3.Үгедей ұлысының аумағын карта бойынша белгілеңіз. Үгедей ұлысы. Үгедей – Шыңғысханның үшінші баласы. Оған Батыс Монғолия мен Алтай, Тарбағатай, Ертістің жоғары ағысы бойындағы жерлер қараған. Ол ұлы хан атағын алғаннан кейін Орхонда, Қарақорымда тұрған.
5-билет Тәуке ханнан кейінгі Қазақ хандығындағы қалыптасқан жағдай.
Тәуке хан (1680-1715) билік еткен жылдары қазақ хандығы орталықтандырылған мемлекет болып қала берді. Қазақ хандығында бейбіт өмір орнады, заңдар қатаң сақталды, тайпааралык алауыздык азайды. Шиеленіскен ірі даулар мен айтыс-тартыстар беделді билердің тікелей араласуымен шешіліп отырды. Барымта-карымта, жайылымдар мен су көздерін бөлісу жөніндеп алауыздықтар мейлінше азайды. Қазақтың әскери жасақтарының жауынгерлік кабілеті күшейді. Ішкі ауызбірліктін арқасында елдің орасан зор аумағының тұтастығы сақталды. Қазақтар солтүстігінде орыстардың Тара қаласынан бастап, оңтүстігінде Ташкент қаласына дейінгі, батысында Жайық (Орал) өзенінен бастап, шығысында Ертістің орта ағысына дейінгі жерлерді иеленді. Қазақтардың Еділ (Волга) өзені аймағында көшіп-қонып жүрген кездері де болды.
Тәуке хан тарихқа «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасаған билеуші ретінде кеңінен танылды. Оның кезінде құрамында қазақ даласының данышпандары атанған аса беделді Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бар билер кеңесі құрылды. Олардың жеке тұлғалары мен аттарының өзі бүкіл қазақ халқының және Қазақ хандығының бірлігі мен біртұтас топтасқандығын білдірді. Тәуке ханның кезінде қазақтардың үш жүзінің ең таңдаулы да беделді деген өкілдері жыл сайын бас қосып, аса маңызды мәселелерді талқылап, шешім қабылдап отырды. Ондай жиын Оңтүстік Қазақстанның аумағындағы Күлтөбе деген жерде өтіп тұрды. Атақты ханның ордасы орналасқан қала қасиетті Түркістан болды. Қазақтар Сырдария өзенінің өңіріндеп 32 қалаға иелік етіп, басқарып отырды. Тарихшы ғалымдар Тәуке хан билік құрған уақытты Қазақ хандығының «алтын ғасыр» кезеңі деп бекер атамаған. Атақты орыс тарихшысы А.И. Левшин осы билеуші туралы былай деп жазады: «Ол оларды, тайпаларды, өліспей беріспейтін алауыздықтан арылтты, олардың арасындағы бірнеше жылга созылған қанды қырғын сойқанды тоқтатты, ол өзгелердің бәрін де асқан ақыл-парасатымен, қара қылды қақ жарган әділеттілігімен өзіне бағындыра білді».
Хандықтың біртұтас бірлігін және оның шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен Тәуке хан күшті де ықпалды сыртқы саясат жүргізді. Сөйтіп ол қырғыздармен және қарақалпақтармен әскери одақ құруға қол жеткізді. Бұл шараның арқасында Қазақ хандығының аумағына Жоңғар қалмақтарының шабуыл жасауынан төнген қатерді тоқтатудың сәті түсті.
Тәуке ханның бүкіл қызметі көрші халықтармен тату-тәтті, жақсы қарым-қатынас орнатуға және Қазақ жерін сыртқы жаулардан қорғауға бағытталды. Оның осы мақсатпен Ресейге және Орта Азия хандықтарына бірнеше рет елшілер жібергені жақсы мәлім. Оларға жүктелген міндет сыртқы жауларға қарсы күресу үшін әскери одақ құрып қайту болды.
Тәуке ханның жасағы 80 мыңға жуық жауынгерден тұрды. Мұның өзі жатжерлік басқыншыларға тойтарыс беруге қабілетті едәуір үлкен күш еді. Елдің әскери күш-қуатын нығайтқан аса көрнекті еңбегі үшін және жаумен қанды шайқастарда көрсеткен жеке ерлігі үшін оған батыр атағы берілді.
Тәуке хан 1715 жылы қайтыс болды. Оның мұрагері Қайып хан Қазақ мемлекетінің бұрынғы ұлылығын берік ұстап тұра алмады. Жаңадан келген билеп-төстеушіге сұлтандардың топтары тарапынан наразылык күшейіп, бақ таласы мен тақ таласы өрши түсті. Қазақ даласында жоғары билік жолындағы күрес шиеленісе берді. Мұның өзі дәстүрлі қазақ хандығын дағдарысты күйзеліске ұшыратты. Рулар, тайпалар және жүздер арасындағы бірлік пен байланыс әлсіреді. Баяғы алтыбақан алауыздық қайтадан қозды. Сұлтандардың аймақтық сеператизмі күшейді. Қазақтың барлық жүзінің өз ішінде келте хандары пайда бола бастады. Орталык хандық биліктің әлсіреуі Кіші жүзде - Әбілқайырдың, Орта жүзде - Болаттың, Сәмекенің, Кушііктің, Ұлы жүзде — Жолбарыстың, Иманның жағдайын әлдеқайда нығайта түсумен жалғасты.
Бұл хандармен қатар қазақ даласында Барақ, Әбілмәмбет, Батыр, Сұлтанбет сияқты басқа да сұлтандардың беделі арта берді. Атап айтқанда, Сұлтанбет өзінің толып жатқан ұлдары арқылы Ертіс бойы қазақтарына билік жүргізді. Оның жергілікті қазақтардың арасына ғана емес, сонымен қатар шекаралас орыс өкіметі орындарына да елеулі ықпалы болды.
XVIII ғасырдың бас кезінде қазақ мемлекетінің іштен ыдырауы күшейе түскен жағдайда, ол сыртқы алпауыт мемлекеттердің тарапынан ерекше қызығушылық тудырған нысанға айналды. Өйткені бұл кез империялық мемлекеттердің жаңа отарларды басып алуды күшейткен тұсы еді. Егер Үндістан аумағында Англияның отаршылдық экспансиясы ұлғая түсіп жатса, Ресей Швециямен соғыс әрекеттері (1701—1721 жылдар) аяқталғаннан кейін, Қазақстан мен Орта Азияға қарай көз алартты.
Қытай мен Ресей империясы Қазақ хандығы мен Жоңғария хандығы сияқты көшпелі мемлекеттердің әлсіреуіне бірдей мүдделі болды. Ресей империясының Қазақстанмен шекаралас аймақтардағы негізгі қызметі дипломатиялық қарым-қатынастар орнатуды және әскери барлау шараларын жүргізуді еселеп күшейтуге бағытталды. Бұл шаралар қазақтар көшіп-қонып жүретін шекарада әскери бекіністер желісін салуды жиілендіріп жіберді. Мәселен, 1716-1720 жылдардың кезеңінде Ертіс өзенінің оң жақ жағалауында Омбы, Черкасск, Железинск, Жәмішев, Семей, Өскемен сияқты және басқа да әскери бекіністер тізбегі салынды. Кейінірек олардың ара-арасына шағын бекіністер — редуттер мен форпосттар салына бастады.
Бұл кезде қазақтар Еділ қалмақтарының, башқұрттардың, Орал және Сібір Қазақтарының тарапынан мезгіл-мезгіл жасалып тұрған шабуылдардың ауыр зардаптарын бастарынан кешірумен болды. Ал олардың бәрі де патша үкіметінің қол астына қарайтын орыс бодандары еді. Қазақтарды оңтүстіктен Орта Азия хандықтарының билеушілері, ал Оңтүстік-шығыстан жауынгер жоңғар қалмақтары ығыстыра түсті. Жалпы алғанда, бұл кезде Қазақ мемлекетінің шекараларында өте күрделі де қауіпті жағдай қалыптасты.