255 – сурет. Іш қуысының алдыңғы қабырғасының артқы бетіндегі ішастардың бедері.
1 – ішастар; 2 - қуықүстілік шұңқыр; 3 - шаптық медиалды шұңқыр ; 4 - шаптық латералды шұңқыр; 5 - кіндіктік латералды қатпар; 6 - кіндіктік медиалды қатпар; 7 - кіндіктік ортаңғы қатпар; 8 - кіндіктік ортаңғы байлам; 9 - кіндіктік медиалды байлам ( кіндік артериясы ); 10 - құрсақтық төменгі артерия; 11 – шап байламы; 12 – несеп қуық.
Кіндіктік ортаңғы қатпар, plica umbilicalis mediana, несеп қуықтың ұшынан басталып кіндікке дейін барады. Бұл қатпардың ішінде бітеліп қалған несептік түтік жатады. Кіндіктік медиалды қатпар, plica umbilicalis medialis, Бұл қатпардың ішінде бітеліп қалған кіндік артериясы жатады. Кіндіктік латералды қатпар, plica umbilicalis lateralis, бұл қатпардың ішінде құрсақтық төменгі артерия мен вена орналасады. Осы аталған қатпарлардың араларында шұңқырлар орналасады. Кіндіктік ортаңғы қатпардың екі жағында жұп, қуықүстілік шұңқыр, fossa supravesicalis, жатады. Кіндіктік медиалды және латералды қатпарлардың арасында, жұп , шаптық медиалды шұңқыр, fossa inguinalis medialis, орналасады. Бұл шұңқыр шаптың беткей тесігіне (сақинасына), сәйкес келеді. Ол арқылы іш қуысынан шығатын жарық өтуі мүмкін . Кіндіктік латералды қатпардың сыртқы жағында, шаптық латералды шұңқыр, fossa inguinalis lateralis, бар. Бұл шұңқыр шаптың терең тесігіне (сақинасына), сәйкес келеді. Шап байламының медиалды бөлігінің астында, сан өзегінің ішкі тесігіне сәйкес келетін сан шұңқыры, fossa femoralis,орналасады.
Париеталды ішастар кіндіктің жоғарғы жағында көкетке өтеді,
257 – сурет. Іш қуысындағы ішастардың топографиясы.
1 – бауыр; 2 – бауыр – асқазан байламы; 3 – шарбылық қап; 4 – ұйқы безі; 5 – он екі елі ішек; 6 – аш ішектің шажырқайы; 7 – тік ішек; 8 – несеп қуық; 9 – аш ішек; 10 – көлденең жиек ішек; 11 – үлкен шарбының қуысы; 12 – көлденең жиек ішек шажырқайы; 13 – асқазан.
көкеттен сагитталды жазықтықта орналасқан орақтәрізді байлам, lig. Falciforme hepatis, және фронталды жазықтықта орналасқан тәждік байлам lig.coronarium hepatis түрінде бауырға келеді ( 257 – сурет ). Тәждік байламның оң және сол жақтағы жиектері пішіндеріне орай, үшбұрышты байламдар, lig.triangulare dextrum et sinistrum, деп аталады. Орақтәрізді байламның төменгі жиегінің ішінде, кіндіктен басталатын кіндік венасының қалдығы бауырдың жұмыр байламы, lig. Teres hepatis,өтеді.
Ішастардың бір ағзадан екінші ағзаға өтетін бөліктері – байламдар – деп, аталады.
Ішастар бауырдың көкеттік бетінен, оның висцералды бетіне өтеді. Бауыр қақпасында, артқы және алдыңғы жағынан келетін табақшалар бірігіп, екі табақшадан ( дупликатура ) тұратын, асқазанның кіші иініне баратын бауыр – асқазан байламын, lig.hepatogastricum, және он екі елі ішектің бастапқы бөлігіне баратын бауыр – он екі елі ішек байламын, lig.hepatoduodenale, түзеді. Бауыр – он екі елі ішек байламының ішінде, сол жақтан оң жаққа қарай: бауырдың меншікті артериясы, a.hepatica propria, аздап артқа таман орналасқан қақпа венасы, v. Portae, және жалпы өт түтігі, ductus choledochus, орналасады. Бауыр – асқазан және бауыр – он екі елі ішек байламдары бірігіп, кіші шарбыны, omentum minus,түзеді. Оның ішінде жоғарыда аталған анатомиялық құрылымдардан басқа, нервтер мен лимфа тамырлары өтеді. Ішастардың бауырдың оң үлесінен, оң бүйректің жоғарғы шетіне баратын бөлігі, бауыр – бүйрек байламы, lig. Hepatorenale, деп аталады.
Кіші шарбының екі табақшасы асқазанның кіші иінінде екіге айырылып, асқазанды интраперитонеалды – алдыңғы және артқы қабырғасын жабады ( асқазанның сірлі қабығын құрайды). Асқазанның үлкен иінінде, алдыңғы және артқы табақша қосылып төмен түсіп, үлкен шарбының, omentum majus, алдыңғы табақшасын түзеді. Ол кіші жамбастың жоғарғы тесігі деңгейінде немесе одан жоғарырақ кері бұрылып, көтеріледі де, үлкен шарбының артқы табақшасын құрайды. Сонымен, үлкен шарбының әр табақшасы екі жапырақшадан тұрады. Балаларда үлкен шарбының қуысы болады, ал, ересек адамдарда қуысы тұтасып кетеді. Үлкен шарбы көлденең жиек ішекті және аш ішекті алдыңғы жағынан, алжапқыш сияқты жауып жатады. Оның асқазаннан көлденең жиек ішекке дейінгі бөлігі асқазан – жиек ішек байламы, lig. Gastrocolicum, деп, аталады. Үлкен шарбының құрамына тағы екі байлам кіреді. Біріншісі, асқазанның үлкен иінінен көкбауырға баратын, асқазан – көкбауыр байламы, lig. Gastrolienale, екіншісі асқазан – көкет байламы, lig.gastrophrenicum, асқазанның жүректік бөлігінен көкетке барады.Үлкен шарбының алдыңғы және артқы табақшалары көлденең жиек ішекпен тұтасып, бітісіп кетеді. Үлкен шарбының ішінде шарбылық лимфа түйіндері, nodi lymphatici omentales, орналасады.
Достарыңызбен бөлісу: |