Исаев оқулары (ғылыми мақалалар жинағы) Алматы, 2016 ббк пікір жазғандар



бет1/28
Дата09.04.2018
өлшемі5,26 Mb.
#40093
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті



ИСАЕВ ОҚУЛАРЫ
(ғылыми мақалалар жинағы)

Алматы, 2016

ББК

Пікір жазғандар:

А.Ә.Ильясова – Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының докторы..

А. Сембаева – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.


Редакция алқасы:

Ж.К. Отарбекова, Г.А. Ескермесова



Исаев оқулары (ғылыми мақалалар жинағы). Алматы, 2016 ж. 400 бет.

Филология ғылымдарының докторы, профессор С.М. Исаевты еске алу құрметіне жыл сайын өткізіліп тұратын бұл оқуларға студент, магистрант, оқушылардың ғылыми мақалалары енгізіліп отыр.

Ғылыми мақалалар жинағын баспаға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Қазақ тіл білімі кафедрасы ұсынған

ISBN


Ғалым мұрасы ғылым және білім

үдерісінде

Профессор С.М.Исаев - қазақ әдеби тілін терең зерттеуші

М.Ф. Зиядиев,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе ӨМУ 4-курс студенті

Жетекшісі: ф.ғ.к., доцент Н.А.Садуақас

Қоғам ілгері дамыған сайын өткен жолымыздағы бай құндылықтарымызға қайта-қайта назар аударып, аға ұрпақтың қалдырған игілікті істерінен қуат алып, содан кейін бағдарымызды түзеп, алға қарай сеніммен нық қадаммен жүріп келеміз. Бүгінгі биігіміз өткеннің жалғасы екендігін, сондықтан оларды өзара бірлікте қарастыру арқылы тұтас ғылыми көзқараспен келешекке жол саламыз. Демек, қазақ тіл білімінің бүгінгі жетістігі осы салада өз қолтаңбаларын қалдырған ардақты азаматтардың, іргелі зерттеулер жүргізген талантты ғалымдардың еңбектерінің жемісі деп білеміз. Осындай биіктен көрінетін белгілі ғалым, қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдерінің бірі Сейілбек Мұхамеджарұлы Исаев деп білеміз. Ғалым С.М.Исаев қазақ тіл білімінің іргелі мәселелеріне қатысты сүбелі еңбектер қалдырды десек, солардың ішінде қазақ әдеби тіліне арналған зерделі зерттеулерін ерекше атап көрсетеміз[1]. Себебі қазақ әдеби тілі тарихын зерттеу ісінде белгілі ғалым С.М.Исаев еңбектері осы саланың ғылыми дамуына қомақты үлес қосты деп білеміз.

Қазіргі таңда қазақ әдеби тілі тарихын жеткілікті дәрежеде зерттелген ғылым салаларының бірі деп айтуға болады. Қазақ әдеби тіл тарихының әр түрлі көптеген ғылыми мәселелері М.Балақаев,Т.Қордабаев, Р.Сыздықова, Е.Жанпейісов, Е.Жұбанов, Б.Әбілқасымов, С.Исаев, Б.Момынова, Ш.Мажитаева т.б. ғалымдар еңбектерінде қарастырылғаны белгілі. Қазақ тіл білімі қалыптасуының алғашқы кезеңінде бір әліпбиден екіншісіне көшу, емле - жазу сауаттылығын арттыру, тіл жүйесіндегі фонетика, лексика-грамматика мәселелерін тұрақтандыру, мектепке түрлі оқулықтар дайындау, осы бағыттағы ізденістер мен айтыстар болды да, қазақ әдеби тілі тарихын зерттеу ісі кейіндеу қолға алынғаны баршаға аян. Бірақ өткен ғасырдың қиын кезеңнің өзінде-ақ қазақ тілі тарихын зерттеуге алғаш ғылыми түрде ізденіс жүргізген профессор Қ.Жұбанов екенін айта аламыз. Ол «Дүниедегі халықтардың барлығы да құранды, «таза» ел жоқ. Білімпаздар қазақты ХҮ-ХҮІ ғасырларды құралған деседі. Ел құранды болғандықтан, тіл де құранды болмақ: «шаруа», «сән», «ән», «әңгіме», «баға», «найза» деген сөздердің барлығы да парсынікі. Тілдің қалай өсіп, дамитындығын білу керек. Тілдің тарихын білу деген сөз – оның өніп-өскен жолын білу деген. Демек, тіліміздің сонау ұзақ жолда қандай өзгерістерге ұшырағанын, оған неге ұшырағанын білу керек. Бұрынғы білу –жай әшейін емес, тілді меңгерудің бір амалы. Біз тілді меңгеріп болғанымыз жоқ, толық меңгерсек қана оны дұрыс бағытта өзгерте аламыз»,- деген еді [2. 119]. Профессор Қ.Жұбанов «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деген мақаласында да Абайдың ұлттық әдеби тілімізді дамытудағы ерен еңбегін терең талдап көрсеткені аян[2. 250]. Қазақ әдеби тіл тарихын зерттеуде ғалымдар арасында әдеби тіл, әдеби тілді танытатын негізгі нұсқалар, жазба әдеби тіл тарихы қай кезеңнен басталады және оны қалай дәуірлеу, стильдік тармақталу кезеңі т.б. мәселелер жөнінде әр түрлі пікір алшақтығы болып келді. Қазақ әдеби тілінің әр кезеңдегі тарихы, ауыз әдебиеті тілі, әдеби стильдерінің қалыптасу, даму жолдары, әдеби тілдің сипаты мен анықтамасы, жазба әдеби тіл т.б. мәселелері туралы зерттеулер қазақ тіл білімінде әлі күнге жалғасып келе жатыр. Ғалым С.М.Исаев өзінің «Қазақтың мерзімді баспасөз тілінің қалыптасып, дамуы» деген тақырыптағы көлемді зерттеу еңбегі арқылы қазақ әдеби тілі саласындағы зерттеу ісіне толымды үлес қосып кетті.

Қазақ әдеби тілі тарихын зерттеу ісінің бастауында тұрған белгілі ғалымдардың бірі С.М.Исаев өз еңбектерінде мерзімді баспасөз тілі, әдеби тілдің белгісі, статусы, оның сипаты мен нормалануы, әдеби тілдің тарихи негіздері, даму арналары, қалыптасу кезеңдері, ауызша сөйлеу тілі мен жазба тілдің өзара байланысы, ақын-жыраулар тілі мен қазақ поэзиясының әдеби тілді дамытудағы ролі, қазақ әдеби тілі құрылымы мен құрылысының даму тенденциясы т.б. туралы толымды ғылыми ойларын айтып, қазақ әдеби тілінің дамуы мен қалыптасу жолының батыс елдері ғалымдарының әдеби тіл туралы түсініктерінен ерекшеліктерін көрсетіп, осы бағыттағы зерттеу ісінің теориялық жағынан қалыптасып дамуына, тың көзқарастармен толыға түсуіне өз үлесін қосып кетті[1].

Қазақ тіл білімінде алғашқы кезеңдегі зерттеушілер ұстанымында әдеби тілдің басты белгісі тек жазумен байланысты қарастырылуы керек деген көзқарас болған еді. Осы көзқараста болған ғалым М.Б.Балақаев «Қазақ әдеби тілі және оның нормалары» деген еңбегінде «Әдеби тіл алдымен жазба тіл», «Менің түсінігімде жазусыз әдеби тіл жасалмайды» деген пікір айтты[3.25]. Осы мәселеге қатысты С.М.Исаев әдеби тілді анықтайтын негізгі белгіні тек жазумен байланыстыру, «әдеби тіл деген ұғым мен жазба тіл, жазба әдебиет тілі деген ұғымдар бір- бірімен қарым – қатынасты, байланысты болып келгенімен, тепе – тең, бір деп түсіну дұрыс емес», «жазба тіл атаулының бәрі бірдей әдеби деп таныла бермейді», «әдебилік сипатын анықтайтын меже – жазбаша болғандығы емес, басқа қасиеттері болса керек»,«тілдің жазба түрі әдебиліктің бірден - бір негізгі критериі бола алмайды» деген ойлар айтқан [1.20]. Әдеби тілдің басты белгілерін анықтауда ғалым Р.Сыздықова төмендегідей пікір айтады: «Әдеби тілдің, ең басты белгісі – оның өңделген, сұрыпталған, нормаланған тіл болуы, бұл – бір. Қызметі жағынан сол халықтың өмірінде ұйымдастырушы, қоғам мүшелерінің басын қосушы сипаты, яғни жалпыға ортақ қасиеті болуы тиіс. Бұл – екінші меже. Әр нәрсенің, әр құбылыстың заты(мән – мәнісі, табиғаты) салыстыру арқылы, өзге нәрселердің , өзге құбылыстардың қарама – қарсысына қойылатын басты құбылыс – ауызекі сөйлеу тілі. Бұл тілді әдеби деп тануға қажет үшінші шарт. Әдеби тіл – қоғамның қолдану практикасында сыннан өткен, нормаларын қоғам санасы дұрыс деп қабылдаған тіл және ол нормалар барша үлгілерге ортақ болуы шарт. Бұл – төртінші сипаты. Осы белгілерді нысанаға алып қарасақ, қазақтың тіліне «әдеби» деген атрибут сапаны ұлттық дәуірге дейін де беруге болатын мотивтер бар» [4.8]. Әдеби тілдің сипатын, мәнін ашуға қажетті басты белгілері туралы Р.Сыздықованың бұл тұжырымдарының дұрыстығын, оны ескерусіз қалдыруға болмайтын, бұлар «әдеби тілге тән нақты сапалық белгілер» екенін айта келе, С.М.Исаев «әдеби тіл белгілі халықтың белгілі дәуір кезеңдеріндегі қоғамдық құбылысы екені, ол тілдің сол халық мәдениетінің өндіріс құралы, соны жеткізудің қоғамдық көрінісі, сондай творчестволық мәдениет туындыларының жасалу амалының көрінісі болуын баса көрсеткен жөн»,- деп, әдеби тілге тән сапалық белгілерді жан – жақты көрсете білген еді[1.21].

Қазақ әдеби тілінің тарихы жөнінде жазған еңбегінде қазақ халқының әдеби тілі өз тарихын өте ерте кезеңнен бастайтын қазақ фольклорымен терең байланысты екенін айта келіп, «Қазақтың ауыз әдебиетінің тілі – қазақ әдеби тілінің басты арналарының бірі»,- дейді ғалым Р.Сыздық [4.28]. Ал қазақ фольклорын «халық әдебиеті» деп атап, түркі халықтарына кең танымал «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қобыланды батыр» жырларын лингвостилистикалық аспектіде зерттеу барысында ғалым Е.Қ.Жұбанов ауыз әдебиеті тілін халықтың алғашқы «ауызекі әдеби тілі» деп атаған еді[5.16]. Осы жерде көңіл аударатын мәселе, ғалымдар арасында әдеби тілдің көріну формасын біреулер тек жазба әдебиетпен ғана байланыстырса, екінші бірі, әдеби тіл – тек жазба тіл емес, ұрпақтан – ұрпаққа ауызша таралып келген әр түрлі әдебиет нұсқалары тілін де есепке алуды ұсынды. Осы орайда, «қазақтың бай ауыз әдебиеті тілін де әдеби тіл деп танимыз» деп, Р.Сыздықова ауыз әдебиеті тілін жазба әдебиеті тілінен ерекше қарап, оны «қазақтың жазба алдындағы әдеби тілі» деп атайды[4.28]. С.М.Исаев «Тілдің әдебилігінің бірден – бір көрсеткіші – халықтың белгілі кезеңдегі қоғамдық рухани мәдениет өндірісінің құралы бола алу, халықтың рухани байлығын, сөз өнерін жеткізудің, мәдени талап – тілектің қоғамдық көрінісі, мәдениет туындыларының құралы мен оны іске асырудың амалы бола алуы. Міне осындай міндетті атқаратын тіл ғана әдеби тіл болмақ», - деген түйінді пікір айтып, әдеби тілдің жалпыхалықтық тілден ерекшеленетін басты белгілерін танытқан еді[1.22].

Күнделікті өмірдегі тілдік қарым-қатынаста сөйлеу тілі мен жазба тілдің қоланыс ерекшеліктері, орфоэпия мен орфографияның өзіндік талаптары, елдің жаппай сауаттанған кезіндегі жазу дәстүрінің орфоэпияға тигізетін әсері, жазу мен сөйлеу тілінің әсерінен әдеби тілде жарыса қолданылатын сөздердің көбеюі, олардың әдеби тілде өмір сүру, орнығу амалдары туралы т.б. сұрақтардың шешімін тауып, ғылыми негіздеп беру, жүйелі ұстаным қалыптастыру да ғылыми өзекті мәселе болып табылады. Ғалым С.М.Исаев әдеби тілде жарыса параллель қолданылатын сөздердің «әрқайсысы жаңа мағыналық реңкке немесе стильдік, қолданыстық ерекшелікке ие болатынын», олай болмаған жағдайда « бір – бірінен ешбір айырмасы болмаса, бұлар әдеби тілде қатар өмір сүре алмас еді» деген нақты ғылыми пікір айтқан[1.24].

Қазақ әдеби тілінің стильдер жүйесі мен жанрлары туралы ғылыми пікірлер де бірізді еместігін байқауға болады. Әдебиет жанрлары мен әдеби тілдегі стильдік тармақтар бір емес, олардың саны да тең болуы шарт емес. Стиль әдеби тілдің дамуы барысында қалыптасатынын, әдебиет жанрларының дамуы тілдік стильдердің тармақтарының қалыптасуына әсер ететінін айта келіп, «Стиль ең алдымен қолданылуда өзіндік ерекшеліктері, айырым белгілері бар тілдік элементтер жүйесі немесе әдеби тілдің өзіндік сөздік құрамы, грамматикалық тұлғалары бар сараланған бір бөлігі», - деп, С.М.Исаев стильдің анықтамасын тұжырымдап берген еді[1.30].

Қазақ әдеби тілінің қалыптасып, даму кезеңдері туралы осы күнге дейін бір тұрақты пікір болмай келеді. Осы сала ғалымдары қазақ әдеби тілінің тарихи бастауы, қалыптасу жолдары, даму арналары мен дәуірлері (кезеңдері) туралы әр түрлі өзіндік көзқарастарын айтқандарын білеміз. Біреулері қазақ әдеби тілінің тарихи бастауын XV ғасырдан бастаса, енді бірі ХІХ ғасыр, енді бірі ХХ ғасырдағы төңкерістен кейін десе, келесі бір ғалымдар орта ғасырдан, көне түркі жазбаларынан да бұрын деген де пікірлер бар. Осы пікірлерді топтап қарасақ, қазақ әдеби тілінің басталу тарихы, қалыптасу жолдары мен дәуірлері туралы негізінен төрт түрлі көзқарас бар екенін байқаймыз. Бұл мәселелер Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, Ғ.Мұсабаев, М.Балақаев, Т.Қордабаев, Е.Жұбанов, Р.Сыздықова, Б.Әбілқасымов т.б. еңбектерінде баяндалды. Ғалым С.М.Исаев қазақ әдеби тілі қазақ халқының жеке ел болып, хандық құрған кезінен, яғни XV–ХVІ ғасырдан басталады деген пікірді қолдап, ауызша тараған «ауызша әдеби тілі» болған деген көзқарасты да жоққа шығармайды. Сонымен бірге, қазақ әдеби тілінің қалыптасу жолы туралы да ғылыми екі түрлі көзқарас болғанын көрсетеді. Қазақ әдеби тілі бір күнде, бір жылда жасалған жоқ, оның қалыптасуына көне дәуірмен байланысып жатқан тілдік қолданыстардың бар екенін нақты грамматикалық дәлелдермен талдап көрсетеді.

Жыраулар шығармаларының тілі әдеби тіліміздің көркемдік қуатын арттыра түссе, екінші жағынан, ақындар шығармаларында араб – парсы сөздері белгілі бір нормаға түскенін танытса, сол кезеңде орыс тілінен сөз алу үдерісі де жандана бастағанын айтады. XV–ХVІІІ ғасырлардағы ақын – жыраулар шығармалары арқылы елдің қоғамдық өміріндегі саяси, мәдени, экономикалық жаңалықтармен байланысты енген сөздердің қолданысы, әдеби тілдің жаңа сөздермен толығуы және олардың тіліміздің дыбыстық ерекшелігіне қарай бейімделіп қабылдануы туралы мәселелерді баяндайды. «Қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің қалыптасып, дамуы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталады» деп көрсетіп, сол кезеңде жазба әдебиет дами түскеніне қарамастан, «қазақ әдебиетінде поэзия жанры басты ролде болғанын» сол тұстағы белгілі ақындар шығармаларынан нақты деректер келтіре талдап көрсетеді. Ғалым С.М.Исаев әдеби тілдің даму бағдарын ғылыми түрде жүйелі талдап көрсете отырып, Абай «қазақ әдеби тілі тарихының ұлттық дәуірін бастады» деп баға береді[6.117].

Қазақ әдеби тілінің алғашқы мерзімді баспасөз беттеріндегі лексикалық қолданыстары жөнінде жазылған еңбегінде С.М.Исаев сөзжасам мәселелеріне ерекше назар аудара зерттейді, ал бұл мәселе басқа зерттеушілер тарапынан терең талданбаған еді. Бұл ғалымның тіл тарихы тереңіне бойлаған ғалымдық келбеті деп білемін

Қорыта айтқанда, қазақ әдеби тілінің қазіргі таңда күн санап күшейіп келе жатқан әлеуметтік өмірдің сан саласындағы қызметін бұрынғы өткен тарихымен салыстыруға келмейді. Қазақ тілінің мемлекеттік деңгейдегі қызметі оның қолданыс аясын да кеңейтіп, сөздік қорының толыға түсуімен, қазақ тілінде сөйлеушілердің де арта түсуімен ерекшеленіп отыр. Тілдің осындай биік деңгейде қызмет етуі оны ғылыми жағынан демеп, дамыта түскен ғылыми қауымдардың да еңбектері ұшан-теңіз деп ойлаймын. Осы орайда, қазақ әдеби тілінің ғылыми тұрғыда дұрыс бағытта зерттелуіне үлес қосқан ірі ғалымдардың бірегейі Сейілбек Мұхамеджарұлы Исаев еді. Ғалым С.М.Исаевтың қазақ әдеби тілінің теориясы мен тарихына арналған зерттеулері тіліміздің өткен тарихын ғана баяндап қоймай, оның болашағына да қызмет ете беретін құнды мұра деп білеміз. Бүгінгі таңда ғалым мұрасы ғылым және білім үдерісіндегі сұранысқа сай құндылықтар қатарында тұр.



Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Исаев С. Қазақ тіл білімінің мәселелері. - Алматы: «Абзал - Ай», 2014 .-640 б.

2.Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. –Алматы: «Ғылым», 1999.- 581 б.

3. Балақаев М.Б. Қазақ әдеби тілі және оның нормалары.- Алматы: Ана тілі,1984.-320 б.

4.Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы(XV–ХІХ ғасырлар).- Алматы: Ана тілі, 1993.-320 б.

5.Жұбанов Е. Қазақтың ауызекі көркем тілі.- Алматы: Ғылым,1996.-200 б.

6. Исаев С.М. Қазақ тілі жайында ойлар. - Алматы, 1997.- 223 б.

Профессор С.М. Исаев қазақ тіліндегі атау септігі мәселесі жайында

Ерғали Гүлден,

Е.Букетов атындағы ҚарМУ-дың 2-курс студенті

Ғылыми жетекшісі ф.ғ.к, доцент Ж.К.Отарбекова

Қазақ тілінде 7 түрлі септік бар. Осы септіктердің ішіндегі мағынасы, қызметі жағынан ерекше септіктердің бірі – атау септігі. Атау септік. Атау септігі сырт тұлғасы жағынан зат есімнің түбір тұлғасымен ұқсас, арнайы грамматикалық көрсеткіші жоқ болып келсе де, басқа септік түрлерімен бірдей арнайы грамматикалық мағынасы бар, басқа септік тұлғаларындай сөз байланыстырғыш қызметі бар, олармен тепе-тең, бірақ нольдік формалы септік жүйесінің бір түрі болып табылады. «Атау септігі белгілі бір заттарды атап көрсетеді, сондықтан атау септігіне қойылатын сұрақтар кім? не? деген жалғаусыз формада жұмсалады». Бұл барлығымызға таныс дәстүрлі жүйедегі анықтамасы. Атау септік жайлы, оның атқаратын қызметтері жайлы даулы мәселелер жетерлік. Профессор С.М.Исаевтың атау септігі жайлы айтып кеткен тұжырымдамалары мен ойлары өте көп. Солардың ішінде, ең алдымен, атау септігінің қосымшалары жайлы ойларды атап өткен жөн.

«Атау септіктің арнайы қосымшасы жоқ. Бірақ атау септік тұлғасы – түбір тұлғамен бір емес және оқулықтарда көрсетіліп жүргендей, басқа септік тұлғаларына негіз болатын да тұлға емес, өз алдына жеке нөлдік тұлға.»[1, 124]. С.М.Исаевтың бұл пікірі басқа ғалымдардың пікірлерін жоққа шығарды. Себебі Исаевтың өз еңбегінде көрсетілгендей: «Түркологияда да, қазақ тіл білімінде де көп уақытқа дейін септік парадигмасында (түрлену жүйесінде) атау септігі дәл осылай басқа септіктерге негіз болатын тұлға делініп келді. Әрине, атау септігінің тұлғасы мен грамматикалық мағынасы, қызметі жайындағы талдау пікір-көзқарастар түркология мен қазақ тіл білімінде біркелкі емес.»[1, 129].

Осыған орай, атау септігі жайлы пікір-көзқарастарға тоқтала кетейік.

«XІX ғасырдың орта кезінен бері жарық көре бастаған грамматикалардан бастап күні бүгінге дейін жүргізіліп келген түркологиялық зерттеу еңбектерінде зат есімнің септік жүйесіндегі бірінші септік түрі „арнайы тұлғалық көрсеткіші жоқ, басқа септік түрлеріне негіз болатын тұлға" сонымен бірге бір ғана мәнде емес, кейде басқа септік түрлерінің, мысалы ілік пен табыс, қызметіне де қолданылатын ерекшеліктері болғандықтан" атау (именительный) септік деп атаудан гөрі негізгі (основной) немесе белгісіз (неопредененный), я абсолютті, кейде қосымшасыз (безафиксальный) я түбір (коренной), немесе аморфты т.б. септік деп аталады [2, 57], [3, 154], Ал, қазақ тіл білімінде атау септігі басқа септік түрлерінің (мысалы, ілік, табыс) қызметінде жұмсала алады деген пікірдің қате екендігі баса көрсетіледі. Яғни атау септік тұлғасы мен ілік, табыс септік тұлғаларының түсіп қалып, жасырын тұрып (мысалы, колхоз (дың) малы, кітап (ты) оқиды тәрізді) қолданылуы сырт қарағанда ұқсас көрінгенмен, бір емес, екеуі екі басқа грамматикалық форма, әрқайсысының өзіне тән бөлек-бөлек грамматикалық мағынасы, синтаксистік қызметі бар екені талданып көрсетіледі. Шынымен де, қазақ тілінде атау септікті ілік, табыс септіктерімен салыстыру тым орынсыз. Өйткені жоғарыда көрсетілген пікірдегідей, әрқайсысының өзіне тән грамматикалық мағынасы, грамматикалық формасы, синтаксистік қызметі бар.

„Сырт алып қарағанда, септік жалғауы қатарында аталып отырғаны болмаса, атау септігінің арнаулы жалғауы жоқ. Дұрысында, атау септік деп отырғанымыз – сөздің септік жалғауын қабылдамай тұрғандағы күйі. Оны атау септік деп септік жалғауының басына қою, сөзге септік жалғауларының грамматикалық табиғатын тану үшін аса қажет, өйткені барлық септік жалғауларына негіз болатын сөз – осы атау күйінде тұратын сөздер [4, 57]. «Атау септік формасы, бір жағынан, басқа септіктердің формалары мен мағыналарын салыстырып ажырату үшін қабылданған негізгі форма болса, екінші жағынан, ол тек белгілі затты атау үшін ғана емес, онан әлдеқайда кең грамматикалық қызмет атқаратындықтан, арнайы талдайтын негізгі форма ретінде қаралады. Осыған орай негізгі септік деп аталады» [5, 62].

Профессор С.М. Исаев осындай пікірлерді келтіре отырып, «Сөйтіп, қазақ тіл білімінде атау септік тұлғасы септік жүйесінде басқа септік түрлерімен тең деңгейде емес, оларға немесе басқа септік тұлғаларын үстеуде негіз болатын тұлға, демек, зат есімнің түбір (негізгі және туынды түбір) тұлғасы деген ұғыммен барабар екенін байқаймыз, – дейді.[1, 131] .

Осы пікірлерге С.М Исаев былай деп жауап береді: «Ең алдымен, атау септігі басқа септік түрлерімен білдіретін грамматикалық мағынасы, сипаты, атқаратын қызметі жағынан теңдес, сыбайлас, ыңғайлас болмай, тек басқа септік түрлеріне „негіз болатын" ғана болса, онда атау септігінің септіктер жүйесіне оның бір түрі ретінде ене алмайтынын естен шығармаған жөн. Яғни белгілі бір парадигмалық түрлену жүйесіне негіз болатын тұлға ол жүйенің бір түрі ретінде сол жүйенің шеңберінде қаралмайды. Рас, атау септігінің басқа септік түрлері сияқты арнайы грамматикалық көрсеткіші (формалары) жоқ. Сондықтан атау септік тұлғасы сырттай зат есімнің түбір тұлғасымен сәйкес, ұқсас келеді. Бірақ бұл екеуі бір емес. Атау септігінің өзіне тән арнайы грамматикалық формасы болмағанымен, зат есімнің түбір тұлғасынан өзгеше болып келетін, басқа септік түрлері білдіретіндей арнайы грамматикалық мағынасы бар және сөз арқылы формасыз атау септік тұлғасы басқа септік тұлғалары сияқты семантикалық мән мен синтаксистік қызмет атқарады, яғни сөз бен сөзді байланыстыруға қатысады.»[6, 77-78]. Исаев өзінің осындай тұжырымдамаларын былайша ашып көрсетеді: «Сырттай бір-біріне ұқсас болса да зат есімнің түбір тұлғасы мен атау септік тұлғасы бір емес, бөлек-бөлек грамматикалық тұлғалар, зат есімнің түбір тұлғасы септік тұлғаларының түрленуіне негіз болатын, соның ішінде, атау септігіне де негіз болатын тұлға болса, атау септігі - септелудің парадигмалық жүйесіндегі бір түрлену тұлғасы. Сонда ілік, барыс т.б. септік жалғаулар атау септік тұлғасының үстіне емес, зат есімнің түбір тұлғасына жалғанады. Барлық септік тұлғаларына, соның ішінде атау септігіне негіз болатын тұлға – зат есімнің түбірі. Сондықтан атау септігі – нөлдік тұлға болады, яғни түбірдің үстіне нөлдік форма жалғанады да басқа септік тұлғалармен тең болып есептеледі»[1, 134].

Тағы да бір айта кететін қайшы пікір септеулік шылаулардың қолданылуына байланысты. Осы орайда, ең алдымен А.Ысқақовтың пікірінен мысал келтірейік: «Атау септік формасындағы сөздер, әдетте, септеулік шылаулармен де жұмсала береді. Ондай жағдайда атау формадағы есімнің мағынасына да, қызметіне де елеулі өзгерістер енеді. Атау формалы сөзге тіркесіп қолданылатын шылаулар мыналар: үшін, арқылы, туралы, сияқты, сайын, жайында т.б.». »[ 3,61-62-б.]

Ал енді дәл осы мәселе жайлы С.М.Исаевтың тұжырымы: «Анықтауыштық қатынаста және септеулік шылаулармен (үшін, арқылы, жөнінде, жайында, туралы, бойы т.б.) тіркесіп қолданылған зат есімдер де атау септік тұлғасынан өзгеше. Бұл тұлға зат есімнің түбір тұлғасы болып табылады. Түркі тілдеріндегі түбір - сөздің жеке тұрғанындағы мәнді, мағыналы бөлшегі болғандықтан, сөйлемде есім түбірлері сол күйінде өз бетімен жеке қолданыла алады. Міне, зат есім түбір (негізгі және туынды түбір) күйінде қолданылғанда осындай қатынастарда (анықтауыштық) және шылаулармен тіркесте соған сәйкес белгілі синтаксистік қызметте жұмсалады. Ол зат есімдерді сыртқы түріне ғана қарап атау септік тұлғасымен шатастыруға болмайды.»[ 1,133б. ]

Мысалы: ел үшін, хат арқылы, әдебиет туралы, өлең сияқты, аудан бойынша тіркестері. Бұл жердегі –ел, хат,әдебиет,өлең, аудан сөздері атау септігінде емес, зат есімнең түбір тұлғасында тұр. Себебі түбір тұлғадағы зат есім шылаулармен тіркескен кезде синтаксистік қызметте жұмсалады. Оның дәлелі ретінде мына сөйлемді алуға болады: хат арқылы көрсетті.

Бұл сөйлемдегі «көрсетті» баяндауыш, «хат арқылы» пысықтауыш, ал жасырын тұрған «ол» сөзі бастауыш болады. Бұл «хат» сөзінің толықтай түбір тұлғадағы зат есім екендігін дәлелдейді.

Біз зат есімнің түбір тұлғасы мен мен атау септік тұлғасын мынандай қасиеттері арқылы ажыратамыз. Ол – зат есімнің сөйлемдегі қызметі. Мәселен, баяндауыш қызметін атқарып тұрған зат есім ешқашан атау септігінде бола алмайды. Ол жіктеліп келеді, мұның өзі де бұл сөздің атау септігінде тұрмағандығын дәлелдейді. Бұл жерде, тағы да көңіл аударатын жағдай – есім баяндауыш тек зат есімнен болмайды. Ол сын есім мен сан есімнен де жасала береді. Бұл жағдайда да сөздер жіктеліп келеді. Мысалы: Мен кіші+мін, ол кіші, сендер әдемі+сіңдер, ол әдемі, біз төртеу+міз, олар бесеу;

Қорытындылай келе, атау септігі түбір сөзге сырт тұлғасы жағынан ұқсас болғанымен, олардың бір емес екендігін, оларды ажырататын қасиеттерінің бар екендігін айта кеткен жөн. Жоғарыда аталған көптеген ғалымдардың пікірлері мен С.М.Исаевтың пікірін салыстыра қарасақ, С.М.Исаев атау септігінің ешбір септікке негіз болмайтындығын, түбір тұлға мен атау септігінің бір еместігін ашық дәлелдеп көрсеткен. Осы дәлелдерге сүйенсек, С.М.Исаевтың барлық тұжырымдарының дұрыстығына көз жеткіземіз.



Пайдаланылған әдебиеттер:

1.С.М.Исаев. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 2007. 126-134-б.

2. Исследования по срванительной грамматике тюрксикх языков. ІІ. Морфология, М.,1956.

3.Дмитриев Н.К. Строй тюркских языков. М.,1962.

4.Қазақ тілінің грамматикасы. А.,1967.

5.А.Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 1991..



6.С.М.Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. Алматы, 1992.

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет