Іс-әрекеттің Қылмыс екенін жоятын мән-жайлар 3 Қажетті қОРҒану 3



бет3/6
Дата29.06.2022
өлшемі206 Kb.
#147180
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
stud.kz-60322

АСА (МӘЖБҮРЛІ) ҚАЖЕТТІЛІК


1. Осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге аса қажет болған жағдайда зиян келтіру, яғни белгілі бір адамның немесе өзге де адамдардың өміріне, денсаулығына, құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің мүдделеріне тікелей қатер төндіретін қауіпті жою үшін зиян келтіру, егер бұл қауіпті басқа амалдармен жою мүмкін болмаса және бұл орайда аса қажетті шектен шығып кетушілікке жол берілмесе, қылмыс болып табылмайды (34-бап, 1-бөлігі)8.
Төнген қауіптің сипаты мен дәрежесіне және қауіптің жойылған жағдайына сөзсіз сәйкес келмейтін зиян келтіру заңмен қорғалған мүдделерге оларды сақтап қалғаннан гөрі көбірек зиян келуі аса қажеттіліктің шегінен шығуы болып табылады. Мұндай шектен шыққан зияндылық үшін тек қасақана әрекеттерде ғана жауапқа тартылады. Осы заңнан туатын қорытынды: аса қажеттілік деп біріншіден заң қорғайтын мүдделерге төнген қауіпті жоюға бағытталған әрекет, екіншіден осы төнген қауіпті басқа амалдармен жоюға болмайтындай болса, үшіншіден заңмен қорғалған мүдделері сақтап қалу үшін келтірілген зиян болғызылмаған зияннан кем болуы, төртіншіден бұл істелген әрекет аса қажеттіліктің шегінен шығып кетпесе, онда істелген әрекет қылмыс болып табылмайды.
Аса қажеттілікте қауіп құқықтық норма қорғайтын белгілі бір мүддеге немесе мүдделерге төнеді. Осы мүддеге немесе мүдделерге төнген зиянды немесе қауіпті заң қорғайтын басқалай мүддеге зиян келтіру жолымен ғана тойтаруға болады. Мұндай жағдайда келтірілген зиянның мөлшері тойтарылған зиян мөлшерінен кем болуы керек. Аса қажеттілікте қылмыстық заң қорғайтын екі мүдденің қақтығысы орын алады. Мұндайда біреуі жойылмайынша, екіншісін сақтауға мүмкіндік болмайды. Мысалы, тұрғындарды тасқын су басып кету қаупі болғанда оны болдырмау үшін үйіп қойған ұнтақ тастарды рұқсатсыз алып пайдалануды айтамыз. Бұл жерде елді мекенді су алып кетпеу үшін рұқсатсыз ұнтақтасты алып пайдалану аса қажеттіліктен туып отыр. Жайшылықта осы ұнтақ тастарды рұқсатсыз алу, рәсуә ету, заңды бұзушылық болып табылар еді. Ал көрсетілген жағдайда аса қажеттіліктен туындайтын осы әрекетті істеу қылмыс қатарына жатпайды. Өйткені келтірілген зиян тойтарылған зияннан анағұрлым кем. Аса қажеттілік кейбір жағдайларда екі бірдей міндеттілікті қатар орындау қақтығысы жағдайында да болуы мүмкін. Мысалы, екі бірдей ауру дәрігерді бір мезгілде көмекке шақырса, дәрігер ауыр сырқатқа алдымен жәрдем көрсетіп, жеңілірек аурумен ауырған адамға кешігіп келеді. Сөйтіп, ол ауыр қауіпті бұрынырақ тойтарады.
Объективтік жағынан алғанда аса қажеттілік көп жағдайларда әрекет арқылы, кейбір уақыттарда әрекетсіздік арқылы істелуі мүмкін. Мысалы, әрекетсіздікке жоғарыда айтылған екі бірдей ауру адамның, ауыр науқаспен ауырғанына барып, жеңілірек ауруға бармай немесе оған кешігіп келуін айтамыз.
Аса қажеттілік жағдайында жасалған әрекет заң қорғайтын кез келген мүддеге келтірілетін зиянды тойтару арқылы жүзеге асырылады. Аса қажеттілікті сылтау етіп, өзінің заңсыз, заңға қайшы мүдделерін заң қорғайтын басқа мүдделерге зиян келтіру жолымен жүзеге асыруға болмайды. Аса қажеттілікті қолдану жеке адамның немесе басқа адамдардың өміріне, денсаулығына, құқықтарына және заңмен қорғалатын мүдделеріне қоғамның немесе мемлекеттің мүдделеріне тікелей төнген қауіпті тойтару үшін қолданылады. Іс-әрекет аса қажеттілік жағдайында болуы үшін бірнеше шарттардың жиынтығының болуы қажет.
Бірінші шарт: нақтылы қауіп қылмыстық заң қорғайтын мүддеге тікелей төнеді. Бұл қылмыстық заңның өзінде тап осы адамның немесе басқа адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына және заңмен қорғалатын мүдделеріне, қоғамның, мемлекеттің мүдделеріне тікелей төнген қауіпті жою үшін істелетін әрекет деп көрсетіліп отыр. Ол қауіп стихиялық апаттардан, машиналар мен механизмдердің ақауынан, хайуанаттардың шабуылынан, адам организмінде болатын физиологиялық өзгерістерден, басқа да бір адамның тарапынан орын алған тікелей төнген қауіптен болуы мүмкін.
Табиғат апаттары (су тасқыны, жер сілкіну, көшкін жүру, өрт шығуы), машиналар мен механизмдердің ақауы (әуе ұшағының двигателінің істен шығуы, жүріп келе жатқан автокөліктің тежегішінің істемей қалуы), хайуанаттар шабуылы (сүзеген бұқадан қашып, адамның басқа үйдің шарбағын бұзып, ішке кіруі немесе сүзеген бұқаны мерт ету) адам организмінде болатын физиологиялық өзгерістер (ауру болуы, аштыққа ұшырауы, жаралануы) қауіп төндірудің көздері болып саналады. Мысалы, тұңғиық орман ішінде адасқан адамның аңшылар үйінде қалған азық-түлікті өз пайдасына тұтынуы. Ауру адамды ауруханаға жеткізу үшін тіл алмаған адамның машинасын иесінен тартып алып, ауыр науқасты ауруханаға жеткізу.
Аса қажеттілік актісін қолдануға адамның қоғамға қауіпті іс-әрекетті жасауы да негіз болады. Егер адам заң қорғайтын белгілі бір мүддені қорғауда қиянат жасаушыға зиян келтіру жолымен жүзеге асырса, бұл сөз жоқ қажетті қорғану болады. Мұндай жағдайда аса қажеттілік жоқ. Себебі бұл жерде зиян тікелей қиянат жасаушыға келтіріліп отыр. Егер тікелей төнген қауіпті тойтару үшін зиян үшінші бір жаққа келтірілсе, онда ол аса (мәжбүрлі) қажеттілікке жатады. Мысалы, “Просвещенец” демалыс үйінің жүргізушісі Д. тынығушыларды демалыс үйінен Медеу мұз айдынына автобуспен апара жатып, шұғыл бұрылыстан өзіне қарама-қарсы жолмен жол жүру ережесін өрескел бұзып келе жатқан автокөлікті көріп, қарсы келе жаткан машинамен соғысып қалмау үшін, өзі жүргізіп келе жатқан автобусты жалма-жан сол жаққа бұрып үлгереді. Нәтижесінде автобус аударылып, 3 жолаушы орта дәрежелі жарақат алған. Д. аса қажеттілік халінде әрекет жасау арқылы үлкен зиянның алдын алған, өйткені екі машина бетпе-бет келіп соғысса, орасан зор зиян орын алуы, адам шығыны болуы сөзсіз еді. Бұл жерде аз зиян келтіру арқылы, ірі зиянға жол берілмеді. Осы мысалда қауіп тудырудың көзі болып қарсы келе жатқан автокөлік жүргізушінің қоғамға қауіпті іс-әрекеті болып отыр. Заң бойынша тікелей төнген қауіпті жою осы мерзімде басқа бір заң қорғайтын мүддеге зиян келтіру арқылы жүзеге асырылады. Болашақта болжанатын қауіпті нәрселерге аса қажеттілікті қолдануға болмайды. Сол сияқты өтіп кеткен қауіпке де аса қажеттілікті қолдануға болмайды.
Аса қажеттілікті қолданудың екінші шарты: заң қорғайтын мүддеге зиян келтіру арқылы ғана жүзеге асырылады. Мұндай жағдайда ондай зиян, залал келтірмей оны тойтару ешбір мүмкін емес. Заң қорғайтын басқа мүддеге зиян келтірмей-ақ қауіпті тойтаруға болатын жағдайлар аса қажеттілікке жатпайды. Мұндай жағдайларда мүддеге зиян келтіру кінәлі жағдайда зиян келтіру деп саналып, ол үшін қылмыстық жауаптылық белгіленеді.
Үшінші шарт: Аса қажеттілік болу үшін келтірілген зиянның мөлшері тойтарылған зиянның мөлшерінен кем болуға тиіс. Келтірілген зиян тойтарылган зиянмен бірдей болса да, іс-әрекет аса қажеттілік жағдайында істеледі деуге болмайды. Ол туралы заңның өзінде “Құқық қорғау мүдделеріне алды алынғанға тең немесе одан гөрі елеулі зиян келтірілген, төнген қатердің сипаты мен дәрежесіне және қатар жойылған жағдайға көрінеу сәйкес келмейтін зиян келтіру аса қажеттілік шегінен шығу деп танылады. Мұндай шектен шығушылық тек қасақана зиян келтірілген жағдайларда ғана жауаптылыққа әкеп соғады” делінген (34-бап)9. Сондықтан да өз өмірін сақтап қалу үшін басқа біреудің өмірін қиып жіберу аса қажеттілікке жатпайды, оның шегінен шығу болып табылады. Аса қажеттілікті қолданып көп адамның өмірін сақтап қалушылық қылмыс болып табылмайды. Мысалы, қатты жүріп келе жатқан поездың ен даладағы күзетілмейтін, өтуге рұқсат етілмеген жолында көлденең түрған машинаны шұғыл тежеп, тоқтатпастан, ақырын тежеп келіп, соғып, машинаны және оның жүргізушісін таптап өтуі, соның нәтижесінде поездағы азаматтардың өміріне зақым келмеуі аса қажеттілік жағдайында жасалған деп саналады. Сол себепті поезд жүргізушінің іс-әрекетінде қылмыс құрамы болмайды.
Келтірілген зиянның сақтап қалынған зияннан азырақ екендігі нақты жағдайларға байланысты шешіледі. Бұл жерде тікелей төнген қауіп қандай мүддеге бағытталады, ол мүдденің маңыздылығы, қауіп төнген жағдай, тойтарылған зиянның мөлшері т.б. мәселелер еске алынады. Кейбір жағдайларда зиянды тойтарған адам, өзінің келтірген зиянын сақтап қалынған зияннан азырақ деп ойлайды, ал іс жүзінде оның іс-әрекеті қоғамға қауіпті болады да, мұндай жағдайда аса қажеттілік актісі бұл жерде қолданылмайды. Бірақ та мұндай жағдайда аса қажеттілік шегінен шығып кеткен адам шын қателесіп, өзінің тойтарылған зиян мен келтірілген зиянның ара қатынасы жөніндегі қателіктерге ауыр жан күйзелісі үстінде немесе басқадай негізді себептермен кінәсіз түрде жол берсе, онда ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Аса қажеттілікті қолдануда әр түрлі тәсілдер арқылы келтірілген зиян сақтап қалынған зияннан азырақ болуы негізгі шарт болып табылады.
Абайсыздық пен аса қажеттілік шегінен шығушылық қылмыс болып табылмайды.
Аса қажеттілік те қажетті қорғану сияқты заңды және қоғамға пайдалы іс-әрекет болып табылады. Бірақ та бұл екі институттың өзара өзгешеліктері бар. Қажетті қорғануда қауіпті қиянаттың көзі болып әр уақытта да адамның қоғамға қауіпті іс-әрекеті болады. Аса қажеттілік жағдайын қолдану адамдардың ғана іс-әрекетінен емес, сондай-ақ табиғат апаттарынан, міндеттер қайшылықтарынан да туындайды. Тіпті, қиянат жасаушыдан қашып құтылуға, басқадай көмек сұрау мүмкіндігі бола тұра қажетті қорғануды қолдану заңды болып табылады. Ал аса қажеттіліқ төнген қауіпке зиян келтіру тәсілін қолданбаса жүзеге аспайды.
Қажетті қорғануда қиянат жасаушыға келтірілген зиян, тойтарылған зияннан көп болуы мүмкін. Аса қажеттіліктің бұдан өзгешелігі сол, ол тойтарылған зиян болғызылған немесе орын алған зияннан гөрі көбірек болғанында ғана заңды болып саналады. Қажетті қорғануда зиян тек қиянат жасаушыға келтіріледі, ал аса қажеттілікте мұндай зиян бөтен, тікелей төнген қауіпке қатысы жоқ үшінші жаққа келтіріледі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет