымен катар мекендеген жапырақтарының астыңғы бетін өте жіңішке өрмек жіпшелермен шырмап тастайды. Әр аналык кененің өсімталдығы 100-120 жұмыртқаға жетеді. Кененің бір генерациясының дамуы жаз айларында 10-12 күнге созылады. Оның дамуы үшін ең қолайлы ауа температурасы 29-31°С, ал ауаның салыстырмалы ылғалдылығы -35-55%. Оңтүстік Қазақстан облысында бір жылда 15 генерация беріп дамиды.
Кенелер мен олардың дернәсілдері дақылдар жапырақтарының астыңғы бетінде шоғырлана колония құрып тіршілік етеді. Қатты зақымданған жапырақтардың түсі қоңырқайланып, қурап қалады. Өсімдіктер жапырақтары кенелердін зақымдауынан қызғылт-қоңыр түске айналып, одан соң қурай бастайды. Жапырақтарының түсіп қалуы және зат алмасу процесінің бұзылуы салдарынан өсімдік гүлдері түсіп қалады, ал мақта кауашақтарының салмағы кеміп, талшықгарының сапасы төмендейді.Кәдімгі өрмекші кененің тіршілігі жылытылатын жылыжайларда ерекше дамиды. Ұрықтанып диапаузаға кеткен аналық кенелер жылыжайлар мен парниктердің касегі жарықтарында, сабаннан немесе қамыстан жасалған төсеніштерде, өсімдік қалдықтарының астында қыстап шығады. Олардың реактивация кезеңі 0 - 10°С дейінгі температурада 45-60 күнге созылады, яғни қиярдың тұқымын себу немесе көшетін отырғызу кезінде кенелер өсіп- жетіліп, көбеюге қабілетті болады. Қысқы жылыжайларда өрмекші кененің алғашқы 4-5 ұрпақтары қысқа күн (ақпан-сәуір айлары) жағдайларында тіршілік етеді. Күндізгі жоғары температураның (23- 25°С) әсеріне байланысты популяцияның көпшілік бөлігі күннің қысқалығын сезбей, дамуын жалғастыра береді.Ал жылыжайдың температурасы 23°С төмен болатын салқындау жағын мекендеген аналык, кенелердің біраз бөлігі (16-38%) қысқа күннің әсерінен есімдіктерді тастап, диапаузаға көшеді. Реактивизациядан кейін олар өсімдіктерге қайта келіп, көбейе бастайды. Сондықтан қыс кезінде жылыжайларда кенелерге қарсы күрес тәсілін ұйымдастыруда олардың алғашқы ошақтарын дер кезінде тауып алып, алғашқы ұрпақтың аналық тарын жою шешуші роль атқарады. Егер осы кезенді өткізіп алып, кенелер популяциясының жартысына жуығы қысқы диапаузаға кетіп үлгерген болса, онда барлық вегетациялық кезең бойы зиянкестен құтылу қиынға соғады. Себебі диапаузаға кеткен аналық кенелер басқаларына қарағанда акарицидтердің улы әсеріне төзімді келеді. Өрмекші кене әсіресе қияр, қауын, асқабақ, қабақша дақылдарына қатты зиян келтіреді де қызылша, шпинат, аскөк, балдыркөк, ақжелкен, бұрыш, қызанақ өсімдіктерін аз дәрежеде зақымдайды. Ал пияз бен сарымсаққа және қырыққабатқа ешқандай зиян келтірмейді.
Темекі трипсі -Thrips tabaci Lind.
Шашақ қанаттылар отрядының (Thysanoptera) трипсілер (Triphidae) тұқымдасына жатады. Өте кең таралған көпқоректі зиянкес, 100 аса өсімдіктермен қоректенеді. Қазақстан жағдайында пиязға, темекіге,мақтаға және бақша дақылдарына зиян келтіреді.
Ересек трипсінің ұзындығы 0,8-1,1 мм, түсі ақшыл-сары, өнбойына созылған жүйкесі бар енсіз жіңішке қанаттарының шеттерінде ұзын шашақтар болады. Жұмыртқасының ұзындығы 0,21-0,25 мм, көлденеңі 0,1-0,14 мм, пішіні бүйрек тәрізді ақшылдау, мөлдір түсті болады. Дернәсілдерінің ұзындығы 1мм жетеді, ересек трипсілерге қарағанда ақшылдау түсті, мұртшалары 6 бұнақтан тұрады. Ересек трипсілер топырақтың үстіңгі қабатында немесе өсімдік қалдықтарының астында қыстайды. Қысқы мекендерінен ауаның жылылығы 10 С асқанда шығады. Жұмыртқаларын темекі жапырағының үстіңгі бетіндегі эпидермис қабатының астына бір-бірлеп орналастырады. Өсімталдығы 10 жұмыртқаға жетеді. Ұрықтың дамуы 3-5 күнге созылады. Осы мерзім ішінде 4 рет түлейді де, дамуы аяқталған соң топыраққа еніп ( 15 см тереңдікке дейін), онда 4-5 күн болады. Одан соң қанаттары жетілген ересек трипсілерге айналады да жер бетіне көтеріліп, темекі немесе басқа да өсімдіктермен қоректенуге кіріседі. Зиянкестің бір генерациясының дамуы мекендеген аумағының ауа райы жағдайларына байланысты 15 күннен 30 күнге дейін созылады. Қазақстанның оңтүстік шығысында 15 генерацияға беріп көбейеді.
Темекі трипсі
Темекі трипсі көп қоректі зиянкес, ол темекіден басқа пияз, мақта, соя, қияр,қарбыз, асқабақ , қызанақ және басқа дақылдарды да зақымдайды. Ересек трипсілер мен олардың дернәсілдері жапырақтардың астыңғы бетінде және гүлшоғырларында топтанып тіршілік етеді де, өсімдік шырынын сорып қоректенеді. Егер 100 см²-та 60 дернәсіл болса, жапырақ толығымен құрайды. Өсімдіктің зақымданған мүшелерінде алғашында бозарған ақшыл болып, кейін тотық түске айналатын дақтар пайда болады. Нәтижесінде өсімдіктің жапырақтары әлсіз болып, өсуі баяулайды, никотиннің мөлшері кеміп, темекінің сапасы нашарлайды. Сонымен қатар трипс темекі өсімдігіне вирус ауруларын таратады.
Қарбыз зиянкестеріне қарсы күрес шаралары
Достарыңызбен бөлісу: |