3-деңгейдегі тапсырмалар.Бұл - орындау барысында білім алушылар жаңа білім алатын танымдық-іздену сипатындағы тапсырмалар. Мұндай жұмыс әртүрлі ақыл-ой әрекетін орындауды талап етеді: талдау және синтездеу, салыстыру, негізгісін атап көрсету, жалпылау және жүйелеу: «тарихи оқиғаның себептері мен салдарын көрсететін тарихи дереккөздерді тап, осы ақпараттан фактілер мен пікірлерді атап көрсет». «Қандай да бір қағидаларға, заңға өз мысалдарыңды келтір; қорытынды шығар, кестені өз мысалыңызбен толықтыр, ойдан құрастыр; ойлап тап; іріктеп ал».
Оқушылардың оқу мүмкіндіктеріндегі жеке ерекшеліктерін есепке алу негізінде сараланған тапсырмалардың негізгі мақсаты олардың әрқайсысына оқу барысында танымдық іс-әрекетін қалыптастыру үшін оңтайлы жағдайды қамтамасыз ету болып табылады.
ЕБҚ бар оқушыларды оқытудың сараланған тәсілі негізінде сабақ жоспарын әзірлеу. Сабақ жоспарын (қысқа мерзімді жоспарды) әзірлеу кезінде мұғалім барлық оқушылардың әртүрлі оқу қажеттіліктері мен талаптарын қарастыруы тиіс. Мұғалімнің материалды оқытудың көптеген және икемді нұсқаларын таңдауы, сондай-ақ оқу материалдарын таңдауы сыныптағы барлық оқушыларды тиімді оқытуға ықпал ету мақсатында жүзеге асырылуы керек.
Сараланған тәсілге негізделген сабақ құрылымы 1. Бүкіл сынып болып сабақ мақсатын анықтау. Ынталандыру кезеңі.
2. Алдыңғы сабақта өткен материалды өзектендіру. Әр топ үшін әрдеңгейлі қайталауды ұйымдастыру.
3. Жаңа білімді меңгеру. Бұл бүкіл сынып және әр түрлі деңгейлі топтар бойынша сараланған түрде жүзеге асырылады.
Оқушылардың даму деңгейіне байланысты ақпаратты ұсынудың әртүрлі әдістері қолданылады:
мұғалімнің қосымша кеңесінің көмегімен немесе өз бетінше жаңа материалды зерттеуі.
4. Түрлі деңгейдегі дидактикалық материалдарды қолдана отырып жаңа білімді бекіту. Ерекше білім беруді қажет ететін оқушылармен мұғалімнің жеке түсіндіру жұмысы.
5. Тақырып бойынша қорытынды бақылау. Тест немесе өзіндік жұмыс.
6. Рефлексия. Тапсырманың орындалуын тексеруді ұйымдастыру (мұғалімнің тексеруі, өзін-өзі тексеру немесе өзара тексеру).
7. Сараланған үй тапсырмасы.