Елші Пауылдың күйреуі мен жарылқануы
Елші Пауыл күйреудің не екенін білді. Ол сондай-ақ Құдайдың жарылқауы, әсіресе, күйреу кезеңінде келетін жарылқаудың не екенін де жақсы білді. Елші Пауылдың өмірі – Жаңа Өсиеттің таңғажайып кереметтерінің бірі.
Болашақ елші өзіне Саул деп ат қойған Тарста дүниеге келді. Оған жақсы білім берді – ол әділ яһуди отбасында тәрбиеленді. Бірақ ол Рим азаматы болды. Діни қызғаныштың жетегінде жүріп, алғашқы мәсіхшілердің көпшілігін түрмеге және жазалауға жіберіп, қуғындады. Бір күні ол Иерусалимнен шығып, бытырап кеткен мәсіхшілермен күресу үшін Дамаскіге бара жатқанда, оған Иса Мәсіх кездесті. Қызуқанды яһуди көз қарықтыратын жарқыраған нұрдан Исаны көріп, Оның өзіне сөйлеген дауысын естіді. Сөйтіп ол Мәсіхке тізе бүгіп, Оған өмірін бағындырып, Құдайдың кешірімін алды.
Пауыл ерік-жігері мықты, батыл адам болған. Ол өз ісін жан-тәнімен атқарды. Тәңір Иса Мәсіх оны құтқарып алған кезде, Пауыл кім болып еді? Қымбат, бірақ өңделмеген тас секілді болды. Құдай осы тастың, яғни Пауылдың күйреуімен сипатталатын, қырнап-жонуын бастады.
Пауыл 3 жыл Арабияда болып, содан кейін Дамаскіге қайта оралды. Осы 3 жылда оның немен шұғылданғанын біз білмейміз, дегенмен 3 жылдан кейін Иерусалимде 15 күн болып Петірмен, Жақыппен кездесті. Сосын ол Сирия мен Кіликияда болды. Пауыл белсенді қызметін бастағанша 14 жылдай уақыт өтті. Осы жылдардың бәрінде Тәңіріміз Пауылды ерекше қызметке қиыншылықтар мен күйрету арқылы дайындады (қараңыз: Ғал.1:15, 2:1).
Пауыл өзі Ізгі хабарды «Иеміз Иса Мәсіхтің аяны арқылы» қабылдап және «Құдай Исаның Өз Ұлы екендігін ашып білдіріп, Ол туралы Ізгі хабарды яһудиден басқа халықтардың арасында таратуға бұйырғанын» айтты (қараңыз: Ғал.1:12, 15-16).
Пауыл сияқты аян алған ешкім жоқ. Құдай Иеміз Иса Мәсіх туралы шындықты Жазба және өмір тәжірибесі арқылы ашқан, оңаша өткізген жылдары ол үшін бағалы еді.
Бірақ өзінің елшілік сапарын енді бастаған кезде, Пауыл қатты қудалауға ұшырады. Оны қуғындап сабады, жиі-жиі түрмеге жапты. Ол кеме апаттарына бірнеше рет ұшырады. Қайда барса, сол жерде оның қызметіне қарсылық тез арада өрши бастайтын. Пауыл өзінен теріс айналудың, күдік пен сыннан азап шегудің, мазаққа төзудің, қуғындау мен айыптауға шыдаудың не екенін жақсы білді.
Бәлкім бір де бір адам қызмет еткен жылдарында Пауылдың үлесіне тиген соншама азап, қайғы мен қасіретті көтере алмас па еді?
Бұл қиындықтар оған сабақ болды. Олар оның жақсы бола түсуіне көмектесті. Пауыл азап пен қиыншылықтардан өтуде меңгерген екі ең маңызды сабақ келесілер болған шығар: Пауыл өз мүмкіндігінің шектеулі екенін және Құдайдың рақымының шексіз екенін білді. Осы екі сабақ біздің әрқайсымыз үшін де ең маңызды болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |