2.Екінші басымдық: Қазақстан экономикасын тұрлаулы экономикалық өрлеудің іргетасы ретінде одан әрі жаңарту мен әртараптандыру
Ел экономикасындағы өрлеудің тұрлаулы әрі серпінді сипатын ұстап тұру үшін мемлекет қазынагерлік, кредит-ақша саясатының, өндірістің негізгі факторларын тиімді қайта бөлуді мемлекеттік реттеу тетіктерін пайдаланып, жоғары сапалы өнім мен қызметке деген сұранысты көтермелеп отыруға міндетті.
Қазақстан экономикасын алдағы уақытта одан әрі жаңарту мен әртараптандыру мақсатында нақтылы тұрғыда мынадай бағыттарға баса көңіл бөлу керек деп санаймын.
2.1. Ақша-кредит саясаты
Ақша-кредит саясатының негізгі мақсаты – инфляцияны тежеуді қамтамасыз ету. Бұл мақсатқа жету жолындағы жауапкершілік Ұлттық банк пен Үкіметке жүктеледі. Олардың қолында сол үшін барлық өкілеттіктер мен құралдар бар.
Ақша-кредит саясатының келесі міндеті – қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету, инфляция өсімінің залалды зардаптарын төмендету, сонымен бір мезгілде экономикалық өрлеуді ынталандыру үшін нақтылы айырбас бағамының икемділігін сақтап тұру.
Осы орайда Ұлттық қор маңызды рөл атқаруға тиіс. Үкімет Қор қаражатының ашықтығын және ұтымды құралуы мен пайдаланылуын қамтамасыз етуге тиіс деп санаймын.
2.2. Қадағалау тәртібі мен тиімді салық саясаты
Салық және кеден саясатын реформалау күллі экономикалық жаңару саясатының маңызды құралы болуы керек.
Экономикамыздың жаңа салаларын әртараптандыру мен дамытуды ынталандыру, бұл салаларға шетел капиталы мен соны ілімді тарту мақсатында икемді салық және бюджет саясатын пайдалану маңызды.
Өндірісті дамыту мен кеңейту мақсатында қосымша құн салығының мөлшерлемесін төмендету қажет деп санаймын.
Ірі салық төлеушілерден түскен салық түсімдерін жинауды тексеру үшін Қаржы министрлігінің Салық комитетінде арнаулы бөлім құруды ойластыру керек. Ол бөлім тексеру ісіне мүдделер қайшылығынан ада халықаралық аудиторлық фирмаларды тартуға тиіс.
Қатаң бюджет және салық тәртібі сақталуға тиіс.
2.3. Экономиканың отын-энергетика және өндіруші секторларының тиімділігі мен экономикалық қайтарым деңгейін арттыру
Ішкі және әлемдік рыноктардың жаңа тауашаларын біз өндіруші өнеркәсіптің мұнай, газ және басқа салаларында терең өңдеуді дамыту есебінен игеруіміз керек.
Әрбір мұнай-газ кеніші кәсіпкерлікті дамытудың осы заманғы тұрмыстық қызмет көрсетуден бастап, ең озық инженерлік және бағдарламалық қамтамасыз ету саласына дейінгі ауқымды қамтитын өзіндік тұтас аумақ ретінде қарастырылуға тиіс.
Тұтынушыларының алдында Қазақстан сенімді өнім берушінің абыройын жоғары ұстауға тиіс.
Биылғы жылдың ішінде Үкімет Қазақстанда мұнай-химия өнеркәсібін дамытудың таяудағы он жылға арналған кешенді Бас жоспарын нақтылы орындауға кіріседі деген ойдамын.
2.4. Мемлекеттік активтерді тиімді басқару
Үкімет мемлекет активтерін басқарудың ашық және айқын жүйесін жасауы қажет. Мемлекеттің меншігіне түгендеу жүргізіп, күллі еліміз үшін біртұтас деректер базасын жасаған жөн. Медетшілік жасау немесе банкроттық туралы шешім шығарған кезде біртұтас өлшемдер қолданылуы керек. Банкроттық шығынды мемлекеттік кәсіпорындардың қызметін қалпына келтіру мүмкіндігі қалмаған жағдайда жасалатын соңғы қадам болуға тиіс.
Банкроттықты мемлекеттік мүлікті басқарудың өзі үшін ең ұтымды тәсілі санайтын белгілі бір конкурстық басқарушыларды қайталап қатыстыру тәжірибесінен арылып, бұл салада барынша бәсекелестік туғызуды ойластырған дұрыс. Қажеттігіне қарай, мемлекеттің неғұрлым ірі активтерін басқару үшін халықаралық компанияларды да жалдау керек.
2.5. Нарық қағидаттары негізінде мемлекет пен жеке меншік сектор арасындағы экономикалық өзара қатынастардың тиімділігін арттыру
Біз экономикаға мемлекеттің қатысуын әкімшілік реформаның есебінен оңтайландыруымыз керек.
Жаңа экономика жаңа басқару шешімдерін қажетсінеді, ал ондай шешімдерді осы заманға сай ойлай білетін және түпкі нәтижеге бағдарланған мемлекеттік менеджерлер ғана қабылдауға қабілетті.
Қоғамдағы келісім-шарттық қатынастарды дамыту мен жеке меншік институтын нығайту үшін қосымша заңнамалық және әкімшілік шаралар, сондай-ақ даулар мен төрелік ету рәсімдерін тәуелсіз тұрғыда қарау жүйесін дамыту қажет.
Келісім-шарттық міндеттемелерді орындамағаны үшін экономикалық, әкімшілік, керек десеңіз, қылмыстық жауапкершілік билік органдарының өкілдеріне де, сондай-ақ экономикалық өмірдің басқа да барлық агенттеріне қолданылуға тиіс.
Біз үшін миноритарлық акционерлер мен құрылтайшылардың құқықтарын қорғау жөніндегі бара-бар заңнаманың болуы өте-мөте маңызды. Сондай-ақ, ұлт меншігінен қайтадан алуға қарсы заңнамалық кепілдіктер берілуін қарастыру қажет.
“Электрондық үкімет” жүйесін шұғыл енгізу қажеттігін әдейі баса көрсеткім келеді. Ол мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттырып, сыбайластық пен әкімшілік кедергілерді кемітуге қол жеткізеді.
2.6. Кәсіпкерлікке кең ауқымды мемлекеттік қолдауды іске асыру, шағын және орта бизнестің тұғырын кеңейту мен нығайту
Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры халықтың кәсіпкерлік әлеуеті мен бастамашылығын іске асыруға тырысқан түрлі топтары үшін қаржы ресурстары мен сараптама жасаудың нақты қайнарына айналуға тиіс. Қордың өкілдік желісін кеңейту, өңірлердегі кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жұмысты күшейту қажет.
Сонымен қатар, металлургияда, банк саласында, сақтандыруда, химия өнеркәсібінде және басқа салаларда сақталып қалған “жасырын” монополияларды құрту қажет. Мұны монополияға қарсы заңнаманы реформалау арқылы, сондай-ақ отандық және шетелдік жаңа компаниялардың экономиканың осы секторларына кіруі үшін тартымды әрі ашық жағдайлар туғызу арқылы, яғни осы секторлардағы бәсекелестікті арттыру арқылы жасау керек.
Бюрократияның өндірістік активтерге бақылау жасауға ұмтылған әрекеттеріне жол бермеу керек.
2.7. Өңірлік әлеуметтік даму мен кәсіпкерлік корпорацияларын құру есебінен экономикалық өркендеудің өңірлік “локомотивтерін” жасақтау
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) – бұл өз қызметін өндірістен және тауарлар мен қызмет сатудан пайда табу мақсатында ұйымдастыратын тұрлаулы бизнес-құрылымдар. ӘКК-нің коммерциялық корпорациялардан басты айырмашылығы сонда, олар алынған пайданы өздері мүддесін көздеп құрылған сол өңірдегі халықтың әлеуметтік, экономикалық немесе мәдени мақсаттары үшін қайтадан жұмсайды.
Қазақстанның түрлі өңірлерінде бастапқы кезеңде қолдарына коммуналдық меншікті, жерді, жаңа бизнес жасау үшін пайдалануға болатын жұмыс істеп тұрған рентабельсіз кәсіпорындарды беру арқылы ӘКК жасақтауға болады.
Әрбір ӘКК өзіндік бір өңірлік даму институтына айналуға тиіс, оның еліміздің тиісті өңіріндегі мемлекеттік активтерді басқаратын холдинг компаниясы ретінде жұмыс істеуі мүмкін.
Содан кейінгі кезеңде басқару тәжірибесін жинақтауы мен ӘКК-нің капиталдану деңгейінің артуына қарай олардың өңірлік және халықаралық рынокқа шығуымен қоса, “жауапкершілік аясын” кеңейту мен әртараптандыру жөнінде әңгіме қозғауға болар еді.
Бұл корпорациялардың қызметі жаңа жобалар тартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға, кооперациялануды күшейтуге бағытталады.
Сөйтіп ӘКК ірі жұмыс берушілерге әрі ел дамуының жолбасшысына айналады, бұл ретте ол мемлекеттік қызметшілер санын өсіріп, мемлекетке салмақ салмайтын болады.
2.8. Экономиканы теңдестіре дамыту қажеттігіне сай келетін аумақтық даму
Бүгінгі таңда тұтас алғанда еліміздегі экономикалық жаңарудың “локомотиві” болуға қабілетті дамыған өңірлік орталықтардың экономикалық қызметін жандандыруға, сондай-ақ өңірлердің ұтымды экономикалық мамандануын қалыптастыруға бағытталған осы заманғы жаңа аумақтық даму стратегиясы қажет. Мұның бәрі де Қазақстанның 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясында бейнеленуге тиіс.
2.9. Астананы осы заманғы әлемдік стандарттарға сай келетін қала ретінде, Еуразиядағы халықаралық ықпалдастықтың ірі орталықтарының бірі ретінде дамыту
Қысқа мерзімнің ішінде Астана еліміздің осы заманғы жедел өсіп келе жатқан ірі қаласына айналып үлгерді. Оның еуразиялық кеңістіктегі үлгілі астанаға айналуы үшін, еліміздің тұрлаулы дамуын қамтамасыз етудің негізіне айналуы үшін толық мүмкіндігі бар.
Біз бұл үшін бірнеше ауқымды жобаларды іске асыруымыз керек.
Астананың сол жағалауында осы заманғы медицинаның негізгі бағыттарын біріктіретін жаңа орталықтың негізінде осы заманғы, инновациялық және серпінді медициналық қызмет кластерін құру қажет.
Елордамызда бірегей академиялық орта қалыптастыру үшін біз халықаралық деңгейдегі беделді университет құратын боламыз.
Сонымен қатар, құрылыс материалдары, жиһаз, азық-түлік өнеркәсібі салаларының өндірістері және басқа да бәсекеге қабілетті бағыттар шоғырландырылатын индустриялық аймақтың дамуын да қамтамасыз ету қажет.
Әрбір құрылыс салушы өз капиталының бір бөлігін қаланың әлеуметтік саласының дамуына жұмсауға тиіс. Бұл қаланы дамыту үдерісіне бизнесті және халықты тартудың маңызды факторы болып табылады.
Әлемдік бизнестің, іскерлік туризмнің, халықаралық маңызы бар ғылыми және мәдени шаралар өткізудің тартымды орынына айналдыру үшін қаланың беделдік бейнесін көтере беруге баса көңіл бөлу керек.
Келешекте қаланың дамуы Теміртау, Қарағанды агломерациясы және Щучье-Бурабай курорттық аймағы қалаларын қамту арқылы құрылатын желілік “өсу аймағының” жасақталуы арқылы өзгеруге тиіс.
2.10. Нақты іске асыру
Екінші басымдықты нақты іске асыру мақсатында Үкіметке мыналарды тапсырамын:
• Валюталық операцияларды жүзеге асыру тәртібін оңайлату арқылы “Валюталық реттеу туралы” Заңға тәуелді актілерді әзірлеу жұмыстарын аяқтайтын болсын.
• 2007 жылдан бастап қосымша құн салығының ставкасын 1%-ға, ал 2008-2009 жылдары қосымша тағы да 1-2 %-ға азайту.
• 2008 жылдан бастап әлеуметтік салық шамамен 30%-ға азайтылып, ол жұмыс берушілерді жұмысшылар жалақысын өсіруге ынталандыруы керек.
• 2007 жылдан бастап, барлық жеке тұлғалар үшін табыс салығының 10%-дық белгіленген мөлшерлемесі енгізілсін. Еңбекақысы аз жұмысшылар санатының табыс деңгейін сақтау мақсатында айлық есептік көрсеткіштің орнына олардың салық салынатын табысынан ең аз жалақы мөлшерін алып тастауды ұсынамын.
• 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын бизнес субъектілері үшін салық салудың кемітілген бірыңғай мөлшерлемесі енгізілсін.
• Алты ай ішінде жоғарыда айтылған Салық қызметінің арнайы бөлімін құру жөнінде нақты ұсыныс әзірлесін.
• 2006 жылы мұнай-химия өндірісін дамытудың таяудағы он жылға арналған кешенді Бас жоспарын белсенді түрде іске асыруды қолға алсын.
• Пайдалану мен тиімділік өлшемінің нақты мақсаттарын айқындау арқылы Мемлекеттік меншіктің бірыңғай тізілімін жасасын.
• 2006 жылдың ішінде келісім-шарттық міндеттемелерді орындау үшін жауапкершілікті арттыруға бағытталған қосымша шаралар кешенін әзірлеп, талқылауға ұсынатын болсын.
• Ұлттық банк пен Қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын қадағалау және реттеу жөніндегі агенттік компаниялардың жарғылық қорындағы үлестері аз инвесторлардың, акционерлер мен құрылтайшылардың құқықтарын қорғау туралы заңды әзірлесін.
• “Электрондық үкімет” жобасын іске асыруды жеделдетсін. Ол үшін биылғы жылы “Біріздендірілген номерлердің ұлттық тізілімі туралы” Заң қабылдануға және “Ақпараттандыру туралы” Заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілуге тиіс. Нақты іске асырылған жағдайда мұның өзі әрбір азаматтың енді қазіргі кезде жиі талап етіліп жүрген СТН, ӘЖК, төлқұжат нөмірі және басқа да құжаттардың орнына өзінің әмбебап дербес кодын иеленуіне мүмкіндік береді.
• Алты ай ішінде монополияға қарсы және бәсекелестікті қорғау туралы заңнамаларды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізілсін.
• 2006 жылы Қазақстанның 2015 жылға дейінгі Аумақтық даму стратегиясын әзірлеуді аяқтайтын болсын.
• Үш ай ішінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құру тұжырымдамасын әзірлесін және 2006 жылдың қыркүйегіне дейін нақты көрсетілген өңірлерде ӘКК құрайтын болсын.
• 2006 жылы Астана қаласының 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын және Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды қолға алсын.
• Алты ай ішінде заңнамаға “Самұрық” мемлекеттік холдинг компаниясының қызметіне қатысты өзгерістер енгізсін және ұлттық компаниялардың құнды қағаздарын қаржы рыногына шығару бағдарламасын әзірлесін.
Достарыңызбен бөлісу: |