Қалалар
|
1930
|
1931
|
1932
|
1933
|
Қызылордада
Семейде
Алматыда
Ташкентте
Шымкентте
|
20
5
14
9
5
|
15
10
25
2
-
|
18
4
27
-
-
|
16
12
28
8
1
|
Жалпы саны
|
43
|
52
|
39
|
55
|
Тиражы
|
304 мың
|
361 мың
|
603 мың
|
700 мың
|
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
Қазақ жеріндегі жаппай ашаршылық және репрессия
жылдарындағы баспасөз
Әйгілі отызыншы жылдар қазақ халқының басына төнген «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейінгі ең бір қара түнек жылдар болып саналады. Ф.Голощекин 8 жыл ішінде қазақ жерінен құйындай ұйтқып өткен социализмді қайтару ниетімен «Кіші Октябрь» бағдарламасын жасап, адамдарға «қасық пен шанышқыны қалай ұстау керектігін» үйретумен айналысты. Соның нәтижесінде 1933 жылдың басында қазақ халқы тең жартысынан айрылып, 40 миллион малдың 5-ақ миллионы қалды. Мұның өзі күні кешеге дейін «ұсақ-түйек» қателіктер мен «елеусіз кемшіліктер» деп аталып келді.
Аға ұрпақ, оның ішінде ғалымдар мен зерттеушілер бұл нәубеттің сырына қанық болса да, ол туралы ауыз ашуға дәрменсіз болды. Үнемі қуғын-сүргін, репрессияға ұшыраған интеллигенция өкілдері алмас қылыштан тот басқан бақырға айналды. Енді олар күнделікті күйбең тіршіліктің маңынан шыға алмайтын, басқаның айтқанын құп алып, солардың айдауымен жүретін жансыз роботтың бет-бейнесіне енді.
«Ұлы» халықты мадақтап том-том кітап, мемуар жазғандар өз халқының аянышты халін суреттейтін биттің қабығындай кітап жазуға да жарамады. Тіпті, қыза-қыза келе халықтың 40 проценті өз ана тілін ұмытуға дейін барды. Міне, өстіп мың өліп, мың тірілген қазақ халқы демократиялық пен жариялылыққа да жетті-ау!
Қазір осы «тарих ақтаңдақтары» күн өткен сайын анықталып, сол бір ауыр кесапатты жылдардағы халқымыздың аяулы ұлдары мен қыздарының қилы тағдырлары жан-жақты зерттелу үстінде. Елім деп еңіреп өткен абзал азаматтардың өнегелі өмір жолдарын халқымызға және кейінгі ұрпаққа паш етуді бүгінгі зиялы қауым да өз міндеттеріне алған сияқты.
Осы орайда елін сүйген ақын бауырласымыз О.Сүлейменовтың мына қысқаша түйінді сөзін келтірудің артықтығы жоқ шығар: «біз жазықсыз жапа шеккен данышпандарымыздың мұраларын өмірге қайтара бастадық және бұларды шолақбелсенділер не үшін, ненің жоқтауы үшін құрбандыққа шалып еді деп ойлана бастадық.
Біз қазақтар ешкімге ешнәрсе қарыз емес екенімізді енді ғана түсіне бастаған сияқтымыз. Мәселен, осы уақытқа дейін «ұжымдандыру – ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құрудың классикалық үлгісі» деген Сталиннің асырасілтеушілік пікіріне жарты ғасырдан астам уақыт бойы ешкім күмән келтіруге қорықты, керісінше, оны тек марапаттаумен келдік.
Бірақ ұжымдастыру ісі Қазақстанда қалай өтті, барлық мәселе сонда. Шолақ саясатшы Голощекиннің «Кіші Октябрі» тек малымен күн көріп отырған қазақтың алдымен байларына, онан соң орташаларына, ең соңында астық екпейтін малшыға, астық тауып бере алмағандарының малын тартып алып, өздерін қаңғып кетуге мәжбүр етті. Малынан айрылған қазақтың мұнан кейінгі көрген күнін дұшпаныңа да бермесін дейтіндей болған. Ағылшын-американдық тарихшы әрі жазушы Р.Конквестің осы кезең туралы жазған «Қасірет зардабы. Кеңестік ұжымдандыру және аштық терроры» атты тарихи-публицистикалық еңбегінде бұрынғы кеңес өкіметінің әр аймағындағы аштық жайлы айтылып, «Алайда бұл фактілер қаншама қайғылы болғанымен, қазақтардың басына түскен ұлан-асыр қасіреттің жанында түк те емес болып қалады», – деп ерекше аталған.
Егер бүгінгі күннің биігінен өткен тарихи кезеңдерге ой жіберсек, қазақ халқы ақын Ж.Молдағалиев айтқандай, шынында да «мың өліп, мың тірілгенін» байқаймыз. Ал отызыншы жылдардағы аштықтың себебіне келсек, «Аңқау елге – арамза молда» дегендей, халық жауын қолдан жасап, ақты да, қараны да бір жіпке байлап, қазақтың кең даласын азалылар еліне айналдырғандар болды. Олар тағы да адамдар арасында мансапқорлық пен шенқұмарлыққа, рушылдық пен жікшілдікке жол ашты. Сөйтіп, қазақ жерінде «Кіші Октябрь» орнап, адам мен мал қоса қырылып, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» заманы басталды. Оның себебі – 1925 жылдың басында Қырғыз (қазақ) облыстық комитеті ретінде қайта құрылған республика партия ұйымының хатшысы болып Филлип Голощекин сайланған еді. Содан ол 1933 жылдың қаңтар айының 21 жұлдызына дейін Қазақстанды 8 жыл бойы сергелдеңге түсіріп, ақыры қызметтен босатылды. Ол жетекшілік жасаған кезең қазақ халқының өмірінде «Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі ең қайғылы, ең қасіретті кезең болып тарихқа енді. Өкінішке орай, күні кешеге дейін қай қазақтың болмасын жан-жүрегін сыздатар осы бір шындықтың ақиқатын көрсетуге мүмкіндік болмады.
Голощекин туралы алғашқы көлемді зерттеу еңбек «Қазақ әдебиеті» газетінің 1988 жылғы желтоқсан айының 9 жұлдызында жарияланды. Авторы Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі М.Қозыбаев ағамыз Голощекиннің саяси портретін ашуға арналған бұл материалда оның ленинизмді бұрмалап, сталинизм жолына түсу бағытын көрсетеді:
- Біріншіден, Ф.И.Голощекин: «Октябрь қазақтардың ауылының тұсынан құйындай өтіп кетті. Сондықтан, қазақ даласында «Кіші Октябрь» жасау керек» деген қайшылықты пікірден сегіз жыл бойы тынбады. Екіншіден, қазақ шаруаларының көшпенділігі – оның бойына сіңген әдеттегі тұрмыстық құбылыс деп, сергелдеңге түскен елдің болмысын теориялық тұрғыдан дәлелдемек болды. Үшіншіден, көшпелі елді социалистік жолға түсіру құрбандықсыз болмайды деген идеяны тұжырымдады. Төртіншіден, экстенсивті мал шаруашылығын қоғам дамуының жоғары сатысына көтеруде мал басының кемуі объективтік заңдылық дегенді шығарды. Бесіншіден, Қазақстанның негізгі ерекшеліктері 1925-1930 жылдарда, басқаша айтқанда, Ф.Голощекиннің кезінде жойылды, ол Қазақстанның осы қазіргі жағдайда бүкіл одақпен терезесі тең деген пікірді қалыптастырды. Ал, бұл «теориялық» база ұжымдандыруды дамуы жағынан жоғары аудандармен қатар деңгейде өткізу үшін керек болды. Алтыншыдан, Ф.Голощекин «өте жоғары дәрежеде», әсіресе, ауылда тап тартысының шиеленісуі жартылай феодалдық қатынастарды бұзу кезеңінде болмай қалмайды» деген теориялық қисынсыз қорытынды жасады. Сөйтіп, болып жатқан репрессиялық шараларға «теориялық» негіз жасады. Жетіншіден, Ф.Голощекин қазақ коммунистерінің бір тобын тәрбиеге көнбейтін, пайдалануға мүмкін емес, ұлтшыл уклонистер қатарына жатқызды. Екінші категориясын жағдайға қарай терісін өзгертіп отыратын хамелеонға теңеді.
- Олардың үшінші тобы,- деді ол орын алған қателіктер үшін барлық жауапкершілікті бір ғана Голощекинге аударғысы келетіндер. Бұл пікірді Ф.Голощекин Қазақстан өлкелік партия ұйымының басында 8 жыл еңбек етіп, қоштасар сөзінде айтқан еді. Басқаша айтқанда, ол басшылыққа бүкіл республикада бірде-бір лайықты адам – қазақ коммунисі жоқ деген пікірде болып келді.
Бұл 30-жылдардың бір қасіреті – ашаршылықтың бүкіл қазақ жеріне оба ауруындай тараған сәті болатын. Осы жайлы Шымкент қаласының тұрғыны З.Рысбекова былай деп еске алады: «Пірімбет деген қария Үмбет деген баласы, Сәнен деген келіні үшеуі бірдей үйлерінде аштан өліп, сасып кеткен екен. Тірі қалғандар тамдарын үстеріне құлатып, жан жағындағы топырағын үйіп, мола жасай салды. Ауылда көп өліктерді жер қазбай-ақ осылай көме салатын. Себебі, жер қазуға арық-тұрық адамдардың шамасы да келмейтін».
Ал, республикалық дәрежедегі зейнеткер, кезінде аштарға көмектесетін комиссияның төрағасы болған Бәдігүл Жолмұхамедқызының мына әңгімесінен соң тіпті ойға қаласың: «Ол кезде аштарға тамақ, жатақхана ұйымдастыратынбыз. Бірде комиссия мүшелері Талас жаққа бардық. Адамдар құмырсқа қалай тізіліп жүрсе, солай ілбіп келеді. Өлгендері шетінен жолда қалып жатыр. Тірілерінің қолында жалаңдаған пышақ. Кеудесінде жаны бар тірі хайуан көрсе, сойып жіберіп, шикідей жұлып жей береді. Бесікте аштан қатып қалған нәрестелерді көргенде, сай-сүйегің сырқырап кетеді. Жылай-жылай көзімізден жас та шықпайтын болды. Аш адам ісіп-кеуіп өледі екен. Күмпиіп ісіп кеткен адамдарды талай көрдік. Олардың қайтадан адам қатарына қосылуы екіталай...».
Тарихтан 1929-1930 жылдары Қазақстанның солтүстігіндегі астықты аудандарына егін шықпай қалып, сол жылы қыста даланы жұт жайлағаны белгілі. Нақты жағдайға қарамай мемлекетке астық тапсыру жоспары арта түскен. Соның нәтижесінде жер-жердегі ауылдарға өлкелік, округтік органдардан, әсіресе, қатал билік пен құқ берілген уәкілдер қаптап кеткен. Олардың қаһарынан қаймықпайтын жан болмаған. Жылап жатқан балаға «Әне, уәкіл келе жатыр» десе сап тыйылған.
Ашаршылық, әсіресе, 1931-1932 жылдары меңдей түсіп, елді мүлдем есеңгіретті. Осындай ел басына күн туған сәтте халқы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, қызмет атқарған ұл-қыздар аз болған жоқ солардың бірі – Әбдіжаппар Үсенов. Халық жауы емес, халқының нағыз баласы еді. Үлкен ұйымдастырушы, суырып салма ақын болатын. Біз ол кісіден мол өнеге алып, өскен атбайлар інілерінің бірі едік. Міне, заман түзеліп, сондай аяулы жандардың атын атап, түсін түстеп, өнегелі жақтарын жастарға айтатын халге жеттік, әйтеуір. Бұған да шүкірлік.
1931-1932 жылдардағы ашаршылыққа Әлжаппар өзі басқаратын «Игілік» колхозының 100-ден астам ошағын ашаршылықтан аман-есен алып шықты. Әрине, Әбекеңнің жалғыз өзі елге қорған болды деуден аулақпыз. Аяулы азамат жүз шаңырақты аштықтан құтқару жолында Керімбек Маңқытаев, Бекшора Бекқожаев, Алтынбек Қошқарбаев, Шалабай Дүйсенбаев, Қожахмет Наров секілді үзеңгілес серіктеріне сүйенген. Мен оны соңғы рет 1937 жылы қыс айында «Шорнақ» шеберханасының жанында машина үстінде көрдім.
Жұмысқа жанұшыра жүгіріп келе жатқан бетім еді. Ол кезде «полуторка» машинасының өзі таңсық болатын. Ойламаған жерден назарым сол машинаға ауды. Қарасам, үстінде Әбжаппар ағай отыр.
- Шырағым, маған жақындамай-ақ қой. Мен халық жауы деген жаламен айдалып барамын, – деді ол сәлемдескен маған.
- Не үшін?
- Өзім де білмеймін. Ауылға сәлем айт. Өтекең (ағасы Отабекті айтады) жесір мен жетімдеріме көз болсын. Ал, енді жұмыстан қалма, заман белгілі ғой,- деп қош айтысты...».
Міне, көріп отырсыздар қиын-қыстау заманда халқым деп басын көтерген ер азаматтар осылайша «халық жауы» атанып, жазықсыз жазаланып отырылған. Бұл аз болғандай шолақ ойлы, белсенді уәкілдер «халық жауларын» қолдан жасап, Голощекиннің «Кіші Октябрін» тездетіп жүзеге асыруға жағдай жасайды.
Кезінде осындай жауапқа тартылған сан мыңдаған адамдарға ешқандай жеке істер жүргізілмеген, олардың ақ, қарасын ажыратуды ешкім ойламаған. Ұсталса, жауапқа тартылса, не НКВД-ның қармағына ілінсе болды, «халық жауы», «троцкист-ұлтшылдар ұйымының мүшесі» немесе «халық жаулары – пәленше – түгеншелермен тығыз байланыста болған» деп кінә тағылып, жазаланып кете берген.
Сөйтіп, «Ел басына күн туып, ері қайда жүр екеннің» кезі келді. 1937 жылдың тажал аждаһасы Нығымет Нұрмақов, Сейітқали Меңдешев, Тұрар Рысқұлов сияқты миллиондардың өмірін қиды. Осыған қарамастан Сталин, Ежов, Берия, Вишинский сияқты жазалаушылардың заманы дәуірлеп тұрды.
Осындай «тарихтың ақтаңдақ беттері» туралы материалдар кезінде түрлі басылымдарда жиі жарияланып, одан қорытынды да шығарыла бастады. Бұл ретте Ресейдің тәуелсіз басылымдарының қара қылды қақ жарған әділ мақалаларын өнеге етіп айтуымыз орынды. Мәселен, бүгін кезінде халық жауы атанып, репрессияның қаһарына ұшыраған Н.И.Вавиловтың халық, партия, үкімет алдында ешқандай күнәсі болмағандығы айқындалып отыр. Керісінше, оған жала жауып, «халық академигі» атанған Г.Т.Лысенконың сол халыққа қарсы бағытталған қылмысты істері әшкереленуде.
Сондай-ақ, Михаил Кольцов сияқты халықтың талантты ұлын жазалағандардың шын мәнінде оның шығармаларын оқуға қауқары болмаған көрсоқыр, бұйрық орындаушылар болғаны қандай қиямет.
Біздер Сәкен, Бейімбет, Ілиястарымыздың қандай жағдайда ұсталып, қандай жағдайда қаза тапқандарын білмей жүрміз. НКВД оларды ұсталысымен атылды десе, тауқымет тақсыретін бірге тартқан көзі тірілер Сәкен де, Бейімбет те бертініректе қаза тапты деген деректер айтып жүр.
Мысалы, жарты ғасырдан астам уақыт бойы М.Дулатовтың есімі туған халқының басты жауларының қатарында аталып, оның есімі ұлт мәдениеті мен әдебиеті тарихынан өшіріліп тасталды. Содан барып туған халқы үшін жүрегі қоңыраудай күмбірлеген арысымыздың асыл бейнесі кейінгі ұрпақ үшін көмескі тартып кетті.
Ал, қазір халқы ұлы перзентінің өмір тарихымен де, өмірі және еңбегімен қайта табысты. Әділеттің таңы атып, күні шықты. М.Дулатов «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторының әдеби көмекшісі болып қызмет етіп жүрген кезінде, 1928 жылдың 17 желтоқсанында тұтқындалады. Одан ұзақ жауап алғаннан кейін 1929 жылдың 24 маусымында Бутырь түрмесіне жөнелтілген. Ал, 1930 жылдың 4 сәуірінде ішкі істер халкоматының «үштігі» М.Дулатовты ату жазасына бұйырады. 1931 жылдың 10 қаңтарында іс қайта қаралып, ату жазасы он жыл тұтқында отырумен алмастырылады. Тоғыз ай бойы өлім жазасы үкімімен отыру ақын жігерін жасыта алмады. Көптеген адамдар осы жүйкеге тиетін қияметті көтере алмай, өзін-өзі өлтіріп те жіберетін. Бұрын патша түрмесінде талай рет болған М.Дулатов зайыбына жазған бір хатында былай дейді: «Біріншіден, тергеушілерге сенбедім, екіншіден, қорыққаным жоқ, үшіншіден, олардан көмек сұрамадым...».
Сөйтіп, ол 1934 жылдың басынан Сталин атындағы Ақтеңіз-Балтық каналының құрылысында жұмыста болып, 1935 жылдың 5 қазанында Сосновец лазеретінде жүрек дертінен қайтыс болған. Міне, халық жауы атанған мыңдаған қазақ зиялыларының бірі, белгілі қоғам қайраткері, қаламы қарымды журналист, қазақ баспасөзінің қалыптасуына көп еңбек сіңірген ардагеріміз М.Дулатовтың лагерьде болуы мен дүниеден қайтуының қысқаша тарихы осындай.
Сондықтан біздер М.Дулатов сияқты Нәзір Төреқұлов, Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақов, Сейітқали Меңдешев, Сүлеймен Есқараевтардың кебін киген жүздеген, мыңдаған өз халқының адал перзенттерінің өмірлері де Қазақстан тарихымен, Қазан төңкерісінің орнау тарихымен тығыз байланыстырыла зерттелуі қажет деп білеміз. Мұнсыз біздер үшін мемлекетіміздің өткен тарихын, соғыс жылдарының қиын қыстау тарихын, тоқырау мен қайта құру тарихын таразылап, баға беру қиынға соғары хақ.
Міне, сондықтан да тарихымыздың әр кезеңінде көзден таса, көңілден қағыс қалып келген, күні кешеге дейін «ұсақ-түйек қателіктер» мен «елеусіз кемшіліктерінің» арқасында 60 мыңнан астам қазақ зиялылары сталиндік репрессияның құрбанына айналыпты. Ал, бұған 1949-1956 жылдар аралығындағы «ұлтшылдық сарынға қарсы» өрістетілген науқаншылдықтың залалын қоссақ ше?
«Ұлтшылдық сарынға қарсы күрес» демекші әу, бастан-ақ, яғни 1937-1938 жылдары республикалық баспасөз бетінде көрнекті қазақтың партия, әдебиет, ғылым қайраткерлеріне «бай төбет», «қарақшы», «жапонның тыншысы», «шпион», «пантюкист» сияқты айтуға ауыз бармайтын түрлі жалалардың жабылуы, осындай оғаш пайымдаулардың ондаған жылдар бойы өзгеріссіз қалуы, содан кейінгі жылдардағы әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлеріне салқынын тигізбей қалған жоқ.
Бұл арада 1937-1938 және одан кейінгі жылдардағы репрессияға кім кінәлі? «Жаудан сақ болайық, жауды ымырасыз әшкерелейік!» деп нұсқау берген Сталин, Ежов, Бериялар кінәлі дейміз. Бірақ, сол нұсқау тек Қазақстанға ғана берілген нұсқау ма еді? Өзге республика халқы неліктен аз зардап шекті? Әлде бәлен адамды халық жауы деп тапсыру қажет деген жоспар берілді ме? Әрине, олай емес. Көп нәрсе қазекеңнің өзіне де байланысты-ау! Шаш ал десе, бас алып жіберетін мінез қашан тыйылар екен? Жауды жанымыздан, өз қанымыздан іздей беретініміз неліктен деген бір жымысқы сұрақ тілге орала береді.
Бірін-бірі даттауға жомарт қазақ бірін-бірі ақтауға сараң болатыны несі? Сұрақ көп. Бәрі де бәрімізді ойландыратын сұрақтар...
Достарыңызбен бөлісу: |