6 ОҚУ САБАҚТАРЫНДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН КӨРНЕКІ ҚҰРАЛДАР
Балаларға ана тілін үйретуге көрнекіліктің алатын орны жөнінде К.Д.Ушинский «көрнекілікке үйретуді ана тіліне үйретуден бөлу мүлде қате» деген болатын. Өйткені көрнекілік байқампаздықты, ойлауды дамытады және балалардың бақылағандарын сөзбен дұрыс айтып беруге, одан логикалық қорытындылар шығаруға дағдыландырады.
Оқу сабақтарында көрнекілікті қолдану мүмкіндігі орасан мол: айнала қоршаған дүниені бақылау, экскурсияға шыққанда бақылау, оқушылардың жинаған заттары, жеке және коллекция түріндегі гербарийлер, жануарлардың, құстардың тұлыбы, модельдер, макеттер және панорамалар (оқушылардың өздері дайындайды), кинофильмдер, диафильмдер, түрлі картиналар, портреттер, оқулықтағы суреттер.
Жоғарыда біз сабақтың әр бөлімдеріне байланысты көрнекі құралдардың қалай пайдаланылатынына тоқтатылып отырғанбыз. Сондықтан бұл жерде көрнекі құралды қолданудың жалпы тәсілдерін ғана көрсетеміз:
1. Кинофильмдерге бару, театрдан немесе теледидардан пьесалар көру көркем шығарманы оқудың орнына жүре алмайды. Бұлар кейде көрнекілік ретінде, мәтінді екінші оқығанда немесе оған қорытынды әңгіме жасағанда пайдаланылады. Мысалы, С.Мұқановтың «Шын сырлылар», «Қостағы өмір» әңгімесін оқығанда, қорытындылау кезінде «Ванька» (А.Чехов) диафильмін көрсетуге болады. Көрсетілетін фильмдер материалға тақырыбы жағынан да, мазмұны жағынан да, тығыз байланысып, бір-бірімен қабысып тұруға тиіс.
Фильмдер көбінесе мәтінді оқу алдында көрсетілгені дұрыс. Революционерлер, суретшілер, ғалымдар т.б. портреттері де оқуға дайындық кезінде пайдаланылады.
Дайын гербарий мен коллекциялар, сондай-ақ балалардың өздері жинаған заттарды, ғылыми мақалаларды оқуға дайындық кезінде зерттеу нысаны ретінде көрсетіледі. Бұл заттарды шығарманың басқа түрлерін оқу кезінде де пайдалануға болады.
Оқу сабақтарының барлығында да қолданылатын көрнекіліктің басты түрі көркем суреттер деуге болады. Бұл дайындық кезде де, оқу барысында да, шығарманы талдау кезінде де, жоспар жасау кезінде де, қорытындыәңгіме жасағанда да көмекші құрал есебінде қызмет атқарады. Алайда, мұнда есте болатын жағдай – көрнекі құралды тым көп қолданып, мәтіннің рөлін төмендетіп алудан сақ болған жөн. Оқушыларда оқу барысында туатын эмоция мен бейнелер балалардың өмір тәжірибесіне қарай, жасы өскен сайын күшейе береді.
Мәнерлеп оқу, сөзбен суреттеу, сондай-ақ басқа да шығармашылық жұмыстар балаларды оқығандарын көрнекіліксіз-ақ саналы түсінуге баулиды.
Сөйтіп, оқу сабақтарында балаларды жан-жақты тәрбиелеу, оларға білім беру т.с.с. міндеттерді іске асыру үшін көрнекі құралдың орасан зор маңызы бар.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Оқу сабақтарында қандай көрнекі құралдар қолданылады?
2. Оқу кітаптарынан бір мақаланы таңдап алып, оны түсіндіру үшін қандай құралдарды, қалайша пайдалануға болатынын айтыңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |