86 Тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетінің қазақ әдеби тілі тарихындағы орнына тоқталыңыз
ХХ ғасырдың басы – қазақ халқының тарихында бүкіл қоғамдық ой-пікірдің өрлеуіне мүмкіндік туып, ұлттық сананың ояну дәуіріне жол ашқан кезең. Осы тұста ұлттық сананың ең өнімді саласы — әдебиеттің, қоғамдық сананың көрсеткіші — баспасөздің күрт алға басуы заңды құбылыс.
Алаш қозғалысы мен Алаш жұртының алдаспанына айналған «Қазақ» газеті - сол дүниетанымдық тарихтың өзегі.Осыдан ғасыр бұрын 1913 жылдың 2 ақпанында қазақ даласында тарихи маңызы зор, алаш тарихындағы рухани сілкіністі оқиға орын алды. Дүниеге алты алаштың жоқтаушысына айналған «Қазақ» газеті келді. Жылдар бойғы езгіден қажып, рухани қалжырай бастаған қазақ даласында ұлттың еңсесін көтеруге үндейтін, ұлттық идеяны насихаттайтын «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді.
«Қазақ» – қоғамдық - саяси және әдеби газет. 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап Орынборда аптасына бір рет, 1915 жылы аптасына екі рет шығып тұрған. Таралымы 3000, кейбір мәліметтерде 8000 - ға жеткен. Бірінші редакторы – әйгілі ғалым, жазушы қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы, екінші редакторы - қоғам қайраткері, жазушы Міржақып Дулатов, бастырушысы - “Азамат” серіктігі болған.
ХХ ғасыр басында жарық көрген «Қазақ» газетінің де ұлы мақсаттары айқын еді. Бұл жөнінде газеттің тұңғыш санында-ақ Ахмет Байтұрсынов мерзімді баспасөздің басты-басты төрт түрлі қызметін атап өтеді: «Әуелі, газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі-дейді. Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатыны жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады. Үшінші, газет — халыққа білім таратушы. Төртінші, газет — халықтың даушысы» - деп газеттің елге тигізер пайдасын санамалап көрсетеді.
«Қазақ» газеті сияқты ұлттың ұлы басылымының өзі публицистикалық стильдің, жалпы әдеби тілдің қалыптасуына өлшеусіз мол үлес қосты. «Қазақ» газеті бетінде жарияланған алуан материалдар сол кезеңнің тынысын, қозғалыстың барысын ғана куәландырып қоймай, сонымен бірге әдеби тіліміздің де өсу, тармақтану қарқынын аңғартты. Бұл газет ұлт көсемсөзінің ғана емес, тіліміздің маржан қорының қойнауында өнген әдебиетіміздің де, сонысымен тіліміздің де айшықтыкөркемдігін, бай бейнелілігін ашты. Сондықтан да заңғар Әуезов: «Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын – «Қазақ» газеті. «Қазақ» газетінің мезгілі әдебиетке ұлтшылдық туын көтерген мезгілімен тұстас. Ол уақыт қазақ жұрты 1905-ші жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп, талап қыла бастаған уақытына келеді» деген еді.
Ұлттың мүддесін үндеген «Қазақ» газетінің өзі де, аңғарар болсақ, әдеби тілдік жағынан жылдан жылға өскені байқалады. Әсіресе, газет бетіндегі әдеби тіл тармақтарының саралана көрінуі, қазақ тілінің бай мүмкіндіктерінің тараулана байқалуы газеттің 1917 жылғы сандарынан айрықша көрініс береді. М.Дулатовтың «Тарихи жыл» мақаласы, Ә.Бөкейханның «Қазақ сиезі», «Алаштың талапты азаматына», редакцияның «Алаш партиясы» және тағы да басқа публицистикалық туындыларда ұлт баспасөзі деңгейінің артқандығы, публицистикалық стильдің ширағандығы кеңінен сезіледі. Алаштың рухани көсемі Ахаңның еңбегімен, жігерімен дүниеге келген «Қазақ» газетімен бірге, Түркістан көсемі Мұстафа Шоқай шығарған «Бірлік туы» және Алаштың астанасы Семей қаласында Райымжан Мәрсекев, Халел Ғаббасовтар шығарушылары болған «Сарыарқа» газеттері публицистикалық тіліміздің айрықша дамуына іргелі үлестерін қосты. Сөйтіп, қазақ публицистикалық тілі мен стилі Алаш қозғалысы тұсында аяқтанды деп айта аламыз.
«А.Байтұрсынұлы және басқалар өздерінің қазақ тарихы, қазақ фольклоры және лингвистикасы туралы зерттеулерін жариялады. Жалпы «Қазақ» газеті өте жоғары ғылыми деңгейге жетті» деп есептейді Оксфорд университетінің зерттеушілері.
Достарыңызбен бөлісу: |