Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда ол дүние жүзі педагогика классиктері Ушинский, Руссо, Каменский, Толстой, т.б. гуманистік идеяларын басшылыққа алады. Ыбырай Алтынсариннің көзқарастарынан бүкіләлемдік тәлім-тәрбиенің алатын діңгегі гуманистік көзқарас, яғни шәкіртке жылы жүректі болу, мұғалім мен оқушы арасындағы ынтымақтастық принциптерінің көрініс тапқанын байқаймыз. Мысалы, өзінің екі кластық мектептердің меңгерушісіне жазған нұсқау хатында ол «Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиіс емес, оларға түсіндіре алмаған өзін кінәлау тиіс. Ол балалармен сөйлескенде ашуланбай, жұмсақ сөйлесуі, шыдамдылық етуі керек, әрбір нәрсені де ықыласпен түсінікті етіп түсіндіру керек, орынсыз терминдерді қолданбау керек, мұндай сөздер оқушыларға түсініксіз болады да, жалықтырып жібереді...»
Өзінің мектеп өміріндегі тәжірибесін Ушинскийдің, Толстойдың педагогикалық озат пікірлерін, тағы басқа да материалдарды қорыта отырып, Ы.Алтынсарин – «Қазақ хрестоматиясы» (1879 жылы) мен «Қазақтарға орыс тілін оқыту жөніндегі бастауыш басшылық» деген екі кітабын жазды. Бұл еңбектер кезінде қазақ халқының мәдениетінің тарихында аса зор оқиға, үлкен ғылыми табыс ретінде жарыққа шығуы өз кезінде қазақ халқы үшін сирек кездесетін тамаша жаңалық болды.
Ы.Алтынсариннің шығармашылығына Н.Ф.Бунаков және Н.А.Корфтің жүйесімен Ресейде құрылған бастауыш халық мектептерінің тәжірибесінің жемісті ықпалы болды. Ы.Алтынсарин оқу жоспарларын және бағдарламаларын жасауда оқыту мен тәрбиенің дидактикалық және әдістемелік тәсілдерді қолдануда оның пайдалы тәжірибелерін пайдаланды.
Ы.Алтынсарин өзінің оқу құралдарын жасауда өзінің идеялық бағыттылығы жағынан халықтың қағидаларға қызмет етуге және балаларды өз Отанына сүйіспеншілік рухта тәрбиелеуге ұмтылды. Сондықтан да орыс педагогтары мен жазушыларының шығармаларымен қатар ол хрестоматияға қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін енгізді.
«Қазақ хрестоматиясымен» жұмыс істеу барысында Ы.Алтынсаринге К.Д.Ушинскийдің педагогикалық көзқарасы мен оның «Балалар әлемі», сонымен қатар Л.Н.Толстойдың, И.И.Паульсонның, Н.А.Корфтің және басқалардың оқулықтар жасаудағы тәжірбиесінің әсері орасан зор болды.
Ыбырайдың Ушинский жолымен жүргізген оқыту жүйесі бойынша: мектеп, ең алдымен халықтық мектеп болуы керек, халықтың тұрмысына ыңғайлы, шаруашылығына қолайлы болып құрылуы керек. Ауыл мектебі ауыл өміріне, болыстық мектеп – болыстағы жағдайға сай құрылуы керек. Ауыл мектептері үлгілі, тәртіпті, көрнекті, мәдениетті, ауылдағы бүкіл мәдени-ағарту жұмысының орталығы «қазақтарды оқытудың негізгі буыны» болуға тиіс.
Ы.Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясында» және басқа да мақалалары мен хаттарында қазақ мектебі тәжірибесіне оқу әдістемесін тұңғыш енгізді. Ол әдістемелік жүйе 4 буынды құрайды:
1) оқулыққа материалдардың балалардың жас ерекшеліктеріне, педагогикалық, прогрестік талаптарға сай сұрыпталынып енгізілуі;
2) материалдың орналасу, берілу тәртібінің тәрбиелік-өнегелік мәнерден тууы;
3) оқушыға материалды меңгеруде көңіл аударатын мәселелерді қарастыру
4) оқытушының әрекеттері
Әрине, Ы.Алтынсарин оқу әдістемесі туралы айтқанда, белгілі бір оқу бағдарламасына сүйенді дей алмаймыз. Ол кезде оқулық мазмұны мен оқытудың мақсат-мазмұнын айқындайтын бағдарлама жоқ еді. Ол мәселені бағдарлама жасаудан емес, хрестоматия құрудан бастады және оның хрестоматиясы ауыз әдебиетінің, белгілі ақындар өлеңдерініғң, әлемдік әдебиет үлгілерінен құрастырылған, сонымен бірге өзіне дейінгі хрестоматия жасаудың классикалық тәжірибесін меңгеріп барып құрастырылған оқулық құралы негізінде қазақ педагогикасы, қазақ оқу әдістемесі, қазақ оқулығының бастапқы тәжірибесі болды.
Сонымен, Ы.Алтынсарин әдебиеттік оқу методикасын қазақ тәжіриебесіне тұңғыш рет енгізе отырып, үш түрлі факторды қабат алып қарайды. Олар:
материал;
материалдың берілу тәртібі мен оқытылу жолы;
оқушы
Осының үшеуі де жақсы мұғалім, соған көмектесетін жақсы хрестоматия арқылы ғана мақсатына жетпек.