Күрделі сөздерге лексикалық мағынаның берілуіне кемінде екі түбір морфема қатысқан сөз тұлғалары (біріккен сөздер, соның ішінде кіріккен сөздер де, қос сөздер, қысқарған сөздер, тіркесті сөздер, фразеологиялық тіркестер) жатады.
Талдаудың үшінші сатысында сөздің қай сөз табына жататыны айқындалады. Әр сөз табының мүшелерінің бәріне ортақ бір грамматикалық мағынасы, соған орай ортақ сұрақтары болатыны белгілі. Ендеше, сөздің қай сөз табының өкілі екендігін білу үшін оған сұрақ қоямыз. Бұл үшін әр сөз табының сұрақтарын жете білу міндетті. Егер сұрақ қою сөздің қай сөз табына жататынын айқындауда нәтиже бермесе, оның түрлену ерекшелігі, синтаксистік қызметі, лексикалық мағынасы сияқты қырларына үңілеміз. Өйткені сөз сөйлемде басқа сөз табының орнына (субстантивтеніп, адъективтеніп, прономилданып, адвербиалданып) қолданылып тұруы да мүмкін. Семантикалық тәсіл арқылы (сөз мағынасы кеңею, тарылу, ауысу арқылы) жаңа сөз жасалмаса, оның о баста қай сөз табына жатса, сол жазылады. Ал семантикалық тәсіл арқылы жасалған туынды сөз болса, талдауда соңғы мағынасы қай сөз табына жатса, сол жазылады. Мысалы, Жақсының жасылығын айт, нұры тассын деген сөйлемдегі жақсының зат есімнің орнына жұмсалып, зат есімше түрленіп қолданылған. Алайда ол талдауда заттық мәнде жұмсалған, яғни субстантавтенген сын есім ретінде көрсетілуі керек. Жаратқан жар болсын! дегендегі жаратқан сөзі арғы тегі есімше жұрнағымен түрленген етістік болса да қазір зат есім қатарына жатады.
Талдаудың төртінші сатысында үшінші сатыда қай сөз табына жататыны айқындалған сөздің сол сөз табының қай лексика-грамматикалық тобына кіретіні анықталады.
Зат есім жалпы және жалқы, деректі және дерексіз, адамзат және ғаламзат деген мағыналық топтарға бөлінсе, сын есім - сапалық және қатыстық деген екі топқа; сан есім – есептік, реттік, жинақтық, бөлшектік, болжалдық және топтау сан есімдері деген алты топқа; есімдік – жіктеу, сілтеу, өздік, сұрау, белгісіздік, болымсыздық және жалпылау есімдіктері болып жеті топқа; үстеу – мезгіл, мекен, себеп, мақсат, қимыл-сын (амал), мөлшер үстеулері болып алты топқа; еліктеу сөздер дыбыстық еліктеуіш және бейнелеуіш деген екі топқа; шылау жалғаулық, септеулік, демеулік болып үш топқа; одағай да іштей көңіл-күй одағайы, шақыру-жекіру одағайы, тұрмыс-салт одағайлары деген топтарға жіктеліп жүр. Етістікті топтастыруда салттылық-сабақтылық қасиеттерін назарға аламыз.
Сонымен, морфологиялық талдаудың төрт сатысы сөздің лексика-грамматикалық негізіне (түбіріне) қатысты мәселелерді талдап, анықтауға бағытталған.
Бесінші саты сөздің түрлену ерекшеліктерін талдауға бағытталады. Бұл саты өз ішінен бірнеше сатыдан тұрады. Ол сатылардың орындалуы шәкірттердің білім деңгейіне, өтілген тақырыптар көлеміне тікелей байланысты. Жоғары оқу орындарында «Сөзжасам», «Морфология» пәндері өтілгеннен кейін ғана (өтілу барысында), әсіресе, грамматикалық форма, грамматикалық мағына, грамматикалық категория туралы түсініктер берілгеннен кейін, сатыларда көрсетілген тапсырмалардың толық орындалуын талап етуге болады. Бұл тақырыптардан білімі жоқ, мектеп бағдарламасы көлеміндегі білімі бар шәкірттер бұл сатының 5.1 және 5.5 сатыларының тапсырмаларын орындай алады. Егер оқытушы (мұғалім) қажет деп тапса, басқа да сатылардың тапсырмаларын орындауға бере алады.
Бесінші сатының тапсырмалары бір-бірімен өзара тығыз байланысты бес сатыға жіктеледі:
сатысында сөйлемде қолданылған сөздің құрамында бар сөз түрлендіруші морфемалар анықталады;
сатысында сөздің түрлену тәсілі айтылады;
сатысында сол сөз түрлендіруші морфемалардың грамматикалық мағыналары айқындалады;
сатысында олардың (сөз түрлендіруші форма мен оның грамматикалық мағынасының) қай сөз табының қандай грамматикалық категориясына жататыны айқындалады;
сөз түрлендіруші форманың (бар болса) синтаксистік қызметі тексеріледі. Бұл сатының өзі іштей екі сатыға бөлінеді:
5.5.1 сөз түрлендіруші тұлғаның (қосымша немесе көмекші сөз) өзі жалғанған сөзді сөйлемдегі басқа сөзбен байланыстыруға қатысы тексеріледі;
5.5.2 сөз түрлендіруші тұлғаның өзі жалғанған сөзді сөйлемде белгілі бір сөйлем мүшесі қызметіне қоюға қатысы бар-жоқтығы тексеріледі.
7. Сөз түрлендіруші морфологиялық тұлғалар туралы. Грамматикалық оқулықтар мен әдебиеттерде сөздің түрлену тәсілінің екі түрі болатыны көрсетіліп жүр. Олар – синтетикалық (немесе морфологиялық) және аналитикалық (синтаксистік) тәсілдер.
Синтетикалық тәсіл – сөздің сөз түрлендіруші қосымшалар арқылы түрленуі, аналитикалық тәсіл – сөздің көмекші сөздердің қатысуы арқылы түрленуі.
Сөз сөйлемде әрқашан сөз түрлендіруші грамматикалық тұлғалар арқылы түрленіп қолданылмауы да мүмкін. Өйткені сөйлемде түрленбей, түбір (негіз) қалпында қолданылатын сөз таптары да бары белгілі. Талдау барысында ондай сөздер кездессе, бесінші сатыда бірнеше сатыға жіктелетін бірнеше жауаптың орнына «түрленбеген сөз», немесе «түбір (негіз) қалпында қолданылған сөз» деген бір ғана жауап жазылады. Түрленіп қолданылатын сөз таптарының ішінде зат есім мен сын есімнің, үстеу мен еліктеу сөздің үнемі түрленіп жұмсалуы міндетті емес. Сөйлемде түрленбей жұмсала алмайтын сөз табы – етістік қана.
Сонымен қатар сөйлемде жұмсалған сөздердің ішінде арнайы дыбыстық кешені бар грамматикалық морфема-қосымшалармен түрленбесе де, грамматикалық мағынаға ие болып тұратын, ал ол грамматикалық мағына қандай да бір грамматикалық категорияның мағыналарының парадигмалық қатарына енетін сөздер де кездеседі. Орыс тіл білімінде мұндай сөздер «нөлдік жалғаудағы сөздер» («слова с нулевыми окончаниями») деп, қазақ тілінде «нөлдік тұлғадағы (формадағы) сөздер» деп аталып жүр. Сөзге қандай да бір грамматикалық категорияның грамматикалық мағынасының үстелу құбылысы грамматикалық мағынаның нөлдік тұлға (форма) арқылы берілуі деп танылады. Грамматикалық мағынаның мұндай жолмен берілуі қазақ тілінде, негізінен, жалғаулар (септік, жіктік, тәуелдік жалғаулары) арқылы ғана жүзеге асады. Сондықтан грамматикалық мағынаның бұлай берілуін грамматикалық тұлға (форма) арқылы берілу дегеннен гөрі грамматикалық жалғау арқылы берілу деп, ал ол мағынаны қалыптастыратын нөлдік қосымшаны нөлдік жалғау деп атаған орынды сияқты.
Нөлдік қосымшалар арқылы берілетін грамматикалық мағыналар - жақ, септеу, тәуелдеу категорияларының мағыналары. Ал бұл грамматикалық категориялардың грамматикалық мағыналары, негізінен, синтетикалық тәсіл арқылы беріледі. Нөлдік жалғаулардың мағыналары да жақ, септеу, тәуелдеу категориясындағы мағыналар парадигмасынан орын алады. Сондықтан сөздің нөлдік жалғаулар арқылы түрленуін синтетикалық тәсіл арқылы түрленуі, оның ерекше бір түрі деп таныған орынды.
Сөз бір емес, екі не одан да көп сөз түрлендіруші морфема қабылдап бірнеше қайтара түрленуі де мүмкін. Мұндай жағдайда әр сөз түрлендіруші білдіретін мағынасы (талдаудың 5.3 сатысындағы) арқылы түбірге жалғану ретімен жіктеліп көрсетіліп, жеке-жеке сөз етіледі.
Сонымен, сөздің түрлену тәсіл(дер)і 5.1 сатыда айқындалатын сөз түрлендіруші морфемалар негізінде анықталады.
Бесінші сатының 5.1 және 5.2 сатыларындағы мәліметтер сатыларға дейінгі талдауларда, морфемдік талдау барысында, бір рет талдаудан өткен, енді оны қайталаудың қажеті қанша деген сұрақ тууы мүмкін. Қайталаудың өзіндік себептері бар. Біріншіден, морфемдік талдауда сөз құрамындағы морфемалар жалпылай сипатталады. Онда морфемалардың түбір не қосымша екендігі, қосымшалардың жұрнақ не жалғау екендігі, ол қосымшалардың аттары анықталғанмен, олардың грамматикалық мағыналары сөз бола бермейді, тұлғалық бүтіндігіне көп назар аударылмай қалады. Ал бесінші сатыда бұл мәселелер арнайы сараланады.
Грамматикалық форма сөйлемге өз мағынасы арқылы ғана, сол мағынасы сөйлемнің дұрыс түзілуіне қажет болғандықтан ғана, қатысады. Тілдің грамматикалық құрылысы туралы түсінік, білім толық болу үшін грамматикалық форманың дыбыстық жағын жақсы танып, білумен қатар, оның мағынасы мен қызметтеріне де талдау жасай білу, қажет десеңіз, жатқа білу керек. Бұл – тілші-филологтың бірінші міндеті.
Морфемдік талдау барысында шаба жөнелді сияқты мысалдарды талдауда шап – түбір морфема, етістік; -а – көсемше жұрнағы; жөнел – түбір морфема, көмекші етістік; -ді – қосымша морфема, сөз түрлендіруші қосымша, жедел өткен шақ жұрнағы деген мазмұндағы сипаттаудан аса алмаймыз. Егер осы мысалдағы көмекші морфемалардың грамматикалық мағыналарына үңілер болсақ, -а жөнел – көсемше жұрнағы мен көмекші етістіктің бірлігі сөзге қимылдың тез қарқынмен (қимылдың өту амалы категориясына қатысты мағына) басталғанын (қимылдың өту кезеңіне қатысты мағына) білдіретін грамматикалық мағына үстеп тұрған бір ғана (біртұтас) грамматикалық форма екенін анықтаймыз. Оған дәлел –а көсемше жұрнағы әдетте жіктік жалғаудың алдында келгенде білдіретін шақтық мағыналар (ауыспалы келер шақ немесе дағдылы осы шақ) етістік мазмұнынан байқалмайды, етістіктегі шақтық мағына жедел өткен шақ жұрнағы арқылы берілген. Ендеше, –а көсемше жұрнағы сөздің құрамында не үшін жұмсалған, қандай мағына білдірген деген сұрақтарға жауап іздесек, оның жөнел көмекші етістігімен бірлікте, екеуі біртұтас тұлғаға (аналитикалық формантқа) айналып, жоғарыда көрсетілген мағынаны білдіру үшін жұмсалғанын байқаймыз. Сөйтіп, бесінші сатыда әр сөз түрлендіруші тұлғаның өзін атап қана қоймай олардың әрқайсысының дербес грамматикалық мағыналары туралы терең білім алуға жол ашамыз.
Сонымен, 5.1 сатыда сөздің құрамындағы сөз түрлендіруші морфолгиялық тұлғалар грамматикалық мағына беру тұтастығы бойынша сөзге жалғану ретімен санамаланып жазылады.
5.2 сатыда алдыңғы сатыда анықталған сөз түрлендіруші тұлғалардың сөзді түрлендіру тәсілі көрсетіледі.
5.3 сатыда алдыңғы 5.1 сатыда санамаланып анықталған сөз түрлендіруші тұлғалардың мағыналары тіркеледі. Егер морфема полисемиялы (көпмағыналы) болса, барлық мағынасы жіктеліп жазылады. Сөз түрлендіруші тұлғалардың грамматикалық мағыналарын айқындап жазып отыру олардың 5.5.1 және 5.5.2 сатыларда сөз болатын синтаксистік қызметтерін тексеруде қажет болады.
5.4 сатыда әрбір сөз түрлендіруші форманың мағынасы қай грамматикалық (немесе лексика-грамматикалық) категорияға жататыны айтылады. Егер тұлғаның мағынасы (мысалы, шылау, көмекші есімдер, т.б.) сөз таптарындағы белгілі ешқандай грамматикалық категорияның парадигмасына кірмесе, еш жауап жазылмайды немесе «жоқ» деген жауап жазылады.
Соңғы 5.5 сатыда тек сөздердің синтаксистік байланысына, синтаксистік қызметіне қатысы бар қосымшалардың қызметтері талдауға түседі. Егер аталған қызметтер сөз түрлендіруші тұлғаларда болмаса, «жоқ» деген жауап жазылады.
Осындай тапсырмаларды орындау нәтижесінде әр сөз түрлендіруші қосымшаның грамматикалық мағыналарының сөздің синтаксистік қызметіне қатысы туралы түсініктер қалыптасады. Бұл келешекте синтаксистік талдауларды сауатты орындауға септігін тигізетін болады. Сөйтіп, тілдің біртұтас грамматикалық құрылысы, жүйесі туралы кешенді білім беруге септігі тиеді.
№ 2 дәріс. Сөз тұлғасы. Сөз құрамы.
Дәріс жоспары:
Түрленуші сөздің морфологиялық тұлғасы туралы
Сөз құрамы
1 Түрленуші сөздің морфологиялық тұлғасы туралы. Сөз тұлғасы дегеніміз не? Яғни талдаудың бірінші сатысында сөз қай қырынан анықталады?
Сөз тұлғасы деген термин грамматикалық оқулықтарда екі түрлі жағдайда қолданылып жүр. Біріншіден, бұл термин лексикалық мағынасы арқылы белгілі бір сөз табының қатарына жататын лексика-грамматикалық бірліктердің сыртқы тұрпатына байланысты пайдаланылса, екіншіден, аналитикалық немесе синтетикалық тәсіл арқылы түрленген сөз нұсқаларына қатысты да қолданылады.
Әдетте, белгілі бір сөз табына жататын сөздердің тұлғасы туралы оқулықтарда «сөз тұлғасына қарай беске бөлінеді, олар: 1) негізгі түбір сөз немесе жай ғана түбір сөз; 2) туынды түбір сөз немесе туынды сөз; 3) біріккен (түбір) сөз; 4) қос сөз; 5) қысқарған сөз» деген анықтамалар беріліп жүр. Бұл жіктеу сөздің (бір ұғымды білдіретін, лексикалық мағынасы бар грамматикалық бірліктің) морфемдік құрамына және сөздердің жасалу тәсілі мен жолдарына, сонымен қатар сол сөздердің жазылу ерекшеліктеріне, яғни, сыртқы тұрпат-келбетіне негізделгендігі байқалады. Бірақ жеке лексикалық мағынаға ие болып тұрса да, тіркесті күрделі сөздер мен фразеологиялық тіркестер көрсетілген бес қатардың ешқайсысына кірмей қалады.
Сондықтан сөзді тұлғасына қарай бөлгенде: 1) негізгі түбір сөз; 2) туынды сөз; 3) біріккен (түбір) сөз; 4) қос сөз және 5) тіркесті сөз деп беске бөлуді ұсынамыз. Мұндағы тіркесті сөз ұғымы он бес, көк ала, барып қайт сияқты екі немесе одан да көп түбірдің тіркесінен жасалған күрделі, сөзді құраушы сыңарлары бір-бірінен бөлек жазылатын құрылымдарды да, фразеологиялық тіркестерді де, қысқарған сөздерді де қамтиды.
Сөз сөйлемге лексикалық мағынасы арқылы қандай да бір ұғымды білдіру үшін қатысады. Жалаң немесе күрделі ұғымдардың атауы болатын лексикалық бірліктер морфемдік құрамы, жасалу тәсілі мен жолдары, қалыптасқан жазылу сипаты жағынан әрқилы. Бірі жалаң түбір арқылы бір ұғымды білдірсе, енді бірі түбір мен сөз тудырушы қосымшадан тұрып, жаңа ұғым атауы болады. Енді бір ұғымдар кемінде екі түбірдің қатысуы арқылы беріледі. Олардың жазылуы да біркелкі емес: біреулері біріктіріліп жазылса, келесілерін дефис арқылы жазу заңдастырылған, сондай-ақ кейбір бірнеше сөздің тізбегінен тұратын атаулар ықшамдалып (қысқартылып) та жазылады, енді бір сөздер бір ғана лексикалық мағынаны білдіргеніне қарамастан бөлек те жазылады.
Сонымен, сөз тұлғасы деген терминді морфемдік құрамы әрқилы, жасалу жолы, жазылуы әр басқа, белгілі бір сөз табының қатарына жататын жеке лексикалық мағынасы бар тілдік бірліктерді бір-бірінен ажырату мақсатында ғана қолдануды ұсынамыз. Ал аналитикалық (келе алмады, ермек үшін, т.б.), немесе синтетикалық (қолы, үріккен, т.б.) тәсілдер арқылы түрленген сөздерге қатысты сөздің (аналитикалық, синтетикалық тәсіл арқылы) түрленген тұлғасы деген термин лайық сияқты.
Сонымен қатар сөз тұлғаларының қатарын тіркесті сөздер (бұл қатар өз ішінен негізгі түбірлердің (сөздердің) тіркесінен (көк ала) тұратын, негізгі түбір мен туынды түбірлердің (сөздердің) тіркесінен (ақ көйлекті) тұратын, негізгі сөз бен көмекші сөздің тіркесінен (жәрдем қыл, бұрқ ет) тұратын және фразеологиялық тіркестер деген топтарға жіктеледі.) деген ұғыммен толықтырамыз.
Негізгі түбір сөздерге жалаң түбірден ғана тұратын, дербес лексикалық мағынасы бар, белгілі бір сөз табының қатарынан орын алатын сөздер жатады. Мысалы, бас, қол, кел, отыр, сат, қара, сары, әрең, лезде, т.б.
Ескерту: Тарихи тұрғыдан өз ішінен түбір мен қосымша морфемаларға жіктелетін, қазіргі кезде түбір морфемасы сөз ретінде қолданылмайтын кү-н, кү-й, кү-л, оя-н, оя-т, ал-қа, ал-ға, т.б. сөздерді де, сондай-ақ түбір морфемасы қазіргі тілімізде жеке сөз ретінде қолданылатын, бірақ қосымшасы консервация құбылысына ұшыраған зорға (зор-ығ-а), бірге (бір-іг-е), бекерге, артқа, шалқасынан, т.б. с.с. сөздерді де негізгі түбір сөздердің қатарына жатқызу керек. Өйткені соңғы мысалдардағы қосымшалар (көсемше жұрнағы мен септік жалғаулары) бұрын өзі жалғанған сөздің синтаксистік қызметін белгілеуге қатысқанымен, қазір бұл қызметтерін тоқтатқан (яғни, түрлендіруші тұлға болып, ешқандай грамматикалық мағына білдіріп тұрған жоқ), тек синтаксистік қызметі арқылы жаңа семантикаға ие болып қалыптасқан туынды сөздің құрамында сақталып қалған.
Туынды сөздерге құрамы жағынан түбір және сөз тудырушы жұрнақтан тұратын, түбірі білдіретін лексикалық мағынадан басқа жаңа лексикалық мағынаға ие болған, белгілі бір сөз табының қатарына жататын сөздер жатады. Мысалы, етік-ші, көр-ме, таза-лық, өн-ім-ді, т.б.
Біріккен сөздерге құрамында кемінде екі немесе одан да көп түбір морфема кездесетін, жазу тәжірибесінде бірге жазылатын, қанша түбірден тұрса да бір ғана лексикалық мағынаны білдіретін (бір ғана ұғымды атайтын), белгілі бір сөз табының қатарына жататын сөздер жатады. Мысалы: Алакөл, Айнұр, кәсіподақ, шекара, адалбақан, т.б. Сондай-ақ өйткені (олай еткені), бүгін, биыл, бүрсігүні, т.б. кіріккен сөздер деп танылатын қатардағы барлық сөздерді жазылу дәстүрін негіз етіп, біріккен сөздердің бір түрі ретінде қарастырамыз.
Пединститут, медколледж және кеңшар, ауатком сияқты бір сыңарын немесе барлық сыңарларын да бірінші буыннан қысқартып, біріктіріп жазып жүрген сөздерді де жазылу ерекшелігін негіз етіп, біріккен сөздердің қатарында тану орынды болар еді.
Қос сөздерге құрамында кемінде екі немесе одан да көп түбір морфема кездесетін, жазу тәжірибесінде бір-бірінен дефис арқылы ажыратылып жазылатын, қанша түбірден тұрса да бір ғана лексикалық мағынаны білдіретін (бір ғана ұғымды атайтын), белгілі бір сөз табының қатарына жататын сөздер жатады. Мысалы: ыдыс-аяқ, көрші-қолаң, ата-ана, т.б.
Тіркесті сөзге құрамында кемінде екі немесе одан да көп түбір морфема кездесетін, жазу тәжірибесінде бөлек жазылатын, қанша түбірден тұрса да бір ғана лексикалық мағынаны білдіретін (бір ғана ұғымды атайтын), сол арқылы белгілі бір сөз табының қатарына жататын сөздер жатады. Тілімізде тіркесті күрделі сөздердің бірнеше үлгісі кездеседі, бірақ бәріне ортақ бір белгі бар: ол белгі – қанша түбірден тұрса да, мұндай сөздер бір ғана лексикалық мағынаға ие.
Тіркесті сөздердің жасалу жолдары әр қилы. Тілімізде олардың төмендегідей типтері кездеседі:
Құрама тіркесті сөздер. Екі немесе барлық сыңары бір сөз табынан болған, әр сыңардың лексикалық мағынасы туынды жаңа лексикалық мағынаның қалыптасуына қатысатын сөздер. Мысалы, зат есімдер – Семей қаласы, Абай көшесі, бас инженер, аға оқытушы; сын есімдер – көк ала, жирен қасқа, ақ сұр; сан есімдер – он екі, бір мың сегіз жүз тоқсан бес; етістіктер – барып қайт, алып кел, т.б..
Құранды тіркесті сөздер. Сыңарлары әр басқа сөз таптарынан болған, туынды жаңа лексикалық мағынаның қалыптасуына тек бір сыңарының лексикалық мағынасы негіз болатын және әр сыңарының лексикалық мағыналарының да қатысы бар сөздер. Мысалы, қызмет қыл, еңбек ет, сарт ет, адам бол, т.б. Бұл мысалдарда туынды лексикалық мағынаның қалыптасуына бірінші сыңардың лексикалық мағынасы негіз болған. Ал Абай атындағы Алматы ұлттық университеті сияқты күрделі атаулар құрамында әр түрлі сөз таптары кездеседі.
Қысқартып жазылатын тіркесті сөздер. АҚШ,ТМД, ЖШС, т.б. с.с. әр сыңарының бірінші әрпі ғана жазылатын, шартты түрде қысқарған сөздер деп танылып жүрген нұсқалардың, біріншіден, сөз екендігі күмәнды, екіншіден, бұлардың әрқайсысының бірнеше сөзден құралған күрделі атау екені, яғни, құранды немесе құрама тіркесті сөзден қалыптасқаны белгілі: Америка құрама штаттары, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, жауапкершілігі шектеулі серіктестік.
Фразеологиялық тіркестер немесе тұрақты тіркестер. Қазақ тіл білімінде тұрақты сөз тіркестері деген терминмен беріліп жүрген, өз ішінен фразеологиялық тізбек, фразеологиялық тіркес, фразеологиялық оралым т.б. болып жіктелетін қой аузынан сөз алмау, сарымайдай сақтау, үріп ауызға салғандай, тауы шағылу, беті қайту, т.б. тілдік бірліктердің қанша сөзден құралса да бейнелі бір ұғымды атайтыны, яғни, бір ғана лексикалық мағынаға ие екені белгілі. Ендеше бұлар да – бір ғана лексикалық мағынаны білдірсе, қанша сыңардан тұрса да, бір сөз ғана. Бұлар да сол бір лексикалық мағынасы арқылы белгілі бір сөз табының қатарынан орын алып, сол сөз табына тән түрлену жүйесімен әрқилы түрлене береді. Мысалы, тауы шағыл-ды, тауы шағыл-ған, тауы шағыл-ма-й-ды, тауы шағыл-а жазда-ды, тауы шағыл-ып жүр, т.б. Сондықтан бұл қатардағы барлық тілдік нұсқаларды түрленуші ретінде тіркесті сөздер қатарына жатқызамыз. Тіпті бұл қатардағы сөздерді тұрақты сөз тіркестері дегеннен гөрі тұрақты тіркесті сөздер деп атау орынды сияқты.
2 Сөз құрамы. Сөз сөйлем құрамында әр алуан тұлғада, әр алуан құрамда кездеседі. Сөз құрамындағы дербес грамматикалық мағынасы бар бөлшектерді морфема деп атаймыз. Морфема – сөздің ең кіші мағыналы бөлшегі. Морфема бойындағы мағынаның қандай мағына екендігіне қарай түбір морфема және қосымша морфема болып екіге бөлінеді. Бойында грамматикалық мағынамен қатар лексикалық мағынасы бар морфемалар – түбір морфема деп аталады. Бойында лексикалық мағынасы жоқ, тек грамматикалық мағынасы ғана бар морфемалар қосымша немесе көмекші морфема деп аталып жүр.
Түбір морфема мен түбір сөз дыбыстық құрамы жағынан бір біріне сәйкес келуі де, сәйкес келмеуі де мүмкін. Мысалы, бас, бет, қол сияқты нұсқаларды әрі түбір морфема деп те, әрі түбір сөз (түбір морфемадан тұратын сөз) деп тани береміз. Өйткені бұларды түбір морфема деуге берілген нұсқаларды бұдан әрі мағыналы бөлшектерге жіктеу мүмкіндігінің жоқтығы негіз болады. Ба-с немесе б-ас түрінде бөлшектесек, бөлшектердің мағынасы бас морфемасының лексикалық мағынасымен еш ұштаспайды, тіпті ешбір мағынаның (лексикалық, грамматикалық) иісі де байқалмайды, яғни, бұл бөлшектер мағынасыз дыбыс және буын деңгейінде қалып қойды. Берілген нұсқаларды сөз деп тануға дербес лексикалық мағынасымен (кейде келтірінді, образды мағынамен) түбір, кейде қосымша, яки көмекші морфемалармен түрленіп қолданылатыны негіз болады. Сонымен түбір морфема кейде түбір сөзге сәйкес келеді, басқаша айтсақ, сөз түбір морфемадан ғана тұруы мүмкін.
Түбір морфема мен түбір сөз бір біріне сәйкес келмейтін жағдайлар да кездеседі. Олардың сәйкессіздігі тарихи-салыстырмалы әдістің нәтижесінде анықталады. Мысалы, үйрен – үйрет жұбын салыстырсақ, бүгінгі таңда бұлардың әрқайсысы жеке-жеке түбір сөз (негізгі түбір сөз) деп танылғанмен, бұлардың лексикалық мағыналарының ұштасуы және сөздердің құрамындағы -н, -т морфемаларының бүгінгі таңда етіс жұрнақтары ретінде қолданылуы, үйрен – үйрет жұбында ортақ түбір морфеманың бар екенін дәлелдейді. Алайда үйре- түбір морфемасы (көне нұсқасы – өгре) бүгінгі тілімізде осы қалпында қолданылмайтындықтан, сөз деп тани алмаймыз.
Қазақ тіліндегі қосымша морфемалар өз ішінен қызметтеріне қарай жұрнақ және жалғау болып екіге бөлініп жүр.
Жұрнақ – дербес грамматикалық мағынасы бар, сөзден жаңа сөз жасайтын немесе сөзді түрлендіретін қосымшалар. Осы қасиетіне қарай жұрнақтар сөз тудырушы жұрнақтар және сөз түрлендіруші жұрнақтар болып екіге бөлінеді. Сөз тудырушы жұрнақтарға өзі қосылған сөздің лексикалық мағынасына өзгеріс әкеліп, жаңа лексикалық мағынаның қалыптасуына себепкер болатын қосымшалар жатады. Мысалы, тара-қ, бөл-ім, ой(ы)н-а, баға-ла, қос-ақ, ел-ші, т.б.. Сөз тудырушы жұрнақ өзі қосылған сөздің лексикалық мағынасына өзгеріс енгізіп, жаңа лексикалық мағынаның қалыптасуына себепкер болғанмен, туынды сөздің лексикалық мағынасы оған негіз болған (түбір немесе туынды) сөздің лексикалық мағынасынан алыстап кетпейді, онымен ұштасып жатады, дұрысында содан туындап жатады, бірақ одан басқа лексикалық мағына болып табылады. Тарақ сөзінің жасалуына негіз болған сөз – тара. Тараның лексикалық мағынасы - «ұйысқан заттарды (шаш, шөп, т.б.) құрал арқылы салалап ажырату немесе жинастыру әрекеті». Осы лексикалық мағынасы арқылы тара сөзі сөз табы ретінде етістіктер қатарынан орын алады. Ал бұл сөзден -қ жұрнағы арқылы туындаған тарақ сөзінің лексикалық мағынасы – «ұйысқан заттарды (шаш, шөп, т.б.) салалап ажырату немесе жинастыруға арналған құрал». Тарақ сөзі осы мағынасы арқылы зат есімдер қатарынан орын тебеді. Бірінен бірі туындаған екі сөздің лексикалық мағыналары бір-бірімен ұштасып жатыр, бірақ әр басқа мағыналар: бірі әрекетті атайды, екіншісі осы әрекетке қатысты еңбек құралын атайды.
Достарыңызбен бөлісу: |