Қымбатты қазақстандықтар! Құрметті депутаттар және Үкімет мүшелері! Ханымдар мен мырзалар!


Бірінші басымдық: Қазақстанның әлемдік экономикаға ойдағыдай кірігуі – елдің     экономикалық дамуының сапалық серпілісінің негізі



бет2/13
Дата20.07.2020
өлшемі58,24 Kb.
#63355
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13
1. Бірінші басымдық: Қазақстанның әлемдік экономикаға ойдағыдай кірігуі – елдің     экономикалық дамуының сапалық серпілісінің негізі

 
Біз Қазақстанның жаһандық экономикалық үрдістерге сәйкес дамып келе жатқан ел болуын қалаймыз. Әлемдегі жасалған жаңа мен озық атаулыны бойына сіңірген, дүниежүзілік шаруашылықтан шағын да болса өзіне лайық “орнын” иемденген, әрі жаңа экономикалық жағдайларға жылдам бейімделуге қабілетті ел болуын қалаймыз.

 
Біз қатаң бәсекеге әзір тұрып, оны өз мүддемізге пайдалана білуіміз керек. Қазақстан көп тарапты халықаралық экономикалық жобаларға белсене қатыса алады, қатысуға тиіс те, өйткені олар біздің жаһандық экономикаға кірігуімізге жәрдемдеседі әрі сол арқылы біздің қолайлы экономикалық-географиялық жағдайымызға және қолымыздағы ресурстарымызға сүйенеді.

 
Мемлекет өз тарапынан іскерлік бастамашылықтың жолындағы заңнамалық, әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді ысырып тастауға, жеке меншік капиталдың келешегі үлкен кемел бастамаларына тікелей қолдау көрсетуге міндетті.

 
Қазақстанның экономикалық дамуындағы сапалық “серпілісті” әлемдік экономикаға кірігудің қажетті шарты ретінде пайымдай отырып, мен мынадай бағыттарға баса назар аудару керек деп санаймын.

 

1.1. Халықаралық маңыздағы “серпілістік” жобаларды      іске асыру, индустрияны дамыту, әлемдік рыноктың             белгілі бір тауашаларында бәсекеге қабілетті бола алатын тауарлар мен қызметтерді өндіру



 
Біз түпкі өнімдерін экспортқа шығаруға бағдарланған өндірістерді, мұнай-газ, көлік саласында және машина жасау мен металлургиядағы, химия мен агроөнеркәсіп кешеніндегі басқа да ішкі салаларда бірлескен кәсіпорындар құруға және дамытуға арқа сүйеуіміз керек. Алдымызда халықаралық ұйымдардың белсене қатысуымен биотехнологиялық орталықтар; өңірлік ІT-орталық ретінде ақпараттық технологиялар паркін дамыту міндеті тұр.

 
Үкімет ұлттық тауарлар мен қызмет көрсетудің бәсекеге қабілеттілігін қолдауға бағытталған нақты бағдарламалар қабылдауы қажет. Жеке меншік бизнесті қолдаудың және оның тауарлары мен қызметін әлемдік рыноктарға жылжытатын мамандандырылған құрылымдар болуы шарт, мұндай ұйымдардың әлемдік тәжірибесін зерделеп, оны еліміздің жағдайына бейімдеуіміз керек.

 

1.2. Қазақстанның өңірлік және халықаралық экономикалық бірлестіктер мен ассоциацияларға       қатысуы жолымен халықаралық экономикаға кірігуі



 
Қазақстан көп тарапты халықаралық экономикалық жобаларға белсене қатыса алады және қатысуға тиіс, мұның өзі біздің жаһандық экономикаға кірігуімізге жәрдемдеседі әрі біздің экспорттаушыларымызға қолдау көрсетеді.

 
Өңірлік серіктестікке келгенде, біз ЕурАзЭҚ шеңберінде өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге және Біртұтас Экономикалық кеңістікті қалыптастыруға одан әрі септесе беру ниетіндеміз.

 
Сонымен қатар Бүкілдүниежүзілік банк, Еуропа Қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі және таяуда құрылған Еуразия даму банкінің жобаларына баса назар аудару керек.

 


1.3. Қазақстанды экономикалық жаңарту мен халықаралық рыноктарда бәсекеге қабілеттілігін      нығайтудың қосымша құралы ретінде БСҰ-ға кіру

 
Қазақстанның БСҰ-ға кіруі жолындағы келіссөз үдерісі тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Республиканың сыртқы сауда режимін реттейтін заңдарының едәуір бөлігі қазірдің өзінде БСҰ нормаларына сәйкес келтірілді немесе Парламентте талқылану үстінде.

 
Еліміздің осы халықаралық экономикалық ұйымға енуі Қазақстанның дүниежүзілік рыноктағы бәсекеге қабілеттілігін нығайту үшін кең мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін. Дегенмен осы мүмкіндіктерді ұтымды әрі тиімді пайдалана білу керек.

 
Біз әлі қолға алынбаған секторлардағы шетел инвесторларының құрылтайшылық қатысуы деңгейіндегі экономикалық тұрғыдан өзін ақтамайтын шектеулерді алып тастауымыз керек.

 

1.4. Экспорттық-импорттық кредиттеуді дамытуды мемлекеттік қолдау



 
Шикізаттық емес тауарлардың экспорты мен жоғары технологиялық жабдықтардың импортын қолдау мен кредиттеу басымдыққа айналуға тиіс.

 
Бүгінгі күні дайын өнімдер экспортының көлемі жылына 2 миллиард АҚШ долларын құрап отыр. Шикізаттық емес экспорт он жылға жуық осы деңгейде қалып келеді. Ендігі жерде осы көлемді үдемелі түрде ұлғайтатын уақыт жетті.

 
Біз үздік әлемдік тәжірибеге сүйеніп, шет елдердің экспорт-импорт агенттіктерімен ынтымақтастықты белсенді дамытуымыз керек.

 


1.5. Қазақстанның жаңа технологияларды әзірлейтін         және дамытатын халықаралық компаниялардың құрылтайшысы және акционері ретінде қатысуы

 
 Қазақстанға өзінің ғылыми әлеуетіне қоса жоғары технологиялардың халықаралық бизнесіне қатысатын және оған бастапқы құрылтайшылық деңгейінде қатысу жөнінде бастамашылық танытатын уақыт жетті деп білемін.

 
Бұл жерде осы жұмыс үшін жауап беретін Инновациялық қордың атқаратын рөлі өте маңызды.

 
Біздің осы орайда экономикалық дамудың барынша “серпілісті” бағыттарындағы озық технологиялық идеяларды игеру үшін күллі дүние жүзіндегі жаңа немесе енді қалыптаса бастаған жоғары технологиялық компаниялар акцияларының пакеттерін сатып алатын басқа елдердің өнегесіне ден қойғанымыз абзал.

 
Осы арқылы біз тиісті авторлық құқық пен зияткерлік меншіктің иесі бола аламыз. Мұндай жобалар үшін бізге өзге елдердегі “құрметті консулдар” институтын кеңінен пайдалану керек.  
Үкімет Қазақстанның халықаралық рыноктағы технологиялық бастамашылығы мәселесін мұқият пысықтауы тиіс.

 


1.6. Қазақстанда зиаткерлік меншік құқығымен және сауда маркасымен қорғалған тауарлар өндірісі үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру

 
Қазақстанның авторлық құқық пен сауда белгісін қорғаудың қатаң кепілі ретіндегі беделін нығайту бізге экономиканың жаңа секторларын белсенді түрде дамытып, әртараптандыруға мүмкіндік береді.

 
Қазақстанда алдамыш өнімдерге төзбестік көзқарас туғызуға бағытталған жариялы науқан жүзеге асырылуға тиіс, сонымен қатар зияткерлік меншік құқығын бұзу мен сауда белгілерін қолдан жасаушылар үшін әкімшілік және қылмыстық қудалау шараларын қабылдау керек. Мұндай шаралардың жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өнімдер шығарушылардың мақұлдауы мен қолдауына ие болатынына, Қазақстан экономикасына жаңа инвестициялар ағысын қамтамасыз етіп, оны әртараптандыруға кең мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін.

 


1.7. Ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін академиялық орталықтар мен оқу орындарын құру

 
Қазақстанда халықаралық ұйымдардың қатысуымен осы заманғы ғылыми орталықтар мен “технологиялық парктер” құру мен дамыту, жаңа технологияларды игеру үдерісіне қолдау көрсету мен кадрлардың білігін бағдарлаудың икемді жүйесін қалыптастыруымыз керек.

 
Ғылыми әлеуетті дамыту қолданбалы ғылымды өндіріс пен бизнеске мейлінше жақындатуға бағытталуға тиіс.

 
Көш басында жүрген академиялық институттар мен орталықтарды Қазақстанға тарту үшін тиісті алғышарттар жасау қажет. Бұл үшін бізге Қазақстанда халықаралық оқу орындарын бірлесе дамыту үшін “инкубациялық жобалар” үлгісіндегі құралдарды пайдалануымыз керек.

 
“Инкубациялық жобаларды” дамытуды көтермелеу мақсатында Үкімет, Үндістанда жасалғандай, ғылыми орталықтарды дамыту үшін жер телімдерін тегін беру, бастапқы капитал бөлу, қажетті негіздік инфрақұрылымды жасақтау және басқа да бірсыпыра шараларды ұйымдастыру мәселелерін шешуге тиіс деп санаймын.

 


1.8. Осы заманғы және бәсекеге қабілетті көлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту

 
Қазақстанның көлік-коммуникация кешенінің басты мақсаты еуразиялық көлік жүйесіне кірігу болып қала береді. Көлік-коммуникация кешенін дамыту Еуропа мен Азия ортасындағы аралық көпір болып отырған еліміздің геостратегиялық орналасуының артықшылықтарын пайдалануды толығымен қамтамасыз етуге тиіс.

 
Жүктердің тез өткізілуін ұйымдастыру жөнінде тиімді рәсімдер енгізу үшін көршілермен арадағы нақтылы уағдаластықтарды дамыту қажет.

 
Осы және басқа да міндеттердің бәрі Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі Көлік стратегиясын әзірлеу мен іске асыру барысында ескерілуге тиіс.

 
Бұл мәселелерді шешуде біз мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті қамтамасыз ету тетіктеріне баса назар аударуға тиіспіз.

 


1.9. Табиғат ресурстарын пайдаланудың ашық саясатын іске асыру

 
Біз табиғи ресурстарды пайдаланудың, трансұлттық компаниялармен және өңірдегі басты көршілерімізбен ынтымақтастықтың айқын әрі тұрақты шарттарын қамтамасыз етудің ашық саясатын жүргізуге бастама көтердік және оны одан әрі жүргізе беретін боламыз. Бұл Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге нақты үлес қосып отырған келешегі зор сенімді әріптес ретіндегі беделін нығайта түседі.

 
Біз қазір Қазақстанның энергия ресурстарын әлемдік рынокқа жеткізудің арналарын әртараптандыру мен олардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ мұнай-газ кешеніне тікелей қатысты тереңдете өңдеу салаларының ең озық қарқынмен дамытылуына баса назар аударуымыз керек.

 


1.10. Алматыны қаржы және іскерлік белсенділіктің            ірі өңірлік орталығы ретінде дамыту

 
Орталық Азия өңірінің басты қаржы орталығы ретінде Алматының серпінді дамуы Қазақстанның ірі қаржы ұйымдарын өңірлік үлкен бизнес-жобаларға арналған займдар беру, сақтандыру мен қаржы қызметін көрсету саласында негізгі “мердігерлерге” айналдыру үшін қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктер туғызу мақсатына бағытталуға тиіс.

 
Қаржы орталығының тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін тиісті инфрақұрылымдар, ең алдымен, телекоммуникациялар жасақтау қажет. Сонымен қатар іскерлік қасиетімен танылған әрі осындай орталықтар мен сырт жерлерде  еркін аймақтар құру жөніндегі жұмыс тәжірибесі мол мықты менеджерлер тарту қажеттігі де анық.

 
“Еркін” қаржы-экономикалық аймақтарында ілеспе қызмет көрсету рыногын дамытуға да ерекше назар аудару керек.

 

1.11. Нақты іске асыру



 
Бірінші басымдықты нақты іске асыру мақсатында Үкіметке мына міндеттерді тапсырамын:

 
• 2006 жылы қолданылып жүрген нормативтік-құқықтық базаға талдау жасап, ретке келтіретін болсын. Қазақстан Республикасының “Бәсекелестік және монополистік қызметті шектеу туралы” Заңының жаңа редакциясын, “Концессиялар туралы” және “Өңірлік қаржы орталығы – Алматы қаласы  туралы” заңдарды әзірлесін.

 
• Салықтық және кедендік әкімшілік жүргізу реформасын іске асырсын, отандық өндірушілерге мемлекеттік көмек көрсетуді қайта бағдарласын, техникалық реттеудің ішкі стандарттарын БСҰ-ның халықаралық стандарттарына сәйкес келтірсін, қаржылық қызмет рыногын реформалауды жалғастырсын.

 
• БСҰ-ға кіру шеңберінде біздің экономикамыздың кейбір салаларын, әсіресе, шикізатты өңдеуді дамыта отырып, ауыл шаруашылығын қолдауға мүмкіндік беретін арнаулы экономикалық “бейімделу бағдарламасын” әзірлеп, іске асыратын болсын.

 
• Халықаралық рыноктың Қазақстан бәсекеге қабілетті өнім беруші бола алатын барлық секторларын ізерлей зерделеуді жалғастырсын және соны ескеріп, халықаралық бәсекеге қабілетті ұлттық тауарлар мен қызметті қолдаудың нақтылы және нысаналы бағдарламасын жасайтын болсын.

 
• Даму институттарымен және жетекші қазақстандық компаниялармен бірлесіп, мақсатты орта мерзімдік және ұзақ мерзімдік жобалар тізбесін түзетін болсын. Индустриялық аймақтардың, атап айтқанда, Астанадағы аймақтың, арнаулы экономикалық аймақтардың, көлік-логистикалық орталықтардың мәселелерін пысықтасын. Қытаймен шекаралық ынтымақтастықтың “Қорғас” орталығын дамытуға ерекше назар аударылуға тиіс.

 
• Мемлекеттік даму институттарының іс-қимылын үйлестіру үшін құрамына барлық даму институттары кіретін Басқару компаниясын жасақтасын.

 
• Биылғы жылы Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі Көлік стратегиясы бекітіліп, онда мемлекет-жеке меншік серіктестігі негізінде инфрақұрылымды дамыту бойынша бизнеспен арадағы тиімді ынтымақтастық қамтамасыз етілсін. Еуропа – Азия аралығында сапалы тасымалды қамтамасыз ету үшін кем дегенде 2-3 авиациялық торап құрылсын. Әуе тасымалына сапалы қызмет көрсетілуін қамтамасыз ету үшін Астана қаласында қызмет көрсету орталығы құрылсын.

 



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет