Исаев оқулары (ғылыми мақалалар жинағы) Алматы, 2016 ббк пікір жазғандар


Қазақ ертегілерінің тәрбиелік мәні



бет22/28
Дата09.04.2018
өлшемі5,26 Mb.
#40093
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   28

Қазақ ертегілерінің тәрбиелік мәні

156 ЖББМ КММ 6-сынып оқушысы Мамиров Нұрсұлтан



Жетекшілері: Ш.Ж. Аманбаева, М.Т. Чуйнчалиева

Ертегілерге деген қызығушылықтан оны зерттеу туралы ниет туындады. Ертегісі жоқ ел жоқ әлемде. Бірақ әр елдің әр халықтың ертегілері сол халықтың сарқылмас рухани қазынасы.

Әр ертегі арқылы біз өткен ата-бабаларымыздың ой-қиялдарын, тұрмыс-салтын, тіл байлығын білеміз. Әр ертегі тұнып тұрған тәрбие құралы. Мысалы, балаларға арналған ертегілер баланы адалдыққа, тапқырлыққа, адамгершілікке тәрбиелейді. Өкінішке орай қазіргі кезде радио, телевидение арқылы шетелдік ертегілер желісімен түсірілген көркем фильмдер, мультфильмдер жиі көрсетіледі. Ондағы кейіпкерлер есімі, жер-су аттары таныс емес және біздің менталитетімізге жат оқиғалар баяндалады. Ал, қазақ ертегілерін көру немесе тыңдау олардан көрі әлдеқайда тиімді. Бұл зерттеу жұмысында қазақ ертегілерін зерттеп, оқып, оларды қазіргі ғылым мен техника дамыған заманда қалай дамыту керектігін және насихаттау жолдары туралы өз жаңалығы мен ұсыныстары көрсетілді. Бұл жаңалықтар әрі пайдалы, әрі тиімді. Ертегілер өте заманда, тіпті жазу-сызу болмаған кездің өзінде-ақ туған. Бұларды халқымыз күні бүгінге дейін ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткізіп келді.

Ауыз әдебиетінің басқа түрлері секілді ертегілерде адам баласының еңбекке, тұрмыс тіршілік жағдайларына байланысты туған. Жаратылыс құбылыстарын, табиғат сырын жетік білмеген, олардың неден болатынын толық түсінбеген ертегідегі адамдар әр нәрсені қиял еткен, өздерінің ауыр еңбектерін жеңілдету жайын қарастырған. Бұл жөнінде өз жай күйлерін әңгімелеп айтатын болған. Бертін келе адам баласының ой-өрісінің ұлғайып өсуі ертегілердің туындауына көп әсер еткен.

Ертегілердің алғашқы үлгілері әр түрлі өзгерістерге түскен, мұнымен қатар жаңа ертегілер туа бастайды және онда халықтың тұрмыс-салты, іс-әрекеті басты орын алады.Бұлардың бәрін халық ертегілері арқылы көркемдеп, әр түрлі образдар арқылы бейнелейді. Ертегі балалардың ой-өрісін, дүние танымын кекңейтеді. Оларды адамгершілікке, еңбекке, тапқырлыққа, сүйіспеншілікке, сезімге баулу ісінде шешуші орын алады.

Жауыздық, зұлымдық жасаушылар, тоғышарлар, ел арасындағы алаяқ қулар т.б. халық ертегілерінде жиіркенішті роль атқарады. Оларға халық арасынан шыққан қарапайым адамның ақылы мен қайратын, көпшілік үшін жасаған адал еңбегін қарама-қарсы қояды да, үлгі етеді.

Ертегілердің өзіндік құрлысы, көркемдік ерекшеліктері бар. Қандай ертегіні алсақ та, ол белгілі бір сюжетке құрылады, оқиға желісінің басталуы, аяқталуы, өзіндік шешімі болады. Ертегі баяу басталып, оқиға желісі күрделене түседі. Кейіпкерлер арасындағы қайшылықтар өрістей келе әділдік, үстемдік құрып, зұлымдық жеңіліс табумен аяқталады. Әсіресе адам өміріне байланысты іс-әрекеттер өткір сықақ- мысалмен бірігіп, бала сезімін селт еткізіп, күлкіге мәз етеді.

Мысалы: Тазша бала туралы ертегілердегі әке-шешесі жоқ басы таз Тазша атанған баланың тапқырлықтары ханның ақылынан да асып кетеді. «Қырық өтірік» ертегісіндегі шындыққа келмейтін қиял ғажайып оқиғаларды қызықты етіп баяндау арқылы Тазша бала ханның байлығына ие болып, қызын алады. Ертегіні тыңдаған балалар жағымсыз кейіпкердің жексұрын әркетінен бой тартып, жақсылыққа құмартады. Ертегіні қызықты етіп жеткізу айтушының шеберлігіне байланысты.

Ертегілер мазмұны ерекшеліктеріне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Солардың ішіндегі бастылары:

1. Қиял ғажайып ертегілері.

2. Хайуанаттар жайлы ертегілер.

3.Тұрмыс салт ертегілері.

4. Аңыз ертегілері.

Балалардың ой-өрісін кеңітіп, дүниені молырақ танытатын ертегілер бала ұғымын, түсінігін, дүние танымын кеңейтеді. Тілін ұстартып, ұштай түседі, ойлау мен қиялын дамытады. Мысалы: «Қаңбақ шал» ертегісіндегі қауқарсыз шалдың ақылмен жеңуі, даулердің күші көп, ақылы аздығы тыңдаушыны қызықтырып, тіпті ертегіні баяндаушыға қосылып айтып кеткісі келетіндей әсерге бөлейді.

Халқымызда қай тақырыпта да табылатын, тілге жеңіл, жүрекке жылы телік ертегілері қаншама?! Ол ертегілер арқылы бала өз халқының тілін, мәдениетін, дәстүрін біледі және ой өрісі қиялы дамиды және адамгершілікке тәрбиеленеді. Мысалы: «Жақсымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң – қаларсың ұятқа» деген мақалды, «Жаман дос жолдасын жолда қалдырар» деген мақалдарды «Екі дос», «Кедей мен бай» атты ертегі желісінен оқуға болады.

«Бай баласы мен жарлы баласы» атты қызықты ертегі арқылы еңбек адамның кез келген қиыншылықты жеңуге үйрететінін және өмірлік тәжірибесі арқылы жеңіске жететінін көреміз және «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақалды дәлелдей түседі.

«Мақта қыз бен мысық» ертегісі өте тартымды, қызықты. Бұл ертегіде мақта қыздың досы мысық мақта қыздың тілін алмай қатығын төгеді де, оны қайтарып беру үшін көптеген адамдарға жолығып, көп қиыншылық көріп барып, қатықты төлей алады. Бұл жерде адамды әрбір іс қимылына жауап беруге, үйренуге қателік тәрбиелейді.

«Бес ешкі» ертегісі хайуанаттар жайлы ертегіге жатады. Өте қызық, тартымды. Мұнда кедейдің бес ешкісі қарлы боранда далада қалады да, қасқырға жолығады. Сол кезде бәрі бірігіп, береке – бірлік танытып, қасқырдан аман қалады. Бұл ертегі балаларды бір – біріне көмектесуге, береке бірлікке, бауырмалдыққа үйретеді.

«Жыл басына таласқан хайуанаттар» ертегісі аңғалдықтың кесірін, шапшандықтың пайдасын айтады.Онда аңқау түйе жыл басынан құр қалады, шапшан тышқан жыл басы атанады.

«Шық бермес Шығайбай» ертегісі сараң, қайырымсыз байларды қарапайым кедей Алдардың ақылмен алдап кетуін баяндайды.

«Зеректік» ертегісіндегі үш жолаушының жол бойында кездескен нәрселерге зер салғандарын баяндайды. Яғни, балаларды қағілездікке, зеректікке тәрбиелейді.

Қазіргі кезде теледидардан көптеген шетел мультфильмдері жиі көрсетіледі. Мысалы, Қазақстан телеарнасында сенбі, жексенбі күндері «Дара» ағылшын ертегісі, «Кайлан» қытай ертегісі, «Спорт Кус», «Диего» ағылшын ертегісі, ал сенбі күні «Барби күнделігі» деген шетел мультфильмдер болады.

Ал, Еуразия телеарнасында жексенбі күні «Робот» деген шетел мультфильмі болады. Осы шетел мультфильмдерінің орнына қазақ ертегілерінің желісі бойынша мультфильмдер көрсетілсе. Тек қана «Қазақстан» телеарнасында ғана Алдар Көсе ертегісі желісі бойынша мультфильм көрсетіледі.

Адамгершілік тәрбиенің нәтижесі адамдық тәрбие болып табылады. Адамгершілік тақырыбы мәңгілік. Ол ешқашан ескірмек емес. Жас ұрпақтың бойына адамгершілікті сіңіру ертегі арқылы беріледі. Адамгершіліктің қайнар бұлағы-қазақ ертегілерінде десем артық айтпаған едім.

Халқымызда «Ізденген жетер мұратқа» деген сөз бар. Яғни, әр нәрсені білуге талпынып, білімнің тереңіне бойлау-дамуды кемелдікке жеткізеді, рухани байытады. Дүниеде балалар біле бергісі келетін олар «Ол кім?», «Бұл не?», «Неліктен?», «Қайда?», «Қашан?» деген сұрақтарға жауап іздеп, бір тыным таппайды. Олардың осылайша ізденімпаздық танытуы табиғи заңдылық.

Ғылыми жоба қазақ халқының әр ертегісінің өзіне тән ерекшелігін саралай білуге үйрету. Жоба мақсаты қазақ ертегілері адам өміріне байланысты іс-әрекеттер, күнделікті тұрмыстағы заттар арқылы берілсе, бала сезімін селт еткізіп, күлкіге мәз етеді. Бала жағымсыз кейіпкердің жексұрын әректінен бой тартып, жақсылыққа құмартады. Ұрпақ тәрбиесі-келешек қоғам тәрбиесі. Ендеше, ақпараттық технологиялар дамыған кезеңдегі балалардың ой-қиялдарын өз ертегілері арқылы жеткізу мүмкіндігі бар.

Ертегінің осындай әр жақты сырын қызықты, тартымды бала санасына лайықтай жеткізуде мынадай ұсыныстар қарастырылса:

1. Күнделікті пайдаланатын заттар арқылы. Мысалы, ойынға киетін кепка, футболка, сумка және күнделік сыртына, қағаз пакет, қойын дәптер, шокалад сыртына шетел ертегілерінің суреттерінің орнына қазақ ертегілерінің кейіпкерлерінің суреттері салынса;

2. Қазақ ертегілер кейіпкерлерінен ойыншық жасап, драма театрларда ойын көрсетілсе (қуыршақ театры);

3. Көлеңке театры (теновой театр). Қазақ ертегілерінің мазмұнын көлеңке театры арқылы көрсетілсе;

4. Аудиодискілерге жазылып, балабақшаларға, мектептерге таратылса.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.«Иман және инабат» К. Оразбекова «Ана тілі» - 1993

2.  «Қазақ ертегілері» жинағы 1-том;

3. «Ол кім? Бұл не?» балалар энциклопедиясы;

4. «Балдырған» журналы, №4 – 2013.
Ж.Молдағалиев поэзиясының(«Мен – қазақпын» поэмасы) лингвостилистикасы

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік

университеті, 4-курс студенті А.С. Сисенбаева

Ғылыми жетекшісі: фил.ғ.к., доцент Б.Қ. Мұратбек

«Стиль» ұғымы кең мағынада әр түрлі арнада қолданылады. Бағзы замандарда тақтайға сөз жазатын болған. Дәл сол жазатын құралды – stylos деп атаған. Кейінірек «стиль» ұғымы әдемі, таза сөйлеу ұғымына ие болған. Өмірдің басқа саласында да «стиль» көп қолданылады. Қазіргі кезеңде кең мағынада қолданады дейтініміз: «киім стилі», «мода стилі» секілді сөз қолданыстарының пайда болуы.

«Стиль» ұғымы тіл білімі, филология ғылымында қалай беріледі?

Қажым Жұмалиев әдебиеттану ғылымында стильді екі мағынада қарастырады. Біріншісі – әдебиеттану ғылымындағы әдістер(классицизм, сентиментализм, романтизм, реализм) бұрынғы стиль мағынасында қолданылуы, екіншісі - әрбір жазушының өзіне тән ерекшеліктері. Әр адам әр басқа болып келеді. Олардың өмірге деген көзқарасы, оны түйсінуі, оны баяндап жеткізудегі тәсілі, сөз саптауы, оны жеткізу мәнері әр басқа. Оларды бір-бірінен ажыратып тұратын ерекшеліктері де осы.

Поэтика мен стилистика ұғымына құнды пікір айтқан В.В.Виноградов. Оған оның мына пікірі дәлел бола алады: «Поэтика саласында зерттеудің лингвистикалық әдістері әдебиеттану әдістерімен ұласып, оны байыта түседі. Көптеген проблемалар, атап айтқанда: шығарманың идеялық және тақырыптық жоспары мен оның тілдік жүйесінің байланысы сияқты проблема, сюжеттің жекелеген тізбектерін өрбітудегі композициялық паралеллизмдер сияқты проблема, оқиғаны өрбіту барысында уақыттың көркемдік мөлшермен жылысуы сияқты проблема, кейіпкерлердің тарихи-әлеуметтік ортаға тән және типтік болуы т.б. проблема – бәр-бәрісі тек комплексті жолмен – әрі лингвистика, әрі әдебиеттану тұрғысынан қарастыруды талап етеді. Лингвистикалық талдаудың өзіндік дара ерекшелігі мен құндылығы мынады: ол тексті мұқият әрі жан-жақты түсіндіруден басталады да, оны сол өзіне тұтас заманның мәдениеті, қоғамдық тұрмысы, әдеби өнері, әлеуметтік міндеттерімен бір контексте жариялап көрсетеді. Әдебиеттік талдауда саяси-әлеуметтік тарихтың, ұлттық және әлеуметтік сипатқа ие психологияның, қоғамдық-идеологияның күрес тарихының фактілері мен деректері, сондай-ақ өнердің басқа түрлерінен, әсіресе, бейнелеу өнерінен келтірілген параллельдер анағұрлым кеңірек те, еркінірек те пайдаланылады»[1;187].

Тіл білімі мен әдебиеттану екі түрлі ғылым болғанымен, олар өзара байланысты. Оларды байланыстыратын – сөз. Ахметше айтқанда, сөз өнеріне жұмсалатын зат.

Қ.Өмірәлиев көркем шығарма тілін талдауды мына екі жайды баса ескертеді.

«Сөз жоқ, поэзия тілін оның жеке-жеке элементтеріне бөліп-бөліп зерттеу осы салада – поэзияға тіән ерекшеліктерді айырып білуге көмектеседі және өлең сөз туралы ғылымның қазақ топырағыында дамуының, бұл салада табыстарға жетуіміздің негізгі шарттары болады. Бірақ зерттеудің бұл әдісі поэзияны жанр, стиль т.б. жағынан даму сипатында қарауға, поэзияға тән категорияларды бір-біріне әсер ықпалы бар, бір-біріне тәуелді, байланысты деп қарауға көп жағдайда кедергі болады. Зерттеудің өз әдісі мүмкіндік бермейді. Айталық, дидактикалық-шешендік толғау өлеңдер өзінің синтаксистік, әрі формалық, әрі лексикалық қайталауға құрылуы жағынан қазақ поэзиясының басқа түрлері ішінде ерекше орынға ие.

Ал егер де жоғарғы құбылыстарды жеке-жеке алып, өз алдына бөлек-бөлек қарастырсақ, сөйтіп олардың бір ақын өлеңдерінде болуының жеке-жеке фактілерін ғана көрсетумен тынсақ, онда біз сол фактілердің нақты бір өлеңде неліктен бірлікте болу ерекшелігі сырын, неге өзге бір өлең үлгісі бұған қарама-қарсы ерекшелікке ие болып келу сырын мүлде білмей келеміз.

Скульптураны, суретті, музыканы құрап тұрған материалдар және бұл материалдардың көркемдік форма табу қандай болса, сөз искусствосын құрап тұрған тіл – материалдары жіне бұл материалдың көркемдік форма табуы да сондай: нақты бір мүсіннің, суреттің, музыкалық шығарманың тұтас мәнін құрайтын көркемдегіш «бөлшектерін» бірінен-бірін айырып қарау қандай мағынасыз болса, нақты бір өнерсөздің тұтас мәнін құрайтын тілдік-жанрлық тәсілдерді бірінен-бірін айырып қарау да сондай мағынасыз болмақ»[2;22-23].

Біз жалпы тіл білімінде тіл – қарым-қатынас құралы дейміз, сонымен қатар тіл –эстетикалық құрал екенін де ұмытпасқа керек. Бұл екеуі өзара байланыспайтын екі бөлек нәрсе емес, олар өзара хабарды жеткізу ерекшеліктеріне байланысты ажыратылады. Эстетикалық құрал қызметін атқарады дейтініміз: поэтикалық тілде метафора, эпитет, теңеу сияқты көріктеу құралдарын ақынның өз міндетіне сай бейнелі түрде көрсетілуі. «Лингвостилистика көркем сөздің ерекшеліктерін зерттейтін болғандықтан, оған ырғақ, эвфония, поэтикалық синтаксис, сөз арқылы берілетін бейне сияқты тарамдарды қамтитын лингвистикалық поэтика кіреді. Поэзия тілін лингвостилистика тұрғысынан зерттегенде, ең алдымен, ондағы образ жасампаздық тіл элементтерін жазушының өз қаламында жарата білуі арқылы пайда болады. Сөз – образдың түрлерін, оның ұлттық бояуын тану да поэзия стилистикасының міндеті» - дейді Рабиға Сыздықова[6;179]. Сөздер жеке тұрғанда атауыштық мағына беретіні анық, өлең тілінде ол ауыспалы мағынада қолданылуы әбден мүмкін. Ол ақынның суреткерлігіне байланысты. Ақынның өзіне тән қолтаңбасы болары анық. Оның жиі қолданатын троптары, сөздері стильдік ерекшелігін тануға көмектеседі.

Енді тақырыбымыздың негізгі бөліміне келейік. Жұбан Молдағалиев поэзиясының лингвостилистикасы. Ақынның «Мен - қазақпын» атты атақты поэмасын тілдік тұрғыдан зерттеп көрейік. «Мен - қазақпынды» ең алдымен публицистикалық поэма деу қажет. Мұндағы айтылмақ ой-түйін тасыған сезіммен, көтеріңкі көңілмен қанаттанған. Толғау деуге, өмірді мадақтаған ода деуге де жарайды. Белгілі бір фабула, сюжет болмағанымен, ақын тарихи оқиғаны жырлап отырғандай сезіледі, қаншама асқақтап, бай метафораларды қару еткенімен, өткен өмірдегі ащы шындықты айтып отырғаны түсінікті, - дейді Мүсілім Базарбаев[3;124]. Поэма 10 бөлімнен тұрады. Әрбір тарауын ақын тарихи оқиғаларға байланысты бөліп берген. Бірінші ақынның өлең тіліндегі сөз таңдау шеберлігіне назар аударайық. Ақын поэмада тақырыпқа сай «мен - қазақпын» тіркесін 26 рет пайдаланған, ал жеке «қазақ» сөзін 34 рет қолданған. Бұл «қазақшылық», «қазақпын», «Қазақстан » сөздерін қоспағанда.

Мен - қазақпын мың өліп, мың тірілген.

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен күн тірілген.

Дәл осы шумақ ақын поэмасында 6 жерде, яғни алғашқы бөлімдерінде кездеседі. Бөлімнің басын осы шумақпен ашады. Кейінгі бөлімдерін мына шумақпен ауыстырады:

Мен – қазақпын, белдімін, байтақ елмін.

Қайта тудым, өмірге қайта келдім.

Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,

Мен Ленин есімін айта кедім.

Ақын поэмада «мен» сөзімен тіркесіп келетін метофораларды жиі қолданған. Олардың бірқатарын тізіп шықсақ.

Мен – қазақпын, ажалсыз анамын мен.

Мен – жігітпін, айқасқа, сынға асықпын.

Мен – қара көз сұлумын, сайтан қызбын.

Мен – қазақпын, азат қыз, ерікті ұлмын.

Мен – айғақпын, ұстамын ертегіге.

Мен – бұл кезде Шоқанмын, Абайлармын.

Мен – қазақпын, перзентпін танылмаған.

Мен – қазақпын, бір биік белеспін мен.

Мен – Россиямын, мен – Совет Одағымын.

Мен – Жамбылмын, жаугер жыр ел тілеген.

Мен – Москва қорғаны, Жиырма сегіз.

Мен - Әлия, мен – Мәншүк, мен – Төлеген.

Мен – солдатпын, сол үшін шаужайлаған.

Мен – қазақпын, жаушы емес, елші халық.

Мен – қазақпын, жан Отан, бел балаңмын.

Шумақта кездесетін «мен» ауыспалы мағынада қолданылған. Әрбір шумақтағы сөйлем бірінші жақта айтылған. Ақынның «мені» өзі емес, барша халық атауын беріп отыр, яғни халық атынан жырлап отыр. «Мен» сөзімен метафоралық тізбек тізіп отырған сөздер тарих атынан хабар береді. Көркемдегіш сөздердің мағынасын контекстпен алып қарағанда ғана мағынасын айқын көруге болады. Жекелеген сөздер ретінде қарастырсақ, олардың экспрессивтілігі анық көрінбейді. Жанартаудай сөзін жеке қарастырсақ, ақынның қандай мақсатта пайдаланғаны туралы талас болуы мүмкін. Шумақ жолын толық алып қарасақ, жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда, сөздің бояуы айқын білініп, мағынасын тануда жеңіл, тілдік тұрғыдан талдауға тиімді болады. Жанартау сөзінің мағынасы: жер астында дүркін-дүркін отты сұйық заттар атқылайтын жер, - тай теңеудің жұрнағы. Жойқын сөзі қырып-жойып кететін, алапат, сұрапыл мағынасында болса, - мын жұрнағы арқылы метафора жасап тұр[5;264].

Осындай боп, білмеймін, кімнен тудым.

Бәлки айтсақ, бәлки бір гуннен тудым.

Деп шатыпты біреулер «күннен тудым».

Жоқ, сірә, мен қара құл, күңнен тудым. Р.Сыздықова бұны тексттің фоникалық (музыкалық, әуезділік) құрылымына кіргізеді. Текстің әуезділігі немесе дыбыстық эффект тек қатар келген сөздердің бастапқы дыбыстары, я болмаса өлең жолдарының бірінші сөзі біркелкі дауысты дыбыстан басталып, ассонанс, біркелкі дауыссыз дыбыстан басталып, аллитерация құрауы арқылы ғана пайда болмайды. Өлең жолдарында не бір жолдың ішінде түбірлес сөздердің қатар келуі де өлең үнінің әсерін ерекше етеді[4;11]. Ақынның поэмасы метафора мен теңеуге тұнып тұр. Ол «Мен» бейнесін ашуда қолданылған теңеулер мен метафоралар.

Мына бір шумағын қарастырсақ:

Руым көп солардың аттарындай,

Мінезім бар таулардың қатпарындай.

Ән-жырым бар бабалар хаттарындай,

Әжімім бар бейнеттің таптарындай. Шумақта -дай жұрнағы арқылы теңеулер тізілген. Жеке-жеке сөздердің мағынасын айқындайтын болсақ: ат сөзінің мағынасы – белгілі бір затқа, нәрсеге қойылған атау, - тар көптік мағынасын білдіретін жалғау, - ын табыс септігінің жалғауы, -дай теңеу жұрнағы. Ақын өлең ішінде оны өзіне қажетті мағынада контектске енгізді. Ол оның шеберлігі, өзінше сөз саптау стилі.

Мына шумаққа назар аударайық:



О да құдай саналды, жұртты алдады.

О да мені өлтірді, құрта алмады.

О да кетті жегідей, жерімді отап,

О да салды денеме дыр таңбаны.

Кездесетін орындарына қарай дыбыстар гармониясын дыбыстардың өлең жолының басында келетін және қатар тұрған сөздердің өн бойында кездесетін біркелкілігі деп бөліп қарастыруға болады. Өлеңнің кемінде қатар келген үш-төрт жолының бір не біркелкі дыбыстан басталуын біз аллитерацияға (не ассонансқа) құрылған дыбыстық анафора деп санағанды жөн көреміз. Ал анафора дегеніміз – қатар түзілген өлең жолдарының біркелкі басталуы. Өлең жолдары біркелкі дыбыстардан немесе біркелкі буындардан да басталуы мүмкін, ол дыбыстық немесе фонетикалық анафора болып шығады[4;131].

Ақын поэмасында метафоралармен, теңеулермен тарихты бейнелеп тұр. «Мен - қазақпын» поэмасы барлық қазаққа рух сыйлар, алға ұмтылдыратын кең көлемді шығарма. Поэма кәдімгі төрт жолды он бір буынмен жазылса да, ақынның өзіндік сөз қолданысы етек алған. Басында атап өткендей әр ақынның өзіне ғана тән қолтаңбасы болатыны туралы. Жұбан өзіндік қолтаңбасы бар ақын деп айтамыз. Поэмадан бөлек оның поэзиялары – бір төбе. «Мен - қазақпын» поэмасында жиі кездесетін «Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген» жолы қазіргі таңда қанатты сөзге айналған.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Нұрғалы Р. Әдебиет теориясы. Нұсқалық. Құрастырып, баспаға әзірлеген ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ғылымға еңбегі сіңген қайраткер, профессор Р.Н.Нұрғали – Астана: 2002. – 293 бет.

2. Шалабай Б. Көркем әдебиет стилистикасы (оқу құралы). Алматы, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың білім академиясының Республикалық баспа кабинеті, 1999 жыл, 197бет.

3. Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген. Жұбан Молдағалиев туралы естеліктер./Құрас.:Ә.Жұмабаев және т.б. Алматы: «Білім», 2010.-352 бет +16 бет фото.

4. Сыздықова Р.Абайдың сөз өрнегі (Монография). – Алматы, «Санат», 1995.- 208 бет.

5. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі/ Жалпы редакциясын басқарған Т.Жанұзақов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 968 б.

6. Сыздық Р. Сөз құдіреті – Алматы: Санат, 1997. – 224 бет.

Қазақ әдеби тілінің қалыптасуындағы ежелгі дәуір

(Ислам дәуіріндегі) әдебиетінің ролі

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік

университеті, 4-курс студенті А.Х.Таңатарова

Ғылыми жетекшісі: фил.ғ.к., доцент Б.Қ Мұратбек.

Түркітанудағы күрделі мәселелердің бірі - қазақ әдеби тілінің қалыптасуындағы орта ғасырлық түркі ескерткіштер тілінің зерттелуі. Әдеби тілдің тарихын тану – жалпыхалықтық тілдің әдеби сұрыптаудан өтіп қырлануын, түрлі стильдік құралдар мен тілдік жаңа элементтермен толығуын, баюын, олардың экспрессивті, эмоционалды бояуларының жандана түсуін, мәндес сөздердің мағыналық жақтан алшақтауын, терминдену процесінің жүруін зерттеу болып табылады [1, 3]. Қазақ әдеби тілінің қалыптасуындағы ислам дәуіріндегі әдебиеттің ролін баяндамас бұрын, алдымен әдеби тіл категориясының өзін анықтап алу қажеттілігі туындайды.

Жалпы қазақ әдеби тілінің теориялық негізінің қалыптасуы мен дамуы С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, Қ.Жұбановтармен қатар, зерттеулерді жаңа белеске көтерген Р.Сыздықова, С.Исаев, Ә.Құрышжанов, Қ.Өмірәлиев сынды тілтану мен түркітанудағы ұлы тұлғалар есімімен тығыз байланысты. Әр ғалым әдеби тілдің белгілерін өзінше анықтап, қашан қалыптасқанын да сол ыңғайда қалыптастырады.

Айта кету керек, соңғы кезде қазақ тіл білімінде әдеби тілдің өзіндік ерекшеліктерін, оны басқа тілдік құбылыстардан бөліп айыра аларлықтай негізгі белгілерін, оның көріну формасын анықтауда екі түрлі көзқарас болып отыр. Біріншісі, әдеби тілді тек жазба тіл деп түсініп, оның тарихын тек жазумен, жазба әдебиеттің пайда болуымен ғана және оның стильдік жағынан саралана бастауымен байланысты қарайтын зерттеушілер. Солардың бірі – М.Балақаев . Ол «Қазақ әдеби тілі – Казахский литературный язык» атты еңбегінде: «Әдеби тіл – қоғамдық категория ретінде сол қоғамның ілгері даму сатысының жоғарылаған кезеңінде біртіндеп жазба әдебиет арқылы жасалады», «Әдеби тіліміз, расында, жалпы халық тілінен, сөйлеу тілінен оқшау тұрған, жасанды бір бөлек тіл емес. Солай дегеннің өзінде оның ерекшеліктерін сипаттайтын басты белгілері болу керек. Соның бірі – жазу, басқаша айтқанда, әдеби тіл, алдымен жазба тіл»[2,322], «Менің түсінігімде жазусыз, әдеби тіл жасалмайды» [2,333] – деп әдеби тілді тек жазба тіл деп танитығын ашық айта келіп, әдеби тілдің даму кезеңдерін төрт дәуірге бөледі:

1. ХІІІ ғасырдың орта тұсымен ХІХ ғасырдың І – ші жартысы.

2. ХІХ ғасырдың ІІ – ші жартысы.

3. ХІХ ғасырдың басы.

4. Совет дәуірі.

Дәл осындай тұжырымды Ғ.Мұсабаев та айтады: «Әдеби тіл ең әуелі-ақ жазуға сүйенеді. Жазу стилінсіз әдеби тіл болмақ емес» [3,9], - дейді.

Енді бірқатар зерттеушілер әдеби тілдің қалыптасуы қоғам дамуына байланысты болатын тарихи құбылыс болғандықтан, кейбір халықтардың жазу дәстүрі тумаған немесе дамымаған дәуірлерінде де ауызша тараған әдеби тілдері де болған деген басым. Яғни, әдеби тіл тек жазба тіл емес, әдеби тілдің сөйлеу тіл формасының да болуы, демек, әдеби тіл деп жазба әдебиет тілін ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша таралып келген әртүрлі әдебиет нұсқалары тілі танылуға тиіс деген екінші бағытты ұстанушы ғалымдар.

Р.Сыздықова осы екінші пікірді қуаттай отырып, оған мынадай пікірлер келтіреді: «Қысқасы, қазақта халық ауыз әдебиетінен өзге, бірақ оған едәуір белгілермен ұқсас келетін профессионал әдебиетте өмір сүріп келді (тіпті бұлар біздің кездерімізге дейін жетіп отыр), оның тілі әдеби тіл санатына кіреді деп табу керек. Бұл тілді бір жағынан, халық ауыз әдебиеті (фольклор) тілінен, екінші жағынан, жазба әдеби тілден айырып тану үшін, біз бұрынырақ оған «қазақтың (төл) жазба тілі алдындағы әдеби тіл» деген термин ұсынған едік. Әрине, дұрысы – «ауызша әдеби тіл» деген атау болар еді. Сөйтіп, ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан басталатын қазақтың төл жазба әдеби тіліне дейін оның ауызша тараған әдеби тілі өмір сүрді. Әдеби тілдің бұл екі типінің бір-біріне жақын келетін және бір-бірінен ажыратылатын тұстары едәуір болды»[3,16]. Автор бұл пікірін «Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХҮ-ХІХ ғасырлар)» атты еңбегінде дәлелдей келе: «Қазақ әдеби тілін қазақ халқының ұлт болып қалыптаса бастағанға дейінгі түрі және ұлтық әдеби тілі деп бөледі де, қазақтың ұлттық әдеби тілі ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап қалыптасты» деген тұжырымға келеді.

Тілді әдеби деп тану үшін оның соған негіз бола алатын басты белгілерін, негізгі критерийлері нақтылы түрде айқындап берудің маңызы ерекше, өйткені бұл мәселе қандай тілді әдеби тіл дейміз дегенді анықтап қана қоймайды, сол анықтаманың, белгілердің негізінде әдеби тілдің қалыптасу кезеңін, басталу мерзімін, даму процестерін, оның қалыптасуына негіз болған құбылыстар мен даму процесіндегі бағыттарды айқындауға, сырын аша түсуге, әдеби тілдің қалыптасып, даму эволюциясын байқап, танып білуге мүмкіндік береді. Сондықтан да Р.Сыздықованың қазақ әдеби тілінің өзіне тән басты белгілерін анықтауға арналған мына пікірін де келтіру орынды. «Әдеби тілдің ең басты белгісі – оның өңделген, сұрыпталған, нормаланған тіл болуы, бұл-бір. Қызметі жағынан сол халықтың өмірінде ұйымдастырушы, қоғам мүшелерінің басын қосушы, яғни жалпыға ортақ қасиеті болуға тиіс. Бұл – екінші меже дейік. Әр нәрсенің, әр құбылыстың заты (мәні, табиғаты) салыстыру арқылы өзге нәрселердің, өзге құбылыстардың қарама-қарсысына қою арқылы таныла түседі. Әдеби тілді тану үшін оның қарама-қарсысына қойылатын басты құбылыс-ауызекі сөйлеу тілі. Бұл – тілді әдеби тіл деп тануға қажет үшінші қасиет. Әдеби тіл – қоғамның қолдану практикасында сыннан өткен, нормаларын қоғам санасы дұрыс деп қабылдаған және ол нормалар барша үлгілерге ортақ болуы шарт. Бұл – төртінші сипаты»[3,10].

Ә.Құрышжанов та: «Әдеби тіл дегеніміз - жазба әдебиет арқылы жүйелі қалыпқа түсіп, стильдік тармақтары сараланған, әлеуметтік қызметі әр алуан қатынас құралы; халық тілі байлықтарының негізінде жасалған жалпы халықтық тілдің жоғарғы формасы» [4,49] деген анықтама береді. Сондықтан, зерттеушінің пікірінше, әдеби тіл қазақтың халық тілінің негізінде, соның ыңғайында қалыптасатындықтан да көпке түсінікті болып табылатын нұсқаларын өз бойына жинап, нормаға айналдырып отырады.

Қазақ әдеби тілі тарихының өзекті мәселелері жөнінде сүбелі пікір айтып жүрген зерттеушілердің бірі – С.Исаев. Ғалым: «Әдеби тіл – белгілі бір халықтың сұрыпталған, нормаға түскен, баршаға ортақ тілі, сол халықтың қоғамдық мәдени өндірісінің құралы мен рухани, әдеби байлығын жеткізудің көрсеткіші. Сол халықтың өзі болмаса, оның әдеби тілі де болмақ емес екені түсінікті. Демек, әдеби тіл халықтың халық болып құралуымен, даму тарихымен, мәдени өркендеуімен тығыз байланысты» [5,67] дей келе, қазақ әдеби тілінің даму кезеңдерін шартты түрде үш дәуірге бөліп қарастырады:



  1. Қазақ халқы жеке ел болып қалыптасқаннан кейінгі кездегі қазақ әдеби тілінің жеке әдеби тіл ретінде туа бастап, әрі қарай дами түсу дәуірі (ХҮ-ХҮІ ғасырлардан бастап, ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін). С.Исаев бұл дәуірдің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, оны төмендегідей кезеңдерге бөледі: 1) Қазақ хандығы дәуіріндегі қазақ әдеби тілінің қалыптасу кезеңі. 2) Халық ауыз әдебиетінің нұсқалары. 3)ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдеби тіл.

  2. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың жаңа сападағы ұлттық әдеби тілінің қалыптасып, даму дәуірі.

  3. Қазақ әдеби тілі дамуының советтік дәуірі.

Қ.Өмірғалиев әдеби тілге біржақты қарап өз ойын: «Қазақ әдеби тілі тарихы, қазақ әдебиеті тарихын сөз ету арқылы ғана сөз етілмек. Яғни қазақ әдеби тілі тарихы қазақ әдебиеті тарихының өзгеше үлгіде баяндалуы ғана. Әдеби тіл дегеніміз – әдебиеттің өзі» деп тұжырымдайды. Осы ойының дұрыстығын дәлелдей түсу үшін ол В.В. Виноградовтың «әдеби тілді зерттеу, бұл сөздің кең мағынасында, әдебиетті зерттеумен тығыз байланысты», - деген пікіріне сүйенеді. Қ.Өмірғалиев «Абайдан бұрынғы дәуір әдеби тілі – поэзия тілі» деп атайды да, ол әдеби тілге мынадай анықтама береді: «әдеби тіл – кең мағынада алғанда ауызекі сөйлеу тіліне қарама – қарсы тұрған, өзіндік жүйе – желісі, тақырыбы, формасы бар және өзіндік айту тәсілдері мен үлгілері, сөз өрнектері бар бір бүтін творчестволық туындының тілі, әдеби тіл – жеке бір индевидтің ақиқат жайды өз көңілінше ой қортындысынан, пікір түйіндеуінен өткізіп барып,  өзгеше бір үлгі – формада беру тілі. Ал, бұл тіл ауызша жасала ма, я жазбаша жасала ма? – ол шарт емес»[2,323].

Сонымен тілші-ғалымдардың тұжырымдары мен пікірлеріне сүйенсек, әдеби тіл дегеніміз - жалпыхалықтық тілдің негізінде қалыптасқан тұрақты, орныққан нормалары, стильдік-жанрлық тармақтары бар, сол тілде сөйлейтін халықтың бәріне не көпшілігіне ортақ, түсінікті, қоғамдық қызметі әр алуан, екшелген, сұрыпталған түрі.

Әрине , қазақ әдеби тілі бір күнде, бір жылда қалыптаса қойған жоқ. Қазақ халқы жеке ел болып, халық болып қалыптасқанға дейін сол халық тілінің, қалыптасу нышандары, оның тарихи негіздері мен арналары болды. С.Исаев қазақ әдеби тілінің тарихи негіздері мен арналарын өзіне тән ерекшеліктеріне қарай үш кезеңге бөліп қарастырады:


  1. Көне түркі және Орхон-Енисей-Талас кезеңі.

  2. Араб басқыншылығынан кейінгі кездегі Қараханид кезеңі.

  3. Моңғол шапқыншылығынан кейінгі ортағасырлық кезеңі[5,85].

Қазақ жазба әдеби тілінің басты арналарының бірі – ортағасырлық түркі ескерткіштері. Соның ішінде түркі халықтары әдебиеті тарихында ислам дәуірі (Х-ХІІ) ерекше орын алады. «Ислам дәуірі әдебиеті» деген термин-ұғымдар алғаш рет өз зерттеу еңбектерінде кеңінен қолданған ғалымдар Ф.Көпрүлузаде, Н.Банарлы және Г.Грюнебаум еді. Ал Ахмет Байтұрсынов бүкіл түркі халықтарының Х-ХІІ ғасырлардағы тарихына қатысты болып келетін «ислам дәуірі әдебиеті» деп аталатын аса кең мағынадағы ұғым-түсінікті бертін келе қалыптасқан қазақ әдебиетін дәуірлеуге бөлу процесінде зор біргірлікпен нақтылай түскен сияқты. Ол қазақ әдебиеті тарихына талдау жасай келіп оны төмендегідей дәуірлерге бөліп қарастырады: «Бұрын қазақтарда жоқ сөздердің түрлері шыға бастайды. Дін күшімен емес, тіл күшімен өзін тыңдайтын сөздер шыға бастайды. Бастапқы жазба әдебиеттің бас мақсаты – тілді ұстарту, әдебиетті күшейту, көркейту болады. Сөйтіп жазба әдебиеттің өзі екі дәуірге бөлінеді: 1. Діндар дәуір, 2. Ділмар дәуір. Діндар – діншіл деген мағынада, ділмар – тілшең деген мағынадағы сөздер» [4,129].

Орта Азия мен Қазақстанды мекен еткен түркі халықтарының тарихында Х-ХІІ ғасырлар қоғамдық дамудың жаңа басқышы болды. Басқаша айтқанда, Х-ХІІ ғасырлар «түркі халықтарының қоғамдық – мәдени даму тарихында Қайта өрлеу – ренессанс дәуірі болды». Сондай-ақ ғылым, мәдениет, әдебиет саласындағы шығармалар араб тілінде ғана емес, жергілікті халықтардың өз тілінде, яғни түркі тілінде де жазыла бастады. Бұл кезеңге жататын бізге жеткен жазба нұсқаларға Юсуф Баласағұнның «Құтадғу білік» (ХІ ғ.) дастаны, Махмұд Қашғаридың «Дивану лұғат-ит түрік» (ХІ ғ.) еңбегі, Ахмет Иігүнекидің «Һибат-ул-һакайық» еңбегі, Ахмет Яссауидің шығармалары, құран тәпсірлері жатады.

Ендеше аталған әр шығарманың өзіндік ерекшеліктеріне қысқаша тоқталып өтсем. Кіріспесі қара сөзден, ал шығарманың өзі өлең мәтінімен жазылған Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білігі» кейіпкерлердің сөз таластыруынан тұрады. Автор кіріспесінде шығармасын боғра хан тілінше жаздым дейді. Ғалымдар арасында шығарманың кіріспе бөлімін кейінгі кезде көшірушілер қосқан деп есептейтіндерде бар. Бұл шығарманы қазіргі түркі халықтарындағы айтыс өнерімен байланыстырады.

Ал Махмұт Қашғари өзінің еңбегінде түркі тілдерінен келтіріп отырған әрбір сөзді арабша түсіндіріп отырады. Еңбекте жеке сөздердің мағыналық ерекшелік-шеңберінен басқа, түркі тілдерінің грамматикалық құрылысы, фонетикалық жүйесі, түркі тайпаларының бір-бірінен тілдік айырмашылықтары туралы көп мағлұмат берілген. Сондай-ақ, кітапта көне түркі фольклорының үлгілері де кездеседі.

Кейбір ғалымдардың көрсетуінше, Ахмет Югнакидің «Һибат-ул-һакайық» атты шығармасының тілі «Құтадғу біліктің» тіліне жақын. Бұл – 506 жолдан тұратын өлеңмен жазылған дидактикалық шығарма. Шығарма бірнеше бөліктен тұрады: әуелі кіріспе Алланы, Мұхаммед пайғамбарды, халифтерді мадақтаудан басталады, одан соң білім-ғылымның пайдасы мен білмеудің зияны, тілді қалай сақтау керектігі туралы кеңес пен ережелер, жомарттық пен сараңдық, адамгершілік жырланады.

Көшпелі елдің ауыз әдебиеті үлгілеріне негізделіп, түркі халықтары фольклорының тілдік-стильдік, модельдік тәсілдерін зор шеберлікпен пайдалана жазылған дидактикалық-этикалық туынды – «Диуани хикмет». Ә.Нәжіп: «Яссауи хикметтері Орта Азия топырағында ғана емес, кең байтақ қыпшақ даласына, көшпелілер арасында да кең тараған. Қожа Ахмет өзінің негізгі мақсатын көздеп, суфизм ағымын көпшілікке уағыздау үшін қыпшақ тілдерінде сөйлейтін жергілікті халықтың ауызекі тіліне жақындатып жазды. Ясауи тілінің негізі – қыпшақ тілі, бірақ оғыз тілдерінің әсерін алған, сондықтан бұл ескерткіш – ХІІ ғасырдағы қыпшақ-оғыз тілдерінің үлгісі, осы себептен Ясауи мұрасының тілі қазақ әдеби тілінің де бастау көзі болып танылуға тиіс» дейді.

Қорыта келгенде, ислам дәуірі түркі тілі табиғатына өзгерістер әкеліп қана қоймай, әдеби тілдің қалыптасуы мен әрі қарай дамуының негізгі қайнар көзі екенін танытты.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет