Ііі дәрістер №1 дәріс. Морфологиялық талдаудың әдістемесі


Қалып-сапа (қалып-күй) етістіктері



бет6/10
Дата22.08.2017
өлшемі1,9 Mb.
#24417
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Қалып-сапа (қалып-күй) етістіктері. Бұл қатардағы етістіктер қимыл-қозғалыс, амал-әрекетті атамайды, заттың қалпына, күйіне қатысты белгілерді, атап айтқанда, бір күйден екінші күйге, бір қалыптан, екінші қалыпқа ауысуын, өзгеруін атайды. Өз ішінен үш топқа жіктеуге болады:

    1. Сапалық қалып етістіктері: көгеру, азаю, көбею, ағару, қалыңдау, ұзару, сөну, жану, шіру, т.б.;

    2. Жанды заттардың қалып-күйін білдіретін етістіктер: азу, толу, семіру, жантаю, ұйықтау, ояну, ауру, өлу, ісу, жүдеу, шаршау, арықтау, т.б.;

    3. Статикалық қалып етістіктері: отыру, тұру, жүру, жату.




  1. Сезіну етістіктері. Бұл етістіктерде сезім мүшелері арқылы түйсіну мағынасы бар. Өз ішінен төмендегі топтарға бөлінеді:

    1. Көру етістіктері: қарау, тесілу, көру, телміру, көз қырын салу, сығалау, көзін алмау, қараңдау, ағараңдау, көздеу, т.б.;

    2. Есту етістіктері: тыңдау, есту, құлақ салу, құлақ түру, құлаққа жету, т.б.;

    3. Иіс етістіктері: сасу, мүңку, аңқу, иістену, мұрынды жару, т.б.;

    4. Терімен сезіну етістіктері: тоңу, жаурау, қышу, ұю, т.б..




  1. Ойлау етістіктері. Адамның ойлану әрекетін білдіретін етістіктердің басқа ЛСТ-ғы етістіктерге қарағанда саны аз: ойлау, еске түсіру, ойдан шығару, түсіну, аңдау, аңғару, ескеру, есііне алу, есіне салу, басы қату, басы айналу, т.б..




  1. Көңіл-күй етістіктері. Бұл қатардағы етістіктер адамның психологиялық және эмоциялық қалпымен байланысты қимыл-әрекеттерді білдіреді. Өз ішінен екіге бөлінеді:

    1. Психологиялық көңіл-күй етістіктері: ұялу, қысылу, тартыну, бетінен оты шығу, абыржу, сескену, қорқу, т.б.;

    2. Эмоциялық көңіл-күй етістіктері: ұнату, жақтыру, еркелеу, ардақтау, әлпештеу, ғашық болу, қаплану, ашулану, ренжу, жылау, долдану, мейірі түсу, мұңаю, т.б




  1. Дыбыс-сес, бейнелеу етістіктері. Бұл қатарға еліктеу сөздерден қалыптасқан етістіктер жатады. Өз ішінен бірнеше топқа бөлінеді:

    1. Дыбыстық еліктеу етістіктері: арпылдау, күркілдеу, маңырау, боздау, өкіру, сыңсу, гүрілдеу, сарқырау, тарсылдау, сыңғырлау, гүрс ету, сарт ету, т.б.;

    2. Бейнелеуіш етістіктер: жарқылдау, ербию, далбаңдау, теңселу, көлбеңдеу, кілт ету, жалп ету,т.б..




  1. Өсіп-өну етістіктері. Бұл қатардағы ЛСТ-қа тірі организмдердің өсіп жетілуімен, дамуымен байланысты қимылдарды атайтын сөздер жатады: балалу, боталау, күшіктеу, туу, құлындау, жұмыртқалау, босану, бала көтеру, өсу, бүр ашу, гүлдеу, түйіндеу, пісу, жетілу, ер жету, балиғатқа толу, қартаю, т.б.




  1. Табиғи құбылыстарға байланысты қимылдарды білдіретін етістіктер: бұлттану, борандату, бұрқасындату, нөсерлету, желдету, қас қараю, т.б.

  2. Субъектив мәнді етістіктер: азсыну, менсінбеу, білгішсіну, масаттану, т.б.

  3. Қарым-қатынас етістіктері. Бұл қатардағы ЛСТ-ты түрлі заттардың (әсіресе адамдардың) сан алуан қарым-қатынасына байланысты қимылдарды білдіретін етістіктер құрайды.

    1. Теңестіру етістіктері: теңеу, салыстыру, шендесу, дәл келу, т.б.;

    2. Иелену мәнді етістіктер: иелену, ие болу, меншіктеу, тәуелдеу, иемдену, еншілесу, ұрлау, жымқыру, алу, беру, т.б.;

    3. Сәлемдесу, қоштасу етістіктері: қол беру, амандасу, қоштасу, қол алысу, бас изеу, танысу, т.б.;

    4. Құрметтеу етістіктері: құрметтеу, алақанға асалу, ізет көрсету, арқаға қағу, сыйлау, өбектеу, бәйек болу, мәймөңкелеу, т.б.;

    5. Өктемдік жүргізу мәнді етістіктер: әмір жүргізу, билік ету, бір шыбықпен айдау, бас ию, ырқына көну, құлақ асу, тізе бүгу, ауанына көшу, т.б.;

    6. Көмектесу мәнді етістіктер: қол ұшын беру, жәрдем қылу, болысу, сөзін сөйлеу, аузына ақ тамызу, қамқор болу, т.б.;

    7. Жауласу және достасу мәнді етістіктер: тайталасу, керісу, қызыл шеке болу, алқымынан алу, кесе көлденең тұру, дұшпан болу, елдесу, ауыз жаласу, татуласу, т.б..

Етістіктің лексика-семантикалық ерекшеліктері олардың басқа сөздермен лексика-семантикалық байланыс орнатуына әсер етеді.


Етістік түбірінің грамматикалық ерекшеліктері. Етістік – қимылды білдіретін грамматикалық мағынаға ие. Етістіктің бұл мағынасы – оны жеке сөз табы ретінде тануға негіз болатын мағына. Алайда етістік сөйлемде ешқашан таза етістік мағынасымен қатыспайды, үнемі басқа грамматикалық мағыналармен қоюланып қолданылады. Ал бұл грамматикалық мағыналарды етістіктің негізіне (лексикалық мағына беретін бөлігіне) қосылатын сөз түрлегндіруші түрлі морфологиялық тұлғалар ғана үстей алады. Ендеше етістік – сөйлемде түрленбей қолданылмайтын сөз табы. Бұл – етістік түбірінің бірінші ерекшелігі. Яғни, басқа сөз таптары сөйлемге түрленіп те, түрленбей де қатыса беретін болса, етістік түрленбеген жағдайда, сөйлемнен орын ала алмайды.

Етістік – өзін түрлендіруші тұлғаларға ең бай сөз табы. Етістікті түрлендіруші тұлғалар қанша көп болса да, етістікке белгілі бір тәртіппен қосылады. Етістікті түрлендіретін тұлғаларды түбірге қосылу ретіне, тәртібіне қарай төрт қатарға жіктеп алуға болады:



Бірінші қатарды етістік түбірге алдымен жалғанатын етіс жұрнақтары құрайды. Етіс жұрнақтары бірінің үстіне бірі жалғана алады.

Екінші қатарда етістікке кейде тікелей түбірге (негізге), кейде етіс жұрнақтарынан кейінгі кезекте қосылатын (-ңқыра, -іңкіре күшейтпелі етістік жұрнағы деп танылатын қосымшаны және қимылдың өту кезеңдері мен амалдарын білдіретін аналитикалық форманттарды есепке алмағанда) болымсыз етістік жұрнағы тұрады.

И Маманов етіс және болымсыз етістік қосымшаларымен түрленген етістіктерді модификациялық етістіктер деп атаған.

Үшінші қатарды кейде етістікке тікелей қосылатын, кейде етістікке етіс немесе болымсыз етістік жұрнағының бірінен кейін қосылатын есімше, көсемше, тұйық етістік (қимыл есімі), шақ, рай, модаль тұлғалары құрайды. Етістік сөйлемде қолданылғанда осы қатардағы тұлғалардың тек біреуін ғана қабылдайды және бұл қатардағы тұлғалардың бірінсіз сөйлемде қолданылмайды. Бұл қатардағы тұлғалар етістіктің функционалдық тұлғалары деп аталады.

Төртінші қатарда етістік тиянақты баяндауыш мүше қызметінде жұмсалғанда, үшінші қатардағы тұлғалардың бірінен кейін қосылатын жіктік жалғау тұрады. Сондықтан етістік түбірінің екінші грамматикалық ерекшелігі шығады: етістік түбірі тікелей жіктелмейді, тек шақ, рай, модаль тұлғаларының бірін қабылдап барып жіктеледі. Дегенмен жіктік жалғау бұйрық рай мағынасын бергенде етістіктің негізіне тікелей қосылады, сондай-ақ статикалық қалып етістіктері де өз бойында ашық рай (осы шақ) мағыналары бар болғандықтан, жіктік жалғауын тікелей қабылдай алады.



Етістіктің аналитикалық формалары. Ертеректегі әдебиеттерде көріп қалды үлгісіндегі сөз тұлғаларына да және барып келді үлгісіндегі сөз тұлғаларына да күрделі етістік термині қоллданылып келді. Алайда бұлардың табиғаттары бірдей емес, бірі – аналитикалық тәсілмен түрленген сөздің тұлғасы да, екіншісі – аналитикалық тәсілмен жасалған күрделі сөз. Бірінші мысалда дербес лексикалық мағына көр етістігінде ғана бар, қал етістігі ешқандай лексикалық мағынаны білдірмейді, ол алдындағы көсемшемен бірігіп, дербес мағыналы етістікке қимылдың кенеттен болғандығын білдіретін грамматикалық мағына жамаған. Ендеше –п қал екі морфемадан құралған бір сөз түрлендіруші аналитикалық тұлға. Ал мұндай жолмен түрленген сөздер аналитикалық формалы сөз болып табылады. Екінші мысалдағы лексикалық мағына барып кел бөлігі арқылы берілген, мұнде жеке-жеке алғанда дербес мағыналы бару және келу етістіктері тіркесу арқылы солардың лексикалық мағыналарынан тұратын үшінші бір күрделі лексикалық мағына қалыптасқан. Ендеше барып кел аналитикалық тәсіл арқылы жасалған тіркесті күрделі сөз. Табиғаттары екі басқа сөз тұлғаларын бір терминмен атауға болмайды, олардың екеуін де күрделі сөзге жатқызу дұрыс емес. Сондықтан аналитикалық тәсілмен түрленген сөздерді сөздің аналитикалық формасы (немесе аналитикалық формалы сөз) деп атаймыз, ал аналитикалық тәсілмен жасалған сөздерді күрделі сөз деп атай береміз.

Аналитикалық сөз формалары тек көмекші сөздің қатысуымен қалыптасады. Көмекші сөз болмаған жерде, аналитикалық формант та, аналитикалық сөз формалары да болмайды. Бірақ көмекші сөздің бәрі аналиткалық сөз формларын қалыптастыра бермейді, кейде аналитикалық тәсілмен жасалған туынды сөзді қалыптастыруы мүмкін. Мысалы, жарқ етті, еңбек қыл деген мысалдарда еліктеу сөз бен зат есімге көмекші етістіктер тіркескен. Бұлар аналитикалық формалы сөзге жатпайды, аналитикалық тәсілмен жасалған тіркесті күрделі сөзге жатады. Аналитикалық формалы сөздің төрт белгісі болады:



  1. Сөздің аналитикалық формасы белгілі бір грамматикалық категорияның парадигмалық жүйесіне енуі керек;

  2. Әрбір аналитикалық формалы сөздің дербес лексикалық мағынасы, сол лексикалық мағынадан туындайтын сөз табы ретіндегі жалпы грамматикалық мағынасы және көмекші сөз (немесе қосымша мен көмекші сөз) арқылы берілетін категориялық грамматикалық мағынасы болады;

  3. Аналитикалық формалы сөз көмекші сөздер және аналитикалық форманттар арқылы жасалады;

  4. Сөздің аналитикалық формасы белгілі бір сөз табына жататын сөздердің басым көпшілігінен жасала береді.

Қазақ тіліндегі аналитикалық формалы сөздерді үш түрлі құрамда кездестіруге болады:

  1. Дербес сөз+қосымша+көмекші сөз (қара+п қал-ды, үй+ге қарай);

  2. Дербес сөз+көмекші сөз (жүр еді);

  3. Көмекші сөз+дербес сөз (өте жақсы).

Аналитикалық тәсілмен түрленген етістіктерді етістіктің аналитикалық формалары деп те, аналитикалық формалы етістіктер деп те, тіпті кейде аналитикалық етістікер деп те атай береміз. Етістіктің аналитикалық формалары етістіктің аналитикалық форманттары арқылы ғана қалыптасады. Аналитикалық формант дегеніміз – қосымша мен көмекші сөзден тұратын белгілі бір сөз табының қандай да бір грамматикалық категориясына жататын грамматикалық мағынаға ие күрделі морфологиялық түрлендіруші тұлға. Етістіктің аналитикалық форманттары құрамына қарай кемінде екі морфемадан, немесе одан да көп морфемалардан құралуы мүмкін. Мысалы, Алақаныма қыса қойдым. Мен шықшыттан періп кеп жібердім.

Етістіктің лексика-грамматикалық және грамматикалық категориялары. Етістік – сөз таптарының ішіндегі грамматикалық категорияға ең бай сөз табы. Етістіктің грамматикалық категориялары лексика-грамматикалық категориялар және таза грамматикалық категориялар деп екіге бөлінеді. Етістіктің лексика-грамматикалық категорияларына салттылық-сабақтылық, етіс және болымды-болымсыздық категориялары жатады. Ал сипат, шақ, рай, модаль категориялары етістіктің таза грамматикалық категориялары болып табылады.

Салттылық-сабақтылық, етіс және болымды-болымсыздық категорияларының лексика-грамматикалық категория деп танылуына осы категорияларды құрайтын грамматикалық мағыналардың тікелей лексикалық мағынамен байланысып жатуы, немесе осы категориялардың тұлғаларын етістікке қосқанда оның лексикалық мағынасына аз-кем өзгеріс енуі себеп болған. Ал таза граммаатикалық категориялардың мағыналары – лексикалық мағынаға тікелей байланысты емес, сөз табы ретіндегі грамматикалық мағынаның үстіне жамалатын мағыналар.

Етістіктің есімше, көсемше және қимыл есімі мен қимыл иесі тұлғалары жеке-жеке грамаатикалық категорияларды құрамайды, бұлар етістіктің ерекше түрлері деп танылады. Рас, есімше мен көсемше шақ категориясының грамматикалық мағыналарын білдіреді, сол категорияның формалық көрсеткіші деп танылады, бірақжеке өздері грамматикалық категория бола алмайды.

Етістіктің лексика-грамматикалық категорияларының, оның ішінде салттылық-сабақтылық және етіс категорияларының грамматикалық мағыналарын дұрыс ажырату үшін етістіктің зат есімдермен қарым-қатынастарына, дәлірек айтқанда, етістік атайтын шындық өмірдегі қимылдың зат есім атайтын шындық өмірдегі заттармен қарым-қатынастарына үңіліп, сипатын ашып алайық. Етістік қатарына жататын тілдегі сөздер өмірдегі әралуан қимыл-қозғалыстарды, амал-әрекеттерді, қалып-күйлерді атайды. Ал бұл аталған белгілер (қимыл-қозғалыстар, амал-әрекеттер, қалып-күйлер) затқа ғана тән. Зат болмаған жерде, аталған белгілер де болуы мүмкін емес. Ендеше зат пен қимыл, қимыл мен зат бір бірімен тығыз диалектикалық байланыста болады. Өмірдегі зат пен қимылдың, немесе қимыл мен заттың байланыстарын үш түрлі қарым-қатынас ыңғайында тануға (көруге) болады.

Біріншіден, зат қимылдың иесі болады, немесе, керісінше айтсақ, қимыл заттың не динамикалық-процестік, не статистикалық-қалыптың белгісі болып табылады. Зат пен қимылдың мұндай қатынасын субъектілік қатынас деп танимыз. Мысалы, Бала оқыды деген сөйлемде бірінші сөз (зат есім) арқылы зат аталған, екінші сөз (етістік) арқылы қимыл-әрекет аталған. Зат пен қимылдың қарым-қатынасына үңілсек, зат қимыл-әрекетті атқарушы, яғни қимылдың субъектісі болып тұр. Ал қимыл заттың предикаттық белгісі болып тұр. Сондықтан қимылды атқарушы затты логикалық субъекті деп атаймыз. Жоғарыдағы логикалық субъектіні атаған зат есім әрі грамматикалық бастауыш қызметінде тұр. Бұлардың орындарын ауыстырып қолданып, синтаксистік қатынастарын өзгерткенмен, олардың арасындағы логика-семантикалық қатынас өзгермейді: Оқитын бала ... Мұнда етістік предикат-белгіден анықтауыш белгіге айналғанмен, зат есім бастауыш (сөйлемдегі баяндауыш арқылы берілетін іс-әрекет, жай-күйдің иесін білдіретін тұрлаулы мүшеден) анықталушы сөзге ауысқан, бірақ зат пен қимылдың араларындағы логика-семантикалық қатынас өзгерген жоқ, бала – өзіне анықтауыш болып тұрған етістіктегі қимылдың иесі, етістік – сол зат жасаған қимыл.

Екіншіден, зат қимылдың объектісі болады. Объекті – субъектінің қимылы тікелей немесе жанама қамтитын, қамтыған зат. Мысалы, Нұржан дәптерді Әсемге берді деген сөйлемдегі қимыл (беру) мен заттардың (Нұржан, дәптер, Әсем) қарым-қатынастарына үңілсек, Нұржан деген зат қимылды жасаушы зат (қимылдың субъектісі) болады да, қалған екі зат (дәптер мен Әсем) беру қимылы қамтиған заттар боалды. Атап айтқанда, дәптер – қимылдың тура объектісі, Әсем – жанама объектісі. Басқаша айтсақ, беру қимылы жасалу барысында дәптер деген затты қозғалысқа түсірді (дәптер Нұржаннан Әсемге өтті), сондай-ақ Әсем деген затқа бағытталды. Зат пен қимыл арасындағы осындай қарым-қатынастарды объектілік қатынас дейміз. Қимылдың объектілері өз ішінен тура объекті (қимыл тікелей қамтитын заттар) және жанама объекті (қимыл жанама қамтитын заттар) болып екіге бөлінеді. Жанама объектілер өз ішінен адресат-объект, адрес-объект, адресант-объект және құрал-объект болып жіктеле алады.

Үшіншіден, зат пен қимыл өзара көлемдік қатынастарда байланысады. Зат пен қимылдың көлемдік қатынасы, негізінен, кеңістік ішінде, атап айтқанда, зат қимылдың кеңістіктегі орны, мекені, бағыты ретінде көрінеді. Қандай қимыл болмасын уақыт пен кеңістіктен тысқары жасалмайды. Яғни, қимыл жасалар болса, белгілі бір уақыт ішінде, шектеулі мерзім аралығында өтеді, сондай-ақ белгілі бір көлемдегі кеңістікті қамтып, жүзеге асады. Заттар қимылдың сол кеңістіктегі орны: адресат-мекені (бағыт-бағдары), нақты мекені, адресант-мекені болып табылады. Мысалы, Омар Алматыдан Семейге келді деген сөйлемдегі Алматы – келу қимылының кеңістіктегі басталу орны, адресант мекені, Семей – сол қимылдың бағыты, кеңістіктегі аяқталар нүктесі, яғни, адресат-мекені. Зат пен қимыл арасындағы қатынасты мекендік қатынас деп атуға болады.

Зат пен қимыл арасындағы субъектілік қатынас, бір жағынан, етістіктің етіс категориясының мағыналарына, екіншіден, сөйлемнің тұрлаулы мүшелерінің, бастауыш пен баяндауыштың мағыналық қарым-қатынастарына арқау, негіз болады, объектілік қатынас, бір жағынан, етістіктің салттылық-сабақтылық категориясының мағыналарына, екіншіден, сөйлемнің толықтауыш мүшелерінің мағыналарына арқау, негіз болады. Ал зат пен қимылдың арасындағы мекендік қатынастар тек сөйлем мүшелерінің, оның ішінде, мекен пысықтауыштардың, мағыналарын құрайды.

Салттылық-сабақтылық категориясы. Салттылық-сабақтылық категориясы етістіктің салттылық және сабақтылық мағыналарынан тұрады. Етістіктің салттылық-сабақтылық мағыналары – етістікке арнайы грамматикалық тұлғалар қосылмай-ақ, етістік негізі арқылы берілетін, дәлірек айтқанда, етістіктің лексикалық мағынасынан шығатын мағыналар. Кез келеген етістіктің түбірі немесе негізі не салт мағыналы, не сабақты мағыналы болып келеді. Салттылық-сабақтылық мағыналар грамматикалық мағына қатарына жатады. Мысалы, оқы етістігі арқылы аталтын қимыл – тура объектіні (тікелей қамтитын затты, кітап, газет, жазу, т.б.) қамтып жасалатын қимыл. Қимылдың осы ерекшелігі оның алдымен лексикалық мағынасын қалыптастыратын негізгі бір компонентке (семаға), одан әрі сабақтылық мағынасына (грамматикалық мағынасына) негіз болады. Семантикасында осындай қасиет бар етістіктерді сабақты етістіктер дейміз. Ал кел етістігінде мұндай қасиет жоқ. Кел қимылы тура объектіні қамтымай-ақ жасалатын қимыл, тіпті бұл қимылдың жасалуына тура объекті мүлдем қажет емес. Сондықтан кел етістігінің лексикалық мағыналдарын құрайтын мағыналық компоненттердің ішінде «тура объектіні қамту» семасы жоқ. Кел етістігінің лексикалық мағынасындағы осы ерекшелік оның салттылық мағынасына негіз болады. Сонымен, лексикалық мағынасында «тура объектіні қамту» семасы бар, грамматикалық мағынасы арқылы тура объектіні атайтын сөзді қажет ететін етістіктерді сабақты етістік, лексикалық мағынасында «тура объектіні қамту» семасы жоқ, грамматикалық мағынасы арқылы тура объектіні атайтын сөзді қажет етпейтін етістіктерді салт етістік дейміз. Салт етістіктердің тура объектіні қажет етпеу және сабақты етістіктердің тура объектіні қажет ету мағыналары етістіктің салттылық-сабақтылық категориясының мағыналарын құрайды.

Етістіктердің салттылық-сабақтылық қасиеттерін айқындау үшін олардың семантикасына көңіл бөлуден гөрі тіркесімділік қабілеттеріне назар аудару – кеңінен қолданылып жүрген тәсіл. Сондықтан оқулықтар мен мәселеге қатысты әдебиеттерде «табыс септігіндегі сөзді (кейбірінде – тура толықтауышты) қажет ететін етістікті сабақты етістік дейміз», «табыс септігіндегі сөзді (кейбірінде – тура толықтауышты) қажет етпейтін етістікті салт етістік дейміз», «табыс септігіндегі сөзбен байланыса алатын етістік – сабақты етістік, табыс септігіндегі сөзбен байланыспайтын етістік – салт етістік» үлгісіндегі анықтамалар беріліп жүр. Ендеше сабақты етістіктердің табыс септігіндегі сөзбен тіркесу қабілеті, салт етістіктердің олармен тіркеспеу қасиеті – етістіктердің салттылық-сабақтылық мағыналарынан туындайтын синтаксистік құбылыс.

Сонымен, сабақты етістіктер арқылы аталатын қимылдардың тура объектіні қамтып жасалу қасиеті сол сөздердің лексикалық мағыналарында «тура объектіні қамту» мағыналық компонентінің (семасының) орын алуына негіз болады. Бұл мағыналық компонент өз кезегінде етістіктердің грамматикалық сабақтылық мағынасына негіз болады. Ал сабақтылық мағына, келесі кезекте, осы қатардағы етістіктердің табыс септігіндегі тура толықтауышпен синтаксистік байланыс орнатуына себеп болады. Сөйтіп, тілдің әр түрлі деңгейіндегі (лексикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына, синтакситік байланыс) сабақты етістіктерге қатысты ұғымдар бірінен бірі туындайтын, біріне бірі байланысп жатқан құбылыстар болып табылады. Бұл құбылыстардың бәрі зат пен қимылдың арасындағы объектілік қатынастан бастау алып жатады.

Зат пен қимыл арасындағы объектілік қатынастың мазмұны етістіктің етіс категриясының тұлғалары арқылы, дәлірек айтқанда, етістікке етіс тұлғалары жамаған грамматикалық мағыналар арқылы өзгеруі мүмкін. Атап айтқанда, етіс қосымшалары арқылы салт етістік сабақтыға, сабақты етістіктер салт етістікке айналып кетеді.



Етіс категориясы. Етіс – қимыл мен субъект арасындағы әр алуан қатынастарды білдіретін мағыналардан тұрады және ол мағыналар арнайы грамматикалық формалар (етіс жұрнақтары) арқылы қалыптасады. Етістің қимыл мен субъекті арасындағы қатынастарды білдірумен қатар, қимыл мен объект арасындағы қатынастарды өзгерту қасиеті бар.

Қазақ тілінде етістің төрт түрі бар:



  1. Өздік етіс. Қосымшасы: -н,- ын, -ін. Мысалы: жуын, киін, таран, т.б.;

  2. Өзгелік етіс. Қосымшалары: а) –ғыз, -гіз, -қыз, -кіз. Мысалы, жүргіз, айтқыз, жеткіз, т.б.;

ә) –дыр, -дір, -тыр, -тір. Мысалы, келтір, толтыр, күлдір, т.б.;

б) -ыр, -ір, -ар. Мысалы, өшір, шығар, татыр, т.б.;

в) –т. Мысалы, оқыт, тойлат, кекет, т.б..

3) Ырықсыз етіс. Қосымшалары: а) –н,- ын,-ін. Мысалы, білін, тазалан, т.б.;

ә) -л, -ыл, -іл. Мысалы, қозғал, жинал, т.б..

4) Ортақ етіс. Қосымшасы: -с, -ыс, -іс. Мысалы, жинас, салыс, т.б..

Өздік етіс. Өздік етіс – субъектінің қимылы сол субъектінің өзін қамтығанын білдіретін етістің түрі. Мысалы, Бала пәлтесін киді деген сөйлемдегі қимылды атаған сөз – ки етістігі, кию қимылының логикалық субъектісі – бала, сөйлемде бұл затты атаған сөз бастауыш қызметінде тұр, аталған қимыл қамтыған объект-зат – пәлте, бұл сөзді атаған зат есім тура толықтауыш қызметінде тұр. Енді сөйлемдегі етістікке өздік етіс жұрнағын қосып, сөйлемді қайта құрастырайық: Бала киінді. Енді киіну етістігі арқылы аталған қимылдың субъектісі мен объектісін анықтап көрейік: киіну қимылын жасаған – бала, яғни логикалық субъекті өзгерген жоқ, ал осы киіну қимылының объектісіне келсек, яғни, қимыл қамтыған зат – баланың өзі болып тұр. Басқаша айтсақ, кию қиымылының логикалық субъектісі – бала, объектісі – пәлте болса, киіну қимылының субъектісі де, объектісі де – бала. Бұл мағына етістікке өздік етіс жұрнағын қосу арқылы алынды. Ендеше өздік етіс дегеніміз – қимылдың субъектісі де объектісі де бір зат екенін білдіретін етіс болып шығады.

Өздік етісті анықтауда етістіктің негізі білдіретін қимылдың логикалық субъектісі мен объектісін анықтап алып, оны етіс жұрнағы жалғанғанн кейінгі етістік атаған қимылдың субъектісі мен объектісімен салыстыру әдісін қолданамыз. Мысалы, таран, боян, т.б. Таран етістігінің негізі – тара: бұл қимылдың логикалық субъектісі – кез келген зат (адам) бола алады, ал объектісі – шаш, немесе тарауға келетін басқа заттар; тара етістігінен алынған таран сөзі атайтын қимылдың логикалық субъектісі де - кез келген зат (адам) бола алады, бірақ тарану қимылы енді шаш, немесе тарауға келетін басқа заттарды емес, субъектінің өзін қамтығанын көреміз, яғни тарану әрекетінің субъектісі мен объектісі – бір зат. Сол сияқты бояну әрекетінің субъектісі – қыз десек, объектісі – сол қыздың көзі, шашы, беті, т.б. болуы мүмкін. Ал бояну әрекетінің субъектісі мен объектісі – қыздың өзі, өйткені бояну әрекетін қыз өзіне жасады.

Етістіктің өздік етіс тұлғасы тек сабақты етістіктерден ғана жасалады. Дегенмен сабақты етістіктердің бәрі бірдей өздік етіспен түрлене бермейді. Тек тура объектісін атайтын зат субъектінің бөлшегі немесе меншігі болатын етістіктерден ғана өздік етіс формасы қалыптасады. Мысалы, бояу қмиылының тура объектісі болатын бет, көз, шаш, т.б. қимылды жасаушы адамның бөлшегі- дене мүшелері, кию қимылының тура объектісі – киімнің түрлері –субъектінің меншік заттары. Салт етістіктер өздік етіс жұрнағын қабылдамайды.

Белін буынды, шашын таранды сияқты етістіктің негізі атайтын қимылдың тура объектілерін өздік етіс тұлғаларымен тіркестіріп қолдана беруге болады, бірақ бұл – қазақ тілінің сөйлеу нормасына сай емес, стильдік мақсаттағы нормадан ауытқу болып табылады.

Өздік етіске беріліп жүрген анықтамалардың бірі – «қимылды субъекті өзіне жасағанын, немесе өзі үшін жасағанын білдіретін етістің түрі өздік етіс деп аталады». Мұндағы «субъекті қимылды өзі үшін жасағанын білдіретін етіске» сұран, қаран, ойлан, тебін, көрін, т.б. с.с. қатардағы етіс тұлғасындағы сөздер жатқызылып жүр. Бұл етіс тұлғаларындағы етістік арқылы аталған қимылдарда субъектілер әрі объекті ретінде көрінбейді. Яғни, субъектінің қимылы өзін қамтымайды. Есесіне қимылды субъекті өзі үшін жасағанын байқаймыз. Өзі үшін сұранады, өзі үшін қаранады, өзі үшін ойланады, т.б.

Өздік етіс жұрнақтары кейде етістік тудырушы құранды жұрнақ құрамында кезедседі: намыстан, ауыздан, т.б.. Сондай-ақ бүгінгі таңда түбірін анықтау қиындаған сөздердің құрамында да ұшырасады; оян, үйрен, т.б..



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет