АШ (ЖІҢІШКЕ) ІШЕК
Аш (жіңішке) ішек, intestinum tenuе, асқазан мен тоқ (жуан) ішектің аралығында орналасқан , асқорыту жүйесінің ең ұзын бөлігі. Ол үш бөліктен : он екі елі ішек, ащы ішек және мықын ішектен тұрады ( 234 – сурет ).
234 – сурет. Аш ішек пен ас қорыту жүйесінің басқа ағзалары.
1 – бауыр; 2 – өт қап; 3 – жалпы өт түтігі; 4 – асқазанның жүректік (кардиалық) бөлігі; 5 –асқазанның түбі; 6 – асқазанның кіші иіні; 7 – асқазанның денесі; 8 – көкбауыр; 9 – асқазанның үлкен иіні; 10 – көлденең жиек ішек; 11 – ащы ішек; 12 – төмендеген жиек ішек; 13 – сигматәрізді жиек ішек; 14 – тік ішек; 15 – құрттәрізді өсінді; 16 – соқыр ішек; 17 – мықын ішек; 18 -жоғарылаған жиек ішек; 19 – он екі елі ішек; 20 - асқазанның қақпалық бөлігі.
. Ащы ішек пен мықын ішек ішастармен барлық жағынан жабылған (интраперитонеалды орналасқан) және олардың шажырқайы бар, сондықтан олар аш ішектің шажырқайлы бөлігі (шажырқайлы аш ішек), intestinum tenue mesenteriale, деп аталады.
Аш ішектің ұзындығы ересек адамдарда 5 – 6 метр, диаметрі бастапқы бөлігінде 4 – 5 см., соңғы бөлігінде 2.5 – 3.0 см. болады. Аш ішекте ас ( нәруыздар, майлар, көмірсулар) ішек бездері мен ұйқы безінің сөлдері, және өттің әсерінен ыдырап, өңделеді де, ішек бүрлері арқылы сіңіріледі.
Аш ішектің қабырғасы: шырышты қабық, tunica mucosa, шырышасты негізі, tela submucosa, бұлшықеттік қабық, tunica muscularis, сірліасты негізінен, tela subserosa, және сірлі қабықтардан, tunica serosa, құралған. Шырышты қабықтың ерекшелігі,оның дөңгелек қатпарлары, plicae circulares, мен өңделген асты сіңіретін ішек бүрлері, (5 млн. шамасында) villi intestinales, болады ( 235 – сурет ).
235 – сурет. Аш ішектің шырышты қабығы.
Аш ішектің шырышты қабығының (1) дөңгелек қатпарлары.
Дөңгелек қатпарларды түзуге шырышасты негізі де қатысады. Ішек бүрінің ортасында лимфа капилляры орналасқан, ал бүрдегі қан капиллярлары тор түзеді. Қан капиллярларына нәруыздар, көмірсулар, ал, орталық лимфа капиллярына майлар сіңіріледі.
Шырышты қабық пен шырышасты негізінде көп мөлшерде ішек бездері, glandulae intestinales, жекеленген лимфойдты түйіншелер, noduli lymphoidei solitarii, (5 – 10мың) қан, лимфа тамырлары және нервтер орналасады. Бұлшықетті қабық, tunica muscularis, екі : сыртқы – бойлық қабат, stratum longitudinale, және ішкі – дөңгелек қабаттан, stratum circulare, тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |