Исаев оқулары (ғылыми мақалалар жинағы) Алматы, 2016 ббк пікір жазғандар



бет18/28
Дата09.04.2018
өлшемі5,26 Mb.
#40093
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   28

Аффектілік. Бағалауыштық категориясымен аффектілік категориясы да байланысты. Аффектілік дегеніміз ерекше айқындылық дегенді білдіреді. Ол бағалауыштықтың бойынан көрініс табады. Аффектілік субьектінің қызығушылық деңгейімен айқындалады.

Модалділік. Бағалауыштықпен байланысты қарастырылатын категориялардың келесі бір тобы –модалділік категориясы. Қазіргі лингвистикада модальдылық әмбебап категория болып табылады. Сөйлеушінің айтылған ойға қатысын және сонымен бірге алуан түрлі құралдардың көмегімен актуалдануы бағалауыштықты модальдылықтың құрамдас бөлігі ретінде тануға әкеп тірейді [3].

Этикалық баға. Этикалық баға объектісі – адамды бағалауға негіз болатын әрекеттер, қылықтар. Жағымды этикалық баға этикалық норманың, яғни белгілі бір мөлшердегі ережелердің сақталуын талап етеді. Жағымды этикалық бағаны білдіретін сөздер тобының түйінін «қоғамдық тәртіп нормаларын, мораль талаптарын сақтайтын» мағынасы бар предикаттар құрайды: өнегелі, адамгершілігі мол, ізгілікті, көргенді, рақымды, саналы, таза, (ауысп.), мінсіз, күнәсіз т.б. Жағымсыз этикалық бағаны мынадай предикаттар білдіреді: адамгершілігі жоқ, рақымсыз, әдепсіз, азғын, бұзық, ардан безген, арсыз, сұмырай, адам емес.

Эстетикалық баға. Бұл бағаның объектілері эстетикалық құндылықтар болып табылады. Зат пен құбылыстың эстетикалық талаптары қанағаттандыру/қанағаттандырмау қабілеттілері түрлі деңгейде көрініс табуы мүмкін және осыған байланысты эстетикалық баға жағымды не жағымсыз сипатта болады. Қарама-қарсы жағымсыз эстетикалық бағалауды мынадай предикаттар білдіреді: ажарсыз, көріксіз, реңсіз, сұрықсыз, құбыжық, ұсқынсыз т.б.

Гедонистикалық (сезімдік) баға. «Сүйсінерлік, рахатқа бөлейтін» деген жағымды гедонистикалық баға мағынасының көңіл сүйсіндірерлік, жағымды, жұмсақ сияқты предикаттар білдіреді: Адамды жұртқа жағымдылығына қарай бағала. Тамақты жағымдылығына қарай іш (ҚТС).

Утилитарлық (пайдалылық) баға. Бұл бағалау объектінің белгілі бір іске жарамдылығы немесе пайдалылығы туралы сөз болғанда орын алады.

«Пайда келтіретін» мағынасындағы педикаттар қатарына мыналар жатады: жарамды, тиімді, пайдалы, игілікті берекелі, қажетті. «Пайда келтірмейтін» предикаттары: пайдасыз, құр бекер, босқа, нәтижесіз, жарамсыз [3].

Баскесер – қарақшы жендет. Ажалдан бас тартпайтын өңкей бас кесерлер (Б.Тұр.)

  1. Субьектісі бар.

  2. Логикалық қыры абсолютті баға, яғни салыстырмалы баға жоқ, себебі обьектіні басқа бір обьектімен салыстыру мәні жоқ екенін оңай аңғаруға болады.

  3. Жағымсыз. Себебі, бағаланып отырған обьектінің жағымды емес екендігін коннотаттық мағынасында бағалау шкаласы күшейтіліп (өңкей бас кесерлер), айтушы обьектінің мейірімді емес қарақшы жендет екендігін білдіріп тұр.

  4. Салыстырмалы бағалау, себебі бір ғана обьекті емес обьектінің көп екендігін көрсетіп тұр. -лер көптік жалғауы арқылы субьектінің көп екендігі көрініп тұр.

  5. Аффектілік. Ерекше айқындылық бағалауыштың бойынан көрініс тапқан. Себебі, өңкей бас кесерлердеген жерде алынып отырған обьектінің барлығының ап-айқын бас кесерлер екендігі аңғарылады.

  6. Вербалдық. Тілдік бірліктер арқылы беріліп тұрғаны анық.

  7. Этикалық. Адамды бағалауға негіз болатын әрекет, қылықтың жағымсыз түрі. Қоғамдық тәртіпке қайшы келетін, адамгершілік қағидаларын сақтамайтын өңкей бас кесерадамдар.

Жүрек жұтқан - еш нәрседен қорықпайтын батыл, ер-азамат.

«Тап солай» десіп, шұлғи-шұлғи иланып еді. Осымен қатар, Құнанбайдың жүрек жұтқан ерлігі, айла-тәсілі өзінен-өзі атамай-ақ, әйгіленіп жатты (М.Ә.)

Қорыта келгенде,   адамның өзіндік болмысын, күрделі табиғатын, қимыл-қозғалысын, психологиялық күй кешуін, физиологиялық қалпын т.б. жай-күйді ой-санасымен қатысты ұғымдардың жүйеленуінен қалыптасқан соматикалық фразеологизмдер әуел бастан-ақ адамдардың өзін-өзі тануға ұмтылуынан пайда болған. Фразеологиядағы соматикалық код ғасырлар бойы адамның ойлауы мен дәстүрлі түсінуін өзінің бойына сіңірген тілдің өзіндік ерекшеліктері мен әмбебаптығын айқын көрсетеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Авакова Р.Ә. Фразеология теориясы. – Алматы: Қазақ университеті, 2009. – 292 б.

  2. Назаров  О.  Сопоставительный  анализ  соматических  фразеологизмов  русского  и  туркменского  языка: дис... – Ашхабад, 1973 – 203.

  3. Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Алматы: Дәуір, 2003. – 242 б.

  4. Смағұлова Г.Н. Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілер. – Алматы: Қазақ университеті,1998.-200 б.


Қазақ тілі синтаксисінің зерттелу тарихын жүйелеудің мәселелері

ҚазМемҚызПУ 3-курс студенті А.Қ.Қуатбекова

Ғылыми жетекшісі п.ғ.м., аға оқытушы Қ.Ш.Балабекова

Құрмалас сөйлем синтаксисі де - кешеуілдеп зерттеле бастаған сала. Қазақ тіл білімінде бұл мәселеге алғаш көңіл аударған А.Байтұрсынов деп есептеледі. Ғалымның «Тіл – құрал» атты еңбегінен бастау алған құрмалас сөйлем мәселелері C.Аманжолов, Н.Сауранбаев, С.Жиенбаев, М.Балақаев, Т.Қордабаев, Қ.Есенов, Р.Әміров сынды белгілі ғалымдардың зерттеу еңбектерінде ғылыми негізде талданып, сараланған. Бұл тілтанушылардың құрмалас сөйлем, оның түрлері, проблемалары туралы пікірлері теориялық тұрғыдан маңыздылығымен қазақ тілі синтаксисін зерттеуші кейінгі ұрпақтың ғылыми ізденістерінің негізгі өзегі болып келе жатыр. Бүгінгі таңда құрмалас сөйлем синтаксисі мәселелерін қатысымдық тіл білімі тұрғысынан антропоөзектік принципке сүйене отырып, қызметтік ыңғайда зерттеудің жаңа мүмкіндіктер ашатыны көрініп отыр. Тілдің қарым-қатынас құралы ретіндегі негізгі қызметінде «тұлғадан мағынаға» бағытындағы принцип пен «мағынадан тұлғаға» бағытындағы зерттеулерді сабақтастыра қарастырудың алғашқы жетістіктері зерттеу жұмысында жан-жақты талданады.

Қазақ тілі құрмалас сөйлемдерінің зерттелу тарихы бізге дейін де кейбір еңбектерде арнайы сөз етілген. Мұны кеңестік кезеңде Қ.Есенов, Т.Қордабаев сынды ғалымдар қарастырып, құрмалас сөйлем зерттелуінің кезеңдеріне талдау жасаған [1.2.]. Аталмыш еңбектерде мәселенің ғылыми-теориялық жағына тереңдеп бармай, жалпы шолу түрінде айтылады.

Біз, ең алдымен, сол ғалымдардың еңбектеріне шолу жасай отырып, мәселеге бүгінгі күннің деңгейінен, синтаксис ғылымының қазақ тіл білімінде және орыс, батыс тіл білімінде қазіргі қарастырылуы тұрғысынан ой қорыттық.

Қ.Есенов өзінің 1969 жылы шыққан «Қазіргі қазақ тіліндегі шартты және қарсылықты бағыныңқы сөйлемдер» атты еңбегінде құрмалас сөйлемнің біраз мәселелерін қамтып, зерттелу тарихына тоқталған. Ғалым кеңес өкіметі тұсындағы құрмалас сөйлемнің зерттелу барысын сөз ете отырып, оны үш кезеңге бөліп қарастырды:


  1. 1930-1940 жылдардың арасы;

  2. 1940-1950 жылдардың арасы;

  3. 1950 жылдардан осы кезеңге дейінгі дәуір (автордың «осы кезеңі» шамамен, 60-жылдардың орта шені)[1, 9].

Алайда, Т.Қордабаев Қ.Есеновтің бұлайша бөлуін тарихи дәлсіздік деп қарайды. Ғалымның өз сөзімен дәлелдесек: «Автор (Қ.Есенов) қазақ тілі синтаксисінің кеңес дәуірінде зерттелу тарихын Қ.Жұбановтың 1936 жылы жарық көрген бағдарламасынан бастауды жөн көріпті. Ақиқатына келсек, синтаксиске қатысты терминдер де, сөйлем мүшелерінің, сөйлемдердің күні бүгінге дейін қолданылып жүрген классификациялық жіктелуінің негізгі түрлері де 20-жылдардағы оқулықтардан басталады. С.Жиенбаев, Н.Сауранбаев тәрізді ғалымдардың 50-жылдарға дейін қолданған сабақтас сөйлем компоненттерін сөйлем мүшелерінің атымен атаулары да осы 20-жылдардағы оқулықтардан басталған, - деп сын айтады [2, 60].

Біздіңше, Қ.Есеновтің бұлайша кезеңдерге бөліп қарастыруына түрлі жағдайлар әсер еткен. Біріншіден, ең басты себебі – ол кезде әлі қазақ тіл ғылымының негізін салушы, Т.Қордабаев айтып отырғандай, негізгі тіл терминдерін жасап кеткен, «ұлт көсемі» аталған А.Байтұрсынұлының аты саяси жаладан ақталмаған болатын. Қордабаевтың өзі де оны ашып айтпай, тек меңзеп қана отыр. Екіншіден, қазақ тілінің бағдарламасы мен оқулықтары алғаш рет 1930 жылдардың басынан жарық көрген. Осы жағдайларды ескере келіп, автор өз еңбегінде құрмалас сөйлем синтаксисінің зерттелу барысын осылайша бөлуді жөн көрген секілді.

Дегенмен, сол алғашқы кезеңнің өзінде қазақ тіл білімі ғылымының теориялық негіздері сапалы ғылыми ізденістер негізінде қалыптаса бастағанын қазіргі зерттеулер көрсетіп отыр. Сондықтан қазақ тілі синтаксисінің де теориялық берік негіздері сол алғашқы дәуірдегі қазақ тіл білімі классиктерінің еңбектерінде жатыр деп білеміз.

Ғалым Т.Қордабаев құрмалас сөйлем туралы қазақ тілінде айтыла бастаған алғашқы пікірлерді А.Байтұрсынов жазған «Тіл құрал» атты оқулықтан және оқу бағдарламаларынан кездестіруге болатындығын айтады. Ол: «Қазірде қолданылып жүрген басқа да көптеген лингвистикалық терминдер сияқты «құрмалас» сөзі сол оқулықтардан (20-жылдардағы) басталып еді. Терминнің мағынасы өзі атау болған категорияның мазмұнына сай келеді. Өйткені құрмалас деген атаумен аталатын сөйлем - екі немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралатын күрделі категория. Кейбір ғалымдар (Қ.Жұбанов) құрмалас сөйлем деген атауды «күрделі сөйлем» дегенмен ауыстыруды да ұсынды, бірақ бұл термин сіңісе алмады» - дейді [3,14]. Ғалым қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесіне қатысты зерттеулердің отызыншы жылдардың аяқ кезінен бастап молырақ көріне бастағанын айтады. Бұл арада құрмалас сөйлемнің беделді зерттеушілеріне А.Байтұрсынов, Н.Сауранбаев, С.Жиенбаев, С.Аманжоловтарды жатқызады.

Осы ізбен құрмалас сөйлем теориясын кейінгі кезеңде зерттеп жүрген Т.Ермекова Қ.Есенов атап өткен үш кезеңге төртінші кезеңді қосты. Себебі, төртінші кезең алдыңғы озық идеялы аға буын өкілдерінің ізін жалғастырушы жас ғалымдар легін қалыптастыстырды деп көрсетті. Ғалым олардың қатарында Р.Әмір, М.Серғалиев, Т.Сайрамбаев, Б.Шалабай, Ж.Жақыпов, Б.Сағындықұлы т.б. ғалымдарды жатқызады[4, 17].

Мақалада жоғарыда айтып өткеніміздей, негізгі үш кезеңді ұсындық. Алғашқы кезеңді «қазақ тіл білімінің классиктер дәуірі» деп атадық. Бұл кезеңде құрмалас сөйлемнің зерттелуі, негізінен, оқулықтар мен бағдарламалардың төңірегінде практикалық тұрғыдан қалыптасты деп айтылып жүргенімен, шын мәнінде, қазақ тіл біліміндегі құрмалас сөйлем теориясы мен тәжірибесінің алуан бағытта қарастырылып, негізі қаланған кезең – осы. Кейінгі зерттеулердің бәрі дерлік күні бүгінге дейін осы алғашқы бастауларға соқпай өте алмайды. Бұл еңбектердегі ғылыми-теориялық тұжырымдар уақыт талабына орай қайта қаралып жатса да, олардың берік негізі, зерттеу жүйесінің ғылыми және практикалық тұрғыдан тереңдігі, тілдік деректерді жан-жақты қарастыруы, пікірлер әралуандығы олардың ғылыми әлеуетінің мықтылығын көрсетіп келеді.

Кейінгі жылдары (1950-1980) құрмалас сөйлем теориясына қатысты мәселелер де ғылыми тұрғыдан жан-жақтылыққа ұмтылып, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтардан басқа, монографиялар, ғылыми диссертациялар түрінде де зерттеле бастады. Бірқатар еңбектерде құрмалас сөйлемнің методикалық мәселелері зерттелді. Мақалалар жарияланып, ғылыми айтыстың төңірегінде дискуссияға айналды. Бұлар өзінің жемісін беріп, көптеген ғылыми мәселелердің шешімін табуға, жаңа бағыттарды белгілеуге ықпал етіп отырды.

Дегенмен, осы кезеңнің 70-80 жылдарында қазақ тілі синтаксис саласының кеңінен зерттелуінде біршама баяулықты байқауға болады. Қазақ тіл білімінің өзге салаларына қарағанда, осы кезеңде синтаксис саласында көрінген ғалымдар да санаулы ғана. Әрине, бұл олқылық, кейінгі үшінші кезеңдегі ғылыми ізденістер арқылы толысты.

Үшінші кезеңде (90-жылдардан бері қарай) құрмалас сөйлем теориясы жаңа қырынан – қатысымдық, қызметтік тұрғыдан, антропоөзектік парадигмалар тұрғысынан зерттелуге бет алды. Бұрынғы мәселелер қайта қаралып, жаңаша көзқарастар туындады. Құрылымдық бағыт ығыстырылып, алдыңғы орынға функционалдық бағыт шықты. Сөйтіп, құрмалас сөйлем синтаксисінің бірқатар қалыптасқан көзқарастары жаңаша қарастырылып, жаңа мәселелер алға қойылды.

Қорыта айтқанда, қазақ тілі құрмалас сөйлемдерінің зерттелу тарихы бізге дейін де кейбір еңбектерде арнайы сөз етілген.

Біз, ең алдымен, сол ғалымдардың еңбектеріне шолу жасай отырып, мәселеге бүгінгі күннің деңгейінен, синтаксис ғылымының қазақ тіл білімінде және орыс, батыс тіл білімінде қазіргі қарастырылуы тұрғысынан ой қорыттық.

Құрмалас сөйлемдер – біртұтас тілдік жүйе. Синтаксистің бұл саласы толық және жан-жақты шешілді деп айта алмаймыз. Себебі, функционалдық бағыт алдыңғы орынға шыққан қазіргі кезеңде негізгі теориялық мәселелерге жаңаша тұрғыдан қайта қарау қажеттілігі көрініп отыр. Ғылымдағы қалыптасқан көзқарастарды жаңаша пікірлермен салыстыра, сабақтастыра отырып, құрмалас сөйлемнің құрылымдық, функционалдық, коммуникативтік ерекшеліктерін жаңаша бағамдаған ғылыми көзқарастардың ерекшеліктерін саралай көрсету мақаланың өзектілігін айқындамақ.



Пайдаланылған әдебиеттер

1.Есенов Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі шартты және қарсылықты бағыныңқы сөйлемдер. – Алматы, 1969. – 191 б.

2.Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы: Рауан, 1991. – 252б.

3.Қордабаев, Т. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер синтаксисі. – Алматы: Санат, 1995. – 176 б.

4.Ермекова Т.Н. Компоненттер құрылысының құрмалас сөйлемнің грамматикалық-семантикалық сипатына қатысы: филол. ғыл. д-ры. диссертациясы. – Алматы, 2007. –257 б.

Жай сөйлемнің типтері және оның зерттелуі

Қыйқымбаева Диана, ҚазМемҚызПУ-дың 3-курс студенті

Ғылыми жетекшісі: Қ.Ш.Балабекова - ф.ғ.м.,аға оқытушы

Қазіргі қазақ тілінің синтаксисі екі үлкен тарауға бөлініп оқытылады. Біріншісі – жай сөйлем синтаксисі,екіншісі – құрмалас сөйлем синтаксисі.Жай сөйлемнің құрылымына қарағанда,құрмалас сөйлемнің жасалуы күрделі және оны ары қарай да зерттеуді талап етеді. Синтаксистің зерттелуіне үлкен үлесін қосқан ғалымдардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлының алатын орны зор. Ол қазақ синтаксисінің бір ізге түскен жобасын жасап берді десек қателеспейміз.

Синтаксистің ең үлкен саласы-жай сөйлемдердің зерттелу тарихы ілгеріректен басталады. 1935-40ж.ж жай сөйлемдер ғылыми-әдістемелік жағынан шыңдап игеріле басталып, жиырма шақты мақала жазылған. 1950-60ж.ж көп зерттелген. 1940 жылы жоғары оқу орындары үшін оқулықтар мен оқу құралдарын жазуда алғашқы бастама жасалды. Ахмет Байтұрсынов сөйлем мүшелерін алдымен екіге бөліп алады: бас мүше және баяншы мүше. «Бас мүше дейміз – сөйлем ішіндегі сөздер байланатын қазық сөзін, сөйлем иесін. Жеңілдік үшін бас мүше – бастауыш, баяншы мүше - нәрсенің сырын-сипатын, жайын, амалын, болмысын айтып баяндайтын сөз баяншы мүше болады. Баяншы –баяндауыш деп аталады»,-деп көрсетеді.

Ал, ғалым Мәулен Балақаев1957 және 1959 жылдары сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксистеріне арнаған ғылыми кітаптарын жарыққа шығарды. Соңғы еңбегінде «бастауышсыз» деп аталатын сөйлемдер қатарына бір бас мүшелі сөйлемдер деп танылып жүрген белгісіз және жалпылама жақты сөйлемдерді қосады. Бір негізді сөйлемдердің бұрынғы аталған толымсыз, жақсыз, атаулы сөйлем түрлеріне өзіндік көзқараспен анықтама береді, жасалу жолдарын толықтырады.

Асхат Әбілқаев «Қазіргі қазақ тіліндегі жай сөйлем түрлері» деп аталатын еңбегінде жай сөйлем төртке бөледі: жақты, жақсыз, толымсыз және атаулы. Жақты сөйлем: арнаулы, ауыспалы және бастауышы белгісіз жақты деп іштей үшке жіктелген. Мұнда автордың сөйлемді жіктеудің басты белгісі етіп, негізінен, жақты алғандығын және оны бастауышпен тең деп қарағанын байқаймыз.

Ғ.Мадина «қазақ тіліндегі жай сөйлемдер құрылысы жағынан бір тұрлаулы мүшелі болып, екі тұрлаулы мүшелі болып та құрылады» деп,сөйлемдердің басым түрі екі тұрлаулы мүшелі екенін баса айтады және жай сөйлемдердің құрылысына байланысты екі негізді сөйлем, бір негізді сөйлем болып бөлінетінін атап, оған өз тұсынан термин (атаулар) ұсынды. Оңласын Төлегенов «Жалпы модальді және мақсат мәнді жай сөйлем типтері» атты кітабының кіріспесінде сөйлемдердің мағыналық, құрылымдық формаларын түгел қамтитын, әрі сапалы танытатын топтау принципін көрсетіп, құрылымына қарай екі бас мүшелі, бір бас мүшелі (баяндауышты), мүшеленбейтін сөйлемдер деп үш топқа бөледі.

Р.Әмірдің «Жай сөйлем синтаксисі» деп аталатын еңбегінің қазақ тіл білімі үшін біршама жаңалық әкелгенін айта кеткен орынды. Р.Әмір бұл еңбегінде жоғарыда аталған «бір құрамды» терминін «бір негізді» терминімен ауыстырып, жай сөйлемдерді құрылымдық ерекшелігіне қарай екі негізді сөйлем және бір негізді сөйлем деп бөліп қарастырады.

Ж. Садуақасұлының бір негізді сөйлем мәселесіне қатысты пікірлері 2004 жылы шыққан «Жай сөйлемнің құрылымдық түрлері» атты еңбекте жалғасын тапты. Онда бұрынғы грамматикаларда әр түрлі ыңғайда қарастырылып келген жай сөйлемнің түрлері ғылымның соңғы жаңалықтары негізінде топтастырылған. «Бір құрамды сөйлем» термині қазақ тіл білімінде 60-жылдан бастап көрініс береді. Бұл терминді алғаш рет К. Аханов «Тіл біліміне кіріспе» еңбегінде (1965ж.) қолданады. Жай сөйлемнің екі түрлі құрылымдық үлгісі бар: оның бірі - екі құрамды (бастауыш, баяндауыш) үлгі (двусоставные схемы), екіншісі - бір құрамды үлгі (односоставные схемы) болады.

Бір құрамды сөйлемдер іштей: жақты, жақсыз, атаулы сөйлемдер деп бөлінсе, бір құрамды жақты сөйлемнің өзін семантикалық-грамматикалық ерекшеліктеріне орай: белгілі жақты сөйлемдер; белгісіз жақты сөйлемдер; жалпылама жақты сөйлемдер және ауыспалы жақты сөйлемдер деп жіктейміз. Жинақтай айтқанда, жай сөйлемдердің мынадай ерекшеліктеріне қарай топтастыруға болады: 1.Мағынасына қарай: хабарлы, сұраулы, лепті, бұйрықты. 2.Предикативтік бас мүшенің қатысына қарай: қос құрамды, бір құрамды, сөз сөйлем. 3.Құрылымдық-семантикалық компоненттерінің қатысына қарай: толымды,толымсыз, жалаң, жайылма. Қорыта айтатын болсам, жай сөйлемнің түрлері ары қарай да құрмалас сөйлемнің синтаксисінің зерттелуіне бастау болады. Жай сөйлемнің түрлерінің әр алуан типтерге бөлініп кетуі – оның компоненттерінің беретін мағынасы мен жұмсалу орнының ерекшелігін байқатады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Мыңбаева Рауза. Диплом жұмысынан. Қазіргі қазақ тіліндегі бір құрамды сөйлемдер.

2. Әзбергенова Ләззат Жалғасбайқызы. Диссертациялық реферат. Бір негізді сөйлемдердің қолданымдық ерекшеліктері және жай сөйлем түрлерін оқыту мәселелері.

Қазақ және орыс әдебиеті мәселелері

Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа»

повесіндегі Қожа

Алматы қаласы №156 ЖББ мектептің 6-сынып оқушылары

Манатай Елдана, Әлімханова Мерей

Жетекшілері:М.Б.Темірғалиева, Н.Ә. Иргебаева

Бердібек Соқпақбаев – қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегімен, шындықты қарапайым әңгімелеу арқылы мөлдіретіп, көз алдыңа жайып салатын, кейіпкерлерді даралау мен психологиялық бейнелеудің де өзгеше бір жолын тапқан талантты жазушыларымыздың бірі. Жасынан өмір талқысын көп көрген адамның өмірбаяндық деректері оның шығармаларына арқау болды. Ол сол көргендері мен сезінген дүниесін 30 жылдардағы ауылдың ауыр тұрмысы, Ұлы Отан соғысы мен одан кейінгі ауыр кезеңнің шындығына сәйкес жаңартып, ой елегінен өткізіп, типтік орта шындығына лайық типтік бейнелер арқылы аша білді. Бүгінде кез-келген қазақтың қара баласына Соқпақбаевтың кім екенін түсіндіріп жату артық болар, оның «Менің атым Қожасы» әрбір үйде Абаймен, Мұхтармен бірге ұлттық қазына ретінде сақталуда десек қателеспеспіз. Өйткені, Соқпақбаевтың есімі көзі тірісінде-ақ әрбір мектеп баласының жүрегінен мықтап орын алған болатын.

Сегіз жасымда шешем өліп, жетім қалдым. Колхоздастырудың алғашқы жылдары - ең бір қиын кез. Содан соңғы басымнан кешкендерімді ойлай бастасам осы күннің өзінде жүрегім қарс айырыла жаздайды. «Япыр-ау, қалай тірі қалдым, осы күнге қалай жеттім?! Нағыз итжандының өзі екенмін-ау»,- деп таңданам». «Балалық шаққа саяхат» повесі – міне, осы толғаныстардан туған дүние. Ондағының бәрі де шын, бәрі де болған...

Жазып та көрдім мен де өлең,

Жазып та көрдім қара сөз.

Ерте ме, кеш пе мен де өлем,

Өлмейді тек дана сөз,- деген өлең жолдары асыл ағамыздың рухына бас иіп, оның өміршең өлмес мұраларын қадірлеп келешек ұрпаққа жеткізер жолы іспеттес. Оның, әсіресе, балалар әдебиетіне байланысты бүкіл шығармашылығының мәнін бір ауыз сөзге сыйғызып айтар болсақ, ол - өте ірі кесек тұлғалы балалар әдебиетінің бәйтерегі. Сонау сұрапыл 1942 жылдары Қарағандыға ФЗО-ның оқуына кетіп бара жатып:

Нарынқол, туып өскен ауданым-ай,

Көркем жер болмас сенің аумағыңдай.

Кетерде сенен ұзап көзім қимай,

Қызыл тіл өлеңдетіп зауладым-ай, - деп жазушының өзі жырлағандай, Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы қазанның 15-інде Алматы облысының Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданында туған.

«Жас Бердібек, көз көргендердің айтуына қарағанда, жас кезінің өзінде-ақ еш нәрсеге жасымайтын, еш нәрседен жасқанбайтын отты, өжет болған екен.

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтынан кейін Мәскеудегі Жоғары әдеби курсты бітірген. Біраз жыл ауылдық мектепте ұстаз болып, кейіннен баспасөз саласына ауысты. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясында қызмет істеді. Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөнінде әдеби кеңесші болды.

Тамаша шығармалары арқылы балалардың көңілінен шығып, сол арқылы бірнеше буын өкілдерінен тұратын кішкене оқырмандардың құрметіне ие болғандардың ішіндегі шоқтығы биік, бірегей таланттардың бірі – Бердібек Соқпақбаев. Жазушының шығармаларын оқыған кез-келген бала өмірбаянымен де танысып шығады.

Бердібек Соқпақбаев - балалар үшін жаралған жан. Өзінің шығармашылық жолын балаларға өлең жазудан бастаған ол, кейін прозалық шығармалары арқылы балалардың сүйікті жазушысына айналды. Сондай-ақ балаларға арналған бірнеше сценарий, пьесалар жазды. Б.Соқпақбаевтың есімі тек қазақ балаларына ғана емес, көптеген шет ел балаларына да жақсы танылды. Оның кітаптары әлемнің 20 шақты елінің тіліне аударылса, «Менің атым Қожа» повесі бойынша түсірілген 28 елдің бүлдіршіндері тамашалапты. Әрине, бұл біздің әдебиетіміз бен кино өнері үшін жетістік болғаны даусыз.

Бердібек атаның «Менің атым Қожа», «Жекпе-жек», «Аяжан», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» повесть-романдарын, көптеген әңгімелерін оқымайтын қазақ баласын табу өте қиын. Жазушының ғана емес, қазақ әдебиетінің де мақтанышына айналған туынды "Менің атым Қожа" /1960/ екені баршамызға белгілі.

Шығарма алғаш 1957 жылы "Өзім туралы повесть" деген атпен жарық көргенде, әдебиетшілер арасында талас та тудырған еді. «Өзім туралы повесть» Алматыда біраз қиналыспен басылды. Бұзақы Қожаның шәлкес қылықтарымен танысқан балалар бұзылып кетеді деп үрейленушілер де ұшырасты. Өйткені, елуінші жылдардағы балаларға арналған санаулы повестерді шолып шықсақ, балғын кейіпкерлер негізінен тәртіптілігімен, ересектер алдында инабаттылығымен, социалистік меншікті сақтауға және қорғауға, қоғамдық еңбекке шама шарқына қарай ұмтылушылығымен ерекшеленетін. Яғни, бұл кезеңде біздің прозамызда мінез бен жағдай байланысының бағыттаушы, қалыптастырушы типінің басым болғандығын атап көрсету қажет. Бұған мысалды Соқпақбаевтың өз шығармашылығынан да келтіруге болады. Біз жоғарыда тілге тиек етіп кеткен "Алыстағы ауылда" повесінің кейіпкерлері де еңбексүйгіш, шыншыл, әрқайсысы өз жұмыстарына Отан алдында жауап беретін сезіммен әрекет етеді. Оқырмандар назарын аударып, әдеби сын тарапынан тәуір баға алған бұл шығарма казақ әдебиетіндегі қарапайым шығармалардың қатарында қалды. Себебі, жалаң насихаттық тенденция үстемдігі талғамы өсе түскен оқырман қауымды жалықтыра бастаған болатын. Міне, осы кезеңде бойындағы табиғи болмыс-бітімімен, өзіндік қарама-қайшылықтарымен әдеби аренаға шыға келген Қожа тәрізді бейнені көргенде әдеби қауымның тосылып қалуы түсінікті еді. Бірақ повесть орыс тіліне аударылуы мұң екен, қазақтың сүйкімді де сотқар баласы дүние жүзін аралап кете барды. Туынды украин, өзбек, молдаван, литван, латыш тілдерінде бірінен соң бірі басылып шықты. Француз тілінде де жарық көрді. Талантты режиссер Абдолла Қарсақбаевтың повесть бойынша түсірілген кинокартинасы 1967 жылы Францияның Канн қаласында өткізілген балалар мен жасөспірімдер көркем фильмдерінің дүниежүзілік фестиваліне қатысып, жүлделі орынға ие болды. Бұндай шығармашылық бақыты тек талантты, санаулы суреткерлердің еншісіне ғана бұйыратыны мәлім. Шығарманы жазардағы ең басты мақсатым: жақсылыққа тәрбиелеу. Қожа - есер емес, есті тентек. Бір көрген адамға «жаман бала», «қиын бала» болып, кейін мүлде өзгеріп, жақсылардың қатарына қосылып кететін балалар аз емес қой...

Қай жазушы болсын, өзінің жақсы сезінген, көрген, білген, жете зерттеген жайларын жазады. Және үлкен бір қаламгер: «Әр жазушы әуелі өзін жазады» деген екен. Осыларға саятын болсақ, мінез-құлық, іс-әрекет жағынан Қожа менің балалық шағыма көбірек ұқсайды. Повесть өзім, достарым, мектебім, туып-өскен ауылым жайында әңгіме қозғайды. Сондықтан да шығарманың 1957 жылы бірінші жарық көргендегі әуелгі аты - «Өзім жайлы повесть» болатын.

Бердібек Соқпақбаев - Кеңес үкіметінің «қылышынан қаны тамып тұрған» кездің өзінде тек өз жүрек қалауымен оқырмандарына жалғандықтан қашып шынайы шындықты жеткізе білген жазушыларымыздың бірегейі. Балалар өмірін шынайы сүйіспеншілікпен бейнелейтін хикаялары мен әңгімелерін жас та, қарт та, қазақ та, басқа да құмарта, қызыға оқиды десек еш артық айтқандық емес. Бердібек Соқпақбаев кейіпкерлерін қолдан жасамаған. Оның кейіпкерлері – өзі. Жазушы шығармаларын бірінші жақтан жазады. Яғни, шығарманы бас кейіпкер әңгімелеп отырады.

Сонымен шығармадағы басты кейіпкер — 13 жасар Қожа. Ол оқуға зерек, жолдас-жораға адал, еті тірі, әже мен ананың қолында өскен ерке, жұрт көзіне ерсі, бұзақы болып көрінеді, енді бірде ақын-жазушы болам деп алдына биік мақсат қояды. Сонымен қатар, мұғалімдер көп айта беретін "тәрбиелеуі қиын бала". Қожа жолап кеткен жердің бәрі у-шу, үлкен әңгіме. Ол үйден шықты дегенше, қаздар каңқылдап, ит үріп, ауыл шулады дей бер. Мектепте де бар әңгіме соның төңірегінде. Әйтеуір ол жүрген жердің бәрі абыр-дабыр сөз, тынымсыз қозғалыс, шешімі табылмаған сұрақтар...

Повестегі Қожаның қылықтарына балалықтың бойына сиымды әрекеттер деп еріксіз кешірім жасап отырасың. Бала жанының әртүрлі иірімдеріне тереңдеп барып, жан-жақты көрсету үшін, өз қаһарманының тағдырын қилы-қилы ситуациялармен байланыстырып отырады. Кейіпкердің адамгершілік қасиеттері, адалдығы, пәктігі бірте-бірте нанымды ашылады. Жазушы кейіпкерді бірден ұнамды етіп жасауға тырыспаған. Қайта оны әртүрлі сынға салып, күрделі бала мінезінің қалыптасу процесін дамыта көрсеткен. Қандай әрекет жасаса да кейіпкер өзінің ағат қылықтарына соңынан қатты өкініп отырады. Ал Қожаны желіктіріп жүрген Сұлтан болса, кандай бұзықтық жасаса да, біле тұра әдейі істейді. Сұлтаннан жас жағынан біраз кіші Қожа оның артынан қанша ермейін десе де кейде жетегінде кетіп қалады. Тәртіпіздікті қалай істегенін өзі де аңдамай қалады. Оқу үлгерімі ешкімнен кем емес, Қожаның еңбегін тәртіпсіздігі жуып кетеді. Онда аярлық деген атымен жоқ. Сотқарлықтан қанша жаза күтсе де ойындағы шынын жайып салады.

Б.Соқпақбаевтың атақты Қожасы — бірнеше буынды тәрбиелеуге септігін тигізді, күні бүгінге дейін балалардың сүйікті кейіпкері. Повесті оқып отырған оқушы оның кеудесін кернеген асқақ арман, үлкен махаббат шуағына жылынып, жаңылысып жасаған жаңсақ қадамдарының терістігін ұғып тәлім алады. Қожа ағат кеткен істеріне шын күйініп, өкінеді. Бірақ тәртіпсіздік қылықтарының қай-қайсысының да себебі бар. Мысалы, "қазды атқан ол емес, Сұлтан. Ал бақаны сумкаға Майқанова талып жығылсын деп салған жоқ, тіпті оның сондай шошымал адам екенін білсін". Монолог Қожаның осындай істерінің психологиялық мәнін ашу үшін пайдаланылады. Кейіпкер ойларында жүйелілік жоқ. Бір ойды бір ой тірсектеп, көп жағдайда сезім құбылысының тұтастығы саналы түрде сақталмайды. Бұл — ішкі монолог ерекшеліктерінің бірі. Монолог түріндегі жүйелі сөзден ішкі монологтың айырмашылығы да осында.

Қожаның өміріндегі ең қатыгез күн мектепте Қожаның тәртібін талқыға салған педсовет және класс жиналысы болды.

Егер шынымды айтсам, мінез-қылық жағынан Қожа өзге емес, менің өзіме ұқсаңқырайды. Жасымда қой аузынан шөп алмас момын едім деп, мен, сірә, айта алмасам керек... Ал, бірақ Қожаның басынан кешкеннің бәрі дәл сол күйінде менің басымнан кешкен екен деп ұғылмағаны дұрыс. Жазушылық қиял ақсақты тыңдай, өтірікті судай етіп баяндай білсе, ол айып емес. Сұлтан, Жанар, Жантастар - әлгіндей жиынтық образдар. Бірақ солардың қай-қайсысы туралы жазғанда да автор өзі жақсы білетін біреулерді көзіне елестетіп отыруы әбден мүмкін"/8/. Бұдан жазушы Б.Соқпақбаевтың өмірлік материалды, оның ішінде прототиптерді өмірдің өзінен алғанымен, оны терең зерттеп, жан-жақты түлғалап алатынына көз жеткіземіз. Түптұлғалар типтендіріліп, өсіп, өркендеп көркем образ деңгейіне көтерілген.

Повестегі Қожа - есер емес, есті тентек. Бір көрген адамға "жаман, қиын бала" болып көрініп, кейін мүлде өзгеріп, жақсылардың қатарына қосылып кететін балалар аз емес қой. Жазушының шығарма жазардағы басты мақсат-мұраты да осы — жақсылыққа тәрбиелеу, бала жанының түкпіріне үңіле білу болса керек. Қаламгер бала психологиясын ескере отырып, қандай оқиға, кұбылысты суреттесе де, бала көзімен көріп, баяндай білді.

Жазушы Қожаның балалықпен істеген түрлі қылықтарын, тентектікпен жасаған жағымсыз әрекеттерін Майқанованың мұғалімдік қызметтегі тәжірибесіздігімен сабақтастыра өрбітеді де, оқиға барысын ширықтыра дамыта келіп кульминациялық дәрежеде көрінетін шығармадағы идеялық мақсат пен авторлық түйінге тіреледі. Ол—бала тәрбиесінің күрделілігі. Бала дүниесіне терең үңілмей, оған ата-ана, мектеп ұжымы ат салыспай, мінез-құлқына біржақты ғана баға беріп қоймай, ол жасаған түрлі қиғаш істердің түп-тамырын зерделеп білмей, бала тәрбиесі бағытындағы мақсат өз нәтижесін бермейтіндігі жөніндегі авторлық түйін соңғы педсоветте Қожаның болашағы туралы арнайы талқылау өткізілуімен тұжырымдалады. Қожа бойындағы парасаттылық, оқуға деген құштарлық, т.б. қасиеттердің молдығын ұстаздар ұжымының дұрыс түсініп, оны мектептен шығармау туралы шешім қабылдауы – соның айғағы.

Кез-келген жағдайда оқушының ойланбай істеген ағаттығына кешірім көзбен қарайтын, ол-сынып жетекшісі. Қазіргі жағдайда да, дәл осы көрініс өзгерген жоқ. Өз баласынан да артық көретін оқушылары қандай жағдайдан алып шығатында –ұстазы. Тіпті мектеп инспекторының алдына дейін сүйреп барып, қайтіп ақтап, қорғап алып келіп жатады. Бірақ осыдан шығар қорытынды нәтижесі өте аз. Өйткені қазіргі оқушыларда жауапкершілік жетіспейді. Бар айтар ақылды жүре қабылдайды. Сынып жетекшімді үнемі ренжітеді, жүрегін ауыртады. Бірақ сол ұстазым, сол сотқарды қанатын қатайтып, жақсы азамат етіп, ертең ұядан ұшырады емес пе?! Сол уақытқа дейін ұстаз үлкен табандылық, шыдамдылық танытады.

Есейіп келе жатқан Қожаны дұрыс жолға бағыттай білу — ұстаздар қауымы, сондай-ақ оның анасы мен әжесінің міндеті екені аян. Алайда бұл міндет өз дәрежесінде атқарылмай жатады. Немересіне деген жүрек мейірімі елжіреп тұрғанмен қарт әже Қожаға уақыт талабына сай бағыт-бағдар беруге дәрменсіз. Оның айтқан тәрбиелік сөздері Қожа үшін құрғақ ақыл, жаттанды сөз түрінде ғана әсер етуден аспайды. Ал, анасы қысы-жазы колхоз тіршілігінен шыға алмайды. Жесірліктің ауыр салмағын арқалап, жанбағыс қамында жүрген ол жалғыз ұлды күнделікті бақылап тәрбие беруге мұршасы жоқ. Жалғыз басты анаға әкесіз өскен баланы тәрбиелеудің оңай емес екені тағы белгілі. Қожа мен анасының тағдырынан отбасы үшін төрт құбыланың түгелдігінен артық қажеттілік жоқтығын түсінуге болады.

Б.Соқпақбаев болса, геройларының жанына үңіле білді. Оның шығармашылығына тән ерекшелік — кейіпкерлерінің ішкі әлеміне бойлай ену, сол әлемдегі сан-қилы сезімдердің шарпысуын, солардың қайғы-қасіретін, қуаныштарын қаһармандардың өз сөздерімен дәл көрсете білуі.

Қожа тәрбиесінде жақсысына сүйініп, жаманына күйініп жүрген кейіпкер - анасы. Жиналыста мұғалімнің кейіген мінезін, қатты ашуын, қамығып жылағанын көріп, баласына сонда айқайламай байыппен, салиқалы мінезімен тәртібін түзеуге уәде берді. Бірақ еш уақытта да баласына деген сенімін жоғалтқан емес. Қайта күннен-күнге салмақ сала сөйлеп, жауапкершілік жүгін ауырлата түседі...

Қорыта айтқанда, жеке автордың ғана таңдаулы шығармасы емес, бүкіл қазақ әдебиетінің жетістігі болған "Менің атым Қожа" повесі – әлем әдебиетінің осы бағытта жазылған /балалар тақырыбына/ шығармалары санатында бағалауға лайық, әлемдік рухани қазынаға үлес болып косылған туынды. Б.Соқпақбаев балалар бейнесін жасауға арналған осы туындысы арқылы шығармашылықтың биік шыңына көтерілді. Ол "Менің атым Қожа" повесінде Қожа, Сұлтан тәрізді кейіпкерлер бейнесін сомдай отырып, қазақ балалар әдебиетіне, қазақ прозасына өзіндік өрнек, өзіндік стиль қалыптастырып, жаңа идеялық бағыт әкелді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет