Интернеттің пайдасы мен зияны
Көп адамдар, әсіресе интернет қолданушылары оның адамзаттың ең үлкен жетістігі екендігімен келісері анық. Ол қалтқысыз ақпарат көзі болуымен қатар, адамдарға қажет біліммен сусындауға, қиюы келмес мәселелердің шешімін табуға көмектеседі. Әлемдік тордың жан-жақты, білімді, көзқарасымыз кең болып, көптеген қызықты дүниелерді үйренуімізге әсері мол.
Оған қоса, интернеттің тағы бір артықшылығы – мемлекеттер мен құрлықтар арасындағы шекараны жойып, адамдарға араларындағы қашықтыққа қарамастан бір-бірімен араласуға, сөйлесуге мүмкіндік беруінде. Тіпті, әлемдік тор арқылы әлемнің екі бұрышындағы адамдар достасып, махаббаттарын да тауып жатады.
Интернеттің пайдасы мол екендігі даусыз. Алайда, оның зияны да аз емес. Оның ең бірінші зияны – тәуелділік. Бұл аңыздан алынған термин емес. Интернет қолданушыларының 10%-ы оған тәуелді екендігі ғылыммен дәлелденген. Тіпті, бірқатары үй, тағам, су іспетті өмірлік маңызды дүние деп есептейді. Оңтүстік Корея, Қытай және Тайваньда интернетке тәуелділікті ұлттық деңгейдегі мәселе ретінде қарастырады. Десе де, оның зияны тек мұнымен шектелмейді. Компьютер мониторының алдында ұзақ уақыт отырудың өзі көзіміздің көруіне теріс әсер етсе, дұрыс қалыпта отырмағанның салдарынан қимыл-тірек аппаратымызға зиян келеді. Адам психикасына кері әсер ететін ақпараттарды да интернеттің зиянды жағына қоса аламыз. Интернет арқылы алаяқтар жеке тұлға жайлы мәлімет алып, оны өз мақсатына қолдануы мүмкін. Сонымен қатар, әлемдік тор арқылы компьютер жүйесіне зақым келтіріп, зиянын тигізетін вирустар тарайды.
Қазіргі таңда адамның күнделікті өмірі компютермен өтеді. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Қазір интернеттен өзіңе керектінің бәрін таба аласың. Тіпті, интернетте отырып-ақ өзіңе керектіні сатып алуыңа болады. Әрине, бұл өзіңе пайдалы. Бірақ әр заттың өз уақыты, өз орны болу керек емес пе? Қазіргі жастар күні-түні сол монитордың алдында отыруға бар. Ол бір жағынан денсаулыққа, бір жағынан санаға әсер етеді. Тіпті, кейбіреулері «интернетке отырсаң бәрін білесің, бәрінен хабардар болып отырасың» деп. Ия, ол да дұрыс. Бірақ ол адамның өзіне байланысты. Ол жақсы бірдеңелер біліп жатса құба-құп. Егер ол күні-түні ойын ойнаса, онда оған тыйым салу қажет. Қазіргі ата-аналар интернетті балаларына қосып беріп жатады. Өзі білмесе де баламның көзі ашық болсыншы, білсін, оқысын деп. Ал, бала болса құр ойнаумен уақытын өткізеді. Сабақ жайына қалады. Қазір интернетте дені дұрыс ойын да жоқ, кілең атыс-шабыс. Міне, осының бәрі бала санасына әсер етеді.
Әрине, мұны барлығы да біледі. Алайда, компьютерге, интернетке тәуелділіктің адам өміріне тигізетін зиянын естен шығармаған абзал. Әлеуметтік желіге тәуелді болып қалмай, керегімізге ғана пайдаланайық.
Алматы облысы, Сарқан ауданы,
Екіаша орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Д.Е.Досанова
Достарыңызбен бөлісу: |