Түсінік хат 1. Жалпы орта білім беру деңгейінің 10-11-сыныптарына арналған "Информатика" пәнінен жаңартылған мазмұн бойынша үлгілік оқу бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 6 тармақшасына сәйкес әзірленген.
2. "Информатика" пәні бойынша оқу бағдарламасының мақсаттары білім алушыларға заманауи технологияларды сапалы қолдану үшін дағдыларды, білімді түсіну мен дұрыс үйрету болып табылады. Информатика пәнінің оқу бағдарламасы білім алушылардың кез келген жаста университетке түсу үшін қажетті деңгейде компьютерлердің қалай жұмыс істейтінін түсінуіне және жүйелерді талдауына, шешімдерді, бағдарламалық қосымшаларды жобалауына, жүйелерді дамытуына және қол жеткізілген нәтижелерді бағалауына бағытталған.
3. "Информатика" пәнін оқу мақсаты білім алушылардың оқуы мен жұмысында компьютерлік технологияларды пайдалану дағдыларын қамтамасыз ету болып табылады. Білім алушыларға пайдалану үшін ең жақсы қосымшаларды анықтау барысында саналы түрде таңдау жасау мүмкіндігі берілу керек. Бағдарламаның басқа мақсаты білім алушыларға ақпараттық технологияларды пайдалану саласында терең білім беруді және бағдарламалық құралдар ғылыми, коммерциялық, инженерлік және мәдени дамуды қолдау үшін пайдаланылатынын түсіндіруді қамтамасыз ету болып табылады.
4. Негізгі міндеттері:
1) білім алушылардың ақпараттық процестердің қоғамдағы рөлі жайлы, сондай-ақ ақпараттық технологияларды пайдаланудың техникалық мүмкіндіктері мен перспективалары туралы түсінігін қалыптастыру;
2) білім алушыларға жүйені талдау, шешім ұсыну, бағдарламалық қосымшалар жасау, оларды дамытып жетілдіру, сонымен қатар, өздерінің өнімдерін бағалау мүмкіндігін беру мақсатында компьютердің жұмыс істеуінің негізгі қағидаларын түсінуін қамтамасыз ету;
3) талдау, абстракция, үлгілеу мен программалау арқылы білім алушыларға әртүрлі тапсырмаларды шешуді үйрету;
4) білім алушылардың логикалық, алгоритмдік, сондай-ақ, жалпылау және үйлестік тапсырмаларды құрамдас бөліктерге бөлу және ортақ заңдылықтарды табу, қойылған міндеттерді орындауға қажетті тиімді және рационалды тәсілдер табу сияқты қамтитын есептік ойлау қабілетін дамыту;
5) білім алушылардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыру – жалпы ережелерді ұстану және жеке тұлға мен бүкіл Қазақстандық қауымның мүддесінде әрекет ету;
6) білім алушылардың пән аясында академиялық тілді меңгеруіне және терминологиялық лексиканы байытуға жағдай жасау;
7) есептеуіш платформалар негізінде басқарылатын электрондық құрылғыларды құру, құру, программалаудың тәсілдері және қағидаттарымен білім алушыларды таныстыру;
8) қазіргі таңдағы программалау ортасында программалау дағдыларын дамыту;
9) тәжірибеде қолдану арқылы білімді тереңдету және оқуға деген ынтаны арттыру;
10) әртүрлі білім саласында (математика, физика, информатика) алған білімдерін кіріктіріп қолдану;
11) ғылыми-техникалық әзірлемелерге деген қызығушылықтарын дамыту;
12) білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.