II ТАРАУ
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ АБАЙТАНУ ТАРИХЫ
Қазіргі әдебиеттану ғылымында абайтану ғылымының бір тармағы болып абайтану тарихы да өрісін кеңейтіп келе жатыр десек қателесе қоймаймыз. Сол себепті абайтану мәселесін сөз еткенде абайтану тарихына да тоқталмай өту мүмкін емес. Осы ретте «Абайтану ғылымының бел-белестері» деп аталатын ғылыми еңбек жазған академик, филология ғылымдарының докторы, профессоры Серік Смайылұлы Қирабаевтың келесі бір пікіріне назар аударсақ, ол төмендегідей: «Абайтану - қазақ әдебиеттану ғылымының ең көп зерттелген өнімді саласының бірі. Ақын шығармаларының алғаш баспасөз бетінде жарық көріп, оқырман жүрегіне жол табуынан бастасақ, оның бүгін жүз жылдан астам тарихы бар. Абай өмірі мен шығармашылығы туралы ғылыми мәні бар алғашқы ой-пікірлердің жарық көруі де осы ғасырдың бас кезінен басталады. Бірақ Абайдың алғашқы зерттеушілерінің аты-жөні мен еңбектері соңғы кезге дейін жабық саналып, Абайтанудың алғашқы кезеңі ақтаңдақ күйінде қалып келді. Тек еліміздің тәуелсіздік алуы жағдайында ғана бұл мәселені ашық әңгімелеуге мүмкіндік туды» /14.215/.
Өткен тарауда академик Зәки Ахметовтің абайтану ғылымына қосқан үлесі жайында да аз-кем айтып өттік. Сондай-ақ ғалымның абайтану тарихына қатысты айтқан келесі бір пікірін де ескере кеткен дұрыс тәрізді. Ғалым былай деп бағамдайды: «Абайтанудың арғы бастау бұлағы, қайнар көзі жайында айтқанда, алдымен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтың мақалаларын ауызға аламыз. А.Байтұрсынов, 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай - қазақтың бас ақыны» атты мақаласында: «Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», - деп Абайды аса жоғары бағалады» /15.5/.
Абай шығармаларын жинап, қағазға түсіріп, реттеп баспаға дайындау ісі ақын қайтыс болғаннан соң ұзамай-ақ қолға алынғанын дәлелдейтін нақтылы деректер жетерлік. Жарық көруінен бірнеше жыл бұрын құрастырылып, 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған Абай өлеңдерінің жинағында ақынның жүз қырықтай өлеңдері (аударма өлеңдерін қосып санағанда) және «Ескендір» мен «Масғұт» поэмасы басылған, яғни, осы күнгі белгілі поэзиялық шығармаларының көрнектілері түгелге жуық қамтылғаны айрықша атап айтарлық. Бұл тұңғыш жинақты дайындаған, бастырып шығарған Кәкітай Ысқақұлы мен Абайдың баласы Тұрағұл болатын.
Абайтанудың бастамасы, алғашқы деректік арнасы ретінде осы 1909 жылы жарық көрген Абай шығармаларының тұңғыш жинағын, оған кірген Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаев жазған ақынның тұңғыш өмірбаянын айтуымыз қажет. Абайдың көзі тірісінде жарық көрген шығармалары бірлі-екілі ғана екенін және ақын өзі қолмен жазған қолжазбалары сақталмай, шығармалары түгелдей дерлік Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбалары арқылы жеткенін ескерсек, бұл тұңғыш жинақтың мәні зор екені анық. Басқа жекелеген қолжазбалардың көлемі шағын, оларда Мүрсейіт қолжазбасында жоқ өлеңдер өте аз, сондықтан олар қосымша деректер ретінде бағалануы орынды. Ал кейінгі жинақтарды айтсақ, бір топ бұрын жарық көрмеген жаңа өлеңдер 1916 жылы Орынборда Самат Әбішұлы бастырған «Абай термесі» атты кітапта жарияланды. 1922 жылы Ташкентте, Қазанда басылған жинақтар сол 1909 жылы жинақта жария болған шығармаларды қамтиды.
І.Жансүгіров 1923 жылы «Тілші» газетінде Ташкентте шыққан жинаққа сын пікір ретінде «Абай кітабы» атты мақала жазып, бір алуан қате басылған сөздерді қалай дұрыстап оқу керек екендігін нанымды көрсетті.
Абай шығармаларына қатысты жеке деректер туралы айтсақ, ақынның көзі тірісінде 1903 жылы Санкт-Петербургте Бөкейханов берген мағлұматтар бойынша басылған «Ресей. Біздің Отанымыздың географиялық баяны» атты көптомдық жинақтың 18-кітабында А.Сиделькинов жазған мақалада: Абай -қазақ әдебиетіндегі жаңа бағыттың өкілі деген баға берілгенін көреміз. Абай шығармалары жеке кітап болып басылғанға дейін де қолжазба түрінде және ауызша тарап келген болатын. А.Байтұрсынов та ақын өлеңдерімен 1903 жылы Абай өлеңдері жазылған дәптер арқылы танысқанын айтады.
1914 жылы Санкт-Петербургте шыққан «По киргизской степи» деген кітабында Дм.Львович (Иванов Дмитрий Львович - кейбір кітаптарында авторын солай көрсеткен) «Татьяна хаты» ел ішінде әнге салып айтылып жүргені туралы нақтылы дерек келтірген.
Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтарға ілесе Абай шығармашылығы жайында үлкенді-кішілі мақала жазып, ақын шығармаларын жұртшылыққа танытуға Н.Рамазанов, Ғабдрахман Сағди және Н.Н.Белослюдов т. б. атсалысты. Бұлардың еңбектерінің Абай шығармашылығын сипаттап, бағалаудағы мәні әркелкі болса да, ақын шығармаларын насихаттауға қалайда үлес қосқанын мойындаған жөн.
Абай шығармашылығына қайтадан жүйелі, дәйекті түрдегі дұрыс көзқарастың қалыптаса бастағанын 1933 жылы М.Әуезов бастырған жинақтан және 1934 жылы жарық көрген І.Жансүгіров, Қ.Жұбанов секілді белгілі әдебиет, ғылым қайраткерлерінің мақалаларынан байқауға болады.
Абайтануды дербес ғылым саласы дәрежесіне көтерген М.Әуезов болды. Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясымен ұлы ақын, ағартушының алып тұлғасын дүниежүзі оқырмандарына толық танымал әдеби бейне қатарына жеткізсе, ғылымда да сондай күрделі еңбек етті. М.Әуезовтің Абай жөніндегі зерттеулері осы ғылымның мызғымас негізі боп табылады. М.Әуезов 1933 жылдан 1957 жылға дейін ақын шығармаларын жариялауда, олардың ғылыми басылымын жасауда орасан зор еңбек етті. Бұл басылымдар ақынның 1909 жылғы жинағы мен Мүрсейіттің бірнеше қолжазбасы негізінде жүзеге асырылды. Әсіресе, 1957 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген, М.Әуезовтің басшылығымен және тікелей қатысуымен дайындалған Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының абайтану ғылымындағы елеулі табыс болғанын атап айту қажет. Алдағы уақытта осы ғылыми басылым үнемі негізге алынуға тиіс. М.Әуезов ұзақ жылдар бойы ізденіп, саналуан деректерді зерттеп, жүйеге түсіріп, Абайдың ғылыми өмірбаянын жазып шықты.
40-50 жылдарда Абай өмірі мен шығармашылығын зерттеу ісі кең көлемде жүргізіліп, жаңа белеске көтерілді. Абайдың қоғамдық, эстетикалық, философиялық көзқарасын, психологиялық және педагогикалық пікірлерін, ақындық тілін, композиторлық өнерін, аудармаларын тереңдеп тексерген еңбектер жарық көрді. Абайтану ғылымына Қ.Жұмалиев, Т.Тәжібаев, Қ.Мұхамедханов, М.Сильченко, Ы.Дүйсенбаев, Б.Ерзакович, Х.Сүйінішәлиев, М.Мырзахметов, А.Ысқақов, Р.Сыздықова секілді ғалымдар салмақты үлес қосты.
Қазіргі кезде, әдебиеттану және басқа қоғамдық ғылымдар идеологиялық қатаң қағидалардың тар шеңберінен шығып, кең құлаш жаюға мүмкіндік алған жағдайда абайтану ғылымы жаңа белеске көтеріліп, жалғаса, толыға беруі керек. Абай творчествосының танымдық, көркемдік, тәрбиелік мәнін жаңа қырларынан қарап, терең ашып көрсететін еңбектер ғана абайтану ғылымын байыта түспек.
Абайтану ғылымына, Абай шығармашылығына соқпай, қалам тербетпей кеткен зерттеуші жоқтың қасы десе де болғандай. Ұлы Абай, кемеңгер Әуезов шығармашылығын көп зерттеген ғалым Айқын Нұрқатов Абай жайында былай дейді: «Өз дәуірінің, өз халқының нағыз ұлы, шын мәнісіндегі ұлттық ақыны болған кемеңгер Абай сонымен бірге бүкіл адам баласына тұтастай тән мәңгілік тақырыптарды мәңгі өшпестік дәрежеге көтеріп жырлай алды. Сондықтан оның ғажайып мұрасы болашақ сан ықлым буындармен де бірге мәңгі-бақи жасай бермек» /16.78-79/.
Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеу, тағылым алу, бүгінгі күннің тұрғысынан баға беру, тану іеі, үрдісі жалғасып келеді. Мұның бәрі абайтану ілімінің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес болып қосылатыны сөзсіз құбылыс. Демек қазіргі өткізіліп жатқан семинар, конференциялар т.б. іс-шаралардың қай-қайсысы болса да абайтану әлемін кеңіте түседі. Сондай жинақтың бірі Абай өмірі мен әдеби мұраларының жаңа қырларын танытатын «Абай және қазіргі заман» деп аталатын кітапты атауға болады. М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бір топ ғалымдары құрастырған бұл кітапта да абайтану тарихына қатысты еңбектер мол деп айтуға болады. Академик Серік Қирабаев «Абайтанудың кезектегі міндеттері туралы» деп аталатын еңбегінде былай деп баға береді: «Абайдың шығармашылық өмірі -қазақ әдебиеті тарихының кіндік тұтқасы. Сондықтан оның ақындық жолын зерттеу бүкіл ұлттық әдебиеттің даму, есею кезеңдерін зерттеумен тығыз байланысты. Қазақ әдебиетінің озық, демократтық дәстүрі, ұлттық әдеби, мәдени мұрамен байланысы, кейінгі ұрпаққа әсері - бәрі де Абайдың ақындық өнерін қарастыру үстінде кең талдануға тиіс нәрселер. Алайда, бұған дейін орын алып келген біздегі ұлттық мұраға деген көзқарас бұл іске белгілі дәрежеде кедергі жасап келді. Коммунистік идеология режимі қазақ халқының ұлттық әдебиетін хандық, феодалдық, таптық көзқарастармен шектеп, оны жинап жариялауға, кең көлемде зерттеуге жол бермеді. Көне дәуірлердегі түркі халықтарына ортақ мұраларымызды пантүркистік идеялармен қорқытып жаптырып, туысқан халықтармен байланыстың жолын жапты. Абайдан кейін туып демократтық, халықтық әдебиет дәстүрлерін отаршылдыққа қарсы азаттық жолындағы күреске ұластырған әдебиет өкілдерін ұлтшылдықпен айыптады. Осылардың ортасында бүкіл ұлттық әдебиеттің даму жолынан бөлініп алынып, оқшау, онда да орыс әдебиетінің қазақ әдебиетіне әсерін, туыстығын дәлелдеу үшін Абайды ғана үзіп-жұлып әңгіме еттік (оның өзі де бір жақты). Мұның бәрі қазақ әдебиеті тарихын, оның ішінде Абай шығармашылығын ұлттық дамудың өзекті мәселелерімен байланыстыра зерттеуге қолбайлау болғаны бүгін ешкімге де жасырын емес»/17.5/.
Сонымен қатар осы кітапта абайтануға өзіндік үлес қосып жүрген ғалым Жұмағали Ысмағұловтың «Абайтану белестері» деп аталатын еңбегінің де абайтану тарихына деген өз үлесі барын байқадық. Енді осы еңбектегі келесі бір мысалдардың үлгісін келтіре кетсек: «Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы - халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Маңызын жоймау былай тұрсын, заман өзгеріп, қоғамдық санада күрт сапырылыстар пайда болған сайын бұл қазына өзінің жаңа бір қырларымен жарқырай ашылып, қадірін арттыра түсетініне Абайдан кейінгі уақыт айқын көз жеткізді.
Ақынның дүниеге келгеніне біржарым ғасыр, ал өзінің мәңгі өлмес шығармаларымен халқына сөздің ұлы мағынасында ұстаздық ете бастағанына ғасырдан астам уақыт өтті. Содан бері оның артына қалдырып кеткен мұрасы елі мен жұртының рухани өміріндегі қай бұрылыстар мен қай құбылыстар тұсында да айнымас темірқазық, адастырмас құбыланама болып қызмет етіп келеді»/18.108-109/.
Абайға баратын жол – ұзақ жол. Ол ешқашан таусылмайды. Заман өзгерген сайын, халықтың сана-сезіміне еркіндік самалы есіп, ақыл-есі желпінген сайын ұлы ақынның өлмес мұрасы да жаңа бір қырларынан ашылып, жарқырай түспек. Демек, өз жолында жаңа бір олжалар тауып, тың жемістер теруге ұмтылу Абайға қарай сапар шеккен әрбір зерттеушінің абыройлы борышы болса керек.
Абай – данышпан. Сәбит Мұқанов Абай жөніндегі зерттеуінде: данышпанның бәрі ақын емес, ақынның бәрі данышпан емес. Ал Абайда осының екеуі де бар, - деген екен. Біз осыған қосымша айтар едік: Абай - жай ғана данышпан емес, түпсіз тереңнен толғайтын, талай замандардың ақыл-ойын бір басына сыйғызған ғұлама ғалым, кемеңгер данышпан. Сол даналықтың әрбір қырын терең зерттеп, жарқырата ашу – бүгінгі абайтанушы ғалымдардың алдында тұрған абыройлы іс, келелі міндет. Абайтану мәселелері мен абайтану тарихына үлес қосып, оқулық жазып жүрген зерттеушілер де аз емес. Сондай оқулықтың бірі, жалпы білім беретін мектептің 10-11 сыныптарына арналған Абайтану атты оқу құралы да жарық көріпті. Досым Омаров сынды зерттеушінің бұл кітабы ІҮ бөлімнен, әлденеше тараушадан тұрады екен. Әрине кітаптың барлық мазмұнына тоқталып шығу мүмкін емес, алайда абайтану тарихына қатысты кейбір мәселелерге тоқтала кеткен дұрыс деп ойладық. Автор өзінің «Абайтанудың өткен белестері» деп аталатын тараушасында былай деп ой түйеді: «Абайтану ғылымы ойшылдың бұл дүниеден өткен уақытынан бастап қилы-қилы белестерден асты. Бұл белестер заманның халқымыздың басына салған тауқыметімен тығыз байланысты еді. Сөйтіп ұлы Абай мұрасын тану өткен ғасырдың басында жарқ етіп жылдам жоғары өрлей бастап, аз уақыттан соң саяси жартасқа соғылып, төмен қарай құлдырап кетті. Енді осыған көзімізді жеткізу үшін абайтану саласының өткен белестеріне көз жіберіп көрелік» /19.14/.
Абайдың рухани мұрасының зерттелу барысы еліміздегі саяси ахуалдың құбылуына байланысты 4 кезеге бөлінеді.
Бірінші кезең Абайдың өзі қайтыс болған уақытынан бастап жиырма шақты жылға созылды деуге болады. Бұл кезең данышпанның қалдырған даналығын халық зор ынта-жігермен танып-білуге ұмтылған ең айшықты кезең еді.
Екінші кезең жиырмасыншы жылдардың орта тұсынан отызыншы жылдардың аяғына дейін созылады. Бұл Абай мұрасының тағдырын келешекте түнек жолға салған ең ауыр да шешуші кезең еді. Себебі абайтану тағдыры дәл осы уақытта күрт өзгерді. Бұған елдегі саяси ахуал себеп болды.
Үшінші кезең өткен кезеңнің салған сара жолынан көп ауытқымай, отызыншы жылдардың аяғы, қырқыншы жылдардың басынан бастап еліміздің тәуелсіздік алуына дейін, яғни 1991 жылға дейін созылды. Ол саяси қыспақтың әлсіреп, не болмаса күшейгеніне байланысты толқымалы болды. Абайға «ұлы ақын» деген жалпы көзқарас сол қалпында сақталып, абайтану саласында оның ойшылдығы шет қағылып, барлық назар ақындық құндылығына ауысты. Кеңес дәуірінде, 1985 жылға дейін, абайтану саласында жиырма төрт докторлық және кандидаттық диссертация қорғалған екен. Бұлар, негізінен, Абайдың ақындығын, сөз өнерін зерттеген филологиялық бағыттағы жұмыстар. Әрине, Абайдың ойшылдығына көңіл аударған Қ.Бейсенбиев, А.Жиреншин, С.Мұқанов, Н.Смирнова, М.Сильченко, Т.Тәжібаев тәрізді зерттеушілердің ірілі-кішілі бірсыпыра жұмыстары болды. Бірақ оларға заманның тар арнасы ойшылдың рухани дүниесін толық ашуға мүмкіндік бермеді.
Төртінші кезең еліміздің егемендік алған уақытынан, яғни 1991 жылдан басталып, бүгінгі күндерге дейін созылып келеді. Бұл кезең - коммунистік біржақты саясат жойылғаннан кейінгі, Абайдың хакімдік мұрасына жаңаша көзқарас кезеңі. Мұның өзі Абайдың ойшылдығын шын мәніндегі рухани тұрғыдан зерттеу енді ғана басталды дегенді білдіреді.
Абайтану тарихында тың серпіліс жасаған, жаңа сарын қалыптастырған, ең бастысы қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымындағы абайтану тарихын жасаған ғалым М.Мырзахметұлы. Белгілі абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ұзақ жылдар бойы абайтану ғылымына қосқан орасан зор еңбегі үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алған М.Мырзахметұлының бұл кітабында ұлы Абай мұрасы, оның зерттелуі туралы жазылған құнды деректер мен архив қазыналары егжей-тегжейлі екшеленіп, Абайтану тарихының қалыптасу жағдайы сала-салаға бөлініп баяндалған. Бір ғасырдан бастам уақыттағы ұлы ақын мұрасын танып, бағалау жолындағы жетістіктеріміз бен кемшіліктеріміз бүгінгі күн тұрғысынан жан-жақты таразыланды, ой елегінен өткізіледі, баяндалады.
М.Мырзахметұлы өзінің «Абайтану тарихы» деп аталатын осы монографиялық еңбегінде сөз басын былай деп бастайды: «Бүгінде шын мәніндегі профессионалды әдебиетке айналып, дүние жүзілік көлемде танылып отырған қазақ әдебиетінің даму тарихына көз жіберсек, өсу, өркендеу жолы қызу түрдегі пікір таласының үстінде қалыптасып келе жатқаны алдымызға келеді. Қазақ әдебиет тарихы ғылымының іргелі саласының бірі - абайтанудың қалыптасу процесі мен зерттелу тарихының жайы да осы жолға қарайлас құбылыс. Бұл саланың негізгі зерттелу нысанасы болып отырған Абай мұрасын тану, бағалау жайы революцияға дейін-ақ басталып, бүгінге дейін зерттелу үстінде. Абай мұрасының зерттелу процесі ертеректен басталғанымен, ол негізінен екі түрлі жолмен жүргізіліп келеді:
1. Абай шығармаларын әр түрлі көлемде топтастырып жариялау, оларды бірте-бірте толықтыру жолымен бұл мұраның түрақтана бастаған түпнұсқасын туған халқына, дүние жүзі тілдеріне аудару арқылы тану;
2. Бүкіл әлемге танылып отырған Абай шығармаларын арнайы зерттеу нысанасына алып, түрлі ғылым саласында да зерттеу жұмыстарын қатар жүргізумен бірге ол мұра жөніндегі әрқилы деректер көзін де жинастырып, молықтыра береді» /20.3/.
Ұзақ жылдар бойы толассыз әрекет етудің нәтижесінде ақын мұрасы жайлы жазылған, жарияланған, зерттеу жүргізілген әр түрлі сипаттағы деректер көзі қазірдің өзінде төрт мыңға таяп қалды. Абай мұрасы туралы осындай орасан зор көлемдегі деректер сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да ғылыми-зерттеу дәрежесі артып отырған қазіргі кезде абайтанудың зерттелу тарихы мен қалыптасу жолы қаңдай болды екен деген заңды сұрақ та туары хақ.
Абай шығармалары мен ол мұра жайлы зерттеулік пікірлер1889 жылдан бастап ресми баспасөздерде жариялану, танылу тарихын ғылыми тұрғыдан біртіндеп аша түсу әрекеті біздің әдебиетімізде елуінші жылдардан сөз етіле бастады. Яғни Абай мұрасын тану немесе абайтану тарихының зерттелуі жөніндегі ой-пікірлер Абай мұрасының бір саласын арнайы зерттеуге орай қарастырылса, екіншілері оған айрықша көңіл бөлді, үшіншілері абайтану саласының жалпы қалыптасу жолың шолумен шектеледі, төртіншілері болса, Абай шығармаларының басылуы мен жариялану тарихына тоқталуды мақсат етті. Бұл іспеттес ізденістер Абай мұрасының жалпы зерттелу тарихы жөніндегі күрделі тақырыпты арнайы түрде зерттеу қажеттілігін күн тәртібіне қоя білді. Бірақ бұл мәселе жайлы әуелде жанама түрде, соңыра тікелей пікір қозғаған ойлар төркіні алғашқы ізденістің бастамасы ғана болды да, Абайдың әдеби мұрасының зерттелу тарихының жайы туралы арнайы түрдегі зерттеу жұмысы нақтылы қолға алынбай келді. Мұндай жағдай тек қазақ әдебиетінде ғана орын алып отырған құбылыс емес, ұлттар әдебиетінің тарихындағы ортақ кемшілік.
Ал қазақ әдебиеті жағдайында: бұл тақырып алғаш рет «Абайды тану тарихынан» деген атпен, жалпы ақын мұрасының зерттелу тарихынан қысқаша шағын шолу пікірлер М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, М.С.Сильченко, Ә.Жиреншиндер тарапынан көтерілді. Ақыры келіп М.Әуезов пен Қ.Жұмалиев тарапынан бұл тақырыпты арнайы түрде зерттеу қажеттілігі ұсынылды. Осы тұстан бастап бұл тақырып төңірегінде көптеген мақала, зерттеулер шоғырлана түсті. Х.Сүйінішәлиев университеттер мен педагогикалық институттарда оқытылып келе жатқан «Абайтану тарихынан» арнайы курс пен семинарға арнап бағдарлама жасады. Ал Т.Кәкішев қазақ әдеби сын тарихы жөніндегі іргелі зерттеу жұмысында жалпы қазақ әдебиетіндегі сынның тарихы мен абайтану тарихын жалғастыра баяндайтын «Оңаша отау» (1982) кітабында көптеген тың пікірлерін ортаға салды.
Абай мұрасын тануда, бағалауда айрықша мәні бар елеулі белгілердің бір саласы - Абайға арналған өлеңдер мен дастандарға байланысты болып келеді. Халықтың ұлы ақынға деген ыстық ықылас сезімі, ұрпақ сыйы, әсіресе, осы арнау өлеңдерде ерекше байқалуы себепті, бұларды өз алдына жеке топтастырдық. Қолжазба күйінде 20 баспа табақтан астам. Бұларды да хронологиялық жүйе негізінде әр жылдар мерзімі бойынша орналастырдық. Аз-көп болсын жалпы Абай туралы ақын замандастары мен көз көрген кісілердің ақын өмірі мен шығармалары жөніндегі хатқа түскен естеліктерді де ретіне қарай өз алдына жүйелеп топтастыру қажеттілігі туып отыр. Абай туралы жазылған бұрынғы-соңғы естелітерді жинап, архив қазынасынан екшеп, өз алдына топтастырып жариялауды архивтанушы аса еңбекқор шәкіртім, ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтындағы абайтану бөлімінің ғылыми қызметкері Бейсенбай Байғалиевке тапсырдым. Жуық арада бұл еңбек алғы сөз және түсініктерімен жарияланбақ.
Ұлы ойшыл ақын мұрасы жөніндегі осы іспеттес зор көлемдегі жазба деректер көзін толық танып білмейінше, Абай мұрасының зерттелу жайы мен даму тарихын арнайы сөз етудің өзі қиынның-қиынына айналары белгілі. Жоғарыда аталып өткен деректер көзіне сүйене отырып, олардың топталып жүйелену ретіне қарай шартты түрде болса да, Абай мұрасы жөнінде жазылған мақалалар мен зерттеу еңбектерінің топталу, жүйелену, салалану сипаты, көбінесе, Абайға арналған мерейтойлардың кезеңіне қарай бөлуді жөн көрдік. Өйткені, қай жағынан алып қарасақ та, Абай мұрасының зерттелу тарихының кезеңдері негізінен Абай мерейтойының өткен тұсында шоғырланып барып, баяулайтыны, тіпті біршама үзіліп қалып отыратыны бар. Осы ерекшелікке орай «Абайтану тарихы (1889-1989 жж)» деп аталатын монографиялық еңбекте абайтану тарихын жазу үстінде оны кезеңдерге бөлудің осы ерекшелігін ұстанды.
М.Мырзахметұлының бұл кітабы үш тараудан және сол тарауларға қосымша «Абай мұрасының әр сала бойынша зерттелуі» деп аталатын еңбекті қамтиды. Бірінші тарау «Абайды танудың алғашқы кезеңі» деп аталып іштей «Абай өлеңдерінің төңкеріске дейінгі жариялану, таралу жолдары», «Абай мұрасын зерттеуші, насихаттаушылар», «Абай мұрасының орыс тілінде танылуы» деп бірнеше тараушаларға бөлінген. Ал енді екінші тарау «Абай мұрасының жаңа заманда зерттелуі» деген атпен беріліп, ол да іштей «Абай мұрасы 1918-1926 жылдар аралығында» және «Абай мұрасы 1926-1940 жылдар аралығында» деген екі тараушаға бөлініпті. Соңғы үшінші тарау «Абай мұрасының 1940-1945 жылдар аралығындағы зерттелуі» деген атаумен берілген. Енді осы аталған тараулардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып көрейік. Абайтану тарихын баяндайтын мысалдарды келтіре отырып өз ойымызды дәлелдеуге әрекет етейік. Автор Мырзахметов «Абайды танудың алғашқы кезеңінде» былай дейді: «Абайдың әдеби мұрасын тану жолында ақын шығармаларының баспасөзде біршама жариялануы елеулі мәні бар құбылысқа айналды. Бұл әрекеттер өткендегі ресми баспасөз орны мен ішінара ақын өлеңдерін баспасөз арқылы жариялауға ат салысқан адамдардың Абай мұрасына қатысы мен сол жарияланған Абай шығармаларының текстологиялық жайы қалай еді деген сұраққа жауап та бере алады. Абай мұрасының бірегей білгірі академик М.Әуезовтің: «Абайды танудың басты, алғашқы адымдары революциядан бұрын басталған. Абайдың өмірі мен ортасын еңбектерінің әр алуан сипаттарын, өз шамасынша, көпшілікке мәлімдеп отырған үлкенді-кішілі танытқыш сөздерді де еске алуымыз керек», - деген пікіріне сай Абай дәуірінде-ақ баспасөзде жарияланған кейбір өлеңдері мен ол туралы азын-аулақ деректердің ақын мұрасын таныту мен бағалауда елеулі мәні барлығы арнайы сөз етуді керек етеді» /20.12-13/.
Профессор Мырзахметұлы Абайтану тарихын танытуда ұлы Абайдың мұрасын зерттеуші, насихаттаушылар жайын да ұмытпады. Олар жөнінде былай деп ой сабақтайды. «Абай қайтыс болғаннан кейін оның әдеби мұрасын халықтық мұрасын халықтық тұрғыдан бағалап, қолдан келгенше аянбай әрекет еткен қалам қайраткерлері де болды. Бірақ бұлар ақын мұрасын әр түрлі дәрежеде таныса да, ол дәуірдегі әдеби сынның толыспаған жағдайына байланыста үлкен талап қоярлық дәрежеге көтеріле алмады. Олар ақын мұрасын қазақ тілінде шығатын баспасөз арқылы насихаттауды Абай қайтыс болғаннан кейін-ақ көп ұзамай қолға алды. Бұл жолда азды-көпті еңбек етіп, Абай мұрасын танытуда, бағалауда өзіне тән үлес қосқан: Бөкейханов, Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауһари әл-Омскауи, Кәкітай Ысқақов, С.Торайғыров, С.Әбішұлы сияқты революцияға дейінгі қазақ қауымының қоғамдық ой-санасының демократиялық-ағартушылық бағытындағы интеллигенттер тобы еді» /20.23/.
Осындай пікір айта отырып олардың әрқайсысының абайтану тарихындағы тиісті ролдерін атап өтеді, қадап көрсетеді.
Ғалым М.Мырзахметұлы Абай мұрасының жаңа заманда зерттелуіне де ерекше көңіл бөлді. Екінші тараудағы «Абай мұрасы 1918-1926 жылдар аралығында» деп аталатын алғашқы тараушада да өнегелі ойлар айтты. Соның бірі былай деп басталады: Абайдың әдеби мұрасын тану, таныту жолындағы әрекеті осы мұраның айналасында елеулі идеялық талас-тартыстың әсерінен 1923 жылы басталғанын көреміз. Бұл процесс тек қазақ әдебиетінің көлемінде ғана болған құбылыс емес. Бұл бүкіл Кеңес еліндегі барлық ұлттардың мәдени, әдеби өмірінен орын алған құбылыс еді. Өйткені Кеңес өкіметі пролетариат мәдениетін жасау жолындағы алғы шарттың бірі-ескі мұраны марксизм-ленинизм ілімінің негізінде қайта қарап қорыту, оны пролетариат мәдениетінің қажетіне жарату мәселесін алға қойды. Бұл мәселенің қалай қойылып, қалай іске асқанын орыс әдебиетінің тарихында Пушкин, Лермонтов, әсіресе, Л.Н.Толстой творчествосын бағалаудағы әртекті идеялық күрестен көрсек, осы құбылысты қазақ әдебиетінің тарихында Абайдың әдеби мұрасы туралы болған талас-тартыстан да ашық көреміз.
«Абайдың әдеби мұрасын бағалаудағы ұлттық сананың ояну тұрғысынан қарау бағыты төңкерістен кейінгі дәуірде өз позициясын ашықтан-ашық көрсете бастады. Абайдың халық арасында орасан зор ықпалы бар әдеби мұрасын езілген халықтың ой-санасын, азаматтық сезімін ұштап жетілдіру бағытында, қазақ қауымын топқа, тапқа жіктемей ағартушылар ұстанған таным тұрғысынан танытуға ұмтылды. Абайды бүкіл қазақ атаулының «қамқоршысы», «ұлтшыл ақын», «(ұлтжанды)» деп бағалады» /20.17/.
Бұл әрекет, әсіресе, 1918 жылы Семей қаласында шыққан қазақ жастарының тілі болған «Абай» журналында ашық көрінді. Журналда жарияланған материалдар қазақ халқының назарын болып жатқан ұлы өзгерістерден тайдырып, өздерінің ескілікті аңсаған идеясын орнықтыруға осы мақсаттың негізінде Абай мұрасын перде етуге тырысты. Сондықтан да журналдың тұңғыш санында жарияланған «Журнал туралы» деген бас мақалада: «Журналды Абайға арнағандық Абайды қай жөнінен болсын ұстаз қылып, бетке ұстап жастар шәкірт болып соңынан жүруге талаптанғандығын көрсетеді», - деп жазып, Абайды қазақ жастарына өздері ұстанған таным тұрғысынан танытпақ болды. Әсіресе, бұл таным осы журналда жарияланған «Әмзе мен Әмин» өлеңдерінде:
Бүгін қайта тірілді,
Абай атты ағамыз.
Ұгымсыз, надан кезінде
Алашқа болған жағамыз, - деп, Абайды бүкіл исі қазақты оятуға ұмтылған дарабоз құбылыс ретінде таниды.
Абайдың әдеби мұрасы туралы тұңғыш рет теориялық тұрғыдан барлау жасап, зерттей шолуға ат салысқан, әрі екі рет басылған Абай жинақтарының шығуына ат салысқан М.Әуезов. Осы дәуірдің өзінде-ақ шығармаларын жақсы түсінуші, ол мұра туралы мағлұматы молы да М.Әуезов деген қоғамдық пікір қалыптасқан да еді. Абайдың әдеби мұрасының сырын терең ғылыми тұрғыдан білу керек деген тұжырымды ойға да ол осы тұста келген сияқты. Өйткені 1922 жылы «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» деген елеулі пікір таласын тудырған көлемді мақаласын жазумен қатар, Абайдың өмірі туралы естеліктерді Абайға байланысты әр түрлі дерек көздерің жинастырып жүрген жас талап Мұхтарды көреміз.
«Абай мұрасы 1926-1940 жылдар аралығында» деп аталатын тараушада да абайтану тарихының тамаша сипаттар бар.
Жиырмасыншы жылдың екінші жартысынан бастап қазақ әдебиетінің күрделі мәселелері туралы әр түрлі айтыстар кеңірек етек алды. Бұл құбылыс қазақ әдебиетінің ең жас саласының бірі - әдеби сынның мәдени өмірге жітірек араласып, өзінің өсіп, даму дәрежесінің мүмкіндігін де көрсетті. Осы айтыстарда Абайдың әдеби мұрасын ерекше назар аударылды. Бұл мұраға талас-тартыстың тууы да заңды құбылыс. Өйткені, социалистік мәдениетті жасаудың басты мәселесінің бірі ретінде мұраны пролетариат мәдениетін жасауда пайдалану ісі күн тәртібіне қойылған дәуір еді. Сондықтан жалпы қазақ әдебиетіндегі ескі мұраның ең бастыларының бірі болған Абайдың әдеби мұрасы туралы таластың күн тәртібіне қойылып, әр тұрғыдан пікір айтылуы қажеттіліктен туған нәрсе. Бірақ бұларды шешу әрекетінде әр түрлі объективті, субъективті себептерге байланысты түрлі қателіктер де орын алды. Бұл жылдары біздің идеологиялық өмірімізде әр түрлі танымдағы көзқарастар орын алады. Бұл құбылыс, әсіресе, ескі мұраны пайдалану мәселесінде ерекше жандана түскені қазақ әдебиетінің тарихында Абай мұрасы туралы талас-тартыста ашық байқалады. Бұл қиыншылықтың үстіне қазақ интеллигенциясының аздығы әрі ғылыми-теориялық даярлығының жетімсіздігі, өнер жайлы ойшылдар пікірінің толық басылмауы, оны жете меңгере алмауының үстіне бізге жат танымдардың әр қилы қарсылықтары сияқты қиыншылықтар да қосылады. Осы себептен де сол дәуірдегі әр түрлі әдебиет мәселесі туралы талас-тартыстарда, айтыстарда асыра сілтеу, шамадан тыс солақай зиынды пікірлердің орын алуына таңдануға болмайды.
Осы кезеңдегі айтыс-тартыс, әдебиеттегі әсіресілтеушілік, таптық көзқарастың кеңінен етек жаюы жайында ғалым Мырзахметұлы былай деп түсінік береді: «Абай мұрасы туралы пікір таласы бұл кезеңде Сәбит Мұқанов пен Ыдырыс Мұстамбайұлының арасында басталып, бұл соңыра үлкен айтысқа айналып кетті.
С.Мұқанов бұл жылдары да Абай мұрасы туралы өткендегі қате пікірінің шырмауында қалды. Оның «Көркем әдебиет туралы қорытынды пікірім», «Әркім өзінше ойлайды» деген мақалаларында Абай мұрасын сол дәуірде етек ала бастаған тұрпайы социологиялық көзқарастың тұрғысынан қарап бағалады. Бұл тек С.Мұқановтың ғана қателігі болмай, сол дәуірдегі әдебиет қайраткерлерінің көпшілігі бой алдырған ортақ кемшілік еді» /20.86/.
Абайтану тарихының келесі бір кезеңін ғалым үшінші тарауда жан-жақты ашып көрсетеді. Бұл тарау «Абай мұрасының 1940 жылдардан кейін зерттелуі» деп аталады. Ғалым ең алдымен «Абай шығармаларын насихаттау» мәселелеріне көбірек көңіл бөледі.
Абайтану тарихын жасауда дерек, мағлұматтарды жинастырудың да маңызы зор деп айтуға болады. Бұл мәселелер төңірегінде ғалым Мырзахметұлы бай дерек көздерін келтіреді, былай деп баяндайды.
Ұлы Абай мұрасын тануда, танытуда, дәлірек айтқанда абайтану тарихын жасауда ерекше роль атқаратын зерттеулердің бірі монографиялық зерттеулер десек қателесе қоймаймыз. М.Мырзахметұлы өзінің бұл мәселелерге арнаған еңбегін «Абай мұрасы монографиялық зерттеулер желісінде» деп атапты. Демек ғалым Абай мұраларын там-тұмдап зерттеудің нәтижелері уақыт өте келе үлкен, көлемді іргелі зерттеуге ұласқан тарихын атап көрсетеді.
Абайтану тарихын сөз етіп отырғанда ұлы Абайдың әдеби мектебі жайында айтпай кету мүмкін емес. Сол себепті профессор Мырзахметұлы бұл мәселелерге де ерекше көңіл бөліп, зерттеу нысанасы етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |