І тарау. Жас ұрпақҚА Ұлттық ТӘрбие берудің Әдіснамалық негіздері 1 Ұлттық тәрбиенің көздері
І ТАРАУ. ЖАС ҰРПАҚҚА ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1.1 Ұлттық тәрбиенің көздері
Дүниеде қазақ деген ұлт - біреу, демек оның ұлттық болмысы,
салт-санасы мен әдет-ғұрпы да – жалпы қазаққа бірдей тән,
оның ғажайып мол рухани қазынасы
да – бөліп-жаруға келмейтін ортақ қазына.
Н.Ә. Назарбаев
Тәрбие бүгінде ұлттардың бірігіп нығаюының және ұлттық сана-сезімнің дамуының бөлінбейтін тетігі болатын, сол арқылы әлемдік өркениет пен мәдениеттің дамуында әр халықтың өзінің тарихи тағдырын, өзінің орны мен рөлін саналы түсінуіне әкелетін құбылыс.
Қазіргі жастарға ұлттық тәрбие беруде қазақ халқының сан ғасырлық мәдени мұралары маңызды деп танылады. Ұлттық мәдени мұраларға халқымыздың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, халық ауыз әдебиеті үлгілері сәулет, бейнелеу, музыка, қолөнері және т.б. өнер түрлері жатады. Қай елдің болмасын мәдени мұраларында сол елдің өз халқына ғана тән қасиеттер, ұлттық ерекшеліктер бейнеленеді.
«Баланы тәрбиелеуде біз халық тәжірибесіне сүйенеміз» - дейді ертедегі грек философы Аристотель. Ал халықтың тәжірибелері оның арғы тегіне, халық болып қалыптасуына, тұрмыс-тіршілігінен бастау алады.
Тарихта тәрбие ұғымын ғылыми тұрғыдан айқындағанға дейін күнделікті өмір тәжірибесінде дәстүр, әдет-ғұрыптар арқылы көзқарастар, түсініктер, қоғамда біртіндеп қалыптаса бастағаны белгілі.
Адамзат баласы табиғаттың сыр-сипатын, жұмбағын, қоғам өміріндегі түрлі болмыстың мәні мен мақсатын, шындығы мен қайшылығын ой-сана қуатымен, ғылыми-диалектикалық әдіспен зерттеп білсе, енді бірде көркем сөз өнері, соның ішінде өмір құбылыстарын образдық ой арқылы жеткізетін халықтың ұжымдық творчествосы – фольклор шығармаларынан танып біледі.
Фольклор ілкі заманда туып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде, қалдырылатын рухани мұра, синкреттік өнер. Оның бойында халықтың тұрмыс-салты, театр, сөз, би, ән-күй өнері бір-бірінен дараланбай, тұтас күйінде көрінеді.
Фольклор шығармаларын орындаушылар отбасы, ошақ қасындағы қарт-қариялар болған. Оларды халық поэзиясының қарапайым жасаушылары деп атайды. Сонда фольклор шығармаларының жасаушылары да, айтушылары да халықтың өзі болып шығады. Өнері өрге жүзген дарын иелерінің аузынан шыққан үлгілі де ғибратты сөздер мен жырларды басқа айтушылар іліп әкетіп, өңдеп, дамытып, нақышына келтіре орындайтын болған. Жырау мен жыршылар көлемді эпостық жырларды айтуды үрдіс етсе, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, тұрмыс-салт, айтыс сияқты ұсақ формалы өлеңдерді кішігірім айтушылар тудырып, көпшілікке ортақ рухани мұраға айналдырып отырған. Осы ретпен туып, атадан балаға жетіп, ел аузында сақталып келген көркем сөз өнерін, оның айтылу және орындалу ерекшеліктерін фольклор дейміз.
Неміс ғалымы И.Ф.Кнафльдің анықтауынша бұл атау халық даналығы деген ұғымды білдіреді. Осы пікірді (folk – халық, lore – білім, даналық) ағылшын ғалымы У.Дж. Томс та дамыта түсіп, фольклорды ел арасында туған өлең-жыр, ертегі, аңыз, түрлі наным-сенімдерді жинақтайтын термин ретінде ұсынады.
Қазақ фольклорының образдары жанды әрі шынайы болып табылады. Олар адамға терең ой салып, ғибрат береді. Фольклор туындылары адам тәрбиесі, қоғам мәселелерінен шет жырланған емес. Оның басты айтар ойы – халықты, адам баласын сүйе біл, еңбек пен ерлікті қастерле, досқа жылы, қамқор, дұшпанға берік бол, жас та болсаң, елге ағалық көрсете біл, өмірден үйрен де, өрге, өнерге ұмтыл дейтін ғибрат. Мұның бәрі адам, әсіресе жас ұрпақ тәрбиесі үшін аса қажет болған. Ертегі мен эпоста көптеген образдар бар десек, солардың мінез-құлықтарының психологиясы бір-біріне қарсы қойылған. Онда бірлік пен араздық, достық пен жаулық сарындары шендескен.
Бұл халық гуманизмінің фольклордағы көрінісі, ал фольклор – халықтың көркемдік қызметінің ерекше саласы. Ауыз әдебиетінде қарапайым халық өзі және қоршаған орта туралы білімін, өзінің мұң-мұқтажын, дүниеге көзқарасын, болмыс пен адам өмірінің мәні туралы түсінігін бейнелеп, оны ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп отырды.
Халық даналығы – мақал-мәтел, ертегі, өлең-жыр түрінде, ақын-жыраулардың, шешендердің сөздері толғау-өсиет өлеңдері арқылы баяндалып отырған. Ақын-жыраулардың даналық сөздерінің этикалық, философиялық маңызы зор. Олардың өсиет өлеңдерінде адам баласының мінезіне, психологиялық, этикалық сипаттама бере отырып, өнер білімді игеру, ел қамын, оның болашағын ойлау т.б. мәселесі де баяндалған.
Достарыңызбен бөлісу: |