Ii бөлім Тарихи шығармалар тілінің лексикалық ерекшеліктері


Жаугершілік-әскери мәндегі көнерген сөздер



бет4/14
Дата13.11.2023
өлшемі143,31 Kb.
#191284
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
Байланысты:
stud.kz-120461 2

2.3 Жаугершілік-әскери мәндегі көнерген сөздер
Көнерген сөздердің екінші түрі — тарихи сөздер деп аталады. "Тарихи сөздер дәуірі өтіп, сол ескі заманның өзімен қоса жоғалған сөздер деп аталады. Тарихи сөздердің көнеруі тарихи атаулардың құрып бітуімен, біржола жоғалуымен тығыз байланысты болады" [23.181]. Тарихи сөздердің екі түрін ажыратуға болады:

  1. Әскери атақ пен қару- жараққа қатысты тарихи сөздер.

  2. Әкімшілік, ел басқарумен байланысты тарихи сөздер. Халыктың басынан өткен өмірді, тұрмыс жағдайын сөз еткен

қаламгер сол кезеңдегі атаулардың мәнін түсініп, орнымен келтіру арқылы да шығармасын тарихи тез ізіне түсіреді. Тарихи романдар лексикасында кездесетін жаугершілік-әскери мәндегі көнерген сөздер осы мақсатта жұмсалады.
Ә.Қайдар, Р.Сыздықова, Т.Байжанов т.б. өз мақалалары мен зерттеу еңбектерінде әскери атақ пен қару-жарақ атауларының шығу тарихына тоқталған, түрлеріне, қызметіне қарай топтаған.
Қару-жарақ атаулары тарихи романдарда өте мол кездеседі, бұл да тарихи стиль тезіне түсірудің бір амалы. Өмір шындығын дәл суреттеу үшін қаламгерлердің жиі жүгінетін оңтайлы әдісі десек болады.
Амандық болса, бұл алдаспанның кәпір қанымен суарылатын кезі алыс емес (Қ.Ж. 134-6.).
"Алдаспан. Зат. Көне. Имек қылыш" ҚТТС.1,215] .
Кейбір қылыштардың басы ауыр болу үшін жалпайыңқырап келіп сырт жағы шығыңқы болады. Оны "жалманы" деп атайды.
Ондай үлкен ауыр қылыштарды қынсыз жалаң ұстаған. Қылыштың бұл түрі алдаспан деп атаған.
Әскери лексиканы зерттеуші Т.Байжанов алдаспан сөзін араб-парсы тілдерінен енген сөздер қатарына жатқызады. Асфаһани (Асфаһан қаласында жасалған қылыш). "Алдаспан (көне) — соғыс қаруы. Жекпе-жек шайқаста сілтейтін ауыр семсер" [ 23.26] .
Сонымен алдаспанның өткір, ауыр болатындығын және кесу үшін қолданылатын қару түріне жататындығын білдік. Алдаспанның басқа қару түрлерінен ерекшелігін жақсы білетін жазушы оны ауыл арасындағы барымтада пайдаланбай, әділет жолындағы үлкен шайқаста "кәпір қанына суарады". Яғни жазушының айтар ойына тәуелді болып, шығарма стиліне лайық түрге енген.
Қолда бар қару - сойыл мен шокцар, ішінара найза мен қылыш, айбалта (Қ.Ж. 152-6.).
"Сойыл. Зат. Қолға ұстауға ыңғайлап жонған қару ретінде пайдаланылатын мықты, ұзын ағаш" [ 3. Т.8] .
Ш.Уәлиханов қазақтардың ерте кездегі қару-жарақтары мен сауыт-саймандары туралы мынадай мәлімет береді:
"Вооружение киргиз составляли исстари в обыкновенное время для охраны скота и домашних драк: нагайки (қамшы), укруки (құрық) и суилы (сойыл). Суилами называются длинные березовые жерди с корнями в конце и одинаковой длинные укруками, они имеют у тонкого конца привязанную петлю, чтобы носить заброшенными через локоть" [ 24.139] .
Сойылдың негізгі қызметіне байланысты тілімізде ауыспалы мағынада қолданылатын мынадай тіркестер бар: Сойыл соғар 1. Шашбауын көтерер; сөзін сөйлер. 2. Ұр да жық, қолжаулық. Сойылын соқты Сөзін сөйледі, жақтасты [ 24.462]
Соғу, ұру үшін қолданылатын қарудың келесі түрі — шоқпар.
"Шоқпар. Зат. 1. Бір басы дөңкиіп жұмыр келген ағаш қару" [ 3. Т.10, 241] .
Әскери іс саласына арналған қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігінде шоқпар сөзіне былайша түсініктеме беріледі: "Шоқпар (көне) қол қаруы. Түркі халықтарының ежелден қолданып келген соғыс қаруы. Сойылдан қысқа, басы жұмыр болады. Мұны ырғай, тобылғы, қайың сияқты қатты ағаштан жасайды. Ағашты түбірімен қоса қазып алып, бас жағын жұмырлайды. Кейде шоқпардың басына темір немесе қорғасын құяды [ 25.428] .
Басының формасына, жасалу материалына байланысты шоқпарлар бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы, ғалым Ә.Қайдар шоқпардың мынадай түрлерін көрсетеді: ағаш шоқпар, тас шоқпар, қорғасын шоқпар. Ал ауыз әдебиетінің үлгілерінде шоқпардың жасалу материалына байланысты "шойын шоқпар", "жез шоқпар","тас шоқпар" деген атаулар кездеседі. Ал салмағына қарай "бес батпан шокпар", "он екі батпан күрзі" деген атаулары бар.
Тілімізде шоқпар сөзі қатыстырылған мынадай тұрақты тіркестер бар: "Шоқпар саптайды. көне. Бұл жердегі мағына:"Хан сыртынан жұдырық" деген сияқты сырттай айбат көрсетеді. Шоқпарын басына ойнатты. Зорлық жасады, азаптады" [24.566] .
Ол найзасын қайта қарманганша Жәнібектің найзасы шұрқылтайына қадалып үлгерді. (Ш. Қ.)
Түйрейтін қарулар қатарына найзаны жатқызуға болады. "Найза. Зат. көне. Ұшы істік темірден істелген, ұзын ағаш сабы бар соғыс құралы" [3. Т.7, 309] .
Жақын қашықтықта, бетпе-бет айқаста түйреу үшін қолданылады. Найзаның ұзындығы - 1,5 - 2 м, ал кейбіреуі 3-3,5 м дейін жетеді. Найзалардың сабын әртүрлі ағаштардан жасайды. Соған байланысты "қайың найза", "қарағай найза", "емен найза" деп атаса, сабынын қызыл түске бояп қоятындығын "сырлы найза", "қызыл найза" деп те атайды.
Ә.Қайдар найзаның сыртқы формасына, жасалған материалына және бөлшектерінің көлеміне қарай мынадай түрлерін көрсетеді: толғамалы ақ найза, емен сапты найза, алты құлаш ақ найза, ақ сапты болат найза, егеулі найза, жалаулы найза, жебелі найза, күмбізді найза, қарағай найза, құмалы найза, қоңыраулы найза, шашақты найза, сырлы найза және т.б. [ 26] .
Қазақ тілінің лексикалық қорындағы найза бойы (халықтық өлшем), найзаға жау міндірген ер (жауын найзамен түйреген асқан ер), найзамды әпер (І.ұрыскақ жеңілтек кісі. 2.алып қашпа ат.), найзаның ұшымен, білектің күшімен (күшпен, зорлықпен), найзасын жауға тіреді (қарсы тұрды, жауға шапты), найзасы тиеді (таяғы, соққысы тиеді), найза ұстады (ер болды), найза ұшында отырғандай (қауіп үстінде тұрған кісі туралы айтылады) және т.б. тіркестер бұл қарудың көне қарулар катарынан орын алатындығын дәлелдейді [ 24.402] .
Кесетін, қиатын қаруларға қылышты жатқызамыз.
"Қылыш. Зат. Шауып түсіруге ыңғайлап, болаттан істелген өткір жүзді, ұзындау келген тұтқалы имек қару" [3. Т.6, 590] .
Әскери іс саласына арналған сөздікте қылышқа мынадай анықтама берілген: "Қылыш (шашка) — суық қарудың бір түрі. Ұзын, аздап иілген, бір жағы өткір жүзді, сабы мен қынабы болады. Алғаш VIII ғасырда қыпшақтар пайдаланып, X ғасырда Батыс Еуропаға тараған" [ 25.244] .
Қылыштың көне қарулар қатарына жататынын М.Қашқаридің сөздігінен де білеміз: "Қылыш: Қылыш. Мақалда былай айтылған: Қос қылыш қынға сығымас - Қос қылыш (бір) қынға сыймас" [27.415] . "Қылышлады: Қылыштады. "Ол оны қылышлады — Ол оны қылыштады" [ 27.443].
Қазақ батырларының қолданған қылыш түрлері: "Алмас қылыш, жалаң қылыш, болат қылыш, алтын балдақ ақ қылыш, т.с.с." [ 26.32] .
Ал қазіргі тілімізде қылыштай (қылыштың жүзіндей) қылшылдаған (қайрат-күші тасыған, өткір, қайсар), қылыштың жүзі, найзаның ұшымен, (күш көрсету), қылышынан қан тамып тұр көне. (қаһарына мініп, қан көксеп тұр) және т.б. тіркестер қылыштың қазақ арасына кең тараған қару екенін көрсетеді [ 24.374] .
"Айбалта. Зат. Ұзын сапты, өткір жүзді жарты ай бейнесіндегі соғыс қаруы" [ 3. Т.1, 87] .
Айбалта — көшпелілердің шабу үшін қолданған көнеден келе жатқан соғыс қаруының бірі. Айбалталардың сабының ұзындығына қарай - қысқа, орташа, ұзын сапты үш үлгісі бар. Ең көпқолданылатыны -сабының орташасы. Ұзындығы қысқа сапты айбалталар сиректеу қолданылады да, ұзын айбалтаны жаяу әскерлер тек сарай, орда, қақпа күзеттерінде ұстаған.
Әскери іс саласына арналған арнаулы сөздіктерде көне қарулардың бірі айбалта мағынасы былайша түсіңдірілген: "Айбалта (көне) — соғыс қаруы. Ежелгі Египет заманынан белгілі. Оның алғашқы үлгілері Батые пен Шығыстың басқа елдерінен де кездеседі. Орта Азия мен Қазақстанға XTV-XV ғасырларда тараған. Сабының ұңғыдан өтер екі жағы темір құрсаумен шегенделеді. Жергілікті ұсталар айбалтаны қошқар мүйіз ою-өрнектермен безендіруге ерекше мән берген. Әскери қару ретінде даму барысында айбалтаның бітімі қалыптасып, бірнеше тұрақты үлгілері пайда болған. Сақ заманындағы айбалта екі жүзді болып, сагирис деп аталған. Көне айбалтаның шүйде жағының балта бітімі сақталған, бірақ ол жатықтау болып келеді. Оны қазақтар атты әскердің негізгі қаруы ретінде қоян-қолтық соғыста жиі қолданған" [ 25.22] .
Тілді көркемдеп, кестелеп жұмсай білген бабаларымыз теңеудің жаңа түрлерін жасауда үлкен тапқырлық таныта білген. Сөзіміз дәлелді болу үшін, мына тіркесті келтірейік: "Айбалтаның сабындай. Жұп-жұмыр, үзілмелі білекті" [24] деген мағына білдіреді. Бұл тіркестен айбалтаның көне қару екенін білумен қоса, оның өте жоғары бағаланғанын да білуге болады. Себебі, халықтың қыз білегін кез келген затқа теңемесі анық.
Қазақ арасында тараған осындай қару түрлерін жазушылар өз шығармаларында келтірген. Біз оларды тек атап өтіп қана қоймай, қару түрлеріне қатысты мәліметтерді жинақтауға тырыстық. Сондай-ақ, тіліміздің сөздік құрамын молайтып тұрған қаруға қатысты тіркестерді де бердік. Бұл ана тіліміздің шексіз тереңдігінің тағы бір дәлелі екені сөзсіз.
Қазак, әдеби тілінің тарихын зерттеуші тілші ғалым Р.Сыздықова: "XIX ғасырдың I кезеңіндегі қазақ поэзиясында нақтылық басым бола бастайды, соған орай біреуді немесе бір нәрсені суреттеуде қолданылатын сөздер мен тұрақты тіркестер •қыран құс, қос арғымақ, наркескен қылыш сияқты "аспандаған" суреттеуден гөрі (әрине, олар да бар), өмір шындығына қатысты болып келеді" [ 28.177] деген тұжырым жасайды. Енді осы нақтылық біздің зерттеу нысанымыз болған тарихи романда қалай көрініс тапқанына назар аударайық.
Қолда бар қару сойыл мен шоқпар, ішінара найза мен қылыш, айбалта. (Қ.Ж. 152-6.)
Қару атаулары эпитетсіз, теңеусіз қолданылған. Бұл, біріншіден, бейғам отырған ауыл жігіттерінің қолдарына түскен қаруларын алып, атқа қонғанын суреттейтін оқиға сюжетімен байланысты. Екіншіден, "от қарулы өкімет әскеріне" қарсы қазақ жасағының қалай аттанғанын нанымды көрсету үшін жазушының қолданған тәсілі. Қару түрлерін атау ретінен сойыл, шоқпар, найза, қылыш, айбалта олардың халық арасында қайсысының көбірек кездесетінін жақсы көрсеткен. Өмір шындығын қатысты сөздерді саралап, пайдалана білген жазушы шығарманы тарихи стиль тезіне түсірудің жаңа қырын ашады.
Базарқұлдың баулы сотасы Жәнібекке қоршай ұмтылғандардың екеуін лезде домалатып жіберді. (Ш.Қ. 103-6.).
"Сота. Зат. Қысқалау келдек таяқ" [ 3. Т.8, 354] .
Оның қолының қайта-қайта беліндегі қынапта түрган зүлпьқарының сабына жүгіргеніне де назар салды. (Ш.Қ. 56-6.).
"Зұлпықары. ар.зат. көне. Діни наным бойынша қасиетті, киелі саналған екі жүзді қылыш" [ 3. Т.4, 403] .
Үш қанар күмға бесмылтық алатынға ұқсайды. (М.Е. 37-6.)
Ең бастысы Самарқан, Қоқан, Бұқара бектері кәуірден ақ берен мылтық сатып ала бастапты деген сөздің жаны бар. (М.Е. 37-б.)
Осы жолы Барақтөре оған да бір бердеңке мылтық пен күміс қынапты қылыш сыйлаған екен. (Қ.Ж. 134-6.)
"Бердеңке. Зат. XIX ғасырдағы бір оқпен оқталатын винтовка" [ 3. Т.2, 265-6.] .
Қазақ арасында кездесетін басқа да мылтық түрлеріне байланысты деректерді Ш.Уәлихановтың еңбектерінен білеміз: "Ружье, "мултук", было редкостью в степи и переходило из рода в род и имело собственные имена. Козкеч, кульдур-мамай. Оно имело гладкий ствол, фитиль и маленькие сошки из сайгачьих рогов. Стреляли пулями из свинца. Ружье делали сами киргизы, делали и калмыки, и башкиры. Встречаются в степи еще ружья этой работы и большей частью бьют хорошо, все они имеют продольные полосы по стволу и медные мушки и прицел.
Штуцеров не знали, впрочем, у некоторых султанов были среднеазиатские шамгалы (самқал), длинные и тяжелые ружья, которые бьют на 700 шагов" [ 29.142] .
Тілдік амалдардың шығармада тарихи дәуір келбетін берудегі орны туралы тарихи роман тілін зерттеуші Т.Н.Мревлишвили былай дейді: "В повествовательной речи автора художественное использование устарелой лексики связано с задачами воссоздания исторического коллорита изображаемой эпохи и среды. Автор выдерживает произведение в определенной подчеркнуто — своеобразной манере, иначе говоря он часто прибегает к приему стилизации" [ 30.138] .
Жазушы өткен дәуірдің тынысын, рухын, лебін сездірер сөздер мен сөз тіркестерін іздейді. Тарихи романдарда кездесетін қару-жарақ түрлеріне тоқталып, тарихи стиль тезіне түсіру жолында қандай қызмет атқарып тұрғанын сараладық.
Әскери лексикада кездесетін сөздердің ендігі қалың қабатын жауынгердің сауыт-сайман атаулары құрайды.
М.Қашкари өз сөздігінде жараққа былайша түсініктеме берілген: "Иарық: Жарақ; Шайқасқа киіп шығатын темір сауыт, қалқандардың кез-келгеніне қолданылатын ортақ атау. Олар өзара бөлек-бөлек ажыратылып айтылады. Темір сауыт , шынжырлы көйлек. "Күпе иарық - жарақ көйлек", темір қалқан "сай иарақ" деп аталады." [ 27.25] .
"Иарағлығ: жарақты; жарағы бар. "Иарағлығ ер — жарақты ер; яғни сауыт киіп, қару-жарақтанған адам" [27.70] . Яғни тіліміздегі жарақ сөзі сауыт-сайман сөзінің синонимі болады.
Осы мезетте, сірә, биді таныған болар, үстіне жорьқ кезіндегідей жеңсіз бектер сауыт, басына алтынды дулыға киген бір жасжігіт топтан бөлініп, бері қарай беттеді. (Қ.Ж. 28-6.).
"Сауыт. Зат. оқтан, найза-сүңгіден сақтану үшін ертеде батырлар киген тор көзді темір кіреуке." ҚТТС8,219] .
Сауыт — кеудені қорғайтын жарақтарға жатады.
Сауыттардың қорғаныс қызметіне байланысты және олардың жасалу әдістеріне қарай бес негізгі түріне бөлінеді. Олардың қазақ тілінде өзіндік атаулары бар: көбе сауыт, кіреуке сауыт, берен сауыт, қаптама сауыт, жалаңқат және торғауыт деп аталады.
"Дулыға. 1. Көне. Соғысқа шыққан батырдың басына киетін киімі, темірден, жезден жасалған калпағы" ҚТТС.8, 183] .
Дулыға — басты қорғайтын жарақтардың бір түрі.
Қолындағы найзасы мен құрыш шарайнасын қос алдындағы талдың бұтағына іліп қойды. (Ш.Қ, 101-6.). Үйге кірген соң Нәрия оң жақтагы ақ сандықтың аузын ашып, ішінен жарқыраған ақ баданасын алып шыгып, Жәнібекке кигізді. (Ш.Қ, 93-6.).
"Бадана. Зат. көне. Батырлардың соғыста киетін қорғаныс киімі темір сауыты [ 3. Т.2, 19] .
Шарайна, бадана - кеудені қорғау үшін қолданылатын жарақ түрі. Шарайналар қорғаныс жарағы ретінде орыстарда XIII-XV ғасырларда болған. Орыс мемлекетінің Алтын Орданың ықпалында болған кезі... сол кездердегі қазақ ру-тайпаларының да батырлары, әскербасылары шарайнаның осы үлгісін пайдаланған
"Ұлы жозаларында " әр он түтінге жыл сайын бір сауыт тоқып, бір ңалқан соғу роматы жүктеледі деп еді-ау, рас болғаны-ау (М.Е. 41-6.).
"Қалқан. зат. 1. Көне. Батырлардың соққы, оқ дарытпау үшін қолына ұстайтын қорғаныс құралы" [ 3. Т.5, 592] .
"Қалқан" - қорғаныс құралы ретінде өте ерте заманнан қолданылғаны белгілі. Өз атауы айтып тұрғандай, бұл жарақты қолға ұстап денені оқтан, қарудан қалқалауға болады. Жасау әдістеріне, материалына қарай қалқандарды негізгі төрт түрге бөлуге болады. Қалқандар талдың шыбықтарынан өріліп, ағаш тақталардан құралып, теріден сомдалып, темірден, металдан соғылып жасалған.
Қалқанның көне қару екенін М.Қашқари сөздігінде кездесетін мәліметтерден аңғаруға болады. "Қалқан: Қалқан. Түрік пен оғыз тілдерінің бірінде жырда былай келген:
Қықрып атығ кемшелім, Атойлап ат салайық,
Қалқан сүнгүн шұмшалым, Қалқан, сүңгі алайық,
Қайнап йана шұмшалым, Қайнап қайта жұмсайық,
Катыг йағы йұвылсұн. Қатты дұшпан жұмсарсын
[ 27.220] .
Сауыт, дулыға, шарайна, бадана, қалқан т.б. қорғаныс жарақтарының атауларын шығармада орнымен келтіру арқылы авторлар тарихи шығарма жазуда өз сауаттылықтарын, даралықтарын танытады.
Бұлар мана таңертең Каратаудан асқан көшті де, Қоқан әскерінің оларды қуып жетіп, қалай кейін қайтарганын да биік тұрғы басында дүрбімен көріп тұрған-ды. (Қ.Ж. 46-6.)
Тұрғы зат. диалог. 1. Тау қырқасының ең биігі. 2. ауыс. Белгілі бір нәрсенің биігі, асқар шыңы [З.Т.9, 283] .
Соғыс кезінде барлау жүргізу жұмыстарына көп көңіл бөлінеді. Жолдарға күзеттер қойылып, бірнеше шақырым жерлерге аз адамдардан жолғыншылар жіберіледі. Жау келетін жолдардың төбелерінің үстіне қарауылдар қойылып, ондай төбелерді қазақтар "қарауыл төбе" деп атайтын. XIII-XV ғасырларда моңғол-түрік әскерінің өзіне тән ерекшеліктерінің бірі - жақсы ұйымдастырылған әскери барлау ісі болатын. Кейініректе қазақтар да қарауыл төбелерде қауіп төнгенде хабар беретін оттар жағып, оны — "ұран от" деп атаған. Міне, осының бәрі өткен тарихымыздың беттерін ашып береді.
Елең-алаң шақта келіскендей екі жақтан дабетіне өгіз терісі керілген тегенедей-тегенедей жорық дабылдары бір мезгілде қағылды. (М.Е. 40-6.)
Жайық бойының батырлары бір-біріне хабар саларда не алыстағының жау екенін, дос екенін айыру үшін осылайша керней не әнсер арқылы саз береді деуші ет. (М.Е. 75-6.)
Жазушы шығармада мағынасы түсініксіз сөздерді оқырманына ұғынықты болуы үшін, олардың мағынасын сілтеме беріп түсіндіріп отырады. Келтірілген мысалдағы әнсер сөзі қатерлі шақты білдіретін дабыл құралы ретінде түсіндірілген.
"Әдетте, белгілі бір дәуір, халық не қаһарман туралы айттырған жалаң тұжырым оқырманды иландыра қоймайды, рухани дүниесін байытпайды. Шығарма құдіреті - өмір кұбылысын көркем бейнемен көрсетуінде. Суретпен берілген шындық қана оқырманның көкейіне қонады, тіршілік сырларын жаңаша танытады" [31. 56] .
Қазақ халқының өмір салтын соның ішінде, мысалы, соғыс жүргізу әдісін тарихи шығарма авторлары көркемдеп, бейнелі ғып жеткізе білген. Бұл бір қырынан шығарма оқырманына эстетикалық әсер қалдырса, бір қырынан өткен дәуір тынысынан жаңа мәлімет береді. Өйткені, тарихи романдардың негізгі функцияларының бірі — танып-білу.
Бір жігіт ак, ешкінің терісін қос сырықтың арасына керіп қойып, садақтан нысана атып жүр екен. Енді біреулері ақ тер-көк терге түсіп, ағаштан жасалған "доғамен" семсерлесіп жүр. (Қ.Ж. 128-6.)
Автор романда соғыс өнеріне жаттығып жүрген жастардың іс-әрекетін суреттеу арқылы өзі қозғаған дәуір келбетімен таныстырады, бұл да тарихи стиль тезіне түсірге қызмет етіп тұр. Қазақ жауынгерлері соғыс жүргізу кезінде белгілі бір ереже, тәртіп, салтқа жүгінген. Мысалы, жекпе-жекке шығу соғыс салты болған. Бұрын соғыс батырлардың жекпе-жек айқасынан басталған.
-Тұрыстық бер!-деп шауып шықты. (Ш.Қ. 107-6.)
—Тұрыстығыңды бердім, кезек сенікі ! —деп Жәнібек Ақтанкерімен көлденеңдеп тұра қалды. (Ш.Қ. 107-6.)
ҚТТС-де: "Тұрыстық І.орт. етіс. тұр-ыс. 2. зат. бір орнынан қозғалмаған қалып; тұрғандық" [3. Т.9, 289] .
Ал біз мысалға алып отырған сөйлемде тұрыстық сөзі кезек мағынасын беріп тұр. Автор тұрыстық сөзін қолдану арқылы суреттеліп отырған оқиғаның әсерлі шығуына көздеген.
Жәнібек екі батырдың басын айдарынан қосақтал қанжығасына байлағанша ешкім қасына бара алмады. (Ш.Қ. 108-6.)
Жекпе-жек сайысында екі батырдың бірі мерт болады. Алайда хас батырлар жекпе-жектен бас тартпаған. Жекпе-жек шарты - жеңіс. Жеңіс шарты жеңілген жаудың басын алу және атын, қару-жарағын олжалау
[ 32.78] .
Тәуелсіздік жолында ғасырлар бойы соғыс жүргізген ата-бабамыз "бес қаруын бойына асынып" соғыс өнерінің қыр-сырын жетік меңгерген. Тіліміздегі әскери іске қатысты қару-жарақ, сауыт-сайман, әскери шен атаулары, соғыс өнерін жүргізудің тәсілдеріне қатысты сөздер мен сөз тіркестері бабаларымыздың өмірі туралы дерек берумен қоса, тіліміздің лексикалық қабатының қалыңдығын танытады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, орынды қолдану қазақ қаламгерлерінің шығармаларында, әсіресе тарихи тақырыпта жазылған туыңдыларда жақсы көрініс тапқан. Әскери шен атауларына қатысты аламан, сардар, ертауыл, сарбаз, отаман т.б. көренген сөздер тарихи романдарда молынан кездеседі.
Шынында, алғашында Үркін бастап келген аламандар ұрыс даласына жүздіктердің соңы боп кіріп бара жатты (М.Е. 44-6.)
Аламан сөзі қазақ тілінде "әскер, көпшілік қауым", қырғыз тілінде "атты адамдар", түркімен тілінде "отряд, әскер", әзербайжан тілінде "тонаушы, талаушы" деген мағыналары қолданылады. Біздіңше, бұл сөздердің түбірі ала сөзі болуы керек. Бурят — моңғол тілінде ала сөзі "рота, эскадрон" мағынасын білдіреді. Ал сөзі Сагедет Герейдің Тархан жарлығында да осы мағынада қолданылған. Осы жарлықтан бір мысал келтірейік: алым, құшыным, мингим, түменым (мой эскадрон, мой полк, моя тысяча, мой туман.) демек, ал қосыны, мындықтан, түменнен кіші әскери құрама болған түрік тілінде алай - "батальон", алай-анбин-"майор, "алай-бей" —"эскадрон командирі", әмір-алай-"полковник", алай-сауыш- "күтуші солдат", ала-бал құрмақ-''can құру" мағыналарында қолданылады. (Л.Будагов, I, 79-80 б.). "Жошы Хасардың балалары үш аладан (полк) үлкен армия құрған еді",-деп көрсетеді, Рашид-Эд-Дин өзінің тарихында [33.93] .
Р.Сыздықова аламан, алапат, аламан —тасыр сияқты сөздер бір түбірден өрбіген болу керек деген пікірді куаттайды.
Ханның соңында да, қолбасшының соңында да бір-бір түменнен(М.Е. 138-6.)
Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ әскери құрылымының өте күрделі ойластырылған жүйеге негізделгенін байқаймыз. Бұл жүйе көшпелілер әскерінің мүмкіншілігін дұрыс пайдалануға да ыңғайлы болды.
Әскердің сандық кұрылымы ондық санға негізделгені туралы көп жазылып та, айтылып та жүр. Әскердің сан жағынан ең кіші бөлігі он адамнан құрылып "ондық" деп аталады да, ондықтардың тағы да оны қосылып "жүздік", он жүздіктерден — "мындық" құралған. Олардың оны "түмен", яғни он мың әскер кұрайды. Әр бөліктерді басқаруға тағайындалған адамдар "онбасы", "жүзбасы", "мыңбасы", "түменбасы" деп аталған. Мыңбасы, түменбасыларға түрікше — бек, моңғолша — ноян, арабша - әмір лауазымы беріліп, әскери билікпен бірге уалаяттарға, ұлыстар, әкімшіліктерге де тағайындалатын еді.
Жау қақпанынан әупіріммен аман қалған сардарлар мен сарбаздар ат ауыстырып мініп, торсықтарындағы сусындар мен таңдай жібітіскен шамада жау қарасы қайта көзге шалынды. (М.Е. 47)
Сарбаз — Орта Азия, Иран хандықтарының тұрақты армияларындағы жауынгер (әскер). Жаугершілікке байланысты сарбаздар қолын жасақтау Қазақстан жерінде жиі болған. Басқару жүйесінде ондық, жүздік, мыңдыққа бөлінген. Бас қолбасшыны сардар деп атаған [25.328] . Бұл сөздің этимологиясын Т.Байжанов: "Сарбаз. Бұл сөз қырғыз тілінде сардар, қарақалпақ тілінде сэрдер, өзбек тілінде сардар, орыс, серп тілдерінде сардар формасында "әскер басы, қол басы" мағынасында қолданылады. Парсы тілінде бұл сөз екі элементтен яғни, cap (бас) және етістіктің осы шақ формасы — дар (күрделі сөздердің құрамында жұмсалып, заттың бар екенін білдіреді) етістіктің кірігуі арқылы жасалған. Парсы тілінде өз басын қатерге тігіп, жанынан безген жауынгерлер сарбаз деп аталады",- деп талдайды
[ 33.92] .
Әуелі есік алдында еңгезердей екі жасауыл кес кестеді. (М.Е.28 б.)
Ғалым Жанпейісов Е.А. бұл сөзге былай деп анықтама береді: "Жасауыл — бұйрықты орындаушы (жүзеге асыратын) бірнеше кісіден құралған қарулы топ" [ 21.75] .
Нояндары мен зайсандары тіпті ытырынулы. (М.Е.45-6.)
Ғалым Р.Сыздықова бұл сөздің мағынасын өзінің "Сөздер сөйлейді" еңбегінде былай ашады: "Ноян. Ноен-нойон сөзі моңғол тілінде хан, мырза дегенді білдіреді. Шығыс түркі тілдерінде де (тува) ноян- нойон-хан, басшы. Бұл сөз қазақ тіліне моңғол немесе шығыс-түркі тілдерінен енген болуы керек" [ 20.152] .
Бұлардың егесін анық есімесе де, хандарының әлденеге мәңгіре сүрінгенін сезген қалмақ дойырларының бірінің үні күркірей естілді (М.Е. 436.)
Дойыр. Қамшы. Ұрыс-соғыста ұстайтын, қысқа сапты жуан өрмелі қамшы. Дойыр соғысы. Дойыр қамшымен төбелесу, соғысу. Дойыршы зат. Дойыр қамшыға машықтанған адам [З.Т.5, 513] .
Көп түсті қазақтың бірін араттардың екі-үшеуі ортаға ала бастапты. (М.Е. 44-6.)
Арат зат. көне. Жер шаруашылығымен айналысатын топ, жиын мүшесі. [ 3. Т.1, 315] .
Бірақ қазіргі кезде сардар, сарбаз сөздері қайтадан тілдік айналымға түсе бастады. Бұған қаламгерлеріміздің де әсері бар деп ойлаймыз, себебі авторлар тарихи шығармалары арқылы қазіргі қолданысымызда жоқ немесе өте аз ұшырасатын сөздерді
айналымға түсіріп, тіл байлығын арттырудың тағы бір жолын көрсетіп отырады.
Әдебиет зерттеушісі, белгілі ғалым Ж.Дәдебаев тарихи туындыға мынадай шарт қояды: "Тарихи тақырыпқа жазылған шығармалардан суреттелініп отырған дәуірдің әлеуметтік, экономикалық даралығы мен тұтастығы талап етіледі[ 17.8] .
Тарихи роман авторлары дәуір шындығын дәлме-дәл, деректі, көркем беру үшін әскери құрьілысқа, ұрыс-соғысқа қатысты сөздерді орнымен қолданысқа түсірген.
Шәуешектегі бұлғақ, бүліншілік жайы сөз болғаңда, Сымайыл зәңгінің әлі де былтырғы көзқарасынан қайтпағаны мәлім болды (Қ.Ж. ) Қаупім — бүгінгі опыныс болашақтагы іргеміздің ыдырауы, оңғақ пен бұлғақтың басы болмаса неғылсын! (М.Е. 55-б.)
Оңғақ сөзінің ҚТСС-де екі мағынасы берілген: "1. сын. өңін тез жоғалтатын, оңғыш. 2. зат. балық" ҚТТС.7, 433] .
Ал бұлғақ сөзі зат. бұлғаң-бұлғаң етушілік, теңселушілік, бұлғаң-бұлғалақ деген мағынасы берілген [ 3. Т.2. 518] .
Тарихи роман авторлары оңғақ, бұлғақ сөздерін тұрақсыздық, көтеріліс мәнінде қолданған. Жазушылар сөздерді осылайша қолдану тарихи стиль тезіне салудың жақсы көрінісі.
Қырдағы агайындар да шабыңдыға, қырғынға ұшырап жатыр деп естиміз. (Қ.Ж. 159-6.) Бойха да кезінде шабындыда қолға түскен текті біреудің қызы болса керек. (Қ.Ж. 149-6.)
Шабынды зат. көне. Жауласқан елдер арасындағы шапқыншылық, бітпес жаугершілік [ 3. Т.10. 79] .
Қырғын сын. 1. қиян-кескі ұрыс, қан төгіс, қырғынға ұшырады, қырылды, апатқа ұшырады [ 3. Т.6. 621] .
—Сонда ертеңгі аласапыран сауышты екеуміз бастаймыз-ғой, сірә? (М.Е. 46-6.)
Оны арттағы емші - құшынаштарға жеткізуді бұйрып төмендегі шайкасқа қайыра көз салған: нағыз сауыш енді қызған екен. (М.Е. 43-6.) Осындағы сауыш сөзінің мағынасын сілтемеде автор былай деп береді: сауыш - қанды қырғын.
Тарихи стиль тезіне түсіріліп жазылған шығарманы ширата жетілдіре түсу үшін автор ұғымды айқын жеткізетін жекелеген сөздерді тауып, бейнелі қолдану жолдарын іздеген. Туған ел тарихын танытуда жүйрік қаламгерлер ұлттық тіл байлығын жетік меңгерген, оны жарқырата, жарастыра қолданған.
Біреулер итарқа қосын, енді біреулер абылайша күркелерін тігіп алған. (Қ.Ж. 1546)
"Абылайша — Абылай қос — киіз үйдің бір түрі. Керегесі болмайды, тіккенде уығы жерге қадалып, шаңыраққа шаншылады да, есігі киізбен жабылады. Абылайша алыс жерге көшкенде не ұзақ жорыққа шыққанда қолданылған. Абылай хан әскерлерінің
жортуы кезіндегі киіз үйлері осындай болыпты. Абылайша деп аталуы содан болса керек." [ 21.124] .
Ақсүйек қылу, аман беру, шылбыр салысу, қол тапсыру
—О, жасаған ием, Алаш ұрандымның арысын саған тапсырдым! —деді даусы қалтырап. (М.Е. 41-6.)
—Арқар ұрандылар мен Алла ұрандылардың даусы естілмей ме, қалай?!(М.Е. 96-6.)
—Жәнібек! Жәнібек! - деген ұран күндей күркіреді. — Абылай! Абылай! —деген ұран көтерілді. (Ш.Қ. 72-6.)
Ұран (салт). Бұрынғы қазақ салты бойынша әр ру мен тайпаның жауынгерлік ұраны болған, сыйынатын пірі болады. Ұран негізінде ел намысына шабатын кезде, жауға қарсы аттанғанда ел-жұртқа, азаматтардың қанын қыздырып, бір ортадан табылуға біріктіретін қуатты күш ретінде қолданылады. Батырлар жауға шапқанда өз елінің, аруақты ата-бабаларының, әулие-әмбиелердің атын ұран етіп аттанады. Және сол ұран арқылы қай ру, тайпаның батыры екені анықталады. Осыған сәйкес қазақ руларының белгіленген ұрандары бар [32.918] .
Үш құлаш қара тамақ найзаға саптауға екі төс жара, қытайдың ақ торғынынан жасалып, қызыл-сары жібектен шашақ; төгілген туды Абылай өз қолымен Жәнібекке ұсынды. (Ш.Қ. 112-6.)
Ә.Қайдар тудың мынадай түрлерін көрсетеді: айшықты ту, айшықты ала ту, ақ қара бас ту, ала ту, алтынды ту, алтын ту, ақ ту, байсасы ту, жасыл ту, сарыала ту, шұбар ту, қара жалау, қыл жалау және т.б. [ 26.4] .
Қазіргі тілімізде ту, байрақ, жалау сөздері синоним сөздер саналып, көп жағдайларда бірінің орнына бірі қолданылып жүр. Шын мәнінде бұл үшеуінің де қызметі әр бөлек, бір-бірінен айырмашылықтары бар. Сол себепті бұлардың мәніне тереңірек тоқтала кету керек. Кейде баспасөз, кітап беттерінде ағаш сапқа тығылған түсті желектерді де аттың қылы, аңның құйрыктары түрлі мата баулары да тудың үлгілері деген қате тұжырымдар жасалады. Туды жалау деп, жалауды ту деп те атап жүрміз. Әр кездердегі ауызша, жазбаша деректер, бейнелеу өнері ескерткіштері, мұражайлық, археологиялық материалдар бізге бұл заттардың айырмашылығын, қолдану жолын, олардың формаларын, түрлерін танып білуге көмектеседі.
Қазақ жауынгерлерінің қару-жарағы, сауыт-сайманы, соғыс өнерінің амал-тәсілдері туралы батырлар жырынан, дастандардан, жалпы ауыз әдебиет үлгілерінен де біле аламыз. Біздің мақсатымыз - аталған лексикалық топтағы сөздердің тарихи романдардағы қолданылу жолдарын көрсету. Тарихи тақырыпты суреттеу үшін жазушы тілдік құралдарды қалай іріктегеніне тоқталу. Батырлар жырында, дастандарда қару-жарақ, сауыт-сайман атаулары образ жасау үшін қолданылып, үнемі эпитетті келіп, сипаттау құралыболады. Ал біз сөз қылып отырған романдарда нақты өмір, іс-әрекет суреттелетіндіктен, қару-жарақ, сауыт-сайман атаулары айшықты эпитеттерсіз айтылған. Бұлай қолдану шығарманың бейнелілігіне нұқсан келтірмейді. З.Бейсенбаеваның айтуынша "ең негізгі мәселе етіп нені айтамын дегеңді емес, қалай айтамын, қандай тілдік тәсілдерді қолдану арқылы" [9.96] жазушы оқырман жүрегіне жол табады. Біздің жағдайда қаламгер тарихи шындықты танытуды мақсат етіп қойғанын көреміз.
Сонымен тарихи шығармада көнерген сөздерді сәтті қолдану заман келбетін бейнелеуде қолданылатын орынды тәсіл. Ойымызды былай түйіндейміз: шығарма авторлары қазақ арасында кең тараған қару-жарақ, сауыт-сайман атауларын ғана пайдаланған, өздерінің тараптарынан қару, сауыт түрлеріне қатысты жаңа атаулар ойлап таппаған. Бұл дұрыс та себебі суреттелетін дәуір нақты, олай болса қолданылатын қару да, киілетін сауыт та шынайы өмірден алынуы керек. Әскери шен, лауазым аттарын да қозғалған заманның тілдік қалыбына түскен. Қаламгерлер жаугершілік мәндегі көнерген сөздерді тарихи тезге түсіріп, жөнге келтірген.
Егер тарихи тақырыптағы шығармаларда жазушылар көнерген сөздерді қолдану арқылы тарихи стильдік тезге қол жеткізеді десек, қателескен болар едік. Жазушы ең алдымен сөзбен сурет салушы екенін білеміз. Жазушы салар суретінің (шығармасының) бояуын (сөздерін) тандап, орнымен жарқырата қолдана білуі керек. Тілдік амалдарды ұйымдастыру арқылы тарихи шығарма авторы өткен өмір құбылысын оқырманның көзіне елестетіп, көңіліне қонымды сурет салады. Тек осы жағдайларда ғана шығарма ғұмыры ұзақ болмақ.





    1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет