Іsbn 9965-412-71-5 Иманғазинов М., 2009 кiрiспе а нтика


Афродита – (римдіктерде –



бет9/20
Дата31.12.2019
өлшемі1,83 Mb.
#54076
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   20

Афродита – (римдіктерде – Венера) Кифера аралының маңындағы теңiз көбiгiнен туған Уранның қызы, көне гректердiң – табиғаттың өнiм берер күш иесi, құдайы. Кейiнгi аңыздарда, Афродита Зевс пен Дионаның қызы, әлемдегi махаббаттың иесi. Гректер осы екi әсем құдайды бiрдей жақсы көріп, мифологияда оларды бiрде Зевстiң қызы десе, бiрде теңiз көбiгiнен пайда болған тәңіриесі деп қадір тұтады.

Нәзік, жеңілтек, сұңғақ бойлы, талдырмаш, толған айдай сұлу, жұмсақ толқынды алтын шашты Афродита – мәңгі жастық пен әдемілік, әсемдіктің символы. Үнемі жүзі жайнап, алтыннан тоқылған, хош иісті киімімен Афродита келе жатқанда, айналадағы гүлдер ерекше құлпырып, күн сәулесін мол төге түседі, табиғаттың бәрі де оған еркелей қарайды. Сұлу әйелдің әр басқан жері, тіпті Олимптің өзінде де үлкен мереке, той, салтанатқа толып кетеді.

Көне гректер алғашында табиғаттың өнім берер, жауын-шашын жіберіп тұратын аспан құдайы, теңіз құдайы болып, кейін шығыс елдерінің әсерінен, атап айтқанда, Финикия құдайы Астартаның әсерінен, бірте-бірте махаббат құдайына айналған деген дерек бар.

Кей аңыздардың сюжетінде теңiзде туған Афродитаны жiбектей жеңiл соққан самал жел Кипр аралының құрғақ жерiне әкелiп қондырады. Осыдан оны кейде – Киприда деп те атайды. Сонымен бiрге Киферей (Цитера) дейтiнi, Кифера аралындағы тұрғындар оны ерекше құрмет тұтып, жеке басына табынатындықтан да солай атайды.

Махаббат пен әсемдiктiң құдайы санатындағы Афродита көбiне жеңiл – желпi киiмде, кейде жалаңаш күйiнде бейнеленедi. Гректер үшiн әсемдiктiң ең басты атрибуты – табиғаттың өзi берген сұлулығын жасырмай нақты жалаңаш күйiнде паш ету, соны ашық, нақты күйде көрсете бiлу де үлкен өнер екендігі де маңызды.

Афродитаның қасындағы серiктерi, бапшылар (орылар мен хариталар) – Харита, Горы, Гимерос (махаббат азабы), Потос (ынтығу), Пейто (сендiру).

Афродита мен Гефесттiң некелерiнен ұрпақ жоқ. Гармония мен Эроттың әкесі Арес (кейде басқа құдайлардың есiмдерi де аталады). Арес Афродитаны шаң жұқпас, ең таза, қадір тұтар құдайларының бiрi есебінде жақсы көреді. “Одиссея” поэмасында Гефест әйелiнiң “сұйық жүрiсiн” әшкерелеу мақсатында темірден ау тоқып, Арес пен Афродита екеуiн “қылмыс” үстiнде ұстап, құдайлар алдында күлкiге қалдырған мифтік сюжет те бар болса, бұл жоғарыда Арес бөлімінде айтылған.

Эрот (римдіктерде Амур немесе Купидон деп атайды) алғашында Хаостан туған ғарыштық күш иесi есебiнде белгiлi болса, кейiн – махаббат құдайы, Афродитаның ұлы, әдебиет пен көркем өнерде қылшаны жебеге толы, қолында садағы бар, еркетотай бала, кейде бозбала күйiнде бейнеленедi. Эроттың қасындағы көптеген нимфалардың (үр қыздары) балалары Афродитаға iлесiп жүредi. Олар қарапайым жер басып жүрген адамдардың жүрегiне көзге iлiне бермейтiн үшкiр алтын ұшты жебелерiн қадап, махаббат дертiне ұшыратады. Эрот сонымен бірге құдайлар мен қаһармандар жүрегiне садақ оғын жаудырудан тайынбайды. Оның садақ оғынан құдіретті Аполлон да қаймығады. Өйткені, бір аңызда Аполлон құдай Эротпен тәжікелесіп қалып, құдіретті құдайды тәубесіне келтірген сюжет бар.

Гименей – (римдіктерде де – Гименей) неке құдайы, басқа аңызда Афродитаның ұлы, кейде қасындағы серiгi, музалардың баласы, көбіне ерлі-зайыптылардың некесін қорғайтын, береке-бірліктің сақталуын қадағалайтын тәңірие. Оның кей қырлары қазақтың көне тәңіриелерінің бірі Ұмайға сәйкес келеді. Гименей мінезі жұмсақ, кешірімді және салмақты мінез-құлқымен ерекшеленеді. Бірақ, неке бұзушылар мен нәпсіқұмар, жеңілтек мінез көрсеткен әйелдер мен еркектерге жаны қас, оларға әрдайым жазасы дайын тұрады.

Гермофродит – Гермес пен Афродитаның ұлдары. Некесіз туған нәресте. Мифологиялық сюжетіне байланысты “гермафродиттік, гермофродитизм (hermaphroditismus – қос жынысты), қызтеке – бір организмде екі жыныстық белгінің бірдей болуы. Ұрық дамуының бастапқы кезінде қос жыныстық белгілердың болатындығы, ұрық дамуының 3-айынан бастап қана жеке бір жынысқа тән мүшелерінің дамитындығы белгілі”. Осыған орай медициналық гермофродитизм термині туындаған.

Грекияның жағалауында тұратындар теңiз көбiгенен пайда болған Афродита құдайды ерекше дәрiптеп, су толқындарының падишасы деп, оған ашық теңiзге шыққанда “жолымызды оңғара көр” деп жалбарынады.

“Сұлу жымиысты сүйетiн”, “алтын” Афродита басқа олимпiлiк құдайлар секiлдi кекшiл де, өзiне бағынбай, мойын ұсынбаған қарапайым адамдарға қырғидай тиедi. Бозбала, ойы қағiлез Ипполиттi аяусыз жазаласа, махаббат иелерi Гиппомена мен Атлантаның құрмет көрсетпегенi үшiн, бiр – бiрiнен аластатса, суық та мейiрiмсiз Нарциске өз - өзiне ғашық еткiзедi. Керiсiнше, үлкен махаббат иелерi мен өзiне табынғандардың жалбарыныштары мен құрбандық шалғандардың өтiнiштерiн жерге қалдырмай, көтермелеуге қолдап – қоршауға әзiр тұрады. Галатеяда өзiне жасаған құрбандық үшiн, сезiмге бөленген Афродита Пигмалионның ескерткiшiне жан бiтiредi.

Афродитаның қарапайым адамдар iшiнде көңiлiне жақын Анхис атты сүйiктi адамы да болған. Анхистен Троя қаһарманы, ұрпақтары Римнiң негiзiн қалаған Эней атты ұлды дүниеге әкеледi.

Гомердің “Илиада” поэмасында ахейліктер мен троялықтардың он жылдық соғысының бір себепкері де осы Афродита. Поэмада ол Приамның сүйікті ұлы Париске сұлу бұрымды Еленаға ғашықтық дертіне ұшыратып, оған үнемі қолдау көрсетіп, талай қауіп-қатерден сақтаған тәңірие-әйел.

Афина – Паллада (римдіктерде – Минерва) – Зевстiң өз басынан жарып шыққан сүйiктi қызы. Афина дүниеге келмес бұрын, сәуегейлердiң (мойралардың) болжауынша, бас құдайдың күшi мен айласына төтеп беретiн, оның тағын тартып алатын, ақыл тәңіриесі, океанида Метидадан (кейде Метис деп те атайды. Зевстің бірінші әйелі, грек мифологиясында океанида, яғни Океанның қызы, шешесі Тефида) бір ұл және қыз туатынын бiлген Зевс, әйелін тәттi сөзбен алдап – арбап кiшiрейтiп, жұтып қояды. Бiрақ, ана құрсағындағы (Метиданың) бала аман қалып, Зевстiң өз басында өсiп – жетiледi. Басы ауырып, құлағы шуылдап, әбден мазасын кетіре бергеннен кейін, құдайдың өтiнiшi бойынша, Гефест (бiр аңызда Прометей) балтамен Зевстiң басын қақ ортасынан шапқан тұста, әскери киiм киген, қаруға мұздай құрсанған Афина атып шығады.

Метиданың қызы Афина “Полиметида” (кемел ақыл иесi, себебі шешесі дана тәңірие болған) аталып, ақылдың құдайы, саналы түрде соғыс жүргiзу иесi болып танылады. Мәселен, Арес жанкештiлiкпен қанiшер, қырып – жою соғысын жүргiзсе, Афина соғысқа мейлiнше адами, әділдікпен жүргізетін соғысты қалайды (Сақтардағы “Кім қылышпен келсе, сол қылыштан мерт болады” деген принцип). Тіпті, Гомер поэмасында Афина құдайлардың у жалатқан жебенi пайдаланғаны үшiн жазалайтынын ескертетiндігін өлең жолдарында айтып өтеді.

Соғыс тұсында Арестiң пайда болғаны әскерлерге үрей әкелсе, Афинаның шайқаста көрiнуi – екi жаққа да әскери-жауынгерлік рух туғызып, бiтiм, бейбітшілік байласуға ұмтылдырады. Мұнысы – саналылықтың күші үстем болып, қатiгез, қарабайыр күшке қарсы тұру белгiсi.

Ежелгi Микендiк құдай санатындағы Афина табиғаттың түрлi белгiлерi мен өмiрдiң әр деңгейiндегi көрiнiстерiне иелiк етер, қолында ұстар дәрежесiнде болып, аспан әлемiнiң құбылыстарын реттейтiн, өсiм - өнiм құдайы, емшiлiк пен бейбiт еңбек қамқоршысы, адамдарға үй салуды, жылқы малын қалай ауыздықтауды үйреткен тәңірие есебінде көрінеді.

Уақыт өте келе, Афинаның белсендiлiгi тек соғыспен ғана шектелiп қана қоймай, адамдардың әр iстеген iстерi ақылдылық пен саналылыққа сүйенiп iстеу керектiгiне ден қойдырады. Мәселен, әйелдердiң кәсiбiндегi мата тоқу, киiм тiгу, кестелеу өнерiнде Афинаның қатысы бар. Бұл жөнiнен келгенде, Гефесттен айналып өтуге болмайды. Бiрақ, Гефест кәсiбінiң отпен байланысты болғандықтан, бей–берекетке жақын жүретіндігін атап өту қажет. Айталық, Гефест әр бұйым не затқа әсемдiк, эстетикалық көріністі қалыңдату үшiн, оған Афродитамен одақ құруына немесе харита Аглаямен бiрiгуi қажет едi.

Ал Афина болса, өзi әсемдiктiң жаршысы, соның иесi, кез – келген iсте мәдени прогрестiң қозғаушысы болғандықтан әр жасаған заты, бұйымы, ісі адам қызығарлықтай шығады. Грекияда Афинаны ерекше қадiрлеген, әсiресе Посейдонмен бәсекеде жеңiп алған Аттикада оған тәу етушiлер санында шек жоқ еді. Аттикада Афина ең сүйiктi құдайлары, сондықтан оның құрметiне Аттиканың ең басты қалаларының біріне – Афинаның аты берiлген. Бұл қазіргі Грекияның астанасы

“Паллада” есiмi Афинаға кейiнiрек, ежелгi құдайлардың бiрi Паллатаны жеңгеннен кейiн иемденген. Гректердiң түсiнiгi бойынша, Палланта алып күш иесi болған, оған ешкімнің күші жетпеген. Алыптармен (Титаномахиялармен соғыс) шайқас кезiнде Афина Паллантаны ойсырата жеңгеннен кейiн, табынушылар Афинаға тәу етiп, оны Афина – Паллада деп атап кеткен.

Жаугершiлiк тұста – Паллада болса, бейбiт өмiрде – Афина аталады. Сонымен бiрге, Афинаға “көкшiл көздi”, “жапалақ жүздi” (жапалақ даналықтың символы есебiнде Афинаның қасиеттi құсы есептеледi) Эргана (еңбекшiл), Тритогения (мәлiмсiз эпитет) эпитеттерi танылған.

Афина әр қилы бейнеленедi, бiрақ көбiне, қысқа жеңдi, ұзын киiммен, қолына найза мен қалқан ұстап, басына дулыға киген, Персей сыйлаған Медуза Горгонаның басы бар кеуде қағары бар, кеуде тұсында кейде жылан суретi (емдеу символы), кейде сыбызғы суретi бейнеленедi, өйткенi сыбызғыны ойлап – тапқан Афина болатын. Бірақ, Афина сыбызғыға ықыласы аумай, оны жолда тастап кетеді. Себебі, сыбызғыны үрлеп ойнаған кезде, сұлу жүзі бұзылып кететінін аңғарған Афина аспапқа қарғыс айтып, лақтырып жіберіп, жүріп кетеді. Оны иен далада жүрген Фригия сатирі Марсий тауып алып (Афинаның қарғысынан хабарсыз еді), сыбызғыны аз уақыттың ішінде меңгеріп алады. Жұрттың алдында ойнаған кезде көпшілік елітіп, сатирге қызыға қарайтын. Соны сезінген Марсий ессіз мастанып, музыка тәңірісі Аполлонды сайысқа шақырады. Жеңіліске ұшыраған Марсийді өзін бәсекеге шақырғаны үшін Аполлон қатал жазалайды. Екі қолын ағашқа асып қойып, тірідей терісін сыпырып алады да Фригиядағы Келены жанындағы үңгірге іліп қояды. Афинаның ойлап-тапқан қамыстан жасалған сыбызғысы ойнаған тұста тері әрдайым билей бастайды-міс.

Афина махаббат құдайы Афродитаның құзырындағы елiту (экстаз), сезiмге бөлену сияқты эмоциялық билiгіне мойынұсынбайды, сондықтан тұрмысқа шықпай, жалғызiлiктi өмiр кешуге бел шешкендiктен, оның құрметiне салынған ғибадатханасын “Парфенон” (парфенос – бойжеткен қыз) акрополі деп атаған. Парфенонда жеңiс құдайы Никаны оң қолына ұстаған, Хрисоэлефантиннен (яғни, алтын мен пiл сүйегiнен жасалған) жасалған Афинаның 12 метрлiк ескерткiшi (Фидийдiң еңбегi) орналасқан. Парфенон алдында, акропольдiң iшкi қабырғасында мыстан жасалған басқа ескерткiшi бар, оның қолындағы найзасының жарқылы кемемен қалаға жақындап жүзiп келе жатқан теңiзшiлерге анық көрiнiп тұрады.

Гомердiң әрұранында Афина қала қорғаушысы деп аталған. Бiздiң қарастырып отырған грек мифологиясында Деметра, Дионис, Пан т.б. құдайлармен салыстырғанда Афина қалалық құдай деп есептелінеді.

Феб–Аполлон – Зевстiң сүйiктiсi Латона нәрестелерiн дүниеге келтiрерде қызғаныштан өртене жаздаған қатiгез Гера болашақ ананың iзiне түсiп қудалайды. Әйел құдай Гера Латонаға өшiккенi сондай, оны ешбiр жерге паналатпайды. Тек Делос аралы ғана (ел аузында арал қалқымалы болған) Латонаның азабы мен қасiретiн сезiнiп, оған қол ұшын берiп, жерiне аяқ бастырады. Делос жерiнде Латона егiз бала-лары – Аполлон мен Артемиданы дүниеге әкеледi. Балалары Делос аралында туғандықтан, оларға Делий мен Делия эпитеттерi қосарланып айтылады.

Шапқыншылық кезде гректің қоныс аударушылары Аполлонға табынуды оңтүстік Италияға өздерімен бірге ала келген, осы арқылы оған жалбарыну, сиыну Римде кеңінен тараған деген дерек айтылғанымен, оның көп ретте талас тудыратын реті бар. Оның басты себебі – Аполлоның мифтік образы Кіші Азияда, соның ішінде оғыз-қыпшақ дәуірі кезеңіндегі сол елден шығуы әбден мүмкін. Айталық, Аполлон мен қарындасы Артемиданың дүниеге келуі таңғажайып, оғыз-қыпшақ дәуірінде дүниеге келген бабамыз, дана Қорқыттың дүниеге келуімен ұқсас келеді. Мәселен, Қорқыт дүниеге келерде жер әлемі қара түнек басып, аспанды қара бұлт құрсап, халық қатты үрейленеді. Қорқыттың дүниете келген жерін, кіндік тамған жерді “Қараспан тауы” дейді.

Қорқытқа жүкті болғанда анасы құлан етіне жерік болып, құрсақтағы баласын үш жыл, тоғыз күн көтерген екен. Сол үш жылдың әр жылында толғақ қысып, дүниеге нәресте келетіндей қамданып, Қорқыттың анасы бебеу қаға қиналатын болған. Бірақ бірінші жылы да, екінші жылы да бала тумайды. Содан үш жыл, тоғыз күн дегенде Қорқыттың анасын шын толғақ қысады. Бұл жай толғақ болмайды, дәл сол күні Қорқыттың анасымен бірге бүкіл дүние қоса толғатып қиналғандай көк жүзін түнерген қара бұлт торлайды. Күн күркіреп, найзағай ойнап, дауыл соғып, дүниенің астан-кестені шығады. Мұның бәрін дүниеге келер нәрестенің киесіне жорыған жұртты үрей билейді. Бұл жөнінде есте сақталған мынадай сөз бар (А.Сейдімбеков):
Қорқыт туған кезінде,

Қараспанды су алған.

Қара жерді құм алған,

Ол туарда ел қорқып,

Туғаннан соң қуанған!”.
Қорқыт шыр етіп, дүниеге келгенде айналаның бәрі жап-жарық болып, ел-жұрттың көңілі орнына түсіп, қуаныштары қойындарына сыймайды. Сондықтан табиғаттың осы құбылысына орай, баланың атын Қорқыт деп қояды.

Ал Аполлонға келсек, оның дүниеге келген күні Қорқыттың дүниеге келген күнімен айна-қатесіз ұқсас. Айталық, Аполлон дүниеге келерде айналаның бәрі де қорқынышты еді. Оларды жалмап, құртып жіберу үшін бәрі дайын тұрған еді. Ол аздай, әйел құдай Гера оның шешесі Латонаға ешбір жерден пана таптырмай, үнемі қуғындаумен болады. Гера жіберген аждаһа Пифон бүкіл әлемде оларға тыным бермей, Делос аралына әкеліп тығады. Латона Делосқа аяқ басуы мұң екен, кенет, теңіз тұңғиығынан орасан зор бағандар көтеріліп, құлазыған зор арал міз бақпай бір орнында тұрып қалады. Ешбір қылтанақ өспеген Делостың жалаңаш жартастары қарауытып, адамға үрей туғызады. Қорқыт дүниеге келерде шешесінің толғағы ұзаққа созылса, Аполлонның шешесі Латонаның да толғағы ұзаққа созылып, тек тоғызыншы күні ғана құдіретті тәңіриелерінің күшімен (Илифияның беріп жіберген әшекейінің күшімен) Аполлон құдай дүниеге келеді. Бұл мезетте жан-жақтың бәрі жарқырап, теңіз де, Кинт тауы да, алқап та жайнап кетеді. Дүниеге шыр етіп келген Аполлонды Делосқа жиналған әйел құдайлар бар дауысымен мадақтап, оған мәңгілік жүзім мен шәрбат тасумен болғанда, айнала, табиғат атаулы шексіз қуанышқа бөленеді.

Енді қайта Қорқытқа келер болсақ, күн сайын, ай сайын тез жетіліп өскен баланың құдіреттілігі кейін өсе келе байқалады. Ақылы мен даналығы бір басына жететін адамның кейінгі өмірі тек адамзаттың ортақ игілігіне арналады. Батырлығы мен мергендігі, өнерпаздығы мен шешендігі, жыраулығы халық арасына кеңінен тарайды. 295 жыл жас жасап, ел қамында, тарыққан панасыздың жанында жүргендіктен айналадағы жұрт аруақ, бақсы, әулие ретінде қадір тұтып, ардақтаған.

Аполлон да тез өсіп, жетіледі. Жап-жас, жүзі нұр жайнаған Аполлон барлық зұлымдық атаулыға кәрін төгумен болады. Батылығы мен мергендігіне шек жоқ Аполлон адамзат атаулыға талай игілікті іс атқарады. Түрі жан шошырлық Пифонды мүлт кетпес жебесімен өлтіріп, өз өнеріне масаттанған Марсийді, өркөкірек Панды, ақымақ Мидасты жазалап, халықтың құрметіне бөленеді.

Аполлоның Қорқытқа аса жақын ұқсастығы – музыка аспабын ойлап табуында. Оғыз-қыпшақ дәуірі, қазақтар мен басқа да түркі еліне ортақ музыка аспабы қобыздың атасы Қорқыт болатын болса, элладалықтардың ең көне аспабы кифараның атасы Аполлон болмақ. Аполлонды кейде Кифаред немесе Мусагет деп те атайды. Оның мәнісі – кифарада ойнаушы немесе Музалардың қамқоршысы деген мағына береді.

Сонымен бірге жоғарыда көрсеткеніміздей, Латона нәрестелерін қалқымалы арал Делоста дүниеге әкеліп, қалқымалы аралда көп уақытын өткізсе, Қорқыт жер кіндігі есептелетін Сырдария суының бетінде қалқыған кілем үстінде қобызын тартып, ұзақ күнге сол орында отырып, мұң-шерге бөленеді, тіпті өмірі де сол қалқымалы кілем үстінде үзіледі.

Аполлонның жалғыз қарындасы Артемида болса, Қорқыттың да жалғыз қарындасы Ақтамақ. Екі қарындастары да ағаларына аса зор құрметпен қарайтын, қамқор жандар.

Аполлон тоғыз музаның қамқоршысы, ғылым мен білімнің, өнер атаулының қамқоршысы, емшілік пен дәрігерліктің басшысы болса, Қорқыт – бақсылардың, емшілердің, сазгер-музыканттардың пірі, қамқоршысы, атасы болмақ.

Гиперборейлер еліне Аполлон ақ қанатты Аққумен аттанса, Қорқыттың өзі де қобызы да аққу бейнесімен сабақтасып жатыр. Бірақ Қорқыттың негізгі көлігі Желмая, Ақ түйе түрінде көрінеді.

Қорқыттың бойындағы емшілік, бақсылық қасиеттері Аполлонда да бар. Оның ғибадатханасына жан-жақтан адамдар ағылып, болашағын болжап, ем алып қайтады. Аполлоның емшілік қасиеті кейін өз ұлы Асклепиийге (Эскулапқа) ауысады.

Қорқыт пен Аполлоның осы аталған ортақ ұқсастықтарының негізін төмендегі жайттардан іздеуге болады. Н.А.Кунның “Ежелгі Греция мифтері мен аңыздары” атты оқулығында Аполлон турасында мынадай аңыз бар: “Аполлон көктем мен жаз кезінде Делфыда тұрады. Ал күз түсіп, гүлдер солып, ағаштардың жапырақтары сарғайып, Парнастың төбесін қар жабатын суық қыс түсуге жақындап қалған кезде, Аполлон аппақ қардай ақққулар жегілген өзінің күймесіне отырып алып, суық дегенді білмейтін гиперборейлер (“Ең алдымен “Гиперборея” атауының мәніне тоқталайық. Оқырманға таныс Гиперборея – грек мифологиясындағы әлдебір солтүстіктегі таудың, желдің арғы бетіндегі эфиоптар, лотофагтар мен феактармен тұратын ерекше ел, бақытты да әпенде елдің атауы, олимпийлік құдайлардың сүйікті тайпасы. Яғни, ол – тарихи емес, мифтік (ойдан шығарылған деуге болатын) кеңістікті білдіретін ұғым, көбіне Аполлонға байланысты шығарылған миф).

(Әнес Сарайдың “Қазақ топырағының көнеліктері” деген зерттеу еңбегіндегі (ең алдымен, Гастон Жоржельдің) гиперборея турасындағы негізгі қисын-идеясы мынада:“Евразияның өз алдына төл мәдениеті болған. Оның қайнар көзі – Оралтаудың солтүстігі, Сібір, Гоби шөлі, Камчатка ендіктерінде. Осы жерден евразиялықтар (Гастон Жоржельдің тұжырымы бойынша – тұрандықтар – түрік – шумерлер) оңтүстікке таралып, Иран арқылы Мысырға дейін жеткен. Евразиялық (тұрандық) өркениет “атлант” өркениетінен бұрын пайда болған да олардың атланттармен Карпат тауының бойлығында кезігіп, соңғылардың шығысқа жылжуын тоқтатқан. Мұнда әңгіме соңғы палеолит заманына қатысты айтылады) еліне, мәңгі көктем еліне кетеді. Онда бүкіл қыс бойы тұрады. Ал Дельфыда бәрі де қайтадан жасыл желекке бөленіп, гүлдер шешек атып, Криса алқабын түсті кілемге айналдырған кезде алтын бұйра шашты Аполлон адамдарға найзағай құдайы Зевстің әмірін жеткізу үшін Дельфыға қайтып оралады. Сол кезде Дельфыдағылар Аполлоның гиперборейлер елінен қайтып оралуын тойлайды. Ол бүкіл көктем мен жаз бойы тағы да Дельфыда тұрады, өзінің отаны Делосқа барады, онда да оның тамаша ғибадатханасы бар”.

Мұндағы гиперборейлер елі көне түріктердің елі болуы ғажап емес. Мұны қазіргі ғылымдағы негізгі деп есептеліп жүрген үнді-европалық, семиттік мәдениеттердің басында тұрып, өз уақтысында көп жетістікке жеткен ел деген пікірлердің айтылуы тегін болмаса керек-ті. Мәселен, тек Аполлон мен Артемида ғана емес, сонымен бірге Зевс, Деметра, Афина, Арес те олардың о бастағы шығу тектері гректік емес, кіші азиялық (анадолылық) болуы керек деген тұжырымды ортаға салсақ. “Әлем халықтарының мифтері” еңбекте: “архаические корни Аполлона связаны с его догреческим происхож-дением, подтверждающимся тем, что в Троянской войне Аполлон защищает троянцев и особенно почитается в Троаде (Хриса, Килла,Тенедос) и в самой Трое. С эпохи колонизаций греками Малой Азий (с 7 в.до н.э.) Аполлон вошел в олимпийский пантеон богов”.



Аполлоның қарындасы Артемида турасында: “в Троянской войне Артемида вместе с Аполлоном воюет на стороне троянцев, что объясняется малоазийским происхождением богини” [138, 94 б.].

Аполлон – Грекияның кейінгі дәуірлерде қадiр тұтатын құдайларының бiрi болған. Бірақ өз уақтысында Аполлонды ежелгi ахейлiктердің кейбір полистері мойындамаған. Сiрә, ол гректерге жоғарыдағы атап кеткен Кiшi Азияның батыс жағалауында мекендеген халықтардың құдайлары болып, ахейліктердің қас жауы троялықтардың жағында болып, оларды қолдағаннан болса керек. Хеттерде ежелгі хат жазу оқылғаннан кейін (Жер бетінің халықтарының басым көпшілігі жазу-сызуды осыдан 5000 жылдай бұрын ғана пайдалана бастаған) баспаның, қалалар мен мал табындарының қамқоры әрi қорғаушысы деп есептеген Апелюн атты құдайдың болғаны белгiлi. Апелюнға хет қалалары қақпаларының алдындағы колонналар түрiнде ескерткiштер қойылып, құрмет көрсетiлген. Гомер поэмасында Аполлонның троялықтарға iш тартап, соларды қамқорлыққа алатыны – ерте кездерде кіші Азия елдерінің Аполлонға табынуынан іздеу керек. Ал Гера, Афина және басқа Олимп – құдайларының ахейлiктерге көмектесетiнi – Троя падишасы Париске байланысты. Уақыт өткен сайын Аполлон жарық сәуле мен күн құдайына, ал кейiнiрек екiншi қатардағы әйел құдайлардың музалардың (Мусагет деп атайтын себебі де сол) бiр тобын басқарған бiлiм құдайына, ғылым мен өнердiң қамқоршысына айналған. Оның қосарланған екi есiмi екi түрлi мағына бередi: Феб – ашық, таза, жарық, Аполлон – жоюшы. Оның мәнісі төмендегідей: уақыт өте келе, күн құдайы - Гелиостың культiн Аполлон культi ысырып, күннiң жарық сәулесiнің иесі деп танылған. Оның есімiнің Феб, яғни ашық, таза, жарық болатыны күннің сәулесі сияқты тіршіліктің белгісін білдіретін символ болса, Аполлон жоюшы, өлi деген мағына беретін есiмі құрғақшылықты шақырар, жұт, апат деген мағына береді. Осы есімдеріне орай, Аполлонды ежелгiлер оны жебе оғының “алыста болса да дәл тигiзушi”, “күмiс жебелi” деп атайды. Садақ Фебтiң бойындағы ең негiзгi атрибуттарының бiрi болатыны да сондықтан. Басқа атрибуттың бiрi – садақ тәрiздес лира (немесе кифара). Аполлон – музыка тiлiн жете меңгерген шебер музыкант және соның ең басты қамқоршысы да. Құдайлардың бас қосу салтанатында қолына лира ұстаған Аполлон пайда болғанда, оны қасында поэзия пен өнер, ғылым құдайлары бiрге жүредi. Музалар – Зевс пен Мнемосинаның (Ақыл-ес тәңіриесі) қыздары. Олардың толық саны – тоғыз: Калиопа – эпос музасы, Евтерпа – лирика музасы, Эрато – сүйiспеншiлiк поэзиясының музасы, Полигиминия - әнұран музасы, Мельпомена – трагедия музасы, Талия – комедия музасы, Терпсихора – би музасы, Клио – тарих музасы, Урания – астрономия музасы. Музалардың сүйiктi мекендерi – Геликон мен Парнас таулары. Аполлонның басындағы лавр гүлшоқтары сүйiктiсi нимфа (хор қызы) Дафнадан қалған естелiк. Эроттың мүлт кетпес жебелері тиген Феб айықпас ғашықтық дертіне ұшырайды. Дафнаны бір көрген Аполлон ес-түссіз күйге түсіп, қыздың қыр соңынан қалмайды. Фебтiң махаббатын қаламаған Дафна лавр ағашына айналғандықтан, оның сұлу бейнесі үнемі есінде болсын деген оймен бұтақтарын жапырақтарымен қоса иіп әкеліп, тәж жасап, басына киіп жүретін болған. Ғылым, білімнің, өнердің, спорттың қамқоршысы Аполлон болғандықтан, осы салада тамаша жетістікке, жеңіске жеткен адамдардың басына лавр ағашының бұтақтарынан тұратын тәжді кигізу үрдісі содан қалған. Бұл дәстүр ХХІ ғасырда өмір сүріп отырсақ та, әлі күнге дейін өз жалғасын табуда.

Аполлонның тағы да бір аса көрнекті қыры – емшілік, дәрігерлік қасиеттері. Ол тіпті өлген адамды да тірілте алтын мүмкіндігі болған. Бірақ Зевстің заңынан қаймығып, ондай әрекеттерге бара бермеген.

Жоғарыдағы аңызда айтып кеткеніміздей, Латонаның ізіне түсіп, қудалаған Пифон (Питон) айдаһарды, есейіп ер жеткен Аполлон мүлт кетпейтін жебелерімен атып өлтіріп, кегін қайтарады. Сол Пифон Гераның иелігіндегі айдаһар болғандықтан, қанын төккен күнәсынан арылуға тиіс болып, сегіз жыл бойы Адмет елінде жүруіне тура келді. Пифон қасиетті Гераның айдаһары, сондықтан оны Дельфыдағы ғибадатханасына апарып көмгеннен кейін, бойына емшілік, дәрігерлік, сәуегейлік қасиет пайда болады. Медициналық символикадағы тостағанға өрлеп бара жатқан жыланның бейнесінің өрнектелуінің басты себебі де сол.

Аполлонның емшiлiк қасиетi уақыт өте келе өз ұлы Асклепий (Эскулап) мен немересi, денсаулық құдайы Гигеяға (Гигиена сөзінің негізі осыдан тарайды) дариды.

Архаикалық дәуiрде жебе иесi Аполлон есiмi аристократтар арасында кең тарайды. Дельфы қаласы Аполлонға табынар, тәу етер негiзгi қасиеттi орынның бiрi саналады. Ондағы Дельфы сәуегей-шырақшысына (оракулына-гор (ор) табиғат пен адам өміріндегі реттілік пен жөн-жосықты, жыл маусымдарының аусымын қадағалап, басқарып отыратын, әйел-тәңіриелер, үш қыз бейнесінде сипатталады) сәуегейлік болжау немесе кеңес алу үшiн жан – жақтан мемлекет қайраткерлерi мен жеке адамдар легi толастамай, ағылып келеді.

Аполлон Олимп құдайларының iшiндегi ең сұстылардың бiрi, кейбiр құдайлар одан аздап сескенедi де.

Аполлонды талдырмаш бойлы, иығына дейiн толқынды шаш жiберген жас жiгiт күйiнде бейнелейдi. Кейде киiмсiз жалаңаш, (Аполлон Бельведерскийде иығына жапқан жеңiл тоқылған мата ғана бар) қолына бақташының таяғы немесе садақ (Аполлон Бельведерскийдiң иығын жебесi бар қорамсақ iлген) ұстап, кейде ұзын киiм киiп, лавр жапырақтарын өрiп, басына киiп шығатын Аполлонды Мусагет немесе Кифаред деп атайды.

Ескерер жайт – Аполлон музыка мен сазды әуеннiң қамқоршысы бола тұра, тек қана iшектi музыка аспаптары лира немесе кифарада ойнайды. Ежелгі гректер бұл аспаптарды тек жоғары дәрежелі мырза адамдар ғана ойнауы керек деп есептейді. Ал сазсырнай мен сыбызғы “жат жұрттықтардың” аспабы деп оларға менсiнбей қарайды. Бұл жөнiнен келгенде, Афинаның сазсырнайды Олимп пантеонында жоқ, кішi құдайлардың бiрі Марсийге беруiнен тануға болады, себебi – сазсырнайды үрлеп ойнағанда, екi ұрты бұлтиып, сиықсыз келбет туғызып, ел арасында күлкіге қалады деп есептеген.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет