Шаруашылығыжәне тұрмысы. Ғұндардың өмірінде мал шаруашылығының маңызы ерекше болды. Аң аулау ғұндар өмірінде маңызды орын алды. Олар отырықшылық пен егіншілікті де білді. Сондай-ақ ғұндар атты және ошақты қадір тұтқан.
ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұд Қашғари ғұндардың диқаншылықпен айналысатын мәдениетті тайпа екендігін, өздері түркі тілінде сөйлегенімен, өзара түсінісетін басқа да тілдері болғанын айтады. Бұл деректерден ғұндардың отырықшылыққа көшкенін және түркілене бастағанын көреміз. Бейбіт күндері мал бағып, аң аулап күнелткен. Ғұндар киіз үйлерде тұрған, сонымен қатар қысқы тұрғын үйлері де болған. Киіз үй еденіне кілем және жүннен жасалған текемет төсеген. Ғұндар теріден, жүннен тоқылған маталардан киім киген. Бай, дәулетті ғұндар жібек матаны да пайдаланған. Жібекті және басқа да қымбат маталарды олар Қытайдан алдырып отырды. Ғұндарда қолөнер кеңінен дамыған.
Ғұндар сақ тайпаларының мәдениетін жалғастырып, одан әрі дамытты. Ғұн қоғамында сауда қатынасы, темірден бұйымдар жасау, тері өңдеу ісі кеңінен өріс алды. Қолөнердің пайда болуы өркениеттің қозғаушы күшіне айналды.
§ 7.Сарматтар Сарматтар туралы деректер өте аз. «Сармат» тайпасының аты көне дәуір авторларының еңбектерінде б.з.д. III ғасырдан бастап кездеседі. Бұдан сарматтар осы кезде ғана пайда болды деген түсінік тумауы керек. Бұл кез сарматтардың күшейген, кемеліне келген, яғни тарих сахнасында кеңінен белгілі бола бастаған кезі еді. Сарматтар ғұндармен бірге Қазақстанның батыс өңірін мекендеген. Сондықтан сарматтардың тілі иран тілінен түркі тіліне ауысқан.
Сарматтардың құрамында роксоландар, аландар, аорстар, сирактар тағы басқа тайпалар болған. Сарматтарда елдің ішкі-сыртқы мәселелерін ру ақсақалдары мен тайпа көсемдері қауым мүшелерін қатыстыра отырып шешкен. Әскери демократия заманында ішкі, сыртқы мәселелерді әскербасылары, қолбасшылар шешетін болды. Олар қауым мүшелерімен ақылдасып, тек әскери жасақ қатарындағы адамдармен ғана санасты.
Сарматтар қоғамында әскери демократия ерлерге де, әйелдерге де бірдей қатысты болды. Сарматтарда әйелдердің қоғамдағы ролі мен орны басқа көшпелі тайпаларға қарағанда жоғары тұрды.