І тарау М. Байғұт шағын проза шебері



бет1/3
Дата05.11.2016
өлшемі0,5 Mb.
#998
  1   2   3



Мазмұны
І Кіріспе..........................................................................................................5

І тарау М.Байғұт шағын проза шебері.

1.1. М.Байғұттың әңгіме кейіпкерлерін жасаудағы өзіндік

ерекшелігі......................................................................................................9

1.2. Автордың кейіпкерлерге көзқарасын бағдарлай отырып жазушының идеясын тану....................................................................................16

1.3. М.Байғұт әңгімелеріндегі кейіпкерлердің арасындағы қарым – қатынас...................................................................................................................26

ІІ тарау. М.Байғұт шығармаларындағы табиғат көрінісі мен тіршілік көзі.

2.1. Жазушы қаламынан туындаған «Интернаттың баласы»..................30

2.2. М.Байғұт шығармаларындағы табиғат суреті...................................42

ІІІ тарау.

Қорытынды..................................................................................................45

Пайдаланылған әдебиеттер........................................................................49



Кіріспе.

Тақырыптың өзектілігі. Қазіргі қазақ әдебиетінің күрделі мәселелерінің бірі – жазушының шығармашылық лабораториясын зерттеу болып табылады. Ұлттық әдебиетімізде бұл сала ХХ ғасырдың 30 – 40 жылдарынан бастап қолға алынды.

Ақын - жазушылардың шығармаларында ел өмірі, оның қоғамдық құрылымдағы болмысын суреттеуі әрі қарызы, әрі парызы саналады. Көркем әдебиетте халықтың озық дәстүрінің ұлттық қасиетінің, мәдениетінің сипатталуы – қалың оқырман үшін рухани азық. Бұған көңіл бөліп отыру қаламгерлердің басты мұраты. Сондықтан да елбасымыз Н.Ә.назарбаев биылғы жылғы жолдауында: «Біз қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз», - [1: 3] деп, азаматтық борышымызды нақтылап көрсетіп берді.

Ширек ғасыр ішінде, тап осы мәселені зерттеген іргелі еңбектер өмірге келді. Осындай еңбектерді өмірге әкелген: М.Әуезов, С.Мұқановтар соны соқпақ салған, бұл дәстүр қазіргі әдебиетімізде де, жан – жақты жанданып, аз ғана уақыт ішінде сыншылардың қатары бой көтерді. Бұған дәлел ретінде, Ш.Елеукенов, З.Серікқалиев, Б.Майтанов, С.Жұмабеков, Ж.Дәдебаевтың т.с.с. ақын – жазушылардың еңбектерін атауға болады. Әлі де, әдебиетімізде зерттеуді қажет ететін, өзіндік айтары бар ғылыми жүйеге объекті болатындай талантты жазушылардың бірі – М.Байғұт шығармашылығы болып табылады.

М.Байғұт қысқа жазудың шебері дейміз. Ал, «Шеберлік» дегеніміздің өзі – тар шеңберде алғанда, адам бейнесі, табиғат көрінісі, қимыл, іс - әрекет сияқты әдебиеттік түрлі образдар жасау үшін қажетті сөздерді талғап, ұқыптылықпен қолдана білу [2: 36].

Жазушы шеберлігі сол, екі бетке жүк болатын оқиғаны екі ауыз сөзбен көз алдыңа алып келеді. Оның әңгімесі болсын, повестері болсын оқыған сайын, оқығың келе береді. Қаламгеріміздің идеясы мен эстетикалық тұғыры ересектер мен балалар әлемінің бір тұтастығы мен өзара қатынасы, бірі – бірінсіз өз бетінше өмір сүруінің мүмкін еместігін айтады. Жазушының қай шығармасын алсақ та, көркемдік жағынан өзіндік бір мінезі, тақырыбы бар. Біз бұл тұжырымды оның «Доланай шахтасы», «Интернаттың баласы», «Жанымайдың жотасы», «Ақ орамалды қыз», «Жемелек» әңгімелерінен айқын сезінеміз.

Қаламгеріміздің өзге жазушылардан ерекшелігі өзіндік өрнегі – қосымша ат қою шеберлігі. Кез – келген шығармасын оқи қалсаңсыз, кейіпкерлердің қазіргі тілмен айтқанда, «кличкасына» кездесесіз. Өмірдегі әзілқой жазушының бұл да бір өзіне тән мінезі болса керек. Мәселен, қатын – дұшпан, Жезбалақ – Тілеміс, Светлана – Сәуле, Штирлиц – Кеуіртбек, Миссис Майра, Мистер Мамыр т.с.с.

Тәуелсіз елдің жаңа адамын, жаңа күрескерін, жаңа қайраткерін, жиырма сегіз жастағы жас мұғалімнің ұстаздық еңбегіндегі бәйшешек жаңалықты, елдік мақсаттағы бүршік атқан бәйшешек тіршіліктің трагедиясын, барша сырымен, барша арманымен, барша мұратымен, барша өкінішімен суреттеп шыққан.

Қазақ халқының мақтанышы мен ыстық махаббатына бөленіп жүрген қаламгеріміз, екі дүркін республикалық «Жалын» баспасының сыйлығына ие болды. 1996 жылы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен марапатталған.

Қоғам қайраткеріміз, Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газетінде, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде көп жылдар бойы әдеби қызметкер, мәдениет, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болды, облыстық партия комитетінде қызметтер атқарды. Қазіргі таңда, 2005 жылдан бері тілді дамыту басқармасының бастығы қызметін атқарып келеді. «Тіл төңірегіндегі таза тіршіліктің түйесі мен биесі, ығай – сығай иесі болмаса да, киесі бар. Тіл бастыққанды емес, бас тіккенді тілейді» деп суреткердің өзі айтқандай, тілге табынып, елге жағынып еңбек еткенге не жетсін [3: 2].

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазіргі қазақ әдебиетінде М.Әуезов, Ж.Дәдебаев, Ш.Мұртаза, З.Серікқалиев, Б.Майтанов, Ш.Елеукенов сынды жазушылардың жолын жалғастырушы қазіргі таңда көптеген әңгімелермен баспа, бетінен жарық көрген, дара талантымен танылған шебер иесі - М.Байғұт. Жазушының мерейтойына байланысты жарық көргені, сондай – ақ кейбір ғалымдардың еңбектерінде қысқаша сөз болғаны болмаса, жазушының шығармашылығын арнайы зерттеген еңбек жоққа тән. Жазушы туралы үлкен сыншымыз Тәкен Әлімқұлов «Мархабат Байғұт – тұңғыш әңгімелер жинағымен – ақ танылып үлгерген жазушы... «Оңтүстік Қазақстан» газетінде істей жүріп, неғұрлым, нақтылыққа, қысқалыққа машықтанған. Көркем туындылары өз табиғатынан бастау алады. Тәржімашылдығы да тәнті етеді,» - дейді [4:2].

М.Байғұттың шығармашылығының көркемдігі, мәні С.Жұмабеков «Менің Мархабатым», Т.Әжібектің «Шындықтың шынайы шымылдығы» (1996), А.Байғұлов «Аққұзардың азаматы» (1995), Ж.Боранбаев «Мархабаттың мәртебесі» (1995), З.Қыстаубайұлы «Жеті жарғы» (1998) т.б. еңбектерінде шолу жасалынды.



Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеті. Зерттеу жұмыстың басты мақсаты – М.Байғұт шығармашылығының негізі, жазушының кейіпкерлер образын жасаудағы өзіндік ерекшелігін, оның суреткерлік шеберлігін, қосымша ат қою өрнегі, қысқа да нұсқа жазу шеберлігін бағдарлай отырып, жазушының қазіргі қазақ әдебиетіндегі алар орны мен қосатын үлесін анықтай отырып төмендегі міндеттер қойылды:

  • жазушының әңгіме кейіпкерін жасаудағы өзіндік ерекшелігі.

  • Қаламгер шығармашылығындағы табиғат суреті.

  • Автордың кейіпкерлерге көзқарасын бағдарлай отырып, жазушының идеясын тану.

  • Суреткердің кейіпкерлер арасындағы қарым – қатынастың әңгімелер арасында айқындалуы,

Зерттеу нысаны. Аталып отырған тақырыптың негізгі мәнін ашу мақсатында, М.Байғұттың «Айып», «Доланай шахтасы», «Көрпесайдың кітапханасы», «Ақ орамалды қыз», «Жанымайдың жотасы», «Жалбыздың жағасында», «Жемелек», «Варвараның көмбесі» әңгімелерімен «Интернаттың баласы» повестін негізгі зерттеу нысанына айналдыру.

Зерттеу әдістері. Бұл дипломдық жұмыс жинақтау, сараптау, бақылау қорыту әдістерінің негізінде жазылды.

Жұмыстың құрылымы. Диплом жұмысы кіріспе, негізгі бөлім мен қорытыныды және пайдалынылыған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Негізгі бөлімде «М.Байғұт шағын проза шебері» мен «М.Байғұт шығармашылығындағы табиғат суреті мен тіршілік көзі» деп аталатын екі тарау қарастырылады.



І тарау Мархабат Байғұт шағын проза шебері

Мархабат Байғұттың әңгіме кейіпкерін жасаудағы өзіндік ерекшелігі
Қазақ қаламгерлерінің творчествасынан орын алған әңгімелер аз емес. Әңгіме жайын сөз еткенде Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ. Мүсірепов сияқты жазушылрдың өнегелі ұлы ісін ұстаған жөн. Бірақ оның бәрін тәптіштеп жату біздің тақырыбымыз емес.

Мархабат Байғұтов әңгімелерінен авторлық артық баяндау, геройлардың өзара сөйлесуіндегі шексіздік, кейіпкердің портретін жандандырамын деп жаңсақ нәрселерге теңеу сияқты шұбалып жүрген артық сөздерді кездестіре бермейміз. Осындай басы артықойлардан аулақ болуды тұтқан автор, әңгімелеріндегі кейіпкерлеріне өз тарапынан портрет жасай беруге мырзалық танытпайды. Жазушы оқушысына геройын терең танытуға, кейіпкерінің өз сөзін, кейіпкерлердің өзара сөйлесуін жиі пайдаланады.

Әңгіме мазмұнынан осылай танылған кейіпкер, оқушының көз алдын жақын келіп, тіпті ол ауылыңдағы ескі танысыңа ұқсап кетеді. Сондықтан, Мархабат жасаған кейіпкерлердің бірінің қимылына өзіңнен-өзің күлесің, бірінің мінезінен түңілесің, бірін аяйсың, біріне сүйсіне қарайсың.

«Доланай шахтасы» әңгімесіндегі қалтасында ақшасы бола тұрып, қасындағы Ермектен ақша қарыз сұраған Қасаттың сараңдығын Тілеміске теңейді. Тілеміс деген арқалының шық бермес Шығайбайы болған екен. – Сен сол Тілеміссің, оны аз десең, көмусіз қалдырған туысын Көбдікті де білеміз – депті Ермек ашуланып. Жазушы осы кездегі Қасат бейнесін:

«Қасат қалшылдай жөнелді!. Басы тым үлкен еді. Қара есектің шылбырын долананың бұтағынан шеше алмады. Қолдары дірілдеп, шынтақтары шошаңдады. Ақырында шешті-ау шылбырды. Иегі де шошаңдап кетер ме еді, басының салмағымен омырауына тіреліп, сақалы қойтасқа жаншылған киік отындай болып көрінді» - деп суреттейді [5: 142].

- Өз басындағы қатыгездік пен сараңдық бетіне басылған кездегі Қасаттың портреті қоспасыз, қысқа тұжырымды, дәл берілген. Қасат бойындағы ашу-ыза психологиялық өзгеру, оның барлық физиологиялық құрылысымен қоса құбылған сияқты. Жазушылық үйлесімділік, жазушылық шеберлік деп, осыны айтсақ керек.

Жазушының «Айып» әңгімесін оқып отырып, қайта-қайта еріксіз езу тартасың. Арысбайдың жанұясындағы кемшіліктер біздің ауылдағы бірнеше жанұяға ортақ екенін ұғындым. Мархабаттың «Айыбында» Арысбай, ал біздің ауылда аттары басқа - басқа. Аттары басқа - басқа болғанмен балаларындағы жігерсіздік, тәртіпсіздік, намысы жоқтық бір-бірінен аумайды.

Мархабат атай жасаған кейіпкердің дара болмай, әр оқушының аулынан топ-топ болып табылуы – шығарма тақырыбының шыншылдығы, басты кейіпкерінің типтілігі. Арысбайдың сөзіне кұлақ салайық.

«Аспандарын –Арысбай, бастауыш кластан аса алмады. Жерлерің – Жүзімкүл байғұс жетіншіні өліп-талып бітірген, - деп күбірледі, баласының аттестатын ұстап отырған күйі. – Бірақ біз соғыстың кесірінен оқи алмап едік. Мыналарға не жоқ енді?!.

Автор Арысбай өз сөзі бойынша жанұясындағы білімсіздікті, балаларының да өздерінен аса алмағанына өкіндіреді.

Өз баласын өзі сабап, учаскелік милицияның сұрауынан директордың көмегімен құтылып, заң қызметкерлеріне айып төлеп, ауылда келіп түскен Арысбайға көзі түскен ауыл адамдары:


  • Арысбай зауытқа ауысқан ба?

- Сырттай оқуға түскен шығар?

- Кешкі оқуға кірген шығар? – десіп мырс-мырс күліскен.

- Қамап қойыпты деп жүр еді.

- Кеше ақша сұрап жүрген. Бірдеңе беріп құтылған екен десіп, болжам жасағандар да болған. Автор осы бір азғана диалог арқылы ауыл адамдарының болмыс тіршілігін алдына жайып салғандай [5: 249].

«Көрпесайдың кітапханасы» әңгімесінде білімділікке қарсы білімсіздіктің, ізгілікке қарсы көрнекіліктің, салауаттылыққа қарсы маскүнемділіктің зардабын тартып жүрген кітапханашы Сейсенкүлдің жан-дүниесін тербеткен қайғысын өзіне баяндатады.

«Жапырақ кешіп жүргенді мен де ұнатамын. Жалғызсырап, жабырқаған шақтарында алыста болса да сені ойлайтын адамның жер бетінде бар екендігіне сену де бір бақыт білем. Бірақ ондай жұбаныш та менің маңдайыма жазылмаған шығар. Менің бақытыма кітап деген нәрсе ойлап шығарылыпты. Кітаптарға рахмет. Жалғызсыраған кездерімде маған кітаптарым көмекке келеді. Ал күйеуім кіт апты жек көреді. Кітап атаулыны көргісі келмейді. Мені кітаптың кейіпкерлерінен қызғанып өле жаздайды. Үйімізде бірде-бір кітап жоқ. Кітап көрсе, өртейді. «Сен кітапхананы қашан тастайсың, мен арақты сонда тастаймын», -дейді. Ал, кітапсыз, кітапханасыз мен қалай ғұмыр кешпекпін?»

Сейсенкүл тағдыры, Сейсенкүл суреті көз алдымнан кетпейді. Оқып отырғанында әңгімедегі кейіпкер екенін ұмытып, көмектесудің жолына сапар шегетіндей қиялға кетесің, күйеуін бұл өмірден қош айтыстыратын амал іздегің келеді. Сейсенкүл тағдырының аяныштылығын, жолдасының қатігездігін жай ғана түсінікті сөздермен дәл берген [5: 229].

«Ақ орамалды қыз» әңгімесінде оқу жылы аяқталған соң, мектеп оқушыларының жазғы демалыста істейтін жұмыстарын белгілейтін жиын өтеді. Осы жиында сөйлеп тұрған оқушылардың сүйікті ұстазының сол мезгілдегі бейнесін былай жасапты.

«Ақ шәйі жейдесінің жеңінен кірген жел ағайдың арқа тұсын ақ желкендей керіп жіберді. Кестелі жағасын қайта-қайта тартқылап, қос қолдап ұстаса да, болатын емес. Ағай сол ыңғайсызданғанымен, керемет келісіп тұрды. Ақ желкеннің әсерімен ағайымыз теңіз бетімен жүзіп жөнелетіндей көрінді.»

Жазғы жұмысқа кіріскенше асығып, тағат таппай су таситын бөшкелі арбаны иеленгісі келетін, еңбекқор шәкірттің баяндауында берілген ұстаз портреті сәтті суреттелген. Шәкірттің ұстазға деген ыстық ықыласы бірде ұстазын ақ желкендей деп сүйсінсе, бірде айдың теңіз бетінде сайраңдайтын кеме – дана шәкірт идеясымен көркем таныту - кез келген жазушының қолынан келе бермес.

Жазушы өрнектеген осы бір сурет, екінші бір жерде, жұмысқа кетіп бара жатқан еңбек адамдарының машина үстіндегі әдемі көрініспен астастырыла беріледі. «Мен машинаның ең артындамын... Қыздардың бәрі қызыл орамал, әйелдер ақ орамал тартқан. Қыздардың орамалы қызыл галстук секілді, машина селк-селк еткен сайын жел үрлеген жалындай лап-лап жанады. Кешегі мектеп алдында өткен жиналыста, онда сөйлеген директор ағайд ойладым. Маржанбике бастаған әйелдердің орамалдары директор ағайдың кестелі жейдесіндей аппақ-ау, аппақ. Жұмыс десе жүрегі алып ұшатын 6 – класс оқушысына бәрі жақсы. Ол үшін жұмысқа бару, жұмыс істеу, жұмыстан қайту бәрі-бәрі қуаныш. Осы сурет көз алдымыздан өткенде, біздің де кешегі ауыл шаруашылық жұмыстарына барған албырт шағымыз ойға түседі.

«Ақ орамалды қыз» әңгімесінің басты кейіпкері Қалбибінің портретін жазушы өмірі ұмытылмастай етіп өрнектеген.

«Қалбибі біздің тұсымыздағы арықты шабуға кіріскен. Қара торы екен. Бет-жүзі дөп-дөңгелек, мұрны сәл келте біткен. Шашы беліне жетеді, қос бұрым етіп өрілген. Кемшілігі оң жақ бетінде, шекеге таман алақанның жартысындай қалы бар. Сол жағынан сүйкімді-ақ, ал қалы бар жағынан басқашалау көрінеді. Әттең қалдың қалың, жалпақ болып жабыса қалғанын қарашы.» Осы портреттегідей қос бұрым етіп өрілген шашы бар, дөңгелек жүзді қара торы, бетіндегі қалы бар (үлкен кішілігіне қарамай) қыз көрсем, алдымен ойыма, содан кейін көз алдыма Қалбибі елестейді. Егер қалбибі портреті Мархабат ағай суреттегендей анық болмаса, ойға ұзақ сақталмаған болар еді [5: 350].

«Жанымайдың жотасындағы» жоғарғы оқу орнына Қанай аулынан бірінші оқуға түскен Пернеханның ауылға келгендегі бейнесі де әдемі суреттелген.

Пернехан талмен қабаттасты. «Стиляга» болып кетіпті. Дэуталмен салыстырғанда тіпті шілбиіп, жіп-жіңішке көрінді. Шалбары санына жабысқан, ақ плащ киген, қызыл шалмасы бар, шашы қасының үстінен тегістеп қырқылған, желкесі күдірейіпті. Желкесі емес жақындағанда байқады, шашы екен.» Көз алдыңа қаладан ауылға келген бір Пернехан емес, Пернехан сияқты бірнеше жас тізбектеліп, елес береді. Ол кейіпкердің өмір шындығынан алынғанын өмірде болған кейіпкер екендігін танытады.

Осы әңгімедегі дәл жоғарыдағыдай көркем жасалған портрет – Кендебай портреті. Жанымайдың жотасына Қаратай шығарып салатын Кендебай. Ол Отан алдындағы әскери борышын орындап, ауылға демалысқа келіп, қайта аттанған. Кендебайдың ысылған ширақтығы, ауылдағы ағайындар мен Қаратайға деген ыстық ықыласы оқырман есінде ұзақ сақталады [6: 207].


Қанай ауылынан механик дайындайтын техникумға алғаш аттанған Базарбек болды. Бірақ оқуды толық аяқтай алмай, келіншек алып, ерте оралды. Әңгіме авторы біраз жағдайды Базарбектің өз аузынан баяндата отырып, ауылдық жерде шешімін таппай жатқан құпия сырдың бетін ашқандай болады.

Бұл суреттен бір жағынан Базарбектің келбетін танысақ, екінші жағынан тынысының құпиясын танимыз. Базарбек Қанай ауылы бойынша құрмет тұтар қариясы Қаратайдың әкесінің алдына келіп:

«- Қоймаймын, ашып айтыңыз?!

Бі-ле-ем, білем мен сырттай қарағанда тып-тыныш, моп-момақан ауылсыңдар, өсек-аяңға келгенде заулап тұрған дауылсыңдар, көке. Мені, ойхой бір, лаулатып отқа жағады –ай енді, оқудан шыққанымды, орыстан келіншек әкелгенімді....... оқудан шығып қалдым, көке. Оны да айтып қалайыншы, жасырып керегі не?! Үлгермедім, көке. Қанша тырыстым, тырбаңдадым, бәрібір болмады. Мектепте Дөңкебай ағай уызға жарытпаған екен. Қиын екен. Қанайдың маңдайына арнаулы орта білімді механикті де жазбады ғой, жазбады. Енді мынау Қаратайлар қиналмасыншы. Осылар оқысыншы.... Келініңіз орыс тілі пәнінен сабақ беретін, тіл техникумын бітірген, білдей маман, көке. Жақтырасыз ба, жоқ па? Батаңызды бересіз бе, жоқ па? Бұл жерде шындықтан жалтармайтын, өз бойындағы және ауылдастардың бойындағы кемшілікке төзбейтін шыншыл, турашыл Базарбекті танимыз[6: 220].

Жазушының кейіпкерге портрет жасау шеберлігі «Жемелек» деген әңгімесінде тағы бір қырынан танылады. Соғыстың ауыртпалығын бастан кешіп, қайтіп келгеннен кейін де тынымсыз еңбекке араласқан Жаманқұл кәрия күні бүгінге дейін «келіншегім» деп келген Тазагүліне ерекше сыйластық пейіл білдіреді. Жаманқұлдың осы сезімін жазушы жандандыра суреттейді.

«Тегінде Тазагүлге ту сыртынан қарағанды қалайды. Мұндай қылықты қай кезде, қалай тапты, жадында қалмаған. Қазір міне, қораның селдір тартқан тұсынан сығалайды. Келіншек демей, кім дерсің. Қос бұрымы қап-қара, жемелегі ұшында, кір жуып отыр. Жігітінің жейдесі болар, сірә, жігітінің жейдесін ақ көбікке салып шайқайды келіп шайқады. Сөйтсе, қос бұрымы біресе белінің бергі жағына аунайды, біресе арғы жағына аунайды. Қымбат шолпы тағынбай, жіптен ескен шашбауы – жемелеге еркелеп, Балбастаудағы балағына оралар балдыр болып ойнайды. «Адам көңіліндегі ыстық сезімді, ынтызарлықты суретке айналдырған деп ойлаймын. Міне, жазушы шеберлігі деп осыны айтса болады[6: 222].

Мен жазушының портретіне тоқталып, жазушының өзіне де сөз беріп, өз тарапынан шеберлігі мен жетістіктеріне тоқталдым. Бұған қарап, жазушы Мархабат өз шығармаларында ұнамсыз кейіпкер суреттемеген деген ұғым тумаса керек. Мархабат әңгімелерінде өмірдің көлеңке жағымен бұқпантайлап, жақсылардың алдын кесетін білімсіз, тоғышар, дүние-қоңыздарды назардан тыс қалдырмаған. Жазушы мұндайларды табиғатынан жақтырмаса керек, тіпті әңгімелерінде суреттеген бұл кейіпкерлердің біреулеріне айдар тағып ат та қоймаған. «Көрпесайдың кітапханасында» кітапханашы келіншектің күйеуі мен «Жемелек» әңгімесіндегі Жаманқұлдың үлкен баласына белгілі есім бермеген. Ондай кейіпкерлерінің бойындағы өзін танытатын портретін өзіне жасатқан.

Екі қабатты үйде тұратын, астында «Еділ» атты машинасы бар Жаманқұлдың үлкен баласына сөз берейік.

«- Елдің сендей шалдары өздерін де, балаларын да қарқ қылып жатыр. Солардың көбі тіпті, соғыстың шеніне жетпегендер... Ал сен ?! Сен болсаң, сау тамтығың қалмай жараланып, жарым қаныңды беріп, Берлиннің қақ ортасынан оралдың. Сонда да бастықтарға баруға бет моншағың үзіледі де тұрады.» - деп әкесінің миын шағады[6: 224].

Автордың кейіпкерлерге көзқарасын бағдарлай отырып жазушының идеясын тану.
Әрбір көркем шығарманың тақырыбы- жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы. Ал шығарманың идеясы – жазушының сол өзі суреттеп отырған өмір құбылысы туралы айтқысы келген ойы, немесе өмір құбылысына берген бағасы. Ал жазушының идеясы – көркем образ арқылы көрінген желілі ой. Олай болса, жазушы өзі бейнелеп, суреттеп отырған өмір құбылыстары арқылы оқушы назарын неге аударса, қайда бағыттаса, соны идея дейміз. Идеясыз шығарма болуы мүмкін емес.

Мен бұл бөлімде Мархабат Байғұтов әңгімелерінің тақырыбы және идеясын белгілейтін, автордың шығарма кейіпкерлеріне көзқарасын бағдарламақшымын. Жазушының әңгімелерінен үзінді келтіре отырып, оның бізді неге бағдарлап, неге мегзеп, неге тәрбиелеп отырғанын ашпақпын.

Мархабат әңгімелерінің тақырыбы - әр алуан. Жазушы әңгімелерінің тақырыбына еңбекті, адамгершілікті, ізеттілікті, егіншілікті, сауданы, махаббатты, білімді т.т. арқау еткен. Мархабат осы тақырыптарды меңгере отырып, өзі бейнелеген кейіпкерлер арқылы бізді өмірдің ең идеялды жақсы жақтарына баулиды. Жазушының әңгімелерін оқи отырып, көп нәрседен жиренеміз. Мархабат әңгімелеріндегі адам тағдырларының тайталасы, характерлер қақтығысы – оқушысын еріксіз есейтеді.

«Варвараның көмбесі» әңгімесінде Қаламанның шешесі Варвара кемпірмен қоңсы тұрады. Варвара бақша дақылдарының барлық түрін егіп, жаз бойы еңбек етеді, жиналған өнімін жер асты қоймасына сақтайды. Варвараның дастарханында, жылдың қай мезгілі болса да, бақша дақылдары көздің құртын алып, ауыздың сілекейін шұбыртады. Осыны жастайынан көріп өскен Қаламан егіншіліктің бақша дақылдарын егуге баса назар аударады. Алынған өнімдерін Варвара кемпірше сақтап, ауыл адамдарына үлгі көрсетеді.

Қаламанның еңбегін, еңбектің желісін жұртқа үлгі етеді. Жазушы Қаламанның ұйымдастыру жұмысын баяндай келіп, еңбек нәтижесін: - Шарбағы жайнап тұрады. Картоп дейсіз бе, пияз дейсіз бе, помидор, қияр мен капуста дейсіз бе, бәрі бар-ау, бәрі бар. Ауылдастары картоп іздеп, Жуалыға сандалып жүргенде, Қаламан Қасымбеков бүкіл семьясымен өзінің бақшасынан қап-қап өнім жинап жатады. Картобы қандай тағы да! Алты айлық бұзаудың басындай тура. Қап-қап картопты Қаламанның өзі арқалып әкеліп, үйдің алдындағы бетон алаңда төгеді. Төгеді де жайып тастайды. Белгілі уақыты өткен соң қыздары тізіліп, тізерлесе отыра қалып сорттайды-ақ! Сорттайды да кәдуілгі ұны, жемі тағы басқалары тұратын қоймасының астынан қазып, айналасын бетондап қойған көмбесіне құяды – деп баяндайды [5: 251].

Қаламан осындай байлығын алғашқыда үйренсін, ойлансын деп Әбден деген жақын ағайындарына беріп тұрады. Бірақ, Әбдендер ойланбады да, ұялмады да.

Жалқаулық меңдеген Әбдендер тұрмысын:

- Баяғы жатыс, баяғы ұйқы. Шымкенттегі тас үйлердің бесінші қабатында жатқандай ұйықтайсың – ау, бәтшағарлар. Шарбағы тозып, малы қысы-жазы бір оңалмайды. Не союға, не сатуға жарамайды сорлы мал. Әйелі де, балалары да аурушыл-ақ. Клубтың бір бұрышындағы фельдшерлік пункттің алдын бермейді. Әрине, Қаламаншалап айтқанда, уақтылы ыстық ішіп, әсіресе аптасына бір мезгіл құс етін жеп, сорпасын ұрттап, тұздалған көкөністі қытырлата шайнамасаң ауырмағанда не істейсің... Соны түсінгісі келмейді, бекер-босқа жатыс, бекер-босқа ұйқы, - деп түсіндіреді [5: 262].

Иә, Мархабаттың бір әңгімесінен келтірілген осы екі үзінді оқушысын неге мегзейді? Өзінен-өзі түсінікті, еңбекқорлықпен жалқаулықты бір-бірінен қарама-қарсы қойып отыр. Оқушы еңбекқорлыққа ұмтылып, жалқаулықтан шошынады. Сөз жоқ, жазушы идеясы- еңбек тәрбиесі.

«Варвараның көмбесі» әңгімесінің идеясы бір кездегі «үкімет асырайды, үкімет аман болсын» деген кезеңге қарағанда, бүгінгі нарықтық экономикаға көшкен кезде, бұрынғыдан да жарқырап, ашыла түскен сияқты.

Адам өмірінің негізгі арқауы болған еңбек мәселесі жазушы творчествосынан еш уақытта тыс қалған емес. Еңбекті жастар зейініне ұялату, оның үлгісін суреттеудің тамаша үлгілерін жасады.

«Ақ орамалды қыз» әңгімесінде бірде мектептің алтыншы класс оқушысы жазғы демалыста су таситын бөшкелі арбаны айдауды армандаса, бірде жап-жас Қалбибінің бір үйлі жанға басшылық жасап, аурулы шеше мен іні-сіңлілерін еңбегімен асырап отырғанын, бірде орта буын, жұмыстың қай түрі болса да еңсеріп тастайтын Маржанбикені суреттейді. Оларды еңбектің үлгісі етіп көрсетеді.

Енді «Жемелек» әңгімесіндегі Ұлы Отан соғысы жылдарында елді қорғауға аттанып, жаумен жасқанбай соғысып, бірнеше жарадар болған Жаманқұлды алайық. Ол жасының келгеніне қарамай ертелі – кеш колхоз жұмысының өзіне тиелісін атқарады. Өз шаруасын да мұнтаздай етеді. Соғысқа қатыстым, жараландым, еңбек еттім деп міндет қылмайды. Еңбегімен тапқанын қанағат қылады. Азанбай қарт сияқты сумаңдамайды. Көрінген есікті ашып, бастықтардан жеңілдік алуды қаламайды. Жер атауларына, тіліміздегі кейбір сөздердің тарихына ойлы көзбен қарайды. Бір ұлт пен екінші ұлттың тіліндегі кейбір сөздердің ұқсастығына назар аударады. Бұл әңгімеде, біз айтып отырғандай адамгершіліктің биік тұлғасымен көрінген еңбектен өмір бойы жиренбеген асыл азамат көрінеді. Жазушы Жаманқұлды баршаға үлгі етеді.

Жазушы «Жанымайдың жотасына» оқушысына басқа идея ұсынады. Бұл әңгімеде оқу, жастарға тіл тарихын, ел тарихын танытудағы шалағайлықтарымыз сөз болады. Жоғары оқу орнында тіл мамандығын оқып жүрген Пернехан өзі Жанымайдың жотасына дейін шығарып салуға кетіп бара жатқан Қаратайға:

- Тарихтан не білесің, не сезесің сен? Түк те сезбейсің десем, ренжисің. Көп білесің, рас. «Ең Ежелгі Грецияны» өттіңдер ме? Өттіңдер. Жілік-жілігіне дейін шағып, құдайларына дейін қоймай кемірдіңдер, ә? Ал енді Қанайдың тарихын білесің бе? Білмейсің, сезбейсің, Қанайдың да, Қазақстанның да тарихын ең Ежелгі Греция мен ең Ежелгі Египеттен жүз, тіпті мың есе кем білесің. Сезбейсің. Рас па? Жарайды, жарайды жолға шығайық, - деген ой тастайды [5: 359].

Біздің Одақ кезіміздегі білім беру жүйеміздің осал тұстарын айтып отыр. Мархабат Ежелгі Греция, Ежелгі Египет деген сөздерден кейін орыс тарихы, орыс географиясы деп жалғастыруға коммунистік партиядан қаймыққан болуы керек. Мархабат сол кездің өзінде уақытты өз тілімізді оқытудан, орыс тілін оқытуға көп жұмсап, әуреленіп жүргенімізді көре білген. «Жанымайдың жотасы» әңгімесінің идеясы – осы идея. Жазушы жастарымызға білім берудегі осы кемшілігімізді байқата келіп, Пернехан сөзімен Қаратайға Түлкібас, Жанымайдың жотасы деген сөздердің тарихын, шығу төркінін түсіндіреді. Авторға сөз берейік.

- Айналайын – ау, Түлкібас болып кеткен төбе мынау тұр ғой. Жанымайдың түбінде тұр ғой. Оның қай жері түлкіге ұқсайды? Айтшы, кәне. Оның шын аты Түлкібасы. Біз әлі дәлелдеп шығамыз. Мен өткен ғасырдағы екі жазбадан, он тоғызыншы ғасырдың үшінші ширегінде шыққан екі кітаптан мына тарихи төбенің атын кездестірдім. Жанымайды айтпаймын, Түлкібасы төбесін айтамын. Сен сол төбеге көтерілдің бе?

Көтерілген жоқсың. Жанымайға жетіп, шықпа жаным, шықпа деп қайтып кеткеніңе мәзсің. Туған өлке тарихы мен тіліне осы бастан қызыға білу керек. Кезінде біз байғұсқа сөйтіп ақыл айтатын да адам болмашы. Сен мына төбеге шығып көрші?

Анау Алатаудың аяғы да, Қаратаудың басы да бәрі төменде қалады.

Сондай бір сиқыры бар. Қазығұртқа ұқсайды. Бұл төбемізді «Түлкібасы» деп атаған. Түркістан деген секілді..... Бір кезде бұл төбе түркі елінің кіндік ортасы болған деседі. Ел қорғауға арналған атақты шайқаста түркі әскерінің қолбасы қаза тауып, осы төбе басына жерленіп, «қолбасы», «түркібасы» төбесі атанған деседі. Әлгі әскер басы басқыншыларды қуып тастап, ауыр жарасын осы біз екеуміз тұрған төбеде ғана байқап: «Жаным-ай!» деген. Жанымайдың жотасы содан қалған.... Колхозымыздың, ауданымыздың отызыншы жылдарындағы документтерінде: «Түркібасы ауданы» деп жазылған. Оны іздеп тапқан кім? Мына мені Жалқаумыз. Жай қимылдаймыз. Ұйықтап жата береміз. Қалғып-мүлгіп отыра береміз. Өзіміз ғана емес, сүйегі жоқ тіліміз де марғау «р» деуге ерініп «л» деп жібергенбіз, - деген түсінік берді.

Иә, ой аяқталғанда өзіміз де ойға шомдық. Қисынға келетін сияқты. Жазушы тіліміздегі сөздердің тарихи мәніне назар аудармаудың, оған қалай болса солай қараудың қыр-сырын айқындап отыр. Мархабат қолданыс аясы тарылып кеткен ана тілімізге жанашырлықпен қарау идеясын алға тартып отыр.

Байқап қарасақ, біздің егеменді ел болғаннан кейінгі байқаған ағаттықтарымызды Мархабат күні ілгері білген. Қазақтың тілге деген жауапкершілігінің төмендігін өз шығармасына арқау еткен

Жазушының «Айып» әңгімесінің идеясы – тәрбие мәселесі. Жазушы Арысбайдың не білім алуға, не еңбек етуге зауқы жоқ қос ұлының тоғышарлығын бейнелеген. Қолы бос тоғышарлар әке мен шешенің, жанұяның жағдайларына қарамайды. Ертелі – кеш ойын-сауықтан қалмайды. Жалған намысты сылтауратып, ұрыс – төбелестің бел ортасында болады. Ауыл адамдарының сыбыр-сыбыр әңгімесіне айналады. Әңгімені оқыған адам Арысбайдан да оның балаларынан да түңіледі. Қылықтарына бірде налисың, бірде күлесің. Мархабат кейіпкерін жетесіз күйінде қалдырмай, совхоз директорының учаскелік инспектордың араласуынан кейін, қателігін мойындатып, бір отар мал бағуға жібереді. Жазушы бұл жерде баланың мектепте, жанұяда қабылдамаған тәрбиесіне заң орны, қоғамдық ұйым, мекеме басшысы ықпал жасады деген идея туындатады.

Осы сияқты «Доланай шахтасында» Қасат бейнесі арқылы қатыгездікті әшекерелесе, «Көрпесайдың кітапханасы» әңгімесінде Сейсенкүл мен Гүлзира арқылы сұлулықты, білімдарлықты алға тартады.

Мархабат әңгімесіндегі кейіпкерлер образы дара, бір мезгілге тән кесек шындықты жинақы жеткізе біледі. Таңдап алған өмірлік құбылысқа автордың білдірейін деген идеясы анық, дәл берілген. Жазушының барлық әңгімелеріндегі кейіпкерлердің мінезіне бір көрініп танылған жай тағы бір жерде қайталанбай, басқа тың сипат қосылып, герой мінезі тереңдей түседі.

Сайып келгенде, Мархабатты проза жанрының әңгіме түрінде тақырып таңдай білетін, айтайын деген идеясын кейіпкерінің іс-әрекеті арқылы көркемдеп жеткізе білетін жазушы, деп білемін. Әңгімелерінің композициялық құрылысы жинақы, кейіпкер бейнесін анықтайтын жеке сюжеттер бір-бірінен ұйқасымсыз алшақтыққа бармайды, үйлесімді бірлікте баяндалады.

Жазушының маған ұнайтын бір ерекшелігі – тілінің жеңілдігі. Сөздері анық, ойы көбіне жай сөйлемдер арқылы беріледі. Сөзіміз жалаң болмас үшін авторға жүгінейік.

«Ақ орамалды қыз» әңгімесінде оқу аяқтала салысымен бригадирден су таситын бөшкелі арбаны сұрап барған балаға бригадирдің берген жауабына назар аударайық.

- Ақылың да кірейін депті, қалай сөйлеуді үйреніпсің. Жарайды бөшкелі арбаның бірін берейік. Қазір екеуі де суда жатыр. Оның күні туғанша он бес – жиырма күн бар. Егер осы уақыттың ішінде жүгері жегенелеуге белсене қатыссаң, арбаны конкурстан тыс аласың. Қалай, келісесің бе? [5: 335].

Болмаса «Жемелектегі» Жаманқұлдың дүниеқоңыз, жетесіз үлкен ұлын сөйлеткен жерінде:



- Жыламаған балаға емшек қайда, бүгәнде? Сені қанағатшыл екен деп, қарапайым екен деп, Берлиннің қақ ортасынан қайтқан батырымыз екен деп, есіркей ме? Ондай адам қайда – а - а? Көрсем көзім шықсын [5: 373].

Байғұтов қазақ өмірінің бүгінгі тынысына үңілген кезде, жаңаша өзгерістерді көргіш, Оның кейіпкерлері - Дон Кихоттың әпенділігінен арыла алмаған, сөйтсе де барға қанағат, жоққа салауат қылатын біртоға жандар. Бұл жағынан ол Бейімбет Майлиннің тікелей мұрагерлік жора-сына жүре алады. Қулығына құрық бойламас кейбір зымияндықтарды суреттеуді ол нақты объектіге алып, сол алаңды шиырлап әуреге түсіп жатпайды. Көзге көрінбейтін, бірақ ылғи мысы басып тұратын әлгіндей күштің ырқынан шыға алмай жанталасқан «кішкентай» адамдардың арпалыс-әрекеті Байғұтовтың қаламынан шыққан уақытта траги-комедиялық жағдайға тұшындыра түседі. Бұл қырынан алғанда Байғұтов көне грек дүниесінің Антейі тәрізді, жерге табан тіреп тұрған кезде, ой-қиял өрісінен ешқандай селкеулік сезілмейді. Әдеби ортаға кеңінен мойындалған оның «Жемелек» әңгімесінің орындалу ерекшелігінен бірталай жаңалықты аңғаруға болады. Әңгімелеудің қазақы жолын тапқан бұл шағын шығарманың өн бойында шығыстық үлгінің жүлгесі анық байқалады. Бүкіл әлем мойындаған арабтық Нағиб Махфуздың тапқан өрнегіне келетіндей жаңалықты бірен-саран сыншылар да дер уағында байқап, атап өткен де болатын. Уақыт, кеңістік, әрекет сынды үш тағанды қазақы қалыпқа сала білген Байғұтовтың бұл әңгімесіне арқау еткен оқиғаны өрбіту жөнінен әдебиеттің ерқашты моралистік әдісіне салынбаған. Кейіпкерлер автордың еркіне бағынбай, өз бетінше әрекет етеді. Мұндағы нәзік юмор оқиғаға соншалықты жымдасып, нысандар арқылы ары қарай дамитын жағдаяттың әлеуметтік астарында ата-ана мен балалардың өзара қарым-қатынасы шынайылығымен баурайды. Чехов бір кейіпкерінің аузына: «Адамдар өмір сүруде неге бір-біріне кедергі жасайды?» деп сөз салатыны бар емес пе еді? Міне, «Жемелек» әңгімесінде бір-бірін жігіт пен қыз атайтын кемпір-шал өз отбасындағы осы бір түсіністікті қанағат тұтса, балалары оны қамсыздық деп біледі. Сол себепті де олар кемпір пен шалдың сүттей ұйып отырған тату-тәтті тіршіліктерінің мазасын алуға тырысып бағады. Мұның бәріне және оқырмандық ниеттестікпен қарайсың. Бұл бір алаңсыздық немесе кержалқау қырсыздықтың көрінісіне саятын белгілі жағдаяттарды шиырлау емес. Сонау сексенінші жылдардың бас шенінде жазылған бұл әңгімеден қазір көп айтылатын демократиялық ізгіліктерді аңдаған болар едік. Біздің ұлттық ата салтымыздан тамыр үзбеген әкелердің болмыстарынан жақсы нышандарды көре тұрып, тоталитарлық жүйеде тәрбиеленген балалардың кейбір өктемдеу қылықтарына түсіністікпен қарағың келеді. Осы бір ойға Байғұтовтың шығармашылық әдісінің өзі итермелейтін сияқты. Аға ұрпақ пен кейінгі толқынның арасындағы айырмашылықты ашқанда біріндегі биязылықта уақыттың үлесінен жүрексінбейтін адамзат жанының жастығын аңдайсың. Биологиялық мөлшері жағынан әлдеқайда жас, ал балалардың жанталасында өзімшілдік мол. Бүгінгідей әлеуметтік шетін жағдайларға байланысты туындап жатқан әр түрлі қиындықтарға қарап, кейде бір түрлі боп, " баз кешіп кеткен уақытта Байғұтовтың осы «Жемелек» әңгімесіндегі кейіпкерлердің қылықтарын есіңе түсірсең, әжептәуір жадырай бастайсың.

Шығармашылық ізденісінің жұлдызды сәтіне сәйкес туындаған бұл дүниенің көркемдік олжасы әлі талай зердеге салынып, безбенге түсер. Әйтсе де, Байғұтовтан дәл «Жемелек» сынды төрт құбыласы түгел, тұтас шығармалық бірегей дережеге көтерілген әңгімелерді көптеп күтетінің де рас. Баяғыда бір ғалым ағамыз аса сәтті дүниені оқыған кезде: «Осындай оншақты әңгіме жазсаң, әдебиет тарихында қаласың», — деп тілеулестік білдіргені еріксіз жадыңа оралады екен. Демек, өнердің орасан қысымына қажымас төзімділікке қоса, мойымас адамгершілік те керек-ау. Бұл тұрғыдан алғанда Байғұтов жақсы бастап, жаман аяқтайтын жазушының санатына жатпайтын сияқты. Сыпайы да сырбаз болмысынан, кішіпейіл де кісілікті қалпынан айнымайтын оның дер шағы қазір. Алпыс жас өмірдегі ақсақалдықтың қақпасы саналғанымен, шығармашылықтың екінді мезгілі емес қой. Ізденістің тұғырнамалық бағытын біржола белгілеп, қаламгерлік келбетін айқындай түсетін жауапты мезгілдей көрінеді.



Қазақтың жалпы әдеби ахуалынан ауылдық леп әлі де еркін есе беретін сияқты. Сондықтан да біздің ұлттық тіліміз жаңалық атаулыны қабылдау жағынан әлеуметтік құрылымымыздың кілтипанды тұстарына үңілуден бастайды. Ал, өмірлік материал ыңғай ауыл болып келе жатыр. Бұл, бәлкім, ұлттық сорымыз да болар, тіпті ұлттық құнардың ырысының өзі осында жатқан шығар. Әдебиетке әркім өз тақырыбымен тағдырын алып келген сайын ойлау жүйесінің ерекшелігі де біртіндеп керіне беретінге ұқсайды. Бірақ, әлгі Антейдің жерден табаны ажырамаған кезде халі мүшкіл болатынына қарағанда, Байғұтов жұмыр басты пенде емес пе? Ол өзінің жеңіл жазу машығы арқылы қаламгерлік салмағын арттыратын әдісінің текірегінен жаңылып қалған сайын оңай шешімге қарай ұрына береді. Сонан кейін оның жанрлық стихиясы — әңгіме. Сәл көлемді дүниеге бара қалса, оқиғаны дамытудың арқау жібін босатып, динамикасын әлсіретіп алады. Қазақтық бірыңғай мадақтау үрдісіне салынғандық емес, Байғұтов, сөз жоқ, суреткер. Кейде бір күтпеген қорытындыға барып, жазушылық сергектік танытатынына таңырқап, қызығасың да. Әйтсе де, орыстың үлкен жазушысы В. Астафьев: «жазудың провинциалдығымен қатты арпалысып, ақыры жеңіп, шықтым», — деп бірде ағынан жарылғаны бар еді. Неге екенін кім білсін, бізде осылай мойындау жағы жетіспей жатады. Өз мінін мойындай алмаған жерде бағалау жағының әділеттілігі де түпкілікті орнықпайтынға ұқсайды. Жақсы жазылған дүниеге ұлттық тұрғыдан қуану салты бізде осы күнге дейін қалыптаспаған. Яғни, шынайы шығармашылық іске деген ұлттық ынталандырудың кәде-жоралғыларынан біртіндеп ажырап барамыз. Ұрпақ алмасудың бүгінгідей үрдісіне құбылыстарды сараптаудың сыншылық қазылығы да кемшін соғып жатқан уақыт. Жазушылық еңбектің ерліктен ғана тұратынын ескеруден қалып бара жатқан сыңайымыз да жоқ емес. Міне, осынау әлеуметтік оралымсыздықтарға қасақана қарсы тұрып, еңбек ететін-дерді ердің ері, егеудің сынығына баласа да болар. Осы бір бағалауда көлгір жасандылықтың жарықшақ сызаты сезілмесе екен дейсің. Бір ғана Мархабат Байғұтовтан өрістеген әңгіме мұншалықты мәселеге ұлғаюының аржағында нағыз жазушылыққа лайық азаматтық мұң-сыры да жататын шығар. Ендеше, Мархабаттың жазушылық мәртебені бір мысқал да төмен түсірмейтін кісілігі мол. Жан дүниесінің тазалығына қоса, шығармашылыққа деген ынтызарлығы адуынды, бұлақ көзі мөлдір, ол ешқашан бітелмейді.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет